Шешесі Жаған бегім Мұхаммед Шайбани ханның інісі Махмуд сұлтанның шешесінің туған сіңілісі

Скачать



Қасым хан (шамамен 1445–15181523) – қазақ ханы, Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Жәнібек ханның баласы. Шешесі Жаған бегім Мұхаммед Шайбани ханның інісі Махмуд сұлтанның шешесінің туған сіңілісі. Қасым ханның ішкі және сыртқы саясаты, ел басқару әдісі, т. б. жөнінде мәліметтер өте аз. Жазылған еңбектердің бәрі М. Х. Дулатидің Тарихи Рашиди атты шығармасына сүйенеді. Мұхаммед Шайбанидың қазақ билеушілеріне қарсы соғыстары туралы деректемелерде Қасым ханның есімі алғаш рет аталады және оған белгілі сұлтандар мен бахадурлардың бірі деген баға беріледі, Бұрындық ханның атты әскерінің жетекшісі екені атап көрсетіледі. Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, шет жерде дүние салады да, Қасым хан билікті біржолата өз қолына алады. Қасым хан билеген кезеңде қазақтар мен Шайбани әулеті арасында Сырдария маңындағы қалалар үшін қақтығыстар мен соғыстар одан әрі жалғасты. 1510 жылдың қысында Шайбани хан әскері Ұлытау бөктерінде отырған Қасым хан ұлысына шабуыл жасайды. Оларға күшті тойтарыс бере алмайтынын білген Қасым хан шегіне отырып, тұтқиылдан шабуыл жасап, дұшпанын тас-талқан етеді. Сол жылдың соңында Шайбани хан Мерві түбіндегі Хорасанда Иран шахымен шайқаста қаза табады. 1513 жылы Қасым хан Қараталда отырған кезде Сайрам билеушісі Катта-бек қаланы Қасым ханның билігіне берді де, оны Ташкентті билеп тұрған Шайбани Сүйін Қожаға қарсы аттануға көндіреді. Сол жылы жазда Моғолыстан ханы Сұлтан Саид Ташкентке бірлесіп жорық жасауды ұсынады, алайда Қасым хан бұл соғыстан бас тартады. 1515 жылы Сұлтан Саид Шығыс Түркістанға кеткен соң қазақ хандығының Жетісудағы билігі нығая түсті. Батыста оның қол астына Ноғай Ордасынан кеткен рулар мен тайпалар келіп қосылды. Хандықтың шекарасы Оңтүстігінде Сырдарияға дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың едәуір бөлігін, солтүстік-батысында Жайық өзені аңғары мен солтүстік-шығысында Ұлытау және Балқаш көлінен өтіп, Қарқаралы тауларының сілімдеріне дейін кеңейді. Халқының саны 1 миллион адамнан асты. Оның тұсында қазақтар Батыс Еуропаға дербес этникалық қауым ретінде танылды. Сыртқы саясатта Қасым хан Сырдария бойындағы қалалар үшін Шайбани әулетімен күрес жүргізіп отырды. Осыған байланысты қазақ басшыларының маңғыттар және моңғолдармен одақтық байланысы қалыптасты. Қасым хан өзінің билік құрған кезеңінің басында Сайрам қамалын алды, Мауреннахр қамалын басып алуға біраз әрекет жасады. Қазақ хандығының орыс мемлекетімен елшілік байланысы басталды. Түрік басшыларымен жазысқан хаттарында Қырым ханы қазақтардың батыс бағытындағы иеліктерінің кеңейіп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Қасым хан билігінің соңғы жылдарында қазақ билеушілері мен шайбанилердің өзара қатынастары шиеленіскен қалпында қала берді. 1516–1517 жылдары қыста Шайбани әулетінің сұлтандары күш біріктіріп, қазақтарға қарсы жорыққа шықты. Қазақтардың Қасым ханның қасқа жолы дейтін белгілі заңдары Қасым ханның есімімен байланыстырылды. Аталмыш заң ел басқару ісінде қолданылған. Негізі орта ғасырларда Қыпшақ, шағатай ұлыстары қолданған ярғу заңынан (қазақша жарғы — хақиқат деген ұғымды білдіреді) алынған. Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеген. Тіпті шариғат қағидасын мығым ұстанған отырықшы аудандар да Қасым ханның қол астына өткен соң, әдет-ғұрыпқа сүйенген қазылық биліктерге жүгіне бастаған. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтаған. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жоралар, қазылық билік, т. б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет-ғұрыптық жарғыны жаңғыртып, күшейткен. Бұл заңға енген ережелер: 1) мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы); 2) қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу); 3) әскери заң (аламан міндеті, қосын жасақтау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат); 4) елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық); 5) жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекауыл, тұтқауыл міндеттері). Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, Қасым хан 1518 жылы өлген. Ал Тахир Мұхаммедтің Рузат ат-Тахирин атты еңбегінде Қасым хан 152324 жылдары өлген деген дерек келтіріледі. Қыдырғали Жалайыридың айтуынша, Қасым хан Сарайшық қаласында қайтыс болған.

Санат: KZ портал Қазақша Рефераттар жинағы


Скачать


zharar.kz