Бұрынғы өткен заманда бір ханның үш тұлпары болыпты

Скачать

Бұрынғы өткен заманда бір ханның үш тұлпары болыпты. Бұл тұлпарын өзінің бір өте сенімді құлына бақтырады екен. Хан сейілге шығарында, ханның мінемін деген тұлпарын ат бағушы құлы ерттеп әкеп беріп, кешке тапсырып алып тұрады екен.
         Бір күндерде хан уәзірлермен өзара кеңесіп отырып:
         — Менің тұлпарымды бағушы құлым өмірінде өтірік айтпайды, мұндай да өтірік айтпайтын адам болады екен, – депті.     
         Сонда қасында отырған бас уәзірі:
         — Тақсыр-ау, өтірік айтпайтын адам баласы бола ма екен? Ол құлыңыздың өтірік айтуына тура келетін істер кезікпей жүрген шығар, – депті.
         Сонда хан:
         — Ол құлым өліп кетуіне қайыр, бірақ өтірік айтпайды, – депті.
         Уәзір тұрып:
         — Тақсыр, сол құлыңызға өтірік айтқызсам қайтесіз? – депті.
         Сонда хан тұрып:
         — Егерде сен сол құлыма өтірік айтқызсаң, мен орнымнан түсіп, хандығымды саған беремін. Егер өтірік айтқыза алмасаң басыңды     аламын, – депті.
         Бұл сөзге уәзір де келісіп:
         — Құлыңызға үш-төрт күн ішінде өтірік айтқызамын, – деп, уәзір ордадан шығып, үйіне келіпті.
          Уәзірдің ай десе ай емес, күн десе күн емес, жаннан асқан өте сұлу үш қызы бар екен.
         Уәзір үйіне келген соң қыздарын шақырып алып:
         — Балаларым, мен ханмен осындай уәде, тоқтам жасап келдім. Ханның ана үш тұлпарын бағатын құлына бір ауыз өтірік айтқыза алсақ, құдай жарылқап мен хан болдым. Ал енді, өтірік айтқыза алмасақ, үш балам, әкеңнен үміт қылмаңдар, мен өлген кісі– депті. Сонда қыздары отырып:
         — Ойбай-ай, әке, іс қиынға айналыпты ғой, енді ол құлға қалай өтірік айтқызу керек? – депті.
         Сонда уәзір тұрып:
         — Балаларым, сендер әкеміз өлімнен аман қалып, мұратына жетсін десеңдер, оның ақылы оңай– депті. Қыздары:
         — Ендеше, ол құл бізге байланысты іспен өтірік айтатындай болса, ол үшін көрсеткен ақылыңызға даярмыз ғой – депті. Сонда уәзір тұрып:
         — Балаларым, ондай болса, ақыл мынау-бүгіннен бастап сол құлдың ат бағып тұрған жеріне үшеуің үш түн қонақ болыңдар. Әрқайсың бір кеш бірге жатып, бұйымтай сұрағанда, бағып жүрген тұлпарының бірінің басын сұрап, үшеуің үш түнеп, сол үш тұлпардың басын кестіріп әкелсеңдер, ол құлда өтірік айтпайтын шара қалмайды, – депті. Бұл сөзге қыздары мақұл деп, бірінші күні үлкен қызы бар асыл киімдерін киіп, хош иісті майларын жағып, бейне бір перінің қызы сияқтанып, ат бағушы құлдың жататын үйіне келеді. Туған айдай болып сұлу қыз қасына жетіп келгенде құл не дерін біле алмай:
         — Иә, ханым, жолыңыз болсын,– депті.
         Сонда уәзірдің қызы, әкесінің үйретуі бойынша:
         — Мен бас уәзірдің қызы едім. Өзіміз теңдес уәзір, бек, ханзадалардың балалары жастық махаббатпен ойнап-күлелік десе дағы, солардың бәрінің өмірлік махаббатынан сіздің бір күніңізді артык көріп, әдейі іздеп келіп тұрмын. Егер сізден рұқсат болса, қасыңызға бір түнеп шықсам деп ем, – депті. Сонда құл ханшаға:
         — Ойбай-ау, сіздің мұндай ойыңызға мен даярмын,– деп, ол түнді екеуі тамашамен өткізіпті. Қыз таңертең үйіне қайтпақшы болғанында, құл тұрып:
         —Иә, ханшам. Көңілге алған бұйымтайыңыз бар ма? – депті. Сонда уәзірдің қызы:
         — Менің сұрағанымды беретін болсаңыз бұйымтайым  бар, – депті. Құл тұрып:
         —Көңіліңізде не болса да орындаймын демедім бе? Не бұйымтайыңыз болса да айтыңыз, – депті. Сонда уәзірдің қызы:
         — Менің тілегім-тұлпардың бірінің басы еді, – дегенде, құл сөзге келместен, бір тұлпарды алып ұрып, басын кесіп бере салыпты. Уәзірдің қызы тұлпардың басын алып, үйіне барыпты. Қыз кеткеннен кейін құл бұрынғы әдетінше ханға барып, Тақсыр, тұлпарлар аман деп, қалған екі атын бағып жата беріпті. Екінші күні кешінде уәзірдің ортаншы қызы ханның құлына қонаққа келіп, әкесінің үйретуі бойынша, алдыңғы тәтесі сияқты бар киімдерін киіп, перінің қызындай болып келіп, қонақ болып, түнімен бірге жатып, ертеңіне қайтарында екі тұлпардың бірінің басын кестіріп алып, әкесіне келіп, баяндап беріпті. Үшінші күні кешінде уәзірдін кіші қызы, алдыңғы екі тәтесі сияқты ат бағушы кұлға келіп, қонақ болып, түнімен бірге жатып, ертеңінде соңғы тұлпардың басын кестіріп алып кетіпті. Ат бағушы құл үш күнге дейін ханға бара алмай, төртінші күні ханға барып, аттардың амандық хабарын бермекші болыпты. Ханға не айтарын біле алмай басындағы бөркін төр алдына қойып, бөркін хан етіп, өзі бұрынғы әдетінше есіктен кіріп келіпті.
         — Е, үш күннен бері қайдасың, тұлпарлар аман ба? – дейді хан.
         — Иә тақсыр, тұлпарлар аман, сабындап жуылды, – деп құл, басын шайқап, жоқ, мұным болмайды екен деп тысқа шығып кетіпті. Екінші рет қайтып оралғанда хан:
         — Е, үш күннен бері неғып келмедің, тұлпарлар аман ба? – дейді.   Сонда құл:
         — Иә, тақсыр. Тұлпарлар дақ бұрынғыдай емес, үш күннен бері жем жемей қатты ауырып тұр, – дейді де, жоқ деп басын шайқап, бұл да болмады деп, тағы да далаға шығып кетеді. Осылайша әлденеше қайталап, ақырында шындықты айтпаққа бекіп, бөркін алып, басына киіп, бұрынғы әдетінше ханның өз ордасына барып, ханның уәзір, бектерімен кеңесетін үйіне кіріп келіпті. Ат бағушы құл хан ордасына кіріп келгенде, ханның бас уәзірі де, өзге уәзірлері де хан ордасында отыр екен.
         Сонда хан ат бағушы құлына:
         — Е, сен үш күннен бері қайдасың, тұлпарлар аман ба? – депті. Сонда ат бағушы құл:
         — Тақсыр, тұлпарлар аман емес, қайран тұлпарлар аман болмай қалды ғой, – депті. Хан ашуланып:
         — Е, не болып қалды, – дейді. Құл:
         — Тақсыр хан, басымды аламын десеңіз, мінеки, даярмын. Тұлпарлардың  аман болмаған себебі мынандай еді, – деп сөзін бастап:
         — Тақсыр, осыдан үш күн бұрын, сіздің бас уәзіріңіздің үлкен қызы маған келіп, қонақ болып, екеуіміз бір түн бірге жатып, қайтарында не бұйымтайың бар деп сұрадым. Менің бұйымтайым, өзің бағып жүрген тұлпарлардың бірінің басы еді деген соң, мен бір тұлпардың басын кесіп беріп жібердім. Сонымен ертеңгі кеште уәзірдің екінші қызы келіп, қонақ болып, менімен бір түн жатып, ол қыз да қайтарында: Менің бұйымтайым тұлпардың бірінің басы еді деген соң, оған тағы да бір тұлпардың басын кесіп беріп жібердім. Өткен түні кешке уәзіріңіздің үшінші қызы келіп, қонақ болып, менімен бір түн бірге жатып, қайтар кезінде ол да бір тұлпардың басын сұраған соң, қалған бір тұлпардың басын кесіп соған беріп жібердім.Тақсыр, міне, өз басымды үш тұлпардың басы үшін алдыңызға әкеліп тұрмын, – депті.
         Сонда ханмен бәс қылған бас уәзір қалтырап, дірілдей бастапты. Хан үш тұлпарының бірдей өліп кеткеніне ренжіп, отырған көпшілікке уәзірімен екеуінің арасында болған бәстерін баяндап беріпті. Сонан кейін жендеттерін шақырып, бас уәзірдің басын алғызып оның орнына ат бағушы құлды бас уәзір етіп сайлапты.
         Өтірік айтпайтын ат бағушы құл ақыры мұратына жетіп, уәзір болып өмір өткізіпті.


Скачать


zharar.kz