Кембридж тәсілімен тәжірибе кезіндегі өзгерістер және оны басқаруым жайлы
Жақсылықова Әлия Бекболатқызы
Ақтөбе қаласы,
Есет батыр атындағы АОМКЛИ-ның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жаһандық ғаламтанудың ұлғаюы, ақпараттық технологиялардың дамуына, білім беру нәтижесіне халықаралық талаптардың күшеюіне байланысты Елбасы Н.Назарбаев Ұлтымыздың әлеуетін оятуға және оны жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет деп барлық білім беру жүйесінің қарқынды дамуына, ертеңгі болашағына тұғыр боларлық міндет жүктейді.
Мен де өзімнің педагогикалық-психологиялық түсінігімді жетілдіру үшін биылғы жылдың ақпан айында басталған ҚР жалпы білім беретін мектептері педагогтерінің біліктілігін арттыру курсына қатысып, білім берудегі Кембридж тәсілі бойынша Бағдарламаны меңгерудемін. Алғашқы Бетпе-бет кезеңінде үйренген әдіс-тәсілімізді, теориямызды тәжірибе жүзінде көрсету үшін 7-класқа тәжірибе сабақтарымды жүргіздім. Сабақтар топтамасын құрғанда оқушының сыни ойлауы мен сындарлы көзқарасын қалыптастыратындай етіп құруға бағыттадым. Сыни ойлауды жүзеге асыру идеясына мен оқушыларды шығармашылық ойлауға жетелейтін Блум таксономиясына негізделген сұрақтар қою арқылы (3-aпта, 4-күн) қол жеткізбекші болдым және әр сабағымда осы идеяны негіз еттім. Мен нені өзгерткім келеді деген сұрақтан бастап жұмысты жоспарладым, сабақтарымды қалай бір-бірімен байланыстырамын, жеті модульді сабақтарыма қалай кірістіремін, сын тұрғысынан ойлау стратегияларын балалар қалай меңгереді екен деген күдік те болды. Ең алғашқы зерттеу сабақтарымда тәрбиеленушілерге топтық жұмыс жасату барысында топ ережесін таныстырып өттім. Бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасау үшін бұл ереженің маңызы зор. Балалар алғашқы уақытта топ ережесіне аса көңіл бөлмей, белсенділері қайта-қайта мен айтам деп дәстүрлі дағдыларына басты. Сол кезде топ ережесінің бұл сабақта маңызды рөл атқаратындығын әлденеше рет естеріне салуға тура келді. Балаларды топтастыру барысында алғашқы айда оқып-көрген әдістермен топтарға бөлдім. Мәселен, сурет қиындыларын біріктіру, оркестр аспаптары атаулары бойынша және өтілетін тақырыптың құрылысындағы түрлеріне т.б сол сияқты топтарға бөліну сабақтың әділ өтуіне себебін тигізді. Тәрбиеленушілер топ намысын қорғау үшін, бәсекелестік таныту үшін бар құлшыныстарымен жұмыс жасай отырып, өзара ынтымақтастық атмосфера қалыптастырды. Топпен жұмыс бірнеше рет өткен соң, балалар бірін-бірі таңдауды ұмытты. Топпен жұмыс кезінде ешкім бос отырмады, ізденіс, ой үстінде болды. Оқушылар жазғандарын өзара ортаға салып, талдай отырып, ортақ шешімін топ басшысы немесе бір топ мүшесі хабарлама жасады.
Біздің мектепте тек ер балалар ғана спорттық және әскери-полициялық бағытта білім алуда. Бұл кластағы оқуы төмен тәрбиеленушілер: Қалжанов Заманбек, Жанғожа Рзабек, Көздібаев Мейрамбек. Бұл тәрбиеленушілер алғашқы кезде топтық жұмыста тосырқап, қазақ тілі грамматикалық сауаттылықтарының төмендігіне ұялып, белсенділермен ілесе алмаймыз деген үрейлерін жасыра алмады. Осындай жағдайда бұл тәрбиеленушілерге ынта-жігер беру мақсатында сабақтың ұйымдастыру бөлімінде Мен қандай тәрбиеленушімін? деген психологиялық тренинг өткіздім. Тренингте балалар мен елгезекпін, мен ақылдымын, мен зерекпін, мен ұқыптымын деген сияқты өздеріне сипаттама айту кезінде Қалжанов Заманбек өзінің ұқыптылығын, Жанғожа Рзабек батыр екендігін, Көздібаев Мейрамбек жанашыр, қамқоршы екендіктерін айтып, өздеріне көппен бірге сипаттама берді. Осылай бұл тәрбиеленушілерге психологиялық ахуал жасап, оларды топқа қосып, топпен жұмыс жасауға төселдірдім. Топтық жұмыс балаларды достыққа, бірін-бірі сыйлауға, бірін-бірі тыңдай білуге үйретіп, яғни ынтымақтастық атмосфера қалыптастырды. Мағынаны таныту кезеңінде әр топқа білімдерін шыңдау мақсатында топтық жұмыстар жасаттым. 1-кезеңде ЖИГСО әдісі бойынша топтарға ережелері мен мысалдарын оқуды ұсындым. Сонымен қатар интерактивті тақтадан түсіндірмелі кестесін көрсеттім. Әр топқа оқығандары мен өзара бірігіп түсінуі бойынша тапсырма бердім. Топтар сызба-кесте құрады, кесте толтырады, мәтінмен жұмыс жасайды, талқылайды, пікір алмасады, сауалдарға жауап береді, әңгімелейді, зерттейді. Осындай тапсырмаларды алған оқушылар бірлесіп зерттеушілік жұмыс жасады, қажет кезде интернеттен мәліметтер алып өз ойларын толықтырып отырды. Топта талқылау жүргізуге өзім бағыт беріп отырдым. 2 жұлдыз,1 тілек деп топтық бағалау жүргіздім. Содан соң сергіту сәтін ұйымдастырдым. Балалар Кім жүйрік? деп 2-кезеңге оқушыларға шапшаңдықпен АКТ-мен (интерактивті тақта) топтық жұмыс жасаттым. Тәрбиеленушілер қанатты сөздердің мазмұнына назар аудару арқылы сөйлемдегі сөздерді сөз тіркесіне қарай топтап, тіркестің қай түрі екенін анықтады, берілген сөздердің мағынасын ашып, бағандарға ажыратып жазды, берілген сөйлемдерге синтаксистік, морфологиялық талдау жасады, киіз үй макетіндегі сөздердің байланысу түрлерін анықтады. Ой қорыту кезеңінде Венн диаграммасы стратегиясы арқылы сөздердің байланысу түрлерін салыстырып, ортақ шешімдерін тапты. ББҮ стратегиясы бойынша түртіп алу тәсілімен алдарына берілген парақшаларға жазылған кестеге сабақтан не білді, не білгісі келеді, не үйренгенін жазды. Сын тұрғысынан ойлау бойынша сабақтың мазмұнына сай алынған стратегиялар арқылы оқушылардың ойы шыңдалып, аршылды. Сабаққа белсенділігі, ынта – жігері артқандығын байқадым.
Қазіргі уақыттағы бағалау түрлері түрлі мәселелерді шешуге көмектеседі, мәселен, оқушы өз-өзіне жауапкершілікті сезініп, қалай оқып жатқандығын өзі бақылайды, мұғалім оқу үдерісін тиімдірек етіп бағыттайды, сонымен қатар қай оқушыға көмек керек екендігін анықтайды. Өзін-өзі бағалау, бірін-бірі бағалау, топтық бағалау, жұптық бағалау, ынталандыру арқылы бағалау, мұғалім бағалауы т.б түрлері бұл бағдарламада оқуды бағалау және оқыту үшін бағалау деп жүйеленеді, яғни жиынтық бағалау мен формативтік бағалау. Мен зерттеу сабағымда топтық бағалау, жұптық бағалау, ынталандыру арқылы бағалау және өзін-өзі бағалау түрлерін қолдандым. Сөздердің байланысу түрлері тақырыбындағы тәжірибе сабағымда топтық жұмыстарды екі кезеңге бөлдім де, бірінші кезеңдегі топтық жұмыстарды топ басшылары бағалады да, екінші кезеңдегі топтық жұмыстары бойынша (топтық жұмысқа қалай қатысқандығын) өз-өздерін бағалау парақтарына бағалады. Бұлайша бағалау түрі тәрбиеленушілерді қызықтырды. Бағалау парағы жалпыға бірдей болды. Әр тәрбиеленуші өзінің атының жанына және өз тобының тапсырмасы бағанына бағасын түсіріп отырды.
Есімі
тапсырма
1-топ. Қанатты сөздердің мазмұнына назар аударып, сөйлемдегі сөздерді сөз тіркесіне топтап, қай түрі екенін анықтау.
2-топ. Берілген сөздердің мағынасын ашып, бағандарға ажыратып жазу.
3-топ. Берілген сөйлемдерге синтаксистік талдау жасау
4-топ. Сөздердің байланысу түрлерін анықтау.
Сабақ арасында ынталандыру арқылы да бағалап отырдым және үш шапалақ, екі жұлдыз, бір тілек, от шашу сияқты бағалау түрлері де болды. Содан соң формативтік бағалауларды қорытындылап, жиынтық бағалау жасадым. Сабақ соңында көңіл-күйлерін тәрбиеленушілер смайликтермен бағалау экранына түсірді. Бұл бағалау түрлері тәрбиеленушілерге қатты ұнады. Келесі сабақтарда да бұл бағалау түрлерін үйреншікті әдіспен қолдады.
Келесі Қабысу тақырыбындағы сабағымда оқушыларды бір-бірімен ұлттық амандасу сәтін еске түсіре отырып, сәлемдесу сәтін ұйымдастыруда оқушыларым ешқандай қиындықсыз топтаса алды. Себебі алдыңғы ұйымдастырудағы тәжірибе сабақтарда бейімделгендігін байқадым. Білімділер, Өжеттер, Зеректер, Іскерлер деп тәрбиленушілерді төрт топқа бөлдім. Топ басшыларын сайлап,оларға сабақ аяғына дейін топ мүшелерінің сабаққа қатысымын бақылап, оларды әділ бағалау керектігін ескерттім.
“Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық” деген сөздерді ескере отырып, сабақтарымда интерактивті тақтадан слайдтарды көрсетіп отырсақ ұстаздың ұтары мол деп ойлаймын. Тек оларды тиімді, жүйелі түрде қолдану ұстаздың шеберлігіне байланысты әрқилы жүзеге асырылуы мүмкін. Интерактивті тақтаны пайдаланудың тиімді тұстары: оқушының пәнге деген жеке қызығушылығын оятады, танымдық қабілеттілігін қалыптастырады, оқушыны шығармашылық жұмысқа баулиды, оқытушының уақытын үнемдейді, қосымша мәліметтер береді. Интерактивті тақтадан слайдтарды көрсетіп отырудың мұғалімге береріне келсек: барлық баланы оқытады, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, білім берудің формасын оңайландыру міндеттерін атқарады, оқушының жеке қабілетін айқындайды, ізденеді. Яғни, әр қазақ тілі сабақтарын слайдтар қолдану арқылы өткізсек, әр сабағымыздың өзінде оқушыларды тілге деген қызығушылығымызбен баурап алатынымыз сөзсіз.
Сонымен қатар Тіл мәдениеті зерттеу сабағымда топтастыруда тәрбиеленушілерге тақырыпқа байланысты Тіл тағдырына жаны ашушылар, Тіл мәселесін көтерушілер, Тіл өнерін бағалаушылар, Тіл тазалығын сақтаушылар деп 4 топқа бөлу арқылы атауларына сай тапсырмаларды бердім. Топ мүшелері біріге отырып, қазіргі тілінің тағдыры туралы шағын эссе жазды, тіл мәселесін көтеріп, тілдің келешекке қалай жететіні туралы постер қорғады, тіл өнерін бағалап, бір шумақ өлең шығарды, тіл тазалығын сақтап, қала көшелеріндегі ұран сөздер мен жарнамалардың қате жазылғандығын көрсетті. Ауқымды тақырыпты тәрбиеленушілер өз ынтымақтастықтарымен және белсенділікпен сәтті алып шықты. Сабақ арасында грамматикалық тапсырмалар орындалды. Сергіту сәті болды. Сабақ соңында сыни тұрғыдан ойлаудың соңғы кезеңі бойынша Тіл мәдениетіне аса мән береміз бе? деп тәрбиеленушілерге ой тастап, жеке пікірлерін тыңдадым. Тіл мәдениеті туралы тәрбиеленушілер өз ойларын ортаға салып, өзара пікіралмасу жүргізді.
Келесі сабақтың тақырыбы: Диалог. Монолог. Мағынаны тану кезеңінде интерактивті тақтадан жаңа тақырыптар бойынша ережелер мен сызбалар шықты. Барлығын оқып шыққан соң, тәрбиеленушілерге сыни тұрғыдан ойлаудың РАФТ стратегиясы бойынша екі топқа Ата мен әже әңгімесі мен Екі достың әңгімесі деген тақырыптарда рөлдік ойындар бердім, ал қалған екі топқа оқулықтағы Қожаның монологы мен Кітап тақырыптарда монолог оқуға тапсырма бердім. Тәрбиеленушілер рөлдік ойындарды шебер орындады. Тек монолог оқуды бір бала ғана шебер орындап, қалған балаларға үйде дайындық жүргізулерін ескерттім.
Тағы бір ерекшелігі – балалар өздерін ересектерше сезінгендігі. Біздің мектепте тек ер балалар оқитындықтан, оқуға келген балалар тез есейеді. Өздерін болашақ ел қорғаушылары санап, еңселерін көтеріп, ойланып, салмақты сөйлейді. Менің зерттеу сабақтарым да оларға әсерін тигізбей қоймады. Әркімнің пікірі өзіне құнды деген пікірді негізге алып, пікіралмасу, ойбөлісу, кері байланыс жүргізу сәттерінде өз пікірлерін ересек адамдардың ой-ұғымына ұқсатып менің пайымдауымша, менің зерттеуімше, менің интуициям бойынша деген сөз тіркестерін қолдана бастауы мені қатты таңқалдырды. Сыныптағы диалог, сұхбат жүргізу, рөлдік ойындар өзара ынтымақтастыққа әкеледі. Олар бір-бірінен үйренеді, басқалардың да идеяларын сыйлай біледі және шынайы бағалайды. Әсіресе бірін-бірі мадақтау арқылы бағалауды (мәселен, жарайсың, ерледің, айттым ғой сені жасай алады деп, келесіде сен тағы да қорғайсың деген сияқты) өзара жеке сұхбаттарынан құлағым шалып қалды. Білім беруімнің сәтті шығуы мені де қуантты.
Біздің облыстық мамандандырылған көп салалы лицей-интернаты тек жақсы оқитын балаларды қабылдайтын болғандықтан, осы кластағы балалардың оқу деңгейлері жақсы. Тәрбиеленушілерім жақсы оқитын болғандықтан сабақ өткізу де ыңғайлы болды. Бұл кластың тәрбиеленушілері тек сабақта ғана емес, сыныптан тыс жұмыстарға белсене араласады. Атап айтсам, Қалдыбай Нұрхан, Достан Әділхан, Байтурин Бақтыбай, Төлеутай Бағдат, Серіков Жайлаубек, Муртазаев Нұрлан, Акимбаев Айболдың шығармашылық қабілеттері зор. Бұл тәрбиеленушілер жанынан өлең шығарғанды ұнатады. Сабақтағы өз ойларынан шағын мәтін, сызба-кесте құру, тест сауалдарын құру жұмыстары мен талдау жұмыстарын өте қызығушылықпен орындады.
Мектептегі тәжірибе кезінде жеті модуль мүмкіндіктерін қолдану арқылы дәстүрлі сабақ беру әдісімді мүлдем өзгерттім. Жеті модулді пайдалана отырып, өз тәжірибеме оқытуды жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында әрбір сабағымды түрлендіріп өткізуге тырыстым. Әр сабағымда жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушы санасына білімді жүйелі түрде меңгеруіне және оқушының қабілет деңгейлерін дамытуда осы әдіс-тәсілдердің маңызы ерекше екендігіне көзім жетті. Олай дейтінім бұл әдістер оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, өз бетімен жұмыс істеуге, қорытындылар жасауға, жүйелі білім алуға жетелейді. Бірінші кезекте сабақ жоспарларын құруда да өзгешелік бар екендігін көрдім, бұрынғы сабақтарымды жоспарлаған кезде өз мүмкіндіктеріме көп мән беріппін, ал енді тәрбиеленушілердің даму деңгейін, жас ерекшелігін ескере отырып, оларға бейімдеп жазамын. Төрт сабақта қолданған модулдерім бойынша мына өзгерістерді көрдім: оқушыларға қатысты сыни тұрғыдан ойлау олардың ақпарат пен идеяларды синтездеу қабілетін, ақпарат пен идеяның шынайылығы мен салыстырмалы түрде маңыздылығы туралы ойлана білу қабілетін дамытты, оқуды бағалау модулі білім беру мен оқытудағы оқушылардың ілгерілеу қадамдарын айқындап, оларға қолдау көрсетуге мүмкіндік туғызды, диалогтік оқыту әдісіндегі зерттеушілік әңгімені толығымен жүзеге асып, тәрбиеленушілердің бойында қызығушылық, бірлесе жұмыс жасауға ұмтылыс, оқып білуге, үйренуге ынтасының артқанын байқадым, талантты және дарынды балалармен жұмыс жүргізіп, олардың барлық мүмкіншілігін ашуға тырыстым және оң нәтижелерді көрдім, оқытудағы басқару және көшбасшылық әдісі орындалуы негізінде түрлі тапсырмалар да қиындықтар тумады, АКТ сабақта оқушылардың оқуды жеңіл меңгеруіне, қазіргі заманғы технологияларды тиімді пайдалануына ықпал етті.
Осы өзгерістер негізінде алдағы уақытта мынадай жағдайларды есте сақтаймын: оқушының білім алу мен білім беру туралы пікірін ескеру, оқушыларға кеңес беру әдіс-тәсілдерін қарастыру, оқушының оқуға қатысты жағымды көзқарасын туындату.
Мен бұл уақытқа дейін дәстүрлі оқыту мен жаңаша оқытудың айырмашылығын білмеппін. Осы Кембридж бағдарламасымен біліктілігімді көтеру үшін оқу барысында бұл ұғымдарды түсіндім. Сол айырмашылықтарды мына кестедегі салыстырулармен түсіндіргім келеді:
Дәстүрлі оқыту кезінде
Жаңаша оқыту кезінде
Жақсы оқитындар мен оқуы төмен оқушылар бөлектенеді
Мәселені шешу арқылы ынтымақтастығы ұлғаяды
Бірін-бірі кемсітеді
Бір-бірін мадақтау арқылы бағалайды
Іс-шараларға тек жақсы оқушылар таңдалады
Сабақ үдерісінде дарындылық қабілеттері айқындалады
Бір-бірімен бәсекелеседі
Бір-біріне көмектеседі, қолдайды
Сабақ құрылымы бірқалыпты болғандықтан, оқуға деген ынтасы жоғалады.
Сабақ құрылымы әр түрлі болғандықтан, оқуға ынтасы артады, өзгелерден қалмауға ынталанады.
Осы бағдарламамен әдістемемді өзгертіп, білім беру саласына үлкен үлес қоссам – оны өзімнің ұстаздық парызым деп ойлаймын.