Жақсы өсірілген шаруа өніміне өкімет бүгін бәйге бермек
Бүгін — Шаруа күні
Бүгін Шаруа күні мерекесі еді. Жақсы өсірілген шаруа өніміне өкімет бәйге бермек. Әркім өз шаруасынан бір-бір үлгі әкеліп, көрмеге қойды. Комиссия бәрін мұқият қарап, жазып-сызып, үлгілі шаруаның бәйгесі мен мақтау қағазын Бадыраққа тағы табыстады.
Құттықтаудың қызған шағы
Жұрт жаппай құттықтап жатыр. Бадырақ пен Жеңсік ақ шатырдың астында тұрып, бас иіп ризашылығын білдіреді. Дәл осы сәтте Бадырақтың көңілі тасып, жан-жағына барлай қарады.
Жаңа тұрмыс көрінісі
Айналаның бәрі — қалалы қазақ шаруасы. Жұрттың жүзінде ажар бар, киім киісі салтанатты. Біреуден біреудің дәулет артықшылығы байқалмайды. Баяғы “бай” мен “жалшы” дейтін ұғым мұнда жоқтай.
Көңілдің толқыны
Бәйгеден келген екі аттың үстіндегі екі пионер немересі жұртқа көсемдік қылып тұр. Қуанышқа бөленген Жеңсік қасында, автомобиль де дәл астында. Мұның бәрін көргенде Бадырақтың көңілі тау суындай бұрқанып, жүрегі тайдай тулады.
Көңілдегі мұздың жібуі
Өткен күннің бұлдыр азабынан жүректің түкпіріне бұғып қатқан шер-мұң босап, бусанып шықты. Тас балқып, мұз жібіткендей әсер етті. Өмірдің бейнеті мен теперішінде темірленген дене де жұмсарып, кедейлікте қураған жүйке босады.
Тасқындаған жүректің әлегімен екі ескі көз жаутаң қағып, кірпіктен қуаныштың жылымығы болып жас төгілді.
Біріншісі
Бұл жас — өмірде денеде қалған жан жарасының, ертедегі езгінің шайындысы еді.
Екіншісі
Бұл жас — жаңа дәуірдің дәулетіне тасыған жүректің тамшысы, көпірген көңілдің көбігі еді.