Сейпін деген хан болыпты. Ханның Мүбәрак дейтін уәзірі болыпты. Ханның уәзірі ханға айтыпты:
— Ханда 40 кісінің ақылы бар дейді, егерде сізде 40 кісінің ақылы бола тұрып, дау болса, жаңжал болса бізге неге жолдайсыз, өз бетіңізбен неге бітіріп жібермейсіз? Бізбен неге ақылдасасыз? – депті. Сонда хан айтыпты:
— Ханда 40 кісінің ақылы бар екендігі рас. Бірақ бір жерде Самыр деген шал бар, сол шалда 40 ханның ақылы бар. Сол шалды мұнда қонаққа шақырып кел, – депті хан уәзірге. Мүбәрак Самыр шалды қонаққа шақырып әкеліпті.
Хан шалдың тамағын беріп сыйлап отырады. Уәзір отырып: Бұл жаман шалдың қандай қасиеті бар, мынау жеті руды билеген хан, ал анау шал – кедей, – деп ішінен ойлап отырыпты. Хан шалға айтады: Мен сізге таңертең бір құс жіберемін, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып, тазалап жібергейсіз, – депті. Уәзір не деген сөз екендігіне түсінбей қалыпты. Шал ханға айтыпты: Хан, мен беске бірді қосып алтау қылып таңертеңнен кешке шейін алтын соққанда отыз екіге жеткізе алмай жүрмін-ау! – депті. Уәзір тағы не деген сөз екендігіне түсінбей қалады. Шал кетеді. Үш күннен соң хан уәзіріне: Шалға қонаққа барып кел, – депті. Уәзір келсе жаман үйі бар, үсті-басы күйе-күйе шал барын береді, кеңесіп отырады. Самыр шалға уәзір айтады: Сізге менің бір сұрауым бар, – дейді. Шал сұраңыз дейді.
— Кеше сізге хан: Таңертең бір құс жіберем, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып тазалап жібер, – деп еді, сол не сөз? – дейді. Шалдың сөзі: Балам, мен кедей адаммын ғой, сонымен күн көріп отырайын, бір қалта алтын берсең, шешіп беремін ғой! – депті. Уәзір бір қалта алтын беріпті. Уәзір Тағы бір сұрауым бар депті. Шал: Сұра, балам, депті. Сіз кеше ханға беске бірді қосып алтау қылып таңертеңнен кешке шейін алтын соққанда отыз екіге жеткізе алмай жүрмін-ау деген сөзіңізге түсінбей қалдым-ау, – депті. Шал: Балам, мен кедей адаммын ғой, ақылыммен күн көріп отырған, бір қалта алтын берсең, шешіп беремін ғой!, – депті. Тағы бір қалта алтын беріпті. Сонда 40 ханның ақылы бар деген шалдың шешкені: Балам, осы саусағым нешеу? депті. Бесеу ғой! Соған бірді қосшы, нешеу болады?
— Алты болады.
— Ендеше, таңертеңнен кешке шейін жұмыс істегенде тапқан-таянғаным ішіп-жеуіме жетпейді деген сөзім еді. Ал ханның Таңертең бір құс жіберемін, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып тазалап жібер дегені ол мынау: — құс сен, екі қалтаңды тазалап сыпырдым ба? Енді жүре бер, – депті шал ханның уәзіріне. Сонда барып уәзір шалда 40 ханның ақылы бар екендігіне сенген екен.