Қазақ - отаншыл халық

Тәуелсіздік — барлық қазақстандықтар үшін аса қасиетті құндылық. Н.Ә. Назарбаевтың: «Қазақ — отаншыл халық. Қазақтың отаншыл жүрегі — өрлік пен намысқа, ерлік пен жауынгерлікке толы. Құлқынның құлы болма, Отанның ұлы бол. Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», — деуі де осы ұғымның тереңдігін айқындайды.

Отан ұғымы

Отан — табиғи, тарихи, әлеуметтік, саяси және мәдени орта; адам баласының тіршілігінің негізі. Әр халықтың өз Отанын сүюі — заңдылық. Егер пендешілікке бой алдырмай, өз ұлтымызды өзгеден артық не бөлек көрмей, адамзаттың құрамдас бөлігі ретінде қабылдап, басқа ұлттарға өгейлік танытпасақ, онда отансүйгіштік, ұлтжандылық пен жасампаздық қасиеттеріміз бұрынғыдан да айқын жарқырар еді.

Қазақстан — ортақ Отан

Қазақ халқының Отаны, туып-өскен, кіндік қаны тамған өзге қазақстандықтардың да Отаны — Қазақстан. Оның үстіне, Қазақстан — қазақ халқының ата мекені.

Ұлттық патриотизммен Қазақстанды өз Отаны санаған өзге ұлт өкілдерінің патриотизмі бір арнаға тоғысып, жалпы қазақстандық патриотизмді қалыптастырады.

Тәуелсіздіктің бағасы

Біздің Отанымыз — тәуелсіз Қазақстан. Алайда тәуелсіздік бізге тегін келген жоқ: талай ұрпақ зар жылап, жапа шекті, өмірлері өксікпен өтті.

«Тәуелсіз Қазақстан» — қандай ұлы ұғым! Ол жаныңды жадыратып, көңіліңді көтереді. Отансүйгіш ұрпақ сол тәуелсіздікті баянды етуге қызмет етуі керек.

Неге тәуелсіздік қымбат?

Ең алдымен, еліміз саяси тәуелсіздігін жариялады. Біз — тәуелсіз елміз. Уақыт тарих үшін қас-қағымдай: ғасырларды құшақтап, талай халықтың, талай ұлы империялардың тәуелсіздігін көрген. Солай бола тұрса да, өз тәуелсіздігіміз біз үшін бәрінен қымбат.

Тәуелсіздіктің мәні мен салмағы

  • Ата-бабаның рухын көтергені үшін.
  • Сөнген мемлекетіміздің отын маздатып, қайта жандырғаны үшін.
  • Елімізді қатарға қосып, әлемдік қауымдастыққа енгізгені үшін.
  • Ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қаз-қатар тұрғызып, «қазақ» деген атауға қан мен жан бітіргені үшін.

Тәуелсіздік деген — жай ғана термин емес. Тәуелсіздік, шын мәнінде, ауқымды да терең құбылыс. Ол, ең алдымен, саяси тәуелсіздік.

Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Благовещенка селосы, Благовещенка №2 орта мектебі КММ

Кітапханашы: Каменова Айгүміс Қайсақызы