Жел жалауды желбірет

Скачать



Жалпы ақындық қасиет адамға ерте қонатындығы, әдетте өлең шығару жас кезден басталатыны дүйім жұртқа мәлім факт. Бірақ сондай дарынға түрткі болатын игілікті жайт-ойы мен көңілін қозғар орта болмаса, оған қандай да бір жағдай жасасаң да, одан шығар нәтиже шамалы.
Ілиястың өскен ортасы да, өмір кешкен қоғамы да оның ең алғаш қалам тартып, ақындық жолға түсуіне түрткі болған, дарынын, ішкі талант құбылыс-қасиетін ашқан, әсемдік әлеміне жетелеген –Жетісу табиғаты мен өзінің туып-өскен жерінің сұлулығы. Әдетте, сұлулыққа тәнті болған адам ғана құштарланады, іңкәрлік сезімге бөленіп, толғанысқа, қиял-сезімге бой ұрады. Бұл жайтты Ілияс та басынан кешірген. Бойындағы сезімтал қасиеті оның ойын сан-саққа жүгіртеді, қинайды, әбден қалжырап, бәлкім қасындағы өзін сезетіндей адам табылмағасын қолына қалам алуы да ғажап емес. Алғашқы өлеңдерінің бірінде былай деп жырлайды:
Ащы көңіл,
Тұщы өмір,
Төсек –темір, бар ма дос?
Қайғы баптап,
Ойды шақтап
Сырғанақтап жүрмін бос.
( Шам-шырақ)
Немесе:
Жел жалауды желбірет! деп, ішкі дерттті қалай шығаратын білмей дал болады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ілиясқа жас, албырт кезінде табиғаттың сұлу көрінісі ерекше әсер еткен. Табиғатқа іңкәрліктен туған балғын жырлары айналадағы тылсым сәт пен жарқыл қаққан өмір көріністерінен туса, кейінірек эпикалық шығармаларға батыл ауыз салады.
“Ілияс поэзиясындағы мөлдір арнаның бірі - табиғат лирикасы”- дейді, академик Р.Нұрғалиев өзінің “Арқау” атты монографиялық еңбегінде. “Туған жерін, елінің тау-тасын өзен – көлін беріле сүйген патриот ақын қоршаған ортаның ғажап сұлулығынан өз шабытына нұр алып, сан алуан бояулары буырқанған ғажап суреттер салды. Бұлардың ішінде нақты географиялық адресі танылған (“Ағынды менің Ақсуым”), табиғаттың бір сурттегі көрінісін бейнелейтін (“Ақшам”, “Бұлт”, “Желді күн”, “Жазғы таң”),құбылысты көз алдыңа әкелетін (“Жауында ”, “Жел ”, “Тас”) сан алуан үлгілері бар. Натюрморт, этюд, эскиз сипатындағы туындылардағы ойлар, символдық бейнелер, ишарат образдар философиялық идеяларға жетелейді, көп мағыналы сарын- әуездерді тудырады”.
Шынында да ақынға суреткерлік, қылқалам шеберлігі секілді қасиетке ие болмай, ірі полотно жазу мүмкін емес. Ілияс өз бойындағы осы бір буырқанған қасиетті ауыздықтай ала алды ма?
-Жоқ !
Шынайы дарын тірі, көрікті табиғатты сезіне отырып оның тылсымынан шыға алмастан, оны мүмкін-қадірінше одан әрі игергісі келетіндіктен, қаламын сілтей берді.
Қазақ ортасында өлең өнері ертеден-ақ ерекше орын алды десек, табиғатты жырлау кенже қалған тақырыптардың бірі. Ілияс мұны сезінбеуі мүмкін емес. Сезінді де, осы тақырыпқа ерекше ден қойды.
Ілиястың табиғат лирикасына орай жазылған қай өлеңін алып қарасаңыз да, ондағы стил өрнегі, қаламгерлік дара тұлғасы айқындалып тұрады.
Өлеңіндегі эпикалық кеңдік, теңеу, эпитет, метафора, градация, эпифора, анафора байлығы оның поэзиясындағы негізгі белгілері десек, одан халықтыќ, фольклорлық леп ескендей сезіледі. Олай болуы заңды да. Халқымыздың құт- берекесі дарыған, көне заманнан даналық пен ақындық мекені болған Жетісу жерінің перзенті Ілияс бала күннен бастап өлең мен жырдың қойнауында туып, сонда өсіп-өркендеген. Нәтижесінде, нағыз халықтық пафоста, танымдық-білімдік тұрғыдан берері мол, этнографиялық ғылым саласына жақын жазылған өлеңді оқып тамашалайсыз.
Ақ үйге алты қанат келсем кіріп,
Босаға, маңдайша мен табалдырық,
Кереге алты жапсар, алпыс уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.
Құр, таңғыш, басқұр, арқан, екі аяқ бау,
Төрт ірге, есік жабық, ши туырлық,
Он бес бау ішкі-сыртқы белдеу, желбау,
Тұскиіз көрпе, көпшік, шай шымылдық
Текемет, жастық, шапан, кілем, сырмақ,
Алаша, бешпет, көйлек, сәлі бөрік,
Самаурын, үстел кесе, шәйнек, шәугім,
Дөдеге, сандық, кебеже, ақ түндік...
Бұрын-соңды мұндай өлең жазылмаған. Бұл қазақ поэзиясындағы жаңа серпін, жаңа үрдіс.
Бұл-өлең үлгісін Ілияс жас шағында жазған. Қазірде ұмытыла бастаған үй- жабдығын өлеңмен өріп, атауын атап, түсін түстеп беру Ілияс шығарамларын ерекше ажарландырады. Осы тұрғыда жазылған өлең үлгілері Ілияс поэзиясында кейінгі кезеңдерде берік орын алған.
Жетісу суреттері өлеңі Ілиястың ең айшықты шығармаларының бірі. Өз тұрғысында М.Әуезов бұл шығарманы бағалап, былай деген еді: Мен Ілиясты бұрын білуші ем, өлеңдерін оқып жүретінмін. Бірақ оның шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол Жетісу суреттері өлеңін оқығаннан кейін дейді. Жетісу суретінде ақын 52 тіршілік иелерін атап өтеді. Өлең жолдары былай келеді:
Мінеки. Алатауға біткен торғай:
Қара, боз, суық, бұқпас, сипті, шымшық,
Шапшақай, майлық, маубабұқа, шөже,
Тоқылдақ, сан–сапалақ атаулысы...
Ал аңдар атаулысы: сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан, қасқыр шибөрі, қарсақ, сусар, бұлғын, жанат таутеке, арқар, қарақұйрық, суыр, марал т.б. Жыртқыш құстар: тазқара, балтажұмар, құмай жұртшы, су бүркіт, лашын, тұйған, тұнжыр, тынар, мықи, ителгі, бәрпі, қырғи, тұрымтай, бидайық, бүркіт, тығанақ тағы басқа да құстар мен қазірде ұмыт болған ағаш-шөптердің атаулары өлеңде ерекше жарасым тауып, табиғи түрде орын тепкен.
Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
Ақ сасық, қызыл қайың, барша, шынар.
Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,
Үйеңкі, сырғай, балғын, тораңғылар,
Сарыағаш, түйеқұйрық бауыр құрттар,
Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,
Сықылды ағаштардың талайы бар... - деп, Жетісудың бай, шүйгін табиғатын жырға қосады. Тегінде, Жетісу суреттері, Жалпы сын, Тау суреті, Жетсудағы су суреті, Жетсу жәндігі, Жер түгі,тәрізді бес бөлімнен, 333 жолдан тұратын көлемді туынды. Бұл шығарма асқан шебердің қолынан шыққан, құлпырып жайнаған, ерекше пафоспен жазылған қазақ поэзиясындағы еш қаталанбас құнды поэзиялық мұра.
Қазақ әдебиетінің құнарлы саласының бірі - поэзия болса, Ілияс сол құнарлы салаға бар күш-қуатын сарқа жұмсаған алпауыт ақынның бірі.
В.Г.Белинский Пушкин мен Лермонтов поэзиясына орай Бүкіл әлем, гүл, бояулар, дыбыстар, бар жаратылыс, барлық өмір-поэзия дүниесі, осы құбылыстарды құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар поэзияның жаны мен тетігі. Поэзия - әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы мен сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні- десе, бұл анықтамаІлиястың да поэзиясына қатысты айтылған сөз. Олай болатыны- жоғарыдағы атап өткеніміздей, Ілияс поэзиясы бастан-аяқ қазақтың халық әдебиеті мен халық тілінен нәр алып дамыған шығармашылық десек, оның тағы да бір қайнар бұлақ көзінің бірі-классикалық орыс әдебиеті. Бұл бұлақтан өз тұсында әуелі ұлы Абай сусындаса, сол Абайдың сан-салалы поэзиясынан Ілияс та үйреніп, өзіне тәлім алған.
Кейін жиырмасыншы жылдары Пушкин, Лермонтов, Крылов, Державин, Некрасов т.б. ақындардың шығармаларымен көбірек шұғылдана отырып, олардың бірқатарын қазақ тіліне аударады. Сонымен бірге әлем әдебиеті классиктері Гюго мен Гейне, Гете, татар ақыны Ғ.Тоқайды, тәжік ақыны К. Лахутиді және басқа да дүние жүзі поэзиясының өкілдері мұраларының қыр-сырына үңіліп, одан үнемі үйреніп, үлкен ізденіс жасағаны Ілияспоэзиясының диапазонын кеңейтті.
Ілияс Жансүгіров поэзия әлеміне жастай келді десек, атап өткеніміздей, балғын, талапкер шағында Абайдың поэзиясы оған ерекше әсер етті. Әйтпесе, Ілиястың жас шағындағы Құтырған күндеріндегі өлеңдері әр-әр жерде айтылған жерінде қалып, көп мұралы сақтаусыз шашылып қала берген. Сол өлеңдерінің алғашқыларының бірі Балдырған атты жинақ дәптерінде енген Абайдың әсерімен жазған өлең нұсқасы төмендегідей келеді.
Салды бұлақ енді әнге,
Құйқылжытқан келді әнге.
Тау мен тас мұңданып,
Арғы мен салды бергі әнге.
Ағаш, тоғай қуанып,
Әкетті ертіп жерді әнге.
Жан-жануар таңырқап,
Тамсандырды елді әнге.
Тоқсан толғап қайырып,
Тоқтады барып әреңге... - деп жырлайды. Мұнда не ұйқас, не форма, не өлең өлшемдері сақталмаған. Бұл Абайға дейінгі өлеңдері. Бұдан кейін, өзі айтқандай, ... Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-қайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік,сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды, Келсе де келмесе шұқылып, өмірді өлең қыла бастадым...-дейді.
Ақын поэзия әлеміне 18 жаста келеді. Оны дәлелдейтін мына факт. 1958 жылы Қалижан Бекқожин Халық өмірінің өрен жыршысы деген мақаласында: Біздің әдебиетшілерімізІлиястың ақындық өнер адымы 1919-1920 жылдардан басталды деп келді. Бұл қазір теріске шықты. Алматының Пушкин атындағы көпшілік кітапханасының архив қорынан жуықта ғана табылған Ілияс Жансүгіровтің өз қолымен жазылған екі өлең дәптері ақынның өлеңді 1915-1916 жылдардан бастап жазғанын дәлелдейді.
1986-1988 жылдар арасында баспа бетін көрген Бес томдық шығармалар жинағында ІлиясЖансүгіровтің бұл томында ақын өлеңдерінің жазылу хронологиясына қарай жасалумен байланысты, оның Күзгі гүлге өлеңімен ашылып отыр. Бұған дейін Ілияс Жансүгіровтворчествосы 1915-1916 жылдардан басталады делініп, келсе, ақынның Қазақ ССР Мемлекеттік архивіндегі өз қорынан табылған (№37 папка, 127-бет) осы өлеңі ол пікірді өзгертіп, оның творчествосының бұдан гөрі сәл ілгеріректен басталатынын дәлелдеп отыр. Бұл ақынның өз қолымен жазған Балдырған және Қызыл жалау атты өлең дәптері. Яғни, сол дәптерінде жоғарыдағы аталған Күзгі гүлге өлеңі 1912 жылы жазылған . Ал баспа бетін тұңғыш рет 1917 жылы Сарыарқа газетінің 15-сі мен 22 тамызы күнгі Тілек және Сарыарқаға деген атпен жарық көреді. Ілиястың бұдан кейінгі шығармалары баспасөз беттерінен жиі шығып, творчестволық өсу эволюциясы басталады. Осы кезеңдегі поэзияның денін былай деп көрсетеді: Мен төңкерістен әрі жерде хат шығарып, қисса оқудан артық сауатым болмаған ауыл наданымын. 1917 жылдың тұрғысындағы бостандық пен көбейе бастаған газет-журналдар мені үлкен жазуға еліктірді. Еліккенен еш нәрсе шығара алмадым.. 1921 жылы Жас Алаш газетінде 22 мартта шыққан Жас замандастарға деген бас мақала менікі және сол нөмірде Жалпы жасқа деген өлеңім де басылды. Менің алғашқы баспасөзге шыққан, бірінші шыққан мақалам осы-дейді.
Жоғарыда аталған Сарыарқа газетіндегі басылған жырларын атамағаны ол өлеңдеріне көңілі толмаса керек. Бұл Ілиястың әлі де болса ақындық шеберлігі толыспаған, өзіне сенімсіздеу, сыни көзқарас танытатын тұс.
Осы кезеңге орай Әбділда Тәжібаев Ілияс поэзиясы жөнінде төмендегідей тұжырым ұстанады:
Біздің байқауымызша, мүмкін үстірт те болар, Ілияс Жансүгіров лирикалары үш басқышқа бөлінеді, әрине шартты түрде: Бірінші басқыш: Ілиястың әлі өзін таппаған, өзгелерге көбірек ұқсайтын тұсы.
Екінші басқыш - Ілиястың өзін-өзі таба бастаған, бірақ ақындық мәдениеті жетіспегендіктен өлеңдерінің әрі шұбарлаң, әрі шұбар тұсы.
Үшінші басқыш-Ілиястың жас жағынан да, өнерлілік жағынан да толыққан, өлеңінің түрі мен мазмұнын келістіре тауып, лирикалық жырларына эпикалық қуат берген тұсы,-дейді.
Ілияс әр тұста да өз творчествосына аса жауапкершілікпен қараған болса, Ә.Тәжібаевтың көрсеткенідей, алғашқы басқышта Әлі өзін таппаған, өзгелерге ұқсайтын кезеңді басынан өткерген. Бойындағы қасиеті - қаншама білімі биіктеп, өлең жырлары мен шығармаларын халық сүйсініп оқып, құрметтесе де өзіне көңілі толмаған. Үнемі өзіне сын көзбен қарап, туған әдебиетіне де жанашырлықпен сезімін әрдайым айқындап отырады. Енді бір 7-8 жыл өткесін өз-өзіне келген ақын сол тұстағы әдебиетте белең алған дөкір социализмнің оралымсыздықтары, кезең идеологиясын жақтаған шикі, талғамсыз шығармалар туралы ойына қаншама тұсау салса да, қажетті жерде аяусыз сын айтатын сәт те туады.
... Бірқатар құрғақ жасасындар , рапорттар жазылады. Колхоз, совхоз, тракторды жалпылап, жасасындар, науқан жайында өлеңмен үлкен рапорттар, ұзын-ұзын поэмалар мен баталар беріліп жатты. Оны ел сүйсініп оқыған жоқ, қайта жүрегін айнытты.
Сөйтіп, біз сол екі жылда, 1930-1932 жылдың ішінде әдебиетіміздің, әсіресе өлеңдердің құнын арзандатып, сапасын төмендетіп алдық. Менің Социалдық ауыл, Сәкеннің Социалистан, Сәбиттің Көмір-коммунизм, Алатаудың алыбының қақ жартысы, Бейімбеттің Рапорт, Қалмқанның Екпінді, Асқардың Құрылыс, Мәжиттің Құрылыс жыры, Социализм жыры деген жинақтары, Тайырдың Коммунизм таңы, Ғалымның Балға-орағы, Доңғалағы, Исаның Колхоз, Совхоз, Жақанның сол жылғы өлеңдері, Өтебайдың Ақ алтын, Қара алтындар тағы басқалар-сапасы төмендеген шығармалардың белгілері. Бұларда адамды жырлаған мазмұн, тартыс жоқ, тек жалпылау Көп жасасын болды. Адамды көрмей, ауылдан қашып, тек трактор, аэроплан, бесжылдық, деп жалпыларп, жауыр поэманы көбейтіп алдық.
Поэзияда әлі жемісі көркем, тілі бай, мазмұны күшті үлгілі өлеңдер жоқ. Қызықты тартыс жоқ. Өлеңге жан бітіретін лирика жоқ.. деп, құрдас қаламгерлердің көркемдік кемшілігін жасырмай ашық айтады да, әдебиет сыншысы есебінде қаламы уытты екенін танытады.
Көздеген мақсаты - қазақ әдебиетінің жарқын болашағы, шығармалардың көркемдік аясының кеңеюі, образдардың айқын ашылуы, реализмнің кең өріс алуы, жалпы әдебиеттің дамуын жеделдету еді.
Ілияс-өзінің әдебиет әлеміне келіп, өмірінің соңына дейін 20 жылға, творчестволық кезеңіне дейін күшін сарқа мол еңбектенген қаламгер. Ілияс-өз заманың көкейтесті кез келген әлеуметтік мәселелерге үн қосып, өз дәуірінің болмыс - бітімін жан-жақты бейнелелеп, жырлап өткен ақын. ХХ ғасыр басындағы қазақтың ағартушылық-демократиялық бағыттары қаламгерлердің оқу-білімге шақырған идеялық ой-толғамдарына ұқсас Жаңылғаным, Талғамалар, Маңым, Жыбырлық, Замандасқа атты өлеңдерінде төңкеріске дейінгі надандық пен жоқшылықтан шығар бір жол - оқу-білім екеін айтып, сонымен қатар адами - моральдық мәселелерге ден қояды.
Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас!
Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас!
Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң,
Теңдік тиер, ешкім күйе жаға алмас!-
Жыбырлақ өлеңінде де қазақ ішіндегі жаман әдеттен ада болуға шақырады.
Сынға салдым
Шынға салдым,
Жас талапкер өзіңе,- деп, одан арғысын әр жастың өз таңдауына береді. Ортаға ұран, үміттік әуез сарындас өлеңдерінде де ел теңдігі үшін жан аямай күресуге, әлеумет пен қоғам ісіне адал, белсене араласуға шақырады. Бұл тұрғыдағы шығармаларға Жастар ұраны (1922), Тілек (1922), Жанар тау (1922) т.б. өлеңдері жатады.
Әйел-еркек, жалпы жас!
Көтеріл, көрін, көзіңді аш!...
Топтал, тұтас, туғандас!
Жасасын еркің! Жоғалмас.
Жамырас, үлес, жалпы жас,
Қосыл, қозғал, қоғамдас!
Ақын ертеңгі болашақты бүгін ойлау қажет деген идеяны жастарға арнайды. Жарқын күнге жету үшін, өмірде өз жолыңды табудың қажет десе, бірде өз жолын әлі таба алмаған, алдына мақсат қойған жеткіншектерге Жастар, Саналы жастарға, Баласынан анасына хат, Оқимын деген өлеңдер тобын жазады.
Қазақстанда кеңес өкіметі орнаған алғашқы он шақты жылдың ішінде күннен-күнге, жылдан-жылға үздіксіз өсіп, жетіліп келген қазақ әдебиетінің сан-саласы тақырыптарының бірі төңкеріске байланысты жырлар. Ол кездегі қазақтың жазушыларының бұл тақырыпты жырламағаны жоқ. Қазақ өміріндегі барлық өзгерістердің негізі Қазан революциясы екенін сезінген жас Ілияс, нендей тақырыпты алса да, оны сол төңкеріс тұрғысынан қарастырып тұрады. Бірақ бұл тұста жас қаламгерде айналадағы болып жатқан өзгерісті толық танымағандықтан, онша терең түсінігі болмауынан, сонымен бірге творчестволық тәжірибесінің аздығынан кейбір кібіртік, сенімсіз аяқ алысы да байқалады. Бұл жолда оның поэзия талаптарын толық түйсінбей, екпінді сөздерді бірінің үстіне бірін тоғытып, жарқыл мен жаңа леп тұрғызуға дыбыс екпінін ойнатуға күш салады.
Тілі қаншама бай, ақындық қуаты аса мол бола тұра, өлеңдерінде композициялық бостандық пен ой үстірттігі аңғарылып қалады. Мәселен, 1924 жылы Желді күн атты өлеңінде әмеңгерлік салт бойынша еріксіз шалға тигелі отырған жас әйелдің жан-күйін суреттеу үшін ақын күңіренген желге шулаған шөп, ызылдаған бұтаны қосып, өлеңге эмоциялық реңк сапары созылып, көркемдік қасиеттен айрылып қалады.
Жел мен келіншек жылайды,
Келе ме деп большевик!
Даттап аруақ, құдайды,
Жел де, келіншек теңселеді - деп, ұйқассыз аяқталатын өлең, Ілияс поэзиясына көрік беріп отырған жоқ.
Жас ақын поэзиясында ара- кідік болса да кездесетін тағы да бір жайт лирикалық өлеңдерге жанаспайтын ұғым мен түсінікті ауырлатанын, поэзиялық айқындықтан алыс тұрған сөздерді қолдану, эпикалық жырларға тән кесек сөйлемдерді қолдану, эпикалық жырларға тән кесек сөйлемдерді үстемелей бере пайдалануы өлең ішінде сөздің образдық ... ...


Скачать


zharar.kz