Бұрынғы өткен заманда бірнеше тайпа елге үкім жүргізген Хакім деген хан болыпты. Оның қарамағында алты шаһар бар екен. Қарауындағы алты қаланын ең салтанаттысы, сәндісі Әсем қала деген шаһар екен. Бұл қалаға мешіт медресе, ғылым оқуы деп, екі түрлі оқу орнын салдырыпты. Ғылым оқуын Сандал деген ғалымға бастатып, оның қол астына отыз ғалым беріп, сол тайпадағы бай, ақсүйек молда, қожалардың балаларынан шәкірт жиып беріпті.
Бұл оқудан кедей-кепсектердің баласы оқи алмайды. Оның мәнісі: оқуға келген шәкірт үш мың ділдәні Сандал ғалымға беруі керек екен. Ол ақшаны шәкірттердің киім, тамағына жұмсайды және оқытушы ғалымдардың еңбек ақысына береді. Үш мың ділдәні кедейге кім берсін, кедей балалары бұл мектептен оқуға шамалары жетпейді.
Хакім ханның Самат, Салауат деген екі баласы да осы мектептен оқитын еді. Хакім хан әуелде балаларын медреседе оқытпақ болса да балалары ғылым оқуын оқимыз деп тілеп болмаған соң қалаған оқуын оқытуға Әсем қаласына жіберіпті.
Әсем қалада, Бақты деген жесір кемпір өмір сүреді екен, оның Қасен деген ұлы болыпты. Қасен бір жасқа толар-толмасында әкесі қайтыс болады. Жетім бала, жесір әйелде, мынадай дерлік дәулеті болмағандықтан, Бақты кемпір баласын көтеріп жүріп, өлмешінің күнін көріп, он екі жыл өмір өткізіпті. Сорлыға сойыл бұрын тиеді Бақты кемпір, топ ауруға душар болыпты да, енді қайыршылық Қасен баланың мойнына түсіпті.
Күндерде бір күні, Қасен бала, қайыр сұрау үшін көшеден көшені аралап келе жатып, ғылым мектебінің сарайының жанына келгенде, кітап ұстап отырған балаларға көзі түседі. Терезеге жақындап келіп, іштегі балалардың әрекеті мен ғалымның үйретіп жатқан сабақтарын қызықтап, қайыр сұрауды ұмытып терезе алдында күн батырыпты.
Кешке үйіне бос, келіп, шешесі екеуі аш қалыпты. Ертеңінде Қасен тағы қайыр сұрауға шыққанымен, кешегі балалар оқып отырған үйдің терезесіне барғысы келіп қайыр сұрауды қойып ынтызары терезе болып, тағы келіп күн батқанша тұрады.
Қасен таңырқап ғана тұрмай, ғалымның балаларға үйретіп жатқан сабағы, балалардың ғалымға қайырған жауабынан терезенің сыртында болса да бірде-бір сөз қалдырмай құлағы шалғандарын жадына сақтауға ынта салыпты.
Қасеннің екі күнді тапжылмай, терезе алдында тұрып өткізгенін Самат пен Салауат таңырқап:
— Дәуде болса осы баланың бір сыры болуы керек. Болмаса бір елден келген жансыз шығар – депті Самат ағасына.
— Далаға шыққан соң, ұстап алып ғалымға апарып берейік, – депті Салауат.
Осы қарсаңда, балалардың тарайтын сағаты да болып кетіп, Самат пен Салауат жүгіріп терезе алдында тұрған Қасеннің жанына ентігіп тұра қалысып:
— Сен қайдан, не іздеп, терезе алдына жабысып қалдың? Кеше кешкісіне дейін, ал бүгін де. Бұйымтайың болмаса бұл жерде не хақың бар?! – деп екі жақтан тиісе сөйлепті ханзадалар.
— Тақсыр ханзадалар! Менің бұл арада еш жұмысым жоқ. Қайыр сұрап күнімді көріп жүрген бейшара едім. Терезенің алдына екі күн ұдайы тұрғаным: оқу деген не екенін білмек түгіл, естімеген едім. Алғаш келгенде сіздерді тамашаладым, сонан соң, сіздерді оқытып тұрған ғалымның үйретіп тұрған сабақ пәндерін тамашалап, соның қай бірін жадыма сақтап, жалғанның қызығы екен ғой, – деп ойға батып, осы арадан кетейін десем де, ынтам тартып кете алмай, керім кетіп тұрған жайым осы еді – депті Қасен мұңайып:
— Өтірік айтпа! Сен қайыр сұрап күн көріп жүрген болсаң, екі күн осында тұрар ма едің. Сонда тамақты қайдан тауып ішіп күн көрдің? – депті ханзадалар.
— Тамақтан да сабақтың нәрі күшті екенін білдім. Амалым қанша аштығыма қарамай, бір ауыз болса да білімді тыңдағым келді. Асырауымда өзі кемтар шешем бар, ол кісі де екі күннен бері аш, – деп таусыла сөйлепті Қасен.
— Бізді олай алдай алмайсың. Сен бір жерден келген жансыз болуың керек. Жансыздар айлалы, мүсәпір, сиқыр болып кететінін жақсы білеміз. Ал сен, кешеден бері ғалымның бізге үйреткен сабағын түгел ұғып тұрдым дедің, сол бізге берген пәндерді айтып берші, – депті ханзадалар.
Сонда Қасен өзі келіп терезе алдында тұрғаннан бергі өткен пәндерді заулатып айтып шығыпты. Тіпті ғалымның үйреткендерінің кейбірі естерінен шығып кеткен ханзадалар Қасен айтқанда естеріне түсіп, баланың зеректігіне таң болыпты.
Дегенмен Салауат, айтулары бойынша ғалымға алып жүрмек болып тұрғанда інісі Самат:
— Сен бүгін үйіңе қайт. Екі күндей тамақ та ішкен жоқ екенсің, мынаған тамақ алып іш! – деп он ділдә ақша беріпті де, Қасенді үйіне жіберіпті.
Былай шыққан соң Самат ағасына:
— Осы бала жансыз болса да оңай жансыз емес. Қайтсе де бір текті адам екен. Ертең қайта келгенде, тағы сынап көрейік. Ол туралы маған тағы бір ой келіп тұр, соны істелік! – депті.
Қасен асхана жеріне келіп:
— Бір ділдәға тамақ берші! – депті. Асхананың тамағы арзан ба, әлде ақшаның бұлдылығы ма, әйтеу шешесі екеуіне он күн боларлық азық алып лашықтарына келіп, анасы екеуі сол күні өмірінде бір тойған сияқтанып әлденіп ұйықтап қалыпты.
Ауру кетсе да, әдет кетпейді, Қасен күндегі әдетімен тағы не ілінеді деген оймен көшеге шығыпты да, қызықты терезесіне ынтасы ауып болмаған соң, тағы келсе Самат пен Салауат күтіп алдында тұр екен.
Екі ханзаданың іздегені де сол болса керек, Қасенді оңаша жерге алып барып:
— Ғалым үйреткенімен біз ұға алмай жүрген бір сабағымыз бар еді, сол кітапты біз оқиық, сен тыңдап ал да бізге ұғындырып айтып берші! – депті Қасенді сынағылары келіп. Қасен:
— Мен сіздердей оқыған адам емес, мән мағынасына жете алмасам кешіріңіздер! Бірақ айтып көріңіздер, – депті. Самат кітапты заулатып оқи беріпті де, Қасен ретінде маңдайын алақанына сүйеп, көзін жұмып төмен қарап тыңдап отыра беріпті.
Бір заматта Самат:
—Осы да аз болмас, кәнеки, айтып жіберші! – депті.
— Тақсыр ханзада! Неге тоқтадыңыз! Айта беріңізші, ұғуға қиыры көп болғаныменен қисынды қылығы көп тамаша сабақ екен, – депті қайыршы бала Қасен.
— Жарайды ондай болса, құлағыңды тоса бер! – депті де Самат ары қарай заулатып оқи беріпті. Бір заматта Самат:
— Ал енді осыны бізге түгел ұғындырып берсең, біз сені қырық ділдәмен сыйлайық, – деп тоқтайды.
Қасен алдымен кітаптың сөзін сол қалпымен айтып берген екен, ханзадалар жақсы ұға алмапты. Сонан соң, кітаптың түйін-түйінінен бөліп түсіндіру үшін түрлі мысалдар келтіріп, түбін қаза сөйлеп берген екен, ханзадалардың көкейіне қона кетіпті. Басқадай өздеріне ұғылмай жүрген бірнеше сабақты оқып берген екен, ол былай деген сөз – деп ол сабақтарын да ханзалардың миына құйып беріпті. Сонан соң айтқандарынан қайтпай, қырық ділдәларын беріп:
— Ертең тағы кел! – деп үйіне жіберіп, былай шыққан соң Самат, ағасы Салауатқа:
— Мына бала менің ойымша тыңшы да, жансыз да емес! Тек жоқшылыққа байланып аяғына тұсау түскен пақыр екен. Шіркін бізбен бірге сабақ оқыса, Сандал ғалымның орнына кешікпей-ақ отырар еді. Амал не, құдай сүйіп жаратпаған соң, соры қайнап дүниеден өтеді-ау есіл, – депті. Онан соң аз үндемей отырыпты да:
— Осы баланы екеуіміз амалдап, оқуға кіргізсек қайтеді. қалай ойлайсың, аға? – депті Самат.
— Үш мың ділдәсіз оқуға алмайды, ал оны біз төлесек, қазынаны орынсыз шаштыңдар деп атам ұрса беретінін өзің білесің емес пе? – депті ағасы.
— Атам ұрсатыны шын. Бірақ осы бала оқып жетілсе, атама да, халыққа да пайдалы адам болар еді.
— Ал оның да болсын дейік! Бұл тексіз қайыршы емес пе. Сандал ғалым оқуға алмайды ғой. Оған не амал істейміз?
— Ол оңай! Әкеміздің бір жақынынан бауырына салып алған баласы еді, оқуға кіргіземіз, – деп ертіп барсақ, Хакімнің баласымын дегізіп ақшасын біз бере салмаймыз ба?
— Атамнан сыр жасырғанымыз күнәкершілік болмай ма?
— Онда қандай күнә тұр? Мұндағы ел біздің туысымыз деп ұғады, ал атам басқа тағы бір Хакімнің баласы екен деп ұғады да аман-есен сабағын тауысқан соң өзінің әкесінің баласы болады да шығады емес пе! – депті Самат.
— Ал жарайды, төлеген ақшамыз зая кетпесе болды, – депті ағасы да көніп.
— Асыл пышақ қында тегін жатпайды – деген ғой. Ақша зая кетеді екен деп алаң болмайық. Түбі қайырлы болса болды аға!
Самат пен Салауаттың кеңесінен кейін ертеңінде күн жадысы жұма-демалыс екен. Оны білген Қасен жоқ, күндегі дағдысымен баяғы терезенің алдына келген екен, екі досы алдынан тосып алыпты да үшеуі бірігіп тоғай ішіне саяхаттап күнібойы жүріпті. Бір бұлақтың жағасына беті-қолдарын жуып отырып Самат Қасенге:
— Сабақ оқығың келе ме? – депті.
— Әттең ханзада бауырым-ай, оны мендей қайыршыға бұйыртпаған ғой! Сабақ дегенде ынтам үзіліп-ақ тұрады, амалым қанша, қысқа жіп күрмеуге келмейді, күрмеуге келсе де байлауға келмейді деген сөзді бекер айтпаған ғой бұрынғы ата бабаларымыз – депті мұңайған Қасен.
— Достым, сені оқытуға ағам екеуіміз қолдан келген барымызды аямайтын болып ақылдасып келдік.
— Ра па, рас болса дүниеден адал досың болып өтер едім!
— Сенің оқу жолыңа түсуіне қолымыздан келген жәрдемімізді аямайтын болып ағайынды екеуіміз сөз байластық. Осы ойды шығарған Самат. Ол екеуің өмір-бақилық дос болыңдар. Ондай дос болу үшін, ант-серт болуы керек. Сол ант-серт-ті алдымсн орындаңдар! – депті үлкені Салауат.
— Орынды сөз, ал ант-серт жасау жолын достым сен тап! – дейді Самат.
— Олай болса Қан жаласқан туыс, бал жаласқан тату, біріміз үшін біріміз, жан қияр дос болуымыз керек! Сол үшін, – деп, ханзадалар алып жүрген балдан бір тостағанға құйып Самат екеуінің бармағын шетіп қан шығарып, екі бармақтың қанын, жерді шұңқырайтып соған тамызыпты да әлгі шұңқырды топырақпен жауып тастап, тостағандағы балды Самат пен Қасен бөліп ішіп, Қасен өз кеудесін және Саматтың кеудесін жалаңаштап екі жалаңаш кеудені, мәңгі достық үшін деп, үш рет соғыстырыпты.
Бұған таң болған Салауат:
— Осының не маңызы бар? – депті.
— Қанымызды біріктіріп бір шұңқырға тамызып көмгеніміз, өлсек бір шұңқырда боламыз дегеніміз. Бір тостағандағы балды бөліп ішкеніміз, бал жаласқан татумыз дегеніміз. Жалаңаш кеуде соғыстырғанымыз, мәңгі достық үшін жүрек біріктіргеніміз, – депті Қасен.
— Екеуіңнің достығыңа мен де мәңгі тілектеспін. Енді үшеуіміз Ғали саудагерге барып, Қасенді ханзадалардың киімімен киіндіруіміз керек, – депті Салауат.
— Бұл да ақыл екен, – десіп, саудагерге келіп Қасенді шыттай жаңа киіндіріп, Сандал ғалымға келіп, үшеуі ақылдасып алған сөздерін айтып, үш мың ділдәні санап беріп, Қасенді ғылым мектебінің шәкірттікке қабылдатады.
Көңілдері шат болған үш дос Бақты кемпірдің лашығына келіп, істеген іс әрекеттерін ол кісіге білдіріп мұнан былайғы өмір тіршілігі, үшеуінің бірдей міндетінде болатынын айтыпты достар.
— Қарақтарым, ұзақ жас жасап, мұраттарыңа жетіп, жолдарыңа тәңірім жар болғай! – деп батасын беріпті Бақты кемпір.
Бақтының қолынан, үш дос дәм татып шашу жасапты. Қарығы шығып, қапастан босағандай, қайырымды ханзадалардың қатарына ілесіп, тілегі орындалып, қайыршылықтан құтылған Қасен кітап алып ғалым алдына келіп ғылым жолына қадам басыпты.
Зер сала оқыған зерделі балаға келешектің кемеңгері боларсың-ау! – десіп, таң болыпты ғалымдар.
Бастап бір жұма оқығанда, қара танып, кітаптарды өз бетімен оқи беретін болыпты. Барған сайын ақылы кеңейе беріпті.
Қажымас қайрат бітіп, оқыған кітаптарының мән-мағынасын өзі ғана ұғып, тоқып қоймай кейбір терең түсіне алмайтын, ғалымдардың өздеріне түсінік беретін дәрежеге жетіпті.
Қасен осылай бір жыл оқығанда, енді бұған сабақ беретін ғалым саны да азайыпты. Бірақ тоқыраған Қасен жоқ, онан әрі ізденіп, түрлі кітаптар тауып оқып, өз төтесінен сол оқыған кітаптарына байланысты түсініктер жазып өзге балаларға көмек көрсете бастапты.
Ғалымдар өзара кеңесіп балалардың ішінен нашарлау оқитын қырық баланы бөліп, Қасенді оқытушы болдырыпты.
Осылайша Қасеннің бар ісі оңына айнала бастағанда, шегетін жапан әлі болған жоқ дегендей анасы қайтыс болыпты. Анаң өлді дегенше ағар бұлағың суалды деген емес пе, қайғыға душар болған Қасеннің еңсесі түседі. Дегенмен ажалға ара тұрар амал бар ма? Салауат, Самат, Қасен үшеуі бірігіп таза арулап кебіндеп, ақырғы сапарына анасын шығарып салыпты.
Зарланды, қапаланды, қайғырды, не тапты? Ақыры ойланып келіп, алдағы өмірінің өрісіне бет алып, өкінішті тастап, өнегелі өнер талабынан өріс жайып ғылым қиялына құлаш ұрыпты Қасен.
Зерделі жаралған адамның зейнеті теріс кете ме, өз міндетіне алған қырық шәкірті аз күннің ішінде бар баланың алдына түсіпті.
Самат пен Салауаттың үлгерімі кейіндеп болмаған соң өз қарауына алуы арқылы ол екеуі де сабақтарын тәмамдап Салауат әкесі тұратын қалаға әскер басы қызметке орналасып, інісі Самат сол ғылым мектебінің тағы бір оқытушысы болыпты.
Енді Қасен мен Самат бір үйде өмір сүретін болады. Күндерде бір күні, ел жатып көз ұйқыға бара беретін уақытта Сандал ғалым, жашиық намазына ұйып отырып қаза болды, – деп хабар келіпті.
Суық хабарды естіген Самат екеуі де барып, Сандалдың туыс жарандарының, қапалы қайғысын жұбатыпты.
Заманында ол Хакім хан мен көңілдес еді, Хакім ханға да хабар берілді. Ғалымның аруағын сыйлап ол да келіп, жаназаға кірісіп, енді үйіне қайтарында ғалымдар тобына:
— Өздерің кімді ұнатсаңдар, соны бас ғалым етіп алатын қалауларыңды маған хабарлаңдар! – деп кетіпті хан.
Ғалымдар мәжіліс құрып, білімі мол, келешегі кемел және Хан тұқымы десіп, Қасенді бас ғалым болғызуға ғалымдар атынан Хакім ханға мынандай хат жолдапты:
Тақсыр Хан! Марқұм Сандалдың орнына қоятын адамды біздің ортамыздан шықсын деп өзіңіз ризалық берген соң біз барлығымызға ақыл парасаты, өнер-білімі ерекше артық және туысы да аталы тек, ойы қыры бірдей, олқылығы жоқ деп көріп Қасен деген жас ғалымды Сандал марқұмның орнына отыруға лайықты адам деп көрдік. Біздің осы пікірімізді дұрыс деп көрсеңіз, мөріңізді басып келтіріп беруінізді, құзырыңыздан тілейміз! Осы хатты Сандалдың шабарманы Сәуелмен жіберіпті.
Хан көп ойланып жатпай-ақ кім болсада бұрыңғы Сандалдай қайдан болсын. Кімді таңдап жатамын деген ойға келіпті де хатқа мөрін басып беріп Сәуелді қоя беріпті.
Міне Қасен қайыршы осылайша ғылым-оқу орнының бас ғалымы болып, бұрынғы олқы жайларды жолға салып, бұл мектеп елден ерек білім ордасына айнплыпты.
Кедей балаларына ақша төлемей оқитын жол табылып, білімге бас-аяқ бірдей талпынады.
Әсем қаланың Сауық сарайы деп аталатын сарайы болған. Өнерге сегіз қырлы, көздін құрты, көңілдің ынтығы болған, қиылған қас, қарақат көз, қынама бел шебер жасаған мүсіндей сұлу сымбатты Жамал қыз осы сауық сарайында тұрады екен.
Күндерде бір күні Самат Қасенге:
— Аға, бүгін кешке сауық сарайына барайық, – депті.
Екеуі келісіп сарайға келген, сауықтың сапырылып жатқан үстінен шығыпты.
Сол сұлуды көрген Қасен сауық сарайына күнде баратын болыпты. Қасенді көрген сайын сұлудың да жүрегіне ғашық оты түсіпті. Іштей екеуі біріне-бірі ғашық болғанымен сабыр сақтап сөз салу жолы қиынға соғыпты. Ақыры Қасен мынандай бір ауыз өлен жазып би тақтасының үстіне лақтырып жіберіпті.
Сен бір шоқ гүл,
Мен бір көбелек.
Күйіп жанған жүректі біл,
Жалыныңа күйіп өледі! Ғарыбың Қасен
Жамал қағазды алыпты да:
— Мен күнбағыс,
Сен күн едің.
Қосылуға жол алыс,
Гүлім солып жүдедім, – деп әлгі қағаздың сыртына жазып Қасенге қайтарыпты.
Хат мағынасын жорамалмен шешкенде:
Қосылуға арамыз алыс, амалын өзің таппасаң, менде лаж жоқ дегені, – бұл біреудің айттырып қойған адамы екен.
Сондықтан арамыз алыс деп отыр. Осыған жол тапсаң, мен дайын деп айтқан сөзі екен!. Біреудің некелі адамын қалай аламын.
Жанын қыспау үшін оған көрініп қинамайын деген ойға келіп, қайтып сауық сарайының есігін ашпайтын болыпты.
Дегенмен жатса,тұрса Жамал жанын жеп жалыны шарпып, ақыр түбі созылмалы ауруға соғыпты. Ол ауыра бастағаннан-ақ Самат қарауына алып, емші-домшы шақырып көрсетпегені болмапты.
Бірақ Қасеннің қалі барған сайын нашарлай беріпті. Бұл дерті өзіне аян. Басқаларға айтпады. Оның нендей дертке ұшырағанын өзі ойлап табу үшін талпынып ойға батыпты Самат. Осы ағам мектептің мөрін жоғалтып алып, табуға амал таппай ойжады ауру болған шығар! деген ойға келіпті де, бір күні Қасенді жайлап жатқызып тастап, әлгі мөрін сақтайтын камзолының төс қалтасын қарағанда мөр бәз баяғы орнында екен, қолына алып көрмек болғанда, мөрді ораған жібек орамалға ілесіп, бір жапырақ қағаз қоса шығыпты. Қағазды жазып жіберіп оқып көрсе бір бетінде ағасының Жамалға жазғаны, екінші бетінде Жамалдың ағасына қайтарған жауабын оқып көріпті де, Қасеннің дертінің сырын біліпті Самат.
Бірақ не көп, дүниеде Жамалдар көп, Қасым саудагерде Жамал деген қыз бар. Шарапхананың шалында да Жамал атты қыз бар. Тілекбергеннің қызының аты да Жамал. Сейттің Секержамалы бар, ұры Ұнардың қызы тағы Жамал, Күміс кемпірде де бір Жамал бар. Жалақор Жамал дейтін өсекші қатын тағы бар. Оны жқрт Тажал дейді. Міне осы қалың Жамалдың қай Жамалына ғашық екенін табу қиын болғанмен, табу керек. Табылған күнде, дүние малын төгіп алып берер еді. Сонымен Самат сауық сарайына барып келіп Қасенге көргендерін айтып отырып: Жамал туралы кеңесін ерекше сипаттап айтқанда, хал үстіндегі жатқан Қасен басын көтеріп жадырап салғаны Саматқа байқалыпты.
— Сауық сарайына барып келсем қайтер еді, – деп ағасынан рұқсат сұрапты Самат. Сонда Қасен:
— Сауық дегенде адамның сарылған дертіне шипа ма деп ойлап қалдым. Бүгін жақсы сергіп отырмын, – депті.
Дәу де болса сенің ғашығың осы Күміс кемпірдің Жамалы болды деген оймен Самат сауық сарайына келіп Жамалдың ғашықтық әнін тыңдайды.
Қасенге ол қыз туралы көрген білгенін айта келіп, бір ретте салған әнінің қайырмасын ұғып алғанын былай деп қайталапты:
Ғашықтар құлыбы жасырын,
Кілтін адам таппас та!
Жазықсыз жанып асылым,
Буылып дертке жатпас па?!
Жамалдын басқа ән, күйінен осы бір өлеңінің мағынасы терең екен – дегенде Қасен:
— Уһ! – деп қатты күрсініп барып талып кетіпті. Оның кім үшін ауырғаны Саматқа осылай мәлім болыпты.
Қасен есін жиып басын көтерген соң Самат:
—Не сырыңыз болса да менен жасырмаңыз! Не іс болсада екеулесек, ақыл қоссақ бір жөні табылар, – деп жалыныпты.
Сонда Қасен:
— Е, бауырым, базар бірге, бақ бөлек қой! Сенен несін жасырайын, бұл дерт дәл сол Жамалдың күйігінен жабысты. Әй бұған дауа табылмас – деп мұңын шағып, зарын айтыпты.
— Оныңыз қалай? Дүние, малын аламын деседе, ағайынды үшеуімізде бір қызды қалыңмен алатын дәрмен жоқ болғаны ма? – дегенде Қасен күрсініп, Саматтың бетіне телміріп қарап отырып:
— Мәселе қалың малда болып тұрған жоқ қой! Мен бір кезде, осы Жамалға мына бір өлеңді жазып, ғашықтығымды білдіріп едім, – деп баяғыдағы өзінде сақтаулы бір жапырақ қағазын шығарып, өзі жазған өлеңін оқып беріп, менің осы жазған өлеңіме, Жамал мынандай өлеңмен жауап берді:
Мен күнбағыс,
Сен күн едің!
Қосылуға жол алыс,
Менде өзіңдей жүдедім! – деп жазғанына қарасаң, ол маған жоқ кісі болып тұр ғой. Күнбағар деген гүл күнді қандай жақсы сүйеді, күн шыға гүлінің шоғы күн шығысқа қарап, күн батыстағы ұясына барғанша күннің көзіне қарап айланып өседі. Бірақ табиғаттың жаратылуы солай ғой! Күн аспанда, Күнбағар жерде, бұл екі дүниеде бір жақындасу болмайды. Қыздың бұл сөзінен ұққаным: Оның қалың беріп айттырып қойған адамы бар.
Сөйтіп Жамал қолыма түспейтін аспандағы жұлдызбен тең. Онымен бет сөйлессем, оныда отқа саламын, – деп маңына баспай, өз дертіммен өзім жатқан жайым осы. Өгдесем ол екеуіміз қосыламыз ғой. Өйткені біз Хан тұқымы. Бірақ оның айттырған күйеуі менен де ары күйге түсіп дауасыз дертпен өледі де, обалы менде қалады, – деген түйінге келіп жатырмын Самат бауырым! – депті Қасен Саматқа.
Бұл кеңесті естіп, Самат та Қасенге пәлен деп жауап қайырмай өз ойы өзінде ғана болып отыра береді.
Осы қалада Өтен тапқыр деген адамнан асқан шешен сөзге келсе кенеуі мен шенеуін келістіретін, сайтанның өзін азғырып жолдан шығаратын – бір адам болушы еді. Жамалмен ағамды бір қосса, сол Өтен ақылын тауып қосар деген оймен Самат Өтен қуға келіпті де, болған жағдайды айтып:
— Осыған пайдаңызды тигізер деп дәмелі келдім. Кәсібіңіз түзден жаралған адамсыз ғой, әзірше мынаны ала тұрыңыз, – деп үш жүз ділдә беріпті.
Өтен осындай тарыққан адамдардың арасында жүріп, жем іздейтін түлкі сияқты сұмның өзі емес пе. Мынандай таусыла сөйлеген сөзді естіп, үш жүз ділдәні көргенде, атылатын оқ жыландай жиырылып, онда-мұнда бытыраған ойларын жиыстырып, аз кем көзін сығырайтып, ойлана қалды да:
— Істін тізгінін менің қолыма бер де, қоябер ханзадам. Күміс кемпірге күле сөйлеп, бір жақындасам ба... Бұл жағына алаң болма, хабар өзімнен болсын, – деп Саматты үйіне қоя беріп, Өтен қу Күміс кемпірдің үйіне келіпті.
Өтен бекерге қу атанбас еді ғой. Күміс кемпірдің жұбайы өлгелі бес жыл болса да бұрын бата оқып, орнына келе алмағанын сылтау етіп, Аруақтың орнына ақтық – деп сегіз кез ақ мата, Күміске көйлек, жаулық, Жамалға деп орамал, тағы неше түрлі шекер бал, жемістерді қоржынға салып, бата оқырға келген кісі болып, құранды заулата қоя беріпті.
Сонымен өзі де сый құрметке бөленіп қона түстене әңгімелеседі.
Осындай сарқыраған ағыл-тегіл кеңестің бір кезеңінде,Жамал төңірегнінде де сөзге келеді.
Кеңестің келіп қалған бір кезеңінде, Өтен жеңгесіне:
— Есен ағам марқұм, өте момын кісі еді. Осы жалғыз баланы, орынды жерге атастырып кете алды ма? Алдын болжай алды ма жарықтық! – депті.
— Е, ол кісінің момын екенін, өзін де білесің. Әйтеу өзім өлсем, иық сүйеп жан сақтарсыңдар! – деп осындағы Сайыр саудагер дегеннің үлкен баласына атастырып еді, олда орынды жер бола алмады. Жамалдың атасынан кейін, Сайыр да қайтыс болды. Баласы Сәмен де тартымды азамат бола алмады ғой біздің қайнаған сорымызға. Бір аяқ, бір қолынан жан кеткен, жарымжан адам болды. Өзінде табары жоқ. Әкесінен қалған дүние мүкәмалды жатып ішіп тауысуға да тақады. Қалың деп атаған малдан бізге көк тиын бере алмады. Амалым қанша, шалдың тірісінде құдай, құран десіп, өлі-тірі сойып, қолдарын қызыл қанға бояп, ант берісіп, ата жолы мирасын құрған жері, Жамалымның бағына құдай жазған соң қалың берсе де бермесе де босағасын аттатам ғой деп отырмын.
Жамалым қанша, өнер өрені болса да құдай бағын өлшемді қылып жаратқан соң амал қанша! Бермеймін деуге бетім қайсы. Бесігінен құда болып, белгі тағып алыс пен жуыққа әйгілі болған соң қанатым қысқарып, қарайласып ақыл берер ағайын туыс бізде жоқ тарығып отырған жайым ғой қайным!–деп мұңын шағыпты Күміс.
— Оған несіне тарығып шаршап ойлай бересің жеңеше, бір жөні табылар. Алтынды ағашқа жапсырғанмен – алтын қалып ағашы қурап, сәні кетеді. Қола болдыруға лайық бала емес қой Жамал. Құдай деніме саулық берсе, бір жөнін тауып алтын қадірімен өз теңіне қосуды өзім-ақ мойныма аламын. Дегенмен осының жолын тауып, Сәменнен айрылысып жатса, ойлап жүрген жеріңіз бар ма? – Ондайыңыз болса айтып қойыңыз жеңеше, – дейді қамқорсып.
— Е қайным-ай, Жамалдың қара басы босап шығатын күн болса, өздері анталап келгелі-ақ тұр ғой! Бірақ тегіндегі айтқан серт, алысқан қол өлі мен тіріге арнап, сойған малдың қанынан қорқа беремін. Ал Жамалым болса, құдай кем бағалы адамға жолықтырды-ау дегенде кеудесі қақ айырылады. Босағасына барғанда, қандай күн көрерін қайдан білейін. Аз күн болды, өлең жаттап отырмын деп, қайдағы бір сарыла күтіскен ғашықтардың өлеңін айтып, ағыл-тегіл жылайтын болып алды. Өзінің біреуге көңілі ауғаннан сау емес – деп сырын шертіпті.
— Ондай болса бір жөнін өзім ойлап табармын, – деді Өтен қу қамқорсып. Ол Сәменді де өз жаласын өзінен болдырып ақылын тауып, айырып жіберу менің қолымнан келеді.
-Қалай дегенмен де балаңды өмірін өксітпей адам болатын құтты жеріне қондыр жеңеше! – деп жеңгесін өз сөзіне көндіріп істі кешіктірмес үшін Сәменнің үйіне де келіп жетіпті Өтен.
Кеңесті тағы Өтен өзі бастапты:
— Бауырым, сен де жас болып отырған жоқсың! Әкең Сайыр марқұм екеуіміз көңілдес дос-жар едік. Оны айтып отырғаным: – Саған жанашыр екендігімді білдіріп, білген ақылымды айтайын деп келдім. Өзің болсаң денің де сау емес. Кір-қоңыңды жудырып, ас-суыңды дайындап беретін бір адам неге алмайсың. Бүйтіп сарылып, дүниені бос өткізуге бола ма? Нені ойлап, нені күтіп отырсың? Жетпеген кем бағалы ақылың бар ма? Сырыңды айт бауырым, – деп Сәмен үшін жанын отқа сала сөйлепті Өтен қу.
— Айтып отырғаныңыздың бәрі орынды, Өтен аға! – депті сырын ашқысы келіп Сәмен: – Жанашырлық сөзіңізді неге түсінбейін. Түсінем ғой, бірақ амал қанша, жөнелтпеген бақтың жолында, жора мен жосыннан бастап, жоқ нәрсе шырмауықтай оралғы бола беретін көрінеді ғой!
Әкем марқұм тірі күнінде осындағы Есен дегеннің қызына бесікқұда болып, өлі-тірі сойып қолдарын қызыл қанға батырып, құдай құран десіп анттасып құдаласқан екен.Ол кезде менің денім сау, дүние мүкәмал қайда деп, тарығып көргеміз жоқ.Есеннің қызы ержетсін деп жүргенде, Есен өзі, онан соң менің әкем де өлді. Онан кейін құдайдың қырсығы өз басыма тиіп мынандай жарымжан болдым. Әрекет істеп, кәсіп іздеуден қалдым. Әкеден қалған аз дәулетті орнына ұстайтын қай келісіп тұрған туысым тұр!
Қайдағы бақсы-бәлгер жиып емделуге көріне берді. Жанымнан немді аяйын, алтынды аяқтап алдарына төктім дәру болған түгіл, дымымды құртты. Қолдағымды осымен құрттым. Бір жағынан ұры-қары тиді, бір жағынан өрт алды, осымен не керек дән-дәулеттен айрылдым. Әкем марқұм тірісінде Есенмен құдаласқаны болмаса, қалың малы деп көк тиын төлемепті. Қалың малға елу мың ділдә деп келіскен екен, бергені жоқ.
Осымен қалыңы төленбеген қалыңдығымды сұрауға аузым бармады. Ал қайын енем болса, сені ауру демеймін, алдымен сол елу мың ділдәні төле–дейді. Мына кейпіммен қайдан таппақпын!
Оның үстіне Есеннің қызы бекер адам емес, бет біткеннің сұлуы, өнердің қайнар бұлағы. Бақсам мені менсініп келер де емес, келген күнде ерді-байлы адам болып, сол өзіңіз айтқандай кір-қоңымды жуып, ас-суымды оңап беріп отыратын қатын болар түрі жоқ. Алмаймын деуге Аят хадис-тің қасиетінен қорқамын! Әйтпесе соны алсам екен деп ынтық болып отырғам жоқ. Өнерлі сұлу қатын алатын менде қай келіскен кеп тұр дейсіз Өтен аға. Жайым осындай, — деп бар ойын түгел айтып беріпті Сәмен. Сонда Өтен:
— Бата деп аят-хадис, малдың қаны, айтысқан ант дегендерді сол құдайым дені сау, түлігі түгел адамдар үшін жазған ғой! Ал сен болсаң құдайдың өзі берген дертімен мүгедек м болдың. Мүсәпірлік қалге душар болған пәндемнің өтей алмаған парызын, қарызын берімсек: қақысын кешемін деген ғой, – сол құдай тағаламның өзі! Сен мұның бәрін ойлап басыңды қанғыртпа. — Есеннің қызы саған қатын болмайды, оны өзің біліп отырсын! – Қызыңды енді алмаймын, азат! – деп хабарлап, басыңды ашып ал. Өзіңе сай адамға қосуды мен мойныма алайын. Бүйтіп өміріңді өксітпе, – депті.
— Ойбай, Өтен аға, құдай дескен аруақтарды қайтемін. Олардың батасын қайтемін?– депті Сәмен, үрейлі пішінмен.
— Аруақ та біледі сенің мүшкіл қаліңді, аруақтар кеше көр – деп бір тоқтыңды құран оқытып сойып, батасына ана Есеннің кемпірін шақырып, алдағы ет желініп болған соң жиылған жұрттың көзінше: — Мен болсам кем болдым. Енді Жамалдың өмірін өксітпейін деп рұқсат сөзіңді айт. Онан соң қандай адамды алам десең де маған айт. Осылай істе, ақылыңнан адаспа? –деп ақылын айтып, жолай Күміс кемпірдің үйіне келіп өзінің ақылын айтады.
Күміс кемпір:
— Ақылыңнан садаға кетейін қайным. Ырымы ғой, мынаны ала кет! – деп маңлық ішік кигізіп, екі жүз ділдә қосып беріп қайтарыпты Өтенді.
Өтен қу үйіне келіп, тың тыңдап жата беріпті. Арада екі күн өткен соң келіп еді, Күміс сорлының екі езуі екі кұлағында, қайнысын атынан түсіріп ағынан жарылыпты.
— Оу, жеңеше неменеге мұнша қуаныштысың? Иә айта бер жайыңды, – депті Өтен Күміске.
— Садағаң кетейін қайным. Жамалым туғанда осындай бір қуанышқа кенелген шығармын. Онан кейіңгі қуанышым кешеден бергі ғана. Айтқаныңның бәрі орындалды. Алжасқан Сәмен малын сойып отырып, батаны өзі бұзып, Жамалымның басын өзі ашты. Несін айтасың! Осыны Жамалыма айтып келіп едім, кешеден бері өлген әкесі тіріліп келгендей бұрынғы нұры-нұр ма тәйірі! Мүлде гүлдің шоғындай жайнап кетті емес пе! Алғысын cаған жаудырғанда бар ғой, жер-көктегі бар жақсылықты арнап бағыштап-ақ жатыр- дей келіп ішкі омырау қалтасын ақтара отырып, жібекке түйілген бір кесек асыл тасты қолына алды да:
— Өзім беруге ұяламын ғой, мына бір асылды, сол кісінің бәйбішесіне деп берші, бұл өзі бір мың ділдәнікі дейді, аманатын табыс қылып қояйын, – деп бір кесек гауһар тасты ұсына беріпті.
— Алда қарағым-ай, баяғыдан бері білгенде мұндай ұзақ сары уайымға салынбаған болатын еді. Игіліктің ерте кеші жоқ деген ғой, құдайым енді дегеніне жеткізгей-ақ... Қатты қуанып кеткен екен ғой. Мына гауһарын несіне берді. Өзіне керек дүниесі ғой, осыны мен алмасам қайтеді жеңеше, – деп мүләйімсіпті Өтен қу.
— Құдай-ау, ол не дегенің, өзі беріп отырған соң енді алмасаң, көңілі қалады, алып бар әлгі келінге, қайын сіңілің берді де, – о несі сынықсыған құрмағыр, – деп әзілін де қосыпты, Күміс кемпір.
— Енді әзілді қой жеңеше. Осы бала үшін мен бір адамды ойыма алып отырмын, сол орынды-ақ болар. Оқу медресінің бас ғалымы Қасен деген жігіт бар. Оның дүниеде білмейтіні жоқ. Тегі хан тұқымы. Ханның ағасының баласы ма қалай? Жамалды осыған орналастырсақ, бағы теріс болмас еді. Оны өзің қалай ойлайсың ойланып маған жауап бер.
— Қайным, енді екі тізгін бір шылбыр сенің қолында, жалғыз баланы өзің орынды деген жеріңе орналастыра берсеңші. Жамал жан сенің дегеніңнен теріс кетпейді. Басы қор болмайтын жерге барса болғаны ғой, – деп разылығын білдіріпті қайнысына Күміс.
— Олай десең менің осы ойымды Жамал жанға өзің айт. Дұрыс деп көрсе, өзім жөнін табамын ғой, – деп тастап Өтен енді аяңдап ауырып жатқан Қасенге келіпті. Кеңесті алдымен өзі бастап:
— Ғалым бала денсаулығың қандай болып жүр? Сырттан құдайға шүкір деп естіп, қуанышты болып жүрмін. Дегенмен өзім бір бет көріп, амандасайын деп келіп отырмын. Құдайға шүкір екенсін тәубә бұған. Ал енді келген соң несіне бөгеліп отырамын. Бұйымтайымды айта отырайын. Баласыңдар ғой. Ұлы сөздің ұяттығы жоқ деген емес пе. Сенің інің Самат маған бір іс тапсырған еді, соның бетін бері қаратып қалып едім, сол іс шын пиғылымен айтылған іс пе? Жоқ әлде өзінің жастық балалығымен тапсырған ісі ме, соны өзіңнен ауызекі сұрап білейін, шын болса мен де шындап кірісейін деп өзіңе келдім қарағым, –депті. Сонда Қасен:
— Айран сұрап келіп, шелегіңді жасырма -деген ғой бұрынғы ата-бабаларымыз. Өзіңіз бастап берген соң, несіне жасырайын, – деп алып Өтенге ағынан жарылып, барлық жайды, Жамалдың өзіне арнап ғашықтығын білдіре халық ортасына салған әнінің қайырмасын да айтып беріпті.
— ЕндіАлаң болмай отыра бер, көлденеңнен аман болсақ, кешікпей-ақ қосылып қаларсыңдар. Сендердің осы жайыттарыңды біліп мен де Жамал мен Сәмен екеуін ықтияр айырдым. Олардың ешкімге де обалдары қалған жоқ. "Майдан қылшық суырғандай таза жолмен айырдым. Сәмен өзі де кемтар екенін мін көріп, алғанмен адамшылық құра алмаспыз деп өзі де ойлап, тарығуда екен, ақылымды айтып едім, ақылым бойынша араларын ашыпты. Сәменнің әкесі тірі кезінде дәулетті адам болған. Сол кезінде дәулетмастық жасаған ба, беретін қалың малды да көп айтып жіберіпті. Бірақ ол сөйлескен қалың малдан бері сөйлесермін, – деп қамқорсыпты Өтен.
— Алысып арсыздыққа салына берсем, алшы мен тәйкенің бірі боламын ғой. Адамның адамгершілігі деген бар ғой, менің мұндай қалге ұшырауыма Жамалдың айттырған күйеуі Сәменнің басын қорлай алмай және олда мен сияқты Жамалға ғашық болса, обалына қалмайын деген оймең, өз дертімді өзім жүктеп жатқан жайым еді. Тек олардың обал ақысы менде қалмаса, Жамал үшін барлық өмірімді соның қалың малына арнауға да дайынмын, қамқорлық қақыңызды да ұмытпаспын. Ендігі істі де ақылмен оңарсыз – деп көкірегін кернеген көмілмелі қайғының күдіс жерін жазып, денесіне жабысқан дертті делегсй айландырып шешкен шекпендей сыпырыпты да әзірше келген жолыңызға деп қалтасына бір мың ділдә салып Өтенді қайтарыпты.
Хакім хан дәуірлеп тұрған заманында қол астындағы халқының сән-салтанатының орталығы болдырсам деген пікірмен жоғарыда айтылған алты қаланың өнегелі қаласы болдырамын деп атын Әсем қала атандырып, бұл қалаға сол заманға сай сәулет, көркем деген не жақсының барлығын осы қалаға орналастырған екен.
Мысырдың атақты саудагері Манат байғада жазған хатында:
„Өз үстемдігім жүріп тұрған заманымда, Әсем қала деген қала салдырып жатырмын. Бұл қалама дүниедегі адам баласына не жағымды жақсы делінетін дүние мүліктен бастап атақты адамдарды да мекендетуге айналдырмақ едім. Естіп отырсам байлығыңыз баршадан асқан адам екенсіз. Келешегіңізге келісімді болар деп көрсеңіз, көшіп келіп менің Әсем қалама әсеріңізді тигізіп, алыс жуыққа атағыңызды жеткізіп, байлықтың бақшасын орнатуыңызды қалаймын" – деп хатын жолдапты Хакім хан.
Балықтың іздегені-топан су емес пе. Хакім ханның хатын алысымен көшіп Әсем қалаға келуді ұнатпай, өзінің үлкен баласы Әзімді бес жүз түйеге пұл мата арттырып, қырық түйеге алтын, гауһар, лағыл, жаһұт тиеп қызметкеріне үш жүз жігіт беріп, салтанатымен көрген көзді таңдандырып Мысырдан Әсем қаласына көшіріпті Манат саудагер.
Әзім мырза келісімен көп дәулеттің арқасында, барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді деген ғой, кешікпей неше алуан сарай, бау-бақша салдырып, бар жақсыны төңірегіне төгілдірді. Жақсыға жан құмар емес пе, заманына сай бармен байда бұл мырзаны төңіректемейтіні болды дейсіз бе. Хакім ханның қарасты халкында, игі мен жақсы, білімді, ғылымды, өнер иесі адамдарының өздері, Әзімнің дәулетінен түсірері болмаса да барлығы соның шашбауын көтермелеп қолпаштай беретін болыпты.
Мырзаның көңіліи көтереміз десіп, күнде жиылысып салтанат сарайына ертіп барып, сауық кештерін өткізіп кайтады.
Күнде сауық сайранмен күндері өте беріпті. Салтанат сарайынан Әзім мырза рахат тапқан жоқ. Жамалдың жанарын көрген жерден ғашық болып, жанын жалын шарпып, жастыққа басын салмай, зар қаққан ғашықтардың бірі болыпты.
Қандай амалмен Жамалға құда түсуді ойластырып, дін мешітінің имамына келіп, Жамалға ғашык екенін, ол кімге туыс, қандай амалмен құда боларын ақыл сала сыр жасырмай, оған жолғасатын жол тауып беруін сұрап жалыныпты.
Мына хабарды естіген имам Әзімге:
— Балам, болмас сапарға бет бұрған екенсің. Жамалдың жанары қай жігітті өзіне тартпады дейсің. Талайды тарықтырып, таңдайын қақтырып, таласқа бастарын салғызып, тамұққа түсіріп жүр ғой балам. Бұған менің айтарым: Амалы адамнаи асқаи тілінің ептілігімен Ібілісті азғырып, жолдан шығарғаи жалғанның жарығын қараңғыға, қараңғысын жарыққа айналдыратын қулықтың құнары, сұмдықтың сұмырайы өте епті Өтен қу деген бар. Осыған ақшаңды аямасаң саған бір жолды тауып-ақ береді. Сырт өсекпен естіп отырсам, сол Жамалдың құдаласып қойған адамы бар екен, онан Жамалдың басын ашып енді ғылым мектебінің бас ғалымы Қасенге алып бермек болып жанын салып жүр деп естіп отырмын. Сен көлденеңнен тиісіп, ақшамен алқындырып тастасаң ол ар, ұят, күнә, сауап дегеннің қайсысын да есінен шығарып, жанын сала қимыл жасап, жаралы көңілді жадыратып, Жамалға қосатын болар, – деп ақылын беріпті имам Әзім мырзаға.
Әзім мырза, имамның ақылын алып, алтынды абдырасымен төгіп беріп, имамды үйіне жіберіпті де енді Өтен қуды пайдасына асырмак ниетімен іздеп келе жатқанда, Өтен қу алдынан кезігеді.
Өтенді көрген жерден өзегі қиыла жабысып, үйге жүріп дәм татып шығыңыз,- деп үйіне ертіп келіпті. Дастарқанды дариядай жайғызып, арақ, сырасын айрандай сапырыпты. Ұзақтан орағытып, әр нәрсені бір шалып сөйлеп отырып, ақыры ойлап отырған ойын былай деп бастапты:
— Бір көрген біліс, екі көргеи таныс және жақсының жаттығы жоқ дейді екен, сізді дәмге шақырып отырғаным: Дәм татқан құдығыңа түкірме – деп тағы айтады екен. Дәміміз ортадағы дәнекеріміз болар, деп ырым көріп, сізден бір үлкен нәрсе қаламақпын. Қапысын тапса кар жанады деген ғой. Қалауымның қапысы табылмай, мені қапыда қалдыра қоймас деп сізге сеніп отырмын. Сенімім сергелдеңге соқса, сорымнан көрермін. Сетінеп жүрген көңіліме себіңіз тиер деп көріп, сырымды ашқалы отырмын:
Алар қақыңызды алдына сала айтып қойыңыз. Енді мен нақ ойлаған ойымды сырлы сырымды шертейін, деп кіріспе сөзін доғарып, сырының бетін былай деп ашыпты:
— Ата тек, абырой атағымды несіне қозғайын, өздеріңізге мәлім дүние бетіне атағы жайылған, Манат байдын баласы екенімді кім білмес дейсіз. Өзіңіз де қанық болған шығарсыз. Әкемнің сол дүниеге байлықпен жайылған атағының арқасында Хакім хан да осы Әсем қалаға байлығының әсерін тигізер деген оймен мені шақыртып алып отыр. Ойлап отырсам, сол байлықтан басыма қызыл тиын пайда ете алмаппын. Жалғанның бір айланыш қызығы сүйген жар құшып, жанның рахатын көру ғана ғой аз күнгі өмір өресінде.
Міне мен күні бүгінге дейін жар сүйіп, жан рахатымды көргенім жоқ. Сонда осы байлықтан маған тиген пайда не дейсіз. Бар болғаны бай саудагер деген ат ғана. Сондықтан жар құшсам деген ойым болса да ондай адам ұнасып кез болмаған еді. Осындағы сауық сарайының жұлдызы атанған Жамал деген қызды көрген жерден жанымды жалыны шарпыды.
Өз ел, жерімде жүргемін жоқ, кімнің қандай жақыны бар, сырын білмеген аттың сыртынан жүрме деген, сол Жамалға сөз салып құдалассам деген ой өзегімді өртейді, амалын таба алмаймын. Осыған сіздің бір пайдаңыз тиер деп сеніп ақыл сұрай қолқа саламын. Кесіп айтайын, істің жөнін келтіре алсаңыз қолымдағы бес жүз түйе жүгімді жұмсап Жамалға қосылайын, тілегіме не айтасыз?
Тағы айтайын Жамалға қоссаңыз, қанша десеңіз де қақыңыз бөлек төленеді, – деп сөзін тоқтатыпты Әзім мырза.
— Япырай қиын болғанда, қиынның қияны, шыңның шыңырауына жұмсадың-ау балам, – депті Өтен бай сәудегерден ақшаны молырақ алудың әдісін ойлап, бұл жұмсап отырғаның барса келместің сапары екен.
Бар күшімді бадамшаламай-ақ, бағытына қарай бабын тауып байқауға болар-ақ еді-ау! Бірақ менің айтар ақылым: осы іске әуре болмай-ақ қойсаң қайтер еді? Өйткені: отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге аян деген. Бұл Жамал кімнің басына шырмау салмады дейсің. Саған шынымды айтайын. Мен жасырғанмен екі елі аузымнан шыққан сөзімді, екінің бірі өзіңе жеткізген де шығар. Осы Жамал жайында қарап жүргемін жоқ. Тағы сен сияқты ғашық болушылардың біреуінің арманына жеткізуге аз кем еңбек етіп, араға жүрген ақымдыда жеп қойып едім.
Ердің екі сөйлегені өлгені емес пе. Енді сөзімді жұтып, саған қарай аударамын дегенде ол адамның обалын, Құдай, аруақ деп берген антымды қайтемін. Әйтпесе, ол қызды қолға қондыру қолымнан келер еді. Ақша мүкәмал, дүние өзіңде бары рас- ақ .
Міне осы жағы мені шегеріп тұр. Дегенмен үйіме барып үш күн ойланып келейін. Әзірше мені қысама қарағым, – деп көңілсіздеу орнынан тұрғанда енді не істерін білмей ақылы таусылып сасқалактаған Әзім мырза:
— Өтен аға! Аз кідіре тұрыңыз. Қуыс үйден құр шыкпа деген ғой, – деп алтын салған сандығының аузын ашып бір дорбаға салулы он мың ділдәні қолына ұстатып келген жолыңызға ұсынған бет-белегім, қарыздығы жоқ, ал айтқанымды оңына айналдырсаңыз адал еңбек қақыңыз бөлек, – деп қошаметтеп шығарып салыпты.
Өтен қу енді үйіне келіп, ойда жоқта түскен олжа ақшаның есебіне кетіп ендігі еңбегі кім үшін жұмсаса өзіне пайдалы, қайсысынан өзіне ақша кіреді дегенді ойлағанда:
Мына бай саудагердің басын айландырып, пәлені өршіте берсем бар қазынасын алмасам да өмірімнің бірсыпырасына жетерлік дәулет түсіріп алмаймын ба! Ал Қасенді хан тұкымы дегенімен қай ханның қолы ашық болушы еді. Баяғы қару-жарақ, немесе қасиетін бұлдайды, құр да қоймай тойғызып та жібермей, арқаржалақ там-тұмдап ғана алдар. Ал мына бай саудагер – бұл барып тұрған көзсіз көбелек, қалай илеуіме қайыстай көнеді, –деп ойын топшылап болып, Әзім мырзаға келіпті.
— Қарағым Әзім, өзің үшін айтамын, әлде болса кеш қалған жоқсын. Тағы айтайын, осы Жамал құрғырды қойшы. Мен көп ойладым, не ойламады дейсің. Арғылық бергілікті ақтарып, аршып аударып, тазалап байқасам осының саған тиетін пайдасынан зияны басымырақ болып тұр. Ол қалай десең: Қолыңдағы азды-көпті дәулетіңді шашқалы тұр. Ал қайтсемде көрдім тәуекел десең бес жүз мың ділдә шығын болатын түрі бар. Осы ақшаның дәл жартысын қолыма сал. Жартысы өз қолыңда болсын! Екеуміз екі жақтап, ақшаны судай сапырып төгіп жүріп қызды қолға түсіреміз.
Тағы ескертіп қояйын, мен де бітеу адам емес, сен үшін, құдай, аруақ батаны жүктеп кісі де өлтіремін. Осылардың қақысы, жоғарыдағы ақшадан бөлек. Міне осыларды ескеріп сен осы қызды қойғаның жөн болар деп ойлап келдім. Бірақ қай қалаған өз шешіміңді айт. Мұнан арзанға түседі екен деп басыңды шырмама, – деп тарықтырып сөзін доғарыпты жарылғаушысы.
Сонда Әзім ойланып отырып:
— Өтен аға, менде екі сөз, екі тілек, екі көңіл де жоқ. Осы айтылған ақшаны шыға рғанда Жамал қолға келетін болса, мұның үстіне енді сондай ақша жұмсалсада тартып қалар менде дәулет жоқ. Бұл ақырғы шешімім. Ақылды өзіңіз табыңыз. Шығынға мен шыдадым, – депті мырза.— Айтпақшы ұмытып барады екенмін. Сіздің ақыңыз жөнінде келісіп алайық. Менің ойым сізге бір жүз мың ділдә берсем азсынбассыз деймін, – дегенде аржағынан қуанып кеткен Өтен қу:
— Қарағым ақыны азсынатын мен жоқ. Тіпті көпсініп отырмын. Бірақ өзің айтқан сан болған соң болсын онда. Сол үш жүз елу мың ділдәні менің қолыма санап салып қой! Неменеге жұмсағалы отыр десең ана ғалым Қасенге мен сенім берген адам, оның тегі хан тұқымы. Дүниеқұмар ғой. Осы ақшаны судай сапырып, алдына төгіп көңілін табамын. Анау қыздың шешесінің алдына төгіп Қасенге қызымды бермеймін дегізіп аламын. Мына көп ақша сол үшін керек, – деп сылтау тауыпты.
— Жарайды онда, санап алыңыз, – деп Әзім мырза ақша салған сандықтарды ашып дорба-дорбасымен лақтырыпты.
Өтен қу, екі сандыққа ақшаны толтыра салып аузын жауып қойып келешекте не істейтіні туралы ойын Әзімге былай деп ұқтырыпты:
— Қарағым мол дәулеттің арқасында не істеймін десең де қолыңнан келіп тұрған заманын бұл. Енді сен осы қаладағы бас имам, қаланың әкімі, уәзір, сардарлар, бектер, сақшылар, сот әкімі деген сияқты адамдарды бөлек-бөлек үйіңе шақырып, ас беріп қонақ болдырып кетерінде барлығына өздеріне лайықты мол сыйлық беріп шығарып салып отыр. Барлығының тамағынан ақша өтіп дос көңілін білдірсең кез-кезінде керегімізге оларды жаратып жатамыз. Сен осы жұмысты істеп бітіргенше мен қатты ауырып жатқан кісі болып үйімде жата тұрамын! Әйтпесе Қасен қылқылдап мені мазалап, жұмысымызға бөгет болады. Ал ұқтың ба?
— Ұқтым. Мұныңызға құлдық ағатай, – деп Өтен қуды ақшасымен үйіне жеткіздіріп салыпты Әзім мырза. Өтенді шығарып салып үйіне келісімен ас тамағын дайындатып қаланың бас әкімі мен сардар, сакшылар бастығын шақырып ас беріп, олар үйлеріне қайтарында келген жолыңызға деп бір-бір мыңнан алтын ақша қалталатып шығарып салыпты. Ертеңінде тағы бірнешеуін шақырып сыйлығын беріп бірнеше күн Әзім мырзаның сарайы күнде топыр болып жатыпты.
Қысқасы Әсем қаланың ішіндегі бас көтерер игі жақсыларды түгелдей әбден тойғызып шығарыпты. Олар мұнан соң Әзім мырзаға не істе деседе дайын болатындықтарын білдіріпті де енді не істейміз деп Өтеи қуға келіп ақыл сұрапты Әзім мырза.
Сонда ойлап жатқан сұмдығын былай деп үйретіпті Әзімге:
— Балам мұндай жұмысты сұмдық жолымен істемейінше, сопы жүріп бет оңалмайды. Қасен ғалым тірі тұрғанда Жамал тіріде баска адамға жар болмайды. Сондықтаи Қасенді өлтіру керек.
Және хан тұкымының айттырған калыңдығын тіріде хан саған тигізбейді, әмеңгері деп хан өзінің екі баласының біріне алып береді.
Сонда Қасенді хан бұйрығымен жиреніп барып өлтіртсе оның айттырған қалыңдығынан да жиреніп өзіне келін болғызбайды.
Қасенді өлтіріп болған соң аламын десең хан сенен тартпайды. Міне осылай болу үшін Қасенді ханға өлтіртуіміз керек. Сондықтан мен анау тегінде Жамалды айттырған күйеуі Сәменді өлтіріп денесін тік қатырамын. Түнде өлікті Қасеннің үйінің есігінің сыртына сүйеп қоямын да Қасеннің сарайының төбесіне өрт жіберемін. Сол кезде бір адам – ойбай өрт деп Қасеннің терезесін ұрғыласын.
Ұйқылы көзімен сасқалақтап үйден Қасен жүгіре шыққанда есігінің сыртында өлген адам сүйеулі тұрғанын қайдан білсін. Серіпкен есіктің қақпағына соғылып барып өлік құлап түскенде сақшы, сардалардың үш төрт адамдары өртке келіп жүріп көріп калған кісі болып — сен жазықсыз адамды ұрып өлтірдің, – деп Қасенді ұстап қаланың Әкіміне апарып:
— Мына ғалым жазықсыз адам өлтірді, – деп білдіретін болсын. Қасенді ақтаушы айғақ шыға қалса Қасенмен сен бірігіп өлтірістің деп ол адам да абақтыға жабылсын!
Осы әрекеттерімізді істету үшін іске татитын адамдарға тағы ақшаны молырақтан асатып ауызын алып алсақ біздің ісіміз оңына бақты деген сөз. Ал кісі өлтірген адам тірі қалуға тиіс емес. Жанды - жанмен ғана ауысатын бұйрықты хан өзі алдақашан шығарып қойған. Хан өз бұйрығынан қайта алмай Қасен өлтірілсін деген жарлығын орындатады. Сол әрекетті істеп беруші адамдарыңа осындайды айтып мол-молдан көмейлеріне ақша тық. Мен әлде ауырып жата тұрайын деп Өтен қу Әзімге үйретеді.
Әзім мырза сұмдығын іске асыру үшін міндет атқарушы деген адамдарын жиып енді нақ сырын айтып ақыларына әрқайсысына он мың ділдәдан ұстатып қол-аяқтарын жіпсіз буыпты.
Әзім осы жұмыстарын жөнге салғанша жеті күн мерзім өтіпті де, барлық ісім бітті, ендігі жұмыс өзіңізге қалды деп Өтен қуға хабарлапты. Асыға күткен хабары келген соң түн жамылып апақ-сапақ кеш арасында Сәмен мүгедекке келіпті Өтен. Амандық-саулық біліскен соң келген бұйымтайын былай деп бастапты:
— Қарағым қайда жүрсекте жасымыз ұлғайып келген соң солай ма, әйтеу кімнің басы неменеге мұқтаж болса соған болысқым келеді де тұрады. Мұнан өзіме түсіп жатқан түк болмаса да қолымнан келген жәрдемімді аямағым келеді. Біздің жамағайынымыздың Азат деген жалғыз баласы болушы еді. Сол бала асқынған ауырудан қайтыс болғалы бір жыл болып, жуықта асын бердіқ. Оның артында түскелі екі-ақ жыл болған биыл жасы он тоғызда жап-жас келіншегі қалған. Сол келін анау-мынау сөзден аулақ жүруші еді. Енді естіп отырсам кім болса бір адамның етегінен ұстап, жанымды бағайын. Ата, ене, қайын, қайнағаларым, рұқсаттарыңды бер деп барлығымыздың ортамызға сөз салыпты.
Ал ағайындарым осыған жауап беруді маған жүктетті. Сонан соң келініме: Қарағым қайда барсаң да құдай алдыңнан жарылқасын! Бірақ саған айтарым: сені кем-қор болдырмайтын адамға өзім қолымнан берейін. Қанша дегенмен басың қаралы, бетін жаралы, жесір адам болған соң қайдағы кәрі-құртаң, шал-шақпыт қатын үстіне аламыз деп әлегіңді ала берер. Бір басқа бір көз болғандай адамды өзім қарастырайын дедім. Келін де есті адам еді:
— Оныңызға құлдық қайынаға. Орынды деген адамыңызға өзіңіз қосып жатсаңыз, менің қандай таласым болсын дегені ғой. Сонан сен есіме сап етіп түсе кеттің, екеуің райлассыншы деп келдім. Сен екеуіміз қазір сонда барайық, үйі жақын, қаланың шетінде. Өзің бүгін сонда қонып, аунап-қунап, арғылық-бергіліктеріңді сөйлесіп, біріңе-бірің ықтияр болысыңдар деп соған келдім. Ал енді отырып қалмайық жүр, өзім ертіп барамын —деп дегбірсізденіп, сөз де бермей Сәменді ертіп шығыпты.
Сор айдаған Сәмен айлалы қудың қай қырымен келе жатқанын қайдан білсін. Сілтеген бағытына қарай еріп кете береді. Қаланың шетіне таяп, адам сиреген жерге келгенде жеңінде келе жатқан қысқа сапты шоқпарымен дәл қасқа маңдайға періп кеп жібергенде, өзі кемтар Сәменде қылар қандай қару болсын, жер құша етбетінен түсіпті. Жығылғанға жұдырық, желкеден және екі ұрғанда Сәмен мәңгі сапарына көшіпті.
Түн ортасы ауа Сәменнің мүрдесін Қасеннің есігінің босағасына сүйеп қоя салып, Қасеннің сарайының төбесіне бір құшақ қамыс ала шығып от қойып жіберіп өзі адамға көрінбей, жүзін тайдырып қетіпті ...
Бұл қезде ақыны алқымына тірелгенше жұтқан төрт сақшының біреуі ойбай өрт кетті! Өрт-өрт! деп Қасеннің терезесін соққылап, айқай сүрен көтергенде, Қасен төсегінен ұйқылы ояу атып тұрып, есіктен секіре шыққанда сүйеулі тұрған өлік мүрдесі құлап түсіпті.
Осыны күтіп тұрған үш сақшы—Ойбай қісі өлтірдің. Мынау не істеген адам! Сенің үйіңді өртеген адам бұл емес. Ғалым басыңмен неге жазықсыз адам өлтіресің! – деп шу көтеріпті.
Адам өліміне аң-таң болған Қасен не айтарын білмей, япырау! мына өлікті мен көрмек түгіл, түсіме де енбеген. Бұл қалай? Біздің үйдің есігінің алдына, келіп өлді. Тіпті құдай ақына осы адамдарың кім өзі? Мен жазықсыз адам түгіл, жазықты адамды бетін жыртып көрген адам емеспін деп зар қағыпты.
— Ғалым емес, барып тұрған залым екенсің! Өтірік ақталмай-ақ қой. Ісің белгілі болды. Мынау Жамалдың бұрыңғы айттырған күйеуі Сәмен. Сен өлтіріп тастап, Жамалды алғалы істеп отырған әрекетің. Көп былшылды қой! Байла, қол аяғын, – деп сақшылар бастығы бұйрық беріп, Қасеннің екі қолын артына қайырып байлап, қала әкімінің алдына айдап келіпті.
Әзім мырзаның айтқаны алдыма қашан келер екен деп асыға күтіп отырған Әкім, Қасеннен бұйырмасынға бір ауыз сөз сұрамастан, бір хат жазып мөрін басып, Абақтының бетіне: Қасенді бекем жерге сақта! Ұлы мәртебелі ханға хабарлаймын. Сонан соң жазаға кесіледі деп, абақтыға айдатыпты. Абақты бегі де аңдып отырғаны қолына түскен сон берік тар қапасқа кіргіздіртіп берік құлып салдырыпты. Қасен осы пәлеге душар болатын күні Самат Хан әкесінің үйіне кеткен еді. Ол бұл туралы сезбей қала береді. Ібіліс араласып, іс насырға шапқанын Қасен енді ғана сезіпті.
Мұның жолын Самат ғана таппаса, маған қол үшін беретін кім бар? Ақ едім деп қанша жалбарынғаныммен биліктегілердің ым-жымы 6ірігіп, айласын асырып отырғандығы белгілі болды.
Дәуде болса, Өтен қудан болды-ау сірә? Амал қанша, ақырын тосайын! деп қиялмен қиналып Қасен қапасында жата беріпті
Ертеңінде Самат қайтып келсе, ғайыптың құсындай қайда кеткені белгісіз үйінде ағасы жоқ. Өзімен қатарлас ғалымдардан келіп сұраса, олар өзінен сұрайды. Қайда кеткенін біле алмай амалы таусылып, қаланың Әкіміне қеліп сұрап еді, ол кейіс қабақ білдіріп:
— Ағаң сенің болмайтын іске душар болды. Осындағы анау кемтар Сәмен дегеннің қалыңдығына ғашық болыпты да, Сәмен тірі тұрғанда Жамалды ала алмайтын болған соң, соны ұрып өлтіріп жатқан жерінен сақшылар үстінен түсіпті. Сонан Қасенді айдап алып келіп еді, кісі өлтіргені анық болған соң, қапасқа қаматтым.
Бірақ Қасен Сәменді іздеп барып өлтірмепті. Қалыңдығына Қасен жақын жүргенін сезіп, Сәмен Қасеннің үйіне өрт қойыпты.
Қасен ұрғанда талмау жеріне сойыл тиіп Сәмен тіл тартпаған.
Істің қалай болғанын арылтып отырмын. Қасен жақсы ғалым еді, амал қанша бір ұрса да адам жазым болған соң алып қалар жол жоқ.
Атаңның қаһарын білесің. Қасенді қимағанмен, қисынын таба алмай қысылып отырмын. Осындай болды деп хан атаңа хабар жібердім. Ол не бұйрық алып келеді білмеймін, – деп Қасен үшін қам жеп отырған әлпет қөрсетіпті Әкім.
— Болмас іске душар болған екен, – деді Самат. — Қалайша? Бүйтіп іс аяқ асты насырға шабуға, не бола қалды жалғыз түнде? Не болса да ауыз екі сөйлесейін. Өз қолымен шын Сәменді өлтіріп алса мойнымен көтерер. Бірақ, туыстық қарызы бар, бет сөйлесіп қалайын. Маған рұқсат берініз? – деп Әкімнің жанын қоймай отырып, Қасенге сөйлесуді ұйғартып қапас үйдегі Қасенге келіпті.
Қалай, неден болып қапасқа түскені өзіне де белгісіз, сыры тылсым іске ұрынып, ойда жоқта опық жеп қалған арманын, істің неден басталғанын түгелдей інісіне айтып беріпті Қасен.
Сәменді өлтірмесе мұндай ақтан пәле жабыстыра алмайтынын, бір адам істеді деп, екеуі де тарығып келіп ақыры Самат былай деп шешім айтты:
— Қазір атам сырқат, бұл іске шешім бере қоймайды. Ол кісі жазылғанша сізді бұлар осы қапаста сақтайды. Екі ортада әрекет істеп жүрген адам да та6ылып қалар мүмкін, ақырын тосайық. Жөні келсе атама анықтап айтып баяндармын. Құдай оңдап атам бізге қаскөйді іздеп табайық десе, оны табуымыз оңай. Сіз ойға берік болып жата беріңіз. – деп Самат қайтып кетіпті. Ол Әкімге келіп,
ағасының мына істен ақ екенін, басқа біреу жала жабу үшін Сәменді өлтіргендігін айтқанда Әкім ыршып түсіпті:
— Ойбай, ханзада қарағым, мені алжып отыр дейсің бе? Пәленің бәрі әлгі Күміс кемпірдің қызынан өніп отырған жоқ па? Мен ақ едім деген ағаңның тіліне нанба: Өлімге басыбайлы болған адам, мен өлтіріп едім деп саған шынын неге айтады? Өтіріктің өзіме болмаса да ебіне нану керек. Қайта өзін білетін шығарсың, Жамалмен ағаң екеуі орталарында қандай? – деп сұрапты Әкім.
— Ойбай Әкім аға! Ол жағынан күдік іс болған емес. Жамалды Сәмен айттырғаны рас. Бірақ қемтарлығын ойлап, малына құран оқытып сойып, ел жиып, Жамалды талақ тастаған ол марқұм..
Сонан соң осы Жамалға құда түссек қайтеді деп маған бір рет айтқан, онан басқа құдаласқанымыз да жоқ. Ал өзі тастаған қалыңдығын өзгеден қызғанатын адам бола ма? Тіпті болады да дейік, неше жыл мүгедек жатқан Сәмен, жалғыз түнде сауығып, Жамалды қызғанғанынан Қасеннің үйін келіп өртейтін халге жете қойды дегенге қалай сенуге болады? – депті.
— Жоқ, ханзада қарағым, ашынған долы, ашыққан ұры демей ме. Жамбасынан жатса да жаны күйген соң, Қасенді мұқату үшін келіп, үйін өртеуі нақ. Ал өрт жіберіп, өзіне қас істеген адамды мал ашуы – жан ашуы дегендей анау да ұрып жібергенде жазатайым сойыл тиіп Сәменнің өліп кеткені айдан анық нәрсе. Бұған таласпа, – деп сөзінің аяғын шорт қайырыпты Әкім.
Амал қанша, дауласып сөзі жүрмейтін болған соң Самат енді жалынуға көшіпті:
— Әкім аға, осы істің арты насырға шауып қетпесін. Амалын тауып ағартып ала көрініз. Қасен кісі өлтірді дегенге мен тірі күнде нанбаймын. Бір дауасын табыңыз. Қасенді құтқарып қалсаңыз дәрежеңізді өрлетуді атама айтып жөніне келтірем –депті.
— Қарағым-ай, сенің ғана Қасенің емес, көптің Қасені ғой. Ол туралы істеген еңбегіме, сенен қақы тілер деймісің, ебіне қарай ойланайын. Бірақ кісі өлтірген адамды ақтап алып шығу қиын ғой, – деп дәреже көтертемін деген жері көңілін аз қем ойландырғандықтан, сөзінің аяғын жұмсартыпты қала әкімі.
Ханға хабаршыға кеткен шауыпкел қайта оралып, бірақ ханнан жарлық түгіл жартымды хабар алып келе алмапты. Ханның бас уәзіріне хатты берген екен, қазір хан ауру. Сақайған соң хабарламасақ, мұндай істі естісе науқасын ауырлатады. Қасенді бағып ұстап тұрыңдар. Саматты ғылым оқу орнының бас ғалымдығына жұмыстатыңдар! – деп Әкімге жауап хат жазып, араға жүруші шабарманды қайта оралтыпты. Бірақ Самат:
— Ағамды абақтыға жаптырып қойып, орнына өзім отыра алмаймын– деп бас ғалымдық дәреже алудан бас тартыпты. Сонан соң, әкімдер, ғалымдар кеңесіп, Ғауран ғалымды бас ғалымы болдырыпты.
Күн артынан күндер өтіп, Қасен өлмешінің күнін көріп жатты.
Күндерде бір күні он бес он алты жас шамалы ер бала Қасен жатқан қапас үйдің терезесінің сыртында жылап тұрады. Қасен балаға жақындап келіп:
— Кімнен нендей жәбір көрген пақырсың? Неге мұнша зарығып жылайсың? – деп жөн сұрапты. Сонда бала:
— Ағатай менің көрген күнімді итке берсін. Мені ешкім де жәбірлеген жоқ. Өз әкем жәбірледі. Бұған әкемніңде көп терістігі жоқ. Жамандық өзімнен, өзімнің жаман болып жаралғандығымнан. Олай дейтінім: Мен осы қаладағы жазалылар қапасының бегі, Әли деген кісінің баласымын, Атым Сайхан.
Әкем мені тоғыз жасымда діни медресеге оқуға берді. Сонан бері оқып келемін. Міне он алты жасқа шықтым. Бірақ молданың үйреткені менің қай жағымнан шығып кететінін бір құдайдың өзі білсін, тіпті үйреткен оқу миыма қонбады. Өзім бір әкеден жалғыз едім, сол еркеліктің кесірі болды білем, әкем де бетімді жыртып көп ұрыспады. Ал әкеме қарап, молда да маған көп ұрыспады. Міне осылай жеті жыл сабақ оқыдым, білген түтім жоқ. Кеше кешке, Шам қаласында тұратын бір туысымыздан әкеме хат келіпті. Хатты алып қуанышты болған әкем:
— Балам мына хатты оқышы. Шамдағы өзіміздің Кәрденнен келген екен деп, келген хатты маған ұсынды. Бүктеулі хатты қолыма алдым да, бір де әрпін шығара алмай, ойымда түк жоқ, танымадым дедім де хатты қайтып әкемнің өзіне ұсындым.
— Неге оқымайсың? – деді.
— Танымадым, – дедім.
— Не дейсің? Танымағаның не. Не оқып жүрсің? Сен оқығалы жеті жыл болды. Әлі хат шығарып оқи алмасан, мен өлгенде бет сипап, асыңды іше алмасаң, сендей ұлым бар еді, деп дүниеден қандай үміт етемін! Енді менің көзіме көрінбе – деп бас салып, құлағымнан созып көкала қойдай боршамды шығарып сабап үйден қуып шықты.
Түнде көшеге түнедім, үйге барайын десем әкем өлтіреді. Енді қайда барарымды білмей амалым таусылып ойсыз мисыз етіп жаратқан құдайға өкпелеп, кегімді екі көзімнен алып тұрған жайым осы ағатай, – деп бар мұңын айтыпты Сайхан.
— Сенің бұрыңғы оқып жүрген кітап құралдарың қайда? – депті баладан жөн сұрап Қасен.
— Медреседе – деді бала.
— Олай болса сен жылама. Сол сабақтарыңды алып кел. Иман шарт, әптиек, құран оларға жарыстырып оқитын кітаптарыңды, барлығын алып кел.
Сабақ ұқпай зарығып үйден қуылып сен сорлаған болсаң, қарадай қапасқа түсіп, қамыққан мен де бір пақырмын. Екеуіміз біріксек, болмаса сен сабақ ұғатын болар ма екенсің. Қапастың біріміз ішінде, біріміз сыртында өмір сүріп көрелік, – депті Қасен.
Бұған разы болған Сайхан мешітке қарай жүгіріп кетіп әлден уақытта ақ киіз қапшыққа салған кітаптарын көтеріп Қасеннің терезесінің сыртына келіпті.
— Ал Сайхан, осы алып келген сабақтарыңның ішінде, өзің білерің бар ма?
— Әріптерді түгел білем. Ал ежіктеп оқимын. Құранның қарасын шала танимын. Басқа менде білер жоқ, үйреткенмен ұғып жатқан жоқ деп молда да маған сабақ бергенді әлдеқашан қойған.
— Олай болса мен саған сабақ беріп үйретейін. Сен күнде келіп тұр, – депті де Сайханға сабақ бере бастапты Қасен.
Ал, әлгі бала Қасеннің айтып бергенін бірден қағып алып, ұғына кететін болыпты. Ұдайы үш күн сабак бергенде баланың ойы сайрап кетіпті. Оқудың қызығына түсіп алған бала осылай күнде келіп Қасеннен сабақ оқитын болыпты. Тағы бір жесір кемпірдің жалғыз баласы болады екен. Сол баланы тауып алып, оған аздап ақша беріп, күнелтіп сонда түнеп жүріпті Сайхан.
Сайхан енді дін оқуын қоя салып, ғылым оқуынан сабақ ала бастапты. Баланың талабына Қасен де қатты қуанышты болыпты.
Алпыс күн сабақ оқығанда алты жыл оқығандардан асып түсіпті.
Тегінде баласына қанша өкпелеп қуып жіберсе де бір күні сағынып, енді үйге ертіп келейін деп Әли баласын іздеп шығып жесір кемпірдің үйінен тауып үйіне ертіп келіпті.
— Балам сен қайда жүрдің? Не күн көріп жүрдің? Бастабында сені ашумен қуып жіберіп, артынан өзім өкіндім. Сабақты ұқпасаң ұқпай-ақ қойшы. Жалғыз сені қуып жіберіп, қу басым дүниеден не жақсылық көрмекпін, – деп кешірім сұрағандай болыпты Әли бек.
— Әке сізге қуып жіберді деп өкпелемес едім. Адамның ең асылы және алтыны қайда жатыр дейсің, ол қараңғы қапаста жатыр. Сол адамға бір рақым етіп қапастан құтқаратын болсаңыз, егер рақым етейін десеңіз қолыңыздан келер де еді. Менің есіктегі басымды төрге сол адам қапаста жатып-ақ сүйреп шығарды.
Өзі қапаста жатып ол іште, мен сыртта, ол маған сабақ үйретті. Мен сол адамнан алпыс күн сабақ оқыдым!
Бұрыңғы мені оқытып жүрген молдамның өзіне сабақ беретін қалге келдім. Олай деп күнәкер болатыным, молданың білетіні тек дін сабағы еді, ал мен ол сабақтыда оқып түсіндім. Және өмірге керекті өнерден сол молдаға кеңінен екі жыл сабақ беретін дәрежеге жеттім. Мұндай шамаға сол қапастағы адам жеткізді, – депті.
— Япырау балам денің дұрыс па? Молдама сабақ беретін болдым деп, күнәкер болма, оқу түбі терең ғой өзім оқымасам да солай деп айтысады ғой. Ал сенің сабақ оқып жүрген адамың кім, аты жөнін білдің бе? – депті әкесі.
—Ол ғылым оқуының бас ғалымы тұрған Қасен деген адам.
— Ол солай болар. Бірақ оның қылмысы үлкен адам, оған жуығаның дұрыс болмаған, – деп қабағын түйіпті әкесі.
— Ол адам баласының бәріне жау болса, осынша білімді алпыс күннің ішінде миыма қалай құйып жіберді? Ол адамның жауы емес, адам баласына таптырмайтын, ардақтысы. Ойлаңызшы әке, сіз мені оқытқалы жеті жыл болды, сонда екеуміздің кермалымыз тек менің хат шығарып оқи алмағанымнан болып еді. Енді маған хат түгіл ғылым қонып отыр. Сонда, ол кісінің қастығы қай жерінде? – дегенде, әкесі баласына қайыратын жауап табалмай қалып:
— Балам оның білімінде дау жоқ. Бірақ ол кісі өлтірген адам. Оған жанап жүргеніңді бектер мен әкімдердің бірі көріп қалса, өзіңе жаман дегенім ғой деп жаймалапты әкесі. Бірақ баласы:
— Ал әке ол кісі туралы екеуміз таласты қояйық. Егер мені балам деп көретін болсаңыз осы Қасенді кайткен күнде бар күшіңді салып қапастан босатып ал. Орнына мені берсеңде босатын ал. Бұған жәрдем ете алмасаң, мені балам еді деп атама – депті, әкесіне бар шындығын айтып.
Хакім хан науқасынан үш ай дегенде айығып орда қызметіне араласыпты. Сонан соң үш күннен кейін бас уәзірі Әсем қаладағы Қасен туралы болған оқиғаны былай деп баяндапты:
— Тақсыр, хандығыңыз басыңызда тұрғанда сәндігіңіз кете қоймайды ғой. Дегенмен үстемдігіңіз жүріп тұрған кезде мұндай елеулі іс кездесіп көрген жоқ еді. Албатыдан емес ақсүйек ғалымдарыңыз ішінде өте оғаш қылық шығып кетті. Сандал ғалымның орнына тұрған Қасен деген ғалым Сәмен дегеннің айттырған қалындығы сұлу екен. Соны өзі ала қоятын болып, сол қыздың күйеуі Сәменді өлтіріп жатқанда сақшылар үстінен шығыпты. Қасенді қаматып қойып отырмыз. Ғылым оқу орнына Ғауран ғалымды жұмыстатып отырмын. Саматты қоюға ұсынып едім, ол бас ғалым болуды ұнатпаған көрінеді.Осы істің шешімін өзінізден күтіп отырмыз. Шешіміңізге құлдық, – деп бас иіпті уәзірі.
Сонда Хан:
—Сандал марқұм қайтыс болған күні, енді қайтып Сандалдай адам ол жерге табылмайтынын білгенмін. Бүгіннен бастап жарлық жібер. Әлгі кісі өлтірген Қасеннің жеті күнде басын алсын! Ал Ғаураның сол орнында тұра берсін! – деп жарлық беріпті Хакім хан.
Жарлық Әсем қаланың әкіміне күнбе-күн жетіпті. Қасенді жоғалтуға асығып отырған Әкім, ертең Қасеннің басын ал! –деп бас алушы екі жендетке бұйрық беріпті.
Хан атасынан аяқ асты Қасенге өлім жазасы келе қояды деп ойламаған Самат, мына хабарды ести салып қала әкіміне келіп:
— Әкім аға, адамда ағаттық іс көп болады. Қасеннің басын алуға асығыс қимыл жасап жатыр екенсіз. Мен үшін Қасенді үш күн тірі ұстай тұрыңыз. Әкеме ауыз екі айтып жанын сұрап көрейін, болмаса бір кісіні өлтіре салу оңай ғой, – депті.
— Қарағым ханзада-ай, осы Қасенге бекер әуре боласың өлімнің тезі игі демей ме. Сен үшін ертең бір күн еру болдырайын.
Ертеңнен қалсам Хан үкімін орындамаған Әкім, өзім не боларым саған да белгілі іс емес пе деп жалғыз күн мұрсат беріпті.
Самат түн қатып әкесіне жол тартыпты. Түнделетіп аттың бар шабысымен келе жатқанда алдынан бір қоян секіре жөнеліп, аты үркіп жалт бергенде, Самат аттан ауып түсіп сол жерде таң атып күн шыққанша талып жатып, заматта есін жиса жалғыз жатқанын біліпті. Өлдім-ау деп жатқанда Сонар мойыл деген мылқау адам қайда барып келе жатқанын бір құдайдың өзі білсін, жұлдыз шығып қас қарайғанда кез келіпті де, оның ана-мына сөзіне қарамай арқасына салып көтеріп жүріп кетіпті. Оның орманды өзен жағалауында, үй сымак қосы болады екен. Сол қосына алып келіпті..
Мойыл Саматтың аяғын ұстап көріп отырып, жіліншігінің бір қоспасы жарылып сынып мертіккенін көріп, таңып беріпті. Алдына сусын, тамағын қойыпты, қайда екені белгісіз, қолымен ымдап кете беріпті. Сөйтіп зарығып жатқанда Сәрсен деген аңшы шөлдеп, сусын ішкелі күркеге келіп, мүгедек болып жатқан Саматқа кезігіпті.
Самат басынан кешкен барлық жайын айтпай тек осылайда осылай болды деп жөнін ғана айтыпты мергенге. Сәрсен оны атына мінгізіп өзі жаяу бір күн, бір түн жүріп өз үйіне алып келіп, Хакім ханға хабаршы жіберіпті. Хан түн қатып қанша адамымен келіп, күймемен үйіне алып қайтыпты.Қасен бәрі бір өлді. Ендігі амал – Қасенді өлімге душар еткен жау кім екен, соны тауып кегін алу ғана деп ойлаған Самат әкесіне Қасен жайлы ешнәрсе демепті.
Қала әкімі Саматқа бір күн мұрсат беріп өзі Қасенді алдына айдатып алып Ханнан келген жарлықты естіртіп:
— Өлер алдында айтарың бар ма? Жеті күннің ішінде өлтірілесің! – депті. Сонда Қасен:
— Істеген жазығым жоқ екені өзіңе аян. Адам екеніңді білейін ақ-қарама жетіп өлтір! – депті. Бұған мізбаққан Әкім болмады:
— Өзің кісі өлтірдің, соның жанын жанмен төлеп жатырсың. Мұнан басқа білерім жоқ. Ал басқа айтарың жоқ болса барып тұр. Ертең еру, онан арғы күні басың алынады. Апар мынаны! Сала тұрыңдар! – деп жендеттеріне әмір етіпті.
Қасенді қапасқа айдап келгенде әдеті бойынша ас-суын алып Сайхан да келіпті. Сайхан әкелген тағамдарын ұсынғанда күндегідей емес Қасен самарқау алыптыда ар жағына қоя салып:
— Досым Сайхан, екеуміздің бақұлдасатын ақырғы сағатымыз жетті. Мен өлім жазасына бұйрылыппын. Енді қош бол! Мен өлгеніммен орнымда біреу де болса сен тірі қалдың. Өледі екенмін деп арман етпеймін. Жалғыз-ақ өзімнің білген білімімді толық шығарып, ел жұртымның арасына тарата алмай кеттім. Соған өкінемін! Саған тапсырарым: азда болса үйренген біліміңді, ел арасына тарата біл! Ел-жұртқа менен көп сәлем айт. Опасыздық істеп, кісі өлтіріп, соның орнына өлтірілді демесін. Ісім ақ еді, осыған ғана ар мандамын! – деп ақырғы арызын айтыпты Қасен.
Сайхан бұл суық хабарды естіп, зар еңірепті,не пайда, қолынан келер іс жоқ. Әкімге істер әкесінің қолынан не келмек. Сөйтіп еңірей-еңірей үйіне қайтыпты. Сайхан үйіне келіпті де төсектен басын алмай зар еңіреп жылай беріпті. Әкесі:
— Қарағым-ау саған не болды сабыр тұт. Ол Қасен дегенің сенің кімің еді? – деген сайын өршелене еңірепті Сайхан.
— Мен Қасен ғалымның өліміне жылап отырғамын жоқ. Ақ іске арманда кетті. Албаты адам емес, асылдың асылы, адамның аяулы ардагері еді. Абайсызда аңдыған дұшпанның қармағына қапыда ілінді. Болмаса қылмысын мойнына қоймадыңдар. Осыған жылаймын. Сондықтан опасыз дүниеден менде кететін болдым. Қасен ғалымнан тірі қалмаймын – деп еңіреп көз жасымен етегін толтыра отырып, опасыз әкені ойға батырыпты Сайхан.
— Қарағым-ау не айтып отырсың? Ханның бұйрығын қарапайым біз сияқты адамдардың қолынан іс келіп бұзғаның көргенің бар ма? Осы Қасен туралы істің бір жақ шетінде сен де барсың деп қалай айтып отырсың? – деп ісін жасырыпты Әли бек.
— Жоқ әке, мені олай деп алдама. Ол әлгі мен айтқан опасыздыққа жатады. Қасен ғалым абақтыға түсердің алдында он бес мың алтын ақшаны тегіннен-тегін кім берді сізге.Міне дәуде болса осы көп ақшаның Қасен өліміне байланысы бар екенінде дау жоқ –деп бұлжытпапты әкесін Сайхан. Сонда Әли бек тарығып:
— Япыр-ай балам, қалай айтып та мен сені сендіруден қалған екенмін. Сондай жанқияр досың болса осы іске өзің араласып көр. Мен саған бес мың алтын ақша берейін. Сол ақшаны алда, бас алушы жендеттерге барып оларға жақын ағамыз еді, өлім жазасына бұйрылып тұр, амалдап осының бір жолға жанын алып қала көр деп жалынып ақшаңды ұсын. Сонда ол екеуі ақшаға қызығып бір жолға алып қалар. Бірақ бір ғана жолы алып қалғанымен өлім жазасындағы адам үш рет өлімге бұйрылады. Сонда олар үш өлімнен бірдей өз бастарын өлімге қиып Қасеннің жанын алып қала алмас, – деп баласына бес мың ділдә беріпті.
Әкесінен ақшаны ала салып жендеттерге келіп бар мұңын айтып зар еңіреп отырып бір мың ділдә беріпті.
Мынандай көп ақша қолдарына өмірі түсіп көрмеген екі жендет қуанып кетіп:
— Жарайды, бір жолғы өлімнен алып қалайық. Ары қарай бізді қинама, – деп бес-бес жүз ділдәні қойындарына салып Сайханға сенім беріп үйіне қайтарыпты.
Ертеңінде сол бір күндік мұрсатына еру болып, енді ертеңінде күн сәулесі жерге түскеннен бұрын өлтірілетін тоқтам бойынша Қасенді қапастан алып шығып, бас алынатын үйге айдап келіпті.
Бұл там үйдің іші қараңғы, екі жағында екі есігі бар, басы алынатын адамды есіктен кіргізіп басы алынған соң екінші есігінен өлген денені сүйреп шығаратын болған. Ал адамның басын шабатын қайқы семсер, там үйдің төбесіне орналастырылыпты да, семсердің сабы солқылдап тұрған еденге бір үші байлаулы екен.
Адамды әлгі үйге кіргізіп жібергенде ол адам еденді аяғымен басып қалғанда еденнен бекітілген тиек ағытылып кетіп, жоғарыда тұрған ауыр семсер салмағымен түсіп өлуші адамның басына дәл тиіп, қақ бөліп тастайтын етіп жасалған екен.
Екі жендет Сайханнан алған бір мың ділдәні өтеу үшін Қасеннің бір жолға жанын алып қалу туралы өзара кеңес етіпті.
— Не болсада алған ақшамызды ақтауымыз керек. Сонда мына адамды, үй ішіне кіргізген бір белгі қалдырмасақ, Әкім келіп көреді де, бұл үйге мына адамды кіргізбегенімізді әшкерелеп, мұның орнына, өзіміздің басымызды алғызады. Сондықтан, мына адамды бұл үйге кіргізуіміз жөн болсадағы бас шабатын семсерге бір айла табайық! – депті.
— Сонда қандай ақылың бар? – депті екіншісі.
— Салмағы еденді қозғалтатындай тас көтеріп тұрып есік ашылысымен әлгі тасты еденге тастап жіберейік. Сонда тиек ағытылып, бас кесер еденге түскен соң мына адамды бергі есіктен кіргізіп, артқы есіктен шығарып алайық та, Әкімге осыны жамандап барайық. Сонда Әкімге айтарымыз: мынау бір адамнан асқан залым екен. Біз бергі есіктен кіргізіп жіберіп, енді артқы өлікті сүйреп тастайық деп жүгіріп барып, есікті ашып жіберсек семсерді табанымен басып тірі тұрғанын көрдік. Бақсақ: бергі есіктен кірісімен денесін тік ұстап, есікке жабысып тұра қалылты да еденнің шетін бір аяғының ұшымен басып қозғап тиекті ағытып, бас кесерді еденге бос түсіріп, семсер еденге түскен соң еденнің ортасына барып тұрыпты дейміз, – депті.
— Ақыл екен, осылай етейік, – деп ойлағандарын түгел істеп болып, Қасенді қайтадан қала Әкіміне алып келіп жасап алған ақылдарын айтыпты екі жендет. Сонда әкім:
— Сақ болыңдар дегенім қайда? Баскесерге апармай-ақ жол ортада басын алсаңдар да болатын еді. Ертең сақтық жасап өлтіріңдер, – депті де Қасенді қапас сарайына салдырыпты әкім.
Аңдып жүрген Сайхан Қасенге келіп азды-көпті жәрдемін айтып, онан жүгіріп екі жендетке келіп:
— Алда ағатайлар-ай, мен разы құдай разы, бір жолға жанын алып қалғандарыңыз үшін, – деп тағы бес-бес жүз ділдә сыйлап:
— Айласы асып туған асыл бекзат ағатайларым-ай, алатындарыңыз болса тағы айтыңыздар, дүние бетінде бар нәрсе болса мен табайын. Ақылын тауып ажалдан Қасенді тағы бір рет алып қала көріңіздер! – деп жалыныпты.
Ақының сыртында тағы бес-бес жүз ділдә алып, араны ашыла қалған екі жендет баланы шығарып жіберіп қайтадан ақыл құрып:
— Мына бала не дегенмен ақшаға мығым бала екен, амалын тауып осы Қасенді енді бір жол алып қалсақ қайтеді, енді бір мың ділдә беретін болса, – деп ақылдасыпты жендеттер.
— Ол да дұрыс екен үш өлімнің екісімен құтқарып беріп, үшіншісінде басын алсақ та кеш қалмаймыз. Бұл жолы тағы бір амалын табайық, әлгі баланы шақыршы. Енді бір мың ділдә беретін болар —депті біреуі.
Сайханды қайта шақырып алып ойлаған талаптарын айтқан екен. Іздегені сол емес пе, қуана қарсы алып, дереу тағы бір мың ділдә беріпті Сайхан. Екі жендет Қасенді ертең тағы өлім жазасынан алып қалатын болып қақыларын алған соң, әкімге айтатын сылтауларын ақылдасыпты.
— Тәйір-ай, бұған несіне тарығамыз. Тағы еденге салмақтырақ тас тастап жіберіп, бас кесерді түсіріп жіберейік те:
— Мына адам асқан залым екен, аяқтай тасты қалай қойнына тығып келгенін өзіміз де сезбей қалыппыз, біз баскесердің есігін ашып жібергенде әлгі тасымен еденді ұрып жібергені. Сонда бас кесер еденге түскені деп жаланы тағы өзіне жабамыз! – депті.
— Жарайды, солай етейік! – деп кұптапты тегі момын жендет.
Ертеңінде Қасенді Әкімге алып келіп сылтауларын судай сарқыратыпты екі жендет.
— Сендерге бір пәле айланбаса не қылсын. Осы адамның өзіне сатылып кетіп жүрген жоқсыңдар ма? – деп аз ұрсыпты да енді мұны өлтіре алмайды екенсіңдер! – деп кісі өлтіру әдісін жақсы білетін басқа бір екі кәрі жендетке бұйрық беріпті.
— Ертеңнен қалдырмай Қасеннің басын алыңдар! Өлім жазасына бұйрылған адам үш рет бұйрылады. Екі жолы өлуші адам алдап кетті ме, әлде екі жендет сатылып кетті ме, екі жолы өлімнен құтылып кетті. Енді сендерден құтылып кетпесін. Осыны өлтіріп келсеңдер жалақыларыңа он, он ділдә қосқызып беремін деп соңғы екі жендетке бұйрық берді.
Екі жендет қапас сарайының бегіне келгенде Сайхан әкесінің қасында отыр еді. Жендеттер алып келген хатты Сайханның өзіне оқытыпты.
— Жарайды рұқсат, тек жерге күн шалып кетіп жүрмесін, ертерек орындаңдар, – деп бұл да бұйрығын қоса беріп екі жендетті шығарыпты Әли бек. Екі жендет шыққанда артынан ере Сайхан да шығып үйлерінің қай жерде екенін бақылап біліп алыпты да, күн батып қас қарайған соң екі жендеттің үйіне келіпті.
— Сіздерге үлкен бұйымтаймен келдім, – депті Сайхан жендеттерге. — Қасен деген бізге жамағайын жақын адам еді. Сол туралы сіздерден тілегім ертең қандайда амалмен бір жолға жанын алып қала көріңіздер! Ол үшін қанша қақы не тілесеңіздерде берейін, – депті Сайхан.
— Ойбай балам-ау оның жөні келмейді ғой. Ханның жарлығы құдайдың жарлығынан көрі бұрын және қаттырақ екенін өзің де білетін шығарсың, өзің бекер адам емес, ақ сүйек бектің баласы екенсің, – депті алғашында екі жендет бірдей.
— Жоқ ағатайлар, осы күнде кім етегіне намаз оқып жүр дейсіздер. Сол Қасенді өлім жазасына ұсынып отырған Әкімнің өзі Қасеннің қандай бір дұшпанына сатылып, онан көмейіне молдау тығылған соң қалайда Қасенді өлтіру шарасын қолданып отыр ғой. Қасен осы қылмыстан аман адам еді, амалсыз ақшасы мол, бір дүмді адам осы өлімге душар еткен. Өздеріңіз білесіздер Қасен кісі өлтіріп боқшылық дүниеге қызығатын адам емес. Өзі асқан ғалым, осындай адам кісі өлтіріп кетті деудің өзі адамның басына симайтын іс қой.
Бір жолға жанын алып қалайын дегенім еді. Құдай үшіи сұраймын, не қақы тілейсіздер ағатайлар! – деп жалыныпты Сайхан.
— Япырай балам сөзіңнің түбірі төбемізді шымырлатты ғой. Біздің қолымызда не тұр, біздікі Әкімнің сілтесе қолы, шапса қылышы емеспіз бе. Сонда оны өлімнен қалай алып қаламыз? Өзің айтшы, өлтірмей қойып қойсақ оның орнына әкім ханның бұйрығынсыз-ақ жазаға кеседі, – десіпті.
— Осы жолға өлімнен алып қалмайық десеңіздер, ақылын мен-ақ айтайын. Алдымен сіздер менен не қақы тілейсіздер? Соны айтыңыздаршы! Айтыңыздар, мені аямаңыздар! – деп жалыныпты.
— Қарағым-ау, алдымен адамның жаны қалсыншы. Сонан соң беретін қақың қаша ма, – десіп еді, Сайхан қайтқен күнде тамағынан өткізсем деген оймен ақыны айтқызып алғысы келіп болмапты.
Екі жендет баладан жекерек ақылдасып алып, Сайханға келіп:
— Қақыны қоя тұр деп едік. Өзің болмадың. Екеуімізге бір-бір жүз ділдә берсең болады ғой, – депті.
— Жоқ ағатайлар. Оларыныз аз ғой.
— Біздің бір жылдық ақымыз бір жүз ділдә емес пе, – депті екеуі жарыса сасқалақтап. Адамға нысап керек қой. Онан көп сұрап не қылайық.
— Ақшаның шығынына қарағалы тұрған мен жоқ. Тек Қасенді бір жолғы өлімнен алып қалсақ болды, – деп екі жендетке бес-бес жүз ділдә ұстатқанда, екі жендеттің естері кетіпті.
— Қарағым-ай, мұнша көп ақша бергенің бізге ауырлау болды-ау. Ал енді баскесерден қайтып жанын алып қалайық. Ақылын өзің бізге үйрет! - десіпті екі жендет.
— Ол оңай. Бас кесерге ол адамды кіргізетін есікті ашып, солқылдақ еденді басты кейін шалқайта ұстап шетін аяқпен теуіп қозғап жіберсеңіздер қозғалыста тиек ағытылып баскесер еденге бос түседі. Сонан соң баскесерді қайтып бір жарым адам көтеріп жоғары көлбетіп тиектей алмайды. Мұны әкім де біледі. Әкімге:
— Әлгі баскесердің есігін ашып жібергенімізде өлімнің тез игі деуші еді қош болыңыздар деді де жүгіріп есікке бізден бұрын барып, еденді аяғымен теуіп қалып еді, баскесер еденге гүрс ете түсті. Қайта орнатайық деп едік, әліміз келмеді және баскесерді заңсыз ұстауға сізден қорықтық. Мына залымың осымен өлімнен үш рет қалды -ау, тақсыр! деп Әкімге зарлаңыздар, – деп Сайхан екі жендетке ақыл үйретіпті.
Ақшаға белшесінен батқан екі жендет, неден болса да қайтар түрлері жоқ:
— Балам енді құдайға сен, бізге сен! Біз бір жолы құдайға тәуекел дестік, – деп анттарын берісіпті.
Сайхан жолай қапас үйге соғып Қасенге болған уақиғаны баяндап, үйіне келіп әкесіне сырын айтпай жатып қалыпты.
Таң ағарып атып қалғанда Қасенді қапастан шығарып алып алдарына салып айдап, бас кесердің жанына келіп Сайхан үйреткен әдістерді істеп бас кесерді түсіріпті де, Қасенді айдап Әкімге баяндағалы келіпті.
Енді Әкімнің амалы таусылып, бар болғаны екі жендетті ақырып үйінен қуып шығыпты. Енді қапас сарайының бегімен ақылдасып тілге көндіріп, баскесерге апармай, жатқан жерінде өлтіртпек болып, өзі Әлиге келіпті Әкім.Әли Сайхан екеуі үйінде отыр екен. Әкім келе сала кеңесін бастай жөнеліпті.
— Иә, Әли бүгін саған келіп бір кеңесіп кеңейіп қалайын деп келдім. Отыз жыл осы Хакім ханның қол астында қызмет еттім. Ханның қандай бір сындарынан өтіп келемін. Талайдың сауабын алған шығармын. Талайдың обалына да қалған шығармын деймін осы өткізген отыз жыл ішінде. Жаман өмір сүріп жалғаннан кім өткісі келеді дейсің. Қайсыбіріне қастық та жасадық, өзіннең жасыратын не сыр бар еді. Менде, қайсы бірін алдадық, қайсы бірінің ақтан ақ жанында қидық. Осының бәрі де обал және күнә дейді. Маған кезігіп алдымнан шығып, не болдымға жолығып көргенім де жоқ. Соның бәрі қарғамады, сілемеді дейсің бе? Ал алқағаны онан да көп болу керек қой.
Алдыма келген іс қалай болсада аяқтамай кеткен емес еді. Осы мына Қасен деген, маған үлкен бір пәле болып жабысты. Ажалдың оғынан құтылатын адам болмайды деуші еді. Осы Қасенге тап боламын. Үш рет бас кесерге амал істеп, үш ажалдан қалды. Өлім жазасына бұйырған ханның жарлығы орындалмады. Осы жарлығына сай, үш рет өлім жазасынан құтылған адамның жаны кешіліп, жазаға кесілсін деген жарлығы тағы бар.
Ханның осы соңғы бұйрығы бола берер деп ойласам, анау Әзім саудагер бір жағынан күнде келіп тыныштығымды алып барады. Оған аулақ жүр деуге құлқынымыз құрып, бәріміздің де тамағымыздан өткізіп, алдымыз елу мың алтын ақша жеп алдық. Оның тілегін орындап бермесек, ақшамды сал, мен үшін қызмет істеп берген жоқсыңдар десе, қайта құсып жату оңай емес. Өз басым, елу мыңды алып едім. Соның екіден бірін ұстап жіберіппін.
Міне былай тартсам өгізім өліп, былай тартсаи арбам сынып, амалын таба алмай, ақыл қосып бір іс жасайык, – деп саған келдім. Шынында Қасеннен бізге түсер не бар. Әзім болса алып тұрған алмасымыз емес пе. Ақылын тауып, Қасенді төртінші өліммен өлтіріп жіберсек, Әзім кемінде екеуімізге оннан жиырма мың ділдә сыйлайды. Осы жағын ақылдасайық – деп сөзін тоқтатыпты.
— Әкім еке-ау, маған не істе демексің сонда. Сіздің қолдан келіп өлтіре алмаған Қасенді мен қалай өлтіремін, – депті Әли баласына бір қарап қойып.
Әкіммен әкесінің сөзінің тұрпайын іштей ұғып, енді не тоқтамға келетіндерін тосып үнсіз Сайхан отырыпты. Сонда Әкім:
— Бір балуан жігітке аздаған ақша беріп, оны да қапасқа салған адам болдырып, Қасен екеуін бір қапасқа салсақ сонан соң күші басым жігіт Қасенді адамға білгізбей тұншықтырып өлтірсе деп ойлаймын. Ал ханға және халыққа қапаста жатып қорланып, өзі у ішіп өліпті дей салсақ, жабулы қазан жабулысымен кете бермей ме? – депті жауыз Әкім.
— Жоқ, әкім-еке. Мен ондайға енді бара алмаймын. Аламын десе, Әзімнің ақшасын қайтарамын. Неге десеңіз, ханның жарлығы-жарлық. Өлімнен үш рет қалған адамның жаны кешілсін деген жарлығын бұзып, бөлек бас шығара алмаймын. Бұл қылық ханның құлағына шалынса, ол үшін өз басымыз орнына кетеді. Ақшаны Әзімге құсудан тартынып, басқа пәле іздеп алудың жөні жоқ. Ол түгіл ақтан өлім жазасына бұйыртып отырғанымыздың арты не болар екен дегенде көрер таңды көзіммен атырамын. Жоқ әкім-еке, мен енді ондайға бара алмаспын – деп Әли басын бірақ сілкіпті.
Қасенді обалсынып та, ақшаны жек көріп те отырған жоқ. Әли, түбінде өзінің жалғыз баласы Сайханнан қорыққанынан бас тартыпты. Әкім қанша ардан безгенмен амалы таусылып, өресі қысқарып ойлағаны орнына келмейтініне кейіп үйіне келіпті де:
Қасен үш реткі бұйрылған өлім жазасынан қалды. Бізді алдап, әбден мезі қылып бітті. Сіз ұлықсаттасаңыз, енді бір рет өлім жазасына бұйырып беріңіз – деп тілек хатын жазып, шауыпкелін Хакім ханға шапқызыпты. Хакім хан, бұл хаттың жауабына:
— Алдыңғы жарлығым – жарлық. Енді төртінші рет өлім жазасына кессем өз жарлығыма, өзім қарсы шыққан боламын. Сондықтан өлімнен қалып Қасен өмір бойы жалғыз бір аулада ғұмыры өтетін болсын, – деп бұйрығын жазып, мөрін басып Әсем қаланың әкіміне келтіріпті.
Амалы қанша, ханның бұйрығын қайдан бұзсын. Сол күннің ертеңінде хан айтқан қамаққа ауыстырылыпты Қасен.
Бұл ауланың дәл ортасына салынған екі бөлмелі бір там үйі болыпты да қалай-қалай бес жүз аршын, төрт қабырғалы, биіктігі сырық бойы, іші көгал жасаң екен. Аулаға кірген адам – тірі дүниеде бір сағат сыртқа шықпайды. Үнемі ауланың ішінде боладыда, сырттан келген адам қалай болса солай сөйлесуге болатын екен.
Қасен Саматқа аң-таң. Неге хабарсыз кетті? Әлде ханның баласы едім деп, әкімге өктем жүрек шығарып, қарсы келген соң мына жауыз әкім бір амалын тауып, құртып жіберді ме. Немесе мені өлім жазасына бұйырған соң өлімін көзіммен көрмейін деп хабарсыз қалды ма? Басқадай жаман оймен мені көрмей кетпейді. Туыспадым деп, менен жүрегі айнып бұзылмауына жүрегім сенеді.
Ал Салауат: тек заты момын жаралған еді, сонысына бағып, мен туралы жамандық, жақсылықтың қай жағына да бармауына өзім кепілмін. Самат не болса да бір кеселге душар болды, –деп ойлап, терең ойда жүргенде Қасенге тапқан тамағы мен әр түрлі кітаптар алып Сайхан келіпті. Қуанышында шек жоқ. Оның қуанышы: мың күнгі ұжмақтан бір күнгі жарық дүние артық, – деген еді және өлмеген құл алтын аяқтан су ішеді деп тағы айтушы еді. Тірі адам не көрмейді, сәті түссе мұнан да бір күні босап та шығар. Жаны бірден қалған соң енді бұл туралы сөзді қоңырсытар жоқ. Басқадай жол іздеуім керек. Ендігі жерде Әкімге өштік жасап қозғай берсем әкем де бұл туралы қылмысты адам екенін өзі айтып отыр. Қасеннің жанын әрең алып қалып жүргенімде, енді әкемнің жанынан айрылармын, –деп істі ұзағынан болжап, енді шамам келгенінше Қасенді жабырқатпай қасында болып, өзінен сабақ оқып, тілеген дүниелерін дайындап жүру керек деген ойлармен келген еді.
Сайханның әкелген тамағын екеуі кеңесе отырып ішіп-жеп, ауланың ішінде саяхаттап аз жүргеннен кейін Қасен досына:
— Сен, осы ғылым оқу орнында оқытушы ғалым Самат деген жігітті білетін бе едің? – деп сұрапты.
— Білемін оны неге есіңізге алдыңыз?
— Сол қайда жүр екен дегенім ғой, – депті Қасен.
— Естуімше ол қазір мертігіп қалып, әкесінің үйінде жатыр деседі. Тегі аттан жығылған ба деймін.
— Сол Самат анық тірі ме, хабарын алшы! Тегінде бірге болып көңіл қалыспаған жігіт еді – депті арғы түбін қазбаламай.
— Жарайды оның хабарын ертең-ақ біліп келемін.
Сайхан үйіне қайтып, ертеңінде тамағын, Қасен керек етер деген заттарын алып тағы келіп, Саматтың хабарын былай деп білдіріпті:
— Осыдан он бір күн бұрын адамға айтпай, үйіне баратын болып жалғыз өзі түн қатып кетіп бара жатып аттан жығылып оң аяғы мертігіпті. Үйіне басқа бір қаланың адамы тауып алып әкесіне хабары жетпей, алты жеті күн жатып қалса керек. Бір тәуірі әкесінің қолына барыпты.
— Жаны қалса болғаны ғой, – депті Қасен.
Сайхан осылай күнде келіп жүріп Ендігі жерде, қалай да осы қапас ауладан құтқаруым керек деген жобаға келіпті де осы ойын Қасенге айтыпты.
— Ғалым аға, өмір бойы қапаста жалғыз қалай өтпексіз? Амалын тауып қашып құтылғаныңыз жөн емес пе? – депті.
— Ой бауырым-ай!Басыма іс түсті деп елінен безу деген сөз өзін тапқан анасын табанына салын басу деген сөз емес пе? Мені мұндайға елім душар етіп отырған жоқ. Тек менің көзімді жоғалту үшін егерлескен біреудің егес ісіне татып мұндай күйге душар болдық ғой. Осыны ескеру керек. Сабырлық түбі сары алтын демей ме – депті Қасен.
Жағаласпай, жан қалмайды – дейді емес пе? Қапастан құтылып алған соң қарығын ашайын десе қиын ба? Қайта айланып қастандыларынан кегін де алады емес пе? Бұл жерде отыра бергенде бұған ойын бөлетін кімі тұр? Өмір үшін талпынбайтын адам бола ма? Қырқынан асқан балада, өмірге талпынады емес пе. Тіпті құстың балапандары да ұшарында қанаттарын тарап талпынғандықтан аспандап ұшатын болады емес пе!
Тәуекел! Теріс істесем кейін көре жатармын. Әйтеу осы Қасен ғалым үшін не көрсемде өкінбеспін. Амалдап жүріп қапас ауладан шығаруды ойлайын – деген шешімге ойын бір-ақ тиянақтапты Сайхан бала.
Сайхан ойын орындау үшін тапқан амалы халық ортасынан таңдаулы сәйгүлік арғымақтар сатып алуға ат таңдапты. Сынынан талай саңылақтарды өткізіп, таңдамалы екі арғымақты бағасын басып беріп сатып алыпты.
Он бес күнде жұмыртқадай семіртіп алыпты да, ендігі жерде етін қатырып жарата бастапты. Аттары әбден бабына келіп жарап болған соң бір күні Қасенге келіп:
— Мен екі әдемі арғымақ сатып алдым, мұның бірін сізге арнап алдым, екіншісін өзіме – депті Сайхан.
— Балалығың-ай. Мен ол атты қайда жүріп мінбекпін. Ғұмырыма тұрақ болған ауладан мен шығып жатқамын жоқ.
— Осы ауланың ішіне анда-санда мініп көңіл көтеруге жараса да болғаны емес пе? Ертең алып келейін, сынап көріңіз. Ат болғанда нағыз малдын суреті, – деп мақтапты атпен еліктіргісі келіп Сайхан.
Ертеңінде екі атын ерттеп, әбзелін жөндеп алып келіп аулаға кіргізіп, екеуі екі атқа мініп, ары бері жүріп саяхаттапты. Ат деген адамның қанаты емес пе, атқа мініп, көңілі сергіп калған Қасен екінші ат алып келуіне, қарсы болмапты.
Аула есігінде екі күзет тұрады. Қасенді қандай әдіспен алып кету амалын іздей жүріп, келешегімізге керек болар деген ақша, азық жабдығын қоржынға салып дайындап келіп жүріп, әбден дайын болған күні тағы екі атын алып ауланың ішіне келіп бірін Қасенге мінгізіп, бірін өзі мініп, ауланың ішіне ары бері желіп, шауып ауланы қырық айланыпты. Тұлпарлардың еті қызып ала қашып, неден болсада тайынбайтын екпінге келгенде, Сайхан ауланың қала жақ қанатына барып енді қыр жаққа бұрыла бергенде айқай салып тұра шауыпты. Еті қызып алған тұлпарлар айқай естіген соң бастары қалай күш берсін, екі құлақтарын тігіп елеуреп, ала кеп жөнеліпті.
Ауланың биік қабырғасына келіп қалғанда алдымен Қасеннің аты бүктетіліп кеп ырғығанда ауладан асып кеткенін ғана біліп қалыпты Сайхан. Іле артынан келіп қалған өзі де тізгінін қоя беріп, көзін жұмып қалған екен, аты ырғып ауладан дік ете түсіпті.
Қасен сол шақта тізгінін қарыстыра тартып барады екен. Сайхан айқай салып жанынан ағып өте шыққанда ауыздығын азуға басып алған арғымақ күш бермей Сайханнан ағып өте шығыпты.
Сол кеткеннен арттарына қарамай Қасен алдында, Сайхан жете қабыл соңында іркес-тіркес кете барыпты. Қасен мен Сайхан қашып кетті деп күзетшілер әкімге хабарлап, әкім сайлауыттарын шақырып олар енді ат тауып мініп соңдарына түскенше, Қасен мен Сайхан әлдеқашан қара үзіп жоқ болыпты.
Күн батып, қас қарайған кезде қалың жыныс орманға кезігіпті. Арғымақтардың әптігі басылып, бастары қолға еркін икемге келіп орманға токтапты екі жолаушы. Атынан бұрын түскен Сайхан Қасеннің алдынан жаяулап келіп атынын шылбырын ұстап:
— Қателігім болса кешіре көріңіз ғалым аға, қапаста ғұмырыңыз өтпесін деп істеген амалым еді. Ойымды орындадым.
Енді қай жаққа қалай бару, не істеу, барлығының ақылы сіздің қолыңызда. Сіз қайда барып не көрсеңіз тірі жүргенде сізбен бірге боламын, – депті Сайхан. Қасен аттан түсіп аз ойланып:
— Ақылға тоқтамадың. Ендігі жерде ақыр түбі неменемен тынар екен, кезінде көре жатармыз. Қайта барғанмен, мені өлтіргенімен қоймай, сені де өлтіреді. Сондықтан тәуекел деп ұзап кетейік. Ал саған айтылмаған, менде көп сыр жатыр, оны өзіне, кейін айтылар – деп бір күрсініп алып, – ал Саматка тілдессек шырмалған менің өмірім оны да бір кеселге душар етіп алармын. Не болсада мұндағы адамдарға ұмыт болғанша басқа жер, басқа елге ұзап барып бас сауғалайык, – депті Қасен.
— Сонда қай жаққа барамыз ғалым аға? – деп сұрапты Сайхан.
— Ол жағын ойлап та үлгергемін жоқ. Бірақ түбін ойлағанда Ұлы Сұлтанның қаласына барып паналағанымыз жөн болар. Нендей жолмен жан бағар екеміз? Оны күнінде көре жатармыз, – депті.
— Жан бағу жағынан әзірше жалаң шыққамыз жоқ ғалым аға. Ана-мынадан құрастырып сұрастырып, саудалап, қарыздап әкемнен сұрап, ұрлап жиып алып шыққан ақшамызда бар – депті Сайхан.
— Енді ұшпақ болсаң зымыра депті ғой, – деп аттарына мініп күннің батысына қарай Ұлы Сұлтанның қаласын бетке ұстап тартып кетіпті екі жолаушы.
Ай жүрді, апта жүрді кім білсін әйтеу көксеген шаһарына келіп, кішкентай там сатып алып, кәсіп іздемей жата беріпті.
Күндерде бір күн Қасен кітабын оқып үйде қалып, Сайхан шаһарды аралап келе жатып Ұлы Сұлтанның ұлықтар жиналатын сарайына кезігіпті. Сарайдың іші- сыртын тамашалап жүрсе бір үлкен тақтада: Ұлы Сұлтаннан жария! делінген жазуға көзі түсіп әлгі жарияның аяғындағы жазуды оқып көрсе, Әлеумет халқымның ішінде, ғылымға жетіле оқып білгенімен жер бетіне тигізген ешбір пайдасы жоқ. Сондықтан халқыма егін ұрығын шашқандай, елеулі ғылымды, електен өткізіп, ел ішіне таратамын. Алдымен осы өнерге үлесін қоспақ болған ғалымдардың ортасында өнер сайысы жүріледі. Өнері асып шыққан ғалымды Ғалымдардың Қариы деген атақ беріп, бөлек сарай салдырып, өмір бойғы дүние-жабдығын қазынадан болдырамын.
Сынақ алуға қазірі ғалымдардың Қариы Ғазез ғалымды шығардым. Сын жеті күн жүріліп бітеді деп жазылған жарияны оқып жадына сақтап Қасенге көргендерін келіп айтыпты. Сонда Қасен аз кем ойланып отырып:
— Е, Сайхан бауырым, мен қапас ауласында жатқанда сен қашып кетейік дегенде мен саған не айтып едім. Өз Отанынан кеткен адамда бағамен бақ тұрмайды дегенді ескерткенім есіңде бар шығар. Егер басымызда бағымыз тұрған кезіміз болса мына өнер сайысына біз де түсіп, бағымызды сынап, ғалымдардың алдына білгенімізді жайған болар едік, керегі не, кесепат соғып, кезіп жүрген сұрымыз мынау. Бұл жарияны мағаи несін айтып келесің? – депт.
— Сіз өмірден жүз түрді білгенде мен бірін де білмеймін ғой. Сөйте тұра ақылсыз кісінің сөзін айтатыныңызға мен таңмын. Талапты тасты жарады, талапсыз тамұқта қалады дегенді неге есіңізге алмайсыз? Талпынбай тарылғанша, талаптанып жарылған жөн емес пе. Ішкі өнеріңізді сыртқа шығармасаңыз ішіңізге кім түседі. Ішіңіздегі өнер шықпаған соң басығызға кір түседі.– деп өзінше Қасен ғалымды, тілінін жеткенінше қайрапты Сайхан досы.
— Япыр-ай, ойламаған ісімді от басынан шығардың-ау Сайхан. Жарайды, сөзіңді далаға тастамай тағы бір байқап көрейін. Достық сөзіңді алмасам доңыз болып кетермін! – деп күліпті Қасен.
Екі күн өтіп, үшінші күні Ұлы Сұлтанның ұлықтар жиналатын сарайына келіп Ғазез Қариға сәлем беріп, өнер сайысына түскелі келгендігін айтыпты Қасен.
— Я батшағар, ертерек неге келмедің. Сайыстың бар мөлшері жеті-ақ күн. Мұнын екі күні өтіп кетті. Ертерек келіп жаттағаның жөн еді. Ал жарайды, мына кітапті алып барып екі күн оқып келіп сайысқа дайындал, – деп бір үлкен кітап беріпті.
Кітаптың сыртынан танып Қасен:
— Тақсыр, мұнан басқа қандай кітаптан сын аласыздар? – деп сұрапты.
— Осыны аршып түгел айтып кетсең артынан тағы табылады. Алдымен осы кітаптан өт, – депті Қасенді менсінбеген әлпетпен.
— Тақсыр, күнәға бұйыра көрмеңіз. Мен мына кітапты әбден жат білемін, оқымай-ақ қояйын: онда басқа кітабыңызды беріңіз.
— Кітаптың өзін түгел оқып шықтым дегенің болмаса сырына жеткен жоқ боларсыңн. Сыры тылсым кітап қой мұның.
—Тақсыр, сіздің қалай сын алғалы отырғаныңызды мен білмеймін. Бұл кітаптың тылсым сырын айтқызамын десеңіз жеті күн емес жеті жыл сөйлеп беруге болады. Бірақ, тақсыр, Ұлы Сұлтанның белгілеген мерзімі қысқа болған соң мен де соған жарай айтып тұрмын. Кітап құпиясын түгел айтқызамын десеңіз маған ең кемінде үш жыл керек. Өйткені бұл жалғыз кітап болғанымен мың кітапқа шешім беретін кітап екенін өзіңіз де білесіз, – депті Қасен.
Қари Қасеннен сасайын депті де сыр білдірмей, алдымен Ұлы Сұлтанға ақылдаспақ болып, Қасенді отырғызып қойып өзі Ұлы Сұлтанға келіп, Қасен туралы өзінің сезгенін, оның көп білетін адам сияқтанып тұрғанын хабарлапты. Ұлы Сұлтан аз ойланып:
— Сол оқымысты, сені шошытқан ғалымды алдыр бері, – депті. Қасенді дереу Ұлы Сұлтанның алдына алып келіпті. Тәртіп бойынша тағзым етіп аман саулық біліскеннен кейін Ұлы Сұлтан Қасенге:
— Балам оқуды қайдан оқып едің? –депті менің шаһарымнан асқан ғылым орны жоқ деп ойлап отыратын патша.
— Тақсыр, оқуымнын алғашқысын Хакім ханның қарауындағы Әсем қаладан оқыған едім. Ол жердегі оқуды бітірген соң жұмысқа берілмей оқуға берілдім. Онан кейінгі оқуымды дәл пәлендей жерден оқыдым дейтін емес, білгенімнің үстіне тапқанымды жалғай бердім. Ойдан да қырдан да оқыдым. Қысқасы өмірдің өзінен аудандысын таптым, – депті Қасен. Ұлы Сұлтан:
— Ал мына Ғазез Қариға қалай сын бермексің?
— Қалай сын алу бұл кісінің өз еркінде ғой. Менікі тек сын бере білу ғана. Бұл кісі екі күн оқып келіп сын бер деп бір кітап беріп еді, ол кітапты мен тегінде жатқа білуші едім. Ол өте сырлы, мағыналы кітап, соның мағынасын түгел шешіп айтасың деген соң мен сөйлеуіме мерзім ұзартып беруді тілеп едім. Сөйлеуге мен ерінбеймін, тек тыңдаушы кісі болса. Ол кітаптың бір ауыз сөзінің құпия сырын шешіп айту үшін бір жұма керек. Сондықтан ол кісі ерінбей тыңдап отыра беретін болса мөлшермен айтқанда жеті жыл айтып бітеді, – депті Қасен.
— Ал Қари сен осы балаға осы кітаптарыңнан бір сұрау берші. Сұрауларыңмен жауаптарыңды мен де тыңдап көрейін, – депті Сұлтан екеуін қатар сынағысы келіп.
Сонда Қари іліп алғандай:
— Өнер дегеи не? – деп жалғыз ауыз сұрау беріпті.
— Бұл сұраудын шешімі: — осыдан бес жүз жыл бұрын басылып шыққан, қырық бір кітаптың шығу себебін қозғалтады. Сол қырық бір кітаптың ішіндегі барлық сөзін сүзіп тобықтай түйінін жалғыз ауыз сөзбен айтқанда, өнер деген сөз – өмір деген сөзге келіп тиянақтайды. Бұған дәлел:
Дүниеге адам өмір сүрмейтін болса, өнер де тумақ емес. Сол үшін ары қарай кеңейтіп айтып беруіме рұқсат етініздер, – деп алып Қасен сөйлеп кетіпті.
Өмірі мұндай сөз естіп көрмеген Ұлы Сұлтан өзін-өзі ұмытып екі қолымен жағын таянып Қасенге емес өмірден туған және енді туатын өнерді естіген сайын есі кетіп таң болып отыра беріпті.
Мынау бір сарнаған қу жақ екен. Менің Қарилық дәрежемді тартып алмаса не қылсын. Мына сөйлеп тұрғандарынан өзіме сұрау берсе не болдым. Мынаның айтып тұрғандарын мен білмек түгіл естімеген сөздер екен, – деп өзімен-өзі болып Қари отырыпты.
— Осынша сөйлегенде бағанағы айтқан кітаптарыңнан мөлшерлеп айтқанда неше бетін аудардың? – депті Ұлы Сұлтан.
— Тақсыр-ау! Оқу оңай дейсіз бе. Мен сөйлегелі бес сағат болды. Жоғарыдағы айтылған қырық бір кітаптың біріншісінің екі-ақ қағазы аударылды. Менің айтып отырғаным, тек сол кітаптың ішіне жазылған сөзі ғана емес, соның сөздерінің, мән-мағынасы басқа кітаптарда да болады. Солармен теңестіріп, сіздерге ұғындыра сөйлеп тұрмын ғой. Кітаптың бетіне жазылған сөзді заулатып өте бергенмен тыңдаушыда тобықтай түйіні қалмайды ғой, – депті Қасен.
— Енді тоқтата тұр балам, – депті де, Ұлы Сұлтан Қариға:
— Осы баланың айтып тұрғандары дұрыс па?Әлде жалған қосып тұрған жері бар ма? Мен сені Қари болдырғалы, осындай бір сөзіңді естімеген едім. Осы бала өтірік шын болсада, мені үйіріп әкетті-ау, – деп өз шынын да айтыпты сұрауымен араластырып.
— Тақсыр бәрі де дұрыс айтылып жатыр, –депті Қари, – теріс жері бар десем мына қу жақ бала өзіме сап ете түсер, – деген оймен.
— Балам саған шынымды айтайын, – депті Ұлы Сұлтан, – меи тек жеті атамнан келе жатқан Хан Сұлтан тағына ғана ие болып келемін. Сенің айтып тұрғаныңнан тек қызыға тыңдағаным болмаса маған қонып жатқан нәр шамалы. Ал мына Қаридың өзі білетін болу керек. Сондықтан сені өзім ғана тыңдамайын көп тыңдасын, жиылған ғалымдар тыңдасын. Сөзіңнің нәрін сол көпшілік алсын. Ғалымдар деген болмаса болжауымша соның қайсысы осының бәрін біліп тұр дейсің? Білетіндері сынап көрсін, білмейтіндері, біліміне қосымша алсын. Бұл сөздің жалғасы ертең басталсын. Ал өзіңе қазынадан бөлек сарай беріледі, сыртыңнан сақтайтын қырық сардар сақшы беріледі, – депті. Сонан екі бегін шақыртып:
— Орданың қатарындағы сарайдан, мына жігітке бес бөлмелі үй берілсін. Саман палуанға бастатып қырық сардар сақшы берілсін! – деп Ұлы Сұлтан бір-ақ жарлық беріпті.
Ұлы Сұлтанның өзі бас болып барлық ғалым, оқымыстыларды отырғызып Өнер мен өмір туралы сабағының жалғасынан Қасенге сөйлетіпті. Күнде осылайша Қасеннен сын алудың орнына ғалым оқымыстылар сабақ алыпты.
Сонда көптің ішінен, Ғазез Қаридың аяғын басып жүрген ғалым Дәуім деген орнынан тұрып:
— Тақсыр, мен дәл өз басым осы балаға таң болып отырмын. Осындай көп білім, осындай ғылымды, қайда жүріп басына тоқыды деген сұрау келе береді маған. Жасым алпысты алқымдап қалды. Қасеннің айтып тұрғандарын білмек түгіл естімегем. Осы баладан ең кемінде он бес жыл сабақ алатын түрім бар. Ал басқа ғалымдар не айтарын өздері білсін. Мен мына баланы сынамақ түгіл өзіне сын бере алатын да шамам жоқ, – депті Дәуім.
Басқалары да Дәуімнің сөзін құптап, Қасеннің біліміне таң екендіктерін айтысыпты.
— Көп күн ұзақ сөйледі, шаршаған шығар сыңдар. Бір жұма демалып, қайта жиылыңдар, – деп Ұлы Сұлтан үкім айтып таратыпты. Сол күннің кешінде:
— Ініңмен кел! – деп қонаққа шақырыпты Қасен мен Сайханды Ұлы Сұлтан. Қонақтардың ішінде өзіне дос деген қонағын қабылдайтын сарайына Ұлы Сұлтаи өзі де бірге отырып алдарына алуан түрлі дастархан жайдырып сыра, балды көл көсір келтіріпті.
Сөздің бір келісінде Ұлы Сұлтан:
— Балам сенен мен әлі сұрағамын жоқ. Ал өзің, мен сұрамаған соң айтқан жоқсың. Сенің түп тегің қайдан, туысың кім? Ел жерің қайда? Қайдан келіп осы қалаға душар болдың? Адам болған соң сырсыз болмайды ғой, өзің осындай үлкен өнер иесі бола тұра ескерусіз қалуыңда бір сыр болу керек пе деймін.
Немене жасырының болсада, менен жасырма. Бұл достық көңілмен сұрап отырған сырым, – депті Ұлы Сұлтан.
— Тақсыр мұныңызға құлдық және мұны сұрағаныңызға мың-мын рахмет айтамын! Менің сырымның ішінде ауыр қылмыс та бар, қылмыссыз қылмысқа ұрынғаным да бар. Өмір бойы есімнен қалмайтыи арманымда бар, өзегімді өртеген кегім де бар, айрылмасымнан айрылған қайғымда бар. Енді сынығы көп сырымның шыңауымен, сылауы өз алдыңыздан тарасын. Қандай уәж айтсаңыз да төрелік сізден – деп Қасен өмірбаянын бастапты. Ұлы Сұлтанға Қасен бір жасынан бері қарайғы көрген миханатымен қызығын қалдырмай барлығын баяндап бірақ шыққанда:
— Алда қарағым-ай, өмірің бес патшадан безеу көріп қаңғырған Жаһашаның өміріне ұқсаған екен ғой. Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайтып тапкан соң деген ғой. Бейнетсіз өмір,өмірсіз бейнет қайдан тусын. Осы көрген бейнетіңе өкінбе де, өкпелеме! Ойсыз, мұңсыз пенде аз ғой осы заманда. Осы көрген бейнетің өжетігіңе сай болған болу керек. От басы, ошақ қасынан шықпайтын, албаты жетесіздердің бірі болсаң саған мұндай өтірік шынды жала жабыспаған болар еді ғой! Сол жіпсіз, жігерсіздердің бірі болсаң менімен дастархандас отырмас та едің ғой. Сенен қателк таппай отырмын, мұнын барлығы Хакім ханның қаталдығынан туған іс екен. Ол қол астымдағы қалың бұқарам не болып жатыр деп ескермегендігінен туған бейнет пен жанжал деп шешемін. Олай дейтініме дәлел: Сен қайыр сұрап жүріп Хакімнің екі баласына алғаш кезігіп, олармен достасқанда ол балалар, әкесінің қатал мінезінен қорыққандығынан осы іс өніп шығып отыр.
Ақыр түбі қайырлы болсын балам! Бұған ренжіме. Осы сөзіміз осымен әзірге доғарыла тұрсын. Ал енді мен өзім шешімін біле алмаған бірнеше сұрауымды берейінші:
— Хан тағында отырған адам, халықтың неменесі?
— Хан ғаділетті болса, халықтың тірек тиянағы, ғаділетсіз болса, халықтың көретін қиянаты – деген сөз шешімі ғой.
— Ал сонда, халық ханның неменесі?
— Халық –ханның болаттан соққан қорғаны, суалмайтын сусыны ғой.
— Халықтың басында хан отырмаса қайтер еді?
— Тақсыр менің бірінші сұрауға берген жауабымды ұға алмай қалған екенсіз ғой. Бір үлкен дарияға бір мая шөпті салып жіберсе, шашау шықпай мая қалпымен аға ма? Сүзгіш салып алдынан тосып алмаса алды-алдына бытырап, кезіккен бұта томарға, салындыға ілініп сағдары қалмай тозып, жоғалады емес пе?
Өмір деген дария дағы, адам деген сол дарияның салындысы ғой тақсыр. Тиянағы болмаса, тұңғиыққа батады емес пе?.
— Ата жолымен келе жатқан уәзір, бек, қазы, сардар басы, қари, имам, молда, қожа дегендер сияқты халық басын айландыратын қалың басшылықты жоғалтып, тек хан тағында жалғыз хан ғана отырса қайтер еді?.
— Мұныңызды да ұғындыру үшін бір мысал келтіріп айтайын. Бұл жағы бірінші сұрауыңызға байланысты. Жалғыз шынар тамыры болмаса көктей ме? Бүрлеп бұтақтамаса, көрер көзге сәні бола ма және бүрсіз жалғыз денесі адамға айуанға пана бола ма? Сондықтан шынарды көктететін тамыры болса халық ханның тамыры, көктеген бүрі сол халық. Ішінен шыққан, жоғардағы өзіңіз айтып отырған сізден кейінгі ұсақ басшылар деген сөз ғой, – деп Ханмен Қасен сұраумен жауапты тоқтатыпты.
Ұлы Сұлтан, осы кеңестен кейін үлкен толғаныс ойға кетіпті. Қарыстай ғұмырым болса сүйемдейі өтті. Сексеннен асып, тоқсанға таяп отырған жайым мынау. Аз жас жасағамын жоқ, осы жастың жиырма жетісін патша ұлы болып байқаусызда балалық шағым деп өткіздім. Оны арман етіп қайтемін, қалған алпыс жылымды, патшалық тақта отырып, ғұмырымды өткіздім. Не таптым? Не істедім? Ғылым жолы, ғылым тілімен қарап айтқанда түк істемеген сияқтымын. Бар көрген қызығым бетіме жанды қаратпадым, тамағым тоқ, киімім бүтін ғана болдым. Осыдан басқа менің көрген қызығым қанша. Ал енді төрімнен көрім жуық шаққа қелдім. Ажалым жетіп өле кеткен күні мына дәулет, мына атақ, мына шен-шекпен, бар қазына кімнің қолында қалады. Тамырынан сола қуарған теректей қопарылған орным ғана қалады емес пе. Өледі екенмін деп уайымдағанда ажалдан арашалап мені кім алып қалып жатыр. Ал өледі екенмін деп өмірді де ұмытып кетуім қалай болады. Алпыс жыл жаман-жақсы болса да қолымнан өсіріп-өндіріп, ыстығыма күйдіріп, суығыма тоңдырған қалың бұқара халқымның қарызы өлген күнде мойнымда кетеді. Сонда орныма белгі болдырып, отырғыза қоятын кімім тұр. Осыған бір орынды адам ойластыратын уақытым болды. Сонда мен бір адамды жарылқау үшін ғана емес, әлеумет қалың бұқара үшін бейіл бұратын адамды табуым дұрыс. Сонда менің тауып отырған және ұйғарып отырған адамым осы Қасен ғалым емес пе.
Енді мен тақта қанша отырармын. Қасенді Хан Сұлтан болғызып көріп, халыққа қандайлық басшылық беретінін көзіммен көріп, болмай бара жатса басқадай беделділердің бірін ұсынуым оң іс емес пе, – деген шешімге бір-ақ келіпті Ұлы Сұлтан.
Ұлы Сұлтан осы ойына тиянақтап, өзінің қол астындағы хандарын, уәзір, бектерін, сардар, саралары, имам, қазы, молда, қожа, қари, ғалым, қара би, сияқты игі жақсыларын үш күннің ішінде жиып, ұлы мәжіліс істеп, жоғардағы өзінің ойын түгел айтыпты. Сонда өзімен бірге жасасып келе жатқан қарт уәзірі Ғалымбек:
— Е, тақсыр, өлім дегенді ойлаған да жөн, ойламағанда жөн. Бірақ, әсіресе ажал тағдырымен салыстыра келгенде қара бұқараны күн бұрын қамқорлығыңызға алғаныңыз жөн. Сонда біз қамалып отырып қай жол табамыз. Өз қалауыңыз нені қалайды, кімді қалайды? Халық үміт ететін менің тұрған жайым мынау, келісіп отырғамын жоқ. Екеуіміз сол өзіңіз жақындатып отырған тоқсанға бірге барғалы отырмыз. Ал ажал екеумізге бірге келгелі қарысып тұрған жоқ па. Сонда өзіңіздің ойыңыз кімді ұнатса, сол болмағанда қайтеді, – деп сөзін тоқтатып, орнына отырыпты.
— Басқадай игі жақсыларым не ойлаған ойларың бар? Мен дәреже үшін айтып отырғамын жоқ, халық үшін айтып отырмын. Сөйлеуші барсындар ма? – деп және сұрапты Ұлы Сұлтан.
Сонда Есімбек деген хан:
— Тақсыр, Сіз екеуіңізден асып кім не айтады дейсіз? Өз қалауынызды тосқан ғой, біздікі – депті тұжырымды ғана.
— Олай болса, әлеуметім! Ата мираста болып көрген бір іс ойыма келе беріп болмаған соң, сендердің алдарыңа салғалы, осы жиынды ашып едім. Сол ойымды сендерден жасырмайын. Ол ойым:
Осында ғалымдарға ғана әйгілі болған Қасен деген жас ғалымды ұната беремін. Ол бала ата тегімен емес, асқан білімімен өзін осы іске тартады. Ата-текте не тұр дейсің! Қара бұқараның қамын жеген, ғаділеттілікті құрып, іс жүргізсе болды емес пе? – деп ойлаймын. Болжауымша Қасеннің ғылымға тереңдігі қазір осы дүние бетінде жоқ болуға тиіс деп бағалап отырмын, – депті.
Ұлы Сұлтан осы жиналған тобын таратпай, жеті көк қасқа арғымақ айтып шалып, ұлы думан той жасап, Қасен ғалымды өзі ұйғаруы бойынша және көптің мақұлдауымен, ұлы Сұлтан тағына отырғызып, Қасеннің тілегі қабыл болып мұратына жетіпті.
Ғылымның ашпайтын есігі, шешпейтін түйіні, балқытпайтын қаттысы бар ма? Хан Сұлтан тағына отырғаннан кейін барлық ісін ғылыммен өмірді ұштастыра жүргізіп, ғадылетті жолды алғаш ашқан Қасен патша екен.
Ғадылетсіз жолдарды аршып тазалап, қара бұқараның қамын жеп, арықарай өз тұсында адамға деген игі істерді бастап, ілімін елге таратқан екен.
Қарт Ұлы Сұлтан, өзі тіленіп орнына Қасенді қойғаннан кейін қарт уәзір де жаңа Сұлтанға тілек білдіріп, жұмысынан босап, оның орнына уәзір етіп Сайханды қойыпты.
Қасен патшаның мұнан кейінгі өмірін әңгіменің аяғында былай болды деп айтады:
Жаңа хан Сұлтанға құтты болсын айтуға сый сияпатын алып, қарамағындағы алпыс хан, қошаметші қосындармен келіп амандасып қайтып жатыпты.
Хакім хан, екі баласы Салауат, Саматтармен қосылып, өз хандарын қошаметтеу және жаңа ұлы ханға бұлар да жүздесу үшін, Әсем қаланың әкімі Қапас бегі Әли, Әзім саудагер барлығы сый-сияпатын алып келісіпті.
Бұлардың қелген хабарын естігенде Қасен патша, Хакім хан, Салауат Самат, Әлилерді бөлек сарайға түсіртіпті.
Бұлар отырып жайғасып болған соң, амандасуга Қасен мен Сайхан, Хакім ханмеи Әлиге сәлем бергенде ұлы ханға өздері ибағат етіп, Алдияр деп бас имек болғанда бас игізбей түзу келіп, төс соғыстырып амандасыпты.
Достық махаббаттың қиын екендігін сөзбен айтып жеткізуге тіл жетпейді. Бірін-бірі бас салып құшақтағанда, Самат талып кетіп, Қасеннің сақтаушылары сүт бүркіп дем салыпты.
Бұл қылықты көріп, Хакім хан, таң-тамаша болып, аңтарылып, тұрып қалыпты.
— Өмір қайығы өзі әкеліп табыстырған соң, мұнысына шүкіршілік етейік, — Ассалаумағалайкум әкелер! – деп Сайхан Хакім хан мен өз әкесіне сәлем беріп, тағзым етіп: — Танымай қалдыңыздар-ау! — Мына ұлы сұлтан, баяғыда қапас ауладан қашып кеткен Қасен ғой. Ал мен Сайханмын, – дегенде:
— Алда қарағым-ай, – деп жалғыз-ақ дыбыс шығарып, сағыныштан талып кетіпті Сайханның әкесі.
Дүние не болып кеткенін білмей Хакім хан қапалақтап жан-жағына қарай беріпті.
— Ата айыпқа бұйырмаңыз, астарлы сырмен тағдыр-баланыңыз Қасенмін, қателік ісім болса қешірерсіз, сіз туралы істеген қиянатым жоқ болу керек. Өмірдің өзі осылай; қауышуымызға жазған шығар. Біріміздің-бірімізге Істеген қателік істеріміз болса кешісейік. Енді шешілмейтін түйін, кешілмейтін қүнә қай-қайсымызда қалмауы керек, – деп кілемдердің үстіне, қабаттап жайылған манат қөрпелерге, құс жастықтармен жасалған орындарға отыруға қонақтарын, Қасен сұлтан өзі ұсынып шақырыпты.
Бұл қылықтар мен жылаулар, сағыныш, қауышқан құшақ мұның не екенін, кім не айтып, қалай болып жатқанының бірін де түсінбей, Хакім хан таң-тамаша болып отыра беріпті.
— Енді не екенін білмей, таңғажайып іс көргендей болып отырған мына атамызға, жөнімізді айтып, ұғындырып мауқымызды басқанымыз жөн болар. Сонда істің басынан осы табысып, қауышуымызға дейінгі болған оқиғаны мен қапасқа алынғанға дейінгі, өткен өмірді Самат сен айтып бер. Онан кейінгі өмірді Сайхан сен айт! – деп Қасен өзі тыңдауға тағына отырыпты
Сөйлеуге өзіне мұрсат берілген соң Самат ішіне симай жүрген оқиғаны бір-ақ ағытыпты. Онан соң кезек Сайханға келгеи сон, шабатын аттай керіліп алып:
— Е, әділеттік бар жерге қастандық та жүрмейді екен. Біз Қасен екеуміз қапаста дос болып, хан Сұлтан тағына да бірге отырдық. Ал енді мен ежіктемей Саматтың тоқтаған жерінен кейін біз не көрдік, нендей қиыншылық іс басымыздан кештік, осыларды айтайын, – деп Сайхан саулатып айтып ақырғы түбі келіп, рахатқа жеткен жеріне дейін айтып бір-ақ шығыпты.
— Алда қарақтарым-ай қателігімді кешіре көріңдер! Бар кеселдің жолын ашқан мен екенмін. Өйткені үкімім ғадылетсіз болған екен. Әсем қаланың бегінің аузына нанып, бар дүниені мен бүлдірген еқенмін. Күнәмді кеше көріндер? Шіркін есіл, сол Жамал тірі барма екен! Есіл жас, еңірей- еңірей тағы менің парықсыздығымнан аңдыған аранның аузына түсіп ақырғы демі бітті ме екен, – деп өкініпті Хакім хан.
— Тақсырлар-ай енді менде жасыратын не сыр қалды. Мен жасырғанмен Сайхан тірі, бұл әлде қашан өзіңізге паш еткен болар. Бастапқысын Әсем қаланың әкімі толықтырар. Мен сол арман қылып отырған Жамал туралы білгенімді айтайын. Жамал әлі тірі. Бірақ оның көрген күні қараң! Сіздер қашып кеткеннен кейін көп іздеу болды, бірақ деректерің табылмады. Сіздердің соңдарыңызға әсіреге мен түстім, өйткені жалғыз баламнан қалып қай дүниеден опа табам. Егер кезігіп табылып жатса не болса да бірге болайын, – деп іздедім. Амалым қанша, бір дереқ таппай үш ай жүріп қайтып, Әсем қаладағы үйіме бардым. Мен үйіме келіп шайға отырмай жатып, әкімнен қағаз алып, бір сақшы жігіт келді. Қағазын оқып қарасам:
Қүміс деген қемпірмен онын қызы Жамал екеуін саңылаусыз қараңғы қапасқа сал – деген жазуды оқыдым! Бұған бар айтқаным — Оларың қайда?, – дедім.
— Ауланың сыртында , – деді сақшы жігіт.
Жарлық қатты, жан тәтті амалым қанша, оларға болыспақ түгіл балаң қашқынды алып кетті, онымен өзі бірге кетті, осының бәрін астыртын істеп отырған сен деп қай күні өзімізді қапасқа тығар деп шошып жүрген сұм басым, бір ауыз сөз де сұрамай қемпір мен қызды қапасқа қіргізіп жібердім.
Күміс кемпір қапаска шыдамады ма, жоқ әлде құса болды ма, жеті күннен кейін қалдерін білейін деп қолыма шырақ алып, кіріп барсам шешесінің басын құшақтап жылап отырған қызды көрдім. Бастабында не екенін білмей қалдымдағы – неге жылайсын? – деп қызға сұрау бердім.
— Апам қайтыс болды деп, еңіреп жіберді. Бұған менің не лажым бар? Онда, апаң иманды болсын! Енді жылама. Өзің мұндай жерде отырып, өлген адамды қүдайдан несіне жоқтайсың, – деп қаталдау көңіл айтып, Күміс кемпірді қапастан шығартып, Дәруіштің кемпіріне арулатып, бейітке қойғыздым.
Сонан бері, сол Жамал әлі қапаста. Ал мұның қылмысы не? – деп сұрастырсам:
Әзім деген бай саудагер Жамалды алмақ болды. Оған кемпір Жамалды бермейді де, Жамал тимейді. Қанша мүкамал дүиие төкседе олар айтқанынан қайтпайды. Бұған ыза болған саудагер Әкімге арыз айта барады. Ол өзі бай саудагер барғанда тек барсыи ба? Күшпен осыларды көндіріп бер деп әкімге бір жүз мың ділдә сый апарады. Осы ділдә үшін, Жамалды Әзімге көндіру үшін қапасқа сал деп маған айтқан екен.
Міне сонда қаранғы қапасқа түскен Жамал, күні бүгін тірі. Әлі сол қапаста жатыр! – деп Әли сөзін бітіргенде Қасен аш бүйірін таянып, аузынан қасыретті дем шығарған екен.
Істін беті ашылып, барша қайғы қасіретін төгіп зар қағып заһар шеккен, мұң мен мұқтаждықта, ғұмыры өтіп бара жатқан махаббат үшін, қайғымен қасірет шегіп, қапастан қапасқа, бейнеттен-бейнетке өтіп, сол махаббатын берік ұстаған адал жары Жамалды сол миханат азап тартып отырған жерінен ұлы Сұлтан Қасен өзі іздеп барып табысып, құтқарып ордасына алып қайтыпты.
Бақталас дұшпандары бас иіп жазасын алыпты.
Қасен Хан Сұлтан деген дәрежеге жетіп, халқына қайырымдылығының арқасында мұратына жетіпті.