1-тақырып. Педагогикалық мамандықтың пайда болуы мен тарихы.

Скачать

Мақсаты: Педагогика пәні мен қызыметінің мақсатын түсіндіру, тарихы мен ғылым жөнінде мағлұмат беру. 

Жоспар:

Педагогика- тәрбие жөніндегі ғылым.

Педагогиканың пайда болуы мен дамуы.

Педагогика нысаны, пәні және қызметі.

Адамзат тарихындағы педагогикалық кәсіптің пайда болуы және қалыптасуы.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1.    Педагогика ғылымының дамуының хронологиялық таблицасын жасаңыз.

2.    Педагогика ұғымына ерте ежелгі және қазіргі мағынада анықтама, түсініктеме беріңіз.

3.    Бастапқы кезде педагогика қандай ғылымның даласында дамығанын айтыңыз.

4.    Ғылыми білімдер саласы, сонымен бірге педагогика немен айқындалады?

Адам биологиялық тіршілік иесі ретінде дүниеге келеді. Оның тұлға болып жетілуі үшін – тəрбиелеу қажет. Тəрбие адамды ізгілендіріп, оған қажет қасиет, сапаларды қалыптастырады. Қазіргі қоғамда тəрбие жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мекемелер түзілген. Бұл процесті кəсіптенген адамдар басқарады. Тəрбие жөнінде арнайы ғылым қалыптасқан. Міне сол ғылымды үйренуді енді бастаймыз.

Адам тəрбиелеу жөніндегі ғылым педагогика деп аталады. Ол өз атамасын грек сөздері «пайдес»- балалар жəне «аго» -жетектеу дегеннен алған, тікелей аудармасында «педагогика» сөзі бала тəрбиесін бағыттау өнері дегенді аңдатады, ал «педагог» сөзі бала жетектеуші мəнін білдіреді.

Барша дəуірлерде педагогтар балалардың табиғаттан берілген мүмкіндіктерін іске асырып, жаңа сапаларды қалыптастырудың тиімді жолдарын тауып, оларға көмектесумен келеді. Мыңдаған жылдар бойы қажетті білімдер тырнақтап жиналып педагогикалық жүйе негізге келді, тексерілді, қажет болмаған тұстары қолданымнан шығарылды, ақырында өміршең, ең пайдалы педагогикалық идеялар сақталып, бүгінгі күнімізге жетті. Бірте-бірте басты міндеті ғылыми білімдерді топтастыру жəне жүйеге келтіру болған тəрбие жөніндегі ғылым пайда болды. Ұзаққа созылған даму жолын бастан кешірген бүгінгі заман педагогикасы адам тəрбиесі заңдылықтары жөніндегі ғылымға айналды.

Педагогика мұғалімдерді белгілі жас тобындағы балаларды тəрбиелеу ерекшеліктері жөніндегі кəсіби білімдермен қаруландырып, əрқилы жағдайлардағы оқу-тəрбие процесін болжастыруға, жобалауға жəне іске асыруға, оның тиімділігін бағалауға үйретеді. Тəрбие процесін ұдайы жетілдіріп отырып қажет, себебі адамдардың өмір жағдайлары өзгермелі, ақпараттар көлемі ұлғаяды, осыдан мұғалімге қойылатын талаптар жыл сайын күрделеніп баруда. Қоғамның мұндай талаптарына педагогтар өсіп келе жатқан əулетті оқыту, тəрбиелеу жəне оған білім берудің жаңа технологияларын құрастырумен жауап береді.

Бұдан бұрынғы мыңдаған жылдардағыдай-ақ баланың өмірлік мектебі оның алғашқы демімен бірге басталады. Осыдан мектеп педагогтары мəңгі проблемалар құрсауында келеді. Баланы адамаралық қатынастар дүниесіне енгізуді олар өзінің ең басты парызы деп біледі. Алайда, осы уақытқа дейін тəрбиелік қызмет мұншама қиын, күрделі жəне жауапкерлі болып көрген емес. Дүние басқаша кейіпте болған, онда бүгінгі балаларға төніп тұрған қауіп-қатерлердің кейбір түрлері тіпті болмаған. Отбасында, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде, мектепте болашақ азаматқа қандай негіз қаланса, болашақ өмірі мен бақыты, бүкіл қоғамның берекесі соған тəуелді болып тұр.

Қазіргі заман педагогикасы үлкен қарқынмен дамудағы ғылым. Сол дамуға байланысты өзгерістердің ізімен асығу қажеттігі пайда болып отыр. Педагогиканың іркіліс, кешеуілдеуі адамдардың даму дағдарысына алып келеді, ғылыми-техникалық прогрестің шабандауына соқтырады. Сондықтан да, педагогика қалаған дерек көздерінен жаңа білімдерді теріп, жинақтап баруы қажет. Педагогиканың дамуына себепші көздер – адамдардың өмір салтында, дəстүрлерінде, халықтық педагогикада бекіген көп ғасырлық тəрбие тəжірибесі, іс-қызметтері; философиялық, қоғамтану, педагогикалық жəне психологиялық еңбектер; əлемде жəне елімізде жүріп жатқан тəрбие практикасы; арнайы ұйымдастырылған педагогикалық зерттеу деректері; жаңа идеялар, жаңарған бағыт-бағдарлар, жылдам өзгерістерге келіп тұрған бүгінгі дүниедегі тəрбиенің тиімді соны технологиялары.

Сонымен, педагогика - тəрбие жөніндегі ғылым. Оның басты міндеті адам тəрбиесі жөніндегі ғылыми білімдерді жинақтау жəне жүйелестіру. Педагогика адамдарды тəрбиелеу, білім беру жəне оқыту заңдылықтарын ашып, соның негізінде алға қойылған мақсаттарға жетудің  ең пайдалы педагогикалық жолдары мен тəсілдерін көрсетіп отырады.

Ғылым дамуының басты шарты-жаңа деректермен үздіксіз толығып бару. Ал деректердің жинақталуы мен олардың түсініктемесі ғылыми негізделген зерттеу əдістеріне тəуелді келеді. əдістер, өз кезегінде, ғылым аймағында əдіснама атауын алған теориялық принциптердің бірлікті тобымен міндетті байланыста болады.

Қазіргі заман ғылымында əдіснама деп ғылыми-танымдық іс-əрекеттердің түзілу принциптері, формалары мен тəсілдері жөніндегі білімді айтамыз. Ғылым əдіснамасы зерттеу жүйесіндегі құрылымдық бірліктердің –нысаны, талдау пəні, зерттеу міндеттері, зерттеу құралдар тобы т.б. сипаттамасын береді. Сонымен бірге зерттеу міндеттерінің шешімін табу процесіндегі əрекеттер бірізділігін белгілейді. Осыдан, педагогика əдіснамасын педагогикалық таным жəне болмысты қайта жасаудың теориялық ережелер топтамасы ретінде қарастырған жөн.

Əрқандай əдіснама қалыпты көрсетпе-нұсқау жəне реттестіру қызметтерін атқарады. Дегенмен, əдіснамалық білім екі күйде іске асырылуы мүмкін: дескриптивтік не прескриптивтік.

Дескриптивтік əдіснама – ғылыми білімдердің құрылымы мен ғылыми таным заңдылықтары жөніндегі білім ретінде зерттеу процесіне бағыт-бағдар береді, ал прескриптивтік əдіснама –зерттеу іс-əрекеттерін реттеп барудың жол жобасын белгілеп, көрсетеді. Дəстүрлі əдіснамалық талдауда ғылыми іс-əрекеттерді жүзеге асыру тиімділігімен танылған ұсыныстары жəне ережелеріне байланысты құрастыру міндеттері басымдау болса, ал дескриптивті талдауда ғылыми таным процесінде іске асырылған зерттеу əрекеттерін қайталап баяндау, түсіндіру қызметтері атқарылады.

Əдіснамалық білімдер тобы төрт деңгейлі келеді (Э.Г. Юдин): философиялық, жалпы білімдік, нақты ғылымдық жəне технологиялық. Əдіснаманың ең жоғары философиялық деңгейі танымның жалпы принциптері мен бүкіл ғылымның категориялар құрылымын негіздейді.

Осыдан философиялық білімдердің барша жүйесі əдіснамалық қызмет атқарады. Екінші – жалпы ғылымдық –əдіснама деңгейінде ғылымдардың баршасында не көпшілігінде қолданылуы мүмкін теориялық тұжырымдарды белгілейді. Үшінші деңгей – нақты ғылым əдіснамасы қандай да нақты ғылыми пəн аймағында қолданылатын зерттеу əдістері мен принциптерінің жиынтығын құрайды. Нақты ғылым əдіснамасы белгілі саладағы ғылыми тануға тəн болған проблемаларды, сондай-ақ жоғарылау келген əдіснамалық деңгейлерге байланысты алға тартылатын мəселелерді де қамтиды, мысалы: педагогикалық зерттеулердегі жүйелестіру мен жобалау (моделдеу) проблемалары. Төртінші деңгей – технологиялық əдіснама –зерттеу əдістері мен техникасын белгілеп, деректі эмпирикалық материалдарды жинақтап, алғашқы өңдеуден өткізіп, кейін оларды ғылыми білімдер өрісіне қосу қызметтерінен хабар береді. Бұл деңгейдегі əдіснамалық білім нақты көрсетпе-нұсқау сипатына ие. Əдіснаманың барша деңгейлері күрделі жүйеде бірігіп, өзара сабақтастықпен байланысты келеді. Ал əрқандай əдіснамалық деп танылған білімнің мазмұндық негізі философиялық деңгейден іздестіріледі, себебі таным процесі мен болмысты қайта жасау əрекеттерінің дүниетаным, көзқарас бағдары осы философиямен айқындалады.

Әдебиеттер:

1.Бабаев С.Б, Оңалбек Ж.К. «Жалпы педагогика» Алматы 2006.

2.С.Ш. Әбенбаев, А.М. Құдиярова, Ж.Ә. Әбиев «Педагогика» Астана 2003.

3.Ж. Әбиев, А.М. Құдиярова, С. Бабаев «Педагогика» Алматы 2004.

4.Бержанов К.Б., Мусин С.М., Педагогика тарихы. Алматы-2004.

5.Дүсембекова Ш.Д. Педагогика. Семей 2004 ж.

6.Қоянбаев. Педагогика. Алматы 2002 ж.


Скачать


zharar.kz