С. Сейфуллин әңгімелерінің балалар әдебиетіндегі рөлі

Скачать

Сәкеннің туып, өскен жері - өзі сан рет ең тәтті жырларымен әлпештеп суреттеген сұлу Сарыарқаның сүбелі шүйгін бір арнасы Нұра, Есіл өзендерінің арнасы.Қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының бірінші ауылында туып өскен.Сәкен әуелі ауылда Ағаш аяқ дейтін молдадан оқып хат танып, 1905 жылы Нілді мыс қорыту заводындағы орыс – қазақ мектебіне оқуға түсіп, онда жұмысшы қызметкерлердің балаларымен бірге оқиды.

         Ол кезде Ақмола облысының мыс өндіріп, қорытатын осы Нілді, Спасский, Қарсақбай заводтары мен Қарағанды көмір кенінде істейтін жұмысшылар ең алғаш саяси күрес майданына шыққан, еңбек пен капитал арасының қайшылығы қазақ даласына да қанатын жайған кез еді.Нілдіде оқып жүрген кезінде алған әсері туралы кейін Сәкен: « 1905 жылғы жұмысшылардың көтерілісін көрдім. Орыс шешендерінің сөздерін естідім.Көтеріліс жасаушылардың қозғалысы менің ой – дүниемде шу деп із қалдырды » деп жазды.Елде өз үйінің жоқшылық, кедейлік тіршілігі, қалада араласып жүрген жұмысшылардың тұрмысы Сәкеннің бірте – бірте езілген еңбекші халықпен біте қайнасып кетуіне себепші болды.

         Сәкен Нілдідегі мектептен үш жыл оқығаннан кейін Ақмола қаласына келіп, Приходская школада екі жыл, үш кластық қалалық училищеде үш жыл оқыды.Сәкеннің Нілді мен Ақмолада оқыған кездерінде жалпы білімі қандайлық молайып өсетін болса, қоғамдық ой санасы да, әдебиетке бейім қабілеті де тез оянып, қалыптаса бастайды.Нілді мен Ақмолада және өзінің туып өскен ауылында Сәкен оқып – үйренуден, поэзияға ынтыға берілуден, қоғамдық өмірдің алуан сырларын, әсіресе әлеуметтік теңсіздікке, таптық күреске байланысты өмір сырларын білуден жалықпайды да, тоқталмайды да.

         Сәкеннің өмірді танып – білуінің, ақындыққа алғаш бой ұруының негізгі факторлары - өзі өскен ортаның ақыны мен әншілері, яғни халықтың теңіздей мол поэзиясы.

         Қазақ ортасындағы неше түрлі айтқыш ақындарды, сері әншілерді Сәкен Қарқаралы, Баянауыл, Атбасар төңірегіндегі елдерден де көп кездестіреді.Сәкен ақындығының негізгі бір қайнар бұлағы міне осылар.

         Екінші, Сәкен орыс мектебіне түскеннен бастап, орыстың ақын, жазушыларын, орыс тілі арқылы басқа елдердің классиктерінің шығармаларын оқи бастайды.Сәкеннің орыс поэзиясына айрықша ынта қойып оқуына оның мұғалімдері мен оқытушылары айрықша әсер еткен көрінеді.Сәкен шәкірт кезінде Пушкин, Лермонтов, Надсон, Блок шығармаларын қызыға оқыған.

         Ауылда өтетін ойын – сауықтарда Сәкенің өзі де домбыра тартып, ел жастарының салты бойынша ән салып, өлеңмен жеңіл айтыстарға да араласып жүрген.

         Сәкен Ақмолада оқыған уақытында тереңдей білім алу жолына беріле жүріп, екінші жағынан Ақмолаға оқу іздеп келген қазақ балаларына орысша сабақ береді.Ақмолада оқып жүрген кезінде Сәкен қаншалықты өлең жазғаны бізге мәлім емес. Ал 1914 жылы басылған жинағына кірген өлеңдерінің бірқатары өзінің туған ауылы мен Ақмолада жазылуы сөзсіз.       ( 1. 178-181 бб )

         Сәкеннің аңызға айналған аты тек әдебиет пен мәдениеттегі ерен еңбегіне ғана емес, оның қоғам алдындағы борышын адал дааумақты атқарған қайраткерлігіне де байланысты болғанын еш уақытта естен шығара алмаймыз.Сәкеннің азаматтық келбетінде өзі құралыптас ақын жазушылар мен қайраткерлерде кездеспеген, маңдайына жазылмаған, бастарынан өткермеген екі қасиеті бар. Бірі –В.И.Ленин гвардиясының қатарында шыңдалғандар ішінде өмір мен өлім көргенінен өткен революционерлігі, екіншісі – ақыл - парасаты мол мемлекет қайраткері болғандығы. ( 2. 10-11 бб )

                  Сәкен 1913 жылы Омбы қаласындағы оқытушылар семинариясына түсіп, оны 1916 жылы бітіріп шығады.Омбыға келу Сәкеннің бұрынңғыдан да терең білім алуына кең жол ашумен бірге, саяси – қоғамдық және ақындық – эстетикалық көзқарасын қалыптастыруға қолайлы жағдай тудырады. 1913 жылы Омбыда оқитын қазақ жастарының « Бірлік » атты мәдени – ағарту ұйымы құрылып, оның басқару жұмысына Шәймерден Әлжанов, Сәкен Сейфуллин т.б. белсене қатысады. « Біздің программамыз және көздеген мақсатымыз қазақ арасына мәдени ағарту жұмысын жүргізіп, қазақ әдебиеті арқылы патша үкіметінің қысымшылығына қарсы идея тарату еді » дейді Сәкен. Осы мақсатты іске асыру ниетімен 1914 жылы Сәкеннің « Өткен күндер » атты өлеңдер жинағын бастырып шығарады. Мұнда жазушы жастық, шәкірттік өмірдің жай – күйлерін айтумен бірге, патша үкіметінің отаршылық қысымына, қазақ байларының кертартпалық, топастық қылықтарына қарсы шығады. Ел жастарын өнер – білімге шақырады. Омбыда оқып жүргенде Сәкен бірталай орыс интеллигенттерімен, соның ішінде революционер - жазушы Феоктист Березовскиймен жақын дос болады.

         Сәкен 1916 жылы Омбыдағы семинарияны бітіріп, Ақмола уезіндегі Сілеті – Бұғылы ауылдық мектебіне оқытушы болып тағайындалады. Осы жылдың жазында мал санағын алатын комиссияның жұмысына қатынасып, Ақмола уезіндегі елдің бірталай жерін аралайды. 

         Сәкеннің орыс классиктерін, сондай-ақ Абай шығармаларын тереңдей оқып, ақындық өнерін анағұрлымжетілте, дамыта түскен мезгілдері 1915-1917 жылдар арасы екендігі байқалады.

         1917 жылы Февраль революциясында патша тақтан түскеннен кейін Сәкен Ақмола қаласына келіп, саяси-қоғам жұмысына белсене араласады. Қалада мұғалімдер даярлайтын  педагогикалық мектеп ашып, бір жағынан сонда сабақ береді. Сәкеннің саяси-қоғамдық қызметінің ең маңызды дәуірі басталады.Сәкеннің саяси-қоғамдық қызметінің  ең маңызды дәуірі басталады. Сәкен Ақмола қаласындағы солшыл революцияшыл бағыттағы орыс, қазақ, татар оқығандарымен бірлесе отырып, уақытша үкімет тұсында бұрынғы патшалық үкіметтің заң тәртібінің қалдығын жою, еңбекші халыққа шын мәніндегі бостандық берілу мақсатында белсенді жұмыс жүргізеді. Саяси мәселелерді халық мақсаты тұрғысынан ешкімге жалтақтамай, ашық, тура қоя білу арқасында бірден беделі артып, үлкен сенімге ие болады.1917 жылы май айында Қазақ комитеті құрылғанда Сәкен әуелі орынбасар, біраздан кейін оның бастығы болып сайланады.

         Міне осы кезде Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков, Бәкен Серікбаев бастаған революцияшыл топ қазақ комитетімен қатар « Жас қазақ » ұйымын құрады. « Жас қазақ » өзінің саяси программасында Россиядағы ең революцияшыл партиямен бірге майданға шығатындығын, Россияның құрама республика қолдайтындығын жариялайды. « Жас қазақ » ұйымы         « Тіршілік » атты газет шығара бастайды. « Жас қазақ » пен « Тіршіліктің » басқару жұмысының ауыр салмағы Сәкенге жүктеледі. Бұл ұйым да, газет те саяси бостандық, ұлт мәселелерінде алашордашылардың, тағы да сондай буржуазияшыл партиялардың саясатына ашықтан – ашық қарсы күреседі.

         « Жас қазақ »  пен « Тіршілік » революцияшыл жастардың қолында болып қыр мен даладағы еңбекші халық арасында революциялық үгіт насихатты күшейте түседі. Әсіресе Сәкен « Тіршілік » газетінің бетінде көптеген мақала, фельетон, очерктер жазады. « Асығып тез аттандық »,          « Кел, жігіттер », « Тергеген болсаң, айтайын », « Ақша қар », « Далада »,      « Күзетші иттер», « Қырда » сияқты революцияшыл маңызы күшті өлеңдерін де осы « Тіршілік » газеті арқылы қалың еңбекші халық арасына таратады.Сәкеннің революциялық мазмұнға толы бұл поэзиялық шығармалары және осы 1917 жылы жазылған « Бақыт жолында » атты пьесасы – қазақ совет әдебиетінің ең алғашқы қарлығашы, « Тіршілік » газетінде, сондай-ақ жиырмасыншы жылдардың бас кезіндегі газет-журналдарда Сәкеннің бірқатар мақалалары мен шығармалары « Манап-Шәмил  » деген бүркеншік атпен басылады. Бірлі жарым өлеңі   « Кер торы ат » деген атпен де жарияланған.

         1917 жылдың күзінде Сәкен Ақмола қаласында Совет үкіметін орнату жұмысына белсене қатынасады. Ақмолада ұйымдасқан тұңғыш совдепте Сәкен президиум мүшесі және Ақмола уезіндегі ағарту жұмысының комиссары болып сайланады.

         Сәкен қазақ халқынан шыққан алғашқы коммунистердің бірі. Ол 1918 жылдың басында, яғни Октябрь революциясының ұлы идеясы жер жүзіне жарығын түсірер таң шапағында бар иман – тілегімен еңбекші таптың жақтаушысы, қорғаны болуға бекінеді.

         Сәкеннің саяси және творчестволық өміріндегі үлкен бір оқиға – коммунистік партиясының қатарына кіруі. 1922 өзі қолымен толтырылған анкетада ( партия тарихы институтында сақтаулы ), партия қатарына 1917 ж.декабрьде түстім деп жазады. Ал 1936 жылы тағы да өзі жазған өмірбаяндық ақпарда 1918 жылдан партия мүшесі делінген. Жұлдыздың екі есебі бойынша декабрьде, жаңа есеп бойынша 1918 жылдың январы болуы мүмкін. Сәкен 1918-19 жылдарда бірталай өлеңдер жазған. Бұл кезде жазған өлеңдерінің көпшілігі өзінің революциядағы күресіне, өмір жолына тығыз байланысты болып отырады.

         Сәкеннің « Қамаудан », « Адасқандарға », « Сағындым », « Тұлпарым », « Қамыққан көңілге » атты ыза мен кекке толы күшті революциялық өлеңдері тұтқында отырып жазылған. ( 1. 187-190 бб )

         1919 жылдың апрелінде Сәкен лагерьден қашып шығып, азаттықтың ауасын есі кете жұтқанын « Түрмеден қашып шыққанда » атты тамаша өлеңінде жырға қосты. Тылсым шаттыққа кезікті, бірақ одан өмір бірден жеңілдеген жоқ. Қар еріп, жер-дүние лайсаңға айналған осы бір шақта жаны қиналып, азап үстіне бейнет қосарланған тұста Сәкен өзінің жан сырын былай шертті:

                             Күлдіреп табандары, баяулаған;

                             Қамығып ер көңілі қаяулаған.

                             Ұрпағың жүйрік мінген, бабаларым,

                             Жоқ шығар мендей балаң жаяулаған.

         Сәкеннің публицистикалық шығармаларының дені халық ағарту мәселесіне арналған. 1921-1925 жылдарда жазған мақалаларының жалпы рухы, әсіресе аттарының өзі-ақ көп жайды аңғартады. « Әр қазақтың жадында оқу болсын », « Зор міндет», « Барлық күш оқуға », « Оқушы жастарға үлгі », « Екі мың », « Орынбарда », « Қазақ арасында сауатсыздықты жою », « Жас азамат, әскери мектепке даярлан! » деп аталған мақалалардың айтпағы анық. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында халық ағарту ісін жүйелі насихаттап, практикалық тұрғыдан шешіп отырған Сәкен Сейфуллин қазақтың жаңа мәдениетінің күннен-күнге қуатты қарқынмен өркендеп келе жатқанына қуанды. Сәкен кейінгі жылдарда жазған шығармаларында оқуға үндеуді халықтың сауаты ашылған кезде білім арттыру, ғылым тереңіне бойлау, асқар биікке қол сермеу, мәдениеттену мақсатымен сабақтастырып жіберді. Қайнаған өмірдің бар саласында өзінің мемлекеттік парасатын әрқашан танытқан Сәкеннің жаңа заман орнап, социалистік мәдениет қарышты қадаммен алға басаршақта үкімет басшысы болуының өзі зор сәттілік еді.

         Мемлекет басшысы ретінде Сәкен қазақ халқының келешегі туралы талай толғанды.Жаңаны орнатумен қатар, Сәкен ескі кәсіпорындарды жандандыру, қалпына келтіру ісіне де айрықша мән берді.Оған нақты дәлел – 1923 жылы Қазақстан партия ұйымының үшінші конференциясына келген Екібастұз жұмысшыларының делегациясымен кездесіп, әңгімелесуі. ( 2. 15-20 бб. )

         1919 жылы жазған өлеңдері тақырып жағынан да, идеялық мазмұны жағынан да күшті. Ақын бірде « Боранда », « Бабаларыма », « Жазғытұры »,  « Қамыққан көңілге » сияқты мұң мен күйікті айтып толғанса, бірде « Біздің жақта », « Шөлде » атты туған жерді, аққу құсты, сүйген жарды сағынған көңіл сырларын баяндайды. Сөйте тұра:

                                  Қажыма, ер көңілім, бәрі де өтер,

                                  Сан азап бір күнгідей болмай кетер.

                                  Қара түн басып тұрса алды-артыңды,

                                  Жарқырап ататын таң әлі-ақ жетер,-

деп өзіне және серіктес достарына қайрат жігер бере толғайды. Әсіресе Сәкеннің Сарыарқа мен Түркістан өлкесінің аралығындағы көшпелі руларды аралап жүріп « Жас қазақ марсельезасы », « Қашқынның ауылы » сияқты революциялық күреске шақырған, ескі құлдық дүниені талқандап, жаңа бостандық өмірдің, сәулелі келешегін елестеткен тамаша гимндік шығармасынжазуы ақын поэзиясының кең тынысты өрісін байқатады. Сәкен Әулиеата қаласына барған жерінде « Жас қазақ марсельезасын» сондағы жастарға жазып, әнмен айтып таратқызған. ( 1. 190-191 бб )

         Сәкен Сейфуллин 1916 жылы Омбы семинариясын бітіргеннен кейін Ақмола уезінің Бұғылы еліндегі жаңа мектепке мұғалім  болып тағайындалады.Осы сапарының басындағы тоқтаған жерлерінің бірі Ақмоланың «Ақсирақ көл» деген Атбасармен шектес ең шеткі елі болады. Сәкен бастаған топ болып, старшын, тілмаштарымен « Шұбыра » деген жерге келеді.  

                          ...Не сыр бар осы көздің аясында,

                             Ну қамыс судыраған саясында.

                             Естіледі аққу құстың үні мұңлы,

                             Не сыр бар ақ сұлудың ұясында...

                             Аққу құс іздей ме әлде ұяласын,

                             Сұңқылдап төгіп мендей көзден жасын.

                             Аққуға Әупілдек құс үн қосады.

                             Әупілдек күңірентіп көлдің басын... 

         Осы жерде болған естен кетпес бір оқиға Сәкеннің « Тар жол, тайғақ кешу » романында тамаша суреттелген. Шұбыраның көкорай жайқалған шалғынды белестері мен томарлары, тіл үйірер балдай сары қымызы, самал желі, сонау алыстан сағымданып әнмен елес берген   Әупілдек, Алакөлдері Сәкеннің суреттеуінде бейне бір суретшінің қылқаламынан жаңа ғана туып, бояуы кеуіп үлгермеген кекіндеме сипатты. ( 3. 5-бет )

         Сәкен Сейфуллиннің  творчествосы жайында әңгіме болғанда, ең алдымен оны қазақ совет поэзиясының  негізін қалаған ақын деген пікір баса айтылады да, әдебиеттің әр саласындағы, әсіресе проза мен драматургия, публицистика, сын мен ғылым саласындағы еңбектеріне онша жеткілікті назар аударылмайды. Сондықтан революционер жазушының өлмес мұрасын тұтас қамтып, әр саладағы табысы мен жетістігін, жаңашылдығы мен ізденімпаздығын, көркемдік шеберлік биігіне көтерілген бұралаң соқпақтары мен сүрлеулерін, өсу, өркендеу жолдарын шолып өту қажет.

         Өнер жолы - өшпес жол. Асыл өнердің ғұмыры адамның жеке басының өмірімен өлшенбейді.Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұялатса, ол мәңгі өмір сүреді.

         Осындай құдіретті күші бар үлкен өнер – Сәкен Сейфуллиннің туындылары. Өз авторының рухани өмірін ұрпақтан – ұрпаққа соза түсетін де, үлкен дарынның зор тұлғасын бұдан да гөрі тұлғаландыра түсетін де осы туындылар.

         « Қазақ совет әдебиетінің негізін салушы Сәкен Сейфуллин барлық жанрда да елеулі еңбек атқарып, бәрінің де алғашқы бұлжымас берік қадасын қағып берді », - деген С.Мұқановтың ойына қол қоямыз да, оның өзін осындай қадір – қасиетке, сый – құрметке бөлеткізген ұлы ақындығына бас иеміз.

         Сәкен – күшті романтик ақын. Романтикасыз поэзия да, ақын да болмайды. Ал романтик ақындардың жан сырлары қат-қабат терең. Сәкеннің тілімен айтсақ заңғар таудың шыңында кілттеулі сандықтың ішіндегі жасырын қойма сияқты. Сәкеннің бар дәуірдегі өмірін алсақ ел аузына ертегі болып таралғандай ғажайып сырлы да қызық. Оның революция жолындағы, әлеумет майданындағы қажырлы ерлік күрестері қандайлық қызықты болса, Сәкеннің нәзік жанды ақынға, бұл өмірде алшаң басып өткен әсем салтанатты, кербез мінезді тәкаппар серіге тән дара сырлары да қызықты. Бұл жайлар Сәкеннің  әрбір кітабынан да айқын сезіледі.

         Сәкен жастардың махаббат сезімін шебер жырлаған ақын. Көңіл күйі, махаббат, достық сырларын жырлауда Сәкен қазақ поэзиясында жаңа бір дәуір екендігі сөзсіз. 1915 жылы жазған « Жазғы түнде » атты лирикасынан бастап, 1926 жылғы « Совпарттағы қарындасыма » атты лирикасының жазылған мезгілдері арасында Сәкеннің басынан әр түрлі драмалар, әр түрлі романтикалық өмір сырлары өтеді. Бұл жерде « Арқа сұлуы », « Ғазел »,         « Тау ішінде », сияқты ақиқат нәзік жан күйін шырқатқан лириканы да, « Аққу құс », « Лашын әңгімесі », « Аққудың айрылуы » сияқты кіршіксіз адал махаббаттың романтикасын да, бірде мұңды, бірде көңілді « Мариямға »,       « Сараға », « Гүлбарамға » жазылған хаттарды еске түсірсек те жеткілікті.

         1925 жылы Сәкен жауапты қызметтерден босанып, бірыңғай жазу жұмысымен айналысады. 1925 – 1929 жылдар арасы Сәкеннің жазушылық өмірінде  үлкен бір белестерге өрлеу жылдары болуымен бірге, түрлі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениеттің де мықты іргесі қаланған өрлеу дәуірі болды.

         Жауапты қызметтен босап, бірыңғай творчествомен айналысқан Сәкен сол дәуірде өндіріп жазады. Ол бұрын-соң қазақ әдебиетінде тумаған идеялық-көркемдік қасиеті жоғары аса күрделі новаторлық шығармалар жазып таратады. Сәкен 1926 жылы « Экспресс » жинағын, 1927 жылы « Тар жол, тайғақ кешу » романы мен « Еңбек шарт – жалшылар қорғаны » поэмасын, 1928 жылы « Тұрмыс толқынында » жинағы мен     « Жер қазғандар » повесін, 1929 жылы « Көкшетау » поэмасын жариялайды. Бұл күрделі шығармалардың қай-қайсысы болсын ұзақ жылдар бойы өмірді, тарихты жан-жақты тексеріп ізденуден, қажырлы творчестволық еңбектен туғандығы белгілі.

         Қазақстанның мәдени және қоғамдық өмірінде болған ендігі ірі уақиға – « Тар жол, тайғақ кешудің » шығуы. Бұл кітапты жазу жұмысына да Сәкен жиырмасыншы жылдардың бас кезінде кіріскен. Қазақстанда Октябрь революциясының жеңісіне, азамат соғысының тарихына байланысты әдеби, архивтік деректерді де жинап зерттей отырып және сол дәуірдің саяси оқиғаларына тура қатынасқан адамдардың естеліктерін де жинап, теріп, Сәкен өзінің романын жазып аяқтайды. Бұл романның шығуы сол кездегі партия совет және әдебиет жұртшылығының көкейкесті бірнеше күрделі мәселелерін шешіп береді.

         Бірінші – Голощекин, Құрамысов және сондай басшы қызметкерлердің Қазақстанда Октябрь революциясы болған жоқ, кішкене октябрьді енді жасаймыз деп жүрген теориясымақтарына үлкен соққы болып тиді.

         Екінші – қазақта таптық күрес болмады, сондықтан қазақ халқы Октябрь революциясы кезінде саясат майданындағы күреске араласқан жоқ. Революцияға бейтарап болды деген буржуазияшыл ұлтшылдардың теориясын талқандады.

         Үшінші – қазақ халқы, оның арасынан шыққан революцияшыл интеллигенцияорыс большевиктерінің басшылық көмегімен Октябрь революциясы үшін күрес тарихын кеңінен суреттеп көрсетті.

         Төртінші – революция дәірінде халық мақсатына опасыздық жасап, Россиядағы контрреволюцияшыл күштермен ауыз жаласқан алашордашылардың сырларын жан-жақты  батыл әшкереледі. Алашорда тарихы туралы қазақ тіліндегі толық мәлімет осы кітапта берілген еді.

         Бесінші – Қазақстанда Октябрь революциясының жеңісін, сол жолда күрескен большевик ерлердің жағымды образын суреттеген тұңғыш прозалық шығарма еді. Демек « Тар жол, тайғақ кешу » қазақ әдебиетінде революциялық тақырыптағы прозаны, соның ішінде роман жанрын дамыту мәселесін шешуге тұңғыш жол салып еді.   

         Сәкеннің өрлеу дәуіріндегі шоқтығы биік ірішығармасының бірі – « Көкшетау » поэмасы. « Көкшетау » Сәкеннің көп жыл зерттеп, көп жыл бойы құмартып, қызыға жырлаған тақырыбының бірі. 1921 жылы « Көкшетауда » өзінің « Аққу құс » атты шағын лирикасын жазған. Онан кейінгі 1923, 1924, 1926, 1927 жылдары ұдайы Көкшетаудың елін, жерін аралап, дарқан шешен, сері ақын әншілерінің өмірлерін зерттеп, Арқадағы ең сұлу жер – Бурабайда мезгіл-мезгіл тынығып жатып, Көкшетау, Бурабайға байланысты аңыз-әңгімелерді жинап, « Көкшетау » туралы поэмасын жазуға кіріседі. Поэманың ең алғашқы « Оқ жетпес », « Ақ бура » сияқты тараулары 1925-1926 жылдары « Жаңа мектеп » журналында жарияланады.

         « Көкшетау » және  « Жан – Зол – лин », « Аққудың айрылуы » сияқты поэмалар қазақ әдебиетінде әр алуан ақындық шеберлікпен сюжетті поэма жазу мәселесін шешуге тың жол салды. Сонымен бірге « Көкшетау » қазақ совет әдебиетіндегі кесек туынды екендігін әдебиет жұртшылығыайрықша атап көрсетті. ( 1. 200-205 бб )

         « Бақыт жолында » пьесасының сюжеттік желісі 1916 жылғы оқиғаны қалың қауымға бар шынайы қалпында көрсетуді мақсат тұтқан. Әлеуметтік мәселені өзек етіп, әр кейіпкерін даралап көрсетуге ықшамды, драмалық тартысты өрістетуге мүмкіндік беретін оқиғаны көрсету арқылы Сәкен драмматургия жанрының ішкі талаптарын орындауға творчестволық күш-қуаты мол екендігін танытты. Сөйтіп қазақ драмматургиясының негізіне өзінің алғашқы кірпішін қалады.

         « Бақыт жолына » пьесасы арқылы Сәкен Октябрь революциясы қарсаңындағы қазақ жастарының азаттық, теңдік, бостандық жолындағы ой-тілегін сахна төріне шығарса, 1920 жылы жазған « Қызыл сұңқарлар » атты революцияшыл драмасымен қазақ совет драмматургиясының негізін одан әрі нығайта түсті.

         Сәкен көптеген әңгіме, очерктерімен қатар бес повесть   « Жер қазғандар » ( 1927 ), « Айша » ( 1922-1935 ), « Біздің тұрмыс » ( 1932 -1934 ), « Сол жылдарда » ( 1922 ), « Жемістер » ( 1935 ) жазды.

         Сәкенің прозаик ретінде таныта алатын және туу, өсіп-өркендеу дәуірін басынан атқарып келе жатқан қазақ совет прозасына оның қаншалықты үлес қосқандығы айқындап беретін, ешкімнен жеңілдік жасауды тілемейтін, өз тағдыры үшін өзі күресе алатын айбынды шығармалары бірқыдыру.

         «Тар жол,тайғақ кешу» , «Бандыны қуған Хамит», тіпті «Жемістер» атты повесть Совет өкіметін орнату жолындағы қанды күрестердің сұсты суреттерін көрсетіп,жаңды тұлға дәрежесіне көтерілген Хамит ,Нияз,Ғаниллардың көркем бейнесі қазақ совет әдебиеті образдар галереясында жарқырап тұр.

          Сәкеннің қара сөзге қаламының ыңғайлы  болғандығына «Омар», «Сырын білмей-сырына сенбе» , «Екі кездесу»тағы басқа әңгімелерінбылай қоғанда ,Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» толық қанды шығармасы –«Даладағы қуғын» фильмі Сәкеннің «Бандыны қуған Хамит» атты әңгімесі негізінде жасалғаны айрықша дәлел.Әңгіме сюжетіндегі қоюлық ,оқиға динамикасы ,өмір көріністерін шынайы қалпында өрісіті суретшілік сүйсінтеді.Кудря сияқты бандамен айдалада кездесіп ата жауымен арпалысу ,жігер,қайрат көрсету Хамиттай жаңа адамның  бейнесі үшін аз олжа емес еді. «Қызыл сұңқарлардағы» революционер бейнесін Сәкен енді күнделікті өмір көрінісімен ,яғни бандалармен күрескен милиция қызметкерлерінің драмаға толы тірлігімен оқушыға жеткізіп ,революция идеясына шын берілген қаһарман психологиясын ашып көрсетуінде үлкен көркемдік қуат барын аңғарамыз.

         Әрине , Сәкен қолынана шыққан дүниелердің әрқайсысына тоқтап жатуға мүмкіндік жоқ екенін ескере отырып ,тек кезеңдік мәні бар кесек шығармаларына көңіл бөлейік.Халықтық шығармаға айналған «Тар жол,тайғақ кешу» туралы жоғарыда әңгімелегендіктен «Жер қазғандар» мен «Айшаға» аялдау қажет.

         Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында дүниеге келген «Жер қазғандар» (1928) повесінің де өзіндік мәні зор.Рас,бұл шығарманың кейбір көркемдік кемшіліктері жоқ емес.Бірақ мынадай ьбір өзекті мәселеге тоқталмасқа болмайды.Жұртқа аян,Сәкен коммунистік партияның советтік өмірді құру майданындағы жауынгер солдаты ,сонымен қатар қазақ совет әдебиетінің ең табанды ,ең өнімді қаламгері болды.

         Совет елінде социолизм орнатуға болмайды деген троцкийлік теориясымақтан әр алғандар советтік мәдениет ,оның ішінде пролетарлық әдебиет тумайды,жасалмайды деген көзқарасты уағыздада.Ал біздің мәдениеті төмен ,пролетариаты аз қазақ елінде фабрика-завод жұмысшыларының өмірін суреттейтін шығарма керек емес,тіпті пролетариат бағытындағы әдебиетті жасауға болмайды деп даурыққандар аз болмады.Осы зиянды пікірді көркем сөз арқылы талқандауға кіріскендердің алдыңғы легінде Сәкен болып ,жұмысшылар өмірін әдебиеттің кестелі өрнегіне түсіру мақсатымен 1928 жылы «Жер қазғандарды»жазды.Сондықтан да автор  бұл повестің кейіпкерлерін ерте уақыттан – ақ өндірісте істеп ,шахтаға түсіріп ,лирикалық шегіністердің де қисынын тауып ,шеберлік көрсетті.Жұмысшылар өмірінен жазылған шығармаларды еңбекші бұқара жатсынбай қабылдай алатындығын ,ол жайында еткен еңбектің еш болмайтындығын дәлелдеді.Сөйтіп теріс пікірге соққы бердіде өзінің қаламдастарына қара шаруа,батырақ тіршілігімен қатар суреттелуге ,насихатталуға тиістіә жұмысшылар өмірі барлығын ,өнеркәсіп саласына ақындық назар аудару қажеттігін көрсетті.

         Троцкистердің зиянды теориясымен қатар, «Қазақта жұмысшы тобы болған жоқ» деген ұлтшылдардың көзқарасын әшкерелеу үшін жазылған «Жер қазғандар» повесіне Ақмола –Петропавл темір жолын салу кезіндегі құрылысшылардың өмірі арқау болды.

         Ал енді оның мынау өзара жымдасқан ,қиюы,тетігі бір ,циклді прозасынан бір жосын әңгімесі – «Бандыны қуған Хамит» .

         Сәкен детектив сынды дербес жанрдың тірі қозғалысын толық игергені айқын-ақ.Шынтуайтында «Бандыны қуған Хамит» 1927 жылғы проза түгілі,қазіргі проза үшін де нағыз олжа.Мұхтар Әуезовтың «Барымта», «Бүркітші» атты класикалық әңгімелеріндегі динамика ,дәуір мен адамның қабысқан деректі образындағыдай шеберлік мұнда бар.Хамиттің портретін Сәкен оның прототипінен айнытпай алғаны белгілі,бұл жігіт ақынның өзіне жиен болып келеді екен.Хамит ең әуелі әйгілі балуанның жерлесі болып шықты: «Ол Омбыда циркте өзінің жерлесі балуан Қажыұмқанның күресін көріп ,Мұқанмен жақындасқан еді».Жақсыдан-шарапат дейді,яғни әңгімедегі жас қазақ жігітінің идеалы күш атасы атанған Қажымұқан болғаны тағы тегін кетпейді.Онысы Хамитті алпысқа келгенде тым күшті жауының қанды шеңгелінен ,тікелей төнген ажал аранынан аман сақтап қалады.

         Хамитті жазушы « бет-аузы бүркіттің бетіндей » дейді. Сәкенде ащы сатира мен юмордың аражігі білінбей қалатын тұсы бар. Ол ояздың атқару комитетінің нұсқаушысы Сәрсенбаевтың банды Кудрядан қатты қорыққан мезетін жеткізу.

         Тегінде банды Кудряны да автор жек көрмейтін сияқты. Реализмнің құдірет-күшіне бағынып жазушы жағымсыз кейіпкерін әділетті бейнелейді. Кудря – қазаққа өте ұқсас орыс, бәлкім, Сәкеннің айтпағы да оның түбі қазақ екенін мегзеу болар. Кудря банды мен Хамиттің текетірес жекпе-жегін жазушы мейлінше кеңінен толғап, эпостық шабытпен тереңдеп, жеріне жеткізе асқан шеберлікпен суреттейді. Бір-біріне жолбарыстай атылып, көкжалдай таласып, қос мықтының бірін-бірі ала алмай, нағыз жыртқыштарша арпалысуын Сәкен ұзағынан толғайды. Ақыры Хамит банды Кудряны қашырды. Әңгіменің аяқталуы да тосын : тағы да қазақтың дүние жүзіне атағы шыққан балуанының культі мәртебеге ие болады. Сәкен әлемдегі кілең мықты балуандарды бас-басына атай келе : « Бәрін де Қажымұқан жығып жүрді-ау, - деді ішінен Хамит » .

         Сөйтіп, әңгімеде жүрек жұтқан батырлық, ерлік һәм күш атасы Қажымұқанның образын асқақтату идеялары айқын. 1927 жылғы оқиғаны жазушы зор метафораға ұластырады. Бұл кез азамат соғысының қанды кезеңі.

                             Еркектің көбі қайтқан жоқ,

                             Жолдан кешу, жорықтан,- деп Сәкеннің өзі жырлаған бұлғақ заман болатын.

         Оның  « Омар » атты төрт параққа сиған әңгімесінде де реалистік прозаның ашық үлгісі жатыр. Кейіпкері Омар XX ғасыр басындағы қазақ қоғамының өзгере бастауының нышанын айғақтайды. Қазаққа жат, жаңа типтердің, заманын тазы болып шалуға даяр пысықай қулардың пайда болуының көрінісі. Көшпенділерге тән емес отырықшылық тіршілікке бейімделген, жаңа дүниеге әккіленген, епті Омар, ептілігі сол, өз қазағын, ағайыныналдап күн көруді, интриганы үйренуі.Мұхтар әуезовтың «Оқыған адамзат» әңгімесіндегі жағымсыз кейіпкердің бір түрі бұл Омар.

         Сәкеннің әңгімесінде де титтей әсірелеу ,жалғандық жоқ,сан нюанс,сан қатпар астар бар.Оқырман өз көзімен көріп отырғандай әсерге бөлінеді. ( 4. 18-22 бб. )

         Сәкентанушы ірі ғалымдардың бірі, академик Серік Қирабаевтың « Сәкен Сейфуллин » атты ( Алматы, « Жазушы », 1974 ) кітабының « Реалистік проза жолында » деген бөлімінде: « Сәкен тек жаңашыл ақын ғана емес, үлкен прозаик есебінде жас қазақ совет әдебиетінің қалыптасуына үлес қосты », - деп жазды . « Ақынның революциялық көзқарасын танытқан « Жұбату » - 1917 жылы жазылған. Горькийдің романтикалық әңгімелерінің әсері күшті осы әңгімеде дейді Сәкеннің өзі » .( 5. 18-19 бб. )

         Оқу-ағарту мәселесі – Сәкен азаматтығының күре тамыры. « Енді жиырма  жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына кіруі керек. Қазаққа оқу бұрын бір мәртебе керек болса, енді мың мәрте керек. Оқусыз қазақтың болашақтағы күні қараң. » деген құнарлы ойды Сәкен Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы болып сайланған күннің ертеңінде, яғни 1922 жылы 21 қарашадағы « Зор міндет » деген мақаласында жазды.               ( 6. 9-бет ).

         XX ғасырдағы  қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Сәкен Сейфуллин аз ғана ғұмырында өлмейтін мол мұра қалдырды.

         Қазақ әдебиетінің барлық жанрында тамаша туындылар берген жаңашыл жазушы қаламынан туған шығармалар халық өмірінің ең бір көкейтесті тақырыптарын қопара көрсетіп, жанды бейне, көркем образдар арқылы, терең идеялар айтып, эстетикалық игіліктер жасады.

         Ұлттық әдебиетке төңкерістік мазмұн, жаңа форма, асқақ идея әкелген жазушы туындылары халқымыздың рухани қазынасын қорландыра түсті. ( 7. 80 –бет )

         Қорыта айтқанда Сәкен өзінің балаларға арналған барлық шығармасымен жас өспірімдерге, ұландарға отанға деген сүйіспеншілікті және оны көздің қарашығындай қорғай білуді, халқына адал қызмет етуді үйретуге тырысты. Сонымен қатар өнер – білімге үйреніп, еңбек ету – адам баласы болашағының бақыты екенін түсіндіруге күш салды. Сәкен шығармаларының айқын идеясы балаларды, адмгершілік рухта тәрбиелеуді көздеді. ( 8. 179 бет )


Скачать


zharar.kz