Ертеде тау бөктерінде жайылып жатқан жылқыға жау тиіп, айдай жөнеліпті

Скачать

Ертеде тау бөктерінде жайылып жатқан жылқыға жау тиіп, айдай жөнеліпті. Жылқының ішінде топ бастаған айбарлы бір боз айғыр бар екен. Боз айғыр үйірін күзеткендей шеттеп, ұзамастан жағалай жайылып жүріпті. Ұрылар жылқыны айдай жөнелгенде, боз айғыр да үйірімен бірге кетіпті.
         Ұрылар үш күн бойы талмай жол жүреді. Төртінші күні жердің, айдап келе жатқан адамдардың түр-тұрпатына қадағалай қараған боз айғыр жер ауғанын сезеді. Содан пысқырынып-пысқырынып жіберіп, аулына кері қашады. Ұрылардың қуғынына шаңын да көрсетпей кетеді.
         Боз айғыр сол бетімен аулына жетеді. Оның үйірінен бөлініп, ауылға бұлайша жалғыз келуінің тегін емесін сезген жылқышының баласы айғырды жүгендеп, ерттеп мінеді де қару-жарағын асынып, жылқының соңынан қуады.
         Бірнеше күннен кейін бала айдауға түскен жылқыға жетіп, алдын орайды да үйірді кері қайтарады. Мұны көрген қарақшылар жан-жақтан қаумалап, баланы ортаға алады да қолға түсіріп, қорламақ болады. Бірақ ұрылар бұл ойын іске асыра алмайды. Өйткені бала боз айғырмен орғыта шауып, ұрыларға тұтқиылдан тиіп, өздерін талқандай береді. Сөйтіп жүріп, бірсыпырасын құлатады. Қызып алған арынды айғырмен қайта-қайта шауып, ұрылардың берекесін қашырады, тағы да екі-үшеуін түсіреді. Сөйтіп, жылқыны ауылға қарай бұрғанда, баланың енді қолға түспейтініне көзі жеткен қарақшының біреуі білтелі мылтықпен атып қалады. Мылтық оғы баланың санына тиіп, ауыр жаралайды.
         Оқ тиген бала жауына бұрынғыдан бетер өшігіп, тұла бойын ыза кернейді. Жаралы санын қыл бұраулап, қатты таңып алады да қарақшыларға қайта кеп тиіседі. Енді тірі қалғандары жан сауғалай қашады. Бала қуып жүріп, бәрін құлатады. Содан кейін жылқыны айдап, кері қайтады.
         Әлі қашып, жарасы жанын қинаған соң, жолшыбай бір төбенің етегіне келіп, аттан түседі. Бұдан әріге жүруге шамасы келмейді, қансырап, жығылып түседі. Боз айғыр баланы иіскелеп, әрі-бері оқыранып, баланың қасында біраз тұрады. Ақыры болмаған соң, боз айғыр ауылға қарай шаба жөнеледі.
         Баланың әкесі ер-тоқымымен келген боз айғырды көріп:
         – Балам бір апатқа душар болған екен, не де болса іздейін, – деп, жолға шығады.
         Боз айғыр иесіне бой бермей, тауда қалған балаға қарай ала жөнеледі. Тау-тасты аралап келген әкесі өліп жатқан баласының үстінен шығады. Тауды жаңғырта баласының қазасына қатты қайғырып, жылап отырғанда, қасында тұрған боз айғыр оқыранып, кісінеп жібереді. Тағы да ұрылар келіп қалған екен деп, иесі орнынан ұшып түрегеледі. Қараса, ерінің қасына ілген домбырасы бар, салт атты жалғыз жолаушы екен.
         Қайғылы кісіге сәлем береді де баланың қасына келіп, әкесіне көңіл айтады. Қайғылы әке болған оқиғаны баяндайды.
         Содан жолаушы:
         – Шіркін, жануарым-ай! Жылқы болса, осындай, ер болса, сенің балаңдай болсын. Жақсы ат иесінің сүйегін далаға тастамайды деген осы да. Балаға астындағы аты сай екен. Тек жалғыздығы жеңіпті. Жақсы ат ерге қанат бітіреді деген. Бірақ жалғыздығы шырмапты. Мына жағдай соны байқатады.
         Сонан соң жолаушы домбырасын алып, бір күйді тартыпты. Күй күңірене шалқып, безілдей ышқынып, баяулап барып тынғанда, баланың әкесі:
         – Жолаушым, мына сарыны қайғылы сазыңның аты қалай? Менің көкейімдегіні тапқандай өзі, – деп сұрапты.
         Домбырашы өз көңілінің толғанысын айтыпты:
         – Жануар, мына тұрған боз айғырдың тапқырлығына разы болып, баланың қазасына күйініп, соған арнап тартқан күйім еді. Атын Боз айғыр қойдым. Осы айғыр болмаса, сен балаңның сүйегін де таба алмай сансырар едің. Бұл айғыр сенің де шеріңді сезген секілді.
         – Рас-ау, – деп, бас иіпті баланың әкесі.
         Содан ол өле-өлгенше Боз айғыр күйін шертіп, жүрегінің шерін тарқатып өткен екен.


Скачать


zharar.kz