Бәрінің көзі сахнада
Жыр басы
Тың жерлерді игерудің 20 жылдығына
Бұлыңғыр күні тынбай себелеген ақ жауын жерді қарайтып, дүниені бозғылт тарттырды. Балдағын тас еденге тақылдатып, Атымтай перронға тағы шықты. Жел тұрып, суық жаңбыр енді бетінен қарсы шапалақтады. Мойнынан сорғалаған жаңбыр суын елемей, ол поезд келетін батыс жаққа тесіле қарады.
Поезд келетін мезгілінен үш сағаттан асып кешігіп барады. Семафорға дейін ештеңе көрінбеді. Атымтай ақырын күрсініп, вокзалға қайта кірді.
Әйелі Бибіғайша поездың жоқ екенін ерінің томсарған, қатыңқы реңінен-ақ аңғарды да, теріс бұрылып кетті. Жанында тұрған анасына таңдана, үрке қараған балдырғаны — бөбегі Хасенді көтеріп алып, бауырына қыса, қайта-қайта бетінен, маңдайынан, тамағынан құшырлана сүйе берді. Еріне қарағанда әйелдің жүзінен қаншалық қайғы көрінсе, баласын сүйгенде соншалық шаттық байқалады: қайғысы мен қуанышы аралас, ұлан-асыр күй.
Атымтай әйелінің бұл халін көруге шыдай алмай, далаға қайта шығып кетті. Әйелін, баласын осы шулы облыс қаласынан тезірек алып кеткісі-ақ келді, бірақ поезд келмей-ақ қойды.
Атымтай — Батыс-Теріскей майданында төрт жыл соғысқан рота командирі. Жеңіске бір апта қалғанда аяғынан ауыр жараланып, ауруханаға түсті де, тек қыркүйекте ғана сауығып шықты.
Соғыстан қайтқан жол
Кеудесі орден мен медальға толған жаралы жауынгер соғыстан бұрын кен бұрғышы болып істеген руднигіне бармай, бірден осы облыс қаласына тартты. Себебі — өзі әскерге кеткен соң әйелі жаңа туған бөбегін алып, осы қалаға көшкен еді. Атымтайдың бұл сапары — әйелі мен баласын іздеп келген беті.
Бибіғайша алғашқы кезде үзбей хат жазып тұрды. Хаттарында тұрмыстың ауырлығын, тағдырдың қиын-қыспағын айтып, кейде ренішін де білдіретін. Қанша жабырқау болғанмен, ел-жұрттан, сүйген жардан келген лебіз ғой — Атымтай бір қуанып қалатын. «Ұлы қасірет бәріне ортақ, шыдармыз» дейтін ішінен.
Бірақ соңғы екі жылда одан хабар-ошар үзілді. Енді хатты ағайын-туыс, дос-жарандар жазатын болды. Олар Бибіғайшаның есепші болып облыстық бір кеңседе істейтінін хабарлады да, «жауынгердің үй-іші» деп кеңсе бастығының өзі қамқорлық етіп жүргенін тұспалдап жазды. Кейбірі тіпті оның аты-жөнін де атады: Алшынбек Айдынғалиев.
Атымтай мұндай хаттарды қобалжи оқитын. «Менің үй-ішіме әлгі бір үлкен дәрежедегі адамның қамқорлығы керек-ақ емес еді», — деп күйінетін. Жауап қайтара алмай, хаттарды уқалап-уқалап лақтырып тастайтын болды. Содан соң қалың ойға батып, ұзақ отырады. Бірақ өз күйігін көтере алмай, автоматын қыса ұстап, шабуылға қайта шығатын.
Арпалыста жүріп Бибіғайшаны ұмытуға тырысты, бірақ ұмыта алмады. Майданға кеткенінен он күн өткен соң тұңғышы — Хасен дүниеге келген. Баланың атын өзі қойған. Нәрестені көзі көрмесе де, ойы сол жаққа қайта-қайта тартатын.
Кездесу
Міне, енді балдағын сүйретіп, Атымтай Бибіғайшаны тауып келді. Үйге кіріп келе жатқан ақсақ адамды көргенде Бибіғайша шошып кетіп, даусы қалай қатты шыққанын өзі де аңғармай қалды. Үстінде жаңа қара панбарқыт көйлегі, жуып алған ұзын қолаң шашын тарап отырған. Көл шетіне шығып сыланған аққудай сұлу көркіне бір орасан шаттық сәулесі де араласқандай.
Атымтайға әйелі бұрынғысынан да сұлу көрінді. Ол рұқсат сұрамастан есікке таяу тұрған орындыққа отырды да, парасатты үнмен:
— Аман-есенсің бе, Бибіғайша? Міне, мен де келдім. Ауыр жараланып, әзер айықтым. Бір аяғым шала-жансар. Бұның оқасы жоқ: көп ер-азамат сол жақта мәңгі қалды ғой.
Бибіғайша ерінің бетіне қарай алмай, көзін жерге қадады.
Атымтай сөзін қысқа қайырды: сезім жайын қозғамай, әйелі мен баласын алып кетуге келгенін айтты. «Ертең рудникке жүреміз. Ермесең — ұлымды бер», — деді.
Бибіғайша оның бұл сөздерді қандай қинала айтып тұрғанын түсінді. Бір сәт бойын ескі сағыныштың ыстық толқыны балқытқандай болды: «мойнына асылсам» деген ой да елестеді. Бірақ әп-сәтте қайта томсарды — көз алдына бөтен біреудің бейнесі килікті. Ақыры:
— Жарайды, Атымтай. Жауабын ертең аласың, — деді.
Әке мен бала
Сол сәтте есік ашылып, үйге қара домалақ бала жүгіре кірді:
— Апа! Апа!
Бала үйдегі жат адамды көріп кілт тоқтады. Анасы:
— Неге шошыдың, Хасенжан? Бар, бара ғой. Бұл — сенің әкең...
Хасен әкесінің кеудесіндегі орден-медальдарды көріп, көзінде қуаныш сәулесі жарқ етті. Енді жатырқамай, үлкен адамдай байыппен келіп, қолын берді:
— Ассалаумағалайкүм!
— Уағалайкумассалам.
Атымтай баланы көтеріп алып, екі бетінен кезек сүйіп, бауырына қысты. Бибіғайша көзге тығылған жасты жасыру үшін теріс бұрылды. Бірақ бала біржолата беріліп кетпеді: әкесінің балдағына көзі түсті де, әлдебір «өлшем» тапқандай сөйлеп кетті.
— Сенің балдағың бар, ал Алшынбек ағамда ол жоқ, — деді.
Атымтайдың өңі сұрланып кетті. Бала тағы қосты: Алшынбектің бойы биік, үстіндегі киімі де жаңа. Бірақ бірден шаттанып:
— Сенің кеудеңдегі ордендер екі есе, тіпті үш есе көп! Мұндай орден ешкімде жоқ. Сен нағыз батырсың ғой, иә?
Бала сөзінің бір жағы жүрегін өртесе, бір жағы — «әкем батыр» деген пәк қуаныш — Атымтайдың өн бойын дір еткізді. Бірақ «Алшынбек аға» деген тіркес шыдатпады. Ол Бибіғайшаға:
— Ертең осы уақытта келемін. Ақырғы жауабыңды сонда айтарсың. Қалай шешсең де, бала менде болады, — деді де, қоштаспастан шығып кетті.
Келесі күні Бибіғайша ерімен бірге жүруге келісетінін айтты. Атымтайды қуаныш билегендей болды, бірақ көптен жүрегінің түбінде жатқан өгей сезім оны әйелін құшақтап, сүйіп алуға жібермеді. Бибіғайша сәл жымиғанымен, сол күлкісінің ар жағынан ұшы-қиыры жоқ мұң сезілді.
Вокзал. Поезд. Үзіліп кеткен үн
Енді олар вокзалда поезд күтіп отыр. Әйелі мен баласы өзімен бірге жүрмек, бірақ Атымтайдың ішіндегі қараңғы сейілер емес. Бибіғайша баласын құшырлана сүйген сайын, оның көңілін басқан түнек қоюлана түскендей. «Бұл қаладан тезірек кету керек» деген ойы жанын жегідей жеді: жүрегі бір жамандықты сезгендей тыпыршып, тыныштық таптырмады.
Ақыры, ысқыра-гүрсілдеп, күткен поезд келді. Үшеуі вагонға қарай беттеді. Бибіғайша Хасенді көтеріп алған, Атымтайдың бір қолтығында балдағы, бос қолында үлкен шабадан. Әйел баласын бауырына қысып, әрең қозғалып келеді; көзінен жас тоқтар емес. Атымтай артына бұрылып қарамаса да, оның жылап келе жатқанын білді.
Купеге жеткенде Атымтай шабаданды төменгі сөреге қойып, шинелін шешіп, ілгешекке ілді. Бибіғайша купеге кірмей, босағада тұрды — аяғын аттаса, жар қабақтан құлайтындай.
— Мына жерге отыр, — деді Атымтайдың даусы кенет қарлығып. — Бұл ара — біздің орнымыз.
Бибіғайша баласын еңірей сүйіп, Атымтайға ұстата салды да, сөзін аяқтамастан сыртқа қарай жүгіре жөнелді.
Атымтай Хасенді тізесіне отырғызды. Бала әкесін енді жатырқамай, кішкентай алақанымен оның кеудесіндегі ордендерді сипалап, ойнай бастады. Ал әкесі терезеден көз алмай, перронды бағып отырды.
Сол сәтте вагонға таяу вокзал бұрышына қара «эмка» келіп тоқтады. Ішінде жүргізушіден басқа ешкім жоқ. Бибіғайша асыға барып, машинаның ішіне отырды. Бетін сүрте бастады — жылап отырғандай. Есік жабылмаған күйі қалды.
Үшінші мәрте қоңырау соғылды. Поезд қозғала бастады. Ал машина орнында. Бибіғайша қайта шықпады. Бір сәт ол бұрылып қарады да, поездың жүре бастағанын көріп, қоштасқандай ақ орамалын бір-екі рет бұлғады да, бар күшімен есікті тарс жапты. Сол сәтте машина да қалаға қарай сырғи жөнелді.
Хасен бір кезде қасында анасы жоғын аңғарып: — Апа! Апа! — деп бақырып қоя берді.
— Құлыным, енді апаң да, әкең де — жалғыз өзім боламын, — деді Атымтай бауырына қыса түсіп.
Атымтай өзіне де жас тығылды. Ол Бибіғайшаның баласынан айырылу қандай ауыр екенін, сондықтан да аналық махаббатын қақ бөліп кеткендей осылай біржола безіп қалғанын түсінді. Ал поезд болса, Бибіғайшадан баланы әдейі алып қашқандай, дөңгелектерін үсті-үстіне безек қаққызып жүйтки түсті.
Бірінші тарау
Көк Есіл жаралғандай көз жасынан,
Ежелден ел-жұртына қымбат болған.
Көк майса өшпесе де жағасынан,
Көңілі ел-жұртының шерге толған.
Сонау бір өмір өгей анадай түксиген заманда халық Есіл жайында осылай жырлаған. Иә, жағасын көк балауса, жасыл шалғын көмкерген бұл — Арқаның ардақты өзені. Алыстан қарағанда, қиыр шетіне көз жетпес кең далада әлдекім ұмытып тастап кеткен көгілдір белбеудей жіп-жіңішке боп иіле, көсіліп жатады.
Халық тағдыры қанша ауыр болса да, табиғат әр уақытта адам баласын қуанышқа шақырады. Әсіресе, Есіл өңірі көктемде қандай тамаша! Қалың қар кетісімен-ақ суы тасып, қайтар-қайтпастан қара қошқыл жер бетінде көк өркен ду ете қалады. Жағасында көк балауса, боз, бетеге қаулап өседі; мөлдір көлдер мен өзендердің бетіне қаз-үйрек сыңси қонып, жасыл әлемді таңғажайып сәнге бөлейді. Бүкіл жер шарының бар құсы осы араға ұшып келгендей, күндіз-түні құс базарының шуынан құлақ тұнады. Қызылды-жасылды қызғалдақ, сарғалдақтар көздің жауын алады.
Бірақ бүгінгі Есіл бойының суреті басқа. Көз жетер жердің бәрі қопарылып, жыртылып кеткен. Егіс алқаптары кеңейген. Атар таң, батар күн демей, күндіз-түні мотордың арынды гүрілі күллі аймақты жаңғырықтырады. Қазір Есіл де бөтен, оның көктемі де бөтен.
Биыл көктем ерте келді: күн ерте қыздырып, апрель бітпей жердің дені жыртылып болды. Кей егістікте көк егіннің басы қылтиып көрінді. Жол бойында жусан мен қазоты пайда болып, өзен жағасындағы қайың мен тал бұтақтары бүрленіп, жер беті көгілдір тарта бастады. Көп кешікпей егіс пен шабындық қаулай көтерілмек.
Ақсеңгірдегі айтыс
Алтын арай тың совхозына қарайтын Ақсеңгір деген жерде егістің соңғы гектарлары жыртылып жатқан. Соңына қатарласа соқа тіркеген алып Қ-700 тракторы ұшы-қиыры жоқ даланы жосылта жыртып жүр. Соқа өткен жердің топырағы бұйра толқындай төңкеріле түседі.
Трактордың алдында қара көк бестіге мінген сымбатты, қара торы жас жігіт шыр көбелек айналып жүр. Бұл — совхоздың жаңа агрономы Хасен Атымтайұлы еді. Ол трактор гүрілін жеңгісі келгендей дауыстап:
— Қараке-ау, мынауыңыз не? Бұл жерді жаңа әдіспен жыртыңыз. Сіз жер қыртысын қопарып жатырсыз!
Шүңірек көзді, қапсағай денелі Қарабай селсоқ жауап қатты:
— Маған бәрібір!
Хасен соңғы рет ескертті. Қарабай ашуланып, тракторын тікелей оған қарай бұрды. Сонда Хасен атын іркіп, қамшысын сілтеп:
— Солай деңіз! Онда сізбен Угрюмов жолдастың өзі сөйлессін!
Қара көк бесті құстай бауырлай ұшып, поселкеге қарай көсілді. Қарабай агрономның соңынан бір ашулы қарап, жұмысын қайта жалғастырды. Болат тісті соқалар қара топырақты тағы да қақ айырып, қыртысын төңкеріп түсіре берді.
Тракторшылар от басында
Механизаторлар жаңа ғана кешкі астарын ішіп болған. Түстен бері трактор үстінен түспеген жігіттер ай туғанша дем алмақ. Біреуі шалқасынан түсіп, пысылдап ұйықтап жатыр. Екіншісі әлденені ойлап, шылым тартып отыр. Көп кешікпей бұлар қайта тракторларына мінеді: түн тыныштығын үркітіп, тағы үш-төрт сағат жер жыртады. Содан соң ғана жатады. Таң саз бере қайта тұрып, мотор гүрілін қайтадан кең даланың үстіне жаяды.
Жанған тобылғы отын қоршай, бір топ жас механизатор ән салып отыр. Соларға бригадир — мосқал жастағы, төртбақ келген Порфирий Михайлович Губанов келді. Жігіттер сығылысып орын берді. Губанов отқа қолын тосып, қалтасынан дорбасын шығарып, шылым орады. Біреу шоғын ұсынып тұтатты. Губанов бір сорып, жерге созыла жатты.
— Қалай, жігіттер, шаршаған жоқсыңдар ма? — деді ол.
Ақ сары белорус жігіті бәрінің атынан:
— Әркім әрқалай. Рамазан шаршағаннан қимылдай алар емес. Ал Микола... — деп күлдіріп қойды.
Еңгезердей украин Микола ренжи қарап:
— Өтірік айтпасаң ішің жарылып кете ме? Қазір құймақ жейтін мезгіл ме? Жер дымқыл кезде егісті бітіру керек! — деді.
Губанов басын изеді:
— Дұрыс. Көктемнің бір күні — жаздың он күніне татиды.
Шашы сабан түстес сап-сары эстон жігіті Юхань жердің құнарын тамсана айтты: қолыңа алсаң, майға былғаған қамырдай жұмсақ; ұшан-теңіз, шеті көрінбейді. «Осындай байтақ далаға қазақ халқының күші қалай жеткен?» — деп таңданды.
Губанов езу тартты: бұрын бұл даланың бәрі тың жатқан, шөбі белуардан келетін; анау сайда қазақ ауылы тұратын, жылқысы көп еді. Юхань күрсініп: «Қайда қазір ол ауыл? Біз үркітіп алдық па?» — деді.
Губанов ұзақ ойланып барып жауап қатты: тыңға мыңдаған трактордың келуі — атам заманнан тыныш жатқан далаға дүр сілкініс болғандай әсер еткен. Бірақ адам өз бақытына ұмтылады; тың көтеру қазақ даласына «екінші төңкеріс» болып келгенін, халық оның жақсылығын бірден түсінгенін айтты. Дегенмен кейбіреулер «енді біз құрыдық» дегендей уайымға да бой алдырған.
— Әр ұлттың өзіне тән қасиетімен санасу керек, — деді Губанов. — Бұл — ата-бабасының жері. Осы жер үшін қанша шайқасқан, қанша қан төккен. Әлі есімде: Есіл жағасындағы бабасының жеке тұрған мазарын біз бульдозермен қиратып жатқанда, кәрі қазақ шал жас баладай еңіреп жылаған еді. Оның өз әлемі бар болатын. Ал біз сол әлемді көз алдында талқандадық. Шал бізбен тілектес бола ала ма? Бол деуге қақымыз бар ма?
Юхань: «Зират қымбат болса, тимей-ақ қою керек еді, көпірді басқа жерден өткізуге болатын еді ғой», — деді. Губанов қатқылдау жауап берді: өзге жерден салынған көпір халыққа үш есе қымбатқа түсер еді; мұны шал да түсінген.