Салиқалы шәкірт тәрбиелеуші

Скачать

Әрбір мектеп бітіруші жанның шәкірттік бейнесін ешбір фотосуретшінің көмегінсіз-ақ сана түкпірінде сақтап қала алатын бір жан бар болса, ол - оның ұстазы. Ұстаз - өзінің есейген шәкіртімен жүздесіп тұрып-ақ осы бір ересек жанның сол кездегі балаң бейнесін, оның сыныптың қай бөлігінде, қай партада отырғанына дейін көз алдына елестете алатын бірден-бір жан. Себебі шәкірт ұстаздың өзінің мектепке жас маман болып кіріп, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейінгі саналы да мағыналы ғұмырының еріксіз бір ажырамас бөлшегі. Осы бір балаң бейне ұстазға ерекше түрде жақын. Ұстаз бүгінгі алдында отырған шәкірттерімен ғана емес, өткен шақтағы шәкірттерінің осы бір бейнесімен де үнемі бетпе-бет келе алар еді. Нақ осыны шәкірттің өзі де сезер, мүмкін ұстаздың шәкірт жанына жақын болуының да бір себебі - ұстаздың тек өзіне білім беруші жан ғана емес, балаң күнінің қастерлі куәгері екендігінде де болуы мүмкін. Себебі түлек болып кеткен жан да еріксіз бала күніне оралып отырады.

Бүгінгі түлектер - кешегі шәкірттер. Ол күні кеше ғана өз мектебінің үздігі, өнерлісі, білім немесе басқа да саладағы жарыстар мен сайыстардың жеңімпаздары атанды. Ол осы сәттерде өз ата-анасының мәртебелі мақтанышы болды. Осының барлығында да оның жанында ұстаз жүрді. Осының бәрінде де ұстаздың қажыр-қайраты, білімі мен білігі, еңбегі мен шәкірт көкірегіне сенім мен жігер тудырушы күш-қуаты жатты. Шәкірт пен ұстаздың бірігіп мақсатты жолға жауапты дайындықтарының басталуы мен нақты нәтижелерге қол жетулерінің арасында ұзақ жол жатады. Бұл жол шәкірттің ұстазға деген сенімі мен ұстаздың өлшеусіз еңбегінен құралады.

"Сіз маған жақсылық туралы айтып едіңіз, ұстаз". Егер есейген шәкірт өзіне осылай десе, ұстаз мұның ұстаздық ғұмырының дәл қай жылы, қай сағатында айтылғандығын жадына ала алмауы мүмкін. Бірақ мағына басқада - ұстаздың сыныпта тұрып айтқан жақсылыққа толы мазмұннан тұратын жалғыз ауыз сөзі шәкірт санасында сақталып, көкірегінде қалып қойғандығымен құнды. Ал ұстаз алдынан ұстаздық ғұмырында нақ осындай қаншама шәкірттер өтетіндігін ескерсек, ұстаз еңбегінің өлшеусіз ұғымға толы екендігін көруге болар еді. Ізгілік мазмұны шәкірт санасында неге қайта-қайта жаңғырықты, мұның себебі сынып сыртындағы бейтарап жанға қарағанда шәкірт алдындағы ұстаз аузынан шыққан бір ауыз сөздің анағұрлым қуатты, анағұрлым сенімді, анағұрлым болашаққа жол сілтеуші болып естілетіндігінде. Себебі ұстаз - өз кәсібінің шебері.

Кеше. Бүгін. Ертең. Ұстаздың жан-дүниесі мен табиғатында осы бір ұғымдар қаншалықты айырмашылық тудыра алады. Еш уақытта өзгермейтін бір ұғымдар бар. Ол ұстаздың өз шәкірттеріне деген ұстаздық жүректен туатын сүйіспеншілігі, олардың ісіне баға берудегі әділеттілігі, оқушысының бойындағы біліміне деген құрметі. Шынайы шәкірт бойында да еш уақытта өзгермейтін бір қасиет бар. Ол өзінің ұстазына деген адалдығы. Білім берудің технологиясы жаңғырығуы, оқытудың әдіс-тәсілдері жетілдірілуі мүмкін. Бірақ кешеге де, бүгінге де, болашаққа да тән ортақ нәрсе сол - ұстаздың осы бір ұстаздық болмыстың аясынан табыла беретіндігі. Ұстаз - Ұлтқа қызмет етуші. Салиқалы шәкірт тәрбиелеуші. Тағылымды еңбек тудырушы. Азат ойдың иесі. Ол - өз қоғамының Зиялы жаны. Бүгінгінің де, болашақтың да ұстазының жан-дүниесінде осы бір болмыс жата беретіндігі ақиқат.

Қоңырау соғылды. Жас балдырған мектепке асықты. Білім ордасын жағымды жаңалықтар қуантты. Мұғалім мерейлі кәсібіне қайта кірісті. Тағы да Ұстаз мерекесі есік қақты.

Ендеше, мерекеңіз құтты болсын, Ұстаз!


Скачать


zharar.kz