Абиогенез (гр. 'a' — болымсыздық, жоққа шығару, bіos — тіршілік, genesіs — пайда болуы), жансыздан өрбу — тірі табиғатта ферменттердің қатысуынсыз организмнен тыс пайда болатын органикалық қосылыстар; кең мағынасында — эволюциялық даму барысында тіршіліктің яғни тірі организмнің органикалық емес заттардан пайда болуы жөніндегі теория; организмнен тыс, тірі табиғатта ағзадан тыс, ферменттердің қатысуынсыз таралған органикалық қоспалардың қалыптасуы.[1]
19 ғасырдың ортасына дейін ғылымда тіршілік өзінен-өзі пайда болған, өлі заттардан күрделі құрылымды тіршілік иелері шыққан деген ұғым сақталды. Бірақ 18 ғасырда италиялық ғалымдар Ф. Реди, Л. Спалланцани, француз ғалымы Л.Пастер бұл ұғымның қате екенін өздерінің ғылыми еңбектерінде дәлелдеп берді. Абиогенез теорияларының ішіндегі көбірек таралғаны — А.И.Опарин теориясы. Қазіргі кезде ғалымдар жер бетінде тіршіліктің пайда болуы, ерекше ғасыр дәуірде басталған күрделі де ұзаққа созылған процесс болғанын мойындайды. Жер бетінде қалыптасқан сол дәуірдегі жағдайларды жасанды түрде тудыру арқылы 20 ғасырдың ортасында тәжірибе жүзінде белок тектес және басқа да органикалық заттардың абиогенді синтезі жүзеге асырылды. Тіршілік— табиғи дамудың белгілі бір кезеңінде пайда болған материя қозғалысының ерекше түрі. Мұндай қозғалыстағы материя даму барысында алуан түрлі кезеңнен өтеді де, барған сайын күрделене береді.