Баяғы заманда бір хан өтіпті. Өзін-өзі әлемдегі асқан ақыл-парасатты, ділмар адам санайды екен.
Бір күні хан қалың нөкерін шұбыртып, саятқа шығуға әзірленіпті. Жан-жаққа жаршы, хабаршылар шаптырыпты. Құрт-құмырсқаға, кішкене жәндіктерге айтыңдар, он күнге дейін індерінен шықпасын. Әйтпесе, біздің аттарымыз таптап өлтіреді! – деген хабар таратыпты.
Бұл хабарды естіген соң ұсақ жәндіктер індеріне тығылыпты. Ал құмырсқалар болса, әлгі ханды өз ауылдарына бір қондырып, сый-сыяпат көрсетпек болады.
Хан қалың қолмен аңға шығады. Келе жатып, құмырсқалардың жол тосып, топтасып тұрғанын көреді.
– Құмырсқалардың бәрі ініне тығылсын деп хабар берілмеп пе еді? Бұл не қылған шоғыр? – дейді хан. Нөкерлері де таңданып қалады. Таяп келген соң, құмырсқа патшасын шақыртып алып, жөн сұрайды:
– Топталып жолда тұрғандарың қалай?
– Тақсыр, – депті сонда құмырсқалар патшасы. – Сізді жолай біздің ауылға бір күн түнеп, сый-сыяпатымызды көрер ме екен деп, алдыңыздан шығып, тосып тұр едік.
Хан бұған таңырқай тұрып, мысқылдай күледі:
– Әй, ақымақтарым-ай, ойласаңдар етті, біз түнеп-ақ шығайық. Сонда осыншама адам мен ат-көліктердің ішіп-жемін қайдан тауып бересіңдер? Соны ойладыңдар ма?
Ол жағынан қам жемеңіз, тақсыр, – депті құмырсқалар патшасы. Көп біріксе, көл емес пе! Еңбегімізбен ерді сыйлаймыз!
Мұны естіген хан:
– Ырыздығың Құдайдан десең, сөзіңе тоқтар едім, – депті шалқақтап. – Бірақ сөз таппадың. Осыншама адам мен ат-көлікті еңбегіңмен қалай тойдырар екенсің?
– Тақсыр, аттан түсіңіздер, – депті құмырсқалар патшасы, – егер сіздерге ас-тағам қамдай алмасақ, мен айыпты болайын.
Мұны қызық көрген хан күле тұрып:
– Мейлі онда, қарық қылғаныңды көрелік, – деп, бір қонып аттануға көніпті.
Сөйтіп, құмырсқалар патшасы хан мен оның нөкерлерін арнайы әзірлеп қойған шатырларға бастап алып келіпті. Ат-көліктерін қора-қораға орналастырыпты.
Содан кейін құмырсқалар патшасы барлық құмырсқа атаулығы әрқайсысы бір-бір түйірден нан үгіндісін, бір-бір бас сұлы, бір-бір сабақтан жабайы жоңышқа алып келуге әмір беріпті.
Құмырсқалар өз патшасының жарлығын орындау үшін жан-жаққа тарап кетеді де бірінің соңынан бірі кері орала бастайды. Біраздан кейін нан, сұлы, жоңышқа төбе-төбе болып үйіліп қалады. Оған қонақтардың ат-көлігі сылқия тояды.
Мұны көрген хан қайран қалады. Өзінің ақылы жетпей, ұтылғанын іштей сезеді де құмырсқалар патшасын қалай да бір сүріндірудің амалын ойлайды.
– Ей, құмырсқалар патшасы, сенің басың неге сонша үлкен? – деп сұрайды.
– Ақылымыздың молдығы шығар, тақсыр, – деп, жауап беріпті құмырсқалар патшасы.
– Ал белің неге қылдырықтай? – дейді хан кекесінмен. Бұған да құмырсқалар патшасы байсалды жауап қайырады:
– Аса ауыр жұмыстарды атқарар кезде, белімізді тас қылып буып аламыз. Бүгін сізге аса зор сый-сыяпат көрсетуіміз керек. Сондықтан белімізді мықтап буып алғанбыз. Беліміздің тым қылдырықтай көрінуі содан шығар.
Хан құмырсқаның тапқырлығына таң-тамаша қалады. Одан әрі не сұрарын білмей, ойға шомады. Сонда уәзірі:
– Тақсыр, ақылыңыз дариядай еді, қисынды сөзді қардай боратушы едіңіз. Құмырсқалар патшасына басқа айтарыңыздың болмағаны ма? – депті, ханның көңілін аулап.
– Жүйелі сөзге жетесіз таласады, – депті, хан басын иіп. – Мен тоқтадым.
Хан үн-түнсіз түрегеліп, аңға да шықпастан үйіне қайтып кетіпті.