Ертеде, бір байдың жалғыз баласы болыпты. Байдың қадірлі ұлы да, қызы да сол екен. Күндерде бір күн әлгі байдың баласы ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде бір қара қасқыр жейін деп баланың аяғына аузын сала бергенде, бала шошып оянады. Ертеңіне осы түсті тағы да көреді. Сөйтіп, бала осы түсті күн сайын көретін болады. Қасқыр баланың аяғынан тістей бергенде, бала шошып ояна беретін болады. Бала түнде ұйқы, күндіз күлкі көре алмайтын болады.
Әке-шешесі:
— Осы біздің баламызға не болды екен? – деп, бір күні баласынан сұрайды. Баласы көрген түсін айтады. Әке-шешесі мұны естіп, қатты қорқып, жан-жақтан түс жоритын сәуегей адам іздейді. Бірақ ешбір сәуегей баланың түсін дұрыс жори алмайды.
Ақырында, бір қария сәуегей жорып:
— Сол қасқыр сенің балаңды жемей тоқтамайды екен. Тас пен темірден үй салып, соның ішіне қойсаң да ол қасқыр сенің балаңды жейді, беті бері қарап шыққан екен, – дейді. Мұны естіген соң әке-шешесі қатты қорқып жылайды.
— Бұдан құтылуға амал бар ма? – деп жорушыдан сұрайды.
Сонда сәуегей тұрып:
— Мүмкін қашып құтылса, ғажап емес, – дейді. Мұны естіген әке-шешесі қалай шыдап отырсын? Баласын қашыруға ат іздейді. Әкесі көп жылқының ішінен баласы мініп қашарлық бір жарамды ат таба алмайды – бәрі де жабы екен.
— Балам, өзің барып, тауып мінбесең, саған жарайтын атты мен таба алмадым, – дейді.
Сосын бала қолына жүгенін алып, жылқыға келеді. Көп жылдан бері жылқысын бағып жүрген бір шал бар екен, соған көрген түсін айтып:
— Қашып құтылатын маған бір ат тауып берші, – дейді.
Сонда шал тұрып:
— Шырағым! Мен осы жылқыны баққаныма көп жыл болды. Сені құтқарарлық жүйрік бар деп айта алмаймын, бұл жылқының бәрі де жабы. Жалғыз-ақ осында бір кербесті бар. Оның жабағы күніндегі өлі жүні әлі үстінен түскен жоқ, қырып аларға қызылы жоқ арық, жөнді от оттамайды, бауырынан жарайды да жүреді. Одан үміт қылатыным: түнде жүргенде тұяғынан от шығатын еді. Мен білсем, кербестіден басқа жылқы құтқара алмас. Қас тұлпардың баласы аз оттап, көп жусайды, асыл тектің баласы аз сөйлеп, көп тыңдайды дегендей, сенің бағыңа тұлпар болып шықса, ғажап емес. Не болса да, кербестіні ұстап мін, – дейді.
Бала кербестіні жүгендеп, үйіне алып келіп, әке-шеше, ел-жұртымен қоштасып, жолға шығады.
Бала жүріп келеді. Кербестіні басы ауған жағына қарай еркіне қоя береді. Осымен бірнеше күн жүреді. Бір күні бала артына қараса, көз ұшында бір шаң көрінеді. Ол: Мені жейтін қасқыр осы болар? – деп, жүрегі алып ұшып, кербестінің сауырына қамшыны сипай береді. Бұрынғыдай емес, кербесті де бірнеше күн жүрген соң, өлі жүнін тастап, басын жерден көтеріп, оқтаудай боп ширатылып, созылып, аяғын пысық басып, көсіле бастайды. Үш күннен соң артына қараса, манағы шаң жақындап қалған сияқты.
Шаң жақындаған сайын кербестінің шабысы да ширайды. Осылай шаңды ертумен тағы екі күн шабады. Бір мезгілде артына қараса, шаңнан бір қара созылып шығып, тартып келеді екен. Балада зәре жоқ. Анда-санда кербестінің көзін сүртіп қояды. Қара жақындап, дүбірі де естілген сайын, кербесті құстай ұшады. Кербестінің жүрісіне бір ғана ұшқан құс болмаса, ешбір хайуан баласы еріп болар емес. Кербестіден басқа жылқы болса, келе жатқан қара әлдеқашан қуып жеткендей. Кербесті кербестілігімен ғана баланы қуып келе жатқан ажалға бермей, алып ұшып келе жатады.
Қараны осылай артына салумен кербесті тағы бір күн жүреді. Бала артына бұрылып қараса, бұлдырап көрінген қара жақындап қалған екен, қуып келеді екен. Көз тоқтатып қарауға баланың жүрегі тоқтамайды. Кербестінің көзін сүртіп, бауырына қамшыны сипай ұрумен болады. Жақындағанын білген сайын, кербесті өршеленіп шабумен келеді. Кербестінің осы кездегі шабысына көз тоқтатып болмайтын еді. Бір уақытта бала артына бұрылып қараса, айтқандай, түсінде көрген қара қасқыр тілі сала құлаш шығып кеткен, сілекейі шұбырып, аузын арандай ашып, құлаштап ұрып келеді екен. Мұны көргенде, жан алатын әзірейіл артынан қуып жеткендей сезіледі. Жалғыз менен басқа, рақым етер ешкім жоқ қой! дегендей, кербесті де ұшқан құстай алып келеді.
Қара қасқыр баланы жеуге құмартып, сілекейін шудадай созып, тілі аузына сыймайды. Шынымен-ақ, осы иттің аузына түсіремін бе? дегендей, кербесті жануар да жан ұшырады. Қара қасқыр алуға, кербесті алғызбасқа, екеуі таласып келеді. Осылай таласумен шабыс ілгері тағы да ысырыла береді.
Жақындаған сайын адамның иісі қара қасқырдың мұрнын жарып барады. Иісі мұрнына барған сайын жерік асына құмары артып, қара қасқыр сілекейін ағызып, ілгері ұмтыла түсіп, арс-арс етеді. Өмір бойы бір ішек болып, қатып қалған жануар кер тұлпар да қасқырдың дүбірін естіген кезде, ытып-ытып кетеді. Осы таласқа, осы шабысқа жалғыз кербесті болмаса, төрт аяқты жануардың ешбірі де шыдап болар емес еді. Қара қасқырдың аузына жерік асын түсірмей, баланы ажалдан құтқарғалы алып келе жатқан кербестінің бұл жүрісіне сүйсінбейтін жан болмас!
Апыр-ай, жетті-ау, етегімнен алды-ау! — деп, бала жан дәрмені қалмай, мойнын бұрып артына қараса, қасқыр құйрық тістесіп, жетіп-ақ қалған екен. Екі көзі қып-қызыл от сияқты, үлкендігі тайыншадай қара қасқыр екен, арс-арс етіп өршеленіп, аузын салғалы ұмтылып қояды. Шынымен-ақ, мынаған жем болдым-ау! — деп, бала өкіріп жылап жібереді. Баладан ес те кетеді, зәре де қалмайды, аттың көзін сүртуге шамасы келмейді, қамшыны әлсін-әлсін артына сілтеумен болады. Енді өлдім ғой, қара қасқырдан құтыла алмадым ғой! Енді не қайран қылайын?! — деп, баланың жаны алқымға тығылады.
Жануар кербесті де қажиын деді, өзінен ешбір дәрмен жоқ аттың көзіне тер құйылып, кербесті де қиналуға айналады. Атаңа нәлет қара қасқыр тақымдасып, ауызды әне салдым, міне салдым деп келеді! Бала мен қасқырдың тұмсығының арасы бір-ақ сүйем қалады. Ауызды көміп, тұмсықты қандап, бытыр-бытыр шайнап, жерігімді бассам екен деп құмартып, қасқыр мойнын соза ұмтылады. Дәл осы кезде бір минуттік өмір балаға мың жылдай көрінеді. Жалғыз кербестіден басқа балаға болысарлық жанында ешкім жоқ. Кербестінің көзіне тер құйылып келеді. Енді жем болдым ғой деп, бала жанынан үміт үзеді. Көз алдына өмір емес, өлім елестейді.
Қара қасқыр ауызды енді сала бергенде, кенеттен маңқ етіп үрген иттің даусы естіледі. Иттің даусы естілгенде, қасқыр кідіріңкіреп қалады, кербесті ілгері басып кетеді. Қасқыр соңына тағы түседі, тағы да жетеді. Ауызды тағы сала бергенде, маңқ етіп үрген иттің даусы тағы естіледі. Қасқыр кідіріп қала береді, кербесті ілгері асып, тарта береді. Не керек, қара қасқыр қоймайды, тағы қуады, қуа-қуа тағы жетеді. Жетіп, енді ауызды сала бергенде, бағанағыдай емес, жақынырақ жерден маңқ етіп, ит тағы да үріп кеп қалады. Иттің мына даусы естілгенде, қара қасқыр пышақ кескендей тоқтайды да қалады.
Баланы алып ұшып, кербесті ілгері ұша береді. Сол шапқаннан шауып отырып, ми далада отырған жалғыз үйге келіп жетеді. Үйдің алдына келіп, кербесті кілт тоқтай қалады, ат тоқтай қалғанда, бала анадай жерге ұшып түседі. Есі ауып қалады. Жатқан баланың қасына бір ит келеді. Үлкендігі тайыншадай, алқымы даладай, екі құлағы тебінгідей, екі көзі қып-қызыл, екі езуі салбыраған, ұзын тұмсық, жүндестеу келген қара ауыз, көк ит екен, баланы иіскеп қасында жатады. Бір уақытта үйдің адамдары көріп:
— Бұл не қылған жан екен? – деп, үйге алып кіреді. Бірақ балада ес жоқ, сұлық жата береді.
Кешке жақын үйдің иесі келеді. Жасы жиырма алты, жиырма жеті шамасында, еңгезердей, ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, қақпақ жауырын, ат жақты, көзі өткір, түсі суық, қара сұр жігіт екен. Келген жерден:
— Бәленше байдың баласысың ба? – деп сұрай бастайды. Бала көргенін бастан-аяқ айтып береді: — Сені қуған қара қасқыр адамға жерік еді. Ол қасқырдың сырттаны еді, сені алып қашқан кербесті жылқының тұлпары еді. Қара қасқырдың саған жерік болатынын кербесті құлын күнінде білген. Егер сол қасқырдың сырттаны келетін күн болса: Сені алып қашсам-ау! – деумен жүруші еді. Соны арман қылып, өмір бойы өзін-өзі жаратты, аз оттап, көп жусады. Үстінен өлі жүн түспеді. Ақыры алып қашқан екен, кербестіден басқа жылқы болғанда, қасқырдың аузына түсіп едің. Мынау жатқан қара ауыз иттің сырттаны еді. Кербестімен сенің қашып келе жатқаныңды, қара қасқырдың сені қуып келе жатқанын, тұлпардың дүбірін қара ауыз күндік жерден естіді. Соны біліп, бұл үріп жіберді. Егер қара ауыз үрмегенде, қасқыр саған аузын салып еді. Егер қара қасқыр жеген болса, барлық қасқыр атаулы адамға жерік болар еді. Өмір бойы қасқыр адамды қойша домалатып жей беретін еді де адамға қасқыр қожа болатын еді. Ал, енді мен жігіттің сырттанымын. Қара ауыз бен менің осы жақта екенімді кербесті білген. Ол шыққаннан-ақ осылай қарай бастап алып келді. Саған жерік болған қара қасқыр әлі кеткен жоқ, мына төбенің басында сені күтіп жатыр. Ол сені жемей тоқтамайды, сенің осында екеніңді біледі, бірақ кербестінің, қара ауыздың, менің осында екенімді біліп, үш сырттанның үстіне батып келе алмайды. Таң атқан соң қара ауызды ертіп, ол қасқырдың соңына түсеміз. Өзің шаршап келдің ғой, бүгін дем ал, – деп, баланы сыйлап жатқызады.
Ертеңіне таң атып, күн шыққан соң, бағанағы жігіт айтады:
— Сен кербестіге мін, мен қара ауызды жетектеп, екеуіміз мына төбенің түбіне барайық. Барған соң қара ауызды қоя берем. Бұл барып, саған жерік болған қасқырмен арбасады. Бұлар арбасып жатқанда, мен ит жағынан барармын, сен кербестімен қасқыр жағынан кел. Сол уақытта қасқыр сенің иісіңді біліп, саған қарай бұрыла берер, ол бұрылған кезде, аңдып тұрған қара ауыз барып, қасқырдың мойнын бұрап тастайды. Сөйтіп, қара қасқырды өлтірмесек, ол тірі жүрсе, сені жемей қоймайды. Кербестіге мініп, қара ауызды ертіп, қара қасқырды қуар едім, бірақ кербесті мені көтеріп шаба алмайды. Ал сен қасқыр жеп қояды екен деп қорықпа. Ілгері ұмтылып, қасқырға таман барып қал, ол саған ұмтылады. Саған жетпей-ақ қара ауыз қасқырдың мойнын бұрайды, — дейді. — Егер сенен бұрын мен барып қалсам, менің келгенімді біліп, қара ауыз маған қараған кезде, қара қасқыр қара ауыздың мойнын бұрап тастайды. Қара ауыздың мойнын бұраған соң, сені де жейді, сені жеген соң, бүкіл қасқыр адам атаулының бәрін жейді. Егер сен қорықпай барып қалсаң, ол сені жеуге ұмтылғанда, оны қара ауыз өлтіреді. Қайтсең де қасқыр жақтан менен бұрын бар, қорықпа! — деп, әбден үйретіп келеді.
Төбеге жақындап, түбіне барған кезде жігіт қара ауызды қоя береді. Қара ауыз төбенің басына қарай жөнеледі.
Қара ауыздың артынан барып қалайын, — деп, кербестімен бала да төбені айналып жетеді. Жігіт иттің артынан ақырын жүгіріп келеді. Қара ауыз төбенің басына жеткенде, қасқыр да оны көріп қалады. Екеуі бірін-бірі көрген соң, жүндерін тікірейтіп, көздерін біріне-бірі қадап, ырылдасады.
Екі сырттан бірін-бірі ала алмай, ырылдасып, арбасумен жата береді. Бірінің қозғалғанын бірі байқайды. Әлдеқалай біреуі қып етіп, қозғалса-ақ, біреуі барып бас салғалы тұр. Қара қасқыр жалын тікірейтіп, тұмсығын созып, көзін қадап, ырылдағанда, ешбір жүрек тоқтатып, шыдап тұрар емес. Арқа жүнін тікірейтіп, көзін төңкере қадап, екі езуін ырситып, азуларын ақситып ырылдағанда, қара ауыздың да бет алдына қара қасқырдан басқа ешбір хайуан шыдап тұрарлықтай емес. Екеуі осылай арбасып, бірін-бірі ала алмай, әбден ызаланады, көздері қып-қызыл оттай жарқ-жұрқ етіп кетеді. Ызаның кернегендігі сондай, мойындары терісіне сыймай буынып барады. Арбасқан қалпында екеуі де орындарынан тұра келеді. Бір-біріне қимылдауға таянып тұр. Екеуі де жақтарын керіп, ырылдасып, бір-біріне жақындасып қалады. Сөйткенше болмайды, бір-біріне тап береді. Алдыңғы екі аяқтары бір-бірінің иығында, езулерін ырситып, азуларын ақситып, ырылдасады да тұрады. Бір-біріне ауыз салғызбайды. Қарама-қарсы тіреседі де қалады. Біреуі қып етіп қозғалса-ақ, құлақ-шекені өрлей, кеңірдекті қапсыра, ауызды басқалы тұр. Осылай тіресе ырылдасып, арбасумен тағы біраз тұрады. Бір-бірін ала алмайды. Бұрынғы арбасудан мынау әлденеше есе қиын болады. Алдыңғы аяқтарымен бір-бірінің кеңірдектеріне тіресіп тұрады.
Ұзын тырнақ кеңірдектеріне кіріп барады. Енді біріне-бірі ауыз салғалы тұр. Бірі өлтіріп, бірі өлгелі тұр, көздері қанталап кеткен. Енді тек бір-бірінің кірпік қағысуын ғана аңдыған.
Қасқырдың сырт жағынан келе жатқан бала екі сырттанның ырылдағанын естігенде, жақындауға жүрегі тоқтамайды. Қара қасқырдан әбден қорқып қалған. Жақындасам, жеп қоя ма? –деп, ілгері баспайды. Тым болмаса, айқасып тұрған екі сырттанға төбесі көрінетін жерге де келмейді, анда-санда бір аттап, аяғын ілгері баспайды. Бала аржағынан келді ме екен? Итіме не боп қалды екен? – деп, жігіт тез ұмтыла басып, төбеге шыға келсе, бала әлі көрінбейді. Қасқыр мен ит айқасып тұр екен. Баланың төбесі жаңа ғана көріне бергенде, артына келіп қалған иесін біліп: Ием келді ме екен? дегендей, ит мойнын бұрып қалады. Сол уақытта аңдып тұрған қара қасқыр иттің шықшытына ауызды басып жібереді. Мынаны көрген иттің иесі не боларын білмейді. Беліндегі қанжарын ала жүгіреді: қара қасқыр иттің құлақ-шекесіне қарыс батып кеткен тісін жұлқылап суырғанша, жігіт те келіп жетеді. Келе-ақ қара қасқырдың ішін қанжармен есіп кеп жібереді. Сол жерде ит те өледі, қасқыр да өледі.
Жігіт иттің өлгеніне қатты өкінеді. Иттің өлігін құшақтап, зар жылап еңірейді. Балаға:
— Неге менің айтқанымды істемедің? – деп, бармағын шайнап ұрсады.Ұрысқанымен шара не? Болар іс болып, ит өліп қалған соң.
— Қайтейін! Қара қасқыр тура маған бас салады ғой деп, қорықтым! – деуден басқа не айтсын бала.
— Қара ауыз ит қасқырды өлтірген болса, ит атаулы қасқырға қожа болатын еді. Енді иттің ілуде біреуі-ақ қасқыр алатын болады. Әрине, қасқырдың да итті алатыны санаулы болады. Егер қара қасқыр сені жеген күнде, қасқыр атаулы адамға қожа болатын еді. Оны енді мен өлтірдім, енді адам қасқырға қожа болады, – деп сырттан жігіт сөзін тоқтатады.