Жанданып жатыр жарасын жалап жазатын табанын тұзбен тоздырған түздің тағысы

Скачать

Тәуелсіздікке тәу ету

Ағыл да тегіл арындап арман ағысы,
бүтіндеп бойын бүрленді бүкіл бақ іші.
Жанданып жатыр жарасын жалап жазатын
табанын тұзбен тоздырған түздің тағысы.
Қағанаттардан Қазақстанға жеткендей,
қамшы салдырмас қазанаттардың шабысы.

Айбаты асқақ арыстандайын алыстым,
Абылай болып жаныштым мысын Шарыштың.
Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек –
алты алаш үшін құрбаны болған Намыстың.
Қайрат пен Ербол, Сәбира, Ләззат көз жұмған
Желтоқсандағы ызғарлы желмен қағыстым.

Дүние жүзі мойындап тұрған Барыспын,
қайтпас та қайсар қазақ атыммен таныспын.
Ғылымда шыққан биігін әлем құптаған,
Марғұлан Әлкей, Имантай ұлы Қаныштың.
Төріне барып келсе де сонау ғарыштың,
текті ғой жұртым тәубесін білген табыстың.

Самалы ескен Мұғалжар, Ембі, Тұранның,
Сарыарқа төсін шарлаған қайсар Қыранмын.
Еркіндік құрған жеріме төнген қатерге
естірткен үні жаңғырып шыққан ұлармын.
Сан ғасыр бойы иыққа тіреу іздеген
сан алуан ұлттың саясы болған шынармын.

Тіні мен тілін, діні мен ділін сақтаған
түпкілік тегім – Көк Түрік, Ғұн мен Сақ бабам.
Тарихын тасқа қашаған ұлы Күлтегін
мұрасын мәңгі санаға құйып жаттаған.
Әкені – Таудай, ананы Күндей көретін
халықпыз дана баланы балдай баптаған.

Қасиет тұнған, құт қонған мекен – аймағым,
қастерлеп дәйім ұйытқан бірлік қаймағын.
Терезесі тең төрт құбыламды сайладым,
Астанам – айбын, айдыным менен айбарым!
Ерлігім, есіл өрлігім бойды қуаттап,
тік ұстап келем Тәуелсіздіктің байрағын!

Ұмытылмайды өткізген зарлы, шерлі күн,
ұрпаққа мирас етерде осы теңдігін.
Ұлықтай берем арыстарымды азаткер,
Ұлы Даламның аманаттаған кеңдігін.
Мерейің тасып, мәртебең өссін, өрелім,
мызғыма, жұртым, Мәңгілік болсын елдігің!

Ерлан Ахмет.


Скачать


zharar.kz