Тілге деген құрмет, халыққа деген құрмет

Ана тілім — аруақ қойған ар тілім,
Тіліменен өркен жаяр қарқыным.
Тілім барда атағы да өшпейді,
Қазақ деген қасиетті халқымның.

С. Ыбырайымқызы

Жоспар

I. Тіл — тіршіліктің бастауы

Жоспар

II. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте

1) Көп тіл білсең, көкжиегің кең болар. Мемлекеттік тілді үйренген жөн болар.
2) Қазақтың ақылы — көзінде, қасиеті — сөзінде.

Жоспар

III. Менің тілім өлмейді — халқым тілі

Қазағымның сөнбейді алтын күні.

Тіл — тіршіліктің бастауы

«Тіл — тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдайды, үйренеді. Бала ана тілін ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасына еліктеу арқылы бойына сіңіреді. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, тілдік қорын байытады. Осылайша ана тілі ананың ақ сүтіндей жан дүниемізге дариды.

Түйін

Ана тіліне құрмет — өзіңе, еліңе, болашағыңа құрмет. Ана тілі арқылы ғана адам айналасын саралап, ой түйеді; Отанға сүйіспеншілігі беки түседі.

Қазақ тілін Абай, Мағжан, Мұхтар, Сәбит, Жұбан сынды ұлы тұлғалар сөйлетті. Бұл тіл қазақ халқымен бірге абыройлы да асқақ, сынақты да сындарлы тағдырды бастан өткерді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп, жүйелі сөзбен алқалы топты иландырған би-шешендер — әділет пен парасаттың мектебі, аталы ойдың алтын қазығы.

Табысқан соң дүние фәнименен,
Тал бесікте жатқанда сәби денем.
Ана тілі бойыма сіңдің шым-шым,
Даусыменен анамның әлдилеген.

Тіл — қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсінуге бастайтын басты көпір — ана тілі. Адам өз анасын қалай сүйсе, өз тілін де солай сүюі тиіс.

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте

Бүгінгі күні елімізде «тілдердің үш тұғырлығы» ұғымы орнықты. Әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін меңгерудің маңызы зор. Жастардың білім ордаларында шет тілдерін үйренуге ұмтылысы — қуанарлық құбылыс. Әлемдік даму үрдісінен шет қалуға болмайды.

Бірақ бір шарт бар

Өз елінде еркін өркендей алмай келе жатқан қазақ тілін кейінгі орынға ысыру — қисынсыз. Көп тіл білу — көкжиекті кеңейтеді, ал мемлекеттік тілді құрметтеу — азаматтық жауапкершілік.

Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Тілге деген құрмет — халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, тілсіз елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем танитын ел болу үшін тіліміздің мәртебесін биіктетуіміз қажет.

Көп тіл білсең, көкжиегің кең болар,
Құрметтейді «кісі екен» деп төрге озар.
Қай елде жүрсең де — осы дұрысы:
Мемлекеттік тілді үйренген жөн болар.

Тіл мен тарихтың сабақтастығы

Ата-бабаларымыздың тарихы мен шежіресі, әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы — халық тарихымен тамырлас, бірегей құндылық. Қоғам өзгерген сайын тіл де дамып, түрлене түседі. Мемлекеттік мәртебе берілген жылдардан бері жұртшылық пен жастар ана тілі үшін маңызды істер атқарғаны да белгілі.

Менің тілім өлмейді — халқым тілі

Тәуелсіздіктің ең басты белгісі — ана тілі мен ұлттық мәдениет. Дүниедегі әр халық өз тәуелсіздігін, ата-баба дәстүрін, ана тілін сақтау үшін күреседі. Сондықтан кез келген мемлекет өз тілін ерекше құрметтеп, қорғайды.

Ана тілім — бойымдағы зор намысым,
Тор құрсаулар жолында болғаны шын.
Бұзып бәрін бүгінге аман жеткен —
Жырым-жырым жаралы жолбарысым.

Таза тіл — жүйелі ой

Ана тілін дамыту үшін әркім өз тілінде таза сөйлеуі тиіс. Себебі жүйелі тіл — жүйелі ойды қалыптастырады. Тіл — ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлім-тәрбиесінің негізі. Тіл — халықтың жаны: тіл жойылса, халық та жер бетінен жоғалады.

Бүгінгі қазақ қоғамындағы тіл мәселесінің түйіні көбіне өз тілін білмеуден басталады. Ана тілі — мәдени дәрежені көтеретін қуатты құрал. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.

Ана тілім, талай жанның жүрегін емдедің,
Сен арқылы қасиетім — «Отан» дедім, «ел» дедім.
О, аналар! Бесік деген қасиетті мұраны,
Ата-бабам жазып кеткен ана тілде тербеңдер.

Тілі мен дінінен айырылған жан рухани кемтарлыққа ұрынып, адамдық болмысын жоғалта бастайды: туған халқынан, салт-дәстүрінен, ата-анасынан қол үзу қаупі туады. Сондықтан тіл тағдыры — ұлт тағдыры.

Қалды артта қиямет азапты күн,
Қазақстан — Отаным азат бүгін.
Қасиетті тілімнен мың айналам,
Сақтап келген қазақтың қазақтығын.

Тіл мәселесін ту еткен қаншама ұлы тұлға бар екенін тарих әлдеқашан дәлелдеді. Бүгінгі таңда қазақ баласы өз ана тілінде сөйлеп, оның қадір-қасиетін бағалап, санасына сіңіруі қажет. Ұлттық рухты көтеріп, ана тілге жанашырлықты сөзбен ғана емес, іспен дәлелдейтін уақыт.

Есте ұстайық

Ана тілі — ар өлшемі. Тілді шұбарлау — арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Тіл — таусылмайтын байлық, асыл қазына. Қанша тіл білсең — сонша биіксің, бірақ ең алдымен өз ана тіліңді меңгеру — парыз.

Өрнектелер тілмен өткен-кеткені,
Жанға батар мәңгүрт өсіп-жеткені.
Жанға батар өзге тілде шүлдірлеп,
Өз балаңның өзегіңнен тепкені.

Қазақ тілі — даласындай кең. Ол — қастерлі, құдіретті рухани әрі тарихи құндылық: достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары.

Қорытынды ой

Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт-дәстүрдің дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың берік болуы — ана тілінің өміршеңдігіне байланысты. Тас бұлақтың тұнығы да, ана сүтінің жұғымы да, райхан гүлдің жұпары да, назды сұлудың нәзіктігі де, сахара даланың кеңдігі де — қасиетті қазақ тілінің болмысынан табылады.