Біз Қазақстан пролетариаты
Екпін Еділді өрлеп, Жайықты жалпағынан басып, Оралдың етегіндей бұрқ-сарқ етіп, далаға бет алды. Өр көкіректенген екпіннің ұлы қимылы Тянь-Шань етегін басып, дәл төбесінен бір-ақ секірді. Еңбекті еңіретіп, ердің ерлігін сынап, құрғақты — шөлге, шөлді — көлге айналдырып, ауылдың өңін басқа арнаға бұрғысы келді.
Екпіннің мінезі
Дабыл қаққан долы екпінге аяусыз асқарлар мен кертелі кезеңдер де еріксіз жол берді. Қарсы шапқан қаскүнемдердің тауын шағып, тарысын үктірді. Жеке батырсынғандарды желкесінен басып, тізесін бүктірді.
Желді жендет қып жұмсап, боранын бұрқыратып, дауылын дүркіретті. Әлсіз паразиттерді ұшырып әкетіп, тулаған толқынға тығып жібергенде, күре тамырлары пытыр-пытыр етті. Жынды толқын үсті-үстіне сабалаң қырғидай қағып, ағызып әкетіп жатты.
Сахарадағы еңбек оянысы
Осы кезде екпін сахарадағы сансыз колхозды ауылдардың ортасына жетіп, еңбекті өрбітіп, істі ұлғайтып, өнімді арттырды. Ұйымдасқан елден білегін сыбанып, мыңдаған болашақ пролетариат сапқа тізілді.
Таңғы үн
Ауылда еңбек азаны тартылғанда, өндірісте болат балғалар минутына мың мәрте соғылды.
Топтасқан қуат
Екпінге екпін, қайратқа қайрат жалғасып, миллион білек жұбын айырмай, топтанған күйінде қимылдады.
Топты жетектеп, қимылды қыздырып, өндіріске қарай ала жөнелді. Қызыл тулар желбіреп, аспанды шарпыды. Табанда еңбек қазаны қайнап, еңбекшілер бұлағының күміс суы күнге шағылысып, сусағанның сусынын, шөлдегеннің шөлін басқандай болды.
Темір мінез, тасқа түскен таңба
Еңгезердей дене, жоталы жауырын, мықты білек бүгін ғана күресетін жауын да, алысатын еңбегін де тапқандай еді. Болат шпурды қайта-қайта ұрған сайын жымыңдасқан тас күл-талқан болып, опырылып, жерге түсіп жатты.
Ұран емес — уәде
Қайрат қайнап, жүздер жайнап, ынталы көңіл мен қуанышты үн көтерілді: біз жаңа пролетариат өндірісінің бесжылдық болат түйінін күшті қолмен шешіп, ұлы екпінмен қабырғасын қалаймыз. Біздің қайла кенді қопарса, балға темірді бағындырады. Біз — Қазақстан пролетариаты!
Сатыр-сұтыр қимыл бірден жер астын жаңғыртқанда, сансыз әрекет пен сапалы еңбек көпке шыдамай, тасқа жымыңдасқан металдың құйқаларын опырып түсірді. Жатаған арбалар лезде артылып, сыртқа қарай ағылды.
Ұшқыннан — қарқынға
Қарқынға қарқын қосылды: қарға қыстырылған өткір шпурлардың миллионы бір қалыппен тасқа қадалғанда, шахта асты найзағайдың отындай тұтанып, болат ұш көк тастардан ұшқын жарқ-жұрқ етті.
Бұл ұшқын — еңбекті иеленген, ен далаға еңбек дүкенін орнатқан, бірлесіп іс қылған, тізелесіп күш жұмсаған орыс пен қазақ жұмысшыларының қайтпас жігерінен туған екпіннің ұшқыны еді.
Секунд минутты, минут сағатты, ай жылды қуды. Бірлескен білектен іргелі қарқын туды. Жұмысшы жүрегінің өндірістік тілегі — бесжылдықты төрт жылда орындау болды.
Жоспардың үдеуі, өнімнің өсуі
Социалистік жарыспен үдетпелі жоспарды шарттасқан сағаттан, қабылданған күннен бұрын орындау үшін жанын салып қимылдаған қарқын өлшеусіз өнім берді. Ол өнім жоғары қалыппен сыртқа шығарылып, үлкен ауызды домна пешіне құйылып, аралас күйінен арылып, қорғасындай балқып, еңбек сарайына үйіле берді.
Қызған көрік
Жұмысшылар барлық майданның көрігін басып, темірін қыздырды.
Қайсарлықтың шебі
Оңшыл-солшыл елірген оппортунистер тасасында қалды, зиянкестердің тамырына балта шабылды.
Екпін қызып, білек білеуленіп, күш барлық майданда социалистік құрылыстың жеңетініне сенім берген шақта, өндірілген өнім соның кепілі болды. Ұласқан еңбек, бірлескен білек, күшті қарқын — жолбасшымыз Коммунистік партия бастаған социалистік құрылыстың қарқыны еді.