18 сәуірде біз Семейден Аягөзге1 бет алдық. Казак бекеттері арқылы өтетін жол (олар станция қызметін де атқарады) сусыз сортаң далада жатыр. Біз мұнда бірінші рет көк шөп көрдік. Біз шыққан күні жылы болды, бозторғайлар өздерінің әдеттегі әніне салуда. Сулы шалғындарда бізге әртүрлі үйректер кездесті, әсіресе, Каспий теңізінде болатын тұрпан немесе атайка деп аталатын түрі жиі кездесті: олар тұзды суды жақсы көреді және осындай шөл далаларда ұшырасады, көбіне топталып емес, жеке - ұрғашысы мен еркегі болып жүргенді жақсы көреді. Өсімдіктерден тек қарапайым мал жейтін шөптер: жабайы аскөк пен бақбақ ғана көрінеді. Біршама жетіліп өскен тобылғы мен қараған көп болды, бірақ жаңа жапырақ жайып келеді.
Аягөз жолындағы бекеттердің барлығында құдық суын ішеді: Аягөзге дейін олардың саны алтау.
Бұл сортаң аймақ Аягөзге қарай өрлеп, Арқат төбесіне айналады, одан ары қарай төмендей бастайды. Қалай болғанда да Аягөз ылдиы Ертістікінен жоғары. Арқаттың қырлы жоталары көгілдір сілемденіп алыстан менмұндалап, көңілсіз әрі тірі жан жоқ жолды сәл де болса әрлендіреді. Арқат таулары жайылымға жақсы екенімен танымал, сондықтан мұнда Аягөз округы наймандары мен уақ болыстарының қыстаулары шоғырланған. Бұл жерде бізге дейін және біз өтіп бара жатқанда жүз үйден аса сарт өтті. Өздерінің айтуынша, олар бұл жерде 70 жылдан аса көшіп жүр. Алғашында оларды көшпенділікке күнкөріс үйреткен. Семей арқылы азиялық өнімдерді саудалай жүріп, керуендерді жөнелту үшін олардың өз жылқылары мен түйелері болу керек еді - оларды бағып-жаю қажет, оған қоса олар қымызды жақсы көреді, міне осыдан қазақтардан жалға жер алып, бірнеше отбасы болып киіз үйде тұрған. Бүкіл Азияға тән көшпенді, еркін өмір оларға ұнап, аз уақытта олар 150 үйге көбейді. Генерал губернатор оларды қашқындарды жасырып, контрабанда жасайды деп күдіктеніп, Арқаттан кетуді бұйырады. Олар Ресей боданына өткеннен соң, не мещандар деп жазылуға, не бұл арадан кетулері керек болды. Олар, шамасы, соңғысын жөн деп тапса керек.
20 сы күні*1 түнде мен Аягөзге келдім. Аягөз - шағын станица, наймандарды басқаратын округтік приказ да сонда орналасқан. Оның негізі 1824 жылы2 қаланған. Қазақ даласындағы барлық станицалардың ішінде Аягөз көзге ең қорашы сияқты, дегенмен, Көкпекті одан асып тұрған жоқ деседі. Бірнеше ағаш үйлері бар шағын бекініс, фортштадт, татарлар тұратын бөлікте орналасқан мешіт және жеркепелер. Жаңа ереже бойынша, Семей облысы құрылғаннан бері, ол қала деп аталады және бірнеше шалақазақ оның азаматтары. Шалақазақтар3 - яғни, жартылай қазақтар деп Орта Азиядан шығып, орыс бодандығына өткен және қазақ болыстарына қазақтармен бірдей құқықта жазылған адамдарды атайды. Олар даланың шығыс округтерінде өте көп: Аягөз, Көкпекті және Ұлы жүзде. Бұл атау біздің сапарнамада жиі кездесетін болар, сондықтан біраз шегініс жасасақ, кешірім өтінеміз.
P. S. Аягөз округындағы найман руы туралы.
Кешке біз Аягөзді артқа тастадық, сосын Аягөз өзенінің Тумырза деп аталатын саласынан өтіп, өзеннің оң жақ таулы-тасты жағлауымен өрлей отырып, түнге жақын Қапал жолының бірінші бекеті - Ескі Аягөзге келіп жеттік.
Аягөз өзенінің бойынан біз анағұрлым жанданған табиғатты көрдік. Дала тұтасымен жасыл желектің ашық түсті кілеміне ораныпты. Қараған, тобылғы, тал терек жапырақтар жайып, күннің көзі де біршама жылынып, оңтүстікке тән алаумен қыздырып тұр. Жабайы аскөк тау бөктерін жауып тұр, бойы ұзарып өскен. Қалың өскен ырғай, тал, мойылмен көмкерілген, арасынан теректер сорайып көрінген өзен жағалауы шидің ақ басы және сирек қара топырақты шұраттарда қараған мен тобылғыдан басқа ештеңе жоқ сортаң жермен жүрген үш күндік сапардан кейін4 өте жағымды әсер қалдырды. Жағалауға жақын жерлер жайылымдық және шабындық шөпке бай, ал жағадағы орман қысқы боран мен дауылға жақсы қалқан. Қазақ аңыздарында Аягөздің жайлы ағысы мадақталатыны бекер болмаса керек.
Өзін қоршаған иен дала мен сусыз шөл далаға қарағанда, Аягөз расымен-ақ жұмақ болып көрінеді. Оның көк шөп пен шалғынға толған солтүстік жағалауы орыстар мен олардың бекеттері болмаған кезде, қазақтардың үнемі көшіп-қонып жүретін қонысы болғаны анық. Қазақтар казактармен көрші болудан қорқады. Бұл әлденеге негізделген бе, жоқ па белгісіз, бірақ сақтық мақтауға тұрарлық қасиет. Мен Аягөзді өте жақсы көремін және сүйсінемін, Баян Сұлудың алтын айдарлы Қозы Көрпешке деген махаббаты туралы аңыздың оқиғасы осы жерде өткені де бұған аз себеп болмаса керек.
Сапарымыздың желісін ары қарай тарқатайық. №2 бекетте біз оң жағалауға ауыстық. Бұл кезде түн болатын. 4 ші нөмірге жетпей, 10 шақырымдай жерде қазақтар жырында айтылатын әйгілі Қозы Көрпештің моласы5 тұр. Біз поэманы жақсы зерттегенбіз, сондықтан олардың моласын көргіміз келді. №2 бекеттен шыққан уақыт бойынша Қызылқия бекетінен түнде өтуіміз керек болатын. Бірақ біз таңертең сонда тұрып*2, молада шай ішкіміз келді: жолда шай ішкен жақсы, әсіресе, ескі қирандылар мен молаларда. Өткен туралы ойлайсың, бүгінгіңді аялайсың. Осы мақсатпен жәмшікке тек таңертең, күн көтерілген кезде, бозторғай алғашқы әнін шырқап, түн пердесі түрілгенде, түнгі бұлттар солтүстікке ауып, батыстан*3 таңғы қызғылт күн көтерілгенде, жарық ағаштардың бұтағына түсіп, су керемет тамаша түске енген кезде, осындай поэтикалық сәтте моланың басында болуды тапсырдық.
Адам жобалайды, бірақ Құдай шешеді. Түні бойы жаңбырдың ірі тамшылары жеңіл арбаның шатырын ұрғылап тұрды. Шаршаған аттар, батпақта аяқтарын әзер басып жүріп келеді. Тек шыбықтың шартылдаған дауысы мен шаршаған аттардың пысқырынуы, делбешінің айғайы ғана жаңбырдың бірсарынды дыбысын бұзып тұрды.
Нашар түн болды, сондықтан жүру де қиындады. Жаңбыр ойлаған жоспарымызды бұзбасын деген күдік, алаңдаумен жәмшікке бірнеше рет: қалай, аспан ашылмады ма? деп сауал тастадым. Суық сүйегіне дейін өткен делбеші Жоқ! деп күңкілдей жауап берді де, тағдырға назаланғандай Не боп кетті, брр... деп тізесіне жиналған суды төкті. Менің оған жаным ашыды, тезірек жүрсек, ол баяғыда жылы пешке қыздырынып отырар еді. Баян сұлудың естелігін көрмей кету де обал.
Осылайша біз бір сағат жүрдік.
- Мәртебеңізге құлдық, - деді жәмшік, - міне мола!
Мен басымды шығардым. Күннің көзі түнерген бұлттардан шығып келеді, аспанды сұр бұлт басқан, бұрынғысынша жаңбыр жауып тұр, көбіктенген аттар батпақты сортаң жермен әзер жүріп келеді, өзеннің сол*4 жағында тобылғылардың арасынан моланың үшкір басы көрінді: ол қызыл кірпіштен қаланған болып көрінді. Мұндай ауа райында шай ішіп, қазақтардың ескерткішін тамашалау туралы ойлаудың өзі артық еді.
- Шамасы, өзен де арнасынан шығайын деп тұр, жоғары мәртебелім, - деді жәмшік менің ойымды оқып қойғандай.
- Олай болса, жүре бер, қайтар жолда қарармыз, - дедім мен, сосын тонға оранып, ұйықтап алайын деп көзімді жұмдым.
Өзағаш бекетінде шай іштім. Өзеннің солтүстік жағалауы жайылған лай су мен сортаң басқан дала. Аягөздің жағалауын бойлаған жолмен өзеннің арнасынан шығуы себепті жүру мүмкін болмады. Біз айналып жүрдік. Алдымызда тегіс сортаңды батпақ дала жатты. Шидің ақселеу бастары шоқтанып өсіп тұр, тіптен көп. Әр жерде қарайып шеңгел, баялыш, көкпек, бүрген өсіп тұр. Осылайша біз 25 шақырымдай жүрдік. Ақыры Арғанаты жотасына шықтық. Мұнда өсімдіктер табиғаты өзгеріп сала берді. Тығыз топырақты жота беткейі жабайы аскөк пен казактар жабайы шомыр деп те атайтын өсімдікке ұқсас шөпке бөленген. Осы таудың ортасында атауын содан алған бекет тұр. Бекеттің артында сәбізшөп пен жабайы сарғалдақ өседі. Лепсіге қарай жотаның баурайында жабайы шомыр мен тобылғы, ал ары қарай жазық далада рауғаш, сарымсақ, жусан мен көкпек қаулап тұр. Рауғаштың көптігі соншалық, тұтас дала қып-қызыл түске боялған. (Станцияға жақын) көтеріңкі тұста тобылғы, ұсақ қараған мен сарғалдақ кездесті. Аягөзден Арғанатыға дейін, одан ары Лепсіге қарай жайылымдық шөп мүлдем кездеспеді. Бұл жерлерде көшпенділер өмір сүріп, қонбаған, оны көшпенділерден [қалған] бірден-бір ескерткіш - моланың жоғынан байқауға болады6, Аягөз бен Лепсі және басқа да өзендер бойында көп кездесетін зираттардың молдығы олардың*5малға жайлы екенін дәлелдейді.
Қозы Көрпеш Баян сұлу моласындағы балбал тастар. Ш. Уәлихановтың қауырсынмен салған суреті, 1856 ж.
(309 бет)
Станцияның орта тұсында, Лепсіге тақау, Арғанаты бекетінен Лепсіге қарай жоталар тізбегі басталады, одан әрі жер бедері мүлдем өзгереді. Жоталар тізбегінің оңтүстік жазығында қамыспен көмкерілген көл жатыр. Жазда ол кеуіп кетеді, көктемде Лепсі тасығанда суға толады.
Біз бұл жерге кешке келдік. Қаздардың қиқуы мен бақаның бір ерекше түрінің айғайы жағымсыз болғаны сондай, құлағымызды тығындауға мәжбүр болдық. Өзеннің жағалауында, тау жақта, Лепсінің сағасына қарай қазақ молалары көрінді. Олар сансыз көп. Жолда қыстаулардың жұрты байқалды және біз келгенде, ауыл отырды. Молалардан байқалғандай, бұл орындар көшпенді рулардың жиналатын жері болса керек. Қазіргі қазақтар Балқаштың қамысын қыстайды, ал жазда тауға көшеді, бұл жерде сәл дамылдап, міндетті түрде он күндей тынығады. Осы көлден Лепсіге дейін (он шақырымдай жер) бәрі құмға бөккен. Құмдар сусымалы. Қамыс, шилер өте көп, ара тұра көкпек, шеңгел, ақтасты*6 кездеседі, бары осы. Құмда тасбақа мен жыландар өте көп.
Осында Лепсінің ағысы басталады. Лепсі бастауын Алатаудан алады да, Балқашқа құяды. Оның суы терең. Жағасында біршама қалың орман өседі - тал-терек, жиде, жыңғылдар. Сағасы қалың және биік қамыспен көмкерілген. Қамыста түрлі құстар болады және жолбарыс кездеседі. Бірде жолбарыс бекетте тұрған қарауылды талап тастағаны болған.
Оның климаты*7 әжептәуір құбылмалы. Ақпанның аяғында онда қар болған жоқ, сондықтан рождество*8 мерекесіне қарай олар*9 қаздардың жұмыртқасын жеген. Осы алқапта бүйі мен сарышаяндар бар деседі. Бірнеше жыл бұрын бұл өзен орыс иеліктерінің оңтүстіктегі шекарасы болған және одан өтуге қатаң тыйым салынатын, ал қазір... Қазір жағдай басқаша!
Түнде Басқан арқылы өтіп, тек таңға қарай Ақсуға жеттік. Ақсу арқылы Лепсідегі сияқты өткел бар.
Ақсудың ағысы жылдам, оның жағалауы кей жерде терекпен көмкерілген. Жағалау тегіс, Лепсіге қарай жазық дала, дәл сондай дала Қисықауызға дейін созылып жатыр.
Ақсудан біз Алатаудың қарлы шыңдарын көрдік. Бұл таулардың алыс сілемдері көгілдірленіп аспанға ұласып кеткендей көрінді. Кей жерлерде шыңдар бұлттан асып көрінеді. Көтеріліп келе жатқан күн оларға қызғылт түсті сәуле шашады. Ғажайып көрініс. Қисықауыз Алатаумен салыстырғанда, жүзжылдық еменнің көлеңкесінде өскен шөп сияқты. Біз жүрген дала тегіс, біреу әдейілеп таптағандай және онда жусаннан басқа ештеңе жоқ. Оң және сол жақтан дөңгелек және қамал тәріздес молалар көрінеді, көпшілігі күмбезді. Жолда жылқылардың үйірі мен қойдың отары кездесті, алыстан қазақ үйлер қылаңдады. Бізді көрген қазақтар алысырақ кетуге тырысты, біз сұлтанның қонысы қайда екенін сұрайық деп малшыны тоқтатқанда, ауылдағы әйелдер шу көтерді. Ауыл шулап кетті. Әйелдер бір үйден екіншісіне жүгіріп, біреудің атын атап шақырды, шамасы биді болса керек.
- Олар менің қойымды алып кетті, - деді бір ащы дауысты әйел, шамасы, өзі солай болжаса керек, - менің кезегім емес қой, - деп шыңғырды ол.
Біз әрі қарай кеттік, ауыл тыныштала бастады. Тек жаңағы әйелдің ащы дауысы ғана бізге жетіп тұрды, күмән жоқ, қойын орыстардан сақтап қалғаны үшін ол Аллаға алғыс жаудырып жатыр.
Аякөз өзені жағасындағы балбал тастардың профилі
Ш. Уәлихановтың қауырсынмен салған суреті, 1856 ж. (309 бет)
15 мамыр. Шелек өзеніндегі түнемелік.
Шелек өзені бастауын Алатау тауының орталық биіктігінен алады, сол жерден Талғар өзені де басталады, сосын таудың ортасын жарып батысқа*10 қарай, Жіңішке өзеніне құлайды; сосын Ілеге құйғанша солтүстік шығысқа*11 қарай ағады. Оған құятын немесе дұрысы оны құрайтын шағын өзендер - Қуғантөр, Деле Қарағайбұлақ, Сүттібұлақ, Үшбайсорын, Күдерге, Құрменте, екі Сарыбұлақ (Күлді Сарыбұлақ, Асу Сарыбұлақ), Сатылы және Қарабұлақ, сол жақтан Үшбұлақ, Текжол, Жіңішке, Сарыбұлақ және Асу*12. Шелектің ағысы арқылы келесі асулар7 өтеді: Қуғантөр мен Деле Қарағай. Шелекке оң жақтан құятын барлық өзендерден атпен өтуге болады. Тек Құрментіден ғана маусым мен тамыз айларында түйелер өте алады.
Шелектің ағысы барынша жылдам, жылдың барлық уақытында оның суы үнемі толы болады және ол біршама көп жерге жайылады. Ол тау басындағы қар суынан маусымның аяғында тасиды да, тамызға дейін, қазақтар айтқандай тары жинайтын уақытқа дейін созылады. Шелектің жоғарғы ағысы қазақтардың үнемі қыстайтын мекені, ерте кездерде Қарабұлақтан Үшбайсорынға дейін сарыбағыштар мекендеген, қазір онда албандық қызылбөрік руы қоныстанады. Қыс кезінде малды жайып, бағуға өте қолайлы деп Бақалы шатқалы саналады, ол Жіңішке мен Сарыбұлақ өзендерінің ортасында орналасқан. Бақалы - бақаның көп жері деген мағына береді. Сарыбағаш руынан шыққан бір қырғыз мені манап Үмбетәлі сол жерде қыстағанда, бір бастауда қыс бойы бақалар бақылдаған деп сендірді. Оның айтуынша, бақалардың терісі аппақ, ал үлкендігі жұдырықтай болыпты. Қазақтар да осылай дейді. Шелектің жоғарғы жағында бетегеден8 басқа шөп өспесе де, сақылдаған аязды қатаң қыс, қалың қар мен ұйытқыған боран ешқашан болмаған, қалай болса да жасы 80 ге келген шалдардың есінде жоқ.
Шелек бойындағы Алатау қалың шырша орманына бөккен. Шелектің жағалауындағы алқаптарда мал жейтін шөп жоқ, тек жусан мен қызғалдақ бар, бірақ өзеннің жағасы тал, жиде ағашы, тобылғы, жыңғылға толы. Бұл бұталар өзеннің маңында қалың, жап-жасыл алқап түзеді. Өзен ағысының орта тұсына оны қоршаған талдардан биік орман түзіледі. Қазақтар оны Бауағаш9 деп атайды. Ілеге құяр тұста ол қамыс пен сексеуілге оранады. Шелек пен Іленің Қаратұрыққа дейінгі арадағы бұрыштың жағалауында, далалықтар айтқандай, жақсы шабындық жер бар. Бұл жерден тауға дейін тек шеңгел мен ши өседі.
Қаратұрықтан Шелекке қарай жүретін жолда сол жақта сулы сай бар, ол бір батырдың моласы бойынша - Қорам деп аталады. Ол жолмен қатарласа орналасқан. Оның Шелекке жететін аяғы батпаққа айналған, жайылым шөбі көп өседі. Оның екінші жағындағы құрғақ жерде қамалдардың қирандысы, дұрысын айтқанда, қазылған ор орындары жатыр, қасында құдық бар. Қазақтардың аңызы бойынша, мұнда қалмақтардың бекінісі болған және Абылай хан оны қиратып, Шелек алқабын жаудан тазартқан. Шелектің өзінде, Бауағаштан жоғары жерде одан да үлкен қорғанның үйінділері жатыр10. Маған сарыбағыштар айтқандай, марқұм Орман батыр осы жерлерде көшіп-қонып жүргенде әйелдер мен балалар сол жерлерден інжу, маржан, лағыл, моншақ тағы басқа бұйымдар тапқан. Менің өзім алғашқы балшықтан жасалған құман мен қыш құмыра сынықтарын тауып алдым.
Шелектен Ыстықкөлге керуен жолы Темірліктен Қарқараға қарай өтеді, жүруге соншалықты қолайлы емес, келесісі Шелектің жоғарғы жағымен Сөгеті11 тауы арқылы осы аттас асудан өтіп, Торайғыр тауымен жүріп, одан әрі үш Меркіден Қарқараға шығады; Шарын алқабынан Қарқараға қарай Темірлік жолы Меркі жолымен бірігіп, жалғыз өткел (үлкен керуендер үшін) Санташ арқылы өтеді.
Темірлік жолы анағұрлым қолайлы, тіпті арбамен жүруге болады. Жалғыз кедергі - Темірлік өзенінің ағысынан пайда болған сай. Сөгеті және Меркімен өтетін жол түйелерге ыңғайлы, бірақ арбаға қиын. Біздің жасағымызда бір арба мен кішкентай тау зеңбірегі болғандықтан, біз түйеге арба мен зеңбіректі артып, Сөгеті асуын таңдадық.
16 мамыр. Сөгеті тауы, Қарабұлақ бастауындағы түнемелік.
Шелектен оның ағысын бойлап Сөгеті асуына беттедік. Сөгеті - батыста Сөгеті тауын Бөгетіден бөліп, оның шығыс жағына жапсарласып жатқан шатқал. Сөгеті деген атау қазақтар түсіндіргендей, соқмақ - үйрлеу деген етістіктен шыққан. Онда үнемі қатты жел соғады. Бөгеті бұғы деген сөзден шыққан. Онда бұғылар көп.
Осылайша, біз алдымызда Сөгеті тауы, оң жағымызға Сөгетіні Асы мен Сауысқандық тауларынан бөлетін Шелек өзені ағатын шатқалды алып, тура оңтүстікке қарай жүрдік. Тура осы арада Шелекке сол жақтан Асы өзені қосылады, ол Асы тауын Сауысқандық тауынан бөліп тұрады. Асы өз бастауын Алатаудың бір сағасының батыс қыратынан алады, оның солтүстік-шығыс жағынан Түрген шығады. Асының жоғарғы жағы таулы қыраттан шыққанда, шағын жазық түзеді, ол Асының жайлауы, немесе Аралтөбе деген атпен танымал. Шелектің алқабымен, тауларға қарай сар далада қазақтар құнарсыз топырақты қанша жыртып, баптаса да, жусан ғана өседі.
Шатқал арқылы өтетін жол қатты жаңбырдың кесірінен қазылып, бүлінген. Біз басқа жолмен тау басына Қарабұлақ және Үйтас бастауы арқылы өтуге тиіс болдық. Бұл асу тік және арбаға қиын болды, бірақ біздің жасақ пен түйелеріміз көп кедергіге ұшыраған жоқ. Оның солтүстік баурайында бір тік жер бар және қия беткейге қатарласа бір сүрлеу жатыр. Жалпы, шағын күш жұмсап, оны арба жүруге қолайлы етуге болар еді. Біз оның оңтүстік баурайында, Қарабұлақ маңында түнедік. Тауда ырғай, сарыағаш көп болды, алма ағаштары да кездесті. Күн жаңбырлы, суық болды.
17 мамыр. Торайғыр тауының теріскей жағы. Айыр асуы және сол аттас бұлақ.
Сөгеті тауынан Торайғыр тауына қарай еңкейген үстірт арқылы Айыр асуына шықтық, дәл көтерілер тұста жаңбыр бізді тоқтауға мәжбүр етті. Біз [Торайғыр тауының солтүстік баурайында] түнедік, дегенмен сәл жүргенде күнгей жағына шығуға болар еді. Теріскей -таудың солтүстік немесе [солтүстік] батыс баурайының жалпы аты, күнгей - оңтүстік немесе [оңтүстік] шығыс баурайы.
Іле өзенінің алқабы, Іле Алатауы, Бөгеті және Торайғыр тауларының көрінісі. Ш. Ш. Уәлихановтың күнделікте қауырсынмен салған суреті
(314-бет).
Сөгеті тауына өрлейтін осы тау арсындағы тар алқапта рауғаш көп болды, ал Торайғыр тауына қарай еңкейген бөктерде бірыңғай жусан мен бетеге өседі. Рауғаштың гүлдеп біткен шағы екен, тіпті жапырақтары қызарып кеткен. Оң жақта, біздің жолымызбен қатар Шелек өзені ағып жатты. Оның ағысы, яғни Сөгеті мен Торайғыр арасындағы ағысты қазақтар Бартоғай шатқалы12 деп атайды, сол жақта біздің жолымызды бойлай, жазықпен Шарын ағып жатты.
Шарынның Бөгеті мен Торайғыр таулары біткен жердегі ағысын қазақтар Сарытоғай13, ал оның Бірінші Меркі құятын жерден Сартоғайға дейінгі араны Ақтоғай14 деп атайды. Бұл түнемелікте кеш суық болды, жел күздегідей соқты. Түні бойы қардың қатты жауғаны соншалықты, Алатаудан Іле жазығына дейінгі барлық алқап қыстағыдай аппақ болып жатты. Аяз қатты болды, біз тонға оранып, киіз үйге от жақтық. Суық Реомюр бойынша 50 болды. Міне, Торайғыр тауынан қарағанда жоғарыда айтылған үстірт пен төңіректің көрінісі.
Торайғыр - торы түсті айғыр деген сөз. Қазақтардың аңызы бойынша, олар осы арадан қалмақ жоңғарларды қуған кезде, осы таудан торы айғыр тауыпты.
Шарын және Мерке өзендері алқаптарының көрінісі.
Ш. Ш. Уәлихановтың күнделікте қауырсынмен салған суреті (315-бет).
Торайғыр - албандардың тамаша қыстауы. Елдің айтуынша, онда мүлдем қар болмайды, ал болса да, аз жауып, тез еріп кетеді. Ең қатаң қыс пен жұтта мал тек қына жеп күйлі шығады - шөптің күштілігі мен топырақтың құнарлығы сондай. Сондықтан қазақтар мұны жұғымды жер деп айтады. Мамыр айында біз Құдайдың құдіретімен осы құнарлы жерде қар жатқанын көрдік. Қардың көп болғаны соншалықты, оның мүлдем еріп кетуі үшін үш күн қатарынан күннің көзі шыққаны керек болды, біз үшін уақыт қымбат болды, сондықтан біз келесі таңда аттанып кеттік және [Торайғыр] тауының күнгейіндегі Сұлу Қарашоқы шатқалында сәл дамылдадық.
18 мамыр. Торайғыр тауының күнгей [жағы]. Сұлу Қарашоқы шатқалындағы бұлақ.
Айыр асуы Сөгеті сияқты тік болмағанымен, жолда жатқан дәу тастар оны арба өтуге қолайсыз етеді. Бұл жартастардың негізін құрайтын тастар ұсақ құмдар, ондай тастармен Финляндияда жолдарды төсейді.
Рауғаш. Ш. Ш. Уәлихановтың суреті. Қарындаш. 1856 ж.
(316 бет)
Ырғай, аршагүл*13, арша және өзге тау бұталары көп болды. Мен мұнда бірінші рет қазақтар рауағаш немесе рауғаш деп атайтын қымыздықтың ерекше түрін кездестірдім. Бұл өсімдіктің кеуек діңіне дәмі жағымды қышқыл шырын тұнады. Оның жапырақтары кәдімгі қымыздықтың жапырақтары тәрізді, бірақ тым үлкен. Дәмі анарға ұқсайды.
Таудан шыққан соң біздің алдымыздан оңтүстік батысқа [және] Қулық тауына бағытталған алқап ашылды. Бұл алқап солтүстікте Қулық тауларымен, солтүстік шығысында Меркімен, оңтүстік шығысында Алатаумен, оңтүстігінде - Алатау және Жіңішкеде Шелек өзенімен, оңтүстік-оңтүстік батыста Үшқұмбел қыраты, ал оңтүстікте Торайғыр қыратымен15 шектеседі.
Жайрандар. Ш. Ш. Уәлихановтың суреті. Қарындаш. 1856 ж.
(317 бет)
Біздің түнемелігіміздің оң жағында Шелек ағып жатты. Оның Алатауды жарып өтетін шатқалы және сол жерде Шелекке құятын Жіңішке өзенінің шатқалы біздің алдымызда жатты. Сол тарапта Шарын, дәлірек айтқанда, Ақтоғай алқабы, ал оның алдында оңтүстік шығыста Қулық пен үш Меркі ағатын қыратпен жалғасатын, Шарынға құятын мүйіс байқалды. Біз осы жазыққа қарай жүрдік. Алқап Меркіге қарай биіктей берді. Оның барлық жерін шөп басқан. Ол шөпті қазақтар шытыр деп атайды. Бұл шөптің екі түрі бар: біреуі бұтақтары ұзын, қиғашталған, сары түсті; екіншісі - ақ түсті, басы үлкен, бұтақтары түзу, цилиндр тәріздес, бірақ қойдың мүйізі сияқты ирек және жапырақтары тілімделген. Бұл екі түрі де мал жеуге таптырмайтын шөп, төрт түлік одан жақсы семіреді, әсіресе қой.
Бұл алқапта жайран деп аталатын киіктер көп. Қазақтар бұл жануарды қарақұйрық16 деп атайды.
Бөкеннің лағы. Ш. Ш. Уәлихановтың қарындашпен салған суреті
(318 бет)
Кавказ бен Даурияда оны дайран деп атайды. Қырғыздар және Іле қалмақтары оны жирен деп атайды. Олар [бөкендер] мамырда қоздайды.
Қазақтар бірнеше қозықаны ұстап алды, сөйтіп біздің жорық дастарқанымызда осы жануардың етінен жасалған тағам пайда болды.
19 мамыр. Бірінші Меркі өзені.
Біз Алатау мен Қулық жотасын жалғастыратын қыратқа шыққанда, алдымыздан жартасты сай пайда болды. Оның түбінде жіңішке жіп тәрізді ирелеңдеп Меркі ағып жатты. Биіктен өзен өте әдемі көрінді: жасыл және тегіс сайдың арасынан көгілдірленіп өзен ағуда, оның жағалауы екі жақтан талмен көмкеріліп, тоғай жасап тұр. Меркілер (олар үшеу) Шарынға құяды, өз бастауын Алатаудан алып, қыраттың бойымен шатқал жасай ағады және Шарынға құйып, Шарын осы шатқалдың енін кеңейте отырып, Қулықты айнала өтіп, солтүстікке бұрылып, Ілеге құяды.
Біз Бірінші Меркінің Шарынға құяр тұсына түнедік.
Меркіде арқар мен тауешкілер өте көп. Мен оларды атып көрмек болдым, бірақ сәті түспеді. Арқарлар ерте қоздайды, Қапалдың өзінде кішкентай төлін көргенмін.
Ешкілер лақтарын сәуірдің аяғында қалдырады. Жалпы Алатау ешкі, арқар, маралмен аты шыққан. Қарақұйрықтар тек жазықта кездеседі. Мен бұл жерден құстардан: жабайы кептер, көгершін, қазақтар...*14 деп атайтын қара қарға, кекілік деп аталатын шілді, ементұмсық*15, тау қараторғайы*16 (қызыл қанатты) мен суықторғайларды көрдім. Жыртқыш құстардан біз қонған жерде лашын және қозықұмайдың ерекше бір түрі, қанаттарының ұшы қара, аяқтары қызыл құс қалықтап жүрді.
20 мамыр. Шырғанақ өзеніндегі түнемелік.
Бірінші Меркіде біз киіз үй тігу үшін қарды тазалауға тиіс болдық. Кешке қарай, аспан бұлттан арылғанымен, солтүстік шығыстан қатты жел соғып, салқындап кетті. Таңертең жолға шықтық. Қар бүкіл аймақты басып қалыпты. Күн ашық болып тұрды. Біз қарай алмадық: күн сәулесінің аппақ қармен шағылысы көзді шыдатпады. Үш Меркіден өту қаншалықты қиын болғанмен, жасақтың біріге күш салуымен артиллерия арқанмен тартылып алынды.
Екінші Меркі құятын жердегі құздар арасындағы Шарынның көрінісі өте тамаша. Құз жартас болып келетін тік жағалау, үшкілденген шыршалар жартас астында да, басында да өскен. Төменде шулап, көбіктеніп, толқынданып Шарын ағып жатыр.
Екінші Меркінің ені анағұрлым тар және ағысы да баяу. Оның өткелі біріншісіндей тік емес. Үшінші Меркіде біз аттарға тыныс беріп, түскі ас іштік. Үшінші Меркінің ағысынан пайда болған алқап біршама кең әрі батпақты.
Шарын өзенінің шатқалындағы керуен. Ш. Ш. Уәлихановтың күнделігіндегі сурет. Қауырсын. 1856 ж. (320 бет)
Бұл өзен тіпті Бірінші Меркіден терең, суы көбірек. Оның жағасында өсетін талдар өзгелерге қарағанда қалыңдау. Мұнда жапырағы талға ұқсайтын бұта ағаш өседі, бірақ долана сияқты тікенегі бар, қабығы да доланаға ұқсайды, бірақ сәл күңгірттеу. Қазақтар оны шырғанақ17 деп атайды. Ағаштың түсі қызғылт, сондықтан қазақтар одан қаруға дүм*17 жасайды. Оның жемісі бүргенге өте ұқсас.
Үшінші Меркіге көтерілу өте оңай. Бірінші және Үшінші Меркінің арасындағы жартастарда мынадай бұталар өседі: ырғай, сарыағаш, сары гүлді және ұсақ жапырақты раушан гүлі, жапырақтары кішкентай биік қараған (қазақтар оны борқараған деп атайды), аршагүл, ұшқат, қызылша (жуан жапырақты қырықбуын тәріздес, қазақтар оның күлін насыбайға қосады). Меркі шыңы маңында, Шелекке құятын Асыға дейін, қарлы шыңдардан төмен құрылысқа жарамды шырша өседі. Біз қыратты асқанда оң жағымызда*18 Қоюлық, сол жағымызда*19 Алатаудың негізгі жотасы жатты. Қоюлықтың аяғын оның шығыс жағынан бастау алатын Шарын айналып өтеді. Осы мойнақта үш Меркі де Шарынға құяды.
Бұғы тайпасының бас манабы Боранбай. Қарындаш. 1856.
Ш. Ш. Уәлихановтың суреті
Ұлы жүздің сұлтаны Мамырхан Рүстемов. Қарындаш. 1856.
Ш. Ш. Уәлихановтың суреті
Үшінші Меркенің Алатаудан бастау алатын тұстағы өткелі Тобылды Асу деп аталады. Бұл Ыстықкөлдегі негізгі үш дефиле*20, асудың бірі. Біз жүрген жолда ол бұрыс қалды, біз бұғу руы мекендейтін Қарқараға жетуге тиіс болдық. Тобылды Асу, білетіндердің айтуынша, дөңгелекпен жүруге қолайсыз, жолдың бойында қалың шырша ағашы тұтасып өскен және оларды, әрине, сол кезде қалың қар басып жатқан. Үшінші Меркіге көтерілгеннен кейін, жол жүруге ыңғайлы. Үш кішкене сай мен екі бұлақтан өткеннен кейін, Тиекташ тасынан төмен түскен соң Шарынның жайқалған жазық даласы ашылады. Бұл алқап Қарқара жазығымен ұштасады.
Тиекташ - Шарын Қулықтың солтүстік тұмсығын қиып, Үшінші Меркі мойнағынан бөліп тұратын шатқал. Шарынның алқабы солтүстігінде Қулықпен шектеседі, оңтүстігінде шағын мойнақтың табанымен жалғасады18. Біз түнеген Шырғанақты өзенінің Шарынға құятын тұсынан Қарқара деп аталатын дөңгелек алқап ашылады, сол аттас шағын өзен оны ортасынан жарып ағып, Шарынға құяды.
21 мамыр, Қарқара өзені.
Шарын өзені келесі шағын өзендерден құралады. Оның басы - Көкжартұрық сайындағы Қарқара тауының Шоң Қарқарасы. Оған өз бастауын таудың солтүстік батысынан алатын және Сарыжаз өзеніне бастау болатын Жел Қарқара құяды. Сарыжаз сондықтан Сарыжаздың тауы деп аталады. Кеген өзені бастауын Кегеннің Кеңсазы деп аталатын және Елшінің Бүйрексазы деп аталатын Құсмұрын тауынының батыс жағындағы сортаңнан алады (Құсмұрында Темірлік жотасы аяқталады). Ол Қулық тауына ағып барып, сол жерде Қарқарамен бірігіп, Шарын деп аталады. Кегенге Құсмұрын жақтан мына бұлақтар құяды: Шыбжыңбұлақ, Қурайлы. Құсмұрынның дәл тұмсығынан жылы бұлақ ағады. Бұл өзендер мен бұлақтардан басқа Шарынның жүйесіне тәуелсіз Қарқара тауынан Шолақ Қарқара ағады, ол Шоң Қарқараға жетпей жоғалып кетеді.
Қулықтан Кегенге қарай Шыбжөке өзені ағады, ол да барар жеріне жетпей суалып кетеді. Құсмұрыннан оңтүстік оңтүстік шығыста Манастың Бозтөбесі деп аталатын жекеленген төбе немесе қорған бар. Жергілікті халықтың аңызы бойынша батыр Манас (ел арасына кең таралған тамаша эпикалық туындының қаһарманы) қаңғырастармен (қалмақтармен)19 соғыс кезінде сол жерге өз қосын тіккен.
Қарқара алқабы солтүстікте Темірлік асуымен шектеседі. Солтүстік шығыста*21 үш Меркінің өткелі бар, оңтүстік-оңтүстік-батыста Қырғыз Алатауындағы Санташ өткелі орналасқан, солтүстік шығыста Құсмұрын жотасы, ал шығыс солтүстік шығыста Лабасы таулары мен шығыс оңтүстік шығыстан оңтүстік шығысқа қарай Үш Қарқара тауы. Лабасы мен Құсмұрын арасында, Қытай қарауылдарының ар жағында Сүмбенің тауы және алысырақта Кеушентау, Артқан шыңы мен сол аттас асу қылтияды. Сарыжаз өзенінің Кегенге құятын жерінде қазақтар Таспажон деп атайтын жоталы бұйрат бар, ол Қарқара өзенінде аяқталады. Оның бағыты солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай. Бұл бұйраттың шығыс жағында, алқапта Қарқараның қайнатпа тұзы деп аталатын тұзды бұлақтар бар. Бастау алған жерінде бұлақтар тұтасып әбден қатып қалған тұзды батпақтан түзілген қайнар көз құрады. Осы сордың ортасынан жер астынан шыққан (тура мағынасында айтқанда, жер деп сордың ең бетіндегі қатқақты*22 айтып тұрмыз) бұлақтың әсерінен осы материядан жасалған төртбұрыш масса түзіліпті. Оның биіктігі - 1,5 сажын; ұзындығы - 3, ені - 2,5 сажын. Лабасы тауларының артында оңтүстікте Текес тауы жатыр, одан Ілеге құятын аттас өзен ағады.
Қарқара өзені алқабының схемалық картасы.
Ш. Уәлихановтың күнделігіндегі қауырсынмен салған суреті.
1856 ж.
Бора Дабысын деп аталатын келесі тұзды көл Лабасының шығыс баурайында орналасқан. Бұл көл сай арқылы Кеген сорларымен ұштасады. Шелектен Санташқа дейінгі барлық жерлер, бұғулардың айтуынша, бұрындары қалмақтарға тиесілі болған. 30 жыл бұрын қалмақтар Торайғырда көшіп қонып, Қулықты қыстайды екен. Олардың шекаралық бекеттері Бірінші Меркі мен Қарқараның тұзды бұлағында тұрған. Қазіргі кезде Қытай қалмақтары зурган суун және арғын суун рулары Құсмұрын және Лабасы тауларында көшіп қонады. Сүмбе тауының артында қала мен лама ғибадатханасы20 бар. Құсмұрында қорғасын өндіретін елді мекен бар. Оны өңдеумен айналысатындар - ішкі губерниядан жер аударылған қылмыскерлер. Қарқара шатқалы жазғы жайлау. Онда албандар мен қырғыздар көшіп жүреді. Алқап өзінің малға жайылылығымен атағы шыққан: мұнда не бөгелек, не маса жоқ. Жалпы Алатау алқаптарында біз жәндіктерді аз кездестірдік. Мұнда суық, әсіресе түнде.
22 [мамыр], Қарқара өзеніндегі екінші түнемелік.
Шырғанақтыдан біз оңтүстік шығысқа қарай Қарқара ағысымен жүрдік, бірнеше шақырымнан кейін Таспа бұйратының тасты жотасы өзен жағалауына келіп жар түзетін жерге тоқтадық. Бұл жерден төмен өзен жағалауы орманды, әжептәуір қалың талдармен және қара шырғанақпен көмкерілген. Жағалауда, құмда сексеуіл жиі кездеседі. Өзенде қазақтар шабақ, орыстар - османка деп атайтын балықтың ұсақ түрі бар.
23 [мамыр]. Сол түнемелік. Жиделі - Бұғу.
Бішкектің фирманшысы (губернатор) 1500 т.*23 Құтымалдыға келді деген сыбыс шықты. Сарыбағыштардың манабы Үмбетәлі тұтқынға алынған, оның малы таланған. Кейбір бұғулықтардың айтуынша, олардың билері бұл өсекті біз көлге барып, олардың еркіндігіне нұқсан келтірмес үшін әдейі таратқан. Басқалардың айтуынша, төрт ташкенттік қазір бұғу руының ықпалды манабы Боранбай ауылында және оларды өздеріне сарыбағыштармен таласты шешу үшін шақырып отыр. Бұғулар үшін бұл шешім әрине тиімді болар еді. Олар зекетке 30 жылқы беріп қойған, ал Орман ташкенттік қорғандарды қиратты, оның мұрагері Үмбетәлі шақырғанға келмеді. Енді бұғулардың орыстардан құтылғысы келетіні түсінікті, оларды сарыбағыш сарттарының көмегімен жеңуге болатын еді. Дегенмен, мұның барлығы қауесет. Біз не болса да көлге баруды шештік.
24 [мамыр].
Бізге бұғу руының өкілдері келді: ықпалды аға манап подполковник Боранбай Бекмұрадов, Мұратәлі Берназаров (жасы жағынан үлкені), Қазыбек Шералин, Қараш (шоң) - сәмеке руының биі. Ықпалды еместерден: арық руының өкілі тоқсоба Олжабаев пен оның інісі Хакімбек. Қара сүйектен - Мұратәлі құлдарынан Телекмет би және Омар батыр. Албандар бұғулармен дау туғызды.
25 [мамыр]. Санташ21 асуындағы Түп өзеніндегі түнемелік.
25 күні таңертеңнен дулаттар мен бұғулар арасында келіссөз жүрді. 10 казак арық руының ауылдарына салық жинауға жөнелтілді. Түскі астан кейін жасақ жолға шығып, солтүстік шығысқа*24, Санташқа бет алды. Қарқараның жоғарғы ағысынан бастап жер тегіс, жайылым мол, жалпы бұл жер өсімдіктерге өте бай. Қазақтар айтатындай, күзде атты кісінің үзеңгісінен келетін биік шөп, небір түрлі жалпақ жапырақты өсімдіктер шалғындай жайқалған, таудың бөктері мен басында да сондай. Әсіресе, тамаша көрінетін өсімдіктер: (ағылшын) жалбызы бен жүгері22 сияқты (қант қамысы) жапырақты қамыстың бір түрі. Қазақтар бұл өсімдікті ақ құрғашын деп атайды, қырғыздар болса, марал құлақ дейді. Бұл өсімдіктің сөлі улы, ісік тудырады десті. Мал оны тамыз айына дейін, сарғайып, сөлі аққанша жемейді. Исі сиырдың тезегіне ұқсайды. Тауда, сол жақ баурайда тал ағашы, шетен (ерекше түрі, қабығы тегіс, әрі түсі оттай қызыл) өседі. Сай мен таудың басында қалған қарға қарап, (Санташтың таулары өте аласа) Қарқара алқабы тым биік деп шамалауға болады.
Түнемеліктен оңға Тобылды Асу тауының жалғасы, шағын қырат болды. Оң жақта*25 Қарқара тауының жалғасы. Біз жоғарыда айтқандай, бұл таулар аласа. Жол батпақты саймен өтеді, таудан оңға солға көптеген бұлақтар ағады, олар қосылып, Жел Қарқарадан төменірек Қарқарамен бірігетін... өзенін*26 құрайды. Өзен оңтүстік батыстан солтүстік-шығысқа қарай23 ағады. Бұл бұлақтардан ары, сай табанында (2 шақырым жерде) көл бар, жаздың ыстық күндері ол құрғап кетеді. Көлден қазақтар Ертіс қазы деп атайтын құсты көрдік. Бұлардың түсі ақсұр, басы ақ, екі көлденең қара сызығы бар, мойнының жоғарғы жағы мен төменгі жағында, бүйірінде жіңішке ақ жолақтар бар. Бұл құстың қанаты қара, аяқтары сары, тұмсығы да сары. Тау қазысы үй қазынан кішкене, ал гагадан үлкенірек келеді.
Тау қазысы.
Ш. Уәлихановтың күнделігіндегі қауырсынмен салынған сурет. 1856 ж. (325 бет)
Көлден екі шақырым жерден Түп өзені өтеді. [Бұл арада] Түп оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа (шығыс оңтүстік шығыстан батыс солтүстік батысқа) ағады. Түп өзені барынша жылдам, түбі тасты, жағалауы талдармен, шырғанақ, балғынмен (сексеуілдің бір түрі) көмкерілген. Өзенде балық кездеседі. Біздің казактар шабаққа ұқсайтын балық аулап алды. Қазақтар оны сазан деп атайды. Түп өзенінің сағасына қарай балық көп деседі.
Түп Ыстықкөлге құяды. Түптің ағысын бойлай Таспа деп аталатын шыршаға бөккен аласа таулар тізбегі жатыр. Таспаның жанында Ыстықкөлге құятын Жырғалаң өзені ағып жатыр.
Санташ - санаулы тас. Бұл асудың бұлай аталуына себеп болған бір қорғанға үйілген тастар. Қорғанның биіктігі 3 сажын, айналасы 35 сажын. Аңыз бойынша, Әмір Темір Гурган Қытайға император Каан Чинның қызын алу үшін сапар шегеді (Каан чин Қытай императорының титулы [түркіше басқаша], Хаканчин - Қытай императоры [титул], қазақтар оны жалқы есім қып алған). Әмір Темір әр жауынгері қолына бір бір тастан алып, бір жерге үюге бұйрық етеді. Кейін қайтқан жолында ол енді тасты алып, келесі жерге үюге әмір етеді. Қалған тастарға қарап, қанша әскер жоғалтқанын шамалайды. Сол қорғанның орны қазір де бар.
Тарихи мәліметтер бұл аңызға мүлдем қарама қайшы. Әмір Темір шын мәнінде Қытайға сапар шеккен, бірақ Самарқандтан шығып, Отырарға24 жеткенде қаза тапқан. Десек те, орта ғасырлардағы батырлық жырлардағы Ұлы Карл мен орыс ертегілеріндегі Владимир Красное Солнце сияқты барлық ортаазиялық аңыздарда Әмір Темір басты қаһарман. Түркістанның барлық мешіттерін, көне су құбырларының барлығын Әмір Темір Сайыпқыран (әлемнің билеушісі) салдырған деседі. Қалай болғанда да, Санташ қорғанын қалау үшін көп адам мен көп еңбек қажет болған және ол келер ұрпаққа [осында] бұрын өткен халықтың өмірінен сыр шертетін ескерткіш.
Айтпақшы, Қарқара өзенінің атауы туралы тағы бір аңыз.
Қазақтар қалмақтарды шапқан бір жорықта осы өзеннен Зайсанның25 екі жас қызын ұстап алады. Олардың ауылы жаңа көшіп жатыр екен. Олар осы жерде қалып, өздерін ретке келтіріп, көшке сәнді киіммен бармақшы болған. Олардың бастарында құстың қауырсын қанаттары болады. Қазақтар оны қарқара деп атайды. Содан бері өзен Қарқара атанып кетіпті дейді аңыз.
P. S Қырғыздар Санташ қорғанын қазақ ханы Есім қалмақ-жоңғарларды жеңуіне орай салдырған деп санайды. Бұл дұрысырақ болуы тиіс. Шынында да Есім сол жерлерде жоңғар қонтайшыларымен соғысып, жеңіске жеткен.
26 27 мамырда сонда болдық.
28 [мамыр]. Түп өзенінде, Санташ асуының оңтүстік шетінде, Кеңсай шатқалындағы түнемелік.
Біздің түнемеліктен екі шақырым төмен жерден бастап, Санташ алқабын солтүстік және оңтүстік жақтан қоршап тұрған таулар жағалауға жақындап, сондықтан жол қиындай түсті. Енді қия беткеймен жүруге тура келді. Дегенмен, біз зеңбіректі түйенің үстіне таңып қойдық. Түйелер жеңіл жүреді. Жағалауда көптеген ағаштар өсіп тұр. Бұталар өзен жағалауында тығыз өскен, таудың баурайын да жауып тұр. Ол бұталар - қара қарақат, долана, итмұрын, мойыл, әсіресе, тал қалың, тасқа жабысып аршагүл мен ақтаспа өскен. Сол жағалауда тау басында да, жағада да шырша ағаштары тұтасып өскен. Мұндағы шөп асуға кірген жердегідей жайқалып тұрмағанымен, жайылым мол. Жалбыз habitus*27 басым. Тауда (25 күнінің*28) түнемелігі маңында таушымылдық қалың болды. Мен тауға мылтықпен шықтым. Жолда еліктер көп кездесті, бірақ оларға тигізу өте қиын. Құстардан кезқұйрық, ақбас бүркіт пен тышқаншыны көрдім. Тауда қызыл қара түсті кептерлер бар, оны қырғыздар ... деп атайды.
Біздің отрядтағы қазақтар таудың басынан аю, бұғы, қабан көрдік десті. Тіпті Ыстықкөлдің маңынан жолбарысты да кездестіруге болады екен. Ары қарай жолдың ортасында, өзен ағысының оң жағынан кең сай ашылады, ол Кеңсу деп аталатын көлге тіреледі. Ол басында Тобылғотының Түпке құюынан пайда болған. Тобылғоты Үшінші Мерке ағатын таудың оңтүстік баурайынан шығады. Олардың шатқалы біз жоғарыда айтқан Тобылғоты асуын құрайды.
26 [мамыр] күні менің қасымда қырғыз жыршысы болды. Ол Манас поэмасын біледі екен. Поэманың тілі, ауызекі тілге қарағанда, түсінуге әлдеқайда жеңіл. Поэма қаһарманы Манас - ноғайдан әйел жинаудың қайтпас қайсар батыры. Оның барлық өмірі соғыс пен сұлуларды іздеуден тұрады. Тек оның мінезі шығысқа тән емес - ол өзінің әкесін жиі балағаттайды, малын қуып әкетеді, онымен дөрекі сөйлеседі. Бұл жағы түсініксіз. Барлық көшпенді халықтар қарттықты құрметтейді, ақсақалдар ерекше сый құрметке ие.
Бұл поэмада Шу, Ташкент, Іле және Ыстықкөлдің маңындағы үш халық - қырғыз, қазақ, ноғай тағдыры суреттеледі. Олардың араласуы мүмкін емес, өздері айтқандай, олардың көлге келуі 70 жылдан аспаған. Қырғыздарға ноғай аңыздары жат емес. Олар Едігені26 біледі және олардың аңызы да қазақтарға ұқсайды. Олар және былай дейді:
کچه کی اون سان نوغای بلگاندا29*
اورمانبت بی اولگاندا
اوردنك قرا جغاچی
اسمانغه اوچـوب کتکانـدا30*
Таңқаларлығы, ноғайлар ортазиялық көшпенділердің барлық поэмаларында кездеседі. Ташкенттік ноғайлар Манаста аталады. Жәнібек27, Асан Қайғы28 мұнда да танымал. Қаншама қайғы әкелетін [ала] тай қазақтарды да толғандырады. Ноғайлар туралы әңгімеміз жетіп қалар.
Тобылғоты алқабынан біз тәуекелге бел буып, сонша күткен Ыстықкөл келбеті ашылды.
25 күнгі түнемеліктен Таспа келбетінің көрінісі. 28 [мамыр] күні алғаш рет бөгелектер мен маса шыбындар пайда болды. Санташтан көлге бағыт алғаннан бастап, күн ыси бастады. Тауға шыққаннан кейін біз бірде бір жақсы күн көрмедік. Жәндіктерді өте аз кездестірдік; тіпті жоқ десе де болады, 28 күнгі түнемелікте көп құрқұрларды көрдік.
Таспа тауының етегіндегі қоныс. Ш. Уәлихановтың күнделігіндегі қауырсынмен салған суреті. 1856 ж. (328 бет)
Мұнда күндіз өте ыстық, ал түнде өте суық. Көлдің алқабынан аптап ыстық кетпейді деседі. Қазақтардың айтуынша, олар үнемі жаңбыр шақыруға мәжбүр.
Олардың арасында дұға оқып, жаңбыр шақыратын сиқыршылар бар, оларды жайшы деп атайды. Бұл сенім көне түркілік, шығыстық тарихшылар жаңбыр жауғызатын жуд тас*31 туралы айтады, ол қасиет түркілердің атасы Яфеске оның ұрпақтарына деген ерекше ықыласын білдіру үшін құдай берген дейді.
29 [мамыр]. Қарабатпақ өзені мен шатқалындағы түнемелік.
Кеңсудан жасақ таңғы 4 тен 5 минут кеткенде шығып, түнемелікке 10 жарымда жетті. Біз Ыстықкөлдің жазығынан Санташқа сыналап кіретін кең алқаппен жүрдік. Бұл алқаптың басы, жоғарыда айтылғандай, Тобылғотының Түпке құятын тұсымен басталады. Біз SW (оңтүстік батысқа) қарай жүрдік, сол жағымызда Таспаның аласа бұйраттары мен оң жағымызда Алатаудың оңтүстік сілемдері жатты. Жол әрдайым таудың етегімен жүреді. Мұндағы шөптер жарамсыз*31, бірақ төрт түлік үшін тамаша жайылым. Біз Түпке құятын, өздерінің салаларымен тауды кесіп өтіп, асу жасайтын көптеген арықтардан өттік. Олардың атаулары: Қорымды өзені - оның жоғарғы саласы үшінші Мерке ағатын тұстан, таудың оңтүстік баурайынан шығады. Оның Қорымды деп аталатын асуы бар. Бұл асу алдымен Мерке ағысын бойлап, Бесқарағай*32 шатқалына дейін барып, ол жерден Қорымды өзеніне бағытталады. Асу арқылы тек салт аттылар ғана өте алады. Жіңішкесу өзені Екінші Меркемен қосылып, салт аттыларға қолайлы асу түзеді. Бұл Екінші Меркі асуы деп аталады. Талдысу өзені қарама-қарсы ағып жатқан Шоң Меркімен көлікпен өтетін асу түзеді. Саты өзені таудан шыға сала бірнеше салаға бөлініп, Түпке құяды, олар бесеу. Сатының Шелектің жоғарғы ағысына шығатын және (Шелекке құятын) Жіңішке мен Асының жоғарғы жағында қосылып, Түрген асуымен бірігетін асуы бар. Бұл асу керуенмен жүруге қолайлы, тіпті арбамен де өтуге болады, бірақ 15 сажындай қия беткеймен жүретін тар сүрлеулі қиын тұсы бар. Төменде түпсіз шыңырау. Ағаштан жасалған сүйеніштер шыңырауға құлап кетуден сақтайды. Сүрлеуді салған және ағашпен қоршаған (Жантайдың әкесі) Атеке батыр дейді. Сарыбағыштық манаптар Есенқұл мен Атекенің өзара қақтығысында соңғысы жаудың кездейсоқ шабуылынан жасырынуы қажет болып, өз көшімен алғаш болып Саты арқылы жүреді. Бірақ, қиын қыстау жағдайларда жақсы, күшті, жас түйелермен асудан өткен көштер мен керуендер оқиғалары аз емес.
Жол бойында біз бірінші рет қырғыздардың моласын көрдік. Талдыбұлақ пен Бірінші Сатының арасында, алғашқысына жақын жерде бір мола бар. Онда шағын төртбұрыш пішінді екі үйінді бар (қазақтардың моласы қорған тәрізді салынады) - бұл, қазақтардың айтуынша, манап Атекенің ұлы Қарабектің бейіті. Ол Абылайханның ауылы Шелектің жоғарғы жағында орналасқан сарыбағыштарға шабуылы кезінде өлтірілген. Сатыға жақын жерде өзге мола бар. Егер қазақтардың өз сәулет өнері, архитектурасы бар деп айтатын болсақ, ол сөз жоқ, молалар сәулеті.
Бүкіл далада молалар үйінділері шашырап жатыр, олар күйдірілген кірпіштен мықты, берік жасалған. Бұл молаларға қарап отырып, далада саналы, өнерге жақын халық болған деп түюге болады. Бірақ, өмір сүру салты мен арнайы білім алмағанына қарамастан, қазақтардың өзінше қиын ғибадатхана соғу, қорған тұрғызуға деген ерекше ынтазарлығын есепке ала отырып, олардың даладағы бұзылған үйінділерді қандай да бір мола немесе ғибадатхана деп санауға болады. Бұл пікірді бекітетін мысалдар мынадай.
Қырғыздар*33, өткен ғасырдың қырғыздары қандай да бір батырдың тыным тапқан тұрағын*34 келесі ұрпаққа белгі ету үшін үлкен топырақ үйіндісімен қоршап немесе күмбез салып болмаса сатылы мұнара тұрғызатын болған. Мұның барлығын олар қолданылған заттарға қарағанда, күйдірілген немесе шикі кірпіштен салған. Моланың алыптығы - марқұмның тірлікте ықпалды жан болғанының белгісі. Мұндай молалар Ұлы жүзде жиі кездеседі. Найман рулары әлі күнге дейін осындай молалар соғады.
Бай, дәулетті адамдар Түркістаннан арнайы шеберлерді шақырып, оларға ескерткіш үшін қымбат төлейтін болған. (Ұлы жүздегі) Сүйіктің моласы осылай тұрғызылған. Қырғыздардың манабы Жантай қашғарлыққа мола соғып бергені үшін төрт тоғыз29 бен жүз қой берген. Тоғыз: біріншісі - бір құл мен 8 ат, екіншісі - түйе мен 8 ат, үшіншісі - жүйрік пен сегіз ат, төртіншісі - өгіз бен сегіз сиыр. Бұл мола расында да өте жақсы соғылған - пішіні ерекше, ал жалпы даладағы қирандыларды еске түсіреді. Далада қала қирандылары кездеспейді, даладан табылатын жекелеген кесенелер30 пішіні жағынан молалық ескерткіш. Қозы Көрпештің ескерткішін аңыз бойынша қазақтар мола етіп салған.
Осыған сүйеніп мен даланың оңтүстік шығысында жатқан үйінділерді31 көшпенді халық моласы деп санаймын. Бірақ бұл жерде ол туралы айтпаймыз.
Қырғыздардың моласы қазақтардікі сияқты жақсы емес. Кішкентай үйінді, тастары шағын, жерге қадалған әшейін таяқ ол жердің адамның соңғы мекені екенін көрсетіп тұрады. Қиғаш қаланған қабырға*35 түріндегі молалардың кірпіші көп тұрмай құлап қалады, сөйтіп, пішінін жоғалтады. Дегенмен, қырғыздарда бірнеше келісті [мола] бар. Олар бұғу руының салмеке елінен шыққан Ноғай мен Атеке сарыбағыш руынан Жантайдың ұлының моласы. Соңғы ескерткіш Түптың сағасында орналасқан (суретке қараңыз). Оны соққан қашғарлық, сондықтан Қашғар мола сәулеті жайлы түсінік береді. Бұл мола өте ұсынықты соғылған, ішінде шығыстық талғамдағы гүлдермен әшекейленген өрнек бар, кірпіш жақсы күйдірілмеген, әксіз, сондықтан шытынап кеткен. №1 қабырғада [тор көзді] терезе орнатылған.
30 мамыр. Сол түнемелік.
Біз Түптың сағасына барып, ау тастадық. Қазақтар қарабалық деп атайтын маринканың бірнешеуін, қаңылтыр деп атайтын яздарды, шабақтарды (Ертісте кездесетін кішкентай балық) ауладық.
Түп өзені бойындағы қырғыздардың молалары.
Ш. Уәлихановтың күнделігіндегі сурет. Қарындаш пен тушь. 1856 ж.
(331 бет)
Көлде балықтың көп болғаны соншалықты, қырғыздар қамыс арасында оларды қылышпен ұрып аулады, біздің көз алдымызда қарашайлық*36 қырғыздар осындай әдіспен бірнеше балық ұстады. Сол күні казактар жаңа үлкен ау жасады. Түп жағалауы мен көлдің өзінде ұсақ шырғанақтар өте көп болды. Қазақтардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын бұл орманнан өту мүмкін болмаған екен. Көлде құстардан қаз, үйрек, қара суқұзғындар мен кішкентай қара патша балықтар*37 бар. Суқұзғындарын қазақтар қарақаз деп атайды, ал патшабалықты қарабай дейді. Маған тігілген киіз үйде үш жылан өлтірдік. Олар да өте көп.
1 мамырда*38 мен Қазыбекпен бірге Боранбай ауылына аттандым. Оның ауылы, қазақтар айтқандай, Жырғалаңда орналасқан, біздің түнемеліктен 35 шақырым қашықтықта. Мен Түптің дәл сағасындағы өткелден өтіп, содан соң Жырғалаң алқабын Түптен бөліп тұрған Таспаның бұйратына көтерілдім. Тал түсте алдымыздан өзен ағысы мен ағараңдап ауыл көрінді. Ауыл үлкен екен. Жол бойында кездескен қазақтардан Боранбайдың одан ары көшіп кеткенін білдік. Күн экватордағыдай ыстық болды, бізге дем алып, қазақтар айтпақшы, кешкі салқынмен ары қарай жүру керек болды. Осы мақсатпен біз жақын ауылға бұрылдық. Ауылдың қожайыны жас жігіт алдымыздан шығып, өзін Боранбайдың баласы, аты Қылыш екенін айтты. Қылыштың шатыры бар екен, біз сонда орналастық. Құрметті қонақ ретінде бізге құманға тұз салып қайнатылған шай әкелді, шай қалмақтардың затуранына*39 ұқсайды. Артынан қымыз берді. Бүкіл ауылдың қазақтары мен кішкентай балалар біздің асымыздан кейін қалатын қойдың сүйегін мүжу үшін жиналды. Олардың ойы болмады, мен қожайынды ондай әурешіліктен құтқардым, тіпті түскі ас ішіп отыратын кез емес еді. Айта кету керек, әйелдер бізден қорқып киіз үйден мүлдем шықпады, тек аттанар алдында ала бұхар шапанын киген жас келіншек пен ақ көйлек пен үкілі қызыл тақия киген жас қыз шықты. Бірақ, олар да тығылып қалды. Қазақтардың айтуынша, барлық дала адамдары сияқты олардың көздері өткір және көреген, келіншек біршама өңді екен, бірақ жүдеу, ал қыз нағыз сұлу деді олар, әрине олардың талғамы бойынша. Қазақтардың түсінігінде әйел сұлулығы дегеніміз денесінің толықтығы, бетінің толған айдай дөңгеленіп, екі бетінің ұшы қызарып тұру керек, оны ақындар қарға тамған қанға теңейді.
Отрядтың Түп өзеніндегі балық аулауы.
Ш. Уәлихановтың қарындашепн салған суреті. 1856 ж. (332 бет)
Ары қарай жүрдік: жолда ауылдар жиі кездесті, бірақ қыбырлаған тірі жан болмады, барлығы: Орыс, орыс! деп шошына айғайлап, киіз үйлеріне тығылды. Күдікті сейілтіп, нәзік жандылардың қызығушылығын туғызу үшін мен қасымдағы қазақтарға қазақша ән салуды тапсырып, өзім салша киініп алдым. Бұл әрекет толық нәтиже берді, әйелдердің барлығы киіз үйден шықты, тіпті бір әйел мұсылмандар ретінде бізге арнап жоқтау жырын айтты.
Қырғыздарда, біздегі сияқты әйел күйеуінің қазасын бір жыл бойы дауыстап жоқтауы керек. Мұсылмандар, яғни өз адамдары өткен кезде, ол жоқтау айтуы қажет. Сұрастыра келіп біздің білгеніміз, әйел сарыбағаш оқиғасында күйеуінен айырылыпты, киіз үйге ілінген қара ту соны білдіріп, марқұмның жасын да көрсетеді екен. Егер киіз үйге қандай да бір ту ілінсе, сол үй бір мүшесінен айырылды деген сөз. Егер ту қызыл болса, жас адам дүние салған, қара болса, орта жастағы, ақ болса, кәрі кісі деген сөз. Біздің аяшымыздың (қырғыз әйелі) отағасы орта жастағы болып шықты. Біз тоқтап тұрып қырғыз әйелдің элегиясын (жоқтау) тыңдадық. Сөздерін анық ажырата алмадық, тек ох!, қоқи! деген дауысы айқын естіліп тұрды. Бұрын бұл ордада болған бір қазақ сол кезде естіген өлең жолдарын келтірді, соған қарап біз мәтінін шамаладық...*40
Жоқтаудың жалпы сипаты - маған енді не болады, деп, марқұмнан енді менің күнделікті қажетімді кім өтейді деп сұрау, етікті кім тігеді, тары ботқаны кіммен бөлісіп жеймін дегендей құдайға зар қылу...*41 Бізді қоршаған қазақтармен әңгімелесе бастадық. Менің қазақ сұлтаны және хан тұқымы екенімді білген соң, олар сеніммен қарай бастады, ал егде әйелдер менің жүдеу денеме, қан сөлсіз бетіме аянышпен қарады, іштерінен шамасы, байғұс, анасын сағынған болар деп ойласа керек, мен сияқты жас баланы ай далада кім әлпештеп, битін кім сығып береді деп аяса керек. Олардың соңғы аңғырт сөздері менің күлкімді келтірді. Не деген мейірімді, қарапайым адамдар! - деп ойладым мен. Бір кемпір маған тостаған толы қымыз әкеп берді. Оның көзқарасы мен сөздерінде шынайы жанашырлық пен аяушылық тұнып тұрғандықтан, оны разы ету үшін, тостағанды бір ақ сімірдім.
Келесі ауылда бізді күтіп отырды. Бірнеше ер адам мені алдияр*42 деп сұлтанша қарсы алып, мені алғышқыда өте таңқалдырған өтініш білдірді.
- Бізде бір бейшара аяш бар, - деді олар, - оны жындар буған, біз ақсүйек адам оның жынын қуып жібере алады деп естіген едік.
- Оларды мен қалай қуамын? - деп сұрадым мен.
- Өте оңай, - деді қырғыздар, - қамшымен аямай ұру керек, сонда бүкіл жындар кетеді.
Мұның бәрі сандырақ, ешқандай жындар жоқ, ол науқас, оны ұрып емдеу қажет емес, оған тыныштық керек екенін қанша айтқанымен, оның бәрі бекер болды. Қырғыздар риза болмай, бір соққымен жындарды қууға шамасы келеді, бірақ оны істегісі келмейтін қатыгез адамдай қарап кетті. Амал жоқ. Мен оларға өзімнің бауырым сұлтан деп таныстырып, бір қазақты ұсындым. Ол батыр өңін өзгертіп, қамшысын төбеге көтеріп, ауылға қарай тартып кетті. Бірнеше әйел бейшараны ұстап тұрды. Қазақ оған айғайлай тап беріп, өзінің ісіне кірісіп кетті. Байғұс шырылдап, зорға құтылып, үйге қарай жүгіре жөнелді. Оны қайтадан ұстап алды. Ұр, ұр деп шешесі айғайлады, ұр деп қалың топ артынан қайталады. Мен шыдай алмай, байғұс аяшқа жақындап келіп, қазаққа "емдеуді" тоқтатуды бұйрық еттім. Сommo de raison*43, науқастың туыстары менің араласуыма риза болмады. Барлығы маған ызалы көз тастады. Тек ақылынан адасқан ғана мені құтқарушысы деп, әртүрлі жылы сөздер айтып, мойныма асыла кетті.
قـالـقالایـن اکاکای، الـدیـنکـنان کـیـتـایـن اکای44*
Барлығы тынышталғаннан кейін, мен науқасты қарай бастадым. Оның жасы 15-тен аспаған сияқты, бірақ арқасындағы қос бұрым шашы оның күйеуге шыққанын көрсетіп тұрды. Ол өте, өте көрікті екен. Үлкен қара көздері біреуді іздегендей болып жан жаққа алақтайды. Өңі боп-боз, өзі жүдеу. Соған қарамастан, өте әдемі. Үстінде ішкөйлек пен жыртық шапаннан басқа көйлек болған жоқ. Мен онымен сөйлесуге тырысып едім, менің сұрақтарыма үзіп үзіп, тек Жамбек, Шоң әке, Қаражан және т. б. есімдерді атады. Содан соң бір жас қырғызды көрсетіп: Менің айнам... ол сындырды... жағамды жыртты деп, ешкім көріп қоймасын дегендей өзінің жаулығын тығып қойды. Сұрастыра келе, жаңағы айтылған есімдер оның туыстары екенін білдім. Оның тұрмысқа шыққанына бір жыл болыпты, күйеуі жаңа саусағымен көрсеткен жас қырғыз жігіт. Бәрі түсінікті болды. Күйеуі оны ұрып, айнасын сындырып, көйлегін жыртқан. Әке шешесінің үйінде жалғыз қыз болған, демек, әкесінің еркесі, дегенінің бәрі болған. Күйеуінің қатыгездігінен, қаталдығынан бұрынғы бостандығын аңсап, есінен айырылған. Оның ылғи адамдардың атын атап, біреуді іздегені сол екен.
Жас ару мен оның туған-туыстарын оның сауыққанына сендіріп, егер әйелі ауырмасын десе, көйлегін жыртып, айнасын сындырмауды күйеуіне тапсырып, ары қарай жүріп кеттік.
Боранбайдың ауылын көрсеткен тұстан біз оны таппадық. Ұзақ уақыт адасып жүрдік, 40 шақырымдай бос сенделіп, аяғында кешке қарай бір бақташыға жолықтық, ол бізді шатқалға әкелді, оның ең төбесінен, қарлы шыңдардың арасынан ауыл отын көрдік. Бізге арнап үй тікті, шай беріп, құрметімізге қой сойды. Біраз уақыттан кейін Боранбайдың өзі келді, әдеттегі аман саулық сұрасудан кейін сарыбағыштар туралы әңгіме басталды - кімнің қай жері ауырса, соны айтады дегендей.
2 маусым. Буғу руының манабы Боранбай Бекмұратовтың Тұлпартас шатқалындағы ауылы.
Бізге арналған үй биік жерге тігіліпті, сондықтан біз таңертең төбеден барлау жасадық. Төмендегі сайда қырғыздардың ауылы шашыраңқы жайылып жатыр. Әдеттегі қазақ ауылына тән шу мен иттің үргені, абыр сабыр көрінбейді - маңайдың бәрі өлі тыныштық. Аласа үйлер алшақ орналасып, шеңбер жасап тұрды. Ауылдың ортасында құлындар байланып32, бие сауылып жатты, сол жерде қой, сиырлар жүрді... Киіз үйдің маңында отырған бірнеше әйел құрт қайнатып отыр. Мен манап үйінің ішін көргім келді. Боранбай басында үйім тар, мал мүлкімді сарыбағыштар тонап кетті деп сылтауратты, бірақ менің жалынышым*45 оны райынан қайтарды. Боранбай үйін көрсетуге келісіп, дайындыққа біраз уақыт бер деп сұрады. Аяғында бізді шақырды. Таудың етегіне үлкен сақтықпен түсіп, Боранбай ордасына жеттім.
Қырғыз манабы Боранбайдың отбасы.
Суретші П. Кошаровтың акварелі.
Мен кіргенде үйде бірнеше қырғыз отырды. Удакоб*46قوباغال، اودا قوب! , - деп айғайлады қожайын, отырғандар орнынан атып тұрды. Мен киіз үйдің төріне жайғастым. Madame, тістері ұзын (ол қанша тырысқанымен ерні оны жасыра алмады) ала шапан киген егде әйел кілемнің орнына төселген қой терісінің үстінде отырды. Қолдары кір кір және қолында қалған ұсақ жүндер ханымның біз келердің алдында арқан иіргенін байқатты. Мен оның хал жағдайын сұрап, мал басының амандығын түгендедім, мұның барлығына ол басын шұлғып жауап берді, басын шұлғыған сайын, ұзын тістері қатарласа көрініп тұрды. Құрметті аяштың еркіне көнбей тістері анық байқалып тұрды, оны жасыру үшін ол шапанының жеңін қайта қайта аузына апарды. Менің сауалдарым ыңғайсыздық тудыратынын байқап, аяшты жайына қалдырдым да, киіз үйдің ішін қарай бастадым. Киіз үйдің ішінде біздің қазақтардағыдай не төсек, не сандық, не кілем жоқ, бір сөзбен айтқанда, үйілген киізден басқа ештеңе көзге шалынбады. Есіктің оң жағында шиден тоқылған қалқа тұр. Қабырғаның маңында қазақ сұлтандарындағыдай кілеммен көмкерілген қаз қатар тұрғызылған сандықтар да жоқ. Оның орнына үйілген киіз қойылыпты. Қытай матасымен қапталған бірнеше жастық әдейі көрсетуге арналғандай киіздің үстіне тасалыпты. Менің астымда бір ғана кілем болды, дегенмен өте жақсы тоқылған. Киіз үйдің ішінде от жанып, ошақта су толтырылған екі құман тұрды. Сол арада қожайын әйел біздің sac-voyage ға*47 ұқсас бұзау терісінен жасалған сөмкесінен екі қытай кесесін алып, қымыз құйды. Қызметші қырғыз сусынды алып, өзі ішті де, бір тостағанын маған, келесісін Боранбайға әперді33. Біздің Ұлы жүздің бір қазағы насыбайын алды. Насыбайды көрген қожайын әйел тістерін ақситып, үндеместен айтпай қолын созды. Біздің қазақ оған өте сыпайы түрде шақшасын созып, алақанына насыбайды үйіп берді.
Өзіме тігілген үйге келген соң мен аттарды ерттеуге бұйрық еттім, қырғыздарды көрсем деген мақсатым орындалды.
Боранбай біз аттанар кезде өте сыпайы болды. Мен одан рулары туралы, манаптар туралы сұрадым, сосын ол мұның бәрі ақ патшаның бұйрығымен оларға сыйлық беру үшін жасалып отыр деп ұйғарды. Солай деп ойлап қалған құрметті манап маған кетерде қонақты бос қайтару - жаман ырым дегенді айтып, ат мінгізіп, жібек бұл берді. Мен оны сыйлықсыз ақ құрметке ие болдым, оның қонақжайлылығын ешқашанда ұмытпаймын, әрқашан жүрегімде сақтаймын деп сендірдім. Біз жақсы дос болып айырылыстық, тек екі күн өткеннен кейін түсінбестік пайда болып, достар ғана емес, жалпы таныс адамдармен салқын қарым қатынас пайда болды.
Мен Боранбайдың үйінен өте жақсы әсермен аттандым. Бұл әсердің жалғаса беруіне жолда кездескен ауыл адамдарының көрсеткен ықыласы да себепкер болды, әсіресе, әйелдер өте пейілді болды. Әр нәрсенің ережеге бағынбайтын бірдемесі болады деген сөз - нағыз шындық. Менің қырғыз әйелдері туралы айтқанмын, соның арасында бір жағдай болды. Қырғыз аруларының сұлулығына тәнті болған мен киіз үйдің төбесінен индерунге*48 сығалап қарағаным бар, одан бұрын сол жерден бізге менің ойымша өте көркем аяштың қара көздері қарайтын.
Үш аяш (Ыстықкөл қырғыздарының әйелдері).
Ш. Уәлихановтың қарындашпен салған суреті. 1856 ж. (338 бет)
Мен қателеспеппін. Киіз үйде расында да әдемі екі жас қыз отырды, бірақ олардың біреуі, менің сорыма қарай, таңданарымды, әлде қуанарымды білмедім, айдай сұлу қыз екен. Сomme de raison, ұсталып қалған ару өте ыңғайсызданып қалды, бірақ сонша қатты емес. Алғашқы ыңғайсыздықты жеңгеннен кейін оның мені балағаттай бастағаны, тіпті ұят сөздермен балағаттағаны қызық болды... Тас жұтқыр, көзің қылиланғыр, басыңа бәле жаусын деген соң ол мені маңқа қазақ деп тілдеді. Бір жағынан, өкінішті болды, екіншіден, қуандым, себебі әп сәтте балағат сөздер қорын жинап алдым, бірақ сол жаман сөздерді тамаша қырғыз сұлуы айтқаны ұят болды. Осыншама қошамет сөз естігеннен кейін ары қарай қалудың мәні болмағаны айтпаса да түсінікті. Ары қарай жүріп кеттік. Долы әйелдің ауыр әсері келесі ауылда ұмытылып кетті. Ауылда менің қазақ сұлтаны екенімді біліп алыпты. Бір құрметті ханымның қызы найман руынан шыққан қазақ сұлтанына тұрмысқа шыққан екен. Бұл жерде барлық сұлтандарды бір рудан деп санайтындықтан, олар бізді шыдамсыздана күтіп, балаларының жағдайын білмек екен. Мен сол сұлтанның танысымын деп қана қоймай, туысқанымын деп танысқаным дұрыс болар деп таптым, сондықтан олардың барлық сауалдарына жағымды жауап беріп, қыздары сұлтанның сүйікті ханшайымы деп сендірдім. Осындай бейкүнә әрі көңіл жұбатарлық өтірік айта отырып, мен осы халықпен жақындасайын, олардың туыстық махаббатына бөленейін деген ниетте болдым. Менің кейбір қиын сауалдарға берген жауабым, сұлтан ханшайымның есімі кім, қанша баласы бар деген сияқты сұрақтарға берген жауабымның оларда бар мәліметтерге сай келгені соншалық, өзімнің суайттық қабілетіме өзім таңқалдым. Бастапқыда олардан барлық мәліметті алып, артынан соған орайластырып жауап бергенім белгілі ғой. Қалай болғанда да біз отырған киіз үйге қырғыздардың кәрі-жас әйелдері жиналып, арамызда әңгіме өрби бастады. Біз жас аяштармен қалжыңдастық, ал олардың қалжыңынан өткірлік пен батылдық байқалды. Жалпы қырғыз әйелдерінің жақсы қасиеттері көп, олармен бірнеше күн бірге болып, жақсы біліп алса болады. Қырғыз әйелдерінің шектен тыс тәкаппарлығы туралы сөздердің барлығы тым әсіреленген: жалпы біз танысқан үш аяш өте ақкөңіл екен, ақкөңілділігі соншалық, олардың көңілін қайтару күнә болар еді. Мен Боранбайдың ауылында әдейі ашыналық жасайын деп (қазақтардың әдеті бойынша) біреу арқылы әрекет жасап едім, оныма көнген жауап алдым. Оны пайдалануға маған уақыт жетпеді.
Әйел киімінің толық топтамасы көз алдымда болған соң, мен оларды зерттей бастадым. Қырғыз әйелдері, тұрмысқа шыққаны бар, шықпағаны бар, дабыдан*49 тігілген жағасы жоқ ақ көйлек киеді, оның кеудесіндегі ойығын қызыл жібекпен әдіптейді. Олардың үстіне киетін шапандары еркектердікі сияқты. Олар ала шапан киеді, тек көк түсті кимейді (қазаның белгісі). Тұрмысқа шыққан әйелдің киіміндегі қыздан айырмашылығы - бас киімі мен шаштарын өруде ғана. Әйелдер біреуін бетіне келтіріп, екіншісін төбесіне айналдырып екі ақ орамал байлайды. Қыздар кішкене үкісі бар ақ тақия киеді. Әйелдер шаштарын екі бұрым ғып өріп, ұштарын біріктіріп, тиын, кілт, зәңкірлер*50 және түрлі әшекей бұйымдар тағып қояды. Қыздар шаштарын ұсақ өрім ғып өріп, құлағының маңына асыл тастармен, моншақтармен, әркім шамасына қарай әдемілеп қояды. Шаштың ұзындығы сұлулықтың бірінші белгісі, сондықтан барлық әйелдер жалған шаш жалғап алады. Бетке опа жағу сияқты косметикалық бояулар да үлкен қолданысқа ие екен. Бұрынғы кезде қыздар көкөзбек ﻛﻮﯕﺰﺑﻚ деп аталатын корсет (кеуде тартқыш) киеді екен. Сонымен қоса інжу, маржан, тиынмен безендірілген кеудешелер киіпті. Оларды алатамақ деп атайды. Мұның бәрі көне заманда болған. Жас әйелдер салтанатты жағдайларда ақ бас киім - сәукеле киеді.
Аяштардың ықыласы ауылдан шыққаннан кейін біздің тілі өткір қазақтардың арасында көптеген күлдіргі әңгімелер туғызды. Біреу қырғыз қызы өз еркімен белгіленген rendes vous*51 кезінде қаншалықты ұяң болатынын айтты. Сіздің барлық еркелету мен назыңызға ол қанағатсыздық көңілмен ...*52 жауап береді.
3 маусым күні Еменнің етегіндегі желден руынан шыққан қырғыздардың ауылында түнедік. Соңынан ыңғайсыздық тудырған бір оқиға болды.
3 күні кешке ескі танысым Қылыштың үйіне түскі ас ішуге түстім. 4 і күні кешке бұрынғы Таспа мен Түп арқылы өтіп, Күдіргі өзенінің жағалауына тоқтаған жасаққа келіп қосылдым.
Ыстықкөл қырғыздарының әйелдері.
Ш. Уәлихановтың қарындашпен салған суреті. 1856 ж. (340 бет)
Таспа - Жырғалаң алқабын Түп алқабынан бөліп тұратын таулар тізбегі. Бұл өзен өз бастауын Түп секілді Сырт тауынан алады, алайда ол Сырт тауының оң жақ баурайынан басталады. Ағысы қатты, таудан шыққан кезде тіпті өткел бермейді. Жағалауы тал терек сияқты ағаштармен көмкерілген. Жырғалаңға оң жақтағы Санташ тауынан Қызылқия өзені құяды, сол жақ, Алатаудан Түрген Ақсу өзені құяды, өзге ұсақ бұлақтардың белгілі атауы жоқ. Тауда көк қалың, баурайы - шыршалы орман. Барлық жақта және Теріскейде бұл орман Тышқан өзеніне дейін жетеді. Таспа бойында үш жапырақ, шытыр, жусан өседі. Таспада бұрынғы арықтардың, топырақ үйіндері мен жыралардың орны байқалады. Қазақтар Таспаның бүкіл бойында арық орны жатыр дейді. Оны қалмақ ханы Бақа Манжу жасаған. Таспа мүйіс болып көлге жалғасады. Бұл мүйіс Көке Холасун деп аталады. Жырғалыңның арғы бетінде, сағасында Бөрішоқының екі шоқысы тұр. Олардан Жырғалаң сағасына Үш Жырғыш деп аталатын үш бұлақ құяды.
Қарабатпақ маңында, көлге қарай жер батпақты.
Біз тұрған жерден келесі Саты мен Қарабатпаққа қарай одан сәл қашық жерде Сарыбұлақ деп аталатын екі бұлақ ағады, Сарыбұлақтан Күрметі өзеніне дейінгі аймақ тастақ, маңайдың бәрінде ірі-ірі тастар жатыр. Осы жерден мен жерге жартылай кіріп тұрған балбал тастар таптым.
Ыстықкөлдің солтүстік жағасындағы балбал тастар
Ш. Уәлихановтың қарындашепн салған суреті. 1856 ж. (341 бет)
Таңқалаларлығы, оларды тапқан жерде Малороссия, Сібірдегі сияқты қорғандар болмады. Бұл балбал тастарды кім қойғаны және нені білдіретіні әлі [күнге] белгісіз34. Менің осы жерден көргендерім ұзын мұртты адамның бет мүсіні болды. Олардың оң қолында тостаған сияқты ыдыс болды. Бет әлпеті мен көз қиығы монғол типтерін еске салады.
Күрметі өзенінің бастауы. Суретші П. Кошаровтың суреті. (342 бет)
Бұл жақтың өсімдіктері өте нашар. Есесіне Күрметіден Ишаната (ایشان اتا) өзеніне қарай жайылым өте бай. Мен осы жерден ебелек көрдім. Ишаната өзен сағасындағы көктерек тоғайының атауы. Көл маңында еш жерде көктерек орманы өспегендіктен, бұл тоғай ерекше көрініп, қасиетті саналған. Барлық бұтақтарына ұсақ шүберектер, садақа заттар, аттың қылы байланыпты. Құрмет өзенінің алқабында сарыбағыштар мен бұғулардың әйгілі шайқасы өткен. Сарыбағыштардың ауылы қасиетті тоғайдың маңында, ал бұғулықтар Сарыбұлақта болған, сондықтан бұғулықтар өздерінің жеңілістерін көршілерінің қасиетті тоғайға жақын орналасқанынан деп санайды. Ишанатаның маңында қорғандар мен топырақ үйінділері өте көп. Сарыбұлақ пен Күрметінің сағасындағы шығанақтар, ағыстар біріге келіп, жарты арал құрады. Ол алқаппен шағын мойнақ арқылы жалғасады. Бұл жарты арал Қарабұлын деп аталады, оған адам аяғы баспайды. Ишаната мен Күдіргінің арасында Қарынжарды бұлақ деп аталатын кішкене бұлақ бар. Күдіргі деп көлге өзеннің оң жағынан енетін мүйіс те аталады. Жасақ осы жерде түнеді.
2 маусым. Сол орын. Троица күні.
Біз жүріп өткен жолдардың бойында тауан өтетін келесі асулар жатты: біріншісі - Күрметі асуы, ол Ыстықкөлге құятын Күрметі өзенінен түзіледі. Осы таудың солтүстік баурайынан тағы бір өзен ағады, ол да Күрметі деп аталады. Ол Шелекке құяды, одан кейін Жіңішке өзені арқылы Қызылауызға, одан Асыға, одан ары қарай Түрген арқылы Іле алқабына кетеді. Күдіргінің де асуы бар, бірақ онымен барымташылардан басқа ешкім өте алмайды. Құрметі - Алатаудағы ең жақсы асулардың бірі. Онымен керуендер де жүреді.
4 [маусым]. Жасақ Өрікті деп аталатын үш бұлақтан өтіп, үшіншісіне тоқтады. Қарабатпақтан бері шағын өзендерден өтетін жолдардың бәрі жүруге қолайлы, тіпті арбамен жүруге болады. Сарыбұлақтан бастап Күнгей алқабы бірте-бірте тарыла береді де, ені бес шақырым болады. Осы Өріктінің жоғарғы жағында, таудан шығатын тұста көне қорғанның қалдықтары жатыр. Бұл қорған әлі жақсы сақталған. Оның ауданы шамамен бір шақырым, үш қабырғамен қоршалған. Ішкі қабырға сыртқысынан биік және бекініс сияқты қаланған. Оңтүстік-шығысқа бағытталған оның бұрышына*53 қалмақтар қоятындай қарауыл бағаналары орнатылған. Құрылыстың ізі барлық жерден байқалады. Біраз төменірек одан да көне қорғандар бар, олардың ені шақырымға жуық. Өзеннен біз шойын қазан таптық.
Үшінші Өріктіден төмен қылқан жапырақты орман мүлдем жоқ. Құтымалдыға дейін тұтас алқапта арбаның өтуін қиындатып қана қоймай, аттың тұяғын тілгілейтін тастар жатыр. Қайық қою үшін біз 5 маусымда біз Бірінші Өріктіге оралдық. Ол жерде 12 не дейін болдым. Байсерке сарыбағыштармен Үшінші Өріктіден қайтты.
Маусымның ... күні мен Ыстықкөлден кетуді ұйғардым. Менің көруім, білуім керектердің бәрі таусылды. Сарыбағыштардың ісі ұзақ дауға айналып, бітетін болмады.
Жолсерік болған қайырымды әріптестеріммен қоштасып, Сатының қиын әрі қауіпті асуын бетке алып кері қайттым. Күнделіктен өздеріңізге мәлім, Күнгей Алатау жотасы арқылы, көп асу бар. Барлық көлікпен жүруге ыңғайлысы - Санташ. Онымен керуендер өтеді. Қалғандары тек атпен салт жүруге қолайлы. Бұл асулардың ішінде, күмән жоқ, Саты бірінші орында тұр, екіншісі - Күрметі, Байсорын және Қаскелең. Саты жылдың барлық мезгілінде ашық, тіпті қыстың қар мол жауып Санташтың өзімен жүру мүмкін болмағанда да Саты істен шықпайды. Күрметі, Байсорын және басқалары тау бөктеріндегі қар таусыла бастаған мезгілде, тамыз айында ашылады. Олар сол кезде Сатыға қарағанда қолайлырақ. Сондықтан мен Саты арқылы жүруге бел будым, оның өзгелерге қарағанда қауіпті әрі қиын өткел екендігі де менің шешіміме себеп болды.
Үш Өріктідегі жасақ қосыны.
Ш. Уәлихановтың қарындашпен салған суреті. 1856 ж.
Саяхатшы болғандықтан, мен қызықты саяхат оқиғасын іздедім. Бұрын жүріп өткен жолдармен Сатының Құрметіге құятын тұсына дейін ешбір қызықты оқиға болған жоқ, тек Күдергіде жылан өлтіріп, Күрметіде қабан қудық. [Мен] жоғарыда айтқан жер қорғандар Ишанатаның сол жағалауында жатыр, ал балбал тастар Ишаната мен Күрметі аралығында және Сарыбұлаққа дейін кездесті: бұл жерлер өткеннің қалдығын ең көп сақтаған мекен. Мұнда шамамен, әр кезеңдегі 4 рудың35 молалары мен үйінділері бар: 1 сі - төбешікті, сонан соң, сол замандағы төртбұрышты пішінді үйінділер кездесті. Кейбір төртбұрышты пішінді тастар баған секілді жерден шошайып тұр. Оларды шөп басып кетсе де, іздері көрініп жатыр. Күншығыс жағында және кіреберістің кейбір жерлерінде үлкен тастар тұр. Содан соң гранит және жай тастан ретсіз үйілген молалар жалғасады. Саты шатқалына кіретін жер кең және онша биік емес. Біз Сатымен жоғары қарай NS*54, бағытында өзеннің саласына құяр жеріне дейін жүріп, сонан соң N (солтүстікке) қарай бұрылдық, бірнеше рет жоғары көтеріліп, NS*55 бағытына жүрдік, одан ары тағы N (солтүстікке) бұрылып, таудың қарлы шыңдарына шықтық. Таудың дәл етегінде, тастақ жерде жусан мен бетеге өседі. Жоғарыға көтерілген сайын өсімдіктер әртүрлі бола түсті. Түрлі үлкен жапырақты өсімдіктер, шатырға, жартылай шатырға ұқсас, шашақты сабақтары көтеріліп, енді гүлдей бастапты.
Түп өзеніндегі жасақ қосыны. Ш. Уәлихановтың жорық шатыры.
Ш. Уәлихановтың қарындашпен салған суреті. 1856 ж.
Шөп сонша қалың, тіпті аттың аяғы шалынады. Тау етегінде сарыағаш, долана, итмұрын бұталары бар, бірақ көп емес, тек шырша ғана тұтасып өскен. Жоғарыға өрлеген сайын өсімдіктер сирей бастайды, тек аршагүл ғана бөктерді жауып, қарға дейін көтеріліп, солтүстік баурайды тұтас алып жатыр. Ұшар шыңда қар жатыр, ал қардан енді аршылған жерлерде жапырақ бүр жара бастаған. Солтүстік баурайда жуа, бәйшешек, бақбақ тәрізді өсімдіктер бар. Әлі бусанбай, атты адамды көтеретін қатып жатқан қармен тауға көтерілгенде, ауа райы кәдімгідей салқын болды, жел ызғыта соғып тұр, мен еріксіз тонымды киіп алдым. Жоғарыдан Ыстықкөл келбеті ашылды. Қызғылт күмістей жарқырап жатқан көл аспанмен таулы шыңдардың алыс бедерімен түстесіп тұр. Күн шұғыласы алқапқа бұлттардың дөңгелек көлеңкесін түсіруде. Біз шыңда тұрдық, ауа температурасы шамамен 6 7 градус қана болды.
Біздің алдымызда жауған қардың кесірінен жол жабылып қалыпты, сондықтан біз тәуекел етіп, таудың тік беткейімен жүрдік. Жер тайғақ, аттарымыз сырғанақтап, тұяқтарымен тас ұшырды. Тастар төмен жықпылдардан өте домалап, көзге көрінбей кетті. Казактар жаяу жүруге тиіс болды, ал қазақтар ат үстінде міз бақпастан, үзеңгісін тебініп қойып, ыңылдап келеді.
Ыстықкөлдің батыс жағы. Топограф М. Сироткиннің суреті
Аттар бірнеше рет сырғанақтап, құлады... Міне, міне құлады, домалады деген сәттер көп болды, бірақ Алланың көмегімен құламай, ары қарай сапар шектік. Бір жарым сағат бойы біз осылай қырқамен жүріп, аяғында бұрынғы жолға түсіп, төмендей бастадық. Төмен түсу көтерілгеннен гөрі әлдеқайда тік, әрі қолайсыз болды. Егер біз жоғары көтерілгенде жер батпақ болмағанда, арбаның өзін жоғарыға сүйреп шығуға болар еді. Солтүстік баурайда қалың қар жатты, бірақ, бұған қарамай, мұндағы өсімдіктер оңтүстікке қарағанда биік. Сатының бүкіл бойына жол төмен құлдилайды. Саты сол жақтан қосылатын ағыспен бірігіп, суы молайып, тар арнамен жылдам ағады. Шыршалы орман басталып, өсімдіктер түрленіп, қалыңдай бастады. Жалғызаяқ сүрлеуге айналған жол ғана барған сайын жүруге қолайсыз болды. Кейбір тұстарда иір бұдыр тау қыспағы өзенді тарылтқаны соншалық біз сумен жүріп, тіземізден су кешуге мәжбүр болдық. Жол бойында құлаған ағаштар көлденеңінен жатты, біз олардың астынан аттың жалына жабысып әзер өттік. Ары қарай сүрлеу жоғары көтерілді. Төменде 30 сажындай жерде Саты толқынданып жатты, жоғарыда кей жерлері шыршаға бөленген гранитті жалаңаш құздар тұрды. Айта кетерлігі, Алатаудың негізгі жынысы гранит: қызыл гранит, сұр және ақ. Саты ағысымен жүргенде солтүстік баурайында порфир мен аспет*56 кездеседі. Біз ең қиын сүрлеуге жақындадық, ол биіктігі 40 сажын құлама жардың ернеуімен жүреді. Қорқынышты жерге жетпей жатып менде күтпеген жағдай болды. Жолда дауыл құлатқан дәу шырша ағашы жатты. Мен атты тебіндім. Атым тік тұрып шапшыды, бірақ тұяғымен ағашқа сүрініп, құлап қалды. Мен ұшып кетіп, орнымнан тұрдым. Тепе теңдігін жоғалтқан атым жардан төмен домалап кетті, мен тек гуілдеген дауысын естіп, тастар арасындағы атымның басы мен ер тоқымын өзеннен көрдім. Бақытына қарай, жар жайдақ болды, 30 сажындай домалаған ат аман қалды. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, соның арқасында мен қазақтардың арасында батыр әрі епті болып көріндім. Солайша ирелеңдеген сүрлеумен жүріп, біз әйгілі жарға да жеттік. Қазақтардың сендіруімен және ақылға салып саралаған соң, біз аттан түсіп, жаяу жүрдік. Бұл жер - үлкен гранитті құз, оның қалқасы өзенге түсіп тұр. Сүрлеу тура жардың жиегінде, сол жақтан басқа құз көтеріледі. Мұндай қиындығына қарамастан, Саты - ең жақсы асу. Атеке алғаш рет өткелі бері бұл жерде бірде-бір бақытсыз оқиға болмаған. Атеке өткен кезде бір бала атымен жардан құлаған дейді, ұшып бара жатқан кезде көйлегі шыршаға ілініп қалып, сол тұрған жерінен арқанмен аман есен тартып алыпты. Есесіне көптеген түйелер мен қазына мүлік Сатының тұңғиығында қалған. Дәл осындай қауіпті, бірақ жайлық жармен біз жарты шақырымдай ұзақ жүрдік, аяғында Шелекті бойлап, оның баурайына жеттік. Ол арада тау өзенді гранитті құшағынан босатып, оған кішкене еркіндік береді. Өзеннің жағалауы талды орманға көмкерілетін осы алқапқа дейін үнемі шыршалы орманмен жүрдік. Біз түнеген Тоғайлы шатқалы албан руының қызылбөріктерінің қыстауы. Ары қарай жол қауіпсіз болды да, біз қауіп-қатерден құтылып, 80 шақырымдай ... *57жүрістен соң, бұрын соңды болмаған тәбетпен шай ішіп, ешқашан ұмытылмайтын тәтті ұйқымен ұйықтадық.
13 маусым. Біз солтүстік батыс бағытқа қарай кішкентай*58 бұйрат арқылы өтіп, Шелектің батыстан солтүстікке бұрылғандағы жоғары тұсынан өтіп, ол жерден жазық Жалаңаш үстіртіне көтерілдік, ол өте қолайлы жайлау. Бұл тауға арбамен көтерілу тік болғандықтан мүмкін емес. Бұл асуда қазылған үңгір бар, ол адам қолымен қазылған сияқты. Асу бұл шатқалда алғаш қыстаған үш жолаушының бірінің есімімен...*57 деп аталады.
Бұғы, тауешкі, арқар сияқты жабайы жануарлар бұл өлкеде сансыз көп болған деседі, расында да, қадам аттаған сайын кездесетін өлекселер бұған дәлел. Бұл тауларда албандық айтбозым елі қоныстанған.
Алатаудың және Теріскей Алатаудың шыңдары.
Акварель. Ш. Уәлихановтың суреті. 1856 ж.
Бұл таулардың шыңынан төңіректің келбеті айнадай көрінеді. Батыстан шығысқа қарай Жалаңашты айнала өтіп, солтүстікке қарай Шелек өзені ағады. Жалаңаш асуының тұсында Шелекке Асы*58, Қалдыбұлақ, Күрметі және батыс тараптағы өзге де белгілі өзендер құяды. Жалаңаштың таулары Алатаудан тарай отырып, Шелек, Жіңішке мен Асы басталатын тау шыңынан тармақталады. Жалаңаш Шелек пен Жіңішкенің жоғарғы ағысының ортасында жатыр. Оның сәл ғана тармағы бар Жалаңашпен қатар жатқан және оған қосылатын солтүстік баурайы Арқалық деп аталады. Жіңішке мен Асының арасында Бірінші Асы жотасы бар, оның шығыс бөлігі Жіңішкенің Шелекке құятын тұсында Бақалы деп аталады және ол ең жылы қыстау (қараңыз, Күнделік, бірінші бет, Шелек). Жіңішкеден Асы тауларына қарай жер биіктеп, бұлақтармен тілгіленеді, ол бұлақтар Жіңішкеге көлденеңдеп құяды. Олар Үшбұлақ деп аталады. Үш Асымен өтетін асу Қызылауыз деп аталады. Қызылауыз маңында және ары қарай өзенге дейін ауылдар орналасқан. Бұл жақтың қазақтары қырғыздар сияқты орыстардан өлердей қорқады. Балалар мен әйелдер біз жақындай бастағаннан ақ шу көтерді. Бұл асудан арбамен өтуге болады. Таудан түскеннен кейін кішкентай, тар, ұзындығы 20, ені 6 шақырымдай алқап ашылды. Бұл жерді түгелдей дулаттар мекен еткен. Текасу алқабының солтүстік шетінде, ортасында екі шоқы тұр, сондықтан ол Аралтөбе деп аталады.
Бұл күні тағы да 80 шақырым жүрген соң біз сұлтан Әлидің, өте бір ақымақ адамның үйінде түнеп шықтық. Келесі күні, тауға Түрген асуы арқылы көтеріліп, оң жақта Көмбелі атты тау мен асуды қалдырып, одан ары өзен ағысымен Есікке өттік, сол жерде қазақ диқандардың үйінде түнедім.
Есіктің таудан шығатын тұсында сарқырама бар. Түргеннің бас жағынан бастап жылы, өсімдіктер қалыңдай түсті. Түрген жағасында тал, көктерек, алма ағашы, өрік, мойыл, қарақат, тобылғы, сарыағаш, тіпті көк қайыңдар да кездесе бастады. Жазыққа түскен кезде шөптің қалың болғаны соншалық, аттардың жүрісін бөгеп, белуардан келді.
Талғардың жоғары жағынан қазақтар "Рүстем қорғаны" деп атайтын қорғанды көрдік. Бұл қорған кезінде өте берік болған, тіпті қазірдің өзінде оған кіретін екі есік бар. Оның үш тік және тереңдігі 6 сажын оры бар. Қорған тұрған алаң жерден 8 сажын биіктетілген. Жырада және алаңда алма ағашы мен таушымылдық және өзге бұталар қаулап өсіп тұр. Біз жүрген барлық жерге, тау етегіне дейін ауылдар қонған. Дулаттар мен шапыраштылар қырғыздар сияқты бізді көрген бетте тауға қашты, шамасы, казактар оларға кезінде жақсы сабақ берсе керек.
Талғардың маңындағы жазықта қорғандар, үйінділер мен қазақ егістері көп.
15 маусым күні кешке Верный бекінісіне келіп жеттік. [Мен] бұл жерде сарттар сарыбағыштардан Үмбетәлінің өтеміне мен оның қызын талап етіп отырғанын, сол үшін 300 сипайдың*59 сол жерде екенін білдім. Сол себептен сарыбағыштардың бір бөлігі Верныйдан екі күндік жердегі Қозыбашыға көшіп кетіпті.
16 [маусым] күні кері шықтық. Іле бекінісіне қарай өсімдіктер нағыз далалық сипатқа ие болады. Жусан, ебелек, ши өте көп өседі, қара бидай, жаздық бидай бар. Көкнәр гүлдеп болыпты. Жолда бізге жүздей түйесі бар керуен кездесті. Керуендер бұл жолмен бірінші [рет] жүріп барады. Бұған себеп - арғындардан қорыққандықтан.
Жетісуда барлық жерде кәдімгі жорғаторғайдың тарғыл түрі кездеседі. Ыстықкөл мен оның тауларында ол мүлдем жоқ.
Іле бекінісіне біз таңертең жетіп, Тамғалыжарға аттандық. Күн ыстық болды (әдетте мұнда әрдайым солай). Күні бойы атта отырып, әбден шаршадым, тек кешке жеттік. Талғардың бекініс тұрған төменгі тұсында, Қаскелеңнен төмен Іле жағалауы көтеріңкі, жартасты, бұл жерлер Қапшағай*60 деп аталады.
Есік өзеніндегі сарқырама. Топограф М. Сироткиннің суреті
Іле бойы өсімдікке өте жұтаң, төңіректің бәрі құм. Ебелек, жусан, қызылша, ши, қурай, ошаған өседі. Іленің суы лай, жағымсыз. Қытайлықтардың нанымы бойынша Іленің суы зиянды, одан адам жүдейді-мыс. Есесіне Доржы өзенінің (қазақтар Шошқалы деп атайды) суы емдік қасиетке ие саналып, Құлжа қаласының шенеунік қытайлары сол судан ішеді.
18 маусымда кешке қарай Шеңгелдіден өттік, [мен] ол жердің су құбырын қарап, бір құбыр алдым. Түнде қалыптас*61 деп аталатын бұл маңайдағы белгілі жалғыз кен орнына 5 шақырым жетпей орналасқан Қарашоқы бекінісінен өттік. Оның аумағы бірнеше сажын. Қазірде қызыл және сұр қалыптас ашылған. Қоянкөзден өтіп, таңертең Алтынемелге жеттік. Алтын Емел монғолша атау. Бұл өлкеде қалмақ атауымен қалған жерлер көп: Цаган Бугу (ақ марал), Шөлтебе*62, Лабасы, т. б.
Верное бекінісі. Суретші П. Кошаровтың шығармасы. (351 бет)
Маған [бұл атаулардың] шығу тегін түсіндірмек ниетпен қазақтар аңыз айтып берді. Хонтайшы бүркітпен аңға шығып, Алатаудың қарлы шыңы, Талғар жотасына, Таушоқыға көтеріледі. Қарайып көрінген қойды көрген бүркіт талпына бастайды. Хан [оны] жіберіп, артынан тұлпарымен өзі де шабады. Бүркіт Цаган Бугуда ақмаралды алады, ал Шөлтөбеде тауешкі ұстайды. Шауып келе жатқан ханның аты Іледен қарғып, тұяғы суға тиеді. Хан мұны байқап: Бұл суды есте сақтау керек екен дейді. Әңгімешінің айтуы бойынша, Таушшоқыда сиқырша хонтайшының ізі сақталған, оның дәу шахматын әлі де көруге болады.
Алтын Емелде Тезек төренің ауылы Терісаққан бекінісіне жақын Құрымбелге қонғанын біліп, соған аттандым.
Мен алғаш Алтын Емелден Ілеге жүріп өткенде, даланың бәрін қызғалдақ жауып тұрған. Қазір бұл түс солғындап, есесіне бетеге, ебелек, шытыр жетіле өсіпті. Іле бекінісінен Шеңгелдіге қарай жол өзен жағалауымен жүреді.
Іленің орта ағысында жағалауы түгел дерлік құм төбелер, оларға жұтаң дала өсімдіктері тән. Жалаңаш жағалауға қарап оның негізін дала шпатынан тұратын гранит құрайтынын байқауға болады. Қаскелең өзені құятын тұстан төмен жағалау өзгереді: үлкен гранит тастар батпақты сормен араласады.
Іленің оң жағалауы негізін гранит тастар құрайтын құмды белес. Жағалауда жиде, тал, балғын (казактар оны құдай ағашы деп атайды), сарыағаш, ұшқат, тобылғы, қызылшы бұталары өседі. Іле алқабында зиянды жәндіктер өте көп: бүйі, сарышаян, жыландар бар. Жануарлардан далада үйірімен қарақұйрық, ақбөкен, құландар жүреді. Қасқырлар көп. Құстардан көктемде қаз, үйрек кездеседі, жартаста кептер, қаратаған, шіл болады. Орманда қырғауыл мол.
Тезектің үйінде 5 күн болдым. Мен кеткенше ауылда үш бәйге, бір той болды.
23 маусым күні сағат 9 да мен Тезек ауылынан аттандым. Қарғалы мен Ағынықатты [өзендерінің] арасын қазақтар Шұбар деп атайды. Бұл өзендер Терісаққанға көптеген саламен құяды. Бұл ара тастақ, сондықтан атпен жүруге қолайсыз. Төресазы - Ағынықаттымен тау арасындағы сортаң алқаптың атауы. Көксудан Үйгентасқа дейінгі жер және Құрымбел албандар мен жалайырлардың жайлауы.
Төресазыда казактар шөп шабады. Көксуда көпір бар, жәрмеңке [ашу] жоспары бар. Станция сол жерде орналасуы тиіс. Көксу алқабы салқын. Мұнда астық жиі үсіп қалады. Бұл жердің қары Жетісудің өзге тұстарына қарағанда кеш ериді. Есесіне Теректі мен Үйгентаста қыста да қар болмайды. Албандар Үйгентастан Құлжаға дейінгі арада қыстайды, жерді пайдаланғаны үшін қытайларға жылына 60 ат төлейді. Олардың барлық сұлтандарында қытай шені бар. Марқұм Хакімбек күңгірт қызыл түсті шары бар ғұн*63 болатын, оның дәрежесін сұлтан ұлы мұра етті. Тезек штаб офицерінің көк шарына ие.
Көксудан шығып сұлтан Қамбар Алановтың үйіне түнедім. Жаңғызағаштан Суков бекінісіне дейінгі жол өр. Мұндағы өсімдіктер де тауға тән - кең жапырақты және шатырлы болып келеді.
Іле өзенінің алқабы.
Суретші П. Кошаровтың шығармасы. (353 бет)
Қапалдағы қала алаңы.
Суретші П. Кошаровтың акварелі. (353 бет)
Қапалға келген соң досым Д. Е. Верныйға өткенін және жақында [осында] болатынын естіп қуандым. Қапалда ешкім жоқ деуге болады. А*64 тасты жарып жаңа жол салу үшін Қисықауызға кетіпті, өте көңілсіз болды. Екі күннен кейін мен күткен джентельмен келді: өз жаңалығына өте қуанышты: біріншіден азғантай дәрі пайдаланып, жартасты сәтті жарған және жабынқыш үшін жақсы балшық тауыпты. Мен тәжірибені көрдім, ол өте сәтті [шыққан]. Балшық өте жақсы, кейін өте пайдалы болуы мүмкін. Д. Е. мен Ковригин келді. Ковригин Тентектің маңындағы Ырғайлы шатқалына кен орындарына кетіп барады екен. Мен көп адамдар айтатын қырдағы ең тамаша жер - Ойжайлауды көргім келді, сондықтан жағдайды пайдаланып, Ковригин мырзаға жолсерік болуға бел будым.
... шілде күні кешке шықтым. Арасанда түнедік. Бұл күні бізге Жетісуда атағы шыққан батыр әрі барымташы Тінеке*65 келді. Өзінің суық жүріс, суыт жорықтарына қарамастан, Тінеке матайдың қаптағай руы арасында үлкен ықпалға ие және болыс болған. Ол орта жастағы, өте мығым кісі. Бір қызығы, ол жирен, сақалы ұзын және мұрны өте үлкен. Сонымен қоса Augen*66 кішкентай және ойнақы көздері оның сиқын өте жағымсыз етіп көрсетеді. Ол бізбен бірге жүргісі келді, бірақ мас болғаны соншалық, төбесінен құйған төрт шелек су еш әсер етпеді. Менің байқағаным, Тінекенің бүкіл денесін Бюффонның36 алғашқы қауымдық адамы сияқты түк жапқан. Оның жолдасы сұлтан Құдайменде өзінің орынсыз қылықтарымен бізді әбден жалықтырды. Ол мәдениетті болып көрінгісі келіп, ақымақ пікірлерін тықпалап бітті. Жүйкеңе тиетін мырза, қит етсе арақ сұрайды.
... шілде күні, Қисықауыздан сәтті өтіп, Қарауызда аттарымызды ауыстырып, урядник және 6 казактан тұратын күзет пен қазақ жолбасшы алып, Шұбарағашқа апаратын жолмен тауға өрледік. Күн біршама ыстық болды, ішетін қымыз жоқ. Жалғыз жұбанышымыз - тау өзендерінің салқын суына шомылу. 30 шақырым жүріп Ақсудан астық, түнде Басқанға жеттік. Рақымды Алла өзінің құлдарын ас сусыз жатқызбады: түнде таудан ауыл түсіп, бізге тап келді. Олар осында түнеуді жоспарлап келгенімен, орыстарды көріп, үдере жөнелді. Соңғы ауыл қолға түсіп қалды. Олардың батыры мен әйелдерін алдамақ болған барлық әрекетіміз бекер болды - қорқып қалғандары соншалық, арты не боларын ойлап, сыйлықтарымызды алмады.
Ұлы жүз қазақтарының сұлтаны Тезек төре.
Акварель. Суретші П. Кошаров. 1857 ж. (355 бет)
Біздің есімізді жинауға мұрса беріп, олар бізден 3 шақырымдай қашықтыққа қонды. Бізге үй тігіп, өздеріне еріксіз көрші еткен соң, олар өте мазасызданып, айқайласып, қыздардың бәрін алдыға салып жөнелтті, ал кетіп үлгермегендері жыртық шапан киіп, сиықсыз болып көріну үшін беттеріне балшық жағып алды. Бейшара көшпенділерді казактар мен сот билері соншалық қорқытып тастаған.
Қазір егін орағы уақтысы. Барлық ауылдар сол үшін егіс салған жазыққа түседі, егінін орып алған соң, тамыздың соңында Балқашқа, құмды қыстауға кетеді. Түні бойы жанымыздан көш өтіп шықты. Таңертең тұрғанда, жасанып киінген әйелдер мінген түйелер тізбегі әлі өтіп жатты. Еркектер көштің жанында қой немесе түйе айдап жүрді. Көштің түрінен ақ көрініп тұрғандай, олар арғындардан анағұрлым кедей. Киіз үйлердің біразы өгіздерге артылып, дала амазонкалары осы тұлпарларға отырды. Олардың барлығы жыртық шапан, етік, т. б. киіпті. Мен жоғарыда айтқан түйелер көшінің иесі сұлтан екен, ол орыс шенеунігінің осында екенін естіп, алдына келуді жөн санапты. Құр қол болмас үшін (ондайды шенеуніктер ұнатпайды) қымыз алып келіпті. Сұлтан өзінің кім екенін айтты, құр қол келуді ыңғайсыз санағанын, кигізер шапан жүкте кеткенін, мінгізер аты жанында жоқ екенін айтып, қымыз ғана әкеле алғанын түсіндіріп, кешірім сұрады.
Көксу шатқалы.
Топограф М. Сироткиннің суреті. (356 бет)
Ұзақ әрі бейбіт әңгімеден кейін сұлтан біздің жай шенеунік екенімізді байқаған соң, осыған дейін тегін соймақ болған қойын үш есе бағасына сатты. Бізбен жүрген казактар көз қиығымен қарап, өзара күлісіп отырды, мысқылшыл біреуі капралға: Момын Миколаны бұзау жалайды (Жуас түйе жүндеуге жақсы) дегенді айтты. Мұнымен олар бұрын сот бидің қасында жүргенде дем ала алмайтын сұлтанның арсыз қылығын тұспалдады.
Біз өткен жерден Суықжайлау таулары басталады. Қия асуы осында жатыр. Қарауыз бекінісінен Басқан өткеліне дейін 50 шақырымдай болады, жол Ақсуға құятын Сарқан өзенін кесіп өтеді. Тау етегінен бастап, жазыққа дейінгі жерлерге қазақтар егістік салып тастаған. Дала саз балшық (дала шпатының бүлінгенінен). Онда жусан, егістік мүкжидек, құлқайыр көптеп өседі. Қазақ молаларының көптігі бұл жер илияттарға37 жақсы қоныс, малға жайлы жайылым болғанын байқатады. Басқаннан әзер өтіп, біз тау етегімен 20 шақырым жүріп, Бесбан арқылы тауға, бұлаққа жеттік. Бұл таудың негізін топырақты қатпарлы тас, кварц пен гранит құрайды, өзен жағасында көп [жерде] темір тотығының әсері байқалады. Кішкентай екі бұлақтан өтіп, Теректідегі ауылға тоқтадық.
Басқаннан түнемелікке дейін 40 шақырым.
Келесі күні Лепсіге құятын Теректі өзенінен өттім. Бұл өзеннің жағалауы терекпен көмкерілген. Өзен ағысы жылдам және суы да таза. Көтерілген сайын жол жүру қиындай түсті. Арбаға жегуге үйренбеген қазақ аттары бізді әбден шаршатты. Келесі күні Алмалы шатқалынан (біз тоқтаған жер осылай аталады) Шұбарағашқа өттік. Теректіден бастап тамаша жерлер басталды. Көк деген керемет. Жуа қауызды гүлдер өте көп (қалмақ сабыны). Тауда шырша, қайың, терек [орманы] жиі кездеседі. Шұбарағаш - даланың оңтүстік шығысындағы ауылшаруашылыққа қолайлы бірден бір мекен. Ағыны қатты өзеннен өту өзеннің өте болғанынан ағуы көп ыңғайсыздық тудырды. Станица жан-жағынан таулармен қоршалған, жазықта тұр. Жазықтың ортасынан мен Санташтағы тәрізді қорған көрдім. Станица 1854 жылы құрылған, үйлер енді салынып жатыр, онда 10 полктың жүздігі орналасқан, енді Тобыл губерниясының үш жүзге жуық шаруасы отбасымен көшіп келіпті.