Дәріс № 9. Хордалылар

Скачать

Омыртқалылыр типі:

1.Балықтар класы

2. Қос мекенділер класы;

3. Бауырымен жорғалаушылар;

4. Құстар класы;

5. Сүт қоректілер.

         Хордалылар типінің өкілдерін шартараптан кездестіруге болады. Бұл типтегі жануарлардың саны өте көп (40 000 түрден астам).

      Хордалылар типіне жататын жануарларға тән нәрсе — осін бойлай созылатын скелеті болады. Төменгі сатыларда ол хорда болады да, жоғары сатылыларда оның орнына омыртқалар дамиды. Осьтік скелеттің үстін ала нерв системасы жалғасады. Жануарлардың көпшілігінің нерв түтігінің алдыңғы бөлімі жуандап, миға айналады. Ас қорыту түтігінің алдыңғы бөлімі сыртқы ортамен желбезек саңылаулары арқылы өз ара байланыста болады, ол тек судағы төменгі сатылы хордалыларда ғана сақталған. Басқа жануарларда желбезек саңылаулары тек ұрық түзілген кезде ғана пайда болады. Хордалылар типіне 3 тип тармақшалары бірігеді. Осы тип тармақшаларының бірі Омыртқалылар болып табылады. Біз үшін тек осы тип тармақшасы гана назар аударарлық.

     Хордалылар, көбінесе омыртқалылар, түрінің саны жануарлар дүниесіндегі түрлердің жалпы санының 3%-дей ғана, бірақ планетамызда омыртқалыларға сансыз көп жануарлар жататын болғандықтан, олардың маңызы өте зор.

      Омыртқалы жануарлар тип тармагы 6 класты біріктіреді. Олар: Дөңгелек ауыздылар, Балықтар, Қос мекенділер, Бауырымен жорғалаушылар, Құстар, Сүт қоректілер.

1. Балықтар класы

       Балықтар класына шеміршекті және сүйекті балықтар класы енеді.

       Шеміршекті балықтар —- осы күнгі ең қарапайым балықтар. Көлденең орналасқан жұп қанаттары болады. Торсылдағы болмайды.

     Акула — шеміршекті балықтардың кәдімгі өкілі. Акуланың дене пішіні созылыңқы, ұршық тәрізді болады. Көкірек және құрсақ қанаттары жұптасып көлденең орналасады. Кұйрық қанатының тілігі тең емес. Скелеті шеміршекті.

       Акулалар желбезек арқылы тыныс алады. Қан айналу системасы жақсы дамыған. Жүрегі екі камералы, құлақша мен қарыншадан тұрады.

      Миы үлкен, орта миы мен мишығы жақсы жетілген.

      Акулалар жер шарына түгелдей таралған. Олардың ішінде ұзындығы 4 м-ге жететін ірі түрлері де (көгілдір акула немесс кісі жегіш акула) бар. Көгілдір акула тропиктік және субтропиктік теңіздерде кездеседі. Алып акула көгілдер акуладан да үлкен болады.Оның кейбір жеке түрінің ұзындығы 15 метрге жетеді.

     Қара теңізде ит тұрпатты акула тіршілік етеді. Дене мөлшері — 1 м. Ол су түбіндегі омыртқасыздармен қоректенеді.

      Акулалардың көпшілігі тірі туады.

     Скаттар да  (жұп балық)  шеміршекті   балықтарға   жатады. Олар су түбінде баяу қозғалып тіршілік етеді. Скаттар су түбіндегі жануарлармен қоректенеді.

Скат денесі арқасы мен бауыр жағынан қысыңқы, жалпақ, кұйрығы жіңішке де, ұзын болады. Баренц теңізінде сәулелік скат. Қара теңізде тікенекті скат тіршілік етеді. Азов жәнс Қара теңізде  шаншар құйрықтылар кездеседі.

Сүйекті балықтар — балықтар класындагы түрлердің көпшілігін қамтитыи ең көп топ. Сүйекті балықтардың классификациясы күрделі болады. Осы кезде оларды төрт класс тармағына бөледі. Олар: Сүйекті шеміршектілер, Сәуле қанаттылир, Саусаң қанаттылар және Қос тыныстылар. Біз сүйекті шеміршектілер мен сәуле қанаттылар класс тармағының өкілдерін қа-растырамыз. Олар сан алуан су қоймаларында тараған. Скелеті сүйекті. Ең әуелі тері немесе жабын сүйектері сүйекке айналған.

С ү й е к т і  ш е м і р ш е к т і л е р — балықтардың ертедегі тобы. Оларға бекіре тұқымдастар: орыс бекіресі, сібір бекіресі, амур бекіресі,шоқыр, сүйрік, европа қортпасы, қиыр шыгыс қортпасы, т. б. жатады.

Бекіре түқымдас балықтардың халық шаруашылығында маңызы зор.

Сәуле қанаттылар — қазіргі балықтар ішіндегі көп түрлісі. Олар шартарапқа таралған: өзендерде, көлдерде, тоған суларында, теңіздерде кездеседі. Тұщы су балықтарының көпшілігі сәуле қанаттыларға жатады.

2.Амфибиялар, немесе қос мекенділер класы

                     Бұл жер бетінде тіршілік ететін омырткалылардың ең аз тобы. Бұлардың көпшілігі даму сатысына байланысты кейде суда, кейде құрылықта тіршілік етеді. Осыған байланысты   олардың желбезекпен тыныс алуы өкпемен тыныс алуға ауысқан, аяқтары өзгерген. Ересек формаларында өкпе нашар жетілгендіктен тері қосымша тыныс алу органы қызметін атқарады. Жүрегі үш камералы болғандықтан артерияларда аралас қан болады да, вена және артерия қанына толық ажырамайды.

        Түрлердің жалпы саны 2100-ге жуық. Басқа омыртқалыларға қарағанда қос мекенділер едәуір аз тараған. Олар температурасы мен ылғалдығы біршама тұрақты тропиктерде көбірек мекендейді. Қос мекенділср қоңыржай ендіктерде аз болады, шөл аймақтар мен таулы аудандарда саны азайып, Арктика мен Антарктикада мүлде болмайды.

         Қос мекенділер класына құйрығы (тритон, саламандра, ак-солотль), аяқсыз (балықжылан, жыланқұрт), құйрықсыз (құрбақа, бақалар) қос мекенділср   жатады.

        Олар жануарларды  (құрттар, моллюскалар, сүліктер)  қорек етеді, тек личинкалары гана өсімдіктермен қоректенеді.

        Амфибиялардың көбею кезеніндегі байланыстылығы, олардың көбеюіндегі жалпы ерекшелік болып табылады. Бақаны мысалға алып, амфибиялардың дамуын қарастырайық. Ұрықтану соңынан 8—10 күннен кейін ұрық (бақанікі) жұмыртқа қабығын  тесіп, личинка (итбалық) түрінде далаға шығады. Алғашында итбалықта аяқтар болмайды да, жүру органының қызметін құйрығы атқарады. Алдыңғы аяқтары бұрын негіделгенімен көпке дейін дене сыртынан белгісіз болады да, ең алдымен артқы аяктары көріне бастайды. Мұның соңынан құйрық қыскарады. Бастабында тыныс алу қызметін бұтактанган сыртқы желбезектері атқарады да, соңынан желбезек саңылаулары (ішкі желбезек) дамиды. Біраз уақыттан кейін ас қорыту түтігінің алдыңғы бөлімінен өкпе қалыптасады. Өкпенің  жетілуіне қарай ішкі желбезектер жойыла береді. Бақаның қан айналу, ас қорыту және зәр шығару системаларында да өзгірістер болады

3.Бауырымен жорғалаушылар класы немесе рептилиялар класы

         Бауырымен жорғалаушылар құрылық омыртқалылырына жатады. Түрлердіц жалпы саны — 5000—5500. Олардың тіршілік етуі сулы ортаға байланысты қос мекенділерден  өзгеше болады.

     Бауырымен  жорғалаушылардың көпшілігінің жүрегі үш камералы және оларда артериялық, веналық ағыстарға ажырау әжептеуір толық жүзеге асқан мұның өзі құлақшалар аралығының толық бөліне бастауымен, жүрек қарыншасындағы жетімсіз кедергіге байланысты пайда болған. Қос мекенділерге қарағанда нерв систсмасы да едәуір жетілген. Ми жарты шарлары айтарлықтай ірі. Мидың сұр және ақ заттары бар. Мида сұр заттың болуы бауырымен жорғалаушыларда ми қыртысының барлығын дәлелдейді, алайда ол әлі толық жетілмеген. Бауырымен жорғалаушылардың ми қыртысы да қос мекенділерге қарағанда едәуір күрделі. Оларда туа пайда болатын шартсыз рефлекстер байқалады және жаңа — шартты рефлекстер калыптасады.

    Кесірткелер, жыландар, тасбақалар, крокодилдер бауырымен жорғалаушыларга жатады. Олар әр алуан жағдайларда тіршілік етеді. Көптеген түрлер тропиктік және субтропиктік ендіктерде мекендейді, шөл далада да рептиллялар көп. Бауырымен жорғалаушылардың сан алуан болуы солар мекендейтін ортаның әр түрлі сипатталатындығына байланысты. Кесірткелер насекомдармен, құрттармен, моллюскалармен қоректенеді, сарыбас жыландардың қорегі — бақалар, кесірткелер, кемірушілер, балық-тар. Бауырымен жорғалаушылардың барлығына дерлігі қорегін тұтас жұтады.

      Рептилиялар көбеюінің бауырымен жорғалаушылардың көбеюінен айырымашылығы болады. Жұмыртқалары судан тысқары дамиды. Кейбір түрлері баласын тірі туады.

     Бауырымен жорғалаушылардың маңызы әлі толық зерттелген жоқ. Алайда көптеген түрлері қоректену арқылы өсімдік зиянкестерін көп мөлшерде жойып жібереді. Жер планетасында кесірткелср мен жыландар өте көп тараған.

       Кесірткелердің сыртқы бейнесі алуан түрлі болады. Олардың көпшілігінің денесі созылыңқы, алдыңғы және артқы аяқтары бар. Кейбір түрлерінде (сарыбауыр кесіртке) аяқ болмайды. Аяқсыз кесірткелердің сыртқы пішіні жыланға өте ұқсас. Кесірткелер барлық жерлерде тіршілік етеді. Олар жерде де, ағаштарда да, кейбіреулері суда да мекендейді.

     Жыландар бүкіл жер шарында тараған. Жыландардың 2500 түрі бар деп есептеледі. Олардың бәрі тек қана азықпен қоректенеді. Қорегін тұтас жұтады. Жыландардың кейбір ірілері бұғының бұзауын жұта алады. Жыландардың улылары да бар. Сұр жылан, гюрза, қалқан тұмсық, күркіреуік жылан және басқа да толып жатқандары улы жыландар.

4.Құстар класы

       Құстар — ұшуға бейімделген жоғары сатылы омыртқалы жануарлар. Олар бүкіл жер шарына таралған. Бұл класта 8000-нан астам түрлер бар деп есептеледі.

     Құстың денесін қауырсындар жауып жатады, алдыңғы аяқтары қанатқа айналған, ішіне ауа толғандықтан (пневматикалы) сүйектері өте жеңіл.       Бауырымен жорғалаушыларға қарағанда құстардың қан айналу системасы едәуір жетілген. Жүрегі төрт камералы. Артерия қандары мен вена қандары бір-бірімен  араласпайды.

      Құстар — жылы қанды жануарлар. Артериялық және веналық қан ағыстарының бөлінуінен қан айналуы шапшаңдайды да, газ алмасу қарқынды жүріп, дене температурасының жоғары, орташа 42°-қа тең болуына себепші болады.

       Зат алмасуының күшеюіпе байланысты құстар өз денесінің салмағына тең мөлшердегі насекомдарды жейді.

      Бауырымен жорғалаушыларға қарағанда нерв системасы да едәуір жақсы дамыған. Сондықтан құстардың мінез қылығы да едәуір күрделі.   Олар шартты рефлекстерге оңай дағдыланады.

     Бұрын қарастырып өткен жануарлар типіндегі өкілдердің ұрпаққа қамқорлығы болымсыз ғана еді. Құстар болса ұя салады, жұмыртқа басып шығарады, балапандарын қороқтендіреді.

       Құстар жетілген балапанды және қызылшақа балапанды  (болжыр балапанды) болып екіге бөлінеді.

     Ж е т і л г е н  б а л а п а н д ы құстардың балапаны жұмыртқадан шығысымен едәуір бейімделіп: көздері бар, қозғалуға қабілетті, жемін теріп жейтін болады. Жетілген балапанды құстарға тауықтар, үйректер, қаздар, құрлар, т. б. құстар жатады.

      Қызылшақа   б а л а п а н д ы құстардың балапандары жұмыртқадан: денесі қауырсынсыз, соқыр, ата-анасы қоректендіретін дәрменсіз болып шығады. Қызылшақа балапанды құстарға барлық сайрағыш құстар, қарғалар, кептерлер, т. б. жатады.

    Құстар классификациясы күрделі болады.Отызға тарта отрядтары бар.

     Қырсыз төс құстар Африкада, Аравияда, Австалияда, Оңтүстік Америкада және Жаңа Зеландияда тіршілік етеді.

        Бұлар өте қарапайым құстар. Оларға түйеқұстар мен кивилер жатады. Түйеқүстар—қазіргі құстардың ішіндегі ең ірісі . Кейбір особьтарының (аф-рикалық түйеқұстың еркектерінің) биіктігі 260 см-гс жетеді. Бұл құстар өте шапшаң жүгіргенімен де, ұша алмайды. Қанаттары әжептәуір үлкен. Бірақ құс оны тек шапшаң жүгіргенде ғана пайдаланады. Кейбір түйекұстардың (австралиялық) қанаттары мүлде кішкене болады. Киви — қанаттарының бастамасы ғана бар кішкене қырсыз төс құстар.

        П и н г в и н д е р — ұша алмайтын құстар. Олар жақ-ы   жүзеді,   скелет    сүйектерінде ауа болмайды, төсінде қыр (киль) бар.Пингвиндер   Антарктида

Жағалауларында тіршілік етеді.Құрлықта жүргеннен де, ескектерінің көмегімен суда жақсы жүзеді.Пингвиндер балықтармен , шаян тәрізділермен, моллюскалармен қоректенеді.Ұясын жер бетіне салады. Антарктида корольдық пингвиндер кеңінен тараған.

      А р ш ы н т ө с  құстар — ең көп тараған құстар тобы. Сүйектері ауаға толы. Аршын төс құстардың көпшілігі ұшады. Құстар түрінің көпшілігі аршын төс құстарға жатады.

    Құстардың әр түрлі тіршілік жағдайларына байланысты мынадай экологиялық топтарға бөлінеді: бұталы-орман құстары, батпақ-шалшық су құстары, шөл-дала құстары, су құстары, жыртқыш құстар.

       Бұталы-орман құстарына орманда ұя жасап, қорегін аулайтын құстар жатады. Олардың ішінде насекомдармен (тоқылдақтар, жүрдек торғайлар, дүпілдектер т. б.), өсімдіктердің тұқымымен (шыбшықтар, шымшықтар, қайшыауыздар т. б.), өсімдіктердің жемісімен (колибрилер, шірнежегілер) қоректенетін құстар бар.

        Б а т п а қ - ш а л ш ы қ су құстары аз ғана. Оларға тырналар, дегелектер, құтандар, балықшылар, тартарлар жатады. Бұл құстар су маңындағы ормансыз жерлерді мекендейді. Бұл топқа жататын құстардың аяқтары ұзын болады. Аталған құстар ұсақ жануарлармен қоректенеді.

        Шөл - д а л а құстары өсімдіктері аз, ашық жерлерді мекендейді. Құстардың бұл тобына түйеқұстар, жүрдектер, дуадақтар жатады.

         Су   құстары   тобына тіршілігінің көпшілігіп суда өткізетін құстарды қамтиды. Олардың ішінде мына құстар: шағалалар, пингвиндвр, бірқазандар, аққулар, қаздар, үйректер және басқа да көптетен құстар бар.

         Ж ьі р т қ ы ш  құстар барлық жерлерде де: ормандарда, тауларда, далада, су қоймаларында тіршілік етеді. Оларга құмайлар, жапалақтар, қаршығалар, сұңқарлар, т. б. жатады.

        Адамның шаруашылық қызметінде құстардың үлкен маңызы бар.

        Құстардың әсіресе ауыл шаруашылығындағы маңызы зор. Олар ауыл шаруашылық өсімдіктердің зиянкестерін көп мөлшерде жояды. Көптеген құстарды кәсіптік және спорттық мақсатта аулайды. Құстарды қолға үйрету және үй жануарларына айналдыру ісімен ежелден шұғылданады. Үй құстарының ата-тегінің қазіргі үй құстары тұқымдарынан айтарлықтай айырмашылықтары бар.

5.Сүт қоректілер

     Сүт қоректілер — омыртқалы жануарлардың ең жоғары құрылысты класы. Орталық нерв системасының ерекше дамуы оларға тән қасиет. Балаларын ана құрсағында көтеріп, сүтпен қоректендіреді. Дене температурасы біршама тұрақты. Жануарлардың денесін жүн каптаған. Тері бедері жақсы дамыған. Сүт қоректілердің тістері өте ерекше:   жануарлардың әр түрлі топтарында тістерінің саны, пішіні және атқаратын қызметі жөнінде елеулі айырмашылықтар бар. Жүрегі төрт камералы.

     Сүт қоректілер бүкіл жер шарында таралған. Сүт қоректілердің сыртқы бейнесі де алуан түрлі.Басқа омыртқалы жануарларға қарағанда олардың құрылысы едәуір күрделі.

     Жұмыртқа салушылар ең қарапайым сүт қоректілер болып табылады. Олардың басқа сүт қоректілерден өзгешелігі- жұмыртқа салу арқылы көбейеді.

     Қалталалылардың құрылысы едәуір жоғары болғанымен, оларда бірқатар қарапайым белгілерде бар. Олар баласын шала туады да, оны анасы ұзақ уақыт қалтасына салып көтеріп жүреді.

      Қазіргі сүт қоректілердің ең көп тобы- жоғары сатылы аңдар.  Насеком қоректілер,Қол қанаттылар, Кемірушілер, Жыртқыштар, Ескек аяқтылар, Кит тәрізділер, Тұяқтылар, Ит тұмсықтылар, Приматтар солапрға жатады.

 

Қайталау сұрақтары:

1.Дөңгелек ауыздылар кімдер жатады?

2.Балықтар қандай кластарға бөлінеді?

3.Қос мекенділер негізгі өкілдері?

4.Бауырымен жорғалаушылар типіне қандай кластар бірігеді

5.Құстар қандай топтарғабөлінеді

6.Сүт қоректілер өкілдері?

Ұсынылған әдебиетер

 

1.Догель В.А. Зоология беспозвоночных. -М: Высшая школа, 1981.

2.Түсіпова К.С. Омыртқасыздар зоологиясы. 1, 2 бөлім. -Алматы: Ғылым, 1999, 2000.

3. Дәуітбаева К.А. Омыртқасыздар зоологиясы. 1, 2, 3, 4 бөлім. Алматы-. «Қазақ университеті» баспасы, 1996, 1997, 1998, 2000.


Скачать


zharar.kz