Сұлтанмахмұт Торайғыров және балалар әдебиетіндегі жаңа бағыт.

Скачать

XX ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси және тарихи-әлеуметтік оқиғаларға, қазақ, жеріндегі өзгерістерге өзінің азаматтық, ақындық үнін қосқан талантты қазақ ақындарының бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ақын өмір сүрген тарихи кезең патшалық Ресей жеріндегі алапат сілкіністер мен төңкерістер заманы еді. Сол себепті де Сұлтанмахмұттың ойсанасы ерте оянды. Жасынан жетімдік пен жоқшылықтың қиындығын көп көрген ол айналасына сергек қарады. Алдына биік-биік мақсаттар қойды. Соған жетуді ойлады. Ілгері ұмтылды. Оқуға, білуге құштар болды. Мақсатын, жүрек қалауын қашанда ашық айтты:

Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға,

Разымын, не көрсем де осы жолда.

Шаршармын, адасармын, шалдығармын,

Бірақ бір табамын деп көңілім сонда,

деп өзі айтқандай, ақынның барлық саналы өмірі шындыққа, әділетті заманына жетсем, жақсылықты көрсем, халқыма осы жолда қызмет етсем деген ізгі арманның жетегінде өтті. Сол жолда өзінің қиналатынын, шаршайтынын, адасатынын сезсе де, қайраткер ақын оның бәріне көнуге өзіне-өзі серт береді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында осындай жігермен алға ұмтылған ол туған халқының тарихындағы от жүректі ақын әрі қоғам қайраткері, ұлтын шексіз сүйген азамат дәрежесіне көтерілді.

Өмір жолы. Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 29 қазанда қазіргі Ақмола облысының Қызылту ауданында туады. Екі жасында анасы өліп, әжесінің тәрбиесінде болған оның балалық, жастық шағы Баянауыл өңірінде өтеді. Кедейлігінен "Шоқпыт" атанған әкесі Әбубәкір ақ көңіл, жомарт әрі айтқанынан қайтпайтын қайсар да қайратты адам болады.

Сұлтанмахмұт алты жасында әкесінен оқып, хат таниды. Бұдан кейін де Шоқпыт бірде өзі оқытып, енді бірде ауыл молдаларына беріп, баласының оқуын үзбейді. Болашақ ақын 1902-1903 жылдары – Әлі, 1904-1905 жылдары – Тортай, 1906-1907 жылдары Мұқан деген молдалардан дәріс алады. Сұлтанмахмұт үшін әсіресе Мұқан молданың тәрбиесі ерекше болады. Мұқан молда көп оқыған, әдебиеттен хабары бар, өзі де аздап өлең жазатын адам болады. Оқушыларын үнемі қазақ ауыз әдебетінің, шығыс әдебиетінің үлгілерімен таныстыра отырып, шәкірттерін өлең жазуға баулады.

Сұлтанмахмұттың он үш жасында жазылған "Секілді өмір қысқа, жарты тұтам" – деп аталатын алғашқы өлеңі, міне, осы Мұқан молданың ықпалымен туған еді.

Секілді өмір қысқа, жарты тұтам,

Надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам.

Аз өмірді ақындық жолға бердім,

Лепес қып түкірген соң молда Мұқан, –

деп жазады бұл өлеңінде болашақ ақын.

1908-1910 жылдары Сұлтанмахмұт Баянауылдағы медреседе оқиды. 1911 жылы Троицк қаласынан көрші ауылға келіп, молдалық құрған Нұрғалидан дәріс алады. Нұрғалидың көмегімен бұл кезде ол қазақ, татар тілінде шыққан кітаптарды, газет-журналдарды көп оқиды. Өлең, әңгіме жазуға ден қояды. Білімі толысып, өнерге құштарланған Сұлтанмахмұт қаламынан бұл кезеңде "Дін", "Сарыбас", "Соқыр сопы", "Кезек қашан келеді", "Оқу" атты бірқатар өлеңдер мен "Зарландым" деген әңгіме туады. Оларда талапкер ақын ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасы, өнер мен білімнің пайдасы, байлық пен кедейлік, т.б. туралы толғанады.

1912 жылдың күзінде Сұлтанмахмұт оқу іздеп Троицк қаласына барып, осындағы медресеге түседі. Қуанышында шек болмайды. Көңілін шабыт кернеп, "Оқудағы мақсат не?", "Анау-мынау", "Қандай?", "Зарлау" тәрізді бірқатар өлеңдерін жазады.

Әйтсе де бұл медреседе көп оқи алмайды. Қыс өте науқастанып, амалсыздан Троицк маңындағы қазақ ауылдарына барып, бала оқытады. Өзі де көп оқиды, өлеңдер жазады. Осында жүріп "Ауырмай есімнен жаңылғаным" – деген белгілі әңгімесін жазады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге оралып, осында шығатын "Айқап" журналына қызметке орналасады. Бұл Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолындағы аса табысты кезең болды. Шабыты толысқан ол әр түрлі жанрда көптеген шығармаларын жазады. Атап айтқанда, "Қамар сұлу" романы, "Өлең және айтушылары", "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу, оқыту жайы қалай?" деген тәрізді мақалалары, бірсыпыра өлеңдері осы "Айқап" редакциясында қызмет істеп жүрген уакытында дүниеге келеді. Осында жүріп "Тентектің жинаған шоқпары", "Тамшы" атты жинақтарын әзірлейді. Өкінішке орай, бұл кітаптары жоғалып кетеді.

1914 жылдың жазында ауылда біраз болып, қаржы жинап, үлкен қалалардағы оқуға бармақ ниетпен Сұлтанмахмұт Баянауылға келеді. Ел ішінде бала оқытады, жастар арасында оқуға, мәдениетке шақыратын насихаттық жұмыстар жүргізеді. "Шоң" деп аталатын мәдени-ағарту ұйымын құрады.

Күзде орысша оқу мақсатымен Семейге барады. Бірақ оқуға іліне алмайды, қаржысы таусылады. Көп қиындық көреді. Ақырында Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай деген жерге барып, екі жылдай осы аймақта бала оқытады. Арасында өзі де орысша оқиды. Бірқатар өлеңдерін, "Кім жазықты?" – деп аталатын өлеңмен жазылған романын жазады.

1916 жылдың күзінде Томскіге барып, курсқа ілігеді. Әдебиет, тарих, философия кітаптарын көп оқиды. Қиындықтарға кездеседі, жоқшылық көреді.

Ресей патшасы тақтан құлаған 1917 жылдың көктемінде Сұлтанмахмұт Семей қаласына келеді. Қазақтың оқыған азаматтарымен танысады, араласады, қызметке кіреді. Алаш қозғалысына белсене ат салысады.

1918 жылдың жазында кеңес өкіметі құлаған аласапыран тұсында емделу мақсатымен Сұлтанмахмұт Баянауылға келіп, шығармашылық жұмысын жалғастырады. "Социализм" атты мақала, "Неге жасаймын?", "Осы да әділдік пе?", "Адасқан өмір", "Кедей" поэмаларын жазады. Бұл шығармаларында ақын айналасына көзқарасын білдіреді, өмірге үмітпен қарайды. Өзінің демократтық ой-пікірлерін, түсінігін алға тартады.

1919 жылдың соңында Сұлтанмахмұт Павлодарға келіп, біраз уақыт кеңес өкіметіне қызмет етеді. Бірақ көп ұзамай бойындағы науқасы меңдеп, төсек тартып жатып қалады. 1920 жылы 20 мамырда 27 жастағы Сұлтанмахмұт дүние салады.

ІПығармашылық мұрасы. Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қысқа ғұмырында халқына мол әдеби мұра қалдырып кетті. Ол әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек еткен талантты қаламгер еді. Оның қаламынан жүзден астам өлең, бес-алты поэма, екі роман, он шақты мақала туды.

Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.

Сұлтанмахмұттың лирикалық өлеңдерінің сипаты әр алуан. Оларда өмір тауқыметінен шаршаған ақынның қайғы-мұңы да, өкініш-наласы да, халықтың басындағы ауыр халге жүрегі сыздаған аяныш пен жанашырлық сезім де, болашаққа сенген, сол үшін күрескен азаматтық перзенттік патриотизмі де бар. Бірақ ақын өлеңдеріндегі мұң-зар жігерсіз, жасық қайғы емес. Ақын алдағы өміріне зор үмітпен қарайды.

Сұлтанмахмұт өз заманының өзекті мәселелеріне арнап бірнеше поэма жазды. Атап айтқанда, "Кедей" поэмасы ғасыр басындағы қазақ кедейлерінің хал-жағдайын, сезім-күйін, ауыр тұрмысын бейнелесе, "Адасқан өмір" поэмасында ақын айналасында болып жатқан оқиғаларға, өмір құбылыстарына өз сезімі арқылы шолу жасайды. Қала ақыны мен дала ақынының айтысы түрінде жазылған "Айтыс" поэмасында қазақ даласындағы өзгерістер, әлеуметтік өмір көріністері суреттелсе, "Таныстыру" поэмасында төңкерістер заманындағы қазақ елін өрге жетелеген қайраткер азаматтар бейнесін сомдауға талпыныс жасалады.

Сұлтанмахмұттың "Қамар сұлу" (1914), "Кім жазықты?" (1915) романдары қазақ әдебиетінің даму тарихынан елеулі орын алады. Көркем прозаның туу, қалыптасу кезеңінің бастауында дүниеге келген бұл романдарда өз заманының ащы шындығы бейнеленеді. Сол дәуірдегі әйелдердің бас бостандығы, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік мәселелері мен жаңа психология арасындағы тартысты, қоғамдағы адамдардың түсінік-танымындары кереғар құбылыстарды бейнелеу арқылы Сұлтанмахмұт туған халқының болашағы туралы толғанады.

Сонымен қатар, Сұлтанмахмұт "Зарландым", "Ауырмай есімнен жаңылғаным" атты шағын көлемді прозалық шығармалар, "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу жайы қалай?", "Өлеңмен жазылмақ драманың материалдары", "Өлең мен айтушылары", "Социализм" тәрізді бірқатар мақалалар жазды.


Скачать


zharar.kz