Ауыл еді өнерлі

Ауыл туралы әуеннен басталған естелік

Үкіметі де, әкімі де танымаған ауылым; жүректерін ызғар қарымаған ауылым. Жаңа ғасырдың есігін ашуға таяп тұрса да, «Светі Ильичтің» жарығын да көрмей қалған ауылым…

Бүгінгі Қожабақы — мүлде жаңарған, жаңғырған ауыл. Ал жоғарыдағы жолдар бір кездері жас ұстаздардың аудандық «Көңілді күз» сайысында белгілі «Ауылым» әніне пародия ретінде айтқан мәтіні еді.

Күзгі сессия және ауылға соғып қайту

Сол жылы емтихан-сынақтарды тапсыратын сессия әдеттегіден бөлек, күз айына келді. Себебі бұл жолғы демалыс емтихан-сынақтарды да, мемлекеттік емтиханды да бірге қамтыды. Бұл — екінші рет мамандық алып жатқан оқудың бітіруші курсы болатын.

Емтихандарын тапсырып болған соң бір-ақ оралуына да болатын еді. Бірақ емтихан-сынақтар мен мемлекеттік емтиханның арасындағы үзілісті пайдаланып, мектепке соғып қайтқысы келді.

Сол сәттегі тосын жаңалық

Дәл осы уақытта мектептің жас ұстаздары аудандық «Көңілді күз» сайысына іріктеліп, дайындыққа кірісіп кеткен екен. Оқушылар арасындағы күзгі сайыстарға жұрт үйренгенімен, жас ұстаздар арасындағы мұндай жарыс әлі дәстүрге айналмаған еді.

«Үркер» деген ат қалай таңдалды?

Көмек сұраған соң, топқа «Үркер» деген атауды ұсындым. Бұл атау сайысқа қатысушылардың өзіне де бірден ұнады. Бірақ бір шарт бар еді: «Үркер» сөзі күз тақырыбымен байланысты болуы керек, әрі қазылар алдында дәлелді түрде түсіндірілсін.

Осы мақсатта дерек іздедім. Іздегенім табылды. Кейін төсбелгіге салынатын бейнелерді ұсындым — қыздар оны да бір ауыздан мақұлдады. Содан соң ғана «Үркердің» таныстырылым мәтіні жазылды.

Таныстырылымдағы негізгі мағына

Қырық күн шілдеде көкжиектен көрінбей, халық тілімен айтқанда «жерге түсетін» Үркер шоқжұлдызы күз басталысымен-ақ шығыстан қайта жарқырап көрінеді. Сол секілді біз де күзгі сайыста өнерімізбен жарқырай көрінсек деген ниетпен осы атауды таңдадық.

Төсбелгідегі рәміздер

Алты жұлдыз

Үркер алабында 500-ден астам жұлдыз бар десек те, жай көзге анық көрінетіні — алтау.

Ай бейнесі

Халық ұғымында тоғыс кезінде Үркер мен Ай жақындаса — жақсылық, қуаныш, малға жайлы кезеңнің нышаны.

Көкбөрі

Түркі халықтарының бірлігі мен тұтастығын меңзейді.

Жыл атауы

Төсбелгінің төменгі бөлігінде «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деген жазу көрсетілді.

Сәлемдесу, қоштасу және жаңа ән

Сәлемдесу

«Үркердің» халықпен сәлемдесуі халық әні «Гүл-гүл жайна» әуенімен ашылса деген ой болды.

Қайырма

«Таң бағында, алдарыңда — “Үркер” тобы, ағайын!»

Қожабақы кемерлі,

Ауыл еді өнерлі.

Жиналып отыр сайысқа

Қалың қауым ел енді.

Таң бағында,

Алдарыңда — «Үркер» тобы, ағайын!

Қоштасу

Соңында сахнамен және көрерменмен «Армандастар» әнімен қоштасып шығу жоспарланды.

Үміт жібін жалғай түсіп армандарға,

Шақырады биік белес алдан дара.

Өнер биік мақсаттарға жалғанғанда,

Таны еліңді, біл, жастар!

Қайырма

Жас кеудеде намыс лебі оянғанда,

Сайыс шарты мәресіне таянғанда,

Жарқырасың, жұлдыз!

Жазылмасын жұбымыз!

«Үркер» тобы қоштасады сізбенен.

«Күз әуені» — сайысқа арналған жаңа мәтін

Сайыс үшін «Күз әуені» атты жаңа ән мәтіні жазылды, ал әуенін сазгер шығарды.

Шумақ

Думан толы асқарлы

Күз мезгілі басталды.

Күз әуені кеп жетті,

Әнге бөлеп жастарды.

Қайырма

Нұрға бөлеп өмірді,

Жырға бөлеп көңілді.

Жарқыраған сәулелі

Күз әуені төгілді.

Пародия: «Ауылым» әнінің басқа қыры

Пародияны белгілі әнге жазу керек болды. Бір кездері ауылды мақтан еткен «Ауылым» әні бұл жолы нарықтың әсерінен электр желісінен ажырап, майшамға қарап қалған кезеңнің күйін әжуамен жеткізді.

Не жаңалық көрсе де таңданбаған ауылым,

Шаруашылық өркендеп, жанданбаған ауылым.

Компьютерге жармасар ойлы жасы бүгінде,

Теледидар көруді армандаған ауылым…

Мемлекеттік емтихан: әдістеме және жауапкершілік

Осыдан кейін мемлекеттік емтихан тапсыруға кеттім. Емтихан екеу еді: бірі — теориядан, бірі — әдістемеден. Студент өз қалауымен біреуін таңдайды. Мен әдістемені таңдадым: құқықтық тәрбие беру әдістемесі.

Біз «заңгер-оқытушы» біліктілігімен қабылданған үшінші түлек едік. Осыдан кейін бұл біліктілікпен маман даярлау тоқтайтыны белгілі болды: кафедра мектептегі «Құқық негіздері» пәні мұғалімдерін дайындауға көшкен.

Күтпеген комиссия

«Юстициядан маман келеді, мұқият болыңдар» деген ескерту де айтылды. Бірақ күткен адам әділет басқармасынан емес, соттан келді: емтиханды қалалық соттың төрағасы Ғаниев қабылдады.

Жауабым «өте жақсы» деп бағаланды.

Екі жеңіс, бір күз

Сол күндері Қожабақылық команда да нәтижесіз қалған жоқ: аудандық «Көңілді күз» сайысында I орынды иеленді. Бір жағында — мемлекеттік емтиханның салмағы, екінші жағында — ауылдың өнері. Екеуін де күздің бір тынысы біріктіріп тұрғандай еді.