Қазақ халқы - рухани зор байлықтың мұрагері
Автор
Заиргельдинова Аружан, 7-сынып
№3 ЖББОМ, Жезқазған қаласы
Жетекші
Оспанова Б.Ж.
Тәуелсіздік — ұлттық тірек
Білектің күшімен, найзаның ұшымен келген күндерді артқа тастап, Абылай хан арман еткен тәуелсіз, еркін елдікке қол жеткіздік. Бүгін бізде мемлекеттік тіліміз, дініміз, ұлттық нақыштарымыз бар. Ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі — тәуелсіздік. Сондықтан бұл ұғымды бойымызға сіңіре отырып, халқымыздың салт-дәстүрін, тілін, дінін қасиет тұтуымыз керек.
Ой салатын сұрақ
Ата-бабаларымыз аманат етіп қалдырған осы құнды дүниелерді кейінгі ұрпақ — қазіргі жастар — көздің қарашығындай сақтай алып жүр ме?
Азаматтық парыз
«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деген ой саналы жас ұрпаққа жауапкершілік жүктейді.
- Тәуелсіздікті тірек ете отырып, тіл мен дәстүрді сақтау.
- Мәдени мұраны қорғап, оны келер ұрпаққа жеткізу.
- Елдің болашағы үшін адал еңбек ету, ұлттық мүддені жоғары қою.
Ұлтты қалыптастыратын орта — ұлттық мектеп
Кез келген ұлтты қалыптастыратын орта — оның ұлттық мектебі. Ұлтымыздың болашағын ойлаған Алаш арыстары бұл мәселені үнемі ескерткен. Ұлттық тілді, ұлттық тарихты, салт-дәстүрді бойына сіңірмеген адам елге тірек бола алмайды, ұлттық мүддені қорғай алмайды.
Жаһандану кезіндегі қауіп
Өз келбетінен айырылып қалмау мәселесі — өзекті әрі өткір. Жаһандану ықпалы ұлт ретінде әлсіреуге дейін апаруы мүмкін. Сондықтан рухани мәңгүрттікке ұрындырмайтын алдын алу шараларын бүгіннен бастау қажет. Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты.
Тіл — ұлтты сақтайтын ең қуатты құндылық
Ғаламдану үрдісінде өз құндылықтарын сақтаған ұлт ретінде қалыптасу — басты мақсат. Ұлттың сақталуына себеп болатын ең қуатты күш — тіл. Тіл байлығы — әр халықтың ұлттық мақтанышы. Тіл — халықтың жан жүрегі, оның рухани-имандылық әрі тарихи-құқықтық игіліктерінің негізі. Ол атадан балаға мирас болып қалатын баға жетпес асыл мұра ғана емес, халықтың өзі.
Дүниетаным көзі
Халықтың дүниетанымы мен көзқарасын ана тілінен, әдебиетінен танимыз.
Рухани тірек
Тіл — рухани сабақтастықтың діңгегі, ұлттың мінезін, болмысын сақтайды.
Ұлттық жауапкершілік
Ана тілін меңгеру — өзіңнен басталатын, ұрпаққа жалғасатын міндет.
Ұлы мұраның жалғастығы
Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері. Оның түп төркіні сонау VI–VIII ғасырлардағы Орхон–Енисей көне түрік жазбаларынан бастау алады. Бүкіләлемдік өркениет тарихынан ерекше орын алған әл-Фараби мұрасынан бастап, түркі дүниесіне өшпес қазына қалдырған ойшылдардың еңбектері — бүгінгі тәрбие мен білімнің темірқазығы.
Рухани қазыналар
Әл-Фараби
Ғылым мен ойдың әмбебап биігі.
Баласағұни, Қашқари
Тіл мен тәрбиеге қатысты іргелі мұра.
Яссауи хикметтері
Рухани тәрбиенің өзегі.
Дулати, Хорезми
Тарих пен ойлау мәдениетінің ізі.
Жыраулар мектебі
Асан Қайғы, Ақтамберді, Шалкиіз, Махамбет, Майлықожа.
Абай және Алаш зиялылары
Шоқан, Ыбырай, Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып.
Осы асыл мұрадан нәр алып, халық намысын ту еткен әрбір қазақ баласы өз ана тілінде білім алуға ұмтылуы керек. Ұлттық дәстүр мен тіл ұштасқанда ғана ұрпақтың бойында жауапкершілік пен отансүйгіштік берік қалыптасады.
Сөз мәдениеті — халықтың айнасы
Халқымыз ерте заманнан тіл шеберлігіне, сөйлеу мәдениетіне айрықша мән берген. Сөз қадірін білуге баланы тілі шыққан кезден-ақ тәрбиелеген. Бұған сан ғасыр бойы жасап келе жатқан ауыз әдебиетіміз — айқын дәлел.
Халық танымы
Сөздің айтулы шеберлерін «от тілді, орақ ауызды», «сөзі мірдің оғындай» деп дәріптеген. Ел ішіндегі қарапайым адамдардың да жатық, тартымды сөйлеуі сый-құрметке ие болған. Өзге ұлт тілін білмегенді ешкім сөкпейді, ал ана тілін білмеу — үлкен ұят.
Қорытынды ой
Ойы шолақ, тілі өшкен халықтың өзгенің жетегінде кетуі оңай. Сондықтан ана тілін меңгеруді өзімізден бастап, келешек ұрпаққа табыстау — ортақ міндет. Ана тілін бойына дарытқан, санасы сергек, намысы бар, қажырлы ұрпақ тәрбиелей алсақ, еліміз көркейіп, ұлттық мүддеміз сақталады.
Санаты: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы