Мақсаты: Педагогика әдіснамасы жөнінде түсінік беру.
Жоспар:
Педагогика әдіснамасы мен әдістері.
Педагогика әдіснамасы жонінде түсінік.
Педагогиканың философиялық негіздемесі.
Педагогиканың зерттеу әдістемесі мен әдістер жүйесі.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Ғылыми-зерттеу әдісі дегеніміз не?
2. Ғылыми-зерттеу әдісінің әдіснама мен гносеологиямен өзара байланысын көрсетіңіз
3. Зерттеудің эксперименталды-эмпирикалық әдістер тобының мазмұнын ашыңыз.
4. Зерттеудің теориялық әдістер тобының мазмұнын ашыңыз.
5. Зерттеудің эксперименталды-эмпирикалық және теориялық деңгей әдістері тобының өзара байланысын көрсетіңіз.
Әдіснама, әдіс пен теория әрқашан бір-бірімен тығыз байланысты. Теория педагогикалық құбылыстардың кез-келген әдіснаманың негізі болып табылады және сол әдістеменің көмегімен табылған фактілер арқасында кеңейеді. Теория-таным процесінің нәтижесі, ал әдіснама болса осы танымға жету мен оны құру тәсілі болып табылады. Бұл-теориялық және практикалық ғылыми-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру мен құрастырудың негізі мен тәсілдер жүйесі, бұл-осы жүйені тану жолы. Таным теориясы тұтас таным іс-әрекеті процесін және ең алдымен оның мазмұндық негізін зерттейді. Әдіснама шынайы және практикалық түрде тиімді білімге жетудің әдістері мен жолдарына көп көңіл бөледі, осы білімді дамытудың тәсілдерін іздестіреді.
Кез-келген әдіснамалық мәселелерді шешу белгілі бір гносеологиялық принциптер негізінде құралған бастапқы әдіснамалық тұжырымда жүзеге асады. Адамның танымдық іс-әрекетінің жалпы заңдылықтарын, оның даму заңдарын қалыптастыру философия ғылымының мәселесі. Білімді философиялық, аксиологиялық түсіну философияға тән және ол ғылыми білім туралы түсініктердің қалыптасуына шешуші ықпал етеді. Алайда зерттеушінің әдіснамалық тұжырымына жалғыз философия мен оның гносеологиялық негіздері ғана әсер етпейді. Зерттеушінің әдіснамалық концепциясы, көбінесе, ғылыми білімді құру мен дамыту теориясы болып табылады, өйткені ол психологиялық-педагогикалық ғылымғы және оның тарихына бағытталады. Осыған орай, әрбір әдіснамалық концепция психология-педагогикалық теориялар негізінде құрылып, соларға сүйенеді, өйткені олар осы тұжырымға жақын және оның ең басты құрылымдары болып табылады.
Әдіснамалық тұжырымдар ғылымның философиялық негіздері мен педагогикалық ғылымның зерттелетін саласының жетістіктеріне байланысты ажыратылады.
Зерттеушінің әдіснамалық тұжырымының қалыптасуына бұған дейін қалыптасқан және басқа да психологиялық-педагогикалық тұжырымдар әсер етеді. Жаңа әдіснамалық тұжырым оған дейінгі пайда болған әдістемелік концепциялар желісінде пайда болып, дамиды, ол нені іздеу керек және қалай іздеу керектігін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қоса, олар зерттеушіні тежеп, оның еркін ойлауына кедергі жасауы да мүмкін.
Зерттеушіге, кейде, ғылымдағы көпшілік қабылдаған, тұрақты ережелер туралы, әдістемелік көзқарастар, ғылыми мектептер бағыттары туралы ұмытып, олардан бас тартып, оларды дәлелді түрде жоққа шығарудың пайдасы көп болады. Сондай-ақ, әртүрлі тұжырымдарға, олардан шығатын мәселелерге және оларды шешудің ерекше тәсілдеріне сын көзбен қараудың да пайдасы зор. Іске осылайша қарау теориялық материалға деген өзіндік қатынасты қалыптастыруға, белгілі бір тұжырымдарға сүйеніп, бір жағынан философиялық ережелер ықпалындағы, ал екінші жағынан ғылыми-педагогикалық танымның белгілі бір саласына бағытталған кейбір тұжырымдарды сынауға көмектеседі.
Зерттеу жұмыстарына жаңадан араласқан зерттеушіге ғылыми талдау жүргізіп, ғылымдағы тұрақты философиялық және теориялық тұжырымдар мен қортындыларға сүйенудің пайдасы мол. Бұл зерттеліп жатқан саладағы жаңа жүйелік тұтастық білімдерін алуға көмектеседі. Эмпирикалық деңгейдегі білім қайта құрылып, теориялық білім мен нақты шындықтың өзара қатынасы саласындағы теориялық қорытындылар мен нақтыландырулардың негізін құрастыру қажет. Теориялық білім, сөздің жалпы мағынасында дегеніміз белгілі бір педагогикалық құбылысты талқылауға, қолдануға және түсіндіруге бағытталған ғылыми көзқарастар, түсініктер, идеялар жиынтығы. Ал тар және арнайы мағынасында, ол дегеніміз педагогикалық іс-әрекеттің зерттелініп жатқан саласының заңдылықтары мен байланыстары туралы тұтас түсінік беретін ғылыми білімді ұйымдастыру формасы. Бұл тұтас білім жүйесіндегі ішкі шектеу, ол бір элементтердің басқа элементтерге тәуелділігін сипаттайды, ал теория мазмұны пікірлер мен түсініктер жинынтығынан тұрады. Теория көбінесе жеке тұлғаны тәрбиелеу, оқыту мен қалыптастырудың қалыптасқан тәрбиесін шығармашылықпен қайта құрумен байланысты. Осылайша, ол педагогикалық тәжірибені қорытындылап, жеке тұлғаның болашақта қалыптасуы мен дамуының жоспарын анықтайды.
Теория өзара байланысты білімдер жиынтығы ғана емес, сонымен қатар, ол-осы білімдердің белгілі бір зерттеу бағдарламасы түрінде құрылуының механизмі. Теория шынайы өмірде жоқ, бірақ теория-әдіснамалық білімдерге сүйеніп жүзеге асыруға болатын нәрсені құрастыруға көмектеседі. Осының бәрі ғылыми білімдердің жалпы жүйесі ретінде педагогикалық теорияның тұтастығын құрайды.
Философиялық білімдердің даму сатыларының әдіснамасының орынды негіздері уақыт өте келе қорытындыланып, шығармашылықпен қайта құрылып, бұл күндері жалпы сипатқа ие болып отырған және ғылыми білімнің зерттелінетін саласына қатысты нақтыланатын диалектикалық-материалистік әдіснаманы ұйымдастыратын бастауына айналып отыр.
Қазіргі заманғы ғылымның әдіснамасы білімнің жеке бір саласы ретінде дамып келе жатыр, оған нақты-ғылыми деңгейде өткізілген зерттеулер сүйенеді. Кейде әдіснаманың философиялық және нақты-ғылыми деңгейлері теңдестіріледі, ал олардың шынайы мүмкіндіктері мен шектерін ғылыми зерттеулердің әдіснамалық негізі болып табылатын диалектика ғана анықтай алады. К.Поппердің әдіснамалық тұжырымында, Т.Кунның ғылыми революциялар теориясына, Ст.Тулминнің ғылыми білім дамуының мақсатына, И.Лакатостың ғылыми-зерттеу бағдарламаларының концепциясына көп көңіл бөлуінде, олар ғылым тарихымен тығыз байланыста болып, ғылымның неопозитивистік мақсатын сынға алады. Ғылымның қазіргі заманғы әдіснамасында ғылыми теориялар құрылысына талдау және олардың қызметтері, ғылыми заңдылық ұғымы, тексеру тәртібі, ғылыми теорияларды жоққа шығару, ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістері, ғылыми-педагогикалық білімнің қалыптасуы мен дамуы, оның қайта құрылуы, теория мен әдістер арасындағы қатынас сипаты, танымдағы практиканың рөлі мен зерттеу объектісінің өзгеруі сияқты мәселелер алдыңғы қатарға шығып отыр.
Әдіснама дегеніміз әдістер туралы ілім, оларды зерттеушінің ойлау сипатын, оның танымдық процесінің дамуының жолын анықтаушы ретінде қарастыру қажет. Оқыту, тәрбиелеу мен дамыту теориялары педагогика ғылымы әдістерінің негізгі мазмұнын құрайды. Кез-келген мұндай теория зерттеу әдісі қызметін атқара алады, басқа теориялардың құрамды бөлігі болып табылады. Таным процесіндегі әдіске антикалық философияда-ақ үлкен мән берген, онда алғаш рет зерттеу нәтижесі мен ғылыми таным әдісі арасындағы өзара қатынас айқындалған болатын. Қазіргі уақытта таным әдістері, олардың қалыптасуы мен даму процесі зерттеу объектісін тану мен өлшеудің анық ғылыми нәтиже бере алатын нақты әдістерін талап ететін деңгейге жақындап келеді. Сондықтан ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістерінің дамуы мен жақсару процесі тұтас педагогикалық ғылымның дамуының ең басты құрамды бөлігі болып табылады.
Ғылымның қазіргі әдіснамасында, соның ішінде педагогикалық әдіснама да, теорияның негізін құрайтын бірнеше компоненттерден тұрады:а) фактологиялық материалдың бастапқы эмпирикалық негізі, ол теориялық түсіндірмені талап етеді; ә) бастапқы теориялық негіз, ол зерттеу объектісін суреттейтін алғашқы жорамалдардан, аксималардан, болжамдардан және теориялық ыңғайлардан тұрады; б) теорияның логикасы мен құрылысы; в) эмпирикалық дәлелдері бар теориялық пайымдаулар жиынтығы; г) педагогикалық теорияны қалыптастырудың әдіснамалық негізі, ол дәріптелінген объект пен оның теориялық моделін суреттеумен байланысты. Бұл ретте дәріптелінген объектіні құрастыруды кез-келген педагогикалық теорияны, оның байланыстарын, заңдылықтарын, жорамалдарын, дәріптеушілігін, анық білімдерге жету принциптері мен механизмін құрастырудың қажетті шарты ретінде қарастыру қажет.
Таным процесінде белгілі бір, нақты ғылымдарды (физика, математика, химия, тіл білімі) зерттеудің жекелеген, арнайы әдістері бар. Нақты ғылымдардың әдістерімен қатар жалпы ғылыми сипаттағы әдістері де кездеседі, олар барлық дерлік ғылымдарда қолданылады: байқап-бақылау, теңеу, анализ және синтез, дәріптеушілік, өлшеу, эксперимент, абстрактіден нақтыға қарай өрлеу, индукция мен дидукция; бұлардың әрқайсысы жеке ғылымдарда нақтылана түседі. Сонымен қатар, ғылыми әдістер ғылыми танымның эмпирикалық және теориялық әдістері болып екіге бөлінеді.
Сонымен, зерттеу әдістері дегеніміз күрделі таным тәртіптері, ал олар болса зерттеудің таным операцияларының іске асуының белгілі бір тәртібін белгілейтін әр түрлі әдіс-тәсілдерінің жиынтығынан тұрады. Әдісті құрайтын тәсілдер зерттеу тәртібінің феноменологиялық суреттемесін, оның құрамындағы элементтердің эмпирикалық бөлінуін, эмпирияның зерттеу объектісі мен оның психологиялық-педагогикалық сипаттарын жүйелі түрде түсіну мақсатында зерттеу элементтерінің құрылымдық-қызметтік анализін қамтамасыз ететін анализ бірліктеріне әдістемелік бөлінуін қамтамасыз етулері қажет.
Зерттеу әдістері педагогикалық ғылыми дамуының басты құрамды бөлігі болып табылады. Педагогикалық ғылым мен тұтас педагогикалық білімінің дамуы педагогикалық зерттеу әдістерінің даму деңгейіне байланысты. Ғылыми нәтижелердің анықтығы алғашқы ақпараттарды алудың жолдары мен тәсілдеріне және зерттеу әдістерінің сенімділігіне байланысты. Кез-келген педагогикалық зерттеу белгілі ғылыми білімдерді дәлелдеу емес, ол-жаңа білімдерді табу процесі. Ол адамның зерттеу объектісі, заттары мен құбылыстарының мәнін ашуға бағытталған жан-жақты танымдық іс-әрекетінің бір түрі.
Эксперименталды-эмпирикалық деңгей әдістері. Педагогикада зерттеудің үш деңгейі бар: эмпирикалық, теориялық, әдіснамалық. Эксперименталды-эмпирикалық деңгей әдістерінің тұтас бір тобы бар (гр.empeiria-тәжірибе.)
Әдебиеттер:
1.Бабаев С.Б, Оңалбек Ж.К. «Жалпы педагогика» Алматы 2006.
2.С.Ш. Әбенбаев, А.М. Құдиярова, Ж.Ә. Әбиев «Педагогика» Астана 2003.
3.Ж. Әбиев, А.М. Құдиярова, С. Бабаев «Педагогика» Алматы 2004.
4.Бержанов К.Б., Мусин С.М., Педагогика тарихы. Алматы-2004.
5.Дүсембекова Ш.Д. Педагогика. Семей 2004 ж.
6.Қоянбаев. Педагогика. Алматы 2002 ж.