Күз ханшайымы

Скачать



Тақырыбы: Жомарт Күз
Мерекеге сай безендірілген сынып. Әдемі сазды әуен ойналып тұрады. Бүлдіршіндер тәрбиешімен бірге кіріп, орындықтарға жайғасады.
Балалардың қолдарында жапырақтар.
Тәрбиеші: Құрметті қонақтар, ұстаздар! Бүгін мектепалды даярлық тобының балалары дайындаған Жомарт Күз атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер.
Армысыздар, халайық,
Бармысыздар халайық!
Күзгі тойды жұп жазбай,
Келіңдер қарсы алайық!
- Қараңдаршы, бүгін біздің сыныбымыз қандай әдемі болып кеткен.
Қолымызға не ұстап келдік?
- Жапырақтар.
- Осы жапырақтардың түсі қандай?
- Сары.
(Сырттан бір дыбыс естіледі,желдің шуы)
- Балалар, тыңдаңыздаршы бұл не шу?
(Осы кезде әдемі әуенмен Күз ханшайымы келеді)
Күз ханшайымы: Сәлеметсіздер ме, балалар!
Балалар: Сәлеметсіз бе!
Күз ханшайымы: Уа, халайық, дархан далам армысың,
Табиғатым жаны жайсаң тал мүсін
Ханшайымы Күздің бүгін келіп тұр,
Алмақ болып бар халқымның алғысын.
Мен – Күз ханшайымымын. Сендерді көргеніме қуаныштымын.
Тәрбиеші: Қош келдің, Күз ханшайымы! Төрлет!
Күз ханшайымы: Балалар, мен сендерге бір жұмбақ жасырайын.

Ағайынды бәрі,
Шықса – жасыл,
Түссе – сары. Бұл не?
Балалар: Жапырақ
Күз ханшайымы: Дұрыс таптыңдар, жарайсыңдар! Мен өзіммен алтын жапырақтарымды ала келдім. Әр жапырағымда тапсырмалар . Егер де тапсырмамды орындасаңдар, менің де сендерге деген сыйлығым бар.
Тәрбиеші: Әрине, қымбатты Күзханшайымы! Біздің балалар Күз туралы өлең, тақпақ, жұмбақтар шеше алады. Сіз жайланып отырып, балалардың өнерін тамашалаңыз.

Ән: Күзгі жапырақтар
Міне Күз ханшайымның бірінші тапсырмасы - сұрақтар.
1-сұрақ: Күз мезгілі нешеге бөлінеді? (Ерте Күз, алтын Күз, қара Күз)
2-сұрақ: Күз айларын ата. (Қыркүйек, қазан, қараша )
Тәрбиеші: Ендеше ортаға Күз айларын шақырайық.
1-бала: (Қыркүйек)
Бірінші қыркүйек
Білімге бастады.
Мал мен аң жүр билеп,
Құс шарлап аспанды.
2-бала: (Қазан)
Жаңартқан ғаламды
Жаңбырлы ғажап ай
Осынау заманды
Орнатқан қазан ай.
3-бала: (Қараша) Мол байлық тергені
Шаттығы қаншалық.
Қарашы, өрледі
Қараша ән салып.

Тәрбиеші: Мінеки, балалар Күз айларымен таныстыңдар.
Өнім биыл тамаша!
Көз тоймайды қараса:
Сәбіз, пияз, қияр, картоп,
Бұршақ, асқабақ, қызылша,
Қызанақ, орамжапыраққа қарашы.
Көкөністер бір жерде жиыла қалып дауласты.
Балалар (хормен):
Жиналып қаппыз бәріміз,
Қайсымыз ең дәмдіміз?
Ішімізден адамға
Тиеді көп пайдамыз?
4-бала: (Бұршақ)
Кішкене түймедеймін мен
Ұнаймын мен бәріне
Дәмді тағамдарымен
Сый жасаймын бәріңе!
5-бала: (Қызылша)
Мен де бір сөз айтайын
Мақтанайын сіздерге.
Менсіз борщ болмайды
Винегрет те үстелде.
6-бала: (Орамжапырақ)
Мақтанғаннан не пайда?
Менсіз дәмді щи қайда?
Мені қосса самсаға,
Бәрі жейді тамсана.
7-бала: (Қияр)
Дәмім тілді үйірген
Мен тұздалған күйімде!
Жаңа піскен кезімде
Жейді бәрі сүйсіне!
8-бала: (Шалқан)
Кім білмейді шалқанды?
Талайлар маған таң қалды.
Бәріне сый боламын
Тауып көр менен дарханды.
9-бала: (Сәбіз)
Кім бар сәбіз шырынын
Жастайынан ішпеген?
Мені жеген адамдар
Кем болмайды күшке де!
10-бала: (Асқабақ)
Өсем бақша-бауында
Қатты ұқсаймын қауынға
Жемек болып шикідей
Күлкі болмай қауымға.
11-бала: (Қызанақ)
Піскен кезде қызанақ
Көз тартар қызыл түсімен
Бар ма адам сүйсінбей,
Томат шырын ішпеген?
12-бала: (Пияз)
Боламын мен дәмдеуші
Барлық-барлық тағамға
Көкөністер ішінен
Мен пайдалы адамға.
13-бала: (Картоп)
Мен ұялшақ картоппын
Мен емеспін мақтанар
Мені жақсы көреді
Үлкендер мен балалар.
Бос айтысты қояйық,
Дауласуды тоқтатайық!
Көкөністер барлығы:
Жиналып қаппыз бәріміз,
Қайсымыз ең дәмдіміз?
Ішімізден адамға
Тиеді көп пайдамыз?

Тәрбиеші:
Көкөністер бәріде
Денсаулыққа пайдалы
Мұны жақсы біліңдер,
Оларды жақсы көріңдер
Өлең: Күз келгенде
Тәрбиеші: Күз ханшайымы, балалардың өнерлері ұнады ма?
Күз ханшайымы: Иә, балалардың бәрі өнерлі екен.
Тәрбиеші: Қане, балалар, осындай молшылық Күз айында бір ойын ойнап жіберейік. Ол ойын Кім жылдам? деп аталады. Ойын шарты бойынша ұлдар бір себетке көкөністерді жинайды, ал қыздар екінші себетке жемістер жинайды.

Ойын: Кім жылдам?
Тәрбиеші: Күз ханшайымы, балалардың ойынына баға беріңіз.
Күз ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар! Көкөністер мен жемістерді дұрыс ажыратып жинадыңдар. Енді екінші тапсырмамды тыңдаңдар, жұмбақ шешу.
2-тапсырма:1.Жазда інге тығылып,
Жатқан қызыл түлкіні
Құйрығынан суырып,
Әкелді әжем бір күні.Бұл не?
(Сәбіз)
2. Жайлы, жұмсақ төсегім,
Домаланып өсемін
Қабат-қабат тоным бар
Қалай оны шешемін.
Бұл не? (Орамжапырақ)
3. Қалың киім ұнатады,
Шешіндірсең жылатады.
Бұл не?(Пияз)
4. Аспай піскен, қайнамай түскен.
(Жеміс)

Күз ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар!Жұмбақты да шеше аласыңдар.
Ал енді қонақтарымызды сынап көрейік. Ұйқасын тап ойыны ойнайық.
Ойын: Ұйқасын тап
1. Пісетін кезі дәл Күзде
Мезгілсіз оны үзбе.
Аузыңнан кетпес бал дәмі
Оның аты-(шабдалы)
2. Кіп-кішкене болса да,
Ағаштың басын иеді.
Жемістерін айырып,
Танисың ба...?(шиені)
3. Жапырақты тасалап,
Өсетін жері- бақша-бақ.
Күрең қызыл шіркін-ай,
Оның аты ... (таңқұрай)
Ырғақ биі
Тәрбиеші:
Берекесін сыйлауға
Өлкемізге Күз келді.
Жемістерін жинауға
Шақырады біздерді.
Жемістерді қарсы алайық.
(Осы кезде әуен ойналады. Ортаға жемістер шығады.)
14-бала: (Алмұрт)
Мен алмұртпын, алмұртпын,
Аузындамын бар жұрттын.
15-бала: (Алма)
Мен алмамын, алмамын,
Таңдай жұлар бар дәмім.
16-бала: (Анар)
Бұтақтан үзілген
Жарылса анармын
Моншақтай тізілген,
Дәндерін аламын.
17-бала: (Жүзім)
Мен жүзіммін, жүзіммін
Моншақ болып тізілдім.
18-бала: (Өрік)
Өрікпін, мен өрікпін,
Бау-бақшаға көрікпін
Баптап мені күткен соң,
Талды бойлап өріппін.
19-бала: (Шие)
Мен шиемін, шиемін,
Күннің көзін сүйемін.
Қышқыл шырын менде бар,
Төмен бас иемін.
Ән: Күз жомарт
Күз ханшайымы:-Өте тамаша,балалар!Қазір менімен ойын ойнайсыңдар ма?
Бұл ойын Қай жеміс? деп аталады.Көздеріңді жұмып,жемісті жеп,қай жеміс
екенін айтасыңдар.(Бір ыдыста туралған әр түрлі жемістер)
Көрініс: Қайдан келдің, бауырсақ? Ө.Тұрманжанов
Тәрбиеші:-Енді,Күз ханшайымның үшінші тапсырмасын орындайық. Мақал-
мәтелді жалғастыр

1.Еңбек түбі--------------------
2.Еңбек етсең ерінбей--------------------
3.Адам жерге нәр береді,Жер адамға----------------
Ән: Жау,жау жаңбыр
Тәрбиеші:
Бидай, арпа, тары бар,
Сұлы, күріш бәрі бар.
Әне жырлап барады,
Әнге құлақ салыңдар.
(Ортаға әуенмен дақылдар шығады.)
20-бала: (Бидай)
Нан анасы бидаймын,
Елге астық сыйлаймын.
Дәнім толып піскенде,
Қауызыма сыймаймын.
21-бала: (Арпа)
Күміс мұртты арпамын,
Ырыс-құтты арпамын.
Еңбек етіп баптаған,
Еліме сый тартамын.
22-бала: (Тары)
Ақ, қарамын, сарымын,
Мен өнімді тарымын.
Халқым еңбек сіңірсе,
Қайтарамын қарызын.
23-бала: (Сұлы)
Мен сұлымын, ұланның,
Тұлпарына ұнадым.
Баптаған әр диқанға,
Басымды иіп тұрамын.
24-бала: (Күріш)
Күнді сүйген күрішпін,
Күллі жұртқа ырыспын.
Алсын деп ел мол өнім,
Ала жаздай су іштім.
Тәрбиеші: Дақылдар, сендерге көп рахмет!

Қолшатыр биі .
Күз ханшайымы: Рахмет, балалар! Өнершіл - өрендерім! Міне, менің сыйлығым бір себет Күз сыйы. Сендерге денсаулық, шаттық және байлық әкелсін.
Тәрбиеші: Күз ханшайымы, саған мың алғыс! Бүгінгі сыйлығына рахмет . Бізге тағы кел, біз сені сағына күтеміз.
Күз ханшайымы:
Берекелі бақ дәулет
Артта түссін тойланып.
Сау болыңдар, балалар,
Келгенше жыл айланып.

(Осы кезде әуен ойналады, Күз ханшайымы қоштасып кетеді)
Қош бол,Күз ханшайымы.
Тәрбиеші: Күздің кереметі, байлығы өте көп. Күзде біздің дастарханымыз дәнді дақылдарға, көкөністерге, жеміс-жидектерге толы болады, бірақ осы байлыққа жету үшін көп еңбек ету керек.
(Тақтадағы мақал-мәтелдерге назар аудару)
Сондықтан сендер еңбекшіл болыңдар. Қазіргі сендердің еңбектерін сабақ оқу. Міне, балалар осымен Жомарт Күз атты ертеңгілігіміз аяқталды.Сіздерді Күз мерекесімен құттықтаймын, әр отбасыларыңызға бақыт, береке тілеймін.
Тәрбие оқу ісінің меңгерушісіне сөз беру.
Ата-аналардың бүлдіршіндерге құттықтау сөзі.
Шашу шашылып, мереке аяқталады

Санат: Қазақша Сценраийлер жинағы
Дереккөзі: http:www428-h.html
©


Скачать


zharar.kz