Бірінші сынып оқушылары алдымнан жүгіріп шығып мәре - сәре
Бастауыш сынып оқушыларының көңілі сондай нәзік те, таза ғой! Олар өмірді шынайы қабылдайды. Сол оқушыларыммен болған бірер сәтті сөз етпекпін.
Адам шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, өмірге деген құлшынысы оянады. Жарқын болашақ үшін кемел келешектің кілтін жастардың қолына ұстатып отыратын атадан қалған дәстүрімізді бүгінгі ұрпақ жалғап келеді.
Қысқы демалыстан кейінгі қуаныш
Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан қысқы демалыс та артта қалды. Ерекше бір қуаныш сезімі бойымды билеп, мектепке асыға басып келемін. Алыстан-ақ мектебіміздегі Көк Тудың желбірегені көңілімді одан сайын көтергендей.
Бірінші сынып оқушылары алдымнан жүгіріп шығып, мәре-сәре. Демалыстағы қызықтарын жарыса айтып жатыр. Көздерінде үлкен үміт бар; ұстазын сағына қарсы алған бүлдіршіндерді көргенде, өзімнің де ынта-жігерім арта түскенін сездім.
Дәл осы сәттің өзі — келешегіміздің кемелденіп, қуанышымыздың еселене түсерінің айғағы секілді.
Ұстаз еңбегі және елдік сенім
Еліміздің жарқын болашағы үшін келешек ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаз қауымының адал еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Біздің ел — шынайы, ақылды, іскер адамды дәл танып, қадірлей білетін, қажет жерде демеу бола алатын ел.
Дүниежүзінде материалдық игіліктері бойынша дамыған елдердің қатарына енетін күндер де алыс емес. Арманның адастырмай, тура жолдан тайдырмауын тілеп, тәлім мен тәрбиені өмірлік үлгі еткен халықпыз.
Арман туралы өнегелі әңгіме
Өнегелі әңгімелердің бірінде мынадай сөз айтылады:
Бірде қария жігіттен: «Арман деген не?» — деп сұрапты.
Жігіт: «Ата, арман деген қиял» — депті.
Сонда қария: «Жоқ, балам, арман дегеніміз — ақыл-ойдың шыңы» — депті.
Құс — ұшсам дейді.
Бала — өссем дейді.
Қыз — көрікті болсам дейді.
Жігіт — бақытты болсам дейді.
Қарт — жүзге жетсем дейді.
Ақылды — дана болсам дейді.
Ұстаз — шәкіртіне үлгі болсам дейді.
Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмай кетеді. Ақымақтың арманы болмайды. Арманына ақылды жетеді, ал ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді.
Шәкірт үні, ел үміті
Осы ойлардан кейін 4-сынып оқушым Мақсұтов Дарынның мына өлең жолдарын келтіргім келеді. Ендеше асқақ армандарымыздың орындалуын тілейік. Еліміздің тыныштығына, болашағымыздың жарқындығына, халқымыздың мерейі үстем боларына сенейік.
Өлең
Тарихыма тағзым етіп келемін,
Елім енді түсірмесін беделін.
Кемелденген келешегі нық болып,
Елімнің мен ертеңіне сенемін.