Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген

Скачать



22 наурызда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, "Жаңажол" ауылында дүниеге келген. Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі (1958). Социалистік Еңбек Ері (1974). Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Тоғыз жасқа дейін өз ауылында оқып, хат таныды. 1916 жылы екі кластық ауылдық орыс мектебінде бір жыл, одан кейін төрт жыл орыс мектебінде оқып, оны 1921 жылы бітірді. 1923 жылы Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфакқа)түсіп, онда үш жыл оқыды. С.Сейфуллинмен танысты. 1926 жылы рабфакты бітірген соң, Омбыдағы ауыл шаруашылығы институтында бір жыл оқып, 1927- 1928 жж. Бурабай техникумында оқытушылық қызмет атқарды. Тұңғыш шығармасы - "Тулаған толқында" повесін осы тұста (1927) жазды. Он жыл бойы баспа орындарында, кеңес, партия мекемелерінде жауапты қызметтер (баспа директоры, "Қазақ әдебиеті", "Социалистік Қазақстан" газеттерінің бас редакторы, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Өнер істері басқармасының бастығы қызметін) атқара жүріп, әдеби шығармашылығын үдете түсті. 1938-1955 жж. бірыңғай жазушылық жұмыспен шұғылданды. 1955-1966 жж. "Ара" журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, 1958 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағы басқармасы хатшыларының бірі, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Бүкілодақтық комитеттің мүшесі болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарының соңында "Қазақ батыры" (1945) повесін (кейін "Қазақ солдаты" романы) жазды. Бұдан кейін жарияланған (1953) "Оянған  өлке" романы қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған шоқтығы биік туынды еді.
Атақты романдарымен қатар, Ғабит Махмұтұлы прозаның шағын жанрында да еңбек етті. Ондаған очерк, әңгіме, повестер жазып, жариялады. "Кездеспей кеткен бір бейне" кітабы үшін 1968 жыл Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. 1974 жылы "Ұлпан" повесін жариялады. Ал "Оянған өлкенің" заңды жалғасы - "Жат қолында" романы арада ширек ғасырдай уақыт өткен соң - 1984 жылы ұсынылды.
Отызыншы жылдарда драматург ретінде де бой көрсетті. Оның драматургиядағы тырнақалдысы - сахнада мың реттен аса қойылған "Қыз Жібек" операсының либреттосы (1935) еді. "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" пьесасы да (1939) халық эпосының сарынында жазылған. Жазушының қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық еңбектері "Суреткер парызы" (1970), "Заман және әдебиет" (1982) атты кітаптарына енген.
Бесінші сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің және 6, 7, 8, 9, 10, 11-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
1974-1975 жж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Үш рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. 2002 жылы 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланды.


Скачать


zharar.kz