Тоқтат әкеңді

Таласа-тармаса автобусқа кірген Сейіт билетінде көрсетілген орынға көз салды. Дәл сонда, жақ жүні үрпиіп отырған шүйкедей шал жайғасып алыпты.

— Ата, ана орын менікі, — деді Сейіт билетін көрсетіп.

Шал оқты көзін өңмеңінен қадап, қолындағы зерлі таяғын селтең еткізді. — Құры, су мұрын неме! — деп зілдене ақырды.

Сейіт амалсыз кері шегінді. Ал бұл кезде іші адамға лық толған шағын ПАЗик ырғала қозғалып, қала көшелерін артқа тастап, тас жолға ілікті. Автобуста тік тұрғандар аз емес. Сейіт те солардың қатарында еді.

Алғашқы әсер: қала мен ауылдың арасы

Бұл — Сейіттің Павлодар сияқты ірі қалаға алғаш келуі. Он үш жасында алғаш аяқ басқанда, «Ақыры қаланы да көрдім-ау!» деп масаттанғаны бар. Қаланың аты — қала: айналасы тау қоршаған, құлаққа ұрған танадай, бір-екі үйлі Қарақуыс емес.

Биік үйлер, сәнді киінген адамдар, әсіресе балалар… Қайда барам десең, құстай ұшырып апаратын такси; қаздай тізілген автобустар… Бірақ сол алғашқы шаттықтың көп ұзамай-ақ су сепкендей басылатынын ол кезде білген жоқ.

Сын көз

Сейіт тұрақсыз бала емес еді. Тек әр нәрсеге сын көзімен қарайтын. Біраздан соң қалада да «қайнап жатқан қызық» жоқ екенін аңғарды: айырмасы — ерсілі-қарсылы ағылған қалың көлік пен ауыл адамдары сирек мінетін такси, автобус қана.

Жылылықтың жетіспеуі

Мұнда адамдардың бір-бірімен құшақтасып, қол алысып, емен-жарқын сөйлесіп жүруі — сирек. Жөн сұрап, жол табам деу де оңай емес екен.

Кітап дүкеніндегі үміт

«Ағатай, кітап дүкенін көрсетіп жібермес пе едіңіз?» деген өтінішіне көпшілігі иық қиқаң еткізумен ғана шектелді. Тек бір әйел: «Жүр, айналайын, мен де сонда бара жатыр едім» — деп ертіп апарды.

— Қазақша бесінші сыныптың оқулықтары керек еді.

— Әзірше түскен жоқ, түсуі де екіталай, — деді сатушы.

Қалың дәптердің бағасын көргенде-ақ, Сейіттің іші удай ашыды: қымбат. Мұндай ақша қайдан болсын?

Ол дүкеннен шыға сала жаяу автобекетке жетіп, келесі күнге билет алып қойды. Сонысы кейін «ақыл болғанын» өзі де түсінді.

Тар автобус, тар мінез

Жол үстінде абыр-дабыр күшейді. Біреу әлдекімді қағып өтті ме, әлде әдейі итерді ме — белгісіз. «Өгіздей өңкілдеген неме, көзіңе қара деймін, аяғымды жаншып…» деп ышқына айқайлаған дауыс шыға келді. Сол сәтте таудай әйелді біреу итеріп қалып, Сейіт дауыл ұрып құлатқан теректей теңселіп барып, автобустың қабырғасына маңдайын сарт еткізіп соқты.

Есін жиғанында маңдайы білеудей боп ісіп шығыпты. Бір жолаушы әйел қасына шақырып, «Мен орынға…» деп еді — сөзін шошып оянған баланың шырылдаған жылауы бөліп жіберді.

Әлгі бала тоқтар емес. Ал мана Сейітке таяғын шошаңдатқан шал да тынышталмай, ашуын үдетті.

— Өшір үнін! Өшірмейді екенсің, ажалы менен!

Жанындағы кемпір жыламсырап: — Әбілжанның әкесі-ау, қойыңызшы енді… Бір жолғы ашуыңызды маған беріңізші… — деп жалынды.

Біреу сыбырлап: «Е-е, бұл әлгі біздің ауылда тұратын контузия алған шал ғой. Ойбай, бұл пәле көтеріліп кетсе…» — деді.

Әлден соң шалдың әмірлі үні шықты: «Құй анауыңнан!» Артынша: «Прощай, Сталинград!.. Прощай, комбат!..» — деп әндетіп барып, кілт тынды да, қорылы естілді.

Жол бойғы сөз, ішкі күй

Ақыры Майқайыңның да қарасы көрінді. Бұл кезде Сейіттің маңдайы талаурап ісіп, шанши бастады. Автобустан түсіп бара жатқан бейтаныс әйел: «Орныңнан айырылып қалма» — деп ескертіп кетті.

Қатар отырған әйелдердің бірі: «Көргенімнен көрмегенім Рахметолла көп екен деген осы шығар… Мына жол ана жолға қарағанда әлдеқайда жақсы еді» — деп күңкілдеді.

— Бірлікке бара жатыр едім, алыс па? — деп сұрады.
— Білмедім.
— Өзің қайда барасың?
— Баянға.

Сейіт біраздан соң қалғи бастады. Бір кезде құлағына іліккен сөзден оянып кетті: «Мына баланың біздей әке-шешесі жоқ дейсің бе? Бар, әрине…» «Орнын бермес дейсің бе? Әрине береді…»

Құтылудың амалы: рөлге кіру

Бұл сөздерден қалай құтыларын ойлаған Сейіттің есіне мектеп сахнасы түсті: рөл ойнап, интернатта қалған кезде қарсы беттегі ішкіш орыс шалды салып, балаларды күлкіге қарық қылатын.

Ол сол бейнеге кіріп: — А-а-а! — деп ақыра сөйледі.

— Ты знаешь где гастроном? Быстро за жүз грамм! — деді тілін күрмелтіп.

Содан соң кеңірдегін сұқ саусағымен шертіп: — Ты, старик… вон пока живи! — деп ақырып жіберді.

Шал мен кемпір шошып, бірін-бірі сүйрете-мүйрете, жолдағыларды қаға-маға кері серпілді. «Осының орнын сұрайық деген сен төбет емессің бе?» — деп біреуі ұрысты. «Жоқ, сен қақбас неме!» — деп шалы ақырды.

Бұрын жөн сұраған әйел таңырқап: «Опыр-ай, өзің әртіс болуға лайықты екенсің. Өзің-ақ қатырдың-ау!» — деді.

Өсек пен үрей

Бірақ сөз бір шықса — желге ілеседі. Алдында отырғандар сыбырласты: «Көк желкемізде отырған ана баланы түрмеден босаған бұзық дейді… Алла сақтасын, сақ отырайық!» «Болса болар, ана маңдайындағы жара тегін дейсің бе?»

Ауыл адамдары ақырын сөйлеуге онша үйренбеген: әңгімелері Сейіттің де, көршісінің де құлағына анық шалынып тұрды. Екеуі бір-біріне жымиыса қарап, іштей мәз болды.

Торайғырға келгенде шал мен кемпір автобустан түсті. Күтіп тұрған қыздарды тоқтатып, Сейітті нұсқап, әлденелерді айтып жатты. Сірә, «Түрмеден шыққан бұзық, сақ болыңдар!» дегені шығар: қыздар алдыңғы орындықтар бос тұрса да, отыруға асықпады.

Үйге оралу және ең ауыр сөз

Сейіт үйіне тек ертеңіне жетті. Маңдай тұсының күн тигендей ісіп тұрғанын көрген шешесінің зәресі ұшты.

Анасы бірдеңе деуге ыңғайланған сәтте Сейіт сөзін бөліп: — Мені ұруға, әсіресе қорқытуға кімге болса да бір қап жан керек шығар, — деді.

Ол шал мен кемпірдің зәресін қалай алғанын «жыр» қылып айтып берді. Айта отырып, анасының жүзіне барлай қарап отырды: күлкі ізін таппады. Қабағы түсіп, ашу-ызасы қоюланып барады.

«Сапарлас әйел тапқырлық, тіпті әртістік деп таныған өнерімді туған анам неге бағаламайды?» деген күйініш көкірекке тығылды.

Анасы жүзі күреңітіп: — Тірі сені қойшы, әкеңнің аруағын жерге қараттың-ау, балам! — деді.

— Бір жолаушы әйел «әртіс болуға лайықсың» деп мақтады деуге ұялсаң, етті. Сені сахнаға баулып жүрген ұстазың өнеріңді шал-кемпірдің зәресін алуға пайдалан демеген болар. Кәрі саулықтың жасындай ғана жасы қалған жандарды жәбірлейтіндей, олар саған не жазып еді?

— Бірінің жүрегі ұстап қалса қайтер едің?

Бұл сұрақ Сейіттің санасында ұзақ жаңғырып тұрды. Ол жауап қатуға дәрменсіз еді. Сол сәт әкесінің жиі айтатын сөзі ойына оралды: «Дос жылатып айтар, дұшпан күлдіріп айтар».

«Масқара-ай… Әлгілердің бірінің жүрегі ұстап қалса қайтер едім?..» — деп, ол ауыр ойға шомды.