Қамбар батыр жыры өзге эпикалық туындылар тәрізді батыр тұлғасын, оның ел үшін еткен еңбегі мен ерлігін дәуір рухына сай көркемдеп жеткізуді мақсат еткені анық. Жырдың 12 варианты бар. Осыған орай кейбір нұсқаларда біршама ауытқушылықтар кездеседі. Алайда барлығына ортақ нәрсе - өз бойына көне сюжеттерді сақтай отырып, ел қауіпсіздігі маңызды болған тарихи кезеңді жырлау болғаны ақиқат. Қамбар батыр жыры батырдың есейіп, ел қамқоры болған тұсынан басталады. Күмістен тағып қарғысын, соңына ертіп тазысын, аңшылықпен айналысып жүрген Қамбардың белсенді қимыл-әрекеті кереметтей тартымды. Күш-қуаты кемеліне келген нағыз жігіттік шағынан басталған оқиға сол рухта аяқталады. Өз ауылы, Әзімбай ауылы және жау елі (қалмақ) - жырдағы кеңістік осылар. Батырдың ерекше болмысы екі жағдайда көрінеді. Біріншісі, көне эпос салтына тән жолбарыспен алысқандағы ерлігі болса, екіншісі - ел шетіне жау келгенде қорған бола білген қаһармандық іс-әрекеті. Сондай-ақ әлеуметтік жігі айқындала бастаған екі түрлі өмір сипатталады.
Қамбармен алғашқы ерлігіне дейін тұтас бір рудың қамын күйттеп, аш-арығын тойдырып, жетпегенін жеткізу жолында жүрген қарапайым аңшы-мерген бейнесінде танысамыз.
Түске дейін ілгені,
Төбедей болып қалады.
Көтеріп тастай береді,
Жарлының шығып көңілінен,
Қызыққа мейірі қанады, - деген жолдар оның аңшылық қасиет пен осы кәсіпке ерекше мән беретіндігінің дәлелі болса керек. Тіптен аң-құс атаулы мергеннің атының сыбдырын естігеннен-ақ қашып жасырынады екен. Жыр болмысын ерекшелендіретін елеулі оқиға - Қамбардың жолбарыспен жалғыз айқасып жеңуі.
Қамбар да қайтпай ұмтылып,
Бар қайратын шақырды.
Құйрығынан көтеріп,
Айналдырып басынан,
Лақтырып кеп жіберді,
Қырық қадам жерден асырып,
Мықтылығын ел көрді.
Жырдың айтарлықтай тағы бір ерекшелігі - Назымның күйеу таңдап жар салған сынағына Қамбар қатыспайды. Бұл жағдайды жыршы әртүрлі себептермен түсіндіреді. Бір жаман келіп малы көп, Алып кетсе айырып, Қайғыменен басылар, Ат басындай жүрегім, - деп сұлудан тартынуына кедейлігін сылтау етеді. Осыған қоса Кедей демесең, одан артық адам жоқ дейтін хабаршының сөзі бар. Демек, сол жерде Қамбардың бар кемшілігі - кедейлігі екені айқын айтылады. Қыздың құрған өрмегіне де мән бермей, кідірмей өте шығады.
Қамбар бейнесінде жеке отбасын құрудан гөрі руының, тобының қамын жеу басым. Назым тарапынан өзіне деген көңілді сезгенімен оған құлай кетпейді. Қайта бойын аулақ ұстаудың түрлі жолдарын табады. Батырдың ойы былайша беріледі:
Осыған көңілім бөлініп,
Ұмытып кетсем жұртымды,
Құдайдың мені ұрғаны.
Назыммен сөйлесіп тұрғанын көріп қалып, дау-жанжал шығарған қыздың алты ағасының ғайбат сөздерінен Қамбарды кемсіту байқалады.
Назымға қалмақтың ханы сөз салғанымен, жүрегін жаулай алмайды. Қалың нөкеріне сенген жат жұрттың билеушісі қызды зорлықпен алмақшы болған әрекеттеріне байланысты ел ішінде түрлі жағдайлар орын алады.
Ноғайлы билері Қамбарға тарту-таралғыларымен келіп, сырт жаудың басымдылығынан қорғау жөнінде ұсыныс айтады. Сол кезде Қамбар тоғыз күннен кейін баруға уәде етеді. Өйткені өзіне қараған тоқсан үйлі тобырының қамын жасап, яғни аң-құс атып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп кетуді ойлайды. Қамбар Әзімбайдың сәлеміне Әуелі, Алла, екінші жұрт үшін белді буайын. Әзімбайдың ақымақ алты ұлына өкпелеп, Жаманның ісін қылмайын деуі батырдың табиғатының зеректігін айғақтайды. Қамбар мен Назымның алты ағасының арасында болған реніштер елдің тәуелсіздігі ұғымының жанында жай кикілжің есепті болып қалыс қалады.
Қалмақ ханының Назым қызды тартып аламын деп келген тұсынан бастап оқиға күрделіленеді.
Әзімбайды жүдетіп,
Сансыз қолды түнетіп,
Жерімнің шүйін қашырып,
Берекесін кетіріп,
Күйеумін деп Назымға,
Шынтақтайсың мамықты,
Аяғыңды көсілтіп, - деп батыр жауына қарсы батыл ұмтылады. Шекесіне құрама болат дулыға қойған, үстіне бадана көзді берік сауыт киген Қамбар жекпе-жекке шыққан шақта Қараманды өлтіреді.
Қыз Назымға таласып,
Екі батыр соғысты.
Бұлт шайнап, мұз бүркіп,
Үркер мен айдай тоғысты.
Түртіп өтіп кеткені,
Тақиядай ұшады.
Екпініне шыдамай,
Атының жалын құшады, - деп қайратты ер Қамбардың күші суреттеледі. Туған еліне деген сүйіспеншілік сезімнің құдіреті қасиетті жеріне ат ойнатқысы келген озбыр топқа тосқауыл жасайды. Күл төгіп, ірге бекіткен, кіндік қаны тамған қасиетті топырақты бар жан-тәнімен қорғайды. Сондай-ақ қыз баланы діні, ділі, тілі бөлек жат елге жіберуді 18 жасар Қамбар намыс санайды.
Үш күн, үш түн бойы шайқасып, ақыры Қамбар жеңіске жетеді. Басына қиын-қыстау іс келгенде ғана батырды керексінетін, байлық пен мансапқа мастанған байлардың келеңсіз әрекетіне тұтас елді жаудан құтқарған Қамбардың ерлігі қарсы қойылады. Барлық ізгі қасиеттер халық өкілі - батырдың бойына жинақталып суреттеледі. Батырлығы асқанымен әлеуметтік жағынан қызына тең көрмегендіктен, Әзімбай қызын Қамбарға бергісі келмейді. Алайда өзі дәрежелес Аршаханның ақыл-кеңесі арқылы ғана Әзімбай батырға қызын қосуға мәжбүр болады. Күмістен керегесі, уығы алтын, Оңаша сегіз қанат тікті үйді. Осылайша қатарлап қазынаның бәрін жиып, Әзімбай қырық күн той жасайды.
Жырда батырдың серігі, яғни Қамбардың қарақасқа аты көркем кестеленеді.
Мойның алтын табақтай,
Қамыстай екі құлағың.
Төрт аяғың қазықтай,
Төңкерген кесе тұяғың,
Сұлулығың сүмбідей.
Мінеки, ұшқан құстан озатын ересен жүйріктігі, алыс жолға алқынбай жететін қайраты мен төзімділігі, батырдың тілегін танитын, дұшпанның пиғылын сезетін қасиеті, қысылтаяң тұстарда тіл бітіп сөйлеп, кеңес беретіндігі - тек қана батыр тұлпарына тән айшықталған белгілер екені анық. Сондай-ақ батырдың өз басына қатысты аш бөрідей жалақтап, нар бурадай алысты, жолбарыстай ширығып, т.б. метафоралы теңеулер қолданылады. Хан сүйекті Қамбар-ау, қара атыңда жал бар-ау дейтін Назымның монологының өзі-ақ көп жайды білдірсе керек-ті.
Батырдың көңіл-күй сәттерін, ішкі буырқанған толғаныс иірімдерін білдіретін диалог, монологтар да, ұлғайту (гипербола) мен әсірелеу (гротеск) де мол орын алады. Жауын жеңгендегі ерлігін Қойға кірді бір бөрі, Бөріктіре қырады, Талай қалмақ сұлады, - деп көтермелей жеткізеді. Жеңілген жаудың сипатын қызыл қаны ағып жосылды, - деп суреттейді.
Дәстүрлі құдалық салт рәміздік ұғымдардың түрлері көңіл аударарлық. Мысалы, күйеуді алтын сұңқарға, қалыңдықты қазға балап, сұңқарға қазды ілдіру арқылы құда түсуді тұспалдайды. Қалыңдық - қызыл түлкі, күйеу - жүйрік тазы немесе қалыңдық - піскен түйнек, күйеу - өткір кездік сияқты көркемдік образдар молынан кездеседі.
Қорыта айтқанда, елді жаудан қорғау идеясы - жырдың алтын арқауы. Бір шүйке басқа алданып, көңіл бөлмей, Қамбар бірінші кезекте өз тобырының жағдайын ойлайды. Кедейлерге көмектесуді парыз санайды.
Дүниеге келіп кетті не асыл зат,
Жаманнан дат, жақсыдан қалады хат.
Бір дұға оқыңыздар аруағына,
Қамбардың болып жатсын көңілі шат, - деген жолдар бар жырдың соңында.
Олай болса, елдік, ерлік рухын асқақтататын Қамбар бейнесі ғасырдан-ғасырға жетіп, әрбір ұрпақтың рухани азығына алдағы уақытта да айналуға тиіс.
Категория: KZ портал -- RU портал
Материалы на праздники
Новый год
День защитника Отечества
Новый год
Алғыс айту күні
8 марта
Праздник Наурыз
Күлкі күні
Ғарыш күні
Махаббат күні
День единства народов Казахстана
Праздник весны и труда
День победы
Соңғы қоңырау
Балалар күні
Рәміздер күні
Астана күні
Конституция күні
День знаний
Отбасы күні
Тіл мерекесі
Қарттар күні
Ұстаздар күні
Рухани келісім күні
Республика күні
Қаржыгерлер күні
День первого Президента Казахстана
День независимости Казахстана
Рамазан, Ораза айт
Құрбан айт