Бір күні алыс сапардан шаршап, болдырып келе жатқан түлкі жол жағасында жортақтап жүрген қоянды көріпті. Сонан соң түлкі ауырған болып, қоянның жолына сұлай кетеді де оны қасына шақырады.
– Қоянжан-ау, қоянжан! Неге сонша жортасың? Менен неге қорқасың? Бала жастан бірге өскен, тоғайдың дәмін бір жескен көрші емес пе едік. Мен ауырып жатырмын, халімді неге сұрамайсың? Жақынырақ келші, қоштасалық ең болмаса, – депті қылымсып.
Сонда қоян:
– Екі құлағым сөзіңде, екі көзім өзіңде. Сені жұрт етті жақсы көреді дейді ғой, сол рас па? – деп сұрайды.
– Ол рас, жалғаны жоқ, – дейді, түлкі кінәсін мойындағандай болып. – Тіпті ет жемесем, басым ауырады. Ол әдет еді, енді қайталана қоймас.
– Міне, мен сол әдетіңнен шошимын.
– Иә, соған өзім де қынжылып жатырмын. Кеше бір тауық жеп едім, кейін оның жастығына жаным ашып, жылап та жібердім. Өйткені оның да мына дүниеде тірі жүргісі келеді ғой. О, шіркін, тіршілік-ай – деп, күрсініпті түлкі.
Қоян қиястанып:
– Сен оны өлтірмей тұрып неге ойламадың? – деп сұрапты.
Сонда түлкі:
– Мен дәл сол жерде ойлауды ұмытып кетіппін. Қазір жаныма батып, ауырып жатқаным да соның өкініші, – депті ыңқылдап.
– Ұмытшақтық деген жаман ғой, мен де сол ұмытшақтықтан қорқамын. Сондықтан да ешкімге жоламай жортамын, – деп, қоян өз бетімен кете барыпты.