Қазақстанда қай тіл мемлекеттік тіл
Сынып сағатының барысы
1-жүргізуші
Республика күні — көпұлтты Қазақстан халқының мемлекеттік мерекесі. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының келешегіне айқын жол ашқан 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы Декларация — тарихымыздағы аса маңызды құжат. Бұл — мемлекет ретінде өз алдына отау тіккен республикамыздың мәртебесін асқақтатып, бүкіл әлемге «Қазақстан» деген елдің барын танытқан тұңғыш тарихи белес.
2-жүргізуші
Егемен ел болып, Тәуелсіздіктің көк байрағын көтерген сәт — Қазақстанның әр азаматы үшін қуанышқа толы, тарихи маңызы зор оқиға. Ғасырлар бойы бостандықты аңсаған қазақ халқы үшін бұл — айтып жеткізгісіз бақыт, асыл арманның жүзеге асуы.
1-жүргізуші
Қазақстан — егеменді, тәуелсіз мемлекет. Сондықтан оның өз Әнұраны, Туы, Елтаңбасы бар.
«Әнұраным — жан ұраным» (өлең)
Әнұраным — жан ұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім — сағынарым,
Жүрсем егер дүние кезіп.
Бақыт, бірлік — күн талабы,
Тоқтамайды дабыр әні.
Мәңгі бақи шырқалады,
Республикам әнұраны!
Әнұран орындалады.
2-жүргізуші
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған.
Бұл далада жылап келіп уанған,
Бұл даланы көріп алғаш қуанған.
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
1-жүргізуші
Қазақ аты — береке, бірлік дер ем,
Қазақ осы — бірлікті тірлік деген.
Сахараға бүгінде шықты Қазақ,
Тәуелсіз бір тағалы жүйрікпенен.
Оқушылар шығармашылығы
Оқушылар өздері жазған өлеңдерін оқиды.
Топтық тапсырмалар мен ойындар
«Күн шұғыласы» ойыны
Үш топқа тапсырма беріледі:
- 1-топ: Қазақстанның қалалары
- 2-топ: Қазақстанның байлығы
- 3-топ: Қазақстан
«Бәйге» сұрақ-жауап
Әр топқа кезектесіп сұрақтар қойылады. Төмендегі сұрақтар арқылы білім бекітіледі.
«Тапқырлар» сайысы
Отан, ел, жер туралы мақал-мәтелдер жарысы ұйымдастырылады.
«Бәйге» ойынының сұрақтары
- 1. Қазақстан Республикасының рәміздері және олардың авторлары туралы не білесіңдер?
- 2. Н.Ә. Назарбаев қашан республикамыздың президенті болып сайланды?
- 3. Алғашқы қазақ ғарышкері кім және ол ғарышқа қашан самғады?
- 4. Төл теңгеміз қашан айналымға енді?
- 5. Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы қашан қабылданды?
- 6. Қазақстан қай жылы тәуелсіздік алды?
- 7. Қазақстанның бұрынғы және қазіргі астаналарын атаңдар.
- 8. 1992 жылғы 4 маусымда қандай оқиға болды?
- 9. Талғат Мұсабаев кім? Ол туралы не білесіңдер?
- 10. Тәуелсіздік монументі қашан ашылды?
- 11. Қазақстан қандай мемлекет?
- 12. Қазақстанда қай тіл мемлекеттік тіл?
- 13. Қазақстан қандай ұйымдарға мүше болды және қай жылдары?
- 14. Қазақстанда неше облыс бар?
- 15. Қазақстанның ұлттық мерекелерін атаңдар.
Өнер және көрме
«Өнерлі өрге жүзер»
Әр топ өз өнерін көрсетеді: ән, көрініс, мәнерлеп оқу немесе шығармашылық нөмір.
Суреттерді таныстыру
Оқушылар өздері салған суреттерін таныстырып, мазмұнын қорғайды.
Қорытынды
1-жүргізуші
Атыңнан айналайын, егемен ел,
Тәуелсіз күнің туды, кенеле бер.
Мерейің құтты болсын, Тәуелсіздік,
Ғасырдың тойы болып, жалғаса бер!
2-жүргізуші
Жаңа ғана қазағымның таңы атты,
Ел деп соққан жүрекке бұл — сауапты.
Әр отбасы, әр қазақ, әрбір адам
Тәуелсіздікті сақтау үшін жауапты!
Құттықтау
Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Сіздерді 25 қазан — Республика күнімен құттықтаймыз. Баршаңызға зор денсаулық, ашық аспан, жүздеріңізге күлкі тілейміз. Қуаныштарыңыз мол болсын!