Ақылбек Шаяхмет
Таптым осы кітаптан
Құран Кәрім – он сегіз мың ғаламның иесі
Алла Тағаланың сөзі.
Қайғырғанды жылатқан,
Жылағанды жұбатқан,
Мұсылманды қысылған
Алып шыққан сынақтан.
Күн шыққанда гүл атқан,
Жаным сүйіп, ұнатқан,
Ойдың не бір асылын
Таптым осы кітаптан.
Парыз
Бозбала да, көп көрген қария да
Келтіргенмен тілдерін кәлимаға,
Қайық-сынды толқында қалтылдаған
Өмір деген телегей дарияда.
Жаратушы қолдаса, дем берер деп,
Тіршіліктің қисығы жөнделер деп,
Неше мәрте күн сайын құлшылық қып,
Жайнамазға жығылған пенделер көп.
Өсек-аяң айтқанды сөкет көріп,
Нәпсі деген дұшпанға төтеп беріп,
Мұсылмандар аз емес ұмыт қылмай,
Әр жыл сайын тұратын зекет беріп.
Ауыз ашса ұсынып адал асын,
Ұстағандар аз емес оразасын.
Қабыл болсын ниетің, иншалла! – деп,
Іштің дертін әуелі тазаласын.
Барғандар бар қажыға қажып-талып,
Қатарынан, әрине, озыпты анық.
Кейбіреуі демеуші қаржысымен
Барғандығы жатады анықталып.
Өткізсе де өмірін шүкірлікте,
Әр сөйлемге қойса да үтір, нүкте,
Парызымды түп-түгел орындадым
Деген пенде ұрынар күпірлікке.
Мұсылманның артқанда мәртебесі,
Игіліктің болмайды ерте-кеші.
Бес парызбен құтылдым деп ойлама,
Одан кейін қалады отыз бесі.
Бола бермес үнемі ойыңдағы,
Еңбек етпей болмайды дайын бағы.
Күні-түні құлшылық қылсаң-дағы,
Таусылмайды парызың мойындағы.
Ойың болса жұмақты көрем деген,
Еш қылығың қалмайды еленбеген.
Қайыр жаса, білім ал, жақсылық қыл,
Қызмет қыл еліңе төбеңменен.
Сақтай білсең жүректің тазалығын,
Баптай білсең дәстүрін қазағыңның,
Әміріне Алланың мойынсұнсаң,
Өкінбейсің жеткенде қаза күнің.
* * *
Сөз бастап қадірлі деп, құрметті деп,
Әйтеуір, жаратады дүрмекті көп.
Кісіні өлгеннен соң сөз қылады
Өмірге текке келіп, құр кетті – деп.
Жалғанға тыр жалаңаш келген кісі –
Өткінші тіршіліктің бір белгісі.
Ешкімнен атақ, құрмет дәметпейді
Көрге де жаяу жүріп кірген кісі.
Құрметті дәметеді тасып-толған,
Айнадан өзін көріп, ғашық болған.
Білмейді ол бар екенін қияметтің
Алдында ақиретте тосып тұрған.
Қаншама кенелсе де ас пен баққа,
Пайда не қараспаса басқа жоққа.
Ендеше қызмет қыл жан аямай,
Еліңе пайдаң тисін, босқа жатпа!
* * *
Төрт саусағым жұмылды,
Бас бармағым қайқайды.
Біреулер бас шұлғиды,
Біреулер бас шайқайды.
Қиналсаң да елеме
Күн қабағын түнерген.
Толғанбай ой келе ме?
Ойды босат шідерден.
Өткен іске өкінген
Тәубаменен тазарған.
Ішті сақта түтіннен,
Сыртты сақта тозаңнан.
Дүние жисаң адалдан,
Аулақ жүрсең арамнан,
Бойды сақта күнәдан,
Көзді сақта харамнан.
Түскен кезде ортаға,
Жанасқанда кіл епті.
Шаң қонбасын қолқаға,
Кір шалмасын жүректі.
* * *
Кетті бәрі...
Батырлар да өр кеуде,
Отырған да өмір-бақи кіл төрде.
Қайда барсаң, көрі дайын Қорқыттың,
Өтті бәрі...
Тығылса да бункерге.
Тақта отырып көрсетсе де айбынын,
Сайранменен өткізсе де ай, күнін,
Өздерімен алып бірге кеткен жоқ
Бұл фәниде жинап алған байлығын.
Жақсылардың ісі қалды артында,
Ақындардың сөзі қалды халқына.
Ісің, сөзің жаққан болса еліңе,
Бәлкім, түбі кешірілер бар күнә.
* * *
Мекен қып биік көкті
Тұрған бұлт иіп кетті.
Алланың жиған нұрын
Алқапқа құйып кетті.
Болғандай ел тілегі,
Жүректер елжіреді.
Қонған су жапыраққа
Не деген мөлдір еді?!
Тамшылар жерге сіңген,
Көлді де тербетуде.
Шабақтай асыр салып
Ойнайды су бетінде.
Жұтамын таза ауасын,
Тәнімді тазаласын.
Жаратқан!
Мұсылманның
Қабыл қыл оразасын!
* * *
Жүргендер шөніктей боп талыстай боп,
Жүргендер күшіктей боп барыстай боп,
Алса да тағдыр желі қатты соқса,
Қалмай ма морт сынатын қамыстай боп.
Қаншама сақтасаң да мал-жаныңды,
Фәниден тапқан сонда олжаң, кәні?!
Жеткізбей, ұстай алмай қор боласың,
Алыстан көріп тұрып арманыңды.
Жаятын жапырағын жас шағыңдай,
Дәуренің кетеді өтіп қас қағымда-ай.
Өзіңді өзің байла ой-қазыққа,
Қызығын тіршіліктің босқа қумай.
Құдай жолы
Ауылда біздің бала күнімде
Құдайдың жолын жасайтын.
Жалғасып жатыр күні бүгін де
Алланың жолы басы айқын.
Туыс-туғанның қабағын бағып,
Тілегін елдің ескеріп,
Құдай жолы деп құрбандық шалып,
Бата сұрайтын, ас беріп.
Түп-түзу қылған пенденің жолын,
Аллаға қарсы келмесе.
Таныған кісі оңы мен солын
Бұзбайды оны ендеше.
Жүрсе де жасап жұмысын тынбай,
Жеткендер көп пе арманға?!
Құдайдың жолы – күпірлік қылмай,
Шүкірлік қылса жалғанда.
Құдайдың жолы – ойламай пайда,
Қамқоршы болып кішіге,
Жүректі тыңдап, жүрсе де қайда,
Жақсылық қылса кісіге.
Отырсаң шалқып, жан-жағың толып,
Жарылқар сені бір Алла!
Құдайдың жолы ап-анық болып
Жазулы тұр ғой Құранда.
* * *
Таңда шамдар өшеді,
Күндіз бұлттар көшеді.
Жұлдыздар да сөнеді
Жайнап тұрған кешегі.
Қайтпай тұрған меселі
Дәннен масақ өседі.
Қалқам, соның барлығы
Бір Алланың есебі.
Бұл есепті білмеген,
Тура жолмен жүрмеген,
Пенделердің шынында
Маңдай соры бес елі...
* * *
Ешқашан ләм-мим демеген,
Пендені сөйле деп қинама.
Әліпті таяқ деп білмеген
Құдайын таныр деп ойлама.
Барлығын, білетін бір Алла,
Осылай жазылған Құранда.
Жаратқан Раббына сенбесе,
Берілсе күдік пен күмәнға,
Алланың нышанын көрмесе,
Пендені сүйрейді кім алға?!
Барлығын, білетін бір Алла,
Осылай жазылған Құранда.
* * *
Қатар-қатар қаланған тастай берік қорғандар,
Ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныс ормандар,
Қирамас деп ойлама,
Өртенбес деп ойлама.
Өткел бермес өзендер толқындары жарды ұрған,
Заңғар биік таулар да басына бұлт қондырған,
Суалмас деп ойлама,
Бүгілмес деп ойлама.
Жел соққанда қурайды өскен шөп те балдырған,
Қаз қалдпыңда тұрмайды сарайың да салдырған,
Жүрген болсаң қайда да,
Ақылға сал жай ғана.
Аласұрған сезім де жүрек отын жандырған,
Төрт мезгілі өмірдің жылытқан, һәм тондырған
Кез келмес деп ойлама,
Өзгермес деп ойлама...
Дүния кезек
Өркендеп, өсіп жатыр өз еліміз,
Ел десе өртенеді өзегіміз.
Әуежай, темір жолда, кеденде де
Тезірек келсе дейміз кезегіміз.
Жүрсек те ажырамай салтымыздан,
Фәнидің уақыт өте нарқы қызған.
Інілер ер жетуге асығулы,
Өкшелеп келе жатыр артымыздан.
Бәріміз кезек күткен орындамыз,
Алдағы ағалардың соңындамыз.
Адамдар алда тұрған түгел кетсе,
Білеміз мағынасын оның да біз.
Қазы жеп, ішсек-тағы таза қымыз,
Беймәлім – келер қайдан ажалымыз?!
Бағасын бұл жалғанның білген шығар
Дүния кезек деген қазағымыз.
* * *
Алдына алып ішкен де адал асын,
Ұстаған да бұлжытпай оразасын,
Зекет беріп, қажыға барғандар да,
Қайырым қып, мың алғыс алғандар да,
Бес намазын жүрген де қаза қылмай,
Пенделер же жүретін тазарылмай,
Жеңілейіп қалады ауыр жүктен,
Шығаранда молдадар жаназасын.
Таусылғанда дәм-тұзы арманы өшіп,
Жиған мүлкі басқа бір қолға көшіп,
Ғазиз тәні қараңғы көрге кіріп,
Көйлек болар кебіні қойған пішіп.
Артта қалып жасаған күнә барлық,
Тарс жабылар ашылып тұрған есік.
Жақсы ма? – деп әуелі сұрап алып,
Сауал қояр: Қарызы бар ма? – десіп.
Барған болсаң бұл сөздің байыбына,
Қалдырса да мал-мүлкін бай ұлына,
Дұғадан басқа ештеңе қажеті жоқ,
Енгеннен соң қара жер қойынына.
Мүңкір, Нәңкір келгенде асып-сасып,
Жауап берер жасаған айыбына.
Марқұм болған кісінің бар қарызын
Алады екен ұрпағы мойынына.
* * *
Портрет те емеспін алған сатып,
Ескерткіш те емеспін қалған қатып.
Тамырымда қан ойнап, соғар жүрек,
Алдаусырап тұрғанда жалған уақыт.
Құлақ естіп, тұрғанда көзім көріп,
Ауызымнан шығатын сөзім берік.
Кешір, Алла, жастықтың желігімен,
Кеткен болсам кей сәтте сезімге еріп.
Жақсылығы аспаған қара бастан,
Кезім болды жаңылған, жаза басқан.
Шайтан мінез маған да жұққан шығар,
Шайтан болса достарым араласқан.
Көп нәрсені сыйғызған уысына,
Жақпай жүрдім жолдас пен туысыма.
Кешір, Алла!
Жалғанда маған берген
Рахмет несібе мен ырысыңа.
Қалар бәрі – салған үй, жиған бұйым,
Қуат берер бойға да иман – білім.
Нұрландырар жолымды қияметте
Раббым Алла!
Санаға құйған нұрың.
10 + 10 +10 = 30
Бір мұсылман жөн сұрады иманнан,
Кезім болды ораза ұстап, қиналған.
Басы, ортасы, аяғында бұл айдың,
Бірнеше күн оразаға шыдаймын.
Отыз күнді түгелдемей, алайда,
Дәл осылай ниет етсем, жарай ма?!
Иман айтты: Онда он күн, расында,
Ауыз бекіт оразаның басында.
Оразаның көрген кезде ортасын,
Орта жолдан қайтуға да қорқасың.
Қалжырасаң, түнде сәл-пәл ал тыным,
Он күн тағы ораза ұста, жарқыным!
Соңғы он күннің Қадір түнін тосатын,
Киесі бар шөліңді де басатын.
Ай соңында тағы да он күн шыдайсың,
Сонда ғана Жаратқанға ұнайсың.
* * *
Бас та емес, тек биіктен көретін,
Аяқ та емес, төменшіктеп жүретін.
Қабырғадан жаратыпты әйелді,
Жүрегіңнің дүрсілін де білетін.
Әйелдерді ардақ тұтып сондықтан,
Қасиетті сезіміне болдық таң.
Алла оларды қабырғадан жаратқан,
Еркектерді сүйеу үшін қолтықтан.