Тіршілік нысандарының эволюциясы

Скачать


4.1. Тіршілік эволюциясы
Тіршілік өзі қалай дамыды? Тірі затты құрайтын элементтер бір-бірімен қалай бірікті? Қазіргі таңда бұл сұрақтар бойынша дәйекті жорамал құруға мүмкіндік беретін мәлімет көп және жеткілікті. Тіршіліктің пайда болуы жайлы теорияны Пфлюгер, Дж. Холдейн және Р. Бейтнер ұсынды. Бірақ толық түрде бұл теория биохимик, академик А.И.Опариннің 1924 жылы жазылған "Тіршіліктің пайда болуы” деген еңбегінде қарастырылды. Бұл теория бойынша тіршіліктің пайда болуы – Жердегі ұзақ эволюцияның - алдымен атмогидросферадағы химиялық, одан кейін биологиялық эволюциялардың нәтижесі. Бұл концепция қазіргі кезде ғылыми ортада ең танымал. Сондай - ақ көрсетілген тұжырым ғалымдардың басым көпшілігімен мақұлданған.
Жер бетіндегі тіршілік жоғары саналы жануарлар, қарапайым жалғыз клеткалы организмдерден бастап, түрлі вирустар болып табылатын жалғыз белокты молекулалардан құралған нысандардан құралған. Вирустар инертті кристалдық нысанда немесе қозғалмалы жағдайда өмір сүреді. Белоктық молекуланың өзі болса, оларға қарағанда қарапайым бөліктерден – бір-бірімен түрлі химиялық байланыстар арқылы байланысып, амин қышқылдарын құрайтын көміртегінің, сутегінің, азоттың, оттегінің, қосылыстарынан тұрады.
1953 жылы С.Л.Миллер мен Г.К. Юри деген америкалық ғалымдар Опариннің теориясы негізінде жасанды атмосферамен бірінші болып тәжірибе жасады. Олар Жердің алғашқы атмогидросферасының құрамында болған сутегі (H2), метан (CH4), аммиак (NH3) пен су буының (Н2О) қоспасынан амин қышқылын алды. Газдардың бұл құрамы вулкан газдарының құрамдарына толық сәйкес келетіндігі белгілі. Газдардың осы қоспасына күшті электр тоғы беріліп, содан соң конденсациялады. Алынған сұйықтың құрамынан амин қышқылдары, түрлі көмірсутегілер мен тірі материяға тән компоненттер табылды. Басты факторлардың бірі тотығу - қалпына келу үрдістері белсенді жүруіне мүмкіндік беретін бос оттегінің болмауы және энергияның жеткілікті мөлшері еді.
Осындай тәжірибелерді ҚСРО мен Жапонияның ғалымдары да қайталады. Нәтижесінде Жердің алғашқы атмосферасында амин қышқылдарының синтезделуінің мүмкін болғандығы дәлелденді. Бастапқы газдардың түрлі вариациялары мен энергияның көздері синтезделу реакцияларының нәтижесінде түзілген өнімдердің арасында көптеген табиғи амин қышқылдары –лейцин, изолейцин, серин, треонин, аспарагин, лизин, фенилаланин, және тирозин табылды. Синтезделіп алынған амин қышқылдарының ішінде қазіргі кездегі тіршілік иелерінің құрамына кірмейтін түрлері де болды.
Жоғары молекулалы қосылыстарды құрайтын мономерлердің синтезделу реакцияларына қажетті энергия көздері болып электр разрядтары табылуы мүмкін. Қазіргі кезде Жерде әрбір секунд сайын мыңнан аса найзағай жарқылы байқалады. Әлі толық суынып бітпеген Жерді қоршап тұрған бу секілді алғашқы гидроатмосферада мұндай найзағай жарқылдары қазіргі кездегіден әлдеқайда көп болған болуы да мүмкін. Бұл кездегі энергия алғашқы мұхиттың үстінде бөлініп, синтезделу өнімдерінің суда еріп кету ықтималдылығы жоғары.
Бізді қоршаған тіршіліктің барлық түрлері небәрі азғана мономерлер блогынан (төменгі молекулалы қосылыстар) тұрады. Ол 20 амин қышқылдарынан (белок молекулаларын құрайтын), 5 азотты қосылыстардан (нуклеин қышқылдарының құрамдас бөліктері), энергияның қайнар көзі - глюкозадан, клетка мембраналарын құрайтын құрылыс материалы және энергия сақтаушы- майлардан тұрады. Кез келген тірі организмнің биохимиялық құрылысын небәрі 29 мономер сипаттайды.
Көміртекті қосылыстар "бастапқы сорпа” түзгеннен кейін, биополимерлер – өздерін - өздері көбейту қасиеттері бар белоктар мен нуклеин қышқылдарының түзілу мүмкіндігі пайда болды. Биополимерлер түзілуге қажетті концентрациялы заттар Күн сәулесімен қыздырылған сулардағы минералдық бөлшектерде, мысалы, саз немесе темір гидрооксидтеріне шөккен органикалық заттар есебінен пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, органикалық заттар мұхит бетінде жұқа пленка түзіп, олар жел мен толқын арқылы жағалауларға жинақталуы ықтимал.
Заттардың концентрациялануы коацерваттық, яғни қоршаған ортамен диффузиялық түрдегі зат алмасу арқылы байланысатын құрылымдарды, тамшыларды түзуі мүмкін. Коацерваттық тамшыларды лабораториялық жағдайда да алуға болады. Мысалға Опарин әртүрлі полимерлерден осындай тамшыларды алған. Коацерваттық тамшылар ұқсас қосылыстарға өзінен өзі бөлінеді. Бұл қосылыстар белгілі бір массаға жеткенге дейін ғана өмір сүре алады. Массаның көбейуі және қарапайым реакцияларды катализациялауға деген мүмкіндігі, полимерлерге тән болып келетін суспензиялар мен микросфераны бөліп тұратын шекараның нығаюына әсер етеді.
Органикалық заттарды құрайтын негізгі химиялық элементтер жоғарыда айтылып кеткендей, көміртегі, оттегі, сутегі және азот болып табылады. Яғни олар гидроатмосфераның бастапқы құрамындағы химиялық элементтер. Осы төрт элемент органикалық заттардың 99% құрайды. Осылармен қоса органикалық заттардың құрамына күкірт, фосфор және аздаған мөлшерлерде жиырмаға жуық элементтер кіреді. Болжанып отырғандай, осы ондаған элемент белок - полимерлердің құрамына кіріп, бастапқы мұхиттың жағалауларында органикалық заттардың жиналуы кезінде биологиялық реакциялардың катализаторы болған. Бұл құрамдас элементтер қосылыстардың көптеген түрін құрайды.
Сандық мөлшермен алғанда биотаның құрамына кіретін химиялық элементтердің жалпы құрамы теңіз суының құрамына жақын. Биотаның құрамында тек тірі жәндікке ғана тән бір де бір элемент жоқ, сондай – ақ бейорганикалық материяда кездеспейтінде бір де бір элемент жоқ. Биотаның құрамындағы заттардың химиялық құрылысы гидросфера, атмосфера және литосфераның жоғарғы қабатының химиялық құрамынан сұрыптау мен негізгі компоненттерді ұйымдастыру бойынша өзгешеленеді. Қазіргі кездегі белок молекулаларын құрайтын 20 амин қышқылдары миллиондаған жылдар бойы эволюция процесінің барысында сұрыпталып, қалдырылған. Басқа амин қышқылдарының жиынтықтарының кодтары жойылып, оларға сәйкес эволюциялық линиялар бірте-бірте жойылып кеткен.
"Тіршіліктің басы қашан басталады”, деген сұраққа жауап беру үшін, "тіршілік дегеніміз не” деген сұраққа жауап беруіміз керек. Тіршілік дегеніміз - "кез келген организмнің өзінің орнына ұрпақ қалдыру, өзгеру және осы өзгерістерді қайта өндіру қасиеті” дегеніміз дұрыс болар. Бұл қасиеттер энергия мен информация беруді жүзеге асырады. Органикалық заттардың молекулалары органикалық емес заттарға қарағанда ірілеу және күрделірек, сондықтан олар түрлі өзгерістерге тез ұшырай алады. здіксіз өзгерістер мен осы өзгерістердің сақталып, жаңарып отыруы Жердегі тіршіліктің ерекше қасиеті болып табылады. Органикалық емес заттар болса өздерін - өздері қайта жасай алмайды.
Геологиялық жыныстардан табылған қазба қалдықтар осыдан 3.3 млрд жыл бұрын теңіздерде қарапайым өсімдіктер – көк-жасыл балдырлардың болғандығын көрсетіп отыр. Жердің базальтты литосферасының жасы 4.5 млрд жыл деп саналады. Сол кездерде де жоғарыда айтылғандай құрамында оттегі жоқ алғашқы атмогидросфера қалыптаса бастаған.
Басқа сөзбен айтқанда, бір клеткалы ядросыз организмдер пайда болғанға дейін 1 млрд жылдай үзіліс болған. Пайда болған алғашқы мұхит органикалық қосылыстардың химиялық реакциялары жүретін және тіршіліктің химиялық эволюциясы үшін қажетті тамаша орта болды. Оның үстіне, бос оттегі мен озон қабаты болмағандықтан Күннің ультракүлгін сәулелері құрлық пен мұхит беттеріне жақсы түсті. Бұл сәулелер мен найзағай жарқылдарынан алғашқы атмогидросферада аминқышқылдарының түзілуіне қажетті энергия бөлінді, ал үздіксіз түзілген аминқышқылдары алғашқы мұхитты "сорпаға”айналдырды. Түзілген амин қышқылдарының молекулалары бір-бірімен соғылысып, қосылып белок молекулаларын, ал олар одан да күрделі көмірсутектерді түзді. Дәл осылай химиялық эволюция биохимиялық эволюцияға ұласты деп жорамалдануда.
Ғалымдардың басым көпшілігі белок молекулаларының түзілуінің себебі алғашқы мұхиттағы амин қышқылдарының "кездейсоқ” соқтығысулары деп есептейді. Бұл жерде "кездейсоқ” деген сөзді "ықтималдылығы өте төмен” немесе "тіпті мүмкін емес” деген мағынада қарастырмау қажет. Алғашқы атмосферада амин қышқылдарының түзілуіне жеткілікті концентрациясының қалыптасуы жайлы сөз қозғағанда, бұл процесті статистикалық заңдылық ретінде қарастыруымыз қажет. Кез келген кездейсоқ жағдай, ықтималдылығы қандай да төмен болғанның өзінде, оның болу мүмкіндігі әрекеттер көбейген сайын артады. Егер белгілі бір құбылыстың орын алуының ықтималдылығы бір тәжірибеде 1000-ның 1 болса, 1000000 тәжірибеде ықтималдылық 9999 ға тең. Сондықтан алғашқы мұхиттың амин қышқылдарының қоспасынан тұратын "сорпа” болғандығын қарастырсақ, онда олардан белок молекулаларының түзілуі кездейсоқтық емес, тіпті заңдылық деп қарастыру қажет. Ал егер бұған 1 млрд жылдан асатын уақыт мерзімін қоссақ, Жердің пайда болғанынан бастап организмдердің палеонтологиялық қалдықтары табылғанға дейін амин қышқылдарынан белок молекуларларының түзілу мүмкіндігін болжау аса қиын
Белок молекулалары оттегісіз ортада бір-бірімен қосылып, күрделеніп, прокариоттар деп аталатын алғашқы тірі бір клеткалы ядросыз организмдерді түзді. Алайда, ең маңыздысы ферментация процесі пайда болуы болды. Қазіргі кезде біз бақылап отырған ферментация үрдісі, оттегісіз ортада өмір сүретін қарапайым ағзаларда жүреді.Ферментация кезінде көмірсутегілер бөлініп, қайта құралады. Бұл кезде жылу түрінде аздаған энергия бөлінеді, осы реакция кезінде пайда болатын өнімдердің бірі – көмірқышқыл газы болып саналады.
Осы көмірқышқыл газы ферментация не басқа химиялық реакциялар нәтижесінде түзілген жоқ па?
Алғашқы мұхиттағы заттарға қосылған көмірқышқыл газы организмдердің тіршілік ету ортасына жаңа қасиеттер беруі мүмкін.
Фотосинтез процесіне де мүмкіндік беруі мүмкін. Барлық жасыл өсімдіктерге тән бұл үрдіс су, көмірқышқыл газы мен өсімдіктер сіңірген күн сәулесінің энергиясынан түрлі органикалық қосылыстар түзеді. Алайда алғашқы фотосинтездеуші организмдер қазіргі кезде жер бетінде тіршілік ететін, шын мәнінде балдырлар емес, бактериялар болып саналатын көк-жасыл балдырлар сияқты болса керек. Дәл қазір Жерде олардың ролі айтарлықтай емес, ал ол кезде Жерде тек сол балдырлар мен оларға жақын организмдер көптеп тіршілік еткен. Біртіндеп олар фотосинтез процесінің нәтижесінде қоршаған ортаға бос оттегіні бөліп, өздерінің тіршілік ортасын өздерінен басқа тірі организмдердің пайда болып, тіршілік етуіне жағдай жасаған. Осы жаңа жағдайларда, бос оттегі пайда болған соң тыныс алу процесі мүмкін болды.
Қазіргі кездегі тіршілік ететін тірі организмдердің негізгі топтарының пайда болуына себеп болған процестердің теориялық реттілігі

Ферментация
(Хемосинтез) Фотосинтез Тыныс алу

Органикалық қосы-
лыстар + энергия
орг.қосылыстар+СО2 СО2 + Н2О + энергия =
орган.қосылыстар + О2 О2 + орган. қосылыстар = энергия +
+ Н2О + СО2
Оттексіз ортадағы
организмдер Өсімдіктер Жануарлар

Осылайша, биотаның түзілуі химиялық процестердің кейіннен биохимиялық процестерге айналғанынан басталады. Бұл процестердің реттілігін схема түрінде төмендегіше беруге болады: амин қышқылдары белок молекулалары күрделі көмірсулар ферментация фотосинтез тыныс алу. Тыныс алу – фотосинтезге кері үрдіс – оның нәтижесінде өсімдіктерге қажетті көмірқышқыл газы бөлініп қана қоймайды, сонымен қатар өте көп мөлшерде энергия бөлінеді.

4.2 Тіршілік нысандарының эволюциясы
Химиялық эволюция ерте кезеңдерінде-ақ түрлі өзгерістерге ұшырап алдымен биохимиялық, кейін биологиялық эволюцияға айналды. Жер бетіндегі қазіргі тіршілік оттекті атмосферадан түзіле алмаған болар еді. Пайда болған тіршілік үздіксіз эволюция процесін басынан өткізген және өткізуде. Биологиялық эволюция ең алғашқы организмдер алғаш рет өздерін өздері жасай алған кезден басталды. Жерде тіршіліктің басталуы белок молекулаларын жасай алатын нуклеин қышқылдарының түзілуінен басталды.
Биохимиялық эволюция теориясын төмендегі схема бойынша беруге болады. Коацерваттар мен органикалық заттардың түйіртпектерінің шекарасында күрделі көмірсутектер молекулалары орын алды, нәтижесінде коацерваттардың тұрақтылығын қамтамасыз ететін қарапайым клеткалық мембрана пайда болды. Коацерватқа өздігінен көбейе алатын молекуланың енуі нәтижесінде өсу процесіне қабілетті қарапайым клетка түзілген болуы керек.
Ядросыз клетканың (прокариоттардың) эволюциясы 1 млрд тан астам жылға созылды. Алғашқы бір клеткалы ядросыз, бірақ ДНК жіпшелері бар организмдер қазіргі бактериялар мен көк-жасыл балдырларды еске түсіреді. Бұл ең ертедегі организмдердің жасы 3.3 млрд жылдан асады.
Келесі кезеңде (шамамен бұдан 2 млрд. жыл бұрын) клеткада ядро пайда болады. Бұл бір клеткалы ядросы бар организмдер эукариоттар деп аталады. Қазіргі кезде олардың 25-30 мыңдай түрлері бар.
Шамамен 1 млрд пен 2 млрд жыл арасында биологиялық эволюция жыныстық көбею процесінің пайда болуына байланысты тез қарқынмен дамыды. Осыған байланысты организмдердің оларды қоршаған ортаға бейімделу мүмкіндіктері ұлғайды.
1 млрд жыл бұрын алғашқы көп клеткалы организмдер пайда болып, барлық тірі организмдер екі патшалыққа бөлінді- өсімдіктер және жануарлар.
Олар: 1) клетка құрылысы мен өсуге қабілеті; 2) қоректену типі; 3) қозғалуға қабілеттілігі бойынша үш топқа бөлінді.
Патшалыққа бір ғана белгісі бойынша емес, бірнеше ерекшеліктері бойынша бөлінді. Мысалы, кораллдар, моллюскалар мен өзен губкасы қозғалмай тіршілік ететіндер, дегенмен де олар жануарларға жатқызылды. Насеком қоректі өсімдіктер қоректену типі бойынша жануарларға жатады. Сонымен бірге ауыспалы типтер де бар, мысалы, жасыл эвглена өсімдік сияқты қоректенеді, ал қозғалуы жануарлар сияқты.
1 млрд жыл бұрын көп клеткалы өсімдіктердің пайда болуы фотосинтез процесінің күрт қарқындауына әкеліп, мұхиттағы балдырлар өздерін қоршаған ортаға млн-даған тонна оттегі бөліп, Жердің атмосферасының озон қабатын түзіп, құрлық пен сулы ортаны тіршіліктің бұдан гөрі жетілген формаларының эволюциясына дайындай бастады.
Бұл кезең шамамен 400 млн жылға созылды да, бұдан 580 млн жыл бұрын мұхиттағы биотаның аса қарқындап дамуына әкеп соқты.
Органикалық дүние эволюциясының осы кезеңінде атмосферада фотосинтездің негізгі компоненттері – көмірқышқыл газының мөлшері жоғары, ал оттегі аз ғана болды. Палеозой эрасының біраз бөлігінде атмосферадағы СО2 концентрациясы 0.1-0.4% қана болды. Көмірқышқыл газының бұндай концентрациясында автотрофты өсімдіктердің өнімділігі ең жоғары шекте болып және осының нәтижесінде түзілген биомассаның өте көп мөлшері толып жатқан өзгерістерге ұшырай отырып, органикалық жанғыш пайдалы қазбалардың орасан мол қорын жасаған болар еді. Палеозойдың басына қарай оттегінің массасы жоғарылай бастады. Мезозойдың соңында СО2 концентрациясы азая бастады. Бұл үрдіс олигоценде күшейіп, әсіресе плиоценнің соңында оның мөлшері ең төменгі шегіне жетті. Бұнымен бірге автотрофты өсімдіктердің массасы және Жер бетіндегі барлық тірі организмдердің массасы азайды.
Жануарлар дүниесінің дамуы барысында жануарлар организмдерінің органдары олардың атқаратын функцияларына байланысты дифференциацияла-нып, скелет, қозғалу, ас қорыту, тыныс алу, қан тамырлары, нерв системалары мен сезім органдары қалыптасты. Тыныс алу энергиясы организмдердің қозғалуы мен өсуі үшін қажетті энергияға айналды. Ал энергияның артық қоры жануарлардың қорек табу жолындағы қозғалыстарына жұмсалды. Қозғалу үшін олар денесін белгілі қалыпта ұстап, әртүрлі жағдайларда тез және дәл шешім қабылдауды қажет етті. Яғни, биологиялық эволюция процесі мидың пайда болуына әкеп соқты.
Бұдан 65 млн жыл бұрын Жерге диаметрі 9 км алып аспан денесінің құлауы нәтижесінде экологиялық жағдай күрт өзгерді. Экологиялық катастрофаның нәтижесінде жануарлардың арасындағы сан жағынан басым болып саналатын динозаврлар жойылып кетті де, кейіннен Жерде көбірек үстемдік құрған сүт қоректілер қарқынды дамыды.
ХVІІІ-Х1Х ғасырларда ғалымдар өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің систематикасын жасау үшін көп жұмыстар жүргізді. Биологияда систематика деп аталатын бағыт пайда болды. Өсімдіктер мен жануарлар олардың структуралық ерекшеліктеріне қарай классификацияланды. Негізгі структуралық бірлік ретінде түр алынды, ал одан жоғары деңгейлер туыс, отряд, классты құрады.
Қазіргі кезде Жер бетінде өсімдіктердің 500 000 мыңдай, жануарлардың 1,5 млн түрлері бар, олардың ішінде омыртқалылар – 70 мыңдай, олардың 16 мыңы құстар, сүт қоректілердің – 12 540 түрі бар

Тіршілік формаларының дамуындағы оқиғалар мен негізгі даталардың геологиялық шкаласы
Стратиграфикалық және хронологиялық бөлімдер, радиометриялық даталар Тірі организмдердің
эволюциясындағы
Негізгі оқиғалар
Эралар Кезең Дәуір
Кайназой, 65 млн жыл Төрттік, 2.5 млн жыл Голоцен Плейстоцен (Homo sapіens) Ақылды адам

Үштік, 65-2.5 млн жыл Плиоцен
6-2.5 млн жыл Соңғы гоминидтер
Миоцен 22-6 млн жыл 14 млн жыл бұрынғы қарапайым гоминидтер –рамапитек
Олигоцен 36-22 млн жыл Злактар, шөпқоректі сүтқоректілер

Эоцен 58-36 млн жыл Қарапайым жылқылар

Палеоцен 65-58 млн жыл Сүт қоректі тышқан тәрізді жануарлар Cynognathus эволюциясының қарқынды дамуы
Мезозой,
255-65 млн жыл Бор 145-65 млн жыл Бөлімдер мен кезеңдер Гүлді өсімдіктер; 65 млн жыл бұрын –динозаврлар жойылды, сүт қоректілер эволюциясы
Юра 210-145 млн жыл Динозаврлардың жаппай көбеюі. 167 млн жыл бұрын алғашқы ұшқыш кесірткелер (птерозаврлар, архиоптерикстер);
150 млн жыл бұрын алғашқы сүт қоректілер
Триас 255-210 млн жыл Қылқан жапырақтылар, цикадалар, динозаврлар
Палеозой Перм 280-255 млн жыл Динозаврлар: сүт қоректі
Бауырымен жорғалаушылар.
Таскөмір 360-280 млн жыл Ормандар, насекомдар, амфибиялар, 290 млн жыл бұрын, динозаврлар,
Бауырымен жорғалаушылар.
Девон 415-360 млн жыл Жануарлардың құрлыққа шығуы (алғашқы амфибиялар-ихтиостегиялар) – балық құйрықты жануарлар
Силур 465-415 млн жыл Өсімдіктердің құрлыққа шығуы, және теңіз жануарларының активті тіршілігі
Ордовик 520-465 млн жыл Хордалы жануарларда скелеттің пайда болуы; қарапайым балықтар.
Кембрий 580-520 млн жыл Түрлі теңіз омыртқасыз
дары
Докембрий, магмалық және метаморфоздық жыныстар; бөлімдері мен кезеңдері жоқ 1000 млн жыл Организмдердің жануар
лар мен өсімдіктерге бөлінуі: қарапайым теңіз
жануарлары, жасыл балдырлар.
2000 млн жыл Эукариоттар –ядролы бір клеткалы организмдер
3300 млн жыл Прокариоттар – ядросыз бір клеткалы организмдер: бактериялар, көк-жасыл
Балдырлар
4500 млн жыл Тіршіліктің пайда болуы: аминқышқылдары,белок молекулалары, коацерват
тар, прокариоттар.
4700 млн жыл Жердің түзілуі, салмағына
Байланысты заттардың түрлі агрегат күйлеріне дифференциациялануы.

4.3 Адам эволюциясы
Рамапитек Австралопитек Питекантроп

Адам эволюциясын антропология ғылымы зерттейді. Антропология Х1Х ғасырдың екінші жартысында Дарвиннің эволюциялық теориясы ашылғаннан соң күрт дами бастады. Археологиялық қаба кезінде табылған Ramapіthecus миоцен – плиоценде тіршілік еткен адам тәрізді маймылдың қалдықтары, гоминидтер тармағының бастапқы түрі, яғни олар адам мен оған туыстастардың арғы тегі деп саналды. Бұл маймылдың қалдықтары ндістан мен Пәкістаннан, Таяу Шығыс пен Неандерталдық Кроманьондық Homo sapіens

Балканнан, тіпті Африкаға дейінгі континенттерден табылды ("рамапитектер” алғаш рет Үндістаннан табылып, Рама құдайының құрметіне соның атымен аталған).
1960 жылы ағылшын археологы Л.Лики Шығыс Африкадан миының көлемі 670 см3, болып табылатын 18 – 2.5 млн жылдар арасында тіршілік еткен "шебер адамның” қалдықтарын тапты. Осы қабаттардан олардың өзен тастарынан жасап шығарған, ұштары үшкір еңбек құралдары да табылды. Осыған байланысты қазіргі ғылымда бұдан 2.5 млн жыл бұрын Шығыс Африкада адам мен адам тәрізді маймылдар тармақтары бөлінген, яғни адам мен шимпанзенің эволюциялық линиялары екіге бөлінген деген көзқарас бар. Бұл тұжырымдар "молекулалық сағаттар” деп аталатын өлшемдер арқылы дәлелденді. Нүктелік мутациялар әсерінен гендердің өзгеру жылдамдығы (ДНК негіздерінің кейбір жұптарының өзгеруі) ұзақ уақыт бойына тұрақты болып, оны осы эволюциялық тармақтың негізгі түбірінен бөліну мерзімін анықтау үшін қолдануға болады.
Ғалымдар дәл осы Шығыс Африкада адамдардың пайда болу себебі ретінде, осы аймақта уран кен орындарынан бөлініп шығатын радиацияның жоғарғы дозаларының әсерінен болған мутациялық үрдістерді көрсетеді. "Шебер Адамды” австралопитектерге ("оңтүстік маймыл”) жатқызады, олардың қалдықтары 1924 жылы Африкадан табылған. Австралопитектердің миының көлемі адам тәрізді маймылдардың миының көлемінен үлкен емес, бірақ олар еңбек құралдарын жасай білген. Ява аралынан 1891 жылы табылған қалдықтар питекантроп деп аталды. 0.5 млн жыл бұрын өмір сүрген питекантроптардың бойы 150 см, ми көлемі 900 см3 болып, олар пышақ, бұрғы, т.б. қолдан жасалған кескіш құралдарды пайдаланған.
ХХ ғасырдың 20 жылдарында Қытайдан "синантроп” ("қытайлық адам”) табылды, оның миының көлемі питекантропқа жақын болып және олар от жағып, ыдыстарды пайдалана білген, бірақ түсінікті сөз сөйлей алмаған.
1856 жылы Германиядағы Неандерталь жазығында 150-40 млн жыл бұрын өмір сүрген тіршілік иелерінің қалдықтары табылды, олар неандерталдықтар деген атқа ие болды. Неандертальдықтардың миының көлемі қазіргі заманғы адамдардың миына жақын, бірақ маңдайы шығыңқы, қас үстіндегі доғасы, бас сүйегі төмен болып, мамонттарды аулап, үңгірлерде тіршілік еткен.
Ең соңында, 1868 жылы Францияның Кро-Маньон үңгірінен бас сүйегінің формасы мен көлемі (1600 см3) қазіргі заманғы адамдарға жақын, бойы 180 см, 40-15 мың жыл бұрын өмір сүрген тіршілік иелерінің қалдықтары табылды. Бұлар нағыз "саналы адамдар” болып саналды. Осы дәуірде нәсілдерге бөлінушілік пайда болғандығы белгілі. Жекелеген бөлек топтарда ерекше белгілер (ақ нәсілділерде –ашық түсті тері, т.б.) қалыптаса бастаған.
Біздің заманымыздың жаратылыстану ғылымы тұрғысынан алғанда, қазіргі адамдардың арғы тегінің тізбегі төмендегідей көрсетіледі: адам мен жоғары сатыдағы маймылдардың ғылымға белгілі ең ертедегі тегі – рамапитек – шамамен 14 млн жыл бұрын ндістаннан Африкаға дейінгі аумақта өмір сүрген. Олардан 10 млн жыл бұрын орангутангтің арғы тегі, Азияда тіршілік еткен – сивапитек бөлінген. Ғылымдағы мәліметтер бойынша, адам тәрізді тіршілік иелері басқа приматтардан 4 млн жыл бұрын бөлінген. Горилла, шимпанзе және адамның ортақ тегі – австралопитек – Африкада 2-4 млн жыл бұрын тіршілік еткен. Австралопитектер зинджантроптың арғы тегі болуы мүмкін. Африкада қабілетті адамның қалдықтары – зинджантроп табылды, ол 2-2.5 млн жыл бұрын өмір сүрген, осы жерлерде 2.5 млн жыл бұрын пайдаланылған ертедегі еңбек құралдары және тұрмыстық заттардың қалдықтары табылды. Зинджантроптар адамдар сияқты тік жүріп, олардың қол сүйектері жақсы дамыған. "Шебер” деп аталуының себебі, олар алғашқы рет тастан жасалған еңбек құралдарын пайдаланған. Осыдан кейін, қазіргі заманғы адамдардың дамуы төмендегідей жүрді: 1.9-0.65 млн жыл бұрын питекантроп; 400 млн жыл бұрын синантроп және түрлі мәліметтер бойынша 150-40 млн жыл бұрын өмір сүрген (Homo sapіens – тің ертедегі түрі) неандерталдықтар. Homo sapіens 100 млн жыл бұрын ғана пайда болып, оның қазбалары кроманьондықтар деп аталды.
Бұл жерде, антропогенездің – түп түзу сызық бойынша жүретін үрдіс еместігін көрсету керек. Адам эволюциясының жануарлардан адамға дейінгі өту сатылары түзу сызық бойынша жүрген жоқ. Табиғатта гоминидтердің бір ғана емес, бірнеше тармақтары болған және олардың көпшілігі конкуренцияға шыдай алмай жойылып кетуі әбден мүмкін.
Кейбір ғалымдар адам эволюциясының белгілі бір тармағында пайда болған неандерталдықтар гибридтену процесінің немесе олардан гөрі күштірек жетілген тіршілік ортасына жақсырақ бейімделген қарсыластарымен тіршілік үшін күрес нәтижесінде жойылып кеткен деп жорамалдайды.
Ғалымдардың екінші бір тобы түрлі генетикалық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген пікірді жақтап, үстін жүн басқан неандерталдықтардың арасында мутацияның әсерінен аналық адам - алғашқы Ева пайда болған, неандерталдық осы алғашқы Евадан және бірнеше аталық адамдардан қазіргі адам баласы пайда болды да, қалған неандерталдықтар эволюция процесінің барысында жойылып кетті деп түсіндіреді.
Сонымен адам эволюция процесінің нәтижесінде адам тәрізді приматтардан пайда болған. Адам организмінің клеткалық құрамы жануарлардағы сияқты нуклеин қышқылдары мен белоктардан тұрады. Адам организмінің көптеген құрылымдары мен функциялары да жануарлардағыдай.
Эволюциялық шкалада жануарлар неғұрлым жоғары сатыда болса, олардың адаммен ұқсастықтары да соғұрлым жақын. Барлық жануарлардың ішінде генетикалық аппараты жөнінен адамға ең жақыны шимпанзе. Адамның ұрықтық даму стадиялары басқа организмдердің эволюциясындағы даму стадияларымен бірдей. Адамдардың жануарларда өте маңызды функциялар атқаратын кейбір органдары рудимент түрінде сақталып қалған (мысалы, соқыр ішек, шаш, жүн). Дегенмен, адамның жануарлардан айырмашылығы ерекше.
Олардың ішіндегі ең маңыздысы – ақыл-ой. Жануарларда да қуану, ренжу, қайғыру сияқты сезімдер мен қызығушылық, көңіл аудару, есте сақтау сияқты қасиеттер бар. Бірақ, ең жоғарғы сатыдағы жануарлардың түсінікті ойлау қабілеті жоқ, яғни олардың белгілі бір заттар мен олардың негізгі қасиеттері туралы түсініктері жоқ. Адамның түсінікті ойлау қабілеті неғұрлым жоғары болса, соғұрлым оның санасы да жоғары болып саналады.
Адамның екінші ерекшелігі – оның сөйлеу қабілеті. Жануарларда өз кезегінде басқалармен қарым-қатынасты белгілердің көмегімен жүзеге асырады. Бірақ адамдарда, И.П.Павлов "белгілердің екінші жүйесі” деп атаған (жануарларда бірінші белгілік жүйе) сөз арқылы қарым-қатынас жүзеге асырылады. Адамзат қоғамы жануарлардан осы арқылы ерекшеленеді.
Үшінші ерекшелік – еңбек ету қабілетілігі. Әрине, барлық жануарлар белгілі бір жұмыс атқарады, ал жоғары сатыдағы жануарлар болса, оладра тіпті біршама күрделі жұмыс түрлеріне де қабілетті болады. Мысалы маймылдар ағашта өсіп тұрған жемісті таяқтың көмегімен түсіреді. Жалпы еңбек құралдарын жасай білетіндер тек қана адамдар. Жануарлар қоршаған ортаға бейімделе алады, ал адам оны өзгертеді, яғни адамдаы адам еткен еңбек деген тұжырымдарға осы негіз болады деуге болады. Адамның еңбек ету қабілетіне байланысты қалыптасқан тағы да басқа ерекшеліктері бар. Олар – тік жүру, соның нәтижесінде қолдың босанып дамуы, әсіресе бас саусақтың жақсы жетілуі және отты пайдалану.
Адамның жануарлардан ең басты ерекшектері: еңбек, түсінік бойынша ойлау мен сөйлеу – адамның жануарлардан бөліну жолдарында қалыптасқан ең маңызды белгілер болды.

4.4.Сөйлеу мен ойлау эволюциясы
Өздерінің дауыс ырғақтарымен сөз мәнерлерімен өз тыңдаушыларында керемет эмоцияларын қоздыратын музыканттар, әншілер немесе шешендер баяғы замандарда жартылай адам қалыпты болған бабаларының бір-бірімен тайталасу немесе көңілінен шығу үшін қолданған әдестерін пайдаланғалы жүргенін сезіп те, біліп те жүрген жоқ.
Ч.Дарвин
Алғашқы қауымдық қоғам эволюциясының көптеген проблемаларының ішінде тіл эволюциясының құрылу үрдісі - ең негізгілердің бірі. Австралопитектер, питекантроптар мен неандерталдықтардың қауымдастықтарындағы өзара қатынас құралдарын анықтайтын ешқандай құжаттар мен дәлелдемелер жоқ. Адамның ойлауының пайда болуы мен дамуы жөнінде де ешқандай мәлімет жоқ. Шын мәнінде барлық мәлімет қосымша сипатта, сондықтан біз бұл мәліметі тек шартты түрде ғана қабылдауымыз керек.
Адамның ойлау қабілеті қоғамдық ортаға тіл арқылы шығарылады. Тіл болмаса ешқандай ой да, ойлау үрдісі де болмайды. Жалпы алғанда, тіл мен ойлау бір-бірімен тығыз байланысты үрдіс және ол коллективтік бірлескен еңбек үрдісін қалыптастыратын құрал болып табылады.
Барлық маймылдар, олардың ішінде адам тәріздестері де вокалданған жануарлар, олар үшін дыбыс шығару табиғи құбылыс. Бұл вокалдануда дыбыстардың екі түрі немесе дыбыстардың екі негізгі тобы болады. Осылардың ішіне қорқыныш, ашулану, т.б. сезімдерді білдіретін дыбыстар (олар әртүрлі жануарларда 20-дан 30-ға дейін болады). Сондай – ақ тіршілік шулары деп аталатын, маймылдардың үнемі шығаратын дыбыстары және олардың эмоционалдық күйлерімен байланысты дыбыстар.
Бұл айтылған жағдайлардың барлығы негізгі емес қосымша дәлелдемелер болғанымен, ертедегі гоминидтердің дыбыс коммуникацияларының әлсіз де болса алғашқы бастамалары болып саналатын дыбыстар шығара білгендіктерін дәлелдейді. Ертедегі гоминидтер аң аулау кезінде дыбыс шығарып аңды үркіте алмаған.
Сөз жүйесінің алғашқы бастамасы қалыптасып келе жатқан қоғамдық және еңбек қатынастарының дамуына қызмет етуі қажет еді. Сөз дамып келе жатқан ойлау үрдісінің барлық функцияларын жүзеге асырып оның сыртқы көрінісін бейнелеуі қажет болды. Көптеген лингвистердің пікірі бойынша, ең алдымен, белгілі бір іс-әрекетті түйсіну, яғни тілдің дамуында бірінші етістіктіктің түбірлері пайда болды. Сол сияқты, сөздер ғылымда ортақ еңбек үрдісінде атқарылған жұмыстар кезіндегі айтылған дыбыстардан құралған деген гипотеза пайда болды. Бұл гипотеза бойынша, алдымен етістіктердің іс-әрекеттің белгілі бір түріне сәйкес болатын түбірі пайда болған да, кейіннен сөз бен сөйлемдердің басқа мүшелері пайда болған. Неміс антропологы М.Мюллердің гипотезасының мәні осылай еді. Дәл осындай жолмен қоғамдық еңбек үрдісінде бірте-бірте ақыл-ой қалыптасқан болуы керек.
Сонымен қатар, іс-әрекетке қарағанда, объектіні айқындап белгілеу маңыздырақ. Олай болса, зат есімдік түбір, аз мөлшерде болса да, етістіктік номинациямен қатар қалыптасуы қажет болды. Лексиканың құрамын анықтау қиындау – оның гоминидтерде қорек ретінде пайдаланған өсімдіктердің, аулаған аңдарының, еңбек құралдарының аттары, жақын туыстық қатынастарының аталуы сияқты немесе аз ғана қажетті етістіктер жиынтығы болуы мүмкін екендігін жорамалдауға болады. Осы лексиканы пайдалану нәтижесінде белгілі бір іс-әрекеттердің бағытын білдіретін сөздер пайда болуы мүмкін. Алғашқы қоғамдағы ойлаудың жүйелі болмауы, түсініктердің кең мағынасын білдіре алған жоқ. Дегенмен, бірте-бірте тілдің сөздік құрамы ұлғайып, оның операциялық аумағы, яғни тілдің белгілі түсініктер арасындағы қатынастарды неғұрлым дәлірек білдіретін бөлігі дамып, жетіле түскендігін сенімді айтуға болады. Мустьерлік кезеңнің өзінде-ақ идеологияның алғашқы белгілері пайда болып, тілдің одан әрі байи түсуіне жағдай жасалды. Ең соңында, жалпыға бірдей түсінік бойынша, қазіргі заманғы адам түрінің пайда болуына байланысты тілдің дамуы ең жоғары деңгейіне жетіп, оның бүкіл әлем тілдерінің барлығына тән құрылымы түзіліп, қалыптасты.
Ертедегі аңшы, балықшылардың, т.б. бір кездері өте шектеулі болып есептелген лексиконының мұқият зерттеуден кейін өте кең ауқымды екендігі анықталды (Австралиялық аборигендерінің өздерінде ақ – 10 мыңнан аса сөз, яғни кез келген европалық тілдерден әлдеқайда көп). Грамматикаға байланысты да дәл осыны айтуға болады. Бір ғана етістіктің түрлерінің саны бірнеше жүзге дейін жететінін көптеп кездестіруге болады. Көптеген қарапайым тілдердің тағы бір ерекшелігі – олардың синтаксистерінің жеткіліксіз дамуы. Алайда, бұл мәдени даму деңгейінің төмендігін білдіреді деп тұжырымдау қиын. Өйткені, тіпті ең жоғары дамыған елдер халықтарының ауызша тілінде жеке сөз тіркестері жазба тілге қарағанда өте қысқа болып келеді. ХХ ғасырдың басында бір белгілі ғалым - лингвист Германиядағы бір кирханың сөздік қорын зерттеп, бір жыл ішіндегі олардың әртүрлі тіршілік жағдайларында пайдаланатын сөздерінің жалпы саны 400-ден аспайтынын анықтады.
Адамдарда түсінікті сөз сөйлеудің қалыптасуы адамды жануарлардан ажыратудың негізгі де шешуші үрдіс болды. Өйткені, сөздің пайда болуының нәтижесінде жануарларда жоқ түрлі функцияларды атқаратын адам миының үлкен жарты шарлары түбегейлі өзгерді. Бас миының әрбір жарты шарларының ерекшеленіп мамандануы жөнінде көптеген ғалымдар, америкалық нейрофизиологтар Р.У.Спери, Дж.Е.Боген, және М.С.Газзанигалар қыруар ғылыми жұмыстар жасады. Ең алдымен адамның сол көзі мидың оң жарты шарымен, ал оң көзі сол жарты шармен байланысты екендігі дәлелденді. Осыған қоса сол жақ жарты шар рационалдық қызметке де жауап беретіндігі анықталды. Ол есептеу, сөз сөйлеу, ережелер мен түрлі үрдістерді есте сақтаумен тікелей байланысты. Оң жақ жарты шар эмоцияларды басқарады. Ол дыбыстар, музыка, ерлер мен әйелдер дауыстарын ажырата білуге мүмкіндік береді. Осы екі жартышарлардың бірі зақымданған жағдайларда бұндай адамдардың екеуі бір-бірінен тіпті өзгеше екі түрлі болмыстағы индивид болып көрінеді.
Мидың үлкен жартышарларының функционалдық ерекшеленуі тұқым қуаламайды және адамның жаңа туылған кезінде байқалмайды. Алайда кейбір ғалымдардың пікірінше, адамның тез сөйлеп үйрену қабілетін қамтамасыз ететін тұқым қуалайтын механизмдер болуы мүмкін. Жануарлар миының үлкен жарты шарларының қабығы функционалдық жағынан жіктелмеген. Кейбір ғалымдар, адам мен жануарлар арасында тек сандық ерекшеліктер ғана бар деп тұжырымдайды. Дегенмен, бұл пікірді жоққа шығаратын фактілердің бірі маймылдарды сөйлеуге үйретудің ешқандай оң нәтиже бермегендігі. Жануарлар шығаратын түрлі дыбыстар тек қана белгілі бір хабарды ғана білдіріп, мидың қабық асты бөлігі арқылы басқарылады. лкен жарты шарларының қабығы алынып тасталынуы бұл қасиетке ешқандай әсер етпейді.
Бірақ ғалымдардың көпшілігі адамда сөйлеу қасиетіне жауап беретін тұқым қуалаушылық механизмдердің бар екендігі жөніндегі пікірге қарсы. Бұл түсінікті де, себебі, тіл- эволюция нәтижесінде пайда болған және әлеуметтік қарым-қатынастар арқасында дамыған құбылыс. Оның үстіне, сөйлеу мен ойлау үрдістері эволюциясының негізгі факторларының бірі адамның әлеуметтік-еліктеу қабілеті деп саналады. Еліктеу мен ойлау қабілетінің негіздері адамның балалық шағында (5-6 жасында) қалыптасады. Бұдан кейінгі кезеңдерде қалыптасып біткен адам баласынан толыққанды қоғам мүшесін жасау өте қиын. Бұған аңдар арасында өскен балалар туралы мысалдар дәлел бола алады. Сәби кездерінде аңдар арасында өскен балалар (Мауглидің әдеби прототипі), кейіннен адамзат қоғамында ары қарай тәрбиеленгенмен, сөйлеуді де, тіпті дұрыс жүруді де үйрене алмады. Маугли қасқырлардың интеллектуалдық деңгейінде қалып қояды. Екінші бір адам баласы (Тарзан) маймылдар арасында өсіп кейін сөйлеуді де, адам сияқты жүруді де үйрене алмаған. Сондықтан, адам туралы қазіргі заманғы мәліметтерге сүйене отырып, тіл мен ойлаудың негізі адамның әлеуметтік-еліктеуші қызметі деуге болады.
Тіл қарым-қатынас түрі ретінде адамның биологиялық эволюциясын жылдамдатқан шешуші фактор болды. Оның әсері денені тік ұстау факторынан да маңызды болып саналады. Тілсіз эволюцияда аса маңызды жетістіктердің таралуы өте жай болған болар еді. Барлық әлеуметтік жүйелер бір – бірімен хабарлау арқылы байланысады. Тіл жан-жақты байытылған ондаған ғасырлық тәжірибенің - дін, философия, ғылым, өнер және де басқа түйсік формаларының шынайы ағымы болып табылады. Бірақ бұл тәжірибе барлық тірі жүйелерге тән тұқым қуалаушылық механизмдер арқылы ұрпақтан ұрпаққа берілмейді. Ол - алмасып отырған адам баласы ұрпақтарының жасаған капиталы мен өндіргіш күштерінің капиталы ретінде тұқым қуалау үрдісінде сақталады.
Қазіргі кезде, көпшілік мойындаған көзқарас бойынша, алғашқы қауымдық қоғамдағы тілдің жағдайы алғашқы қауымдық лингвистикалық үздіксіздік арқылы сипатталады. Бұндай жағдай алғашқы қауымдағы төменгі аң аулаушылар, балық аулаушылар, т.б. қоғамдарында байқалып, әсіресе Австралия аборигендерінде жақсы зерттелді. Оларда толып жатқан тілдер мен олардың варианттары – диалектілер көп болды. Егер бір-бірінен салыстырмалы түрде алыс тұрған тілдер бірқатар ерекшеліктері арқылы ажыратылса, ал көршілес тілдер өзара түсінушілік жағынан бір-біріне жақын болды. Бұл жерде ерекше бір спектр бар сияқты: ондағы бояулар түрліше болғанымен, дискретті емес, бірі екіншісіне біртіндеп ауысып отырады. Бұндай жағдай бастапқы тілдердің жіктелуіне ғана емес, түйісу аймақтарындағы бір-бірімен өзара әсер етулеріне байланысты қалыптасты. Бұл өзара әсерлерде топ аралық байланыстардың рөлі де ерекше болды.
Алғашқы тілдің негізгі жиынтықтары төмендегідей болған деген жорамалдар бар. Евразияның, сондай ақ Солтүстік және Шығыс Африканың жекелеген аймақтарындағы тілдердің көп бөлігінің Алдыңғы Азияның орталығының ностратикалық жиынтығы болды. Азияның қалған территориясында Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азияның орталық бөлігімен сино - тибет және аустриялық жиынтықтарын құрайды деп жорамалдайды; екінші бір гипотеза бойынша, аустриялық жиынтық басқа бірнеше жиынтықтардан құралған. Тропикалық Африкада Ніл мен Нигер аралығындағы орталықтан құралған конго - сахара немесе зинджа жиынтығы қалыптасқан. Австралияда ортақ бағы тілдік жағдай болғаны анықталған, бірақ оның сыртқы неден көзі құралғаны ғылымға белгісіз. Америкада кейбір индей бағы тілдердің көне әлем тіл жиынтықтарымен байланысы жөнінде пікірлер бар.
Әдетте, тіл бойынша жалпылық, этникалық жалпылықтармен, яғни ортақ мәдениеттегі (тілді де есептегенде) адамдар жиынтығымен байланысты.
Тіл - ұлттың қасиеті, қарым-қатынас құралы. Бүгінгі таңда үш мыңнан аса тіл бар. Бірақ техника мен байланыс құралдарының дамуына байланысты тілдер арасындағы шектер жіңішкеріп бара жатыр деуге болады. Қазірдің өзінде әрбір ұлттың тілінде "бөтен” сөздер өте көп. Ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерімен бірге әлемде жаңа терминдер көптеп пайда болып, ұлттар арасындағы сөздік алмасулар көбейіп отыр. Келешектегі адамзат қоғамында әлемдік цивилизацияда негізгі болып саналатын ұлттардың тілі негізінде құралған бір немесе бірнеше тіл болуы мүмкін. Мүмкін олар ағылшын, испан, қытай, урду және хинди тілдері болуы мүмкін.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Горелов А.А. Концепции современного естествознания. Москва: Центр, 1997, 208 б.
2. Концепции современного естествознания: Учебник для вузов, Под ред. проф. В.Н.Лавриненко, проф. П.Ратникова. –М.: Культура и спорт, ЮНЙТИ, 1997, -271 б.
3. Мукашев З.А. Концепции современного естествознания: курс лекций. Алматы: ВШП Әділет, 1998, 150 б.
4. Потеев М.И. Концепции современного естествознания – СПб.: изд-во Питер , 1999. –352 б.
5. Рузавин Г.И. Концепции современного естествознания: Учебник для вузов. – М.: Культура и спорт, ЮНИТИ, 1999, -288 б.
6. Алексеев В.П., Першиц А.И. История первобытного общества. М.: Высш школа.: 1990
7. Андреев И.Л. Происхождение человека и общества. – М.: Мысль, 1982.
8. Будыко М.И., Голицын Г.С., Израэль Ю.А. Глобальные климатические катастрофы.-М.: Гидрометеоиздат, 1986.
9. Вернадский В.И. Биосфера. Различные издания.
10. ВладимирскийБ.М., Кисловский Л.Д. Космические воздействия и эволюция биосферы. – М.: Знание, 1986.
11. Газенко О.Г., Пестов И.Д., Макаров В.И. Человечество и космос. – М.: Наука, 1987.
12. Гумилев Л.Н. География этноса в исторический период. Л.: Наука, 1990.
13. Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. Различные издания.
14. Дикерсон Е.Р. Химическая эволюция и происхождение жизни. 103 б.
15. Ивахненко М.Ф., Корабельников В.А. Живое вещество Земли. М. 1987.
16. Каратаев О.Г. Проблемы электромагнитной совместимости. –М.: Знание, 1988.
17. Кендрью Дж. Нить жизни. М., 1968.
18. Костицын В.А. Эволюция атмосферы, биосферы и климата. М. 1984.
19. Крывелев И.А. История религий : Очерки в 2 т. М.: Мысль, 1988.
20. Кун Т. Структура научных исследований. М., 1975.
21. Майр Э. Эволюция. М., 1981.
22. Матюшин Г.Н. У истоков человечества. –М.: Мысль, 1982.
23. Монио А.С., Шишков Ю.А.. История климата. Л.: 1979.
24. Неручев С.Г. Уран и жизнь в истории Земли. – Л.: Недра, 1982.
25. Николов Т.Г. Долгий путь жихни. –М.: Мир, 1986.
26. Новиков И.Д. Эволюция Вселенной.-М.: Наука, 1983.
27. Поршнев Б.Ф. О начале человеческой истории. М., 1974.
28. Почтарев В.И. Земля- большой магнит.-Л.: Гидрометеоиздат, 1974.
29. Пригожин И., СтенгерсИ. Время, хаос, квант. М., 1994.
30. Реймерс Н:Ф: Пиродопользование. Словарь-справочник. М.: 1990.
31. Семнов Ю.И. На заре человеческой истории. М.: Мысль, 1989.
32. Сноу Ч. Две культуры. М., 1973.
33. Станы и народы мира. Общий обзор. М.: 1978, т.1
34. Тинберген Н. Социальное поведение животных. М., 1992.
35. Ушаков С.А., Ясаманов Н.А. Дрейф материков и климаты Земли. М. 1984
36. Чижевский А.Л. Эхо солнечных бурь.
37. Филиппов Е.М. Вселенная, Земля, жизнь. –Киев: Наукова думка, 1983
38. Филиппов Е.М. Ядра, излучение, геология. – Киев: Наукова думка. 1984
39. Филиппов Е.М. О развитии Земли и биосферы. – М.: Знание, 1990. 48 б.(Новое в жизни, науке, технике. Сер. Науки о Землең; б.5
40. ФлинтР.Ф. История Земли. М. 1978.
41. Эйнштейн А., Инфельд Л. Эволюция физики. М., 1965.

Р.А. Мирзадинов Жаратылыстану концепциялары шығармасынан


Скачать


zharar.kz