БІРІНШІ ТАРАУ
Кейде қалжың ретінде барлық кінәні Чарли Ферасетке арта салсам да, шындығында, бұл қырсық үшін кімді жазғырарымды білмеймін. Оның, Чарлиді айтам да, Тамальпайс тауының етегінде, Милл-Вэлиде саяжайы бар еді, бірақ ол онда бос уақытында Ницшені немесе Шопенгауэрді кеміріп жату үшін тек қыста ғана тұратын. Ал жаз шығысымен қапырық ыстығы мен қара шаңы қолқаны қабатын қалаға қайта оралып, қыс бойы үйіліп қалған бар шаруасына шабыттана кірісіп кететін. Егер мен оған әр сенбі сайын барып, дүйсенбіге дейін жанында жүретін әдетім болмаса, осы бір қаңтар айының қақаған суығында, Сан-Франциско шығанағында мұндай қырсыққа тап болмас па едім, кім білсін.
Мен мініп шыққан "Мартинес" кемесін тым сенімсіз деуге келмейтін; бұл жаңа пароход Саусалито мен Сан-Франциско арасындағы өткелді осымен не төртінші, не бесінші рет кесіп өтіп келе жатқан. Шығанақ үсті қалың тұман еді, қауіп деген бәленің сол тұман ішінде қара мысықтай бұғып жататынын қайдан білейін, өйткені ол уақытта мен теңізде жүзудің тылсым сырларынан мүлде бейхабар болатынмын. Әлі есімде, мен үстіңгі палубада, жүргізу рубкасының дәл түбінде, пароходтың тұмсық тұсында жайбарақат, көңілді тұрдым, теңіз бетін бүркеген қара тұманның қалың пердесі де маған аса әсер ете қойған жоқ. Жеңіл ғана ескен теңіз желіне бетімді тосып, біраз уақыт сызды ымыртта жалғыз тұрдым — дегенмен жалғыз деуге де болмас, менің бас жағымдағы шынылы рубкада тұрған жүргізушіні, сосын тағы біреуді (меніңше, ол капитан болар) сырттай сезінгенім бар.
Сонда мен "еңбек бөлінісі деген қандай жақсы, егер шығанақтың арғы жағындағы досыма барғым келсе, маған тұман мен желді, судың тасуы мен қайтуын, сондай-ақ бүкіл теңіз ғылымын оқып-үйренудің түкке де қажеті жоқ" деп ой түйгенім де есімде. Жүргізуші мен капитан сияқты арнайы мамандардың болғаны қандай керемет, олардың кәсіптік білімі теңіз иісі мұрнына да бармайтын мен секілді мыңдаған дым сезбестсрге игілікті қызмет етеді, деп толғанғаным және бар. Есесіне, деймін мен, көди-сөди заттарды оқып-үйренуге бас қатырғанша, бар күш-қуатымды өзіме қажетті мәселелерге жұмсамаймын ба, мысалы, Америка әдебиетінің тарихындағы Эдгар Поның рол дегендей. Тіпті осыған сәйкес айта кету де артық етпес, "Атлантиканың" соңғы санында оған арналған менің мақалам да жарық керген ғой. Пароходқа келіп отырып, салонға көз қиығымды салғанда, "Атлантикадағы" дәл менің мақалам шыққан бетке үңіліп отырған сымбатты бір джентльменді көргенде, ішім қандай жылып кетті десеңші. Бұның өзі де еңбек бөлінісінің тым пайдалы жағын еске түсіргендей еді; жүргізуші мен капитанның арнайы білімі осы бір сымбатты джентльменді Саусалитодан Сан-Францискоға шаршатпай жеткізумен қатар оған Эдгар По жөніндегі менің арнайы біліміммен танысуға да мүмкіндік жасап отыр.
Менің желке тұсымдағы салон есігі сықыр етіп ашылды да, әлдебір қызыл шырайлы адам палубаға шығып, ойымды күрт бұзып жіберді. Соның алдында ғана мен келесі кезекте жазатын мақаламның тақырыбын іштей пісіріп тұрғанмын, тіпті оған "Бостандықтың қажеттігі. Суреткерді қорғау туралы сөз" деген ат да қойып үлгергенмін. Қызыл шырайлы адам жүргізу рубкасына көз салды, сосын бізді тұмшалаған тұманға қарап біраз тұрды да, палуба үстінде сылти басып ары-бері жүріп келіп (бір аяғы ағаш екені сезіліп тұр), ақыры менің қарсы алдыма талтайып тұра қалды; жүзі жылы көрінді. Бұл адам бүкіл ғұмырын теңізде өткізген болар деген менің болжамым расқа шыққандай.
— Жасыңа жетпей шашыңды ағартатын-ақ күн ғой мынау, — деп ол жүргізу рубкасы жаққа иек қағып, күңк ете қалды.
— Не, сонда бұл ерекше бір қиыншылық туғыза ма? — дедім мен. — Әрі-беріден соң екі жерде екі — төрт дегендей қарапайым ғана нәрсе емес пе! Бағытты компас көрсетіп тұрады, қашықтық пен жылдамдық ол да белгілі. Мұнда қарапайым арифметикалық есептен басқа не бар.
— Ерекше қиыншылық! — деп ол ызалы мырс етті. — Екі жерде екі — төрт дегендей қарапайым! Арифметикалық есеп!.. Сөзінің түрін!
Ол сәл шегіне түсіп, маған сынай қарады.
— Ал сіз Алтын Қақпаға қарай ақтарыла құлайтын судың тасуы туралы не айтасыз? — Бұнысы қарапайым сұрақтан гөрі тергеуге ұқсап еді. — Ағыстың жылдамдығы қанша? Ал оның бұра тартуы қалай? Ал мынау не — тыңдаңызшы! Қоңырау ма? Біз тура қоңыраулы дабылға сұғына кіріп барамыз! Қараңыз — бағытты өзгерттік.
Тұман ішінен азынай ышқынған дыбыс естілді. Артынша... біздің кеменің жүргізушісі штурвалды жанталаса бір жағына бұрып үлгерді. Қоңырау үні енді алдыңғы жақтан емес, бүйірден естілген. Осы мезетте біздің пароходтың да гудогы қырылдап қоя берді де, іле-шала оған басқа гудоктар қосылды.
— Міне, тағы бір пароходсымақ! — деді қызыл шырайлы адам, гудок дыбысы шыққан оң жаққа қарай иек көтеріп. — Ал мынау! Естисіз бе? Жай ғана кернеймен белгі беріп келеді. Соған қарағанда, қайдағы бір шаланда болу керек... Е-ей, шаландада отырған байқұстар, сақ болыңдар! Иә, біліп едім-ау! Қазір біреулер әкесінің атын ұмытатын болады!
Көзге шалынбаған пароход гудок үстіне гудок басты, оған керней қосылды, бәрінің есі шығып кеткен сияқты.
— Міне, енді бір-бірін түсінгендей, бұдан соң әркім өз жолын табады, — деді қызыл шырайлы адам, төңірек тып-тыныш бола қалған кезде.
Ол маған дабылдар мен кернейлердің бір-біріне не деп белгі бергенін түсіндіріп берді. Түсіндіріп тұрған кезде көздері ұшқын атып, жүзі нұрланып кеткендей болған.
— Сол жақта — пароход дабылы, ал анау жерде, естисіз бе, қырылдаған тағы бірдеменің даусы шығады, — бұл бумен жүретін шхуна болу керек, байқаймын, ол мына тұйықтан сытылып шығып, енді шығанаққа қарай лықсыған ағысқа қарсы тырбаңдап бара жатыр.
Алдымыздағы тым таяу жерден төбе құйқаны шымырлатар бір белгісіз ысқырық жын қаққандай азынап қоя берді. Оған дауылпазын даңғырлатып "Мартинес" те жауап қатып қойды. Біздің пароходтың доңғалағы бір сәт айналмай қалып, оның су сабалаған қалақшалары біразға дейін тастай қатып тұрды да, сосын біртіндеп қайта қозғалысқа келе бастады. Төбе құйқаны шымырлатар жаңағы өткір ысқырық уақыт өткен сайын бізден алыстай берген де, тағы бір мезетте қалың тұманның сонау бір түкпірінен тек құмыға ғана жеткен. Мен жанымдағы серігіме сұраулы пішінмен көз салдым.
— Әлдебір жүрекжұтқан кішкентай катерсымақ қой. Мұндайларды суға батырып жіберсе, обалы жоқ. Бұлардан келер бәле де жеткілікті, ал ондай бәле кімге керек? Қайдағы бір миғұла осындай итаяққа отырады да, көзді жұмып, ашық теңізге шығып кетеді. Онымен қоймай ысқырады және. Неге ысқыратынын ол есуастың өзі де білмейтін шығар. Теңіз тәртібінде, кемелердің бәрі бір-біріне жол беруі керек, ал әлгіні байқаған шығарсың, басқаларды ысқырып жолдан шығарып келеді. Өңмеңдеп тек алға ұмтылады. Жол берудің міндетті екенін білмейді. Қарапайым сыйластықтың өзі де осы жол беруден тұратынын олар кәперге де алмайды.
Осы бір түсініксіз ашу-ызаның өзі менің де ой-қиялыма біраз қанат байлаған; жанымдағы серігім ашулана сызданып, ары-бері сылти басып жүргенде, мен тағы да тұман турасында әдемі бір романтикаға беріліп кеткем. Иә, бұл тұманның да, сөзсіз өз романтикасы бар екені рас қой. Түпсіз тұңғиық ғарыш кеңістігінде шыр айналып жүрген кішкентай ғана Жер шарының үстінде ол тұла бойын жұмбаққа толтырып, аруақтай сұп-сұр күйге түсіп, аттың құйрық-жалындай сонау биіктен салбырай төніп тұрғандай. Ал осынау шексіз ғаламда тозаңның бір түйіріндей немесе болмашы ұшқындай ғана болып көрінетін адамдар ағаштан ат, темірден көлік мініп, тойымсыз, қанағатсыз қызық қуып, Көзкөрместің ішінен тынымсыз жол іздейді, әркім өзінікін жөн көріп, айқайлайды, шулайды, сөйте тұрып сенімсіздік пен үрейден әмсе жүректері қалтырап тұрады.
Күтпеген жерде шыққан жанымдағы серігімнің даусы менің қаңғыған ойымды қайтарып алғандай болды да, мырс етіп күліп жібердім. Өзімнің де, міне, желдей есіп, желік қуып келе жатқаным есіме түскен.
— О, о! Тағы біреу бізге қарсы келе жатыр, — деді қызыл шырайлы адам. — Естисіз бе? Тыңдаңызшы? Тура ұшып келеді бізге қарай. Жел айдаған бірдеме.
Бетімді жеңіл жел желпи берді; мен бір бүйірден және сәл алдыңғы жақтан гудок үнін ап-анық естідім.
— Бұл да жолаушылар кемесі ме? — дедім мен.
Қызыл шырайлы адам бас изеп қойды.
— Иә, әйтпесе бүйтіп жын қаққандай жүре ме! Біздің кеме де сасып қалды-ау деймін.
Мен жоғарыға көз салдым. Капитан кеудесіне дейін жүргізу рубкасынан шығарып алып, қалың тұман ішіне абыржи қарап тұр екен. Палубада ары-бері ақсай басып жүрген менің серігімнің жүзінен де бір үрей байқалған; мына қара түнек арасынан көзге көрінбес әлдебір қауіптің жақындап келе жатқанын ол да сезгендей.
Бәрі де көзді ашып-жұмғанша болды. Қою тұман пышақ кесіп түскендей қақ жарылды да, соңынан құдды теңіз балдырын шұбатқандай қара тұманды будақтатып, бір пароход дәл алдымыздан шыға келді. Қас қағым сәтте мен оның жүргізу рубкасын, одан басын шығарып тұрған бурыл сақал қарт адамды көзім шалып қалды. Ол үстіне көкшіл форма киіпті, онысы өзіне сондай қонымды да көрінген, дегенмен бәрінен бұрын менің есімде қалғаны — оның соншама салқынқанды, сабырлы түрі еді. Өлім мен өмір бетпе-бет келген дәл осындай сәттегі оның ұстамдылығы кімді де болсын қайран қалдырғандай болатын. Көрдім, көндім тағдырдың жазғанына, енді не де болса қарсы тұрам дегендей еді ол сонда. Сөйтіп қасқая тұрып ол бізге аса сабырлы да салмақты көз тастаған, сөйте тұрып біздің жүргізушінің: "Құрттың, қақбас!" — деген жанайқайына да селт етпеген.
Сол сәт енді есіме түскенде ойлаймын, жүргізушінің бұл айқайына жауап қату да мүмкін емес еді ғой онда.
— Тез! Тезірек ұстап қалыңыз бірдемені, және қатты ұстаңыз! — деді маған қызыл шырайлы адам жандәрменде.
Алғашында абыржып қалған ол артынша жылдам ес жиып, еріктен тыс сабырға түскендей еді.
— Ал қазір әйелдер ойбайға басады, — деді ол осы оқиғаны бұрын да бастан кешкендей ызалана күңк етіп.
Мен бірдемеден ұстап үлгергенше кемелер де соқтығысып бір-ақ тынды. Алдыңғы кеме бізді ортаңғы борттан соққан болуға тиіс, бірақ оқиға көз алдымнан тыс өткендіктен мен оны дәл байқай алмай қалдым. "Мартинес" қатты шайқалып кетті де, қапталдың гүтір-гүтір сынғаны білінді. Мен сызды палубаға етбетімнен түстім, сосын қайта тұрғанша әйелдердің құлақ тұндырар ойбайын естідім. Бұл өзі жантүршігерлік дауыс болғаны сонша, жүрегім тас төбеме шыққандай болды. Құтқару белдіктері салонда жатқаны есіме түсті де, солай қарай жанұшыра ұмтылдым, бірақ есік аузында есі шыққан жолаушыларға соқтығысып олардың арасында тырбаңдадым да қалдым. Бұдан кейін не болғаны есімде жоқ — тек еміс-еміс білетінім: әйтеуір салонға жетіп, бас жағымдағы сөреден құтқару белдіктерін бірінен соң бірін түсіре бергенім, оларды қызыл шырайлы адамның улап-шулаған әйелдерге кигізе бастағаны... Сонан кейінгі көрініс тағы да ап-анық көз алдымда: үңірейіп тесіліп қалған салонның қабырғасы, одан бұрқырай кіріп жатқан сұрғылт тұман буы; үстінде әр түрлі заттар шашылып жатқан жұмсақ төсектер; еденде аяқ алып жүргісіз киім-кешек, шүберек, ыдыс-аяқ; беліне құтқару белдігін байлап алып, менің мақалам шыққан журналды қолына ұстаған күйі көзі атыздай болып, алдымнан шыға келген кешегі сымбатты джентльмен; ағаш аяғын сүйрете бастап, каютада алдынан шыққан адамның бәріне белдік кигізіп жүрген қызыл шырайлы адам... Дода-додасы шығып жылаған әйелдер...
Бәрінен бұрын әйелдердің осы бір шыңғырған даусы менің жүйкеме қатты тиген. Байқауымша, қызыл-шырайлы адам да бұған өте күйзелсе керек, өйткені мына бір сурет жадымда мәңгі қалып қойыпты: тығыршықтай денелі, сұлу джентльмен журналын пальто қалтасына салып жатып, төңірегіне алақ-жұлақ қарай береді; әйелдер беттерін жыртып айқайлап, бейне өліп бара жатқандай жамыраса шыңғырып, салон іші азан-қазан боп кеткен, ал қызыл шырайлы адам енді ашудан түтіге булығып, найзағайдан от шашқан құдайдай қаһарланып, екі жұдырығын жоғары түйген күйі қалш-қалш етіп айқайға басқан.
— Жабыңдар ауыздарыңды! Жап деймін сендерге!
Мен осы көрініске қарап тұрып, кенет өзімді бір күлкі қысқанын сезіндім, артынша бұл күлкімнің есіріктің белгісі, қояншықтың нышаны екенін де түсіндім; өйткені менің алдымдағы әйелдер — үйдегі өз анам мен қарындастарым сияқты әйелдер — өлімнен қорыққан, өлгісі келмей жанталасқан бейшара жандар еді. Олардың ащы үні менің есіме сойғалы жатқан шошқалардың шыңғырғанын түсірген — бұл да менің иманымды ұшырып еді. Жандары нәзік, жүректері асқан сезімтал бұл әйелдердің түрі енді адам шошырлық болатын. Олар өмір сүргісі келген, бірақ қақпанға түскен тышқандай дәрменсіз еді, тек шыр-шыр еткенмен басқа амалдары да жоқ-ты.
Бұл сұмдық еді, мұндай сұмдықты көріп тұруға жаным шыдамай, мен енді палубаға қарай атылдым. Ары-бері андызған адамдардың сұлбасын ғана көргендеймін, тек айқайын ғана естимін, — біреулер шлюпкаларды түсіруге ұмтылған... Бәрі де кітапта суреттелгендей. Жүк көтергіштер құрысып, тістесіп қалған. Бәрі де жарамсыз. Бір шлюпканы түсіріп еді, оның тығынын жабуды ұмытып кетіпті: әйелдер мен балалар отырған кезде, ішіне бірден су толып кетті де, лезде тұңғиыққа бата жөнелді. Екінші шлюпканы тек бір басымен ғана түсірудің мүмкіндігі болған: екінші басы жүк көтергіште ілініп қалған да, ақыры бос өзін суға шалп еткізген. Ал бізді апатқа ұшыратып кеткен кеменің ізі де суып үлгерген-ді, бірақ біздің адамдардың бәрі "ол міндетті түрде құтқарушы шлюпкалар жібереді" деп үміттенген болатын.
Мен төменгі палубаға түстім. "Мартинес" жылдам бата бастаған, су борттың кемеріне дейін көтеріліп қалып еді. Көптеген жолаушы борттан секіре бастады. Енді біреулер суда малтыға жүріп, өздерін қайта палубаға көтеруді сұрайды. Оларды тыңдап жатқан да ешкім жоқ. Төңіректен тек: "Өлдік! Құтқара көріңдер!" — деген жанайқайлар ғана шығады. Үрей билеген өзгелермен бірге мен де борттан секіріп кеттім. Бұны ойлап істедім бе, әлде көзді жұмып, қойып кеттім бе — өзім де білмеймін, бірақ суға бір батып, бір шығып жүріп, неге жұрттың палубаға қайта көтеруді өтінгенін түсінгендей болдым. Су тастай суық екен, жан шыдатпас суық екен. Оған батқан кезде, бүкіл денем от қарығандай күйе түскен. Суық сүйегіме дейін жетіп, ажал тырнағы тура алқымыма батқандай. Абайсыздық пен қорқыныштан суға қалай шашалып қалғанымды да білмеймін, құтқару белдігінің көмегімен қақалып-шашалып су бетіне қайта шықтым. Аузымнан теңіздің кермек дәмі білінді, кеудем мен өкпемді бір нәрсе күйдіре тұншықтырып бара жатқандай.
Бірақ бәрінен де суық дегенің сұмдық екен. Мен енді оған бұдан әрі төзе алмайтындай, татар дәмім таусылғандай сезіндім. Маңайымдағы адамдар да суда тырбаңдап жүр. Олар әлдене деп бір-біріне айқайлайды. Бұнымен қоса ескектің шылпылын да естимін. Байқауымша, бізді суда батырып кеткен пароход құтқарушы шлюпкалар жіберген сияқты. Уақыт өтіп жатыр, мен өзімнің әлі де тірі екеніме таң қаламын. Бірақ аяқтарымнан жан кетіп қалған секілді, бұл жансыздық біртіндеп жоғары өрлей түскендей. Көбікті майда толқындар мені қайта-қайта суға көміп өтеді; мен тағы да қақалып-шашалып қаламын.
Айқай-шу ақырындап бәсеңдей берген; ең соңғы шыңғырған дауыс маған алысырақтан жеткенде, "Мартинестің" мүлде суға батып кеткенін сездім. Сонан соң — қанша уақыт өткенін білмеймін — есімді жиған сәтте бойымды тағы үрей билей жөнелген. Мен жалғыз қалған екенмін. Жалына көмек сұраған ешкімнің даусын естігем жоқ, тек құлағыма тұман ішінде тылсым бір сырды жасырған майда толқындардың шуылы ғана шалынған. Көппен бірге бөліскен үрейден гөрі жалғыз қалғанда бойды билеген қорқыныштың салмағы әлдеқайда ауыр көрінді маған. Толқындар қайда алып кеткен мені? Қызыл шырайлы адам судың ағысы Алтын Қақпа арқылы өтеді деп еді. Мені сонда ашық теңізге қарай алып шыққан ба? Ал менің құтқару белдігім кез келген минутта істен шығып қалуы мүмкін ғой! Мұндай белдікті кейде қатты қағаз бен қамыстан да жасайды дегенді естігем, егер сондай болып шықса, суға езілген бұл белдік те мені алысқа жеткізе қоймас. Ал өзім мүлде жүзе алмаймын. Және жападан-жалғызбын, ұшы-қиырсыз мына көк теңізде толқындардың мені қайда сүйреп бара жатқаны да белгісіз. Жасырары жоқ, мен ақылымнан адасып бара жатқандаймын, қарадан қарап айқай саламын, құдды манағы әйелдер сияқты шыңғырамын, тас боп қатып қалған қолдарыммен жын ұрғандай суды сабалаймын.
Бұның қаншама уақытқа созылғанын білмеймін. Бір мезет қалың ұйқыға кеткендей есімнен айырылып қалған екенмін, көзімді ашқан сәтте, арада соншама ұзақ уақыт өткен сияқты сезіндім. Басымның тура жоғарғы жағында тұман ішінен сұғына шығып тұрған кеменің тұмсығын, одан жоғарыда бірінен соң бірі желге керіліп тұрған үшбұрышты үш желкенді көрдім. Кеме тұмсығы қақ жарып өткен су көбіктеніп, толқындар екі жаққа жиырыла қашып барады, ал мен оның дәл осы жолында жатқанымды байқадым. Айқайлағым келеді, бірақ оған күшім жетпейді. Кеме тұмсығы мені сүйкеп өте жаздап, еңкейе алға жылжыған. Таудай толқындар басымнан ақтарыла құлады. Сосын кеменің қап-қара борты жанымнан жанап өте берді — оның тым жақындағаны сондай, қолым тие жаздаған. Қалайда ұстап үлгерейін деп, ышқына ұмтылдым, бірақ қатып қалған қолдарым икемге келмеді. Тағы да айқайлайын дедім, алайда даусым шықпады.
Қара-бұйра толқындарды жанымнан кесіп өте берген кеменің корм дейтін артқы жағы маған ап-анық көрінді де, штурвалда тұрған жүргізуші мен оның жанында жайбарақат сигар тартып тұрған адам көзіме оттай басылды. Ол ақырын ғана басын бұрып, мен жақтағы суға көз қиығын салғанда, аузынан сигар түтіні бұрқ-бұрқ ете қалған-ды. Бұл өзі адамның еріккен бір сәттегі ойсыз, мақсатсыз, қарай салсам нем кетеді дегендей әншейін ғана кездейсоқ мойын бұру мен кездейсоқ қимылдан туған жай еді.
Бірақ мен үшін осы әншейін ғана мойын бұра салудың өзі я өмір, я өліммен бірдей болған. Қою тұман кемені тағы да жұтып бара жатты. Оның артынан жүргізушінің арқасын және мен жаққа еріне көз салған, өте еріне көз салған анау сигарлы адамның басын байқап қалдым. Бұл ойға батқан адамның жай ғана жалаң көзқарасы еді, мен оның көз аясына іліккен күннің өзінде ол мені көрмей кетеді-ау деп, жүрегім тас төбеме шыққан. Бірақ... міне оның да көзі маған түсті. Ол штурвалға секіріп шықты да, жүргізушіні итеріп тастап, әлдене деп айқайлап жіберіп, дөңгелекті шапшаң бұрай бастады. Кеме бір жағына қарай бұрыла берді де, тура сол сәттің өзінде тұман ішіне сіңіп кетті.
Мен және есімнен айырылып бара жатқанымды сезіп, түнек қойнауына мүлде батып кетпес үшін бар күшімді жиып, арпалыса бастадым. Бірақ көп өтпей-ақ ескектердің сылпылы мен біреулердің даусы дәл жанымнан естілген... сосын тағы бірер секунд өткенде:
Ау, неге дыбысыңды шығармайсың сен! — деген ашулы дауысты құлағым шалып еді.
"Бұлар маған айқайлайды, маған!" деп ойладым. Артынша көз алдым тағы да қарауытып кеткен еді...
ЕКІНШІ ТАРАУ
Мені белгісіз бір күш тербеп, әдемі ырғақпен ғарыш кеңістігінде зымыратып бара жатқандай көрінді. Жымың-жымың еткен мың сан ұшқындардың жанынан зулап өтіп барамын. Мен оларды жұлдыздар мен отты шарлар екен деймін. Осы тербеліспен шырқау биікке көтеріліп, енді қайта төмен құлдырай ұшқан сәтімде, әлдебір тұстан жер-дүниені күңіренте соққан гонг дүмпуі мен азынай ысқырған дабыл үнін естимін. Ғарыштағы осы ғажайып сапарым тұтастай ғасырға, сан жетпес жылдарға созылғандай тым тәтті рақатқа батамын.
Алайда бұны түсім бе деймін, түсім екеніне біртіндеп көзім жете түседі. Тербеліс қашықтығым уақыт өткен сайын қысқара түскендей. Мені бір жақтан екінші жаққа аяусыз лақтырады. Жанымды қоярға жер таппаймын; түпсіз бос кеңістікте соншама жылдамдықпен ары-бері допша домалап жүрген сияқтымын. Жүйкеге тиер гонг үні тіпті жиілеп барады. Оның әрбір күмпілдете ұрғанын тыжырына күтемін. Сонан соң мені күнге қызған ып-ыстық, сусымалы құм үстінде сүйреп бара жатқандай көрінді. Тұла бойымды біреу езгілеп, тілгілеп тастағандай, денем удай ашып, от боп жанып барады. Гонг үні даңғыр-даңғыр етеді, құдды шіркеу қоңырауы секілді: Жылтыраған мың сан ұшқындар жанымнан зулап өтіп жатыр, бүкіл әлем астан-кестен қопарылып, төмен құлап келетіндей. Мен алқына демігіп, әзер көзімді ашып алдым. Екі адам тізерлей отырып, мені сілкілеп жатыр екен. Манадан мені алапат күшпен тербетіп, әлдеқайда лақтырып келе жатқан — толқын үстінде шайқалған кеме екен де, ал сұмдық гонг дегенім — толқындар бортқа соққан сайын даңғыр-даңғыр еткен, қабырғада ілулі тұрған жалпақ таба болып шықты. Денемді әлгі оттай қыздырған сусымалы ыстық құм да енді менің жалаңаш денемді ысқылай берген бейтаныс адамның кедір-бұдыр алақанына айналған. Денем удай ашиды. Басымды көтеріп, жалаңаш денеме қараймын: қатты ысқылаған қабырғамның сырты қанталай қызарып кетіпті.
— Болды! Жетті, Ионсон! — дейді екіншісі. — Көрмейсің бе, джентльменнің бір қабат терісі сыпырылып қалды ғой.
Ионсон деген әлгі адам — зор денесіне қарап скандинавиялық шығар деп топшыладым — денемді ысқылағанын қойып, орнынан жайлап тұра берді. Екінші адам — сөйлеу мәнеріне қарағанда, кокни1 сияқты — түрі әйелге ұқсас нәзіктеу екен; оның сыртқы пошымы емшек сүтін емгеннен бастап бүкіл бойына лондондық шіркеудің қоңырау күмбірін сіңіріп өскенін айғақтайтындай. Осы адамның басындағы кір-қожалақ кенеп қалпағы мен беліндегі саталақ-саталақ алжапқышына қарап, мен өзімнің камбуз деп аталатын кеме асханасында жатқанымды сездім.
— Иә, өзіңізді қалай сезінесіз, сэр? — деді ол бір түрлі жарамсақ жымиыспен, бұнысы — бұл жақсылығымды ұмытпайтын шығарсыз дегендей көрінген.
Мен жауап орнына қинала көтеріліп, тізерлей отырдым, сосын Ионсонның көмегімен екі аяғымнан тік тұрдым. Қабырғада ілулі тұрған табалардың даңғыры жүйкеме қатты тиген. Әлі де ес жияр емеспін. Құлап қалмас үшін бір қолыммен ағаштан жасалған кip-кip, майлы тақтаның шетінен ұстап тұрып, екіншісімен жоғарыда ілінген ауыр ыдысты жұлып алып, көмір салған жәшікке атып ұрдым.
Жүйкем тозып, сіркем су көтермей тұрғанын көк сезді білем, мырс етіп күліп жіберді. Сосын буы бұрқырап тұрған, ішінде әлдебір сұйығы бар күріжкені қолыма ұстата берді.
— Ішіп алыңыз, қазір-ақ құр аттай шабасыз!
Күріжкедегі сусын ит ішпес бірдеме екен. Кеме кофесі. Бірақ бойыма қан жүгіртіп, сергітіп жіберді. Кофені ұрттай отырып, дал-далы шыққан кеудеме көз жүгірттім, сосын скандинавиялыққа бұрылып:
— Рахмет сізге, мистер Ионсон, — дедім. — Алайда мені тым мыжғылап тастадым деп ойламайсыз ба?
Менің сөз астарымды түсінді ме, түсінбеді ме, білмеймін, бірақ қалай десем де менің қызылжоса болған кеудем біраз жайдан сыр аңғартқандай еді. Ол жауап ретінде маған алақандарын көрсетті. Бұл бір ерекше мүйізденіп қалған, күс-күс, кедір-бұдыр алақан екен. Саусақ ұшымен оны ақырын сипап көргенімде, қолыма жылан қабығы тигендей тітіркене қалдым.
— Менің атым Ионсон емес, Джонсон, — деді ол ақырын ғана, бірақ тап-таза ағылшын тілінде.
Мен оның сәл көкшілдеу көзінен болмашы қарсылықты аңғардым, сонымен қоса одан ұяңдау ғана турашылдық пен ер мінезділікті сезіп, оған ішім жыли түскендей болды.
— Рахмет сізге, мистер Джонсон, — деп мен асығыстау сөзімді түзедім де, оған қолымды ұсына бердім.
Ол екі аяғына кезек салмақ түсіре тұрып, біраз кібіртіктеп қалды; сосын батылсыздау, бірақ шын ниетімен қолымды алды.
— Менің үстіме киетін бірдеме табылмас па екен? — дедім көкке бұрылып, өз үстімдегі суға шылқыған киімдеріме тыжырына қараған күйі.
— Табамыз, сэр! — деді ол жұлып алғандай. — Егер жиіркенбесеңіз... өзімдікін-ақ берейін сізге. Қазір төменге барып, алып келейін.
Ол есіктен жылдам шығып, жүгіре жөнелді, дәлірегінде жылан сияқты жорғалап бара жатқандай көрінді. (Оның осы жылан қимылы бүкіл болмысына тән екенін мен кейін білгем).
— Мен осы қайда тұрмын, қай жердемін? — дедім Джонсонға, оның теңізшілердің бірі екеніне сенімді түрде.
— Біз қазір Фараллон аралдарының маңындамыз және оның оңтүстік-батысында, — деді ол методикалық тұрғыдан нық жауап беріп, әрі осыны айтқанда, мүмкіндігінше ағылшын тілінде дұрыс сөйлеуге тырысқаны байқалған. — Біздің шхунаны "Елес" деп атайды. Жапон жағалауларынан теңіз мысықтарын аулауға бара жатырмыз.
— Ал шхуна капитаны кім? Киініп болған соң мен онымен кездесуім керек.
Күтпеген жерде Джонсонның өңі бұзылып, әбіржіп қалғаны байқалды. Бірден жауап та бермеді; айтар сөзін іштей жұптап, бұл мәселеде қалайда асықпай, ойланып сөйлеуді жөн көргені сезілген.
— Капитанымыз — Қорқау Қарсен, оны бәрі де солай атайды. Шын атын ешқашан естіген емеспін. Бірақ сізге айтарым, онымен өте абайлап сөйлесіңіз. Әсіресе, дәл бүгін жынданып жүр. Оның көмекшісі...
Ол сөзін аяқтай алған жоқ: камбуз көк кіріп келген.
— Бұл жерден тезірек жоғалғаныңыз дұрыс, Ионсон! — деді ол. — Шал сені палубада бассалады, егер көңіліне жақпай қалсаң — құрыдым деп есепте.
Джонсон сөлбірейіп есікке қарай беттеді. Кетіп бара жатып коктың сыртынан маған иек қағып, "жаңа айта алмай қалған сөзімде үлкен мән бар, капитанмен өте абайлап сөйлес" дегенді тағы да ыммен білдіріп кеткендей болды.
Коко қайдағы бір кір-кір, умаждалған шүректерді иығына салып, көтеріп келген. Күлімсіген көк иісі бөлме ішін мүңкітіп жіберді.
— Мен бұларды шешкен кезде сулау еді, сэр. Сол су қалпымен тыға салып едім, сэр. Аздап, иістеніп кетіпті, — деп түсіндірген болды ол. — Әзірге осымен жүре тұрыңыз, сосын сіздің киімдеріңізді кептіріп қоям ғой.
Кеме қатты шайқап тұрғандықтан мен жұқа ағаш қабырғаға сүйене жабысып, кокктың көмегімен үстіме жаман бір күпәйкені киіп алдым. Астарындағы қылшықты жүні денеме түрпідей тиеді. Тітіркеніп тұрғанымды байқап үлгерсе керек, кок та тыжырына қалған.
— Мұндай киімге өмірі үйрене алмайтын шығарсыз. Бикештердің тәніндей денеңіз өте нәзік қой. Сізді көрген сәтте-ақ джентльмен екеніңізді сезіп едім, — деп қойды ол.
Бұл адам маған бірден ұнамаған, ал киіндіруге көмектесіп жатқанда, мен оны мүлде жек көріп кеттім. Жаныма жақындаған сайын жирене түсемін. Тіпті денеме қолын тигізгім келмейді. Бұл жиіркенішті сезім мені асықтыра киіндіріп, тезірек сыртқа шығып кетуге итермелеген. Оның үстіне маған капитанға жолығып, жағаға жеткізіп салу жөнінде өтініш жасауым керек еді.
Жағасы мыж-мыж бырысқан, омырауына қан сияқты бірдеме қатқан, арзанқол сәтен көйлекті де кок маған жағы талмай бірдемені түсіндіре жүріп кигізіп қойған. Сонан кейінгі менің "сәнденуім" бұзаутұмсық екі бәтеңкені екі аяғыма сұғып, бір балағынан екінші балағы сүйем-қарыс қысқа шалбарды бұтыма жапсырумен аяқталып еді. Әзірейілдің өзі лондондықтардың жанын осы шалбардың ішінен суырып алмақ болғанда, саусағына бар іліккені жаңағы балақтың жартысы ғана ма деп ойлағандайсың.
— Дегенмен мен кімге рахмет айтарымды білмей тұрмын! — дедім мен кокке сұраулы пішінмен.
Сөйтіп тұрып үстіме көз саламын. Басымда — шекемді ғана жасырған тарлау фуражка, кеудемде — көйлек үстінен кие салған күрте — етегі беліме ғана жетеді, жеңі шынтағымнан сәл асқан.
Кок мардымсып бой түзеді, жүзіне жымысқы күлкі үйіріле қалған. Менің біраз тәжірибем бар еді: атлантика пароходтарының малайлары сапар аяқталғаннан кейін қалай жылмаңдап тұратынын талай көргем, солар сияқты кок та істеген жақсылығына ақы дәметіп тұрғандай көрінді. Алайда онымен кейінгі таныстығым бұл ойымды жоққа шығарған: коктың ылпың-жылпыңы әншейін жарамсақтықтан басқа ештеме емес екен.
— Менің аты-жөнім — Магридж, сэр, — деді ол рахметті маған айтасыз дегендей. — Томас Магридж, сэр. Сізге қызмет етуге әзірмін, сэр!
— Жарайды, Томас, — дедім мен. — Киімдерім кепкен кезде сізді ескерермін.
Оның көзі жайнап, беті нұрланып кетті. О баста жер бетіне алақан жайып келген ата-бабасының рухы бұның да көкірегінде қайта оянып шыға келгендей көрінді.
— Рахмет сізге, сэр! — деді ол әрі түсінген, әрі келіскен кейіпте.
Мен есікті ары итердім, кок те бір жаққа зыта жөнелді; мен
палубаға көтерілдім. Суда ұзақ қалып қойғандықтан денемді әлсіздік билеп, әлі де аяғымды зорға басып келемін. Жол екпіні қатты екен, мен шайқала тербеліп тұрған палубада бірнеше қадам жерге теңселіп барып, рубка бұрышына жеттім де, құлап қалмас үшін одан ұстай алдым. Тынық мұхиттың жал-жал толқындары үстінде шхуна бірде қайқая көтеріліп, бірде еңкейе құлдилап, екпіндей жүзіп келе жатыр. Егер, Джонсон айтқандай, кеме оңтүстік-батысқа қарай бет түзеген болса, онда менің есептеуімше, жел шамамен оңтүстіктен есіп тұр. Тұман жоқ. Күн ашық. Су беті айнадай жарқырайды. Калифорния осы жақта болуға тиіс деген оймен басымды шығысқа бұрдым, бірақ сонау алыста, көз ұшында көкшіл аспанға жұтылып бара жатқан — "Мартенисті" суға батырып, бізді апатқа ұшыратқан — қара тұманнан басқа ештеме көре алмадым. Ал солтүстікте, бізге тақау жерде, теңіз астынан шығып тұрған шоғыр-шоғыр құз-жартастар көрінеді, олардың бірінің басында шамшырақ жылтырайды. Әлдебір кеменің пирамида іспетті үшбұрышты желкендері ағараңдайды.
Теңізді шолып болған соң мен маңайымдағы ұсақ-түйек құбылыстарға мән бере бастадым. Сонда басыма келген алғашқы ой: бірінші кезекте менің киімдеріме көңіл аударғаннан гөрі кеме апаты кезінде тартқан азабым мен қыл ұшына ілінген тағдырыма ешкімнің мән бермегені қалай? Сонау жоғарыда, рубка штурвалында тұрған жалғыз теңізшіден басқа маған көз қиығын салған жан баласы жоқ. Есесіне мұндағылардың бәрі палуба шетіндегі бір кездейсоқ көрініске кірпік қақпай қадала қалыпты. Сол жерде люк қақпағының үстінде шалқасынан түсіп дөңкиіп біреу жатыр; жабағыдай ұйыса біткен қылшықты кеудесі жалаңаш, көйлегі жырым-жырым. Бурыл тартқан қою қара сақалы алқымына дейін тұтас жапқан. Осы қайратты да ұзын сақалының ұшынан мөп-мөлдір су тамшылары жылтырайды. Көзі жұмулы, тегі есінен танып жатса керек, бірақ кеудесін кере қорқырай дем алғанына қарағанда, қатты қиналыс үстінде сияқты. Матростардың бірі үйреншікті қызметін атқаруға кіріскендей жай ғана қимылдай жүріп, жіпке байлап борттан түсіріп жіберген кенеп шелекке су толтырып алды да, оны палубаға асықпай, созбалай көтеріп шығып, қимылсыз жатқан әлгі адамның үстіне лақ еткізіп құя салды.
Люк жанында бір адам аузындағы сигарын ызалана тістелеп, ары-бері сенделіп жүр — кеше мені кездейсоқ су бетінен тауып алған осы адам екенін мен енді ғана таныдым. Бойының ұзындығы бес фут, он дюймнан кем емес шығар деймін, тіпті он жарымға жетіп қалуы мүмкін, бірақ алдымен көзімді арбаған бұл емес — мен бірден оның алып күштің иесі екенін сездім. Оның мығым денесінен тек қызба, қызылетті адамдарға ғана тән серіппелі, сіңірлі күш байқалып еді, бұл күш осы алып адамды бір жағынан қара күштің құдайындай гориллаға ұқсатқандай көрінген. Мен бұны оның сыртқы тұлғасына байланысты емес, күштіліктің белгісін сіздерге елестету үшін айтып отырмын. Әдетте біздің ұғымымызда мұндай сұрапыл күш алғашқы тіршілік иелерінде: тағы адамдар мен жабайы жыртқыштарда ғана болғандай көрінетіні бар ғой. Жалпы, тіршілік атаулының қайнар бастауы, дүниенің дамуы, алғашқы материяның қозғаушы күші, өмірдің түпкі негізі, бәрі-бәрі де осы бір жабайы да сұрапыл күштен қуат алғаны рас қой; қысқасы, басын кесіп алған жыланды ирелеңдететін де, жаңа сойған тасбақаның етін бір нәрсе тиіп кеткенде тыржың-тыржың еткізетін де — осы күштің құдіреті емес пе.
Палубада сенделіп жүрген адам мені осындай ойға жетелеген. Ол аяғын нық басады, нық тұрады; оның бұлшық еттерінің әр қимылы — мәселен, иықтарының бұлтыңдауы немесе сигарын құшырлана тістеуі — бәрі де асып-төгіліп жатқан күштен белгі бергендей. Бірақ бұның өзі де оның сыртқы түрі мен қимыл-қозғалысынан көрініп тұрған ұлы күштің сарқыншағы, ал ең негізгі сұмдығы ішінде бұғып жатқандай, егер онысы оянып кетсе, дауыл тұрып, теңіз шайқала ма, кім білсін.
Кок камбуз есігінен басын шығарып, сұқ саусағымен люк жанында тұрған адамды нұсқап, "сол соның өзі" дегендей жымиып қойды. Шхуна капитаны немесе коктың "шал" дегені — өзім қалайда жолығып, одан әйтеуір бір жағаға жеткізіп салуды өтінгім келген адамның — осы адам екені белгілі болды. Мен оған талай дүниені түсіндіруге мәжбүр болатынымды сезіп, енді алға ұмтыла бергенімде, палубада жатқан бейшара адамды қайтадан бір сұмдық ауру қыса жөнелген. Ол бір-ақ сәтте құрысып-тырыса қалды. Арқасы доғадай иіліп, басы кегжиіп кетті, кеудесі көрік басқандай ырс-ырс етеді, тегі ауа жетпей жатса керек. Мен оның мөлт-мөлт етіп су тамшылаған қою қара сақалынан басқа ештеме көре алмадым.
Капитан — Қорқау Ларсен (кемедегілер оны солай атайды екен) ары-бері адымдай жүріп, ақыры өліп бара жатқан адамның жанына тоқтаған да, оған ызалана көз салған. Бұл бейшара жанның ажалмен ақтық рет арпалыса күресіп жатқан сәті еді. Оның бетіне су шашып жүрген жаңағы матрос та енді аңтарылып тұрып қалып еді, жанына қисайта қоя салған кенеп шелектен су сыздықтай төгіледі. Өліп бара жатқан адамның өкшесі люк қақпағын сарт-сарт соғады; сосын бір сәт аяқтары жайлап созыла түсті де, соңғы рет тұяқ серпіп, тым-тырыс тына қалды, бірақ басы әлі де екі жағына кезек бұлғаңдай береді. Бірақ сәлден кейін ол да тынышталып, ерін ұшынан ең соңғы рет шыққан жеңіл тынысымен бірге жаны қоса ұшып кеткендей болды. Жағы түсіп, аузы ашылып қалған, темекі ыстаған сойдақ-сойдақ сары тістері сонадайдан көзге ұрады. Ол осы түрімен: "Ей, ит өмір, мен сені өстіп ит қып кеттім!" деп, тағдырды тәлкек, жалғанды мазақ етіп жатқандай.
Енді мына қызыққа қара! Сұмдық! Капитан күтпеген жерде найзағайдай күркіреп, өліп жатқан адамды жеті атасынан бастап ал кеп сыбасын. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Боқтықтың неше түрі кеткен. Онысымен Құдайды да, Құдайдан былайғыны да оңдырып жатқан жоқ. Әр сөзі тәннен өтіп, жанға қадалады. Мұндай былапыт сөздерді мен көшедегі көкайылдардан да естімеген шығармын. Былапыт деймін-ау, мен өзім әдебиеттің адамы болсам да, қажет кезінде дәл осындай өткір де бейнелі, сонымен қатар тұла бойынан у тамған сөздерді табанда ойлап таба алмас едім. Бұл жерде менің түсінгенім: мына өліп жатқан теңізші — капитанның көмекшісі болған, кеме Сан-Францискодан шығар күні ол бір жаққа қаңғып кеткен, онысымен қоймай, міне өлмейтін уақытта өліп, дәл сапарға шығар алдында капитанды оң қолсыз қалдырған.
Мен есімнен тана жаздағанымды ежіктемей-ақ қояйын, бұны достарымның өздері-ақ түсінер. Боқтық, былапыт сөздер менің жаныма қай уақытта да қатты тиюші еді. Мынаны естігенде жүрегім айнып, құсқым келді. Менің ұғымымда өлім деген нәрсе бәрінен жоғары, бәрінен де қасиетті болатын. Ажалдың аяғы ауыр болғанмен жолы жіңішке сияқты көрінуші еді маған. Ал мынадай қадірсіз, аяусыз өлім мен үшін құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық еді. Жаңа айтып өткенімдей, Қорқау Ларсеннің қарғыс пен нәлетке толы боқтық сөздері менің төбе шашымды тік тұрғызған. Ол сөздердің уыттылығы мен оттылығы сондай, мына мәйіттің бетін қап-қара қып, күйдіріп жіберердей көрінген, егер анау сулы қара сақалдың ұшы кенет бытырлап жанып, түтіндеп шыға келсе, мен оған таңданбас едім. Бірақ өліп қалған адамға енді бәрібір ғой. Дегенмен ол әлі де маңайындағыларды мазақ қылып, тағдырды тәлкек етіп жатқандай еді. Осынысымен де ол дәл қазір көбімізден биік тұрғандай көрінген.
ҮШІНШІ ТАРАУ
Қорқау Ларсен боқтығын қалай кенет бастаса, солай кенет аяқтаған. Ол сигарын аяғына дейін тартып болып, бір сәт төңірегіне бұрылып еді. Назары алдымен Магриджке түскен.
— О, сүйікті кок? — деді ол еркелеткен болып, бірақ даусы ызғарлы да зілді естілді.
— Иә, менмін, сэр! — деп, кок жарамсақтана қалды.
— Сен болсаң, айтшы, абайсызда мойнымды үзіп алам деп қорықпайсың ба сен? Бұл саған аса пайдалы бола қоймасын білетін шығарсың. Көмекші өлді, енді сенен де айырылып қалғым келмейді менің. Сен өз денсаулығыңды өте күтуің керек, кок. Түсіндің бе?
Соңғы сөздің салмағы алдыңғылардың бәрін басып кеткен, саңқ етіп шығып, таңқ етіп басқа тигендей болды.
— Ұқтым, сэр! — Кок бүрісе түсті.
Бұдан соң мәйітке сұқтана қарап тұрғандар да тез ес жиып, әркім өз орнына қарай зыта жөнелді. Бірақ бірнеше адам камбуз бен люк ортасындағы қуыста бөгеліп қалған да, ақырын әңгімелесіп тұра берген. Мен бұлардың матростар емес екенін түсіндім, расында, кейін білсем, олар — басқаларға қарағанда біршама жеңілдікке ие болған, теңіз мысықтарын аулауға шыққан аңшылар екен.
— Иогансон! — деді Қорқау Ларсен айқайлап. Матрос сол сәтте жетіп келді. — Қолыңа ине мен жіп ал да, мына серіні "кебінге" орап тіге бер. Ескі желкенді қоймадан табасың. Зыт!
— Ал аяғына не байлаймыз, сэр? — деді матрос әдеттегі "құп болады, сэр!"-ден кейін.
— Қазір оның да амалын табамыз. Ей, кок, қайдасың? — деп Қорқау Ларсен айқай салды.
Томас Магридж ініне су толған сұртышқан секілді камбуздан алақ-жұлақ етіп атып шықты.
— Трюмге түс те, бір қап көмір алып шық.
— Жігіттер, араларыңда не Тәураты, не қандайда бір дұға кітапшасы бар біреу бар ма? — деп Қорқау Ларсен енді аңшылар жаққа бұрылған.
Олар басын шайқады, сосын топ орталарынан әлдекім қалжың сияқты бірдеме айтты да, бәрі қарқ-қарқ күлді. Оның не айтқанын мен естімей қалдым.
Капитан сосын матростарға қарап:
— Ондай қасиетті дүние мүмкін сендерден табылып қалар? — деген.
Олар үндемеді. Бұған қарағанда, Тәурат пен дұға кітапшасы бұл жерде қасқалдақтың қанындай болса керек. Дегенмен матростардың бірі күзетте тұрғандардан да сұрап көрейік деп, жоғарыға қарай жүгіре жөнелді. Бірақ бірер минуттан кейін құр қол қайтып келді.
Капитан иығын қиқаң еткізді.
— Қайтеміз, бұл сорлыны ендеше бос сөзбен бас ауыртпай-ақ борттан лақтыра саламыз да. Айтпақшы, мүмкін мына судан сүзіп алған жас жігітіміз бірдемені жатқа білетін шығар. Түрі попқа ұқсайтын секілді.
Қорқау Ларсен осыны айтты да, шұғыл мен жаққа бұрылды.
— Сіз, расында, пастор боларсыз?
Осы мезетте аңшылар да маған бір кісідей ошарыла қараған. Олар алтау еді. Мен өзімді мына киімдеріммен қора шетіне қадай салған қарақшыдай сезініп, бір түрлі ыңғайсыздана бердім. Артынша қарқ-қарқ күлкі естілді. Бұл күлкіні тіпті палубада тісі ақсиып жатқан мәйіт те тоқтата алған жоқ. Бұл күлкіден не әдеп, не иман, не адамдықтың мысқалдай белгісі байқалмаған. Өйткені бұл жан дүниенің жабайыланып кеткен көрінісі еді.
Қорқау Ларсен күлген жоқ, әйтсе де оның сұрғылттау көзінен біртүрлі рақат сезімнің ұшқыны жылтыраған. Мен оған жақындай бердім. Жақындаған сайын оны толығырақ тани түскендей болдым, бұған дейін оны сырттай бақылап тұрып, түр-түсіне аса мән бермеген екенмін. Бір қарағанда жалпақтау көрінетін бет пішіні негізінен сәл сопақ, бұдырлы, бірақ бітім кескіні түзу, тіпті ажарлы десе де болғандай екен. Дегенмен сыртқы түрінен алған алғашқы әсерім сияқты бұның өзі де лезде ұмытылып, оның ішкі қуаты, жан дүниесінің сонау түкпірінде бұлқынып, бұрқанып жатқан бұла күші мені тағы да өзіне ынтықтыра түскен. Ерекше біткен жақ сүйегі, қайыңның безіндей иегі, жұп-жұмыр бұғағы, тік қабағы мен қасқа маңдайы — бәрі-бәрі де көзден тасада жатқан ғажап күштің немесе алапат жан қуатының көрінісі ме дейсің. Бұл күштің өлшемі де, шегі де жоқ секілді, сондай-ақ оны ешқандай қалыпты ұғым аясына сыйдыру да мүмкін еместей.
Мен оның үлкен, әдемі көздерінен де көп сырды аңғарып үлгердім. Қою қара қастың астында қос шырақтай жанып тұрған осынау көздерде ерекше бір қасиет бар еді. Олардың сұсты сұрғылт түсі күн сәулесімен сан құбылып тұратын жібек мата секілді — сәт сайынғы өзгерісі тіпті қайран қалдырады. Иә, бұл кездер бірде қою-сұрғылт немесе ашық-сұрғылт, енді бірде сұрғылт-көкшіл немесе теңіз тектес құбылмалы көкшіл түске бояла қалады. Осы құбылмалы қос жанар сәт сайын бет пердесін өзгертіп отыратын оның ішкі дүниесінің айнасы да сияқты, тек ол әлдебір қақтығысты оқиға үстінде ғана өмірдегі нағыз болмысын абайсыз байқатып ала ма деп ойлаймын. Бұл көздердің түнерген қара аспанға да, жалаң қылыштан жарқ еткен ұшқынға да, теріскейдің темірдей қарыған суығына немесе тіпті түстіктің жылы шуағына да айналып шыға келуі оп-оңай шығар. Сондай-ақ мұндай көзден кейде кез келген әйелдің жүрегін жаулап алатын құдіретті махаббат оты да маздай, жанып шыға келуі мүмкін ғой.
Жарайды, әңгімемізді әрі жалғайық. Мен капитанға өзімнің пастор емес екенімді, өкінішке қарай ешқандай дұға да білмейтінімді айта бастап едім, ол сөзімді күрт бөліп жіберді.
— Ал сонда наныңызды қалай тауып жеп жүрсіз?
Жасырары жоқ, мұндай сұрақты маған бұрын ешкім қойған жоқ еді, тіпті өзім де бұны ешқашан ойлаған емеспін. Сондықтан әуелде аузыма сөз де түспей қалған.
— Мен... мен — джентльменмін, — дей бердім міңгірлеп.
Капитанның езуіне мысқыл үйіріліп шыға келді.
— Менің өз кәсібім бар... мен жұмыс істеймін... — дедім соттың алдында тұрғандай әрі ақтала, әрі абдырай сөйлеп. Бұны айтқанда және сөз емес сөзді ауызға алып, түсіндірмейтінді түсіндіріп, көптің алдында өзімді ыңғайсыз жайға қалдырғанымды да сезіп тұрдым.
— Өлмес күніңізді сонымен көріп жүрсіз бе?
Сұрақтың төтесінен қойылғаны сондай, қапелімде естен тана жаздадым, аузыма сөз түспей қалды, мұғалімнің алдындағы бала секілді басым төмен салбырап кеткен.
— Сізді сонда кім асырап жүр? — деді ол іле-шала.
— Маған тұрақты түсіп тұратын түсім бар, — дедім мақтанышты түрде. Бірақ тым есіп жібергенімді түсініп, тілімді тістей қойдым.
— Кешіріңіз, сізге айтайын дегенім тіпті де бұл емес... Мен... мен өтініш айтайын деп едім сізге.
Бірақ капитан мені одан әрі сөйлетпей бастырмалата жөнелді.
— Ол түсімнің иесі кім? Кімнің маңдай тері? А? Әрине әкеңнің. Сен талтаңдасаң, тек соның арқасында талтаңдап жүрсің. Әйтпесе сен кімсің? Өлілердің есебінен ғана күн көріп жүрген біреусің. Сен сияқты ақ саусақтар өздігінен бір күн де өмір сүре алмайды, ауыздарыңа ылғи да біреу жем салып, су құйып тұрмаса, кез келген сәтте арам қатасыңдар сендер. Қане, алақандарыңды көрсетші маған.
Оның іште бұғып жатқан алапат күші бір-ақ сәтте бұрқ етіп сыртқа шыққандай, мен ес жиып үлгергенше жаныма жалғыз-ақ аттап жетіп келген де, оң қолымды шап беріп ұстап, көзіне тақай берген. Мен оны босатып алайын деп барынша бұлқынып көріп едім, бірақ құрсаудай қысқан темір қолдың шеңгелі білек сүйегімді бытыр-бытыр сындырып бара жатқандай көрінді. Мұндай сәтте намысыңды қорғау түгілі шыбын жаныңды сақтап қалу мұң шығар. Мен оның жалғыз қолының уысында бүркіт ілген түлкідей тырбаң-тырбаң етемін, бірақ босай алмаймын, бұлқынған сайын темір қолдың шеңгелі қыса түседі. Ақыры барлық қорлыққа шыдап, тып-тыныш тұруға мәжбүр болдым.
Бұл уақытта матростар өліктің қалтасын түк қалдырмай ақтарып болып, одан табылған ұсақ-түйек заттарды палубаға жинап қойып, өзін ескі желкенге орап, ал Иогансен оны жуан ақ жіппен былғарыдан жасаған гардаман деген ерекше ине арқылы әр жерінен бір шалып тіге бастаған.
Қорқау Ларсен мені мазақ қылғандай бетін тыржың еткізді де, қолымды қоя берді.
— Сол өлгендердің арқасында үлбіреп қалған қол ғой бұл. Бұнымен ыдыс-аяқ жуып, ботқа пісіргеннен басқа ештемеге жарамассың.
— Мені бір жағаға жеткізіп салыңыз, — дедім ақыры батылдау тіл қатып. — Қанша сұрасаңыз да төлеймін. Жол шығыны, анау-мынау, бәрі менің есебімнен.
— Өлгендердің есебінен емес пе? — деп ол мырс етті. — Ал менің ұсынысым басқаша, сіздің пайдаңыз үшін, — деді сосын тағы. — Міне, көріп тұрсыз, көмекшім өліп қалды, сондықтан қызметте аздап ауыс-күйіс жасасам деймін. Мәселен, матростардың бірі көмекшінің орнын алады, юнга матростың орнына бакке барады, ал сіз юнганың қызметін атқарасыз. Бұл қызметіңіз үшін айына жиырма доллар және біраз азық-түлік аласыз. Ал не дейсіз? Сізге осыдан артық қандай жақсылық керек! Мен сізді адам етіп шығарам, білдіңіз бе, адам етіп. Сонда сіз екі аяғыңыздан тік тұрып кететін боласыз, мүмкін аздап сылтып қалуыңыз да ғажап емес.
Мен бұл сөзге аса мән бергем жоқ. Көздерім алыста еді. Әлгінде оңтүстік-батыстан төбесі қылтиып қана көрінген әлдебір кеменің кішкентай желкені енді біршама өсіп қалған, уақыт өткен сайын оның кескін-пішіні де айқындала түскен. Байқауымша, ол да мына "Елес" тектес шхуна сияқты, тек сыртқы түрі сәл кішілеу ме деймін. Ол шайқала ырғатылып, желкендерін желбірете керіп, бізге қарай аққудай сырғып келеді. Керемет көрініс! Көңіліңе желік бітіреді. Мына жүріс, мына бағытымен көп өтпей-ақ бізбен оның қатарласа беретініне имандай сеніп тұрмын. Жел күшейе түскен-ді. Күннің көзін бұлт шалған. Теңіз беті күңгірт тартып, көк толқындар лықси толқып, ақ көбіктер аспанға ата бастаған. Біздің шхуна да жүрісін жеделдете түскені байқалады, өзі бір бүйіріне тым қисайып алған-ды. Қапталдағы тұтқалар суға батып үлгерген, бортқа ұрған толқындар енді палубаға шапшиды. Люк шетінде отырған аңшылар шекпен етегімен аяқтарын қымтай түседі.
— Ана шхуна қазір жанымыздан өтеді, — деймін мен ұзақ үнсіздіктен кейін. — Қайтып бара жатқан кеме ме, қалай... Мүмкін ол Сан-Францисконы бетке алған болар.
— Әбден мүмкін, — дейді Қорқау Ларсен, сосын басын басқа жаққа бұрып, айқай салған. — Кок! Ей, кок!
Томас Магридж камбуздан жүгіріп шықты.
— Қайда әлгі юнга? Шақыршы оны мұнда.
— Құп болады, сэр!
Томас Магридж корм жаққа жылдам барып, штурвал жанындағы басқа люктен төмен түсіп кетті де, бірер секундтан кейін палубаға қайта көтерілді, оның соңынан он жеті, он сегіздер шамасындағы, түрі қоңырқай тартқан, шегір көзінен ашу мен ыза білінген бір жас жігіт көрінді.
— Міне ол, сэр, — деді кок.
Бірақ Қорқау Ларсен бұдан әрі оған назар аударған жоқ, юнгаға бұрылып:
— Атың кім? — деді гүр етіп.
— Джордж Лич, сэр, — деп ол қабағын кіржің еткізді, тегі не үшін шақырғанын сезсе керек.
— Фамилияң ирландық емес, — деп капитан қойып қалды. — Сенің кеспіріңе О'Тул немесе Мак Карти деген әлдеқайда жарасымды болар еді. Байқаймын, шешеңнің қойнына қайдағы бір ирланд атын жамылған біреу түнеп шыққан ғой, шамасы.
Мынадай қорлаудан жігіттің жұдырығы жұмылып, желкесі күдірейе қалғанын байқадым.
— Жә, болды, — деп, Қорқау Ларсен сөзін әрі жалғады. — Өз фамилияңды ұмытып қалғаныңа үлкен бір себеп болған шығар. Шындығында, сен қандай аты-жөнге ие болсаң да, маған ол айран ішкенмен бірдей. Сен, әрине, Телеграф тауынансың2. Бұл сенің маңдайыңда жазулы тұр. Мен сенің ағаңды да білемін. Сендердің барлықтарың да есектей қырыс, сайтандай сайқалсыңдар. Бірақ сен саспай-ақ қой, бұл жерде сені әлі-ақ қамырдай илейтін боламыз. Ұқтың ба? Айтпақшы, мұнда сен кім арқылы жалдандың?
— Мак-Криди және Свенсон агенттігі арқылы.
— Сэр! — деп ақырып жіберді капитан.
— Мак-Криди және Свенсон агенттігі арқылы, сэр! — деді жігіт сөзін түзетіп, бірақ көзінен ұшқын жарқ ете қалды.
— Авансты кім алды?
— Солар, сэр.
— Өзім де солай деп ойлап едім. Сенің, бәлкім, қуанышың қойныңа сыймаған болар. Соңыңнан біреулердің аңдып жүргенін сездің, білдің! Солай ғой?
Юнганың көзі қас қағым сәтте қасқырдың көзіндей от шаша қалған. Қатты ыза қысқандықтан ба, жон арқасы да күдірейіп шыға келіп еді.
— Қап, мынаны естігенше... — деп ол айқайлап жіберуге аз қалған. Сөз аяғында не айтқысы келгенін мен түсінбей қалдым, тегі ызамен капитанды сыбап жібере жаздады-ау деймін.
— Не? — Ларсеннің үні тіпті сыбырға жақын шықты, бұнысымен оны мазақ етіп тұрғандай көрінді.
Бірақ юнга бұл сәтте ойын да, бойын да жинап ала қойған.
— Жайша, сэр. Сөзімді қайтып алдым.
— Соныңмен де мені мойындап тұрсың,— деп капитан ризалықпен жымиды.— Жасың нешеде сенің?
— Он алтыға жаңа толдым, сэр.
— Өтірік айтасың! Сен он сегізден асқан жігітсің. Және сен өз жасыңа қарағанда әлдеқайда мығымсың. Бұлшық еттерің бұқанікінен бірде-бір кем емес. Қазір боқтығыңды жинап ал да, бактағы кубрикке жөнел. Ескекші матрос боласың. Бұны қызметінің өскені деп есепте, ұқтың ба?
Капитан одан жауап күтпестен, мәйітті желкенге орап тігіп жатқан матросқа бұрылып:
— Иогансен, — деді әмірлі.— Сен навигация3 жайынан бірдеме білесің бе?
— Жоқ, сэр.
— Өкінішті! Дегенмен бәрібір сен көмекші боласың. Киім-кешегіңді каютаға апар, мынау жатқан төсекке енді сен жатасың.
— Құп болады, сэр! — деп Иогансен көңілді тіл қатып, сол сәтте-ақ бакқа жөнелді.
Бірақ бұрынғы юнга әлі де тұрған орнынан қозғалған жоқ еді.
— Ал сен не күтіп тұрсың?— деді оған капитан.
— Мен мұнда матрос болуға келгем жоқ, сэр. Мен юнга болуға жалданғам. Матрос болғым келмейді.
— Жүгіңді жинап ал да, бакқа жөнел!
Бұл жолғы бұйрық әмірлі де зілді шықты. Алайда бұрынғы юнганың қабағы түнеріп, міз бақпай тұрып алған.
Осы сәтте Қорқау Ларсен өзінің сұмдық күшін тағы да көрсетіп еді. Бәрі де күтпеген жерде, жай отындай жарқ еткен жылдамдықпен болды. Ол жалғыз-ақ секіріп, алты футтай жердегі юнгаға жетті де, жұдырықпен іштен періп кеп жіберді. Осы сәтте соққы өзіме тигендей төс шеміршегім гүдір ете түскендей болды. Бұны мен сіздерге сол мезеттегі өз жүйкемнің қалай тітіркене қалғаны мен мұндай көріністің өзім үшін қаншалықты жабайы көрінгенін нақты сездіру үшін ғана айтып отырмын ғой. Жә, бұдан кейін не болды дейтін шығарсыздар. Юнга, салмағы кем дегенде жүз алпыс бес фунттай болатын алпамсадай жігіт, бірден екі бүктетіліп түсті. Құдды ол Ларсеннің жұдырығына жіпке қыстырған сулы шүберектей ілініп қалған. Сосын оның биікке бір-ақ ұшып, көйлек етегі делең-делең еткен күйі екі-үш қадам жерде жатқан өлік жанына гүрс етіп құлап түскенін көрдім. Құлап түскенде басы мен иығы тақтайға қатты соғылған. Сөйтіп ол сол жерде бүктетіліп қала берді.
— Ал қалай?— деп Ларсен кенет маған бұрылған.— Сіз ойланып болдыңыз ба?
Мен бізге тым тақап қалған манағы шхунаға қарадым. Ол "Елеске" қарама-қарсы, небәрі екі жүз ярдтай жерде келе жатыр еді. Бұл өзі әдемі, қуыршақтай ғана кеме екен. Желкендерінің бірінен ірі сандармен жазылған номіріне дейін ап-анық көрінеді. Бұрын кітаптардан көрген кеме суреттерін еске ала келіп, бұны мен лоцмандық бот па деп ойладым.
— Бұл қандай кеме? — деп сұрадым капитаннан.
— "Леди Майн" деген лоцмандық бот, — деді ол. — Өзінің лоцмандарын жеткізіп салып "Сан-Францискоға" қайтып бара жатқан беті. Бұл оған мынадай желде бес-алты сағатта жетіп барады.
— Өтінем сізден, оған белгі беріңізші, мені жағаға жеткізіп салсын.
— Түсінем сізді, бірақ өкінішке қарай мен белгі беретін кернейімді теңізге түсіріп алып едім, — деді капитан. Аңшылар ортасынан қарқ-қарқ күлкі естілді.
Оның көзіне тура қараған кезде, бойымды біртүрлі үрей билеп кетті. Юнганы ол бір демде қалай жер қаптырғанын көріп тұрып, онымен қалай қарсыласуға болады. Ал қарсыласа қалсаң, бұл жігіттің көргенін сен де көруің мүмкін. Тіпті одан зорғысын! Рас, жүрегім шайлығып қалды. Бірақ сосын мен не істеді дейсіз ғой? Бұл менің өмірдегі ең батыл қадамымның бірі болған шығар! Бортқа тұра ұмтылып, бар даусыммен айқайға бастым-ау!
— Е-е-ей, "Леди Майн!" Мені жағаға ала кетіңдерші! Өздеріңмен бірге жағаға. Мың доллар төлеймін. Мың до-оллар!
Штурвалда тұрған екі адамға ес-түссіз қолымды бұлғай беремін. Оның бірі кеме жүргізіп келеді де, екіншісі аузына рупорды тақап, бос тұр. Мен мойнымды бұрғам жоқ, бірақ желке тұсымда тұрған хайуан-адам қазір-ақ жалғыз жұдырықпен жалп еткізетін шығар деп ойладым. Бұл соққыны қанша күткенімді білмеймін, ақыры шыдамай арт жағыма бұрылып едім, Ларсен орнынан да қозғалған жоқ екен — манағы талтайған қалпы сигарын құшырлана тартып, жайбарақат тұр итің.
— Не боп қалды? Тыныштық па? — деген дауыс шықты "Леди Майн" жақтан.
— Иә! Иә!.. Жо-жоқ!— деп ойбайға басып мен тұрмын. — Тыныштық емес! Құтқарыңдар! Құтқара көріңдерші мені! Мың доллар төлеймін жағаға дейін. Мы-ың доллар!
— Жүре беріңдер! Фрискодан жігіттеріміз біраз сілтеңкіреп жіберіп еді, — деді Ларсен өңешін созып. — Ал мынау, — деп ол мені нұсқаған, — аузын ит жалағанша ішкен ғой.
"Леди Майн" рупорынан күлкі жаңғырықты да, кеме жанымызды жанап өте берді.
— Біздің атымыздан оны сілейтіп салыңдар. — Кеме үстіндегі екеу кезектесе бізге қол бұлғады.
ЬІзаға булыққан мен борт жиегіне шынтақтай тұрып, әлгі кеменің соңын ала екі жаққа жарыла қашып бара жатқан ақкөбік толқындарға көзім боталай қарадым. Ол небәрі бес-алты сағаттан соң Сан-Францискода болады! Менің басым айналып, жүрегім шаншыды, көкірегіме де бір қатты түйін байланып, кеудемді ашытып жіберген. Ақбас толқындар бортты ұрып, бетіме суық су шашады. Жел мүлде күшейе түскен, "Елес" бір жағына қисайып алып, екпіндете сырғып келеді. Палуба үстіне судың бұрқ-бұрқ төгілгенін естимін.
Кері бұрылған сәтте, аяғынан әрең тұрып келе жатқан юнганы көрдім. Көзі қанталап, өңі өліктей бозарып кетіпті. Қатты ауырып, қиналып тұрғаны анық еді.
— Қалай, Лич, баққа барасың ба? — деді капитан.
— Иә, сэр.
— Ал сен ше? — деп ол маған бұрылды.
— Мен сізге мың доллар... — дей беріп едім:
— Қой бұны! — деді ол. — Одан да маған юнганың қызметін атқаруға келісесің бе, соны айт! Әлде сенімен де айналысып көрейін бе?
Не істеймін? Аузымнан қара қан аққанша қарсыласа берем бе. Мынаның өлтіріп жіберуі де оп-оңай ғой. Мен оның ызғар шашқан көзіне қадала қарадым. Мұндай мейірсіз, жылусыз, қара тастай безерген көз адам баласында сирек кездесетін шығар. Әдетте кез келген жұмыр басты пенденің көзінен мысқалдай болсын адамгершіліктің ұшқыны сезілуші еді, ал мұнда оның жұрнағы да жоқ секілді.
— Қалай, келісесің бе?
— Иә, — дедім мен.
— "Иә, сэр" деңіз, — деп түзетіп қойды ол.
— Иә, сэр, — дедім қайталап.
— Аты-жөніңіз кім сіздің?
— Ван-Вейден, сэр.
— Атыңыз?
— Хэмфри, сэр. Хэмфри Ван-Вейден.
— Жасыңыз?
— Отыз бесте, сэр.
— Жарайды. Кокке барыңыз, ол сізге не істейтініңізді көрсетеді.
Мен сөйтіп еріктен тыс Қорқау Ларсеннің құлы боп шыға келдім.
Өйткені ол менен күшті еді. Бар мәселе сонда. Ол уақытта бұны мен әлдебір құдіреттің күші, тағдырдың жазуы деп білгем. Тіпті қазір де, баяғы өткен күндерді еске алғанда, сол уақытта басымнан кешкендердің бәрі ешқандай ақылға сыймас дүниедей көрінеді. Алдағы уақытта да оны дәл солай — сұмдық-көкесіндей көре беретін шығармын.
— Тоқтай тұрыңыз!
Камбузға жете бере аяғымды кілт тежедім.
— Иогансен, бәрін жоғарыға шақыр. Жағдайдың бәрін реттедік, енді өлімді жөнелтіп, артық-ауыс заттардан палубаны тазартып алғанымыз жөн болар.
Иогансен команданы жинап әкелгенше, екі матрос капитанның нұсқауымен желкенге оралған мәйітті люк қақпағына жатқызды. Кеменің екі қапталында түбін төңкеріп қойған екі кішкентай шлюпка байлаулы тұр еді. Тақтайда жатқан ауыр мәйітті бірнеше матрос көтеріп алып, аяқтарын теңіз жаққа қаратып, әлгі шлюпкалардың жел жақтағысының үстіне дүңк еткізіп қоя салды. Сосын оның аяғына кок әкелген бір қап көмірді байлады.
Теңізде өлім жөнелту маған қай уақытта да ерекше салтанатпен, айрықша дәстүрмен өтетіндей көрінетін, бірақ мен куәсі болған мына көрініс бұрынғы тәтті елестерімнің бәрін бір-ақ сәтте жоқ қылып еді. Аласа бойлы, қоңыр көзді аңшылардың бірі (достары оны Смок деп атағанын естіп қалдым) өлім туралы әлдебір боқауыз анекдотты айтып тұрды. Оған қалғандарының абалаған, қыңсылаған, ырбаңдаған күлкісі қосылды. Матростар тықыр-тықыр басып, палубаға жинала бастады. Күзеттен келген кейбірі ұйқы тығылған көздерін тырналай тұрып, сыбыр-күбір әңгімеге көшкен. Матростардың түрінен түңілу, тіксіну сияқты әлдебір көңілсіз нышан сезіліп еді. Мына капитанмен сапарлас болу оларға оңай тимегені байқалады. Әредік-әредікте өздері Қорқау Ларсенге ұрлана қарап қояды, соған қарағанда, одан қатты қорқатын секілді.
Капитан тақтайдың жанына келді, бәрі бас киімдерін шешті. Мен палубаға жиналғандардың бәрін көзбен санап шықтым. Олар жиырма адам екен; демек, жүргізуші мен мені қоса есептегенде, бәрі — жиырма екі адам. Мен үшін бұлардың дәл есебін біліп алудың еш артықшылығы жоқ еді, өйткені осынау жылжымалы шағын әлемде мен олармен бірер апта, немесе бірер ай емес, мүмкін тіпті жылдап жолдас болам ба, кім білсін. Бет-жүздері қорғасындай ауыр осынау матростардың көпшілігі ағылшын немесе скандинавтар еді. Ал беттерін айғыз-айғыз әжім торлаған аңшылар оларға қарағанда әлдеқайда мығым, көңілді көрінеді, сондай-ақ олардың әрбір әрекетінен әлденеге деген құштарлық та сезілгендей. Қызық! Бұрын да айтып өткенімдей, сіздерге әзірейілдей көрініп отырған Қорқау Ларсеннің кескін пішінінде, шындығында, көзге ерекше ұрып тұрған сүйкімсіз ештеме жоқ еді. Рас, оның бетінде де терең-терең әжім сызықтары бар, бірақ онысы асқан жігер мен қайраттылықтан ғана хабар бергендей. Оның бет құбылыстарынан тіпті турашылдық пен бірбеткейлікті де аңғаруға болады. Осындай адам жаңа ғана юнга сияқты жас жігітті быт-шыт қылып соқты дегенге мүлде сенгің келмейді.
Міне ол бірдеме айтайын деп аузын аша беріп еді, екілене соққан жел шхунаға лап қойып, оны бір жағына қатты қисайтып жіберді. Желкендер желпілдеп, арқандар азынай ысқырды. Аңшылардың кейбірі абыржып аспанға қараған. Мәйіт жатқан жел жақтағы борт ақ көбікке біраз малынып барып, қайта қайқайып шыға келгенде, палуба үсті қызыл асықтан суға толып кетті. Сосын кенет нөсер құя жөнелді: ірі-ірі тамшылар палубаны бұршақтай ұрып жатыр. Сосын осы жауын аралас қатты жел бізді сілкіп-сілкіп өте шыққан кезде, капитанға қайта тіл біткен, бәрі оны қас қақпай, бас киімдерін шешіп тұрып тыңдаған еді.
— Мен өлім жөнелту рәсімінің бір ғана үзігін жатқа білемін, — деді Ларсен. — Бұл жерде тек соны айтамын: "Тәнін теңіз құшсын бейбақтың!" Міне осылай! Енді тастай беріңдср оны теңізге.
Ол үнсіз бас изеді. Люк қақпағын ұстап тұрғандар біртүрлі ыңғайсызданып қалған; рәсімнің тым қысқалығы қарындарын ашырған секілді. Бірақ капитан оларға дүрсе қоя берсін.
— Сайтан алғырлар, көтерсеңдерші мына басын. Неменеге ауыздарыңды ашып тұрсыңдар бәрің!
Біреу тақтайдың басын асығыс көтеріп қалғанда, борттан сырғи құлаған мәйіт шұңқырға лақтырған иттей болып, екі аяғымен төмен қарай зулай жөнелді. Аяқтарына байлаған көмір толы қап бейшараны бірден тереңге тартып әкеткен...
— Иогансен! — Капитан жаңа көмекшісіне айқай салды.— Мына тұрғандардың ешқайсысы ешқайда кетпесін. Топсель мен кливерді жинап алыңдар! Жылдам! Зюйд-осты күтуіміз керек. Гродтан рифті алып тастауды да ұмытпаңдар. Стаксельден де.
Палуба үсті әп-сәтте қайнаған тірлікке айналды. Иогансен әр бұйрығын мық шегедей қағады. Матростар арқандарды тартқылап, желкендерді түсіріп, құрал-жабдықтарды жинастырып, кеменің о жақ-бұжағына зыр жүгіреді. Ал қара жердің тірлігіне ғана жаралған мен сияқты адамға бұның бәрі миға кірмес, түйсік жетпес бірдеме. Мені адам деп, көңіл аударып жатқан да ешкім жоқ. Мені қойшы, бір қап көмірмен бірге мәңгілікке кеткен жаңағы мәйітті айтсаңшы. Көзден кетті — көңілден де кетті бейшара. Енді мыналардың арасында ол үшін титтей де қайғырған біреу бар ма екен? Әй, қайдам! Неткен жаны қасаңданып кеткен адамдар. Біреу өлді деп тоқтап қалған дүние, тоқырап қалған тірлік те жоқ: кеме өз жолымен кетіп барады мінеки, палубада қайнаған жұмыстың түрі әнеки. Қандай сұмпайы дүние бұл! Бәрін де көріп тұрмын, естіп тұрмын мен. Әне, аңшылар Смок айтқан әлдебір анекдотқа қарқ-қарқ күледі. Матростар матч басындағы желкендермен әуре. Қорқау Ларсен бұлт енді қай жақтан шығар екен дегендей түпсіз аспанға түңіле көз салады. Мезгілінен бұрын мерт болған әлгі адам бұл уақытта мүмкін теңіз түбіне жетіп те қалған шығар.
Теңіздің қатал да аяусыз заңын бұлайша түйсіну кенет менің жүрегімді тітіркендіріп жіберген де, көз алдымдағы тірліктің бәрі маған соншама сұрқайы, соншама көңілсіз, жалпы өмір дегенің азап мен қасіреттен ғана тұратын, қара бақырлық құны жоқ бос дүние боп көрінген. Мен ванттың тура жанындағы фальшборттан ұстаған күйі көбікті толқындар мен көкмұнар тұманға қарап, ұзақ-ұзақ ойланып тұра бердім. Сан-Франциско мен Калифорния жағалаулары сол тұманның ар жағында қалып бара жатыр еді. Әредік-әредікте жаңбыр аралас жел соғып өтеді. Бұл жел күшейген сайын теңіз бетіндегі көкмұнардың көбесі сөгіліп, аспан ашыла түскенін байқаймын. Ал біздің жұмбақ кеме өзінің хайуан тектес экипажымен бірге көк теңізді көктей өтіп, оңтүстік-батысты бетке алып, сонау Тынық мұхиттың шалқар айдынына қарай асыға жүзіп барады.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
"Елес" деп аталатын осы аңшылар шхунасының жағдайына қалайда қалыптассам деген менің барлық ұмтылысым өмірі таусылып бітпес мехнат пен қорлықтан басқа маған ештеме бермеген. Команда жағы — "доктор", аңшылар — "Томми", ал капитан — "кок" деп атайтын Магридж сайтан сияқты бірден өзгеріп сала беріп еді. Менің юнганың орнына баруым оны тіпті есіртіп жіберді. Баяғы жағымпаздығының жұрнағы да қалмаған: енді тек айқайлау мен боқтауды ғана біледі. Өйткені оның алдында кешегі ақ саусақ, менменсіген джентльмен емес, бар болғаны "юнга" атын жамылған көптің бірі, арттың кірі тұр еді.
Күлкілі болса да айтайын, маған ол өзін "мистер Магридж" деп атауды талап етеді, ал міндеттерімді түсіндіруге келгенде, соншама өзі дөрекі. Шағын-шағын төрт каютадан тұратын кают-компанияға қызмет көрсетумен қатар мен оның камбуздағы жұмысына да көмектесуім керек-ті, аяқ-табақ жуу мен картоп тазалау кезіндегі менің өте икемсіздігім оның ит-жынын ұстатады да, бұның арты мазақ пен қорлауға ұласады. Менің бұрынғы жағдайымды, дәлірек айтқанда, бұған дейін қандай өмір сүргенімді қаперге алып жатқан ол жоқ. Бұл оған айран ішкенмен бірдей еді. Жасырары жоқ, алғашқы күннің аяғында-ақ мен оны иттің етінен жек көріп кеттім, шындығында, өмірде мен ешкімге дәл осылай жиренішті қарамаған шығармын.
"Жаңбыр бір жауса, терек екі жауады" дегендей, дәл сол күні біздің "Елес" зюйд-ост желі сапырған таудай толқындарға тап болып, зарифленді желкендерін көтеріп (мұндай терминдердің мағынасын мен кейінірек түсінгем), қатты шайқалып, тым берекесі қашып келе жатқан-ды. Алты жарым кезінде мен коктың нұсқауымен кают-компанияда дастарқан жайып, күн бұзыла қалған жағдайда қалқан болсын деген оймен оған алдын-ала тор құрып, содан кейін ғана үстелдерге тамақ әкеле бастағам. Осыған байланысты мен теңіздің қатты тербелісімен алғаш рет қалай танысқанымды да айта кеткім келеді.
Қолыма үлкен шәйнек ұстап, қолтығыма бірер бөлке жаңа пісірілген нанды қыстырып, камбуздан енді шыға бергенімде, соңымнан мистер Магридждің:
— Көзіңе қара, әйтпесе су астында қаласың!— дегенін естіп қалғам. Осы мезетте Гендерсон деген ұзынтұрар аңшылардың бірі "төртінші кластан" (олар қалжың ретінде өздерінің кубриктерін солай атайтын) кают-компанияға қарай бет алып келе жатыр еді. Ал Қорқау Ларсен ютте өзінің үйреншікті сигарын тартып тұрған.
— Келе жатыр, келе жатыр! Сақ болыңдар! — деген коктың жандауысы шықты.
Ненің "келе жатқанын" қайдан білейін, аңырып тұра қалдым. Арт жағымнан камбуз есігі сатыр-сұтыр жабылып үлгерді де, Гендерсон бірден вантқа қарай ұмтылған, сосын көзді ашып-жұмғанша онымен жоғары өрмелей жөнелді. Мен сонда ғана борттан асып құлап келе жатқан ақкөбікті алып толқынды байқадым. Ол тура маған қарай ақтарыла құлаған. Мен не істерімді білмей қалдым, өйткені мұндай жайлардың бәрі маған әлі бейтаныс еді. Ғайыптан қауіп төнгенін мен енді ғана түсініп, жүрегім тас төбеме шыққан. Есімнен танып қалғандаймын, не қозғалыс, не қимыл жоқ менде. Осы сәтте ютта тұрған Қорқау Ларсен:
— Әй, бірдемеден ұстасаңшы сен... Хэмп!4 — деп айқай салғанын естідім.
Бірақ енді кеш еді. Не де болса бір жерінен ұстап қалайын деп вантқа қарай секірдім, осы аралықта су маған ақтарыла құлады да, дүние астан-кестең болып кетті. Қақалып-шашалып жатырмын. Палуба аяқ астымнан көше жөнелді. Жалп етіп құлап түстім де, әлдеқайда домалай жөнелдім. Долы бір күш мені ары да ұшырады, бері де ұшырады. Домалатып барып қатты затқа соғады. Қабырғаларымды бір-бірлеп қақырата сындырып жатқандай. Жоқ, қабырғамнан бұрын оң аяғымның оңбай жараланғанын білдім... Сосын толқындар қайтып, мен аздап ес жия бастадым. Енді ғана байқадым, жел жақтағы борттан камбуздың артына, одан кубрикке қарай лақтырған. Тізем тұздай ашиды, аяғымды баса алмайтын секілдімін. "Сынған, — деп ойладым.— Сынған!" Бірақ камбуздан кок айқайлап тұр.
— Ей, сен! Қайда жүрсің қаңғып? Шәйнек қайда? Борттан ұшырып жіберген жоқсың ба өзі? Бұдан да арам қатқаның жақсы еді сенің!
Мен орнымнан әзер тұрып, камбузға ақсаңдай жөнелдім. Үлкен шәйнек әлі де қолымда еді, оны кокқа ұстата бердім. Бірақ ол бұған місе тұтпай бұрқ-бұрқ сөйлеп жүр, бұнысы жорта немесе шынымен.
— Әй, үлбіреген байқұс-ай! Қолыңнан не келеді сенің, а? Не келеді? Төкпей-шашпай бір шәйнек шайды көтеріп жүре алмайсың! Ал мен бұны тағы да дайындап ит боламын!
Бір минуттан кейін ол:
— Неменеге өтірік қиналған боп тұрсың сен, а? Аяғыңды ауыртып алдың ба? Өй, түк көрмеген байқұс! — деп тағы да қыжырта бастаған.
Өз аяғы дәл менікі сияқты сырқырап тұрса, білер еді ол қалай "өтірік қиналғанды!" Мен бар күшімді тістене жиып, камбуз бен кают-компания аралығында күні бойы ары-бері ақсаңдап жүре бердім. Бұл оқиға менің өміріме екі бірдей із қалдырған: біріншіден, тіземнің ұршығын қатты жаралап алып, оның зардабын айлар бойы көргенмін — оны емдеу жөнінде тіпті сөз болуы мүмкін емес, екіншіден, юттан айқайлаған Қорқау Ларсеннің арқасында "Хэмп" деген атқа ие болдым. Бұдан кейін ешкім мені өз атыммен атаған емес, бұған құлағым әбден үйреніп кеткені сондай, кейін өзімді туғанда-ақ осы есімге ие болғандай сезінетін болғам.
Қорқау Ларсен, Иогансен және алты бірдей аңшы орналасқан кают-компанияға қызмет көрсету маған өте қиын тиген. Осы бір кішкентай, тар каютада ары-бері қозғалып жүрудің өзі үлкен мұң еді. Әсіресе шхунаны жел шайқаған кезде, анда бір соғылып, мұнда бір соғылып, есім ауып қала жаздайды. Бірақ бәрінен де маған ауыр тигені — мұндағылардың "өлмесең, өме қап" дегендей мейірімсіздігі еді. Ауырған тіземді киім сыртынан мезгіл-мезгіл сипап қойып жүремін, сипаған сайын оның күннен күнге ісіп, домбығып бара жатқанын байқаймын. Ол сыздап ауырған кезде басым қоса ауырады. Кают-компанияның қабырғасында дөңгелек айна ілулі тұратын, ары өтіп, бері өтіп жүріп, оған көзім түскенде, өңім қашып, жағым суалып, көзім алара түскенін көремін. Бұны үстел басында отырғандар көрмейді емес, көреді, алайда жұмған ауыздарын ашпайды. Бұл жағдайда менің тек Ларсенге ғана ішім жылыған жайы бар. Түстен кейін тарелкаларды жуып тұрған сәтімде жанымнан өтіп бара жатып ол:
— Мұндай ұсақ-түйекке көңіл аудара берме! Біртіндеп үйреніп кетесің. Мүмкін біраз қиналуың да, бірақ есесіне қалай жүруді де үйренесің. Бұны не, парадокс деуші ме еді, қалай? — деген ол.
— Йә, солай, сэр, — дедім мен. Бұл сөзіме оның іші жібіп қалғаны сезілді.
— Сен әдебиеттен де бірдеме білетін шығарсың, солай ма! Жә, ретіне қарай өзіңмен бір әңгімелесермін.
Бұдан кейін ол маған назар аудармай шұғыл бұрылып, палубаға шығып кеткен.
Кешке таусылып бітпес шаруамның бәрін бітіріп, ақыры "уһ" деген кезімде, мені аңшылар жататын кубрикке жіберіп еді. Мұнда жеткен бойда, сырт киімімді де шешпестен бір бос төсекке құладым. Рақат! Аяғыма тыныштық! Уақытша болсын қазымыр коктен де құтылдым. Үстімдегі киімдерім де кеуіп үлгерген, және бір таңқаларлығы — кешеден бері бірде теңізде, бірде кемеде қаншама рет су астында қалсам да бойымды ешқандай суық алмағанын байқадым. Әдетте мұндай жағдайда бірден ыстығым көтеріліп, төсекке құлап түсер едім де, сосын әбден жазылғанша шешем жанымда отырар еді.
Ал қазір аяғымның ауырғаны ғана жаныма батып барады. Тізем қып-қызыл боп ісіп кеткен, соған қарағанда ұршығын шығарып алған сияқтымын. Соны төсегімде алақаныммен сипалап отырғанымда, жанымнан өтіп бара жатқан Гендерсон:
— Жарақатың жаман екен, — деген аяғыма сәл көз тоқтатып тұрып.— Бірақ ештеме етпес, мықтап таңып таста, жазылып кетеді.
Бар жанашырлық осы. Жанымда гу-гу етіп, темекі тартып отырған аңшылар (олардың алтауы да осында еді) бұған да жарамаған. Егер үйде өстіп жараланып қалсам, мені міндетті түрде хирург емдер еді, тамыр-таныстар келіп, көңілімді сұрап, бәрі мен үшін бәйек те болар еді. Бірақ мыналарға жазық та жоқ қой, өзгені қойып өздерін де аяй білмейтін адамдардан не сұрайсың. Бәріне еттері өліп кеткен, бәріне енжар қарайтын біреулер. Кім білсін, теңіздегі қалыптасқан қатыгез жағдай оларды осыған үйретіп, осыған әдеттендірген шығар.
Мен сұмдық шаршаған едім, дәлірегінде мүлде дымым құрып біткен, бірақ тізем сырқырап ауырып, ұйықтай алмай-ақ қойдым.
Ыңқылдамайын деп, өзімді күшпен тежеп жатырмын. Үйде, әрине, не істегің келсе, соны істейсің ғой, ал мына жаңа орта, жат адамдардың арасында өлімтігіңді көрсетпегенге не жетсін! Қызық! Аң сияқты жабайы көрінетін осы адамдар намысқа келгенде қас батырдай қасқайып шыға келеді де, ал тұрмыстық ұсақ-түйек үстінде өздері де тым ұсақтап кетеді екен. Мысалы, кейін мынадай жағдайдың куәсі болғаным бар. Керфут деген аңшы сұқ саусағын абайсыз пышақпен турап түсіргенде, ол қыңқ етіп дауыс шығарғанды қойып, бетінен болмашы қиналғаны да білінбеген. Сөйткен Керфурттың түкке тұрғысыз дүниеге шала бүлінгенін де талай рет көрдім. Бұған да бір мысал айтайын.
Белек деген итбалықтардың күшігі туа салып суда жүзіп кетеді дейді Керфут. Жоқ, олардың күшіктері суда жүзе алмайтыны үшін де итбалықтар құрлықта туады, сосын ғана оларды таяз суда жүздіріп үйретеді, дейді Лэтимер деген аңшы. Жо-оқ, олай емес, деп Керфуттың көзі шатынап шыға келеді. Бұның арты қызыл кеңірдек дауға, қып-қызыл ұрысқа айналады.
Мұндай сәтте кубриктегі төрт аңшының бірі төсекте шалжайып жатып, енді бірі орындыққа шірене отырып алып, көлденеңнен сөзге қосылып кетеді. Дау одан сайын қыза түседі. Кейде бір-бірлеп, кейде тұтастай жамырап қоя береді. Сөздерін тыңдасаңыз, күлкіңіз келеді. Құдды болмасқа дауласқан кішкентай балалар сияқты. Шындығында, бұлардың сөзінде бір түйір мән де болмайды, әншейін бәрі — құр айқай, дәлелсіз жоққа шығарудан басқа түк емес. Итбалық күшігінің туа салып жүзіп кетуін, я жүзе алмауын олар ойға қонымды бірдемеге негіздеп айтса жақсы ғой, жоқ, бұл жөнінде әр қайсысы не ойласа, соны айтып қалу үшін, айтқандарын қалайда "қаһармандықпен" қорғау үшін ақ тер-көк терге түседі. Осындай талас-тартыс үстінде әркім өз қарсыласының ұлты мен түп-тұқиянына дейін қозғап, оның баяғыда сүйегі қурап қалған ата-бабасының аруағын көрден неше тұрғызып алады. Менімен сапарлас боп бара жатқан адамдардың ой-өрісі мен интеллектуалдық деңгейін осыдан-ақ сезе беріңіздер!
Олардың аузынан темекі бір түспейді, тартатындары — түкке тұрғысыз сасық бірдеме. Кубрик ішінде көк түтіннен көзің ашылмайды. Егер мен кез келген ауруға тым бейімдеу адам болсам, бұл түтін мен кеменің дамылсыз шайқалуы мені, сөз жоқ, теңіз ауруына ұшыратқан болар еді. Бірақ онсыз да жаралы тіземнің жанымды көзіме көрсетіп келе жатқан түрі мынау.
Төсекте ойға батып жатып, мен, әрине, бәрінен бұрын "Япырау, мен осы жағдайға қалай тап болдым?" деп ойлаймын.
Ойлаған сайын басым қатады. Неткен сұмдық! Қандай өкінішті! Кеше ғана Хэмфри Ван-Вейден деген абыройлы атым, ғалым, жазушы, әдебиетші деген дырдай атағым бар адам едім, енді міне қайдағы бір шхунаға тап болып, әлдебір аң сияқты адамдардың ортасында иттен қадірсіз боп келе жатырмын. Иә, кешегі белгілі жазушы, бүгін кемедегі қолбала! Юнга! Мен өмірде ешқашан қара шаруаның қамытын киген адам емеспін. Ал мына камбуз сияқты асүйдің жұмысы тіпті түсіме де кірмеген. Жаратқанның маңдайыма жазғаны — бір қалыпты, орнықты, отырып істейтін қызмет еді. Ол — тәп-тәуір айлығы, тұрақты табысы бар ғалымның қызметі еді. Саясат, спорт, сауда сияқты дүниелер мені ешқашан қызықтырған емес. Әке-шешем, қарындастарым, бәрі мені бала кезімнен кітап "құрты" дейтін. Өмірімде бір-ақ рет туристік саяхатқа қатыстым, оның өзінде жол ортада қашып кетіп, сүйген ісіме, отырықшы қалпыма қайта оралғаным бар. Ал сонда күндердің күнінде мына құсап картоп аршып, ыдыс-аяқ жуып, кеменің отымен кіріп, күлімен шығатын қолбаласы болам деп ойладым ба! Шындығында, мен қара жұмысқа келгенде өте әлсіз едім. Дәрігерлер маған "шымырсың, мықтысың" деп мақтап қоятын, сырттай қарағанда дене бітімім солай көрінетін де шығар, алайда мен жатпай-тұрмай жаттығу жасап, өзімді шынықтырған адам емеспін. Сондықтан бұлшық еттерім бос, сүйегім бөркеміктеу болатын. Бұны мені мақтаған әлгі дәрігерлер де байқап, тұрақты түрде гимнастикамен айналысу жөнінде талай рет кеңес те берген. Бірақ мен басқадан бұрын басымды жаттықтыруға көбірек көңіл бөлгем де, мынадай ауыр жұмысқа мүлде қабілетсіз, дәрменсіз боп шыға келгем ғой.
Бұны айтып отырған себебім: алда менің қандай ауыр да аянышты күндердің күтіп тұрғанын сіздерге күні бұрын сездіріп, өзімді аз да болса ақтап алайын дегенім де.
Сонымен қатар мен алыста қалған шешем мен қарындастарымды да ойладым. Олардың қандай қайғыға бататыны белгілі ғой. Өйткені суға батып кеткен "Мартинеспен" бірге хабарсыз жоғалғандардың ішінде менің де аты-жөнім жүреді, әрине. Оны газеттен оқыған унивсрситеттегі әріптестерім мен достарым "әй, бейшара-ай!" деп, бас шайқағанын да көріп тұрғандаймын. Бұлармен қоса Чарли Фэрасет досым да: "Сол күні таңертең оны үйден шығарып салып тұрғанда-ақ жүрегім бірдемені сезіп еді" деп сәуегейлитінін де білемін.
Бұл аралықта "Елес" шхунасы көлденең-көлденең көк толқындарды кесіп өтіп, қайнап жатқан қазан-ұйықтарда бірде құлдырай құлап, бірде қайқаң етіп шыға келіп, артына ақкөбікті, үшбұрышты із қалдырып, алыстан алысқа құлаш ұрып — сонау Тынық мұхиттың тура кіндік тұсына қарай желдей ұшып бара жатыр еді. Сыртта тепсіне соққан желдің теңіз бетін айрандай сапырып жатқанын сеземін. Оның уілдеген үні камбуз ішіне құныға, тұншыға жетеді. Төбемдегі палуба үстінен ары-бері жүрген аяқ тықырын естимін. Жан-жағым түгел тағдырға нәлет айтқандай өкси ме, өкіре ме, тақтай қабырғалар шиқылдап, ағаш тіреуіштер сықырлай ма — әйтеуір, бәрі де жүйкеге қатты тиеді. Аңшылардың мәнсіз, дәмсіз дауы әлі біткен жоқ, сананың сәби шағын бастан кешіп жатқан жабайылар да, тәйірі. Дауыстары құлақ жарады. Кемемен бірге шайқалып тұрған аспалы шамның күңгірт-сары жарығында олардың қып-қызыл боп шыға келген беттеріне дейін ап-анық көремін. Көк түтінге көмілген қуықтай бөлмелер маған тас дәуіріндегі тағылардың үңгіріндей елестейді. Қабырғада клеенкадан жасалған күртелер мен шалбарлар ілулі тұр; сөрелерде бірнеше қосауыз мылтық пен винтовкалар жатыр. Осының бәрі маған теңіз қарақшылары мен пираттардың өмірін бейнелеген ескі бір суретті есіме түсірген. Ұзақ ойдың шырмауына түсіп, мүлде ұйқым келер емес. Бұл бір ұзаққа созылған, тым ұзаққа созылған мазасыз да көңілсіз түн болып еді мен үшін.
БЕСІНШІ ТАРАУ
Аңшылар кубригіне түнеп шығуымның бұл басы ғана емес, соңғысы да болды. Келесі күні капитан жаңа көмекшісі Иогансенді өз каютасынан қуып шыққан да, оны аңшылардың жанына жіберген. Ал мені бұрын да едел-жедел екі адам тұрып кеткен бір шағындау каютаға ауыстырды. Бұның себебін аңшылар кейін біліп, бармақтарын тістеп еді. Сөйтсе Иогансен түні бойы көрген-білген, естігендерін күндіз дауыстап қайталап шығады екен. Осыған шыдай алмаған Қорқау Ларсен бұл иттің қызығын енді сендер көріңдер деп, оны аңшылар жаққа аудара салған ғой.
Ұзақ түн кірпігім айқаспай шыққан мен таңертең мыж-мыж болып, орнымнан әзер тұрдым. Сонымен "Елес" шхунасындағы екінші күнім де басталған. Томас Магридж мені таңғы сағат бес жарымда төсегімнен төмпештеп жұлып алып еді. Тіпті Билл Сайке5 те итін бұлай оятпаған шығар. Бірақ бұл қылығы үшін сол сәтте сыбағасын да алып үлгерді. Оның беймезгіл абыр-дүбірі аңшылардың бірін оятып жіберген де, ызаға булыққан ол төсек жанында тұрған етігін Магриджге қарай атып ұрған. Ауыр етік зулап барып, құлақ шекеден сарт ете түскен. Магридж кешірім сұрап өбектеп, сыртқа зыта қашқанын білемін. Камбузге келгенде байқасам, құлағы қанталап ісіп кеткен екен. Содан мыжырайған құлақ қайта қалпына келген де жоқ, матростар арасында бұдан соң ол "қисық құлақ" атанып кете барған.
Құдды сол жамбасымнан тұрғандай-ақ, бұл күн маған қай жағынан да қырын қарап еді. Кеуіп үлгірген киімдерімді кеше кешкісін камбуздан әкеліп қойғам, соны енді бірден киіп, коктың көк иісі мүңкіген боқтықтарын лақтырып тастадым да, қалтасынан әмианымды іздей бастадым. Оның ішінде ұсақ центтермен бірге (ақшаға келгенде менің есебім күшті болатын) жартылай алтын, жартылай қағаз жүз сексен бес доллар ақшам бартұғын. Әмианды таптым, алайда ішінде бірнеше күміс тиыннан басқа дым жоқ. Мен бұны палубаға шығысымен (камбуздегі жұмысыма) кокке айттым. Мен, әрине, оның ашуланатынын білгем, бірақ дәл мұндай тұлан тұтып шыға келетінін күткен жоқ едім. Көздері шатынап, екі езуі көбіктеніп, ал кеп бұрқырасын!
— Тапқан екенсің ұрыны! — дейді ол айқайлап. — Қолыңнан боқ келмей тұрып, енді мені қаралағаның қалды ма! Әлде тыныш өмірге тойып болдың ба? Олай болса, мұрныңды қан қылайын мен сенің! Мен бұған жақсылық жасап жүрсем, айтқан рахметі осы екен ғой бұның. Кеше ғана сені судан суырып алып, өне-бойыңды уқалап жылытып, аузыңа дәрі құйып, адам еткен кім еді сені. Соның бәрін бір-ақ күнде ұмытып қалған екенсің! Ой, малғұн! Ой, имансыз! Қазір быт-шытыңды шығарайын мен сенің!
Ол жұдырығын түйіп алып, маған тұра ұмтылсын! Ұят та болса айтайын, мен соққыдан жалтарып, камбуздан атып шықтым. Басқа не істеймін? Қарғыс атқыр бұл кемені қара күш қана билеп тұрғанын кешеден бері көріп келем. Адам сөзімен біреуді жолға салу мүмкін емес мұнда. Өзіңіз ойлаңызшы, бір тұтам ғана бойы, бір жапырақ қана еті бар, өмірі қолына қалам мен қағаздан басқа ештеме ұстамаған, болбыр да бос адам мына қара диюларға не істей алады? Өздеріне не сөз, не таяқ өтпес бұл кок сияқтылармен ұстасып не береке табасың? Жоқ, бәрі де далбаса!
Мен сонда өзімді әрі ақтау, әрі алдарқату үшін осылай деп ойлағанмын. Бірақ мұндай ақтау көңілімді көншіте қоймаған, тіпті қазір де онымен өзімді алдай алмаймын. Мен тап болған жағдай ешқандай әдеттегі қалыпқа сыймайтын, сондықтан оны ақылға салуға да келмейтін — бұл жерде тек ойланбай іске кірісу керек-ті.
Тіпті логика тұрғысынан да маған ұялудың қажеті жоқ сияқты, сөйте тұра сол оқиға есіме түскенде, қаншама рет бет қызарттым десеңші, өйткені қор болған, жер болған еркектік намысты сезіну оңай емес қой.
Дегенмен бұның бәрі негізгі әңгімеден тыс дүние. Мен асығыс камбуздан атып шыққаным сондай, тіземнің қатты ауырып кеткенін сездім. Бірақ қиналғаныма қарамай палубадан да жылдам түсіп, ют түбіндегі үйшікке жеттім. Артыма қарасам, кок жоқ, тек жоғарыдан даусын естимін.
— Қараңдаршы анаған! Қалай зытып барады, а! Ақсақ аяғымен сауға жеткізбейді! Бері кел, байғұс, тимеймін. Қорықпай-ақ қой, қорықпа, мамасының баласы!
Мен қайта оралып жұмысыма кірістім. Осымен іс біткендей еді, алайда жабулы қазан жабуымен де қалмаған... Артынша кают-компанияға дастарқан жайып, сағат жетіде кемедегілерге тамақ бере бастадым. Дауыл түнде тоқтаған, бірақ су беті баяу желмен әлі де толқып жатыр, майда толқындар кеме қапталын шылп-шылп ұрады. "Елес" екі топсель мен бомкливерден басқа барлық желкенін көтеріп, екпіндей жүріп келеді. Желкендер түнгі күзет кезінде қойылған, қалған үшеуі, матростардың сөзіне қарағанда, тура қазір, таңғы тамақтан кейін бірден көтерілмек. Өйткені бізді оңтүстік-батысқа қарай қуалай айдап бара жатқан мына штормды Қорқау Ларсен қалайда ұтымды пайдаланып қалуды ойлап, алдымызда күтіп тұрған "пассат" деп аталатын солтүстік-шығыс желіне мүмкіндігінше тезірек жетіп алуды мақсат еткен көрінеді. Бұдан әрі... белдеуді бойлап үздіксіз соғып тұратын сол желдің ырқымен Жапонияға дейін созылып жатқан ұзақ сонар жолдың үлкен бір бөлігін көктей өтіп, одан оңтүстіктегі тропикті аймаққа түсіп, ал сосын Азия жағалаулары арқылы тағы да солтүстікке бұрылуды көздеген екен.
Таңғы астан кейін мен ешкімді де қуанта қоймайтын және бір жайсыз оқиғаға тап болдым. Ыдыс-аяқтарды жуып болған соң, камбуздегі пештің күлін сыпырып-сиырып тазалап, оны шелекке салып алғам да, борттан асырып төгіп тастайын деп, палубаға шыққам. Қорқау Ларсен мен Гендерсон штурвал жанында қызу әңгімелесіп тұр екен. Кеме рулінен Джонсон деген матросты көрдім. Мен жел жақтағы бортқа беттей бергенімде, ол маған қол көтерген. Бұнысын амандасқаны екен деп ойлағам. Сөйтсем жел жаққа күл шашпа дегенді ыммен білдіргені екен ғой. Оны қайдан білейін, Қорқау Ларсен мен әлгі аңшының жанынан ақырын өттім де, қолымдағы шелекті борттан асыра ақтара салдым. Сол-ақ екен, бұрқырай ұшқан аппақ күл қарсы алдындағы мені қойып, сонадай жерде тұрған Ларсен мен Гендерсонды көміп өтсін! Екі-ақ аттап жаныма жеткен капитанның қалай аяғымнан сарт еткізіп теуіп жібергенін сезбей қалдым. Бұрын-соңды мұндай жойқын күшті көрсем көзім шықсын. Артқа қарай теңселе шайқалып барып, рубкаға тірелдім. Басым зеңітіп, көзім бұлдырап кетті. Жүрегім айнып, құсқым келді. Сосын не заматта ғана бар күшімді жиып, бортқа ұмтылдым. Бірақ бұл уақытта Қорқау Ларсен мені ұмытып та кетіп еді, көйлегіндегі күлді қағып, түк болмағандай Гендерсонмсн әңгімелесіп тұра берді. Бұның бәрін юттан көріп тұрған Иогансен іле-шала екі матросты күлді сыпырып алу үшін палубаға жіберген.
Сол күні таңертең, бұл оқиғадан кейін біраз уақыт өткенде, мен және бір қызықтың бетін аштым. Коктың тапсырмасы бойынша, капитанның каютасын жинап, тазалау үшін төменге түскем. Сонда не көрді дейсіз ғой. Төсектің бас жағына ілінген ұзын сөре кітапқа лық толып тұр екен. Кітап түптерінен алдымен Шекспир, Теннисон, Эдгар По және Де-Куинсидің аты-жөнін оқыдым. Ғылыми шығармалар бір бөлек. Олардың арасында Тиндаль, Проктор, Дарвиннің еңбектері бар. Сондай-ақ астрономия мен физикаға қатысты кітаптар да көзге ұрады. Бұдан әрі... Булфинчтің "Мифтік ғасыры", Шоудың "Ағылшын және американ әдебиетінің тарихы", Джонсонның екі томдық "Жаратылыс тарихы"... және Меткалф, Гид, Келлогтың бірнеше грамматикасы. Таңқаларлық дүние! Бұған қоса "Пірәдарларға арналған ағылшын тілінің" бір данасын көргенде, мен еріксіз езу тарттым.
Мұндай кітаптардың анадай жексұрын адамның бөлмесінен табылуы — қалай ойласаң да ақылға сыймас дүние еді. Рас, алғашында мен оның бұл кітаптарды оқитынына күмән келтіргем. Алайда төсегін жинастыруға кіріскенде, жастық астынан Браунингтің кембридждік нұсқасын көріп, тағы таңқалдым — Ларсен бұны ұйықтар алдында оқыған секілді, өйткені кітаптың "Балконда" деген өлең басылған беті ашық жатыр екен. Оның кейбір тұстарына қарындашпен белгі қойылған. Шхуна оқыс шайқап жібергенде қолымнан кітап түсіп кетті де, арасынан әр түрлі геометриялық фигуралар сызылған бір жапырақ қағаз жалп-жалп етіп жерге құлаған.
Демек, бұл адамның жабайы қылық, жексұрын әрекеттеріне қарап, оны мүлде надан деуге келмейді екен. Жұмбақ! Өте жұмбақ дүние бұл! Бір адамның басында — бір-бірімен үйлеспес екі түрлі қасиет, екі түрлі құбылыс. Иә, мен бұған дейін де байқағам, ол кейде ғана бір кібіртіктеп қалғаны болмаса, негізінен тым әдемі, тым шешен сөйлейтін. Және кіммен қалай сөйлесуді де біледі. Мәселен, аңшылар мен матростар алдында тіліне жаргон сөздерді көбірек қосса, ал менімен сөйлескенде, әр сөзін дәл де таза жеткізеді.
Мен енді оны кездейсоқ басқа қырынан таныған соң, біраз батылданып алдым да, оған ақшамның жоғалғанын айтуды артық көрмедім. Сосын палуба үстінде жалғыз тұрған сәтін пайдаланып, жанына бардым да:
— Мені үптеп кетті, — дедім оған ақырын.
— Сэр деп сөйлеңіз, — деді ол гүр етіп.
— Мені үптеп кетті, сэр, — дедім қайталап.
— Қалай? — деп ол маған тесірейе қарады.
Мен оған су киімдерім кепсін деп камбузге іліп қойғанымды, ал сосын одан ақшамның жоғалғанын, оны айтқан кезде коктың мені қуып жүріп ұра жаздағанын жіпке тізгендей айтып бердім.
Қорқау Ларсен мені тыңдап болған соң мырс-мырс күлді.
— О, кок оңайдан олжа табайын деген екен! — деді ол алғашында жай ғана мысқылмен. Сосын лезде түсін суытып:
— Айтыңызшы, — деді маған. — Менің мына бейшара өмірім сол ақшаның құнына тати ма, жоқ па деп ойладыңыз ба сіз? Жә, бұл басқа әңгіме. Ең бастысы, бұл сізге сабақ болды. Енді өз ақшаңызға өзіңіз қалай ие болу керектігін білетін боласыз. Бұған дейін бұл іспен, бәлкім, сіздің сенімді өкіліңіз немесе іс басқарушыңыз айналысқан болар.
Оның көзінен тағы да мысқыл ұшқынын байқадым, бірақ шешінген судан тайынбас дегендей:
— Ақшамды қайтарып алсам екен? — дедім батыл түрде.
— Оны өзіңіз білесіз. Мұнда сіздің сенімді өкіліңіз де, іс басқарушыңыз да жоқ, бар салмақ өзіңізге түседі. Егер долларыңыз қайта қолыңызға түссе, оны қаттырақ қысып ұстаңыз. Жерде жатқан ақша ұрлануға тиіс. Және сіз осы қылығыңызбен күнәға баттыңыз. Сіз жаныңыздағы адамдардың көзін қызықтырып, арам іске итеруге қақыңыз жоқ еді. Ал сіз соны істедіңіз. Кокты сөйтіп қақпанға түсірдіңіз. Соныңызбен де оның өлмес жанына қауіп төндірдіңіз. Айтпақшы, сіз жанның өлмейтініне сенесіз бе?
Бұл сұрақты қойғанда, ол қасын сәл көтеріп қалған, осы сәтте маған сұрғылт көздің ар жағынан әлдебір перде ашылып, оның жаны жалт етіп көрінгендей болды. Бірақ бұл елес сияқты бірдеме еді. Әйтпесе, Қорқау Ларсеннің жанына жан баласының үңіле алмайтынына мен сенімді едім. Иә, оның жаны мың кілт салсаң да ашылмайтын құпия құлып сияқты екеніне кейін талай рет көзім жеткен-ді. Ол ешқашан бет пердесін шешкен емес, тек шешкен болып ойнауды ғана білетін.
— Мен өлмес жанды сіздің көзіңізден көремін, — дедім мен "сэр" дегенді әдейі ауызға алмай, әңгіменің ыңғайы оған жол ашатындай көрінген.
Ларсен расында да оған мән берген жоқ.
— Бұнымен сіз: "Көзіңізден жанды бірдеме көрем" дегенді айтқыңыз келген болар. Бірақ бұл жандылық мәңгі емес.
— Жоқ, мен одан жандыдан да жандыны көргендеймін, — дедім мен бұрынғыдан да батылырақ.
— Оны сана деген жөн шығар. Сана — өмірдің жемісі, бірақ ол мәңгіліктің, өлмес жанның кепілі емес.
Бұнымен Ларсеннің нақты ойлай білетіні, ойлағанын және жақсы жеткізе алатыны байқалып еді. Ол маған "сау сиырдың боғы емессің-ау" дегендей сәл көз тоқтатып тұрған да, сосын көк теңізге көз бұрған. Неге екенін белгісіз, жанары қарауытып, қабағы түйіле түскендей болды. Байқаймын, бойын көңілсіздік билеген сияқты.
— Мұнда қандай мән бар? — деді ол бір мезет мен жаққа қайта бұрылып. — Ал мен өлмейді екем, сонда ол не үшін керек? Кім үшін керек?
Мен үндегем жоқ. Өзімнің идеалистік түсініктерімді бұл адамға қалай түсіндіріп бере аламын? Мәселен, түсіңізде көрген әуен, ән сияқты бірдемені біреуге дәл сол қалпында түсіндіріп беруге сіздің құдіретіңіз жетер ме еді? Жалпы өзіңе ап-айқын көрініп тұрған дүниені басқаға да дәл солай жеткізіп беру мүмкін бе өзі?
— Сонда сіз, жалпы, неге сенесіз? — дедім мен өз кезегімде.
— Мен өмірдің жалған екеніне сенемін, — деді ол жұлып алғандай. — Иә, жалған екеніне, бос әуре екеніне! Ол — мынау өмірді ашытып, божытып, көпіртіп тұратын ашытқы сияқты бірдеме. Ол бір нәрсені минуттап, сағаттап, жылдап немесе тіпті ғасырлап ашыта береді, ашыта береді. Бірақ түбінде бәрібір ашытқанын қояды. Өзінің ашытқысынан айырылып қалмау үшін екі елі балық бір елі балықты жұтады. Өз күшін сақтап қалу үшін күштілер әлсіздерді жейді. Кімге сәті түссе, ол көбірек өмір сүреді, — бар болғаны осы! Ана жаққа қараңызшы — бұған сіз не дейсіз?
Ол палуба ортасында арқандарды олай-бұлай тартқылап, арпалысып жатқан матростар жаққа шыдамсыздана қол нұсқады.
— Олар күйбең-күйбең қозғалады, бірдеме істейді, ал шындығында медузалар да қозғалады ғой. Қозғалады — өйткені бірдеме жеу үшін, жейді — өйткені қозғалу үшін. Бар мәселе осында! Қысқасы, тірі жанның бәрі өзінің қу тамағы үшін өмір сүреді, ал қу тамақ оларға өмір береді. Бұл — ұшы жоқ, түйіні жоқ шеңбер. Оның шетіне, шегіне жете алмайсың. Әне, олар да сол шеңберді айналып жүр. Бірақ, әйтеуір бірде қозғалыс тоқтайды. Олар күйбеңдегенін қояды. Өлді — бітті.
— Олардың жарқын мақсаты, ақжарма арманы бар. Ол — ...
— Тамақ жеу, — деді ол сөзімді күрт бөліп.
— Жоқ, одан басқа да...
— Тағы да тамақ жеу. Көбірек жеу, тәттісін жеу. — Оның даусы тым қатқыл шықты. Әзілдің нышаны да жоқ. — Өтірік десең, мұрнымды кесіп берейін, олардың бар арманы — көбірек ақша алу үшін сапардың сәтті болуы, немесе мені өлтіріп, капитан болу, сосын ғайыптан қазына табу, — қысқасы, олар қалайда жақсырақ өмір сүру үшін, төбесінде баспана, төсегінде құс жастық болу үшін бірінің қанын бірі сорады. Оған жетіп алса, мына қазір өздері істеп жатқан бар ауыр жұмысты басқалардың мойнына салады. Екеуіміз де дәл осындаймыз. Біреуіміздің көп, біреуіміздің аз жеуімізді есептемегенде, бізде басқадай еш айырма жоқ тегінде. Қазір мен оларды да, сені де жеп келемін. Ал сіз бұрын менен көп жегенсіз. Сіз жұмсақ төсекте жаттыңыз, жақсыны кидіңіз, тәттіні жедіңіз. Ал осы төсекті, киімді, тәттіні кім жасады? Сіз емес. Сіз ешқашан маңдайыңыздан тер шығарып жұмыс істеп көрген жоқсыз. Сіз әкеңізден қалған несібемен ғана тірлік еткен адамсыз. Сіз жерде тұрған бірқазанның аузындағы балықты аспаннан кеп қақшып түсер қызғыш деген құс сияқтысыз. Сіз "өздері құрып, өздері оған мемлекет деген ат беріп, сол аттың аясында басқалардың бәріне билік жүргізіп, олардың аузындағысын тартып жеп жүрген" жоғарыдағы озбыр топтың бірісіз. Сіз жылы киімдер киесіз, ал сол киімдерді тіккен, дайындаған адамдар дірдек қағып жалаңаш жүреді, сіздерден немесе сіздердің ақшаларыңызға ие болып отырған сенімді өкілдеріңіз бен іс басқарушыларыңыздан — жылап-еңіреп жұмыс сұрайды.
— Бұл енді басқа мәселе ғой! — деймін мен.
— Мүлде олай емес! — Капитан арс ете қалған. — Бұл иттік. Бұл және... өмір. Ал иттіктің итжандылығында қандай мән бар? Бұның бәрі қайда апарады? Бұның бәрі не үшін керек? Сіздер тамақ жасамайсыздар, өндірмейсіздер, бірақ жейсіздер, ал сол сіздер жеген немесе сіздер лақтырып тастаған тамақ — оны жасап, бірақ одан ауыз тие алмай қалған ондаған, жүздеген бейшараларды аштықтан құтқарған болар еді. Сіз өзіңіз қандай өлмес дүниеге еңбек сіңірдіңіз? Немесе олар? Енді екеуімізге қаралық. Қазір сіздің өміріңіз менің қолымда тұр, сонда сіз дәріптеген өлмес өмірдің құны қанша? Сіз баяғы естігеніңізді одан әрі жалғастыру үшін қалайда өзіңіздің үйреншікті құрлығыңызға кеткіңіз келеді, бірақ менің өз иттігім үстем боп тұрған бұл шхунада сізді ұстап тұрмын. Және ұстай да беремін. Бұл жерден сіз не адам боп шығасыз, не сүйегіңіз шығады. Мұнда кез келген сәтте өліп те кетуіңіз мүмкін. Менің жалғыз-ақ жұдырығым жаныңызды жаһаннамға жібереді, өйткені сіз мен үшін түкке тұрғысыз құрт-құмырсқасыз. Егер сіз екеуіміздің жанымыз өлмес болса, онымен не істейміз? Бүкіл өмірімді тағы да иттіктерге жұмсаймыз ба? Осының бәрі не үшін керек? Сізді мұнда не құдіретпен ұстап отырмын мен?
— Өйткені сіз маған қарағанда күштірексіз.
— Ал мен неге күштірекпін? — деді ол жұлып алғандай. — Өйткені сізге қарағанда менің ашытқым көбірек. Бұны сіз қалай түсінбейсіз, а? Қалай түсінбейсіз?
— Бірақ бұлайша өмір сүру — үмітсіздік қой! — дедім мен.
— Бұныңыз да дұрыс шығар, — деді ол. — Бірақ өмірдің өзегі боп табылатын осы ашытқының жалпы не керегі бар? Егер қозғалмасақ, түк істемесек — онда, әрине, үмітсіздік те болмайды. Алайда бар мәселе мынада: өмірдің бүкіл мәнсіздігін біле тұрып біз бәрібір өмір сүре бергіміз келеді, қозғалғымыз келеді, өйткені табиғат бізді солай жаратқан — өмір сүру үшін, қозғалу үшін... Мұнсыз өмір тоқырап, тоқтап қалар еді. Міне, сіздің жаныңыз бойыңызда тұр, ол сізге мәңгі өлместі армандатады. Өйткені оның өзі өлгісі келмейді. Міне қайда мәселе! Міне нағыз иттік!
Ол өкшесімен шұғыл бұрылды да, кормге жүре берді, бірақ ют бұрышына жетпей кілт тоқтап:
— Айтпақшы, кок сіздің қанша ақшаңызды қағып кетті? — деген маған қайта қарап.
— Жүз сексен бес доллар, сэр, — дедім мен.
Ол түсіндім дегендей басын изеді де кете барды. Арада бір минут өткенде, мен төменге түсіп, түстік қамына кірісе бастаған кезімде, ол бір матросты ешкідей бақыртып соғып жатқанын білдім.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Таңертең штормның арыны қайтып, су беті еркін тыныстай бастаған. Бұл уақытта "Елес" мұхиттың шетсіз-шексіз, тып-тынық айдынында шағаладай баяу қалқып келе жатты. Аракідік ауадан жеңіл леп еседі. Палубада тұрған капитан сонау солтүстік-шығыс жаққа көз талдыра қарап, пассат желін асыға күтеді.
Экипаж да түп-түгел палуба үстінде — олар шлюпкаларды алда тұрған аңшылық маусымға дайындаумен әлек. Шхунада жеті шлюпка бар еді: алтауы — аңшылардікі де, капитанның — тузигі. Әр шлюпка командасында — бір аңшы, бір ескекші және жүргізуші болса, ал борт командасында — екі-ақ адам: ескекші мен жүргізуші ғана. Бірақ күзеттік қызметті аңшылар да атқара береді, өйткені олар да капитанның құзырында еді.
"Елес" Сан-Франциско мен Викториядағы бүкіл кәсіптік флотилия ішінде ең ұшқыр шхуна есептелетін. Бір кезде ол әдейі шапшаң жүзуге лайықтап жасаған жеке меншік яхта болған көрінеді. Бұнысы оның сыртқы түрінен-ақ ап-айқын сезіліп тұратын. Кеше кешкілік күзеттің екінші кезегінде, Джонсон екеуіміз біраз әңгімелесіп қалдық. Ол маған біздің шхуна жөнінде өзі білетін барлық жайды айтып берді. Айтқанда, жүйрік ат туралы біреулер қалай тамсана, сүйсіне сөйлесе, ол да бұл кеме жөнінде аузының суы құрып, біраз жерге сілтеген. Бірақ бұл сапардан аса жақсылық күтпейтінін де жасырмаған, себебі Қорқау Ларсен осындай кәсіптік кеме капитандарының ішінде ең жаманатқа көп ие болғандардың бірі екен. Ал Джонсон тек "Елеске" қызығушылықпен ғана келісімшартқа қол қойып қалып, артынан бұнысына қатты өкінген көрінеді.
Джонсонның айтуынша, "Елес"— салмағы сексен тонна болатын, конструкциясы өте керемет шхуна. Енінің ұзындығы — жиырма үш фут, ал ұзындығы тоқсаннан асады дейді. Қорғасыннан жасалған ерекше ауыр фальшкилі кеменің орнықтылығы мен қанша желкен көтерсе де мызғымас беріктігін қамтамасыз ететін көрінеді. Егер палубадан грот-стеньга клотигіне дейін жүз фут десек, онда фок-матчтың биіктігі стеньгамен қоса есепгенде, он фут қысқа болуға тиіс. Бұның бәрін бүге-шігесіне дейін айтып отырған себебім, ұшы қиырсыз көк мұхиттың үстінде жиырма екі адамның тағдырын арқалап келе жатқан бұл кеменің қандай кеме екенін байқатайын дегенім ғой. Бірақ ол қанша керемет болса да, осынау ұшан-теңіз су бетінде қалбаң қаққан бір тал жапырақ, бір түйір дәндей ғана дүние еді. Ал енді осы құйтақандай дүниемен жер түбіне бет алған мына адамдар неткен жүрек жұтқан дүлейлер деп таңқаламын.
Жүрек жұтқан демекші, Гендерсон мен Стэндиш деген калифорниялық бір аңшы камбузде әңгімелесіп отырғанда, мен мынадай жайды да құлағым шалып қалған. Қорқау Ларсен желкенді кемемен жүзуде небір көзсіз ерлігімен көзге түскен ең ержүрек капитандардың бірі екен. Екі жыл бұрын ол Беринг теңізінде сұмдық штормға тап болып, "Елес" о бастағы матчынан айырылып қалады да, сосын көп өтпей-ақ одан әлдеқайда мықты, әлдеқайда ауыр қазіргі матчты жасатып алады. Оны орнатып болғанда Ларсен: енді бұдан айырылғанша аударылып қалғаным артық деп, шырт түкірген деседі.
Ғайыптан қызметі өсіп шыға келген Иогансеннен басқалардың бәрі осы кемеге қалай тап болғандары жөнінде неше түрлі себеп айтып, өздерінше ақталған болады. Команданың қақ жартысы алыс сапарға жүзетін теңізшілер еді, олардың бірде-бірі, өз айтуларынша, бұрын бұл шхуна жөнінде де, капитан жөнінде де ештеме білмеген, ал бұдан аздап хабары барлар сөзді алдымен аңшылар жаққа бұрады: сөз жоқ, керемет мерген жігіттер, бірақ мінездері өте шатақ, мұндай жындыларды есі дұрыс ешбір кеме жұмысқа алмас еді, — дейді олар.
Мен Луис деген тағы бір матроспен таныстым. Жаңа Шотландиядан шыққан осы дөңгелек жүзді, көңілді жігітті тыңдай берсең, сөйлей беруден ол жалықпайды екен. Түстен кейін кок ұйықтап жатқан, мен әдеттегідей картоп тазалап отырғам. Осы мезетте камбузға Луис кіріп келген, тегі әңгімеден ішқұса боп жүрсе керек. Ол менің қарсы алдыма отырып алып, ішіне сыймай жүрген біраз сырын ақтара бастап еді. Айтуынша, ол он жылдан бері әр маусым сайын теңіз мысығын аулауға шығып тұрыпты. Шлюпка жүргізуде екі флотилияда оған тең келетін матрос жоқ көрінеді. Сөйтіп жүріп мына кемеге бір ішіп жүрген кезінде кезігіп қалады да, келісім-шартқа ойланбай-ақ қол қоя салады. Сонысына қазір қатты өкінеді екен. Сау кезім болса, мұндай бәлеге бас сұғып нем бар, деп қояды ол.
— Әй, досым-ай, — дейді сосын маған аяй қарап. — Мені қойшы, мен сау басыма сақинаны ішкіліктен тапқан адаммын ғой, бәрінен де сені айтсаңшы, бүкіл теңіз бетінен дәл осындай кемеге қалай ғана жолықтың екен, а? Қиын-ақ болған, қиы-ын, қиын!.. Шындығында, теңіз мысықтарын аулау дегеніңіз бір рақат дүние ғой, шіркін. Егер оларды басқа бір кемеде жүріп ауласаң, тіпті керемет болар еді. Ал, мына тажалдың үстінде... әй, қиын ғой, қиы-ын! Көр де тұр, бұл сапарда талай сұмдықты көретін боламыз әлі. Жарты жолға жетпей жатып, кеше әне — капитанның көмекшісі өлді. Бұл — басы. Иә, талай сұмдықты көреміз әлі. Өз арамыздағы әңгіме ғой, жасырмай айта салайын, бұл Қорқау Ларсен дегеніңіз нағыз жыртқыштың өзі, ол капитан болып келгелі мына "Елес" те қасіреттің қара қазанына айналған. Бұл қазанда кімдердің жаны отқа күйіп, майға шыжғырылмады десеңші! Әлі есімде, бұдан екі жыл бұрын Хакодат деген жерде, осы кеменің матростары бас көтерген кезде, Қорқау Ларсен төрт жігітті бірдей табанда атып тастаған. Ол уақытта мен бұл шхунадан небәрі үш жүз ярд жерде, зәкірде тұрған "Эльма Л." деген кемеде матрос болатынмын. Сонда ғой оны көріп жүргенім. Және дәл сол жылы ол, Қорқау Ларсенді айтам да, бір адамды жалғыз жұдырықпен жер жастандырғанын да көргенбіз. Иә, иә, бір-ақ соққымен оны тұрған жерінде аяғын көктен келтірген. Ал кейін, тағы бірде ол Курил аралдарының губернаторы мен сондағы полиция бастығына не істегенін қараңыз! Бұл екі жапон джентльмені қуыршақтай әдемі, нәп-нәзік әйелдерімен "Елеске" қонаққа келген. Ой, о-ой, расында, сондай сұлу әйелдер еді ғой олар! Ал сонда Қорқау Ларсен зәкірді көтеріп, олармен қоштасар кезде, алдымен екі еркекті өздері мініп келген сампан деген кішкентай қайықтарына түсіріп жіберген де, сосын қапыда үлгірмей қалған сияқтанып, арттағы екі әйелді шхунамен ала қашқан. Содан бұл байғұстарды бір аптадан кейін ғана аралдың екінші жағына қалдырып кеткен ғой. Олар аяқтарындағы бір миль жүруге де жарамайтын жеңіл-желпі сандалдарымен таудан асып, қалай үйлеріне жеткенін кім білсін. Е, мен білмейді дейсің бе, бәрін де білемін. Бұл Қорқау Ларсен дегенің айуан ғой, айуан! Барып тұрған жыртқыштың өзі! Бұндай жыртқыштар туралы Апокалипсистің өзінде айтылған. Аяғы жақсылықпен бітпейді бұның... Тек есіңде болсын, бұны мен саған айтқам жоқ. Аузыңа ие бол. Өйткені мына менің, жуан қарын Луистің, қандай жағдайда да, тіпті басқалардың бәрі балыққа жем болған күннің өзінде де, бұл сапардан аман қайтсам деген ақжарма үміті бар.
Ол шамалы үнсіз отырды да, сосын тағы:
— Қорқау Ларсен! — деді қабағын тыржитып. — Қандай тауып қойылған ат! Шындығында, нағыз қорқау ғой ол! Қорқау! Қасқырдың ең жыртқышы! Адамдардың ішінде бір тас жүректер болады, ал Ларсенде жалпы жүрек деген жоқ шығар. Қорқау! Қорқау! Бар болғаны — сол ғана!
— Сонда қалай? — деймін таңданып. — Оның қорқау екенін, жыртқыш екенін біле тұрып, адамдар қалай оған барады? Қалай ол экипаж жинап алады!
— Жерден болсын, көктен болсын, әйтеуір бір жерден жұмыс табу дегенді не, сен білмейсің бе? — деді ол кельттерге тән қызбалықпен. — Маған да сондай жұмыс керек болды. Басқаларға да. Соның өзінде егер мен келісім-шартқа қол қояр кезде сау болсам, бұл шхунаны желкемнің шұңқыры көрсін деп жүре берер едім... Е, мұнда жөні түзу кемеге жалданатын адам да жоқ қой. Мынадай томырық, топас аңшыларды есі дұрыс қай кеме жұмысқа алады. Ал анау бакта тұрған матростар кезінде кімге жалданғанын, қайда жалданғанын өздері де білмей қалған бейшаралар. Енді білетін болады! Білгенде, бармақтарын шайнайтын болады. Қатты аяймын байқұстарды. Бірақ бәрінен өзімді ойлаймын. Бұл кәрі қасқыр Луисті алда не күтіп тұр дегенде, түн ұйқым төртке бөлінеді. Байқа, аузыңа ие бол! Мен саған ештеме айтқам жоқ, білдің бе!
Бір минуттан соң ол сөзін әрі жалғаған.
— Мына аңшылар, бір қарағанда, қақ-соғы жоқ жұп-жуас адамдар сияқты көрінеді, бірақ, көр де тұр, түбінде алғашқы боп бас көтеретін осылар болады. Алайда Қорқау Ларсенге олар түк те қыла алмайды, ауыздарын ашқан сәтте мойындарын бұрап алады... Дегенмен оңай шағылатын жаңғақ емес олар. Мысалы, қараңыз: мен жүргізетін шлюпкада Хорнер деген аңшы бар. Былай қарасаң, қой аузынан шөп алмас нағыз жуастың өзі. Ал осы жуасың өткен жылы өз шлюпкасының жүргізушісін бір-ақ сәтте о дүниеге аттандырған да жіберген. "Қайғылы оқиға"— бітті! Мәселенің қалай болғанын мен тек бір жылдан кейін ғана Иокагамада кезіктірген оның ескекшісінен естіп-білгем... Ал енді анау қара-қожалақ, қортық жігіт Смоктың кім екеніне қараңыз: ол брокеньерлік қылмысы үшін Сібірдегі тұз кенінде үш жыл каторгіде болып келген адам: орыстардың Мыс аралында заңсыз аң аулап жүрген жерінде ұсталған да, аяқ-қолына шынжыр байлаған күйі каторжниктердің ортасына түскен ғой. Ал ол жерде не істеген дейсіз? Жұмыс кезінде жанындағылардың бірімен жанжалдасып қалады да, ақыры Смок оны терең шахта түбінен қауғаға салып, шығарып жібереді. Бірақ бөлшек-бөлшек күйде: бүгін — аяғын, ертең — қолын, бүрсүгіні — басын...
— Ау, сіз не айтып тұрсыз? — деп мен айқайлап жібердім.
— Мен не айтып тұрмын? Ештеме айтып тұрғам жоқ. Мен саңыраумын, сақаумын, егер жер басып жүргісі келгендерге де айтарым сол — ауыздарын жауып жүрсін. Ал мен не айттым? Олардың бәрі де тек керемет жігіттер, оның ішінде Смок та, бірақ оны Құдай төбесінен ұрып, он мың жыл күнәсынан тазартып, сосын тозақтың отына тастасын дедім. Басқа не дедім! Түк дегем жоқ.
Мен бірінші рет бортқа тап болған кезімде, өне бойымды ысқылап, бір қабат терімді сыпырып алған анау Джонсон деген матросты бүкіл экипаждың ішіндегі ең жөні түзу, иманды, біртоға адам ба деп қалдым. Оның жан дүниесінің тазалығы мен адамдық қасиеттері бір қарағанда-ақ байқалып тұрады, сонымен қатар тым қарапайымдылығы мен ұяңдау мінезі де адамды өзіне тарта түседі. Дегенмен оны өте жуас деуге де болмас еді. Қажет кезінде өзінің намысын да, жеке көзқарас, пікірін де қорғап қалуға толық шамасы бар екеніне кейін талай рет көзім жеткен. Әсіресе, оның бірде өз аты-жөнін дұрыс айтуды Қорқау Ларсеннен қалай талап еткенін ешуақытта ұмыта алмаймын. Бұны тіпті Луис те есіне жақсы сақтап қалған екен. Ол осы жөнінде және Джонсонға қатысты басқа да мәселелер туралы былайша сыр қозғаған-ды.
— Бұл Джонсон деген шведіңіз өте бір тамаша адам, — дейді ол. — Бакте тұрғандардың ішіндегі ең мықтысы да сол. Бірақ оның Қорқау Ларсенмен әйтеуір бір күні ұстасып қалатыны анық енді. Мен білем ғой, білген соң айтам да! Ол күн де алыс емес, Джонсонның басына бір қара бұлттың төніп келе жатқанын сезем мен, сезем. Мен оған дос ретінде ақылымды да талай рет айттым, Ларсенге деген қыжылыңды көрінгенге айта берме дедім, қайтесің, тыңдамайды. Ылғи да ол туралы бірдемені күңкілдейді де жүреді, оны біреулер жеткізбейді дейсің бе, жеткізеді. Көресің сосын нағыз қан қасапты! Күштілер күштілерді ұната ма! Джонсонның да күші жеткілікті, егер оны тұмсықтан бір персе, ол да қарап қалмайды. Ой, қиын, қиы-ын! Егер іс насырға шапса, мен басқа ескекшіні қайдан табамын. Сен білесің бе, бұл ақымақты шал "Ионсон" деп атағанда не болғанын! "Менің атым Джонсон, сэр" деп, түзеткен ол, және жай түзетіп қоймай, әр дыбысын бөліп-бөліп, тістеніп тұрып айтқан. Сондағы шалды көрсең сен! Мен: "Бәрі бітті! Қазір оны быт-шыт қылады!" деп ойлағам. Бірақ бұл жолы олай болмады, ал келесі бірде палубаның қан саситыны анық енді, әлде теңіз сырын мен түсінбейтін шығармын, сондықтан сәуегейлік жасау да қиын ғой.
Томас Магридж мен үшін күн өткен сайын жиіркенішті болып барады. Мен оны "мистер", "сэр" деп атауым керек. Және әр сөз сайын. Оның бүйтіп әспенси беруіне Қорқау Ларсеннің де ықпалы бар ма деймін. Бірақ оның дәл кокпен ауыз жаласатындай жөні жоқ сияқты көрінеді маған, кім білсін, мүмкін бұл да кезекті ойынының бірі шығар залымның. Оның екі-үш рет камбузға бас сұғып, кокпен әлдене жөнінде әңгімелесіп кеткені бар еді, ал бүгін түстен кейін он бес минут бойы ол кокпен ютта сөйлесіп тұрып алған. Бұл "кездесуден" кейін Магридж камбузға келіп, екі езуі екі құлағына жетіп, күні бойы бір әнді мұрын астынан ыңылдады да жүрді.
— Мен бастықтармен тіл табыса білем ғой, — деп қойды ол сосын бір мезет. — Иә, олардың алдында өзімді қалай ұстауды да, қалай сөйлеуді білем. Сондықтан бәрі де мені сыйлайды. Мысалы анау соңғы шкиперді алайық — мен оның кез келген уақытта каютасына барып, емін-еркін әңгімелесіп, кейде онымен бірер стаканды тартып жіберіп жүрген адаммын ғой. "Магридж — дейтін ол. — Магридж, сен өз жолыңды таба алмай қалған жігітсің". "Ол қандай жол?" деймін таңданып. "Сен өз несібеңді ешқашан өз еңбегіңмен табуға тиіс емес джентльмен боп тууың керек еді" дейді ол Хэмп, өтірік десең өліп-ақ кетейін, ол маған тура осылай деді ғой, тура осылай — сөз бе сөз! Ал мен оның каютасында отырмын, тыңдап отырмын, алдымда — ром, аузымда — оның сигары...
Оның әңгімесі менің құсқымды келтірген. Маған еш уақытта біреудің сөзі мұндай жиіркенішті көрінген емес. Коктың ыңырсыған жылбысқы даусы, өтірік жымиған монтаны күлкісі, өзін өзі көтере сөйлеген көпшікті сөзі, бәрі-бәрі де менің жүйкеме тиіп, қарадай қалшылдап кеттім. Сөз жоқ, бұрын-соңды мен кезіктірген адамдардың ішінде бұдан өткен жексұрын болмаған шығар. Бұған қоса ол айтып жеткізгісіз арам, былапыт адам еді, тамақтың бәрі негізінен соның қолынан өтетіндіктен, кірпияз басым, қалайда оның қолы тимеген бірдемені жеуге тырысамын.
Менің қолдарым қара жұмысқа тым икемсіз ғой. Енді қорлықтың көбін содан көріп жүрмін. Саусақтарыма кірдің сіңіп кеткені сондай, оны шөткімен жуып кетіре алмаймын. Тырнақтарым қарайып, ұштары мүжіле бастаған, алақандарым қолдыраған; бұл аздай, бірде кеме қатты шайқалып кеткенде, мен теңселіп барып, ыстық пешке шынтақтай құлағаным бар. Ұршығы шыққан тіземе енді күйген шынтақтар қосылып, екеуі бірдей солқылдағанда жанымды қоярға жер таппаймын. Бірақ жан бағатын жағдай жоқ, ертеден кешке дейін камбуз ішінде жаралы аяғымды сүйретіп, сылтимын да жүремін. Демалыс деген түсіме де кірмейді.
Демалыс! Бұл сөздің мәнін бұрын ешуақытта түсінбеген екем ғой. Шындығында, осы кемеге кезіккенше мен өмір бойы демалыста жүріппін-ау! Соны қалай түсінбегем, қалай сезінбегем. Ал қазір болмағанда жарты сағат ештеме ойламай, ештеме істемей қол қусырып отырудың сәті түссе, бұл менің өмірдегі ең бір рақатқа батқан сәтім деп білер едім. Есесіне бұның бәрі де маған сабақ болғандай. Иә, қазір мен қарапайым еңбек адамдарының қандай бейнетпен өмір сүретінін жақсы біліп алдым. Жұмыс дегеннің мұндай азапты болатынын бұрын кім білген. Сұмдық екен ғой бұл! Таңғы сағат бес жарымнан — түнгі сағат онға дейін мен бәрінің құлақкесті құлымын, ал өзіме деген бір минут уақытым жоқ, тек кешкі вахтаның соңында палубаға шығып, сәл бел жазып алатыным болмаса. Бірақ бұл жерде де кок тыныштық бермейді, камбуздың тамақ иісі сіңген тар ауасынан кейін бір мезет ашық аспан астында еркін тыныстап, күн сәулесі ойнап жатқан теңіз бетіне қызыға қарап, палубада әр түрлі жұмыстармен күйбең-күйбең етіп жүрген матростардың қимылын қызықтап, енді-енді бой сергіте бастаған кезде: "Ей, сен не ғып тұрсың андағы жерде ауызыңды ашып. Мен не, сені көрмей тұрмын ба?" деп, ол айқайға басып шыға келеді.
Байқаймын, кубриктегі аңшылар арасына сызат түскен сияқты, кеше Смок пен Гендерсон төбелесіп қалыпты. Гендерсон жас та болса көпті көрген, талайды бастан кешірген, тәжірибелі аңшылардың бірі еді. Осы бір мінезі ауыр жігітті оңайшылықпен орнынан қозғау қиын-ды. Ақыры, міне, ол да қозғалыпты, өйткені Смоктың көзі көгеріп жүр, көзі ғана емес, бүкіл бетінде ұсқын жоқ, құдды ит талаған күшіктей.
Кешкі астың алдында осы бір хайуан тектес адамдардың бүкіл болмысын танытатын тағы бір сұмдық оқиғаның куәсі болдым. Бұл кемеге жаңадан келген тәжірибесі аз, кез келген жұмысқа икемсіз Гаррисон деген жас жігіт бар еді. Тегі бұл сапарға оны арманшылдығы айдап әкелсе керек. Кез келген уақытта бағытын өзгертіп, о жақтан бір, бұ жақтан бір соғып тұратын баяу желдің кезінде, кеме де оның ыңғайына қарай амалдап, жалтарып отыратын сәті болады. Мұндай мезетте желкендерді борттың бір жағынан екінші жағына ауыстыру қажет болады да, ол үшін бір матросты сонау биікке — матчтың қыл ұшындағы фор-топсельді жылжытуға жібереді. Нок гафельге өтетін шкот деген арқан дөңгелек шығырға тұтылып қалған кезде, Гаррисон жоғарыда тұрған. Менің білуімше, шкотты тазалап жіберудің екі түрлі амалы бартұғын: біріншісі — фокты түсіру, бұл салыстырмалы түрде әрі жеңіл, әрі қауіпсіздеу, екіншісі — дирик-фалмен өрмелеп, сонау көз ұшындағы нок гафельге дейін көтерілу, бұл — жаныңды шүберекке түю.
Иогансен екіншісін таңдаған да, Гаррисонды фалмен көтерілуге жұмсаған. Жас жігіттің жүрексініп тұрғаны әркімге де түсінікті еді. Бұған таңқалуға да болмайтын, өйткені қалт-құлт етіп тұрған арқан-жіптермен сексен фут биікке өрмелеу — өміріңді қыл ұшына байлаумен бірдей ғой. Егер жел біркелкі соғып тұрса, қауіп аздау болар еді, алайда бұйрат-бұйрат ұзын толқындар үстінде "Елес" қабықтай қалтылдап, бір жағына әрбір қисайған сайын желкендер желп-желп етіп, арқан-жіптер бірде ширығып, бірде босап тұрады. Олар қаттырақ бір серпіп қалса, оған жабысып тұрған адам қамшы ұшындағы шыбындай ұшар еді.
Гаррисон бұйрықты естігенмен бірден қимылдай қоймады. Мүмкін ол матч басына өмірінде бірінші рет шыққалы тұрған шығар. Иогансен қалай боқтап, қалай айқайлауды Қорқау Ларсеннен тез-ақ үйреніп алған екен, жұдырығын түйіп алып, Гаррисонды барынша сыбай бастаған.
— Жап аузыңды, Иогансен! — деп, капитан оған ақырып жіберді. — Бұл кемеде мен ғана боқтаймын, бұны түсінетін кез жетті! Егер сенің көмегің керек болса, оны да өзім айтамын. Түсіндің бе?
— Иә, сэр, — Көмекші жым болды.
Бұл уақытта Гаррисон арқан бойымен ақырын өрмелей бастаған. Камбуз есігінен қарап тұрмын, жігіт биікке көтерілген сайын безгек тигендей дір-дір етеді. Өте абайлап, баяу жылжып барады. Көгілдір аспан аясында бүкіл денесі ап-анық көрінеді, құдды өз сілекей-жібімен тартылып бара жатқан алып өрмекші сияқты.
Гаррисонге биікке қарай сәл еңкіштеу тартылған арқан бойымен көтерілуге тура келген, — әр түрлі шығыршықтар арқылы гафель мен мачт басынан өткізілген дирик-фал ғана оның кейде аяғына, кейде қолына тіреуішке жарайды. Бәрінен де қиындығы сол — әрі баяу, әрі тұрақсыз ескен жел желкендерді жеткілікті түрде керіп ұстап тұра алмайды. Гаррисон нок гафельге дейінгі жарты жолдан енді өте бергенде, кеме алдымен жел өті жаққа, сосын қайта екі толқын арасындағы сай жаққа қатты шайқалып кеткен. Ол фалға тастай жабысып, қатты да қалды. Төменде, одан сексен футтай жерде тұрған мен жас жігіттің өмір үшін қандай арпалысқа түскенін жан-жүрегіммен сезіп тұрмын. Дәл қазір сіресе қалған сәттегі оның білеу-білеу бұлшық еттеріне дейін көргендеймін. Жел тынған, желкендер бүрісе түскен, арқандар салбырап қалған. Гаррисон ілініп тұрған фал ауыр салмақтан тіпті қатты бүгіле түскен. Бәрі де қас-қағым сәттік құбылыс. Сосын гафель күтпеген жерде қайта өз орнына келіп, ең үлкен желкен кілт желге толып, құдды зеңбіректен оқ атқандай гүрс ете түсті де, ал кенептен жасалған үш желкенше бірінен соң бірі мылтық үніндей парс-парс ете қалды. Гаррисон фалда кенедей жабысқан күйі шырқап ұша жөнелді. Бірақ бұл ұшу қалай тез болса, солай тез тоқтаған да. Бұл — фалдың шегіне жеткен тіреуі, қамшының шыбынды кейін серпуі еді. Гаррисон бұған төтеп бере алмады, бір қолы фалдан шығып кетіп, екіншісі әзер ұстап қалған. Бірақ бұл да секундтық қана жармасу болды. Артынша... қас пен көздің арасында басы төмен, аяғы көктен келген. "Бітті! — дедім мен көзімді жұмып. — Құлады!.." Жоқ, құламапты, көзімді қайта ашсам, ол ғайыптың құдіретімен аяқтарын арқанға орап үлгеріпті де, басымен төмен салбырай қалыпты. Сосын... жыланқұрттай басын қайқаң еткізіп қайта жоғары көтеріп, екі қолымен бірдей фалға жабыса кетті. Сөйтіп, әйтеуір, бұрынғы қалпына қайта келіп, арқанға таскенедей жабыса түскен.
— Ол енді аузынан жынын шығаратын шығар, — Камбуз сыртынан, Қорқау Ларсеннің даусын естідім. — Сақ бол, Иогансен! Сақтан! Қазір басталады!
Шындығында да, Гаррисон теңіз ауруына ұшырағандай жүрегі айнып, құсқысы келіп тұрғаны байқалды. Арқанды барынша қысқан қалпы тастай қатқан — қозғалыс жоқ, қыбыр жоқ. Бірақ Иогансен де үсті-үстіне бұйрық бергенін қояр емес.
— Масқара! Сұмдық! — деді Джонсон тістеніп, бірақ әр сөзін ағылшын тілінде асықпай дұрыс айтты. Ол грот-ванттың түбінде, менің жанымда тұрған. — Жас жігіт онсыз да тырысып жатыр ғой. Немене соншама асықтырып. Бұл дегеніңіз...
"Өлімге итеру ғой" дегенді айтпас бұрын ол тілін тістей қойды.
— Ой, ақырын! — деп Луис оған сыбыр етті. — Өлгің келіп тұрмаса аузыңды жапсаңшы!
Бірақ оны тыңдаған Джонсон жоқ, күйіне сөйлеп жүре берді. Оған сосын Стэндиш деген тағы бір аңшы қосылған.
— Тыңдаңызшы, — деді ол капитанға. — Бұл жігіт менің ескекшім еді. Мен одан айырылып қалғым келмейді.
— Дұрыс айтасыз, Стэндиш, — деді оған капитан. — Ол — сенің шлюпкаңда ескекші, ал менің шхунамда — матрос. Мен өз матросыма өзім билік жасаймын. Түсіндің бе?
— Билік жасаймын деп адамды... — деп Стэндиш сөзін әрі жалғай беріп еді:
— Тоқтат сөзді! — деп Ларсен арс ете қалды. — Мен айттым — бітті! Ол — менің матросым. Керек қылсам, оның етін шыжғырып та жеймін, асып та жеймін. Сөз осы, кете бер!
Аңшының көзінен ашу оты білінді, бірақ сөз таластыруды артық көрді ме, үнсіз бұрылып кубрикке беттеді; сосын ол трап үстінде тоқтап, биікке көз салды. Бұл уақытта матростар да түп-түгел палубаға жиналып, өмір мен өлім айқасқан сонау биікке қас қақпай қарап қалған. Қазіргі өндірістік қоғамдық құрылыстан басқалардың өмірін езіп-жаншуға емін-еркін билік алған осынау адамдардың қатыгездігі мен қайырымсыздығы мені мүлде түңілдіріп еді. Адам еңбегінің осыншама қауіп-қатерге толы болатынын бұрын кім білген! Оны білетіндей менің жөнім де жоқ-ты, өйткені тұрмыстық терең иірімдерден мен қашан да қашықтау жүрген адаммын ғой. Адам өмірі маған ылғи да әлдебір құдыретімен соншама қасиетті, соншама қымбат көрінетін, ал мына жерде оның көк тиындық құны жоқ, тек коммерциялық есеп-қисаптың орнында жүретін бірдеме сияқты екенін білдім. Жоқ, мұндағылардың бәрін олай дей алмаймын, матростар өз әріптесінің мүшкіл халін сезінген секілді, солардың бірі — анау Джонсон ғой, ал капитан мен аңшылар "өлмесең, өме қап" деп тұрғаны анық енді. Жаңағы Стэндиш те матросқа шын жаны ашыған адам емес, оның ойы — ескекшіден айырылсам, менің күнім не болмақ. Егер Гаррисон басқа шлюпканың ескекшісі болса, Стэндиш те онда тура мына аңшылар сияқты матч басына мәз болып қарап тұрмасына кім кепіл
Жарайды, Гаррисонға қайта оралайық. Шырқау биікте қалтылдап тұрған бұл байқұсты Иогансен он минут бойы жер-жебіріне жетіп тұрып, ақыры тағы да алға жылжытуға мәжбүр еткен. Сонымен қалайда тырмыса жүріп, нок гафельге де жетті-ау, әйтеуір. Бұл жерде ол көлденең арқанға мініп, "уһ" деп бір тыныс алған. Сосын шкотты тазалап болған соң, оған тек қайту ғана қалып еді. Бірақ бұл да оңай емес-ті, жоғарыға шыққанда қандай жолдан өтсе, енді төменде де сондай жол, тіпті одан да қауіптісі күтіп тұрған. Екіншіден, корыққаны, шаршағаны және бар. Мен жерден бәрін де көріп тұрмын: ол алдымен төменге қарай шұбатылып жатқан арқан-жіптерге көзі бақырая біраз қарап отырды да, сосын палубаға үңілді. Қолдары қалтырап, аяқтарының дір-дір еткені байқалды. Қорыққан кезде адамның беті дәл осылай қара топырақ боп кететінін бұрын мен ешуақытта көрген емеспін. Иогансен енді оған "Түс!" деп айқайлап тұр. Ал ол кез келген минутта гафельден қалпақтай ұшарын сезіп, оған жанұшыра жабыса түседі. Қорқау Ларсен палубада Смокпен жайбарақат әңгімелесіп жүр, аспандағы Гаррисонды әлдеқашан ұмытқан, тек жердегі жүргізушіге сұқ саусағын шошайтып:
— Ей, бағыттан ауытқып барасың сен. Көзіңе қарамайсың ба, ақымақ! — деп қояды.
— Құп болады, сэр, — деп жүргізуші штурвалды ақырындап бұра бастайды.
Оның "қателігі" сол — сәл де болса желкендерді жел керіп, оларды бір бағытта ұстасын деген ниетпен кемені аздап желге қарсы бұрғаны. Бұнысы — Гаррисонға көмегі еді оның.
Уақыт өтіп жатыр, жағдай жан төзгісіз. Бірақ Томас Магридж бұл оқиғадан да бір ермек тапқан сияқты. Минут сайын камбуздан басын қылтың-қылтың шығарып, ыржаң-ыржаң күліп, өзінше қалжың айтқан болады. Неткен жексұрын десеңші! Осы сәттегі оған деген ашу-ызам бұған дейінгінің бәрінен асып түскен. Мен оны, рас, өлтіріп жібергім келген. Иә, өмірде мен бірінші рет адам өлтіргім келді. Әлгі біздің жазушылар жазғандай "қан аңсадым" сол сәтте. Жалпы адам өмірінің қасиетті екені рас шығар, алайда Томас Магридждің өмірі маған әлдебір қарғыс атқан қара пәле сияқты бірдеме көрінген. Қарадай "қан аңсай" бастағаныма артынша қорқып қалдым, басыма қайдағыбір жаман ой келді: өзімді қоршаған мына сұрқай ортаның салқыны маған да тие бастағаны ма? Кеше ғана адамгершілік туын аспанға көтеріп, өлім жазасына қарсы өжектеп сөз сөйлеп, жұртты тек ізгілік пен имандылыққа шақырған адам кім еді? Ол — өзгеден бұрын мен едім ғой.
Арада тағы да жарты сағаттай уақыт өткен. Гаррисон болса, әлі аспанда ілініп тұр. Кенет палубада Джонсон мен Луистің бір нәрсе жөнінде қатты дауласа бастағанын байқадым. Бұның арты Джонсонның Луиске қолды бір сілтеп, әлдеқайда адымдай жөнелгенімен біткен. Көріп тұрмын: ол палубаны кесіп өте келіп, фор-вантқа секіріп шықты да, жоғары өрлей бастады. Бұны Қорқау Ларсеннің де қырағы көзі шалып қалған:
— Әй, қайда барасың сен? — деп айқай салды.
Джонсон кілт тоқтап, капитанға тура қараған қалпы:
— Жігітті түсіріп алуым керек, — деді нығыздап.
— Жаныңның барында түс қанеки андағы жерден! Түс деп тұрмын саған, түс!
Джонсон не істерін білмей кібіртіктеп біраз тұрды да, ақыры ұзақ жыл құлдыққа үйренген әдеті жеңді ме, палубаға салбырай түсіп, тымырайған күйі бакке жүре берді.
Мен бес жарымда кают-компанияға түсіп, дастарқан жаюға кіріскем, бірақ не істеп жүргенімді өзім де сезбеймін: көз алдымда тек — шайқалған гафель мен оған шыбындай жабыса түскен матрос... Бұдан басқа ештеме көрмеймін, ештеме сезбеймін. Қандай аянышты еді!
Сағат алты кезінде де... бір жағынан жұртқа тамақ беріп, бір жағынан камбуз есігінен сығалай жүріп, қайта-қайта матч басына қараймын! Ол баяғы орнында. Ал үстел басындағылар қаннен-қаперсіз басқа бір әңгімені гөйітіп отыр. Байқауымша, олардың бірде біреуін жаны қыл ұшында тұрған ана жігіттің тағдыры алаңдатар емес. Алайда, қуаныштың көкесі сол, бір әредікте мен камбузгс жүгіріп бара жатып, Гарриосонның ванттан бак үстіндегі люкке қарай шайқала теңселіп, түсе бастағанын көрдім. Бұдан соң бірер минут өткенде, оның аяғы палубаға да тиді-ау, әйтеуір.
Бұл оқиғаны тәмамдау үшін мен өзімнің Қорқау Ларсенмен әңгімемді қысқаша айтып өтуге тиіспін. Ол маған кают-компанияда, ыдыс-аяқтарды жинастырып жүрген кезімде жолыққан.
— Түріңіз бұзылып кетіпті ғой, — деді ол. — Не жетті сізге бүгін?
Гаррисонмен бірге менің де қатты күйзелгенімді ол әрине біліп тұр. Біле тұра "не жетті?" дейді монтанысып. Бұнысы — бүгінгі оқиғаны бұл қалай қабылдады екен, байқайын деген қулығы.
— Мына жігітке деген сұмдық қатыгездік мені қатты қапаландырды,— дедім мен турасынан басып.
Ол мырс-мырс күлді.
— Бұныңыз теңіз ауруы сияқты бірдеме де. Оны біреу көтереді, біреу көтермейді дегендей...
— Менің жайымның оған не қатысы бар?— дедім жұлып алғандай.
— Қатысы өте көп деді ол. — Қозғалыс жағына келсек, теңіздегі сияқты жерде де қатыгездік жеткілікті. Біреу жердегіні ұнатпайды, біреу теңіздегіні. Мәселе сонда ғана.
— Сіз адам өмірін соншама ойыншық қыласыз. Сонда қалай, сіз үшін оның қара бақырлық құны болмағаны ма?
— Құны? Ол қандай құн? — Ларсен маған әрі сұраулы, әрі мысқылды түрде қараған. — Сіз өзі қандай құн туралы айтып тұрсыз? Оны және немен өлшеп тұрсыз? Жалпы, өмірді кімдер бағалайды осы?
— Мен бағалаймын, — дедім мен.
— Сіз оны қалай бағалайсыз? Дәлірек айтқанда, біреудің өмірін. Сіздіңше, ол қанша тұрады?
Өмірдің бағасы? Мен оны қалай анықтай алам, қалай өлшеймін? Әдетте, кез келген сауалға мүдірмей жауап беретін мен дәл осы сұраққа келгенде, не дерімді білмедім. Шындығында, Ларсеннің мысы басып кеткендей. Иә, мен солай деп ойладым, дегенмен басты себеп — екеуіміздің дүниетанымымыздың мүлде қайшы, мүлде сәйкес келмейтіндігінде еді. Басқа материалистермен ой жарыстырған кезде, мен әйтеуір бір ортақ пікір, ортақ түйінге жолығатынмын, ал Қорқау Ларсенмен сөйлескенде, біздің бірде-бір ой-пікіріміз бір жерден шыққан емес. Мүмкін мені мүдірткен — оның өмірлік көзқарастарының тым қарабайырлығы шығар: өзіне ұсақ-түйек, маңызсыз көрінген нәрсенің бәрін лақтырып тастап, ол бірден мәселенің мәніне көшеді және не айтса да үзілді-кесілді айтады да, мен біліп тұрған дүниемнен жаңылып қаламын. Өмірдің құны! Қалай мен бұған ойланбастан, бірден жауап беремін? Өмір — қасиеттінің қасиеттісі, бұл — мен үшін аксиома. Міне, оның құндылығы да сонда — мұндай ақиқи шындыққа қалай күмән келтіруге болады. Баршаға белгілі осы бір шындыққа Ларсен менен дәлел талап еткенде, менің сасып қалғаным рас.
— Бұл жөнінде біз кеше де әңгімелескенбіз, — деді ол. — Мен сонда өмірді ашытқыға теңегем, ал ашытқы көзге көрінбес миллиондаған ашытқыш саңырауқұлақтардан тұрады, олар бірін-бірін жеген кезде ашытқы пайда болады. Өмір де сол сияқты, тірімін дейтін жанның бәрі бір-бірін жейді, жұтады, құртады. Сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан, өмір дегенің өмірдегі ең арзан, ең құнсыз дүние. Табиғатта судың да, жердің де, ауаның да белгілі бір мөлшері, шегі бар, ал біреуден біреуді туғызатын өмірде мөлшер де, шек те жоқ. Табиғат өте өсімқор нәрсе. Айталық, миллиондаған уылдырығы бар балыққа қараңыз. Өзіңізге немесе маған қараңыз. Біздің белімізде милллиондаған өмірдің өзегі бар. Сол өмірдің әрқайсысын адам етіп шығарар болсаң, онда екеуіміз тұтастай бір халықтың, бір елдің әкесі болар едік. Өмір дейсіз? Бос сөз ол! Түкке тұрғысыз бірдеме ол. Арзандардың арзаны, құнсыздардың құнсызы ол. Оның жүрмейтін жері, кірмейтін есігі жоқ. Табиғат оны қалай болса, солай шашады. Қай жерде бір өмірге орын болса, сол жерде мыңдаған өмір қоныс тебеді. Сосын жалғыз біреуі — ең мықтысы, ең жалмауызы қалғанша бірін-бірі жейді кеп.
— Дарвинді оқығаныңыз көрініп тұр, — дедім мен. — Бірақ сіз басқа біреудің өмірін қалай болса солай ойыншық қылғаныңызды тірлік үшін күрес деп есептесеңіз, онда сіз Дарвин ілімін бұрмалағаныңыз.
Ол иығын қиқаң еткізді.
— Сіз бұны адам өміріне ғана қатысты айтып тұрсыз, ал басқада шаруаңыз жоқ, өйткені сіз балықты, кұсты, жан-жануарды менен артық болмаса кем қырмайсыз. Адамның өмірі не, солардан артық па. Артық десеңіз, айтыңызшы, несімен артық ол? Егер оның мысқалдай кұны, титімдей артықшылығы болмаса, мен неге оны қорғаштауым керек? Теңізде матростардың бәріне кеме табыла бермейтіні секілді, құрлықта жұмысшыларға да әмсе фабриктер мен машиналар жетісіп жатпайды. Құрлықта тұратын сіздер жарлы-жақыбайларды қаншалықты қала сыртына, шеткі көшелерге ығыстырып тастап, қаншама оларды аштық пен жалаңаштыққа ұрындырсаңыздар да (бұл да өмірді ойыншық қылу ғой), олар көбею үстіне көбейе береді, енді не істеу керектігін білмей сіздердің бастарыңыз қатады. Сіздер лондондық жүкшілердің бір сағаттық жұмысқа бола бір-бірімен аш қасқырдай жұлысқанын әйтеуір бірде көргендеріңіз бар ма?
Ол жауап күтпей-ақ трапқа бұрылып жүре берді, бірақ ойына бірдеме түскендей қайта айналып келіп:
— Байқадыңыз ба, — деді. — Өмір өз құнын өзі бағалағаны болмаса, басқадай онда ешқандай құн жоқ қой. Әрине ол жез болса да, өзін алтындай көреді, өйткені кім-кімнің де өзіне деген махаббаты бөлек те. Алысқа бармай-ақ, бүгін мен матч басында ұстаған матросқа қараңыз. Өмір үшін ол қалай жанталасты! Сол сәтте ол қолы мықтап ұстап тұрған бір тұтам арқан-жіпті мың-сан гауһар, жақұт, асыл тасқа айырбастамас еді. Сондай өмірдің сізге қажеті бар ма? Жоқ. Маған да ешқандай. Ал ол үшін? Күмәнсіз. Бірақ ол бағалаған құнға мен келіспеймін, өйткені тым асырып жіберген. Егер ол құлап, миы быт-шыт боп шашырап кетсе де, дүние қараң қалмайды, ертең-ақ мың-мыңдаған тірілер өмірге келеді. Ендеше жалғыз оның өмірінде қандай құн бар. Болса, тек өзі үшін ғана, бірақ бұл да алдамшы, өйткені өліп кетсе, қандай қымбатын жоғалтқанын өзі де білмей қалады. Демек өмір тек оған қымбат, алтыннан да, күмістен де. Ол құлады — алтын, күміс шашылып түсті палубаға. Біз оны сыпырып-сиырып борттан ары шашамыз. Өлді-қалды бір адам, сүйегімен біз не істегенімізді де білмейді. Одан ол да ештемесін жоғалтпайды, өйткені оны сезетін сана жоқ, жүрек жоқ — бәрі өлген. Өлгенге енді бәрібір. Ал, бұған не дейсіз?
—Не деймін? Сіз қандай мәселеге де бір уәж таба білесіз, — дедім мен.
Бұдан басқа ештеме айта алмадым да, әлгінде жуып жатқан аяқтарымды қайта қолға алдым.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Үш күн бойғы құбылмалы желден соң, ақыры солтүстік-шығыс пассат желіне де жеттік-ау. Ұйқымды жақсы қандырып алғаннан кейін аяғымның ауырғанына да қарамастан палубаға жүгіріп шықтым; біздің "Елес" тұмсықтағы үш кливерден басқа барлық желкендерін көтеріп, толқындарды ақ көбікке орап, құдды қанат байлап алғандай екпіндете ұшыртып келеді екен. Корм үстінде қоңыр салқын жел еседі. Бұл пассат деген неткен ғажап десеңші! Бір қалыпты леки соққан желдің екпінімен күнді күнге, түнді түнге ұрып, тынымсыз зулап келеміз. Шындығында, шхунаның өзі зулап келеді, әдеттегідей құрал-жабдықтардың бірін көтеріп, бірін түсіріп, топсельдерді ауыстырып, жанталасып жатқан ешкім жоқ, матростар тек штурвал жанында, күзетте тұрғанды ғана біледі. Күн батқан соң шкоттар аздап ауырсына бастайды да, сосын таңертең шық кепкен кезде қайта қалпына келіп, аңқылдайды да отырады. Бар болғаны — сол.
Біздің жылдамдығымыз — он узел, кейде он бір, он екіге жетеді. Солтүстік-шығыстан ескен ілеспе желде дамыл жоқ, ту сыртымыздан гулей береді, гулей береді, ал біз алға самғай түсеміз, тәулігіне екі жүз елу миль дегенің енді бізге түк емес. Бұл жылдамдық мені әрі қуантады, әрі мұңға батырады, өзім сүйген Сан-Франциско уақыт озған сайын алыстап барады, ал қиялдағы тропика күннен күнге жақындап келеді. Тропикаға жақындаған сайын күн де жыли түскен. Кешкі күзеттің екінші жартысында матростар палубаға шығып, шешініп тастап, рақаттана теңіз суына шомылады. Су бетінен біртіндеп ұшпа балықтар да кезіге бастаған, шхунаға ұшып түскен оларды түнгі күзеттегілер палуба үстінен еңбектеп жүріп жинап алады да, Магриджге тапсырады. Сосын күні бойы камбузден қуырылған балықтың иісі аңқиды да тұрады. Кейде Джонсон кездейсоқ бушприттен ұстап алған дельфиннің етін жеп те қарық болып қаламыз.
Джонсон өзінің бүкіл бос уақытын сол жерде — бушпритте өткізеді немесе салингке шығып алып, пассаттың ығымен құстай ұшып келе жатқан "Елестің" еркін де жеңіл қимылына ұзақ-ұзақ қызыға қарап тұрады. Енді бір сәтте желге толған желкендер мен шыныдай мөлдір аспанға сүйсіне көз салып, сағаттар бойы үнсіз ойланып отырады.
Иә, әйтеуір, күндіз-түні бәріміздің "жанымызды нұрға, тәнімізді рақатқа бөлеген" бір ғажайып дүниеге тап болғандаймыз. Ұзақты күн таусылып бітпес камбуздың күйкітірлік жұмысымен жүрсем де, кейде сыртқа сытылып шығып, бұрын өңім түгіл түсіме де кірмеген осынау ғажайып дүниені тамашалаудың ретін тауып қоямын. Төбемізде теңіз түстес көкпембек, шайдай ашық аспан шыныдай мөлдіреп, көк жібектей үлбіреп тұрады. Сонау көкжиектен ақ мамықтай қалқыған ақша бұлттардың тізбек-тізбек ұзын шоғыры көрінеді.
Сол күндердің бірінде кеменің тұмсық жағындағы жарты бак үстінде өткізген бір түнімді мен еш уақытта ұмыта алмаймын. Форштвень түбінде қазандай қайнап сан құбылып ойнап жатқан ақ көбіктерге қарап, қиялға батып жатқанмын. Құлағыма құдды тау бұлағының сылдырындай керемет бір жанға жайлы дыбыс естілген. Сол дыбыс — сол сылдырдың әлдиімен өзімнің қазіргі юнга "Хэмп" екенімді бір сәтке ұмытып, баяғы отыз жыл бойы кітап кемірген Хэмфри Ван-Вейден қалпыма қайта түскендей күй кешкем. Өстіп жатқан сәтімде Қорқау Ларсеннің әдеттегі адуынды, бірақ шабыттана сөйлеген даусы менің шарықтап, алыстап кеткен ойымды күрт бұзып жіберіп еді. Қызық. Ол түнгі аспанға қарап мынадай өлең оқып тұр екен.
Оңтүстікте жылтылдап, жымыңдайды жұлдыздар,
Құс жолындай ағарған кеме артында бір із бар.
Киль жапырып толқынды, кит сапырып айдынды,
Желбірейді желкендер, жел соғады айбынды.
Таңғы шықтар мөлдіреп, мөлтілдейді биікте,
Борт қапталын кептірер күн сәулесі сүйіп те.
Алдымызда жол жатыр бізге таныс ертеден,
Желкеніңді жел кернеп, заула алға, жел-кемем!
—Қалай, Хэмп? Ұнай ма саған бұл? — деді ол маған сәл үнсіздіктен кейін.
Мен оның бетіне қарадым. Көзі жайнап, өңі балбұл жанып тұр екен.
— Мен сізден дәл мұндай өнерді күткен жоқ едім, — дедім мен салқындау ғана.
— Қалайша? Бұл дегеніңіз нағыз өмір емес пе!
— Иә, ешқандай мән-маңызы жоқ, түкке тұрғысыз өмір, — дедім мен оның өз сөзін еске түсіріп.
Ол күліп жіберді. Мен бірінші рет оның даусынан көтеріңкі көңілдің шын көрінісін байқадым.
— Әттең, өмір дегеннің не екенін мен сізге бір түсіндіре алмай-ақ қойдым-ау! Қалай десеңіз де, ол әркімнің өзіне ғана қымбат дүние ғой. Мәселен, дәл қазір маған өз өмірімнен құнды ештеме де жоқ. Иә, сіз тіпті асыра бағалап тұрсыз десеңіз де айтайын, менің өміріме қазір баға жетпейді. Өйткені мен оны дәл осылай бағалаймын. Өте қымбат ол! Өт-те! Бірақ тек мен үшін!
Ол бір мезет үнсіз қалды. Байқаймын, өз ойын дәлелдеу үшін бұлтартпас бір дәйектер іздей бастаған секілді. Айтқандай-ақ артынша:
— Сіз сезесіз бе, — деді ол маған қулана жымиып. — Мен қазір ғажап бір күйді бастан кешіріп тұрмын. Құдды бүкіл дүние тек мен үшін жаратылған секілді, бүкіл құдіретті күш тек менде ғана сияқты. Құдды бүкіл ақиқат алдымнан ашылып, зұлымдықтан ізгілікті, жалғандықтан шындықты ажыратып, көзім қияндағыны, көңілім қиялдағыны көретін тәрізді. Қысқасы, Құдайға сенудің аз-ақ алдында тұрмын қазір... Ал енді осындай күйге қалай түстім мен? Бұл қайдан келген қуаныш өзі? Неден рақат, неден ләззат таптым мен осы? Әлде бұл іштей өсудің белгісі ме? Жоқ, бұның бәрі де асқазанның дұрыс кезінде тамақтың тамаша қорытылуынан. Құрсағың жақсы жұмыс істеп тұрған кезде, тәбетің де жақсы ашылып, бүкіл күш-қуатың арта түседі. Бұл — ашытқының божуы, аққайнар шараптың бойға тарауы, бұл — өмірдің бізге жем тастап алдауы, сонысымен ол біреулерді керемет ойға батырып, енді біреулерді Құдайды көруге ұмтылдырады немесе оны қолдан жасауға итермелейді. Бар болғаны осы: өмірдің мастануы, ашытқының божуы, өмірдің мәнсіз қуанышы, бұл ашыған екен десек тірі екен деген сананың сандырағы. Бірақ өкінішті! Өйткені ертең-ақ мен осы қылығыма бас шайқаймын, бармақ тістеймін. Таңертең мастығым тарқайды, басым ауырады. Сол сәтте ертеңгі күні өлетінім еске түседі, шындығында, осы сапарда-ақ өліп кетуім әбден мүмкін ғой; иә, сосын іштей ашып бітемін де, мына ұланғайыр теңіздің мысқалдай ашытқысына өзім де айналып кете барам, сөйтіп балықтардың жемі боламын. Міне қайда өкініш! Бір бокал шампанның бір сәткі желігі деген осы болады, Хэмп!
Ол палубаға жолбарыстай жұп-жұмсақ, жым-жырт секіріп түсті де, маған кенеттен қалай жолықса, кенеттен солай ғайып болды.
"Елес" екпіндете жүйтки берген. Форштвень түбінде ақ көбіктер айрандай сапырылысып, қазандай қайнап, әлдебір күркіреген, сарқыраған сарынға басқан. Кейде ол демі жетпей булығып, қыр-қыр етіп тұншыға тыныстағандай болады. Осы бір құбылмалы сарынға құлақ тосып жатып, Ларсеннің жаңағы қызық қылықтарын біртіндеп естен шығара бастадым.
Кенет палубада бір матрос майда қоңыр дауыспен "Пассат жырын" әндете жөнелген.
Екпінім қатты, лебім тәтті желмін мен,
Тағдырға көнген, кемеге ерген
Иттен де адал желмін мен.
Ғайыптан туған бұлттарды қуған
Қуат-күшім арынды.
Желкеден есіп, желкенді керіп,
Қуантып келем бәріңді.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Қорқау Ларсен маған кейде әншейін бір жынды адам сияқты көрінеді, тіпті нағыз жындының өзі болмаса да, осының бір жері жетіспейтін шығар деп ойлаймын — өйткені оның кейбір қылығы сау адамның тірлігіне мүлде ұқсамас еді. Ал кейде оның бойынан кереметтей кемеңгерлік пен шын мәніндегі ұлылықтың ұшқындарын байқаймын. Бірақ ақыр соңында көзім жеткен бір нәрсе — бұл Қорқау Ларсен дегеніңіз өз заманынан кемінде мың жыл кеш туған жер бетіндегі алғашқы адамдардың бүгінгі тұяғы, қазіргі өркениет дәуіріндегі тірі анахронизмнің дәл өзі. Және ол сөз жоқ, басынан бақайшағына дейін индивидуалист, сонымен қатар жалғыздықтан жапа шеккен тым аянышты тұлға. Бүкіл экипажда оған ешкім жақын келе алмайды. Бұл мүмкін де емес. Себебі жаратылысынан артық біткен оның білек күші мен жүрек күші оны басқалардан ылғи да бөлектетіп тұрады. Ол өзгелердің бәрін бала сияқты көреді — тіпті аңшыларды да — тышқанмен ойнаған мысық секілді оларға ойына келгенін істейді, мазақ қылады, қорлайды, жанына жақпай қалса, қолын қоса жұмсап жібереді. Кейде "осы иттердің ішінде не жатыр екен, көрейінші" дегендей, әр түрлі амалдармен олардың жан дүниесіне көз жүгіртіп, қол сұғып та байқайды. Мұндай сәтте ол тәжірибе үшін тышқандарды сойып тастап, оның әрбір мүшесін зерттеп қарап отыратын вивисекторға ұқсап кетер еді.
Мысалы, қараңыз: ол үстел басында аңшылардың біріне сұқтана көз тігіп отырады да, кенет оған намысқа тиер бір сөзді қойып қалады. Сосын бұл енді не дер екен, қалай ашуланар екен деп, оған қабақ астынан қас қақпай қарай береді. Бұның әншейін әдейі қыжырту екенін әлгі байғұс қайдан білсін, қарадай күйіп-пісіп, шала бүлінеді. Іс мәнісін сырттай біліп тұрған маған бұның бәрі күлкілі көрінеді. Рас, мен бәрін біліп тұрамын: Ларсеннің жаңағыдай біреуді қасақана ашуландырып алып, сосын өзінің де жыны қозып шыға келуі — әдеттегі бос ойынан басқа түк емес, әйтпесе көмекшісі өлгеннен кейін мен оның шын ашуланғанын еш уақытта көрген емеспін және көргім де келмейді. Ондай сұмдық көріністің куәсі болуды құдай ешкімнің басына бермесін.
Әңгіме әйтеуір оның адам түсінбес қылықтары туралы болғасын, мен мына бір оқиғаны да айтып өтейін де, сонымен бұл тақырыпқа нүкте қояйын.
Бірде түстен кейін мен кают-компанияны жинастырып біте берген кезімде, күтпеген жерде Қорқау Ларсен мен Томас Магридж ішке кіріп келіп еді. Коктың құйтақандай құжырасы бұл бөлмеге жапсарлас орналасқанмен ол ары өтіп, бері өтіп жүргенде мұнда ешқашан кідірген емес-ті, — құйрығын қысқан ұры иттей қашан да алақ-жұлақ етіп, қасымнан зу етіп өте шығатын.
— Иә, сонымен сен "напалеон" ойнай білем де? — деді Қорқау Ларсен оған өтірік риза кейіппен. — Әрине, білесің, өйткені сен ағылшынсың ғой. Мен де бұл ойынды ағылшын кемесінде жүргенде үйренгем.
Капитан онымен адамша сөйлесіп, терезесін тең ұстайтындай бұл Томас Магриджді кім дейсің сасық қоңыздан басқа, сөйте тұра өзін бекзаттарша ұстауға тырысып, тек қайқайып-шалқайып жүруге жаратылған адамдай бір сәт кісімси қалуы менің әрі жыныма тиген, әрі күлкімді келтірген. Тіпті менің бар-жоғымды елейтін түрі көрінбейді, шындығында бұған оның мұршасы да жоқ-ты. Жайшылықта жасаурап, суланып тұратын көздері енді ерекше нұрлана қалған, бұны толық суреттеп беруге менің қазір тілім де жетер емес.
— Картаны әкел, Хэмп, — деп бұйырды Қорқау Ларсен маған, екеуі үстелге жайғасып болған соң. — Және виски мен сигарды да ұмытпа — бәрін менің төсегімнің астындағы жәшіктен табасың.
Мен кают-компанияға қайта оралған кезде, кок өзінің өмір-тарихына байланысты бір құпия әңгімені бастап та жіберген екен, одан менің шала-шарпы ұққаным: ол жолдан тайған әлдебір ақсүйек адамның баласы екен (некесіз туған ба, бірдеме), соған сәйкес кезінде оны Англияға сыйдырмаған, тіпті оған қайтып келмес үшін ақша да төлеп тұратын көрінеді. "Ақшаны аямай төгеді маған, тек оларға қарамды көрсетпесем болғаны"— деп қояды ол.
Мен рюмкалар әкелейін деп едім, Қорқау Ларсен тыржың ете қалды да, "стақан" дегенді ыммен жеткізді. Сосын ол алдарына қойған екі айыр стақанға екі елі ғана жеткізбей су қосылмаған таза виски құйды да, "напқа" жету үшін!" деп сарт-сарт соғыстырып, қағып салды. Бұдан соң карталарды араластырып, таратуға кіріскен.
Олар, әрине, ақшаға ойнаған, ойнаған сайын ұтыс көлемін көбейте түскен. Вискиді де қайта-қайта ішіп отырды. Бірі таусылған кезде, капитан екіншісін әкелуді бұйырады. Білмеймін, Қорқау Ларсен карта ұрлап отырды ма — одан бәрін де күтуге болады ғой — әлде шынымен қолы жүріп тұрды ма, әйтеуір ылғи да ұта берді. Ал кок қайта-қайта төсегіне жол тартып, ақша әкеліп тұрды. Мұндай сәтте өзінше бай адамсынып, талтаңдап барып, талдаңдап қайтады, бірақ иттің баласы бір цент артық әкелмейді де. Бірақ біртіндеп қимылы қолапайсызданып, көзіне ұйқы тығылып, қалғып-мүлги бастаған — қолында қандай карта тұрғанын да білуден қалғандай еді. Сосын кезекті рет ақша әкелуге кетіп бара жатып, кір-кір қолымен Қорқау Ларсеннің иығынан ұстаған да:
— Ақша дегеніңіз менде пішен! Білдіңіз бе, пішен! — деген тілін шайнай түсіп.
Қорқау Ларсен вискиді бірінен соң бірін ішсе де былқ етпеген; және коктен артық болмаса, бір грамм кем де ішкен жоқ, сөйте тұра түрінен түк байқалмаған. Магридждің кейбір қылықтары да оған ешқандай әсер етпеген сияқты.
Кок ақыр соңында джентльменше жеңіле білетінін салтанатты түрде мәлімдеп, соңғы ақшасын үстел үстіне қойып, еңіреп тұрып жылап жіберді. Қорқау Ларсен оған бір сәт қызықтай қарап тұрып қалып еді, құдды скальпельдің бір-ақ сызуымен оның қарнын қақ жарып, ішкі дүниесіне үңілгісі келген секілді, бірақ "оның ішінде боқтан басқа не бар дейсің" дегендей артынша қолын бір сілтеген.
— Хэмп, тәңір жарылқасын, мистер Магриджді қолтығынан көтеріп, палубаға жеткізіңдерші, — деді ол маған айрықша ізетпен. — Бейшараның күйі болмай қалды. Джонсонға айтыңыз, бұны бірер шелек сумен сыйлап жіберсін.
Мен кокты палубаға шығарып, Джонсон жәрдемге шақырған екі-үш матростың қолына тапсырдым. "Мен... ме-ен джентльменнің баласымын" деп, шатып-бұтқан мистер Магридж сол жерде қала берді. Басқышпен кают-компанияға түсіп, үстел үстін жинастыра бастаған кезімде, алғашқы шелектен кейін-ақ оның суға қақалып-шашалып, өгіздей өкірген даусын естідім.
Қорқау Ларсен ұтқан ақшасын есептеуге кіріскен.
— Тура жүз сексен бес доллар, — деді ол дауыстап. — Осылай шығатынын өзім де біліп едім. Ал кешегі күні ол кемеге қайыршы қалпында келіп еді.
— Сіздің бұл ұтқан ақшаңыз менікі ғой, — дедім батыл түрде.
Ол мырс етіп күліп жіберді.
— Кезінде грамматиканы мен де оқып едім, Хэмп. Бірақ сізден айырмашылығым — мен етістіктің шақтарын жақсы білемін. Яки сіз "менікі" деп сөйлегеннен гөрі "менікі еді, менікі болатын" дегеніңіз жөн ғой.
— Бұл грамматиканың емес, этиканың мәселесі, — дедім мен.
— Сіз білесіз бе, Хэмп, — деді ол баяу дауыспен. — Мен өмірде бірінші рет "этика" деген сөзді басқа біреудің аузынан естіп тұрмын. Осы кемеде сіз екеуімізден басқа бір адам бұл сөздің мағынасын біледі деп ойламаймын.
— Осындай тілмен сөйлейтін біреуді кезіктіру — менің ғұмыр бойғы арманым еді,— деді ол сөзін одан әрі жалғастырып. — Егер әйтеуір бірде ондай адам жолыға қалса, мен онымен кез келген тақырыпта еркін сөйлесе берер едім деп те армандадым. Ақыры, міне, соған жеткен сияқтымын. Дегенмен, бұны сөз арасындағы әңгіме деп біліңіз. Ал турасына көшсек, сіз қателестіңіз. Мәселе грамматикада да, этикада да емес — фактіде.
— Түсінем,— дедім мен,— факті сол, ақша сізде.
Оның жүзі жылып сала берді. Байқаймын, менің түйсігіме риза болған сияқты.
— Алайда сіз әділет деген мәселені айналып өттіңіз,— дегенді мен және қосып қойдым.
— Солай деңіз!— деп ол аузын қисайтып жіберді. — Байқауымша, сіз әлі де "әділет" пен "қиянат", "жақсылық" пен "жамандық" деген ұғымдарға сеніп жүр екенсіз.
— Ал сіз не, сенбейсіз бе? Мүлде сенбейсіз бе?
— Мысқалдай да. Күштінікі қай уақытта да дұрыс. Әділет деген — сол. Бәрі де осыған кеп тіреледі. Ал әлсіздер әр қашан кінәлі. Немесе бұны былай да айтуға болады: күштілік — жақсылық, әлсіздік — жамандық. Тіпті бұдан да дұрысы: күштіліктің жақсылығы сол — ол пайдалы, ал әлсіздіктің жамандығы — оның бес тиындық пайдасы жоқ. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық: мына ақшаға ие болу — маған өте жағымды, ал бұған ие болуға мүмкіндігім бола тұрып, сізге бере салсам — бұл менің өзіме де, өміріме де жасаған әділетсіздігім! Енді мені түсінген шығарсыз...
— Алайда бұны өзіңізде қалдыру арқылы маған жамандық жасап тұрсыз ғой.
— Түк те олай емес! Адам біреуге жамандық жасамайды. Ол тек өзіне ғана жамандық жасайды. Менің көзім бір нәрсеге баяғыда жеткен, біреулерге жақсылық жасаған сайын ылғи да алдымен өзім зиян шегемін. Сіз қалайша түсінбейсіз? Екі түйір ашытқы, бір-бірін жеген кезде, олардың қайсысы кінәлі болады! Ешқайсысы! Өйткені біреуді жеуге, біреуге өзін жегізбеуге тырысу олардың табиғатында бар. Бұл заңдылықты бұзса, олар құпияға батады.
— Сонда сіз альтруизмге сенбейсіз бе?
Бұл сөз оған негізінен таныс болса керек, бірақ сәл да болса ойлануға мәжбүр еткен.
— Тоқтаңыз, бұл дегеніңіз адамдардың бір-біріне ықпал етуі сияқты бірдеме емеспе еді?..
— Иә, сіздің бұл түсінігіңізге оның біраз жақындығы бар,— дедім мен оның сөздік қорындағы аздаған ақтаңдаққа мән бермей. Себебі ол өз білімін өзі көтерген адам ғой. Оны арнайы оқытқан кім бар дейсің. Ойлап-түйгені өте көп, бірақ пікірлесетін адамы тым аз болғаны байқалып тұрар еді. — Альтруистік іс-әрекет деп біз өзінен бұрын өзгенің қамын ойлауды айтамыз. Яки бұл эгоизмге қарама-қарсы ұғым ғой.
Ол басын изеп қойды.
— Иә, иә, енді есіме түсті. Бұл сөз маған Спенсерден кездесіп еді.
— Спенсерден?— дедім мен селк етіп. — Сіз сонда оны оқығасыз ба?
— Аздап,— деді ол. — Оның "Негізгі бастауларын" тәп-тәуір жіліктеген сияқты едім, бірақ "Биология негіздерінде" желкенім қисайып, ал "Психологияда" кемем мүлде қайраңдап қалған. Шындығын айтсам, одан қалай шығарымды өзім де білмей шатасқаным бар. Бұның бәрі түйсігімнің аздығынан шығар деп ойлағам, енді білсем, дайындығым тым шамалы екен. Оған тісім бату үшін жақ сүйегім мықты болу керек екен. Сол кітаптарға қаншама бас қатырғанымды бір білсе, Спенсер мен өзім ғана білетін шығармын. Алайда "Этика нәтижелерінен" біраз дүние алдым да. "Альтруизммен" алғашқы жүздескенім сонда еді, бұл енді ғана есіме түсіп отыр міне.
"Спенсердің еңбегінен бұл не түйді екен?" деп ойладым мен. Бұл философтың іліміне әбден қанық мына менің білуімше, альтруизм — адам іс-қылығының идеал негіздерінде жатушы еді. Сірә, Қорқау Ларсен оның ілімінен өз табиғатына жақын тұстарын ғана қабылдап, қалғандарын түп-түгел лақтырып тастаса керек.
— Спенсердсн басқадай тағы не ұқтыңыз? — дедім мен.
Ол қабағын кіржитіп, сәл ойланып қалды, тек айтылмай қалған ойларының арасынан ең қажетті дегендерін іріктей бастаған секілді. Мен іштей қоқиланып қойдым, адамның жан дүниесіне үңілуге ол қалай құмар болса, мен де енді оның кең сарайына солай сұқтана түскем. Ешкім есігін ашпаған бұл сарайда не жатыр екен деймін қызығып. Ақыры оны да көрдім: ғажабы сол — әрі қызық, әрі адам шошырлық дүние!
— Қысқаша айтқанда,— деді ол. — Спенсердің тұжырымы мынадай: адам ең алдымен өз жайын, өз мүддесін ойлауы керек. Ол сонда ғана имандылық пен жақсылыққа жетеді. Сонан соң бала-шаға, отбасының жағдайын ойлағаны жөн. Ең соңында, мүмкіндігі болып жатса, адамзаттың қамын жесін.
— Алайда адамның өзін де, бала-шаға, отбасын да сондай-ақ адамзатқа қатысты барлық жақсылықты да бірге, бір мезетте ойлағаны дұрыс қой. Ең ізгілікті де парасатты іс сол емес пе,— дедім мен.
— Мен бұған келіспес едім,— деді ол. — Мұндай істен ешқандай парасаттылық та, ізгілік те көріп тұрғам жоқ. Сіз айтқан бала-шаға, адамзат деген мәселелерді мен алып тастаймын. Соларға бола арам тер болар шамам жоқ. Бұның бәрі бос сандырақ — әйтпесе, о дүниедегі өмірге сенбейтін біреуге арнап шығарылған бірдеме — бұны сіз түсінуге тиіссіз. Егер мен мәңгі өмірге сенген болсам, альтруизммен айналысу маған пайдалырақ болар еді. Ондай жағдайда кеудемдегі шыбын жанымды мен бәрінен де жоғары қояр ма едім, кім білсін. Бірақ менің алдымнан өлімнен басқа ештеме көрінбесе, бұған қоса бұл жарық жалғанның соншама қысқа екеніне көзім жетіп тұрса, сонда мен не істеуім керек? Бойымда өмір деген атаумен қайнап, божып жатқан ашытқының бәрін әлдебіреулерге жақсылық жасауға жұмсауым керек пе? Жоқ, мен олай ете алмаймын. Олай істесем, ең алдымен, бұл — менің өзіме өзім істеген қастандығым, бүкіл тіршілігіме нәр беріп тұрған өз ашытқымды өзім шашып-төккенім болар еді. Осы ашытқымды божытып, тырбаң-тырбаң тіршілік жасап жатқан мына өлшеулі ғұмырымда біреулерге жақсылық істеймін бе, әлде тек өзімді ғана ойлаймын ба,— бұдан келіп-кетер маған ештеме де жоқ.
— Мұндай жағдайда мен сізді индивидуалист, материалист, сондай-ақ, сөз жоқ, гедонист деп бағалар едім.
— Күшті сөз!— деп ол күліп қойды. — Бірақ "гедомист" дегеніңізді түсінбедім...
Менің анықтамамды тыңдап болған соң, ол "ұқтым" дегендей бас изеді.
— Ал бұған қоса,— дедім мен тағы,— мәселе жеке мүддеге тірелген сәтте сіз тіпті ұсақ-түйек істің өзін қалауыңызға қарай бұра салатын адамсыз.
— Міне енді сіз мені түсіне бастадыңыз,— деді ол қуанышты түрде.
— Яки сіз мораль деген дүниеден бес күн бұрын туған адамсыз ғой?
— Үстінен түстіңіз.
— Демек сіз өте қорқынышты адам болғаныңыз ғой?
— Дәл солай!
— Сонда адамдар жыланнан, жолбарыстан немесе акуладан қалай қорықсақ, сізден де солай қорқуы керек пе?
— Менің кім екенімді, қандай адам екенімді, міне, ақыры сіз де біліп алдыңыз,— деді ол. — Мені Қасқыр деп босқа атамайды ғой. Қасқырдың ішінде қорқауы.
— Сіз — құбыжықсыз,— дедім мен батыл түрде. — Сіз не нәрсені әдейі, керісінше істейсіз. Қыңырсыз, қияссыз! Бұл жағынан сіз Браунинг6 шығармасындағы Сетебос7 туралы ой толғайтын Калибаннан8 аумайсыз. Иә, сіз тура сол Калибанның өзісіз.
Бұл теңеуді ол түсінбей, қабағы кіржие қалды. Тегі мен еске алып отырған поэманы оқымаса керек.
—Мен қазір дәл сол Браунингті оқып жатырмын. Байқаймын, оңай шағылатын жаңғақ емес, алғашқы беттерден-ақ тісім сына бастаған секілді,— деп ол бірден мойындағанын білдірді.
Қысқасы, мен оның каютасына жүгіріп барып, аталған кітапты алып келдім де, "Калибанды"9 оған дауыстап оқып бердім. Ол мені бар пейілімен, зор ықыласпен тыңдап отырды. Мұндағы қарапайым пайымдар мен қарабайыр тұжырымдар оның тура оң жаңбасына келген сияқты. Парақтан параққа ауысқан сайын ол поэманың олқы тұстары мен кейбір көңілге қонбайтын жерлеріне сын пікірлер айтуын да көбейте берді. Ал соңғы бетке жеткен кезде, ол маған қайталап тағы оқуымды өтінген. Сөйтіп қатарымен үш рет оқыған соң, біз енді жалпы философия, ғылым, эволюция және дін жөнінде пікір таластыруға көшкенбіз. Оның ой қорытындыларынан баяғы жабайы адамдардың ақыл-ойына тән не нәрсенің бетін ғана қалқу, үстіртін баға беру, дәлсіздік пен қисынсыздық байқала берді. Бірақ оның осы қарабайыр ойларының өзінде әлдебір күш бар еді, және оның қарабайыр материализмі Чарли Ферасеттің нәзік те күрделі материалистік түсініктерінен әлдеқайда өмірге жақын көрінген. Бұны айтқанда мен, оны тыңдап отырып, өзімнің о бастағы идеалистік көзқарастарыма күмәнмен қарай бастадым дей алмаймын, алайда менің сенім ұстаныма Қорқау Ларсеннің үсті-үстіне жасаған шабуылының мықтылығы сондай, мені бұрынғы тұғырымнан былқылдатып тастамаса да, оған ойлы көзбен қарауға еріксіз мәжбүр еткен.
Өстіп қаншама отырғанымызды білмейміз. Кешкі астың уақыты өтіп барады, бірақ дастарқан әлі жасалмаған. Мен мазасыздана бастадым, сосын бір уақытта қабағынан қар жауған Томас Магридж кают-компанияға бас сұға бергенде, орнымнан атып тұрып едім, Қорқау Ларсен:
— Отыра бер,— деді маған. Сосын есік жаққа бұрылып: — Магридж, бүгін бәрін өзің істейсің. Хэмп менің жанымда болады. Естідің ғой. Кете бер.
Енді мына қызыққа қара. Бұдан соң мен бүкіл кеш бойы капитан мен аңшылардың жанында отырдым да, ал Томас Магридж жүгіріп жүріп бізге қызмет жасады, ыдыс-аяқты да өзі жуды. Бұл Қорқау Ларсеннің кезекті ойыны еді, бұның өзі ертеңгі күні маған тым жақсылық бола қоймасын да сезгенмін. Алайда әзірге екеуміз таусылып бітпес әңгімемізді жалғастыра бердік. Әрине, аңшылар бұдан бір сөз түсінген жоқ, түсінбесе де байқұстар амалсыз тыңдауға мәжбүр болып еді.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Сонымен Қорқау Ларсеннің жанында бақандай үш күн болдым. Үш күн бойы рақаттанып бір демалдым. Бұл күндері бар істеген жұмысым — кают-компаниядан тамақ ішіп, капитанмен тек әдебиет, өмір, тіршіліктің пайда болуы туралы әңгіме қозғау болған. Ал Томас Магридж мұрнынан суы аға жүріп, мен үшін барлық жұмысты өзі істеген.
— Шквалдан сақ бол! Басқа саған айтарым жоқ,— деген маған Луис, екеуіміз жарты сағаттай палубада оңаша қалған сәтте. Бұл уақытта Қорқау Ларсен аңшылар арасындағы кезекті жанжалдың отын сөндіріп жүрген. — Ертеңгі күні не болатынын бір құдайдың өзі ғана біледі, — деді Луис менің сөз арасындағы сұрағыма жауап ретінде. — Шалдың мінезі мына теңіздің ағысы мен желі сияқты, сәт сайын құбылып тұрады. Бірер күн оның жанында болып, емен-жарқын әңгімелескеніңе бола сен оны білдім, түсіндім деп ойлама. Сен үшін қазір төбеңнен шайдай ашық аспан, алдыңнан айқара жол ашылғандай болып тұр, бірақ дәл осы көңіл-күйіңді ол бір кезде әдемі пайдаланады да, әлгі ашық аспаныңда күтпеген жерде найзағай ойнатып, сенің үмітпен керген желкеніңді бір-ақ сәтте быт-шыт қылады.
Расында, Луис айтқан "шквал" мені көп күттірген жоқ. Осы бір күнді күтіп жүргендей мен болған жайға тым таңқала да қоймадым. Капитан екеуіміз, әдеттегідей, өмір, тіршілік туралы қызу әңгімеге кіріскенбіз. Менің батылданып кеткенім сондай, басқаның бәрін сыпырып тастап, оның тура өзіне шабуылдауға көшкем. Ол туралы, оның қылықтары туралы ойымдағының бәрін жасырмай айтып бердім. Айтқанда тура, өзі басқаларды қалай сойып салса, мен де оны аямай ішек-қарынына дейін аршып, ақтарып салдым. Мойындаймын, мен бұл жолы тым қаттырақ кеткем. Ақымақ басым, айтқанның жөні осы екен деп, оның соңғы шыдамы таусылғанша бас-көз демей сөзбен шықпырта беріппін, шықпырта беріппін. Бір кезде оның жүзі күреңітіп, көзі қызарып шыға келген. Бұл көзді енді ақыл, сана, ұстамдылықтан көрі тек адам танымас ашу ғана билеп алып еді... Бір сәт мен ауыз ашып үлгіргенше, ол ышқына секіріп келіп, білегімнен шап беріп ұстай алған. Мен де іле-шала ес жиып, денемді діріл билеп тұрса да, шарасына сыймай шатынап тұрған көздерге тіке қарай қалдым. Алайда оның алапат күші менің сағымды бірден сындырып жібергендей болды. Сығымдай қысқан темір қолдың шеңгелі білегімді қатты қысқаны соншалық, жан даусымның қалай шығып кеткенін өзім де сезбегем. Аяқтарым бұралып, денем тәлтіректеп кетті. Қолым қазір бытыр-бытыр сынатын шығар деймін.
Ларсен кенет ес жиып ала қойды да, мені мазақ қылғандай мырс-мырс күліп, қолымды қоя берді. Мен әлім құрып, еденге етбетімнен түстім, ал ол сигарын тұтатып, тышқан аңдыған мысықтай маған ұзақ қарап тұрды. Жерде екі бүктетіліп жатқан мен оның көзқарасынан өзім бұрын талай рет байқаған әлдебір таңданыс пен мазасыздықты байқадым. Құдды "осы мен не істеп қойдым, бұның бәрі не үшін керек?" деп, өз сұрақтарына өзі жауап бере алмай тұрған секілді еді.
Аяғымнан әзер тұрып, трапқа қарай беттедім. Енді маған камбузге қайта барудан басқа ештеме қалмаған — Луис айтқан "ашық күндерімнің біткені осы еді. Сол жақ қолымнан жан кетіп қалғандай, бірнеше күн бойы оны көтере алмай жүрдім, көпке дейін шаншып, сыздап ауырғаны да басылмады. Бұл тек Ларсеннің қаттырақ ұстап, қысып жібергенінен ғана. Әйтпесе ол қолымды не бұрап, не бір нәрсемен ұрып жіберген жоқ-ты.
Сол сәтте мен қандай дүлей күштен аман қалғанымды тек ертеңінде ғана білдім. Таңертең камбузде картоп тазалап отыр едім, күтпеген жерде ішке кіріп келген ол кешегі қылығын жуып-шайғысы келгендей:
— Қолыңыз ауырып қалған жоқ па? — деген маған сынай қарап.
— Бұдан да зорғысын көруім мүмкін еді,— дедім ащы мырс етіп.
Ол ештеме деген жоқ, тек қолына тазаланбаған жұдырықтай бір картопты алды да, оны сығымдай ұстап қысып қалды. Картоп жұмыртқадай бырқ етті. Сосын "байқаған шығарсыз" дегендей маған сығырая қарап, саусақ арасынан былжырай аққан аппақ сөлді бір уыс қара қабықпен қоса шелекке сілкіп тастап, жүре берді. Кешегі күні құдай мені бір сұмдықтан сақтаған екен деп, тәубамды үйіріп мен қалдым.
Алайда Қорқау Ларсеннің жанында болған сол үш күнде мен біраз күш жиып, тәп-тәуір әлденіп алғам. Аяқтарым демалып, ісігі қайтып, ең бастысы, өткен жолы шығып кеткен тіземнің ұршығы қайта орнына түсіп еді. Дегенмен, өзім күні бұрын сезгендей-ақ, рақатын көрген бұл үш күннің кейін бейнетін де аз көрмегем. Томас Магридж маған мүлде қырсығып алды. Оның алдында отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым. Орынсыз кемітеді, жөнсіз тиіседі, әйтеуір, мені қалайда қорлап қалуға тырысады. Бірде тіпті жұдырығын ала жүгіргені бар. Бұл уақытта менің жүйкем де үзілгелі шақ жүрген, ышқына айқайлап, мен де тұра ұмтылдым оған. Ол менен дәл мұндай ашу күтпесе керек, бірден жүні жығылып сала берді. Мына мен, Хэмфри Ван-Вейден, сол сәттегі түрімді елестетсем, әлі күнге дейін қарадай қысыламын. Қалай қысылмаймын, мына көрініске қараңызшы: сасық камбуздің бір бұрышында бүкірейіп мен отырмын, қолым — жұмыста, көзім — кокта. Ол жексұрын жұдырығын түйіп алып, маған ұмтылып келеді. Ал мен бөріні көрген иттей жүнім тікірейіп, көзім қызарып, тісімді шықырлата түсемін. Бірақ бойымнан әлдебір дәрменсіздік пен үрей де сезіледі. Ал осы қайбір жетіскен көрініс дейсің. Бұл жерде мен нағыз еркектен көрі долы қатынға көбірек ұқсап кеттім бе деп қорқамын. Тек, әйтеуір, жұдырықтан аман қалғаным ғана көңілге медет.
Сонымен Томас Магридж маған төніп келіп, тайқып кеткен. Бірақ, қапысын тауып қалайда менен өш алғысы келгені оның ұшқын атып тұрған көздерінен анық байқалып еді. Жасырары жоқ, менің де кеудеме кек қатқан. Енді екеуіміз бір тордың ішіне қамаған екі жыртқыш секілді түбінде бір-бірімізді жемей тынбайтынымыз белгілі боп қалып еді. Әрине, ол мені бірден құртып жіберуге шамасы жетпейтінін сезген. Сезген де өш алудың, қорқытудың басқа бір амалын іздеп тапқан. Камбузде көптен пайдаланып келе жатқан бір ескі пышақ бар еді. Ескі болғанмен түрі тым қорқынышты еді бәтшағардың. Оны өзім алғаш ұстаған кезде, жүрегімнің шым ете қалғанын әлі күнге ұмыта алмаймын. Міне енді қанжардай ұзын қара пышақты Магридж күндіз-түні қайрауға кіріскен. Басқа жұмыстан қолы қалт етсе болды, оны тізесіне қойып алып, қайрай береді, қайрай береді. Қайрап отырып, маған алакөзімен қарап қояды. Сосын тағы қайрайды. Бір мезет онымен сақал-мұртын қырып көреді де, "осының бір жері өтпей тұр-ау" дегендей алмастай өткір жүзін бармақ басымен сыйпап-сыйпап алып, және қайрайды. Қайрап отырып, тағы маған көз салып қояды. Ақыр соңында бұл менің күлкімді келтірген — қалай десеңде, бұнысы енді ақылға сыймайтын дүние еді.
Алайда бұның ақыры жақсылыққа әкелмеуі әбдсн мүмкін болатын. Сәті келгенде кок мені осы пышақпен кез келген сәтте жайратып салуға әр кезде дайын тұрған. Бұны ол батылдықпен емес, менен шын мәнінде қорыққанынан істейтінін мен жақсы түсінгем.
Көп өтпей-ақ матростар арасында: "Магридж Хэмпке пышағын қайрап жүр екен" деген сөз тарап кеткен. Бұған біреулер күлген, біреулер кокты мазақ еткен. Бірақ мазаққа мән берген Магридж жоқ, жымысқы бір жымиыспен бас шайқап қойып, пышағын одан әрі қайрай түскен. Ол өстіп не істесем де өзім білем деп жүрер берер ме еді, кім білсін, бір күні бұл іске Джордж Лич араласпаса...
Бұл Лич коктың капитанмен карта ойнынан кейін оны "теңіз суымен сыйлағандардың" бірі еді. Ал оның капитан бұйрығын қалай әдемі орындағанын кок әрине ұмытқан жоқ-ты. Ұмытпағанының дәлелі ғой, Лич оған дөрекілеу бір қалжың айтып еді, ол оны әке-бабасынан түсіп бір-ақ сыбаған. Өз кезегінде Лич те оны түп-тұқиянынан қайырғанда, ол оған пышағын жалаңдатып тұра ұмтылып еді. Сөйтіп... біз ес жиып үлгіргенше, қас пен көздің арасында, Личтің қылшықты білегі қызыл қанға боялып қалды. Кок сосын арта қарай секіріп түсіп, қорғаныс үшін пышақты көлденең ұстай қойды. Бірақ Лич қолынан қаны сорғалап тұрса да оған қарсы ұмтылған жоқ, тек тістеніп тұрып:
— Тоқтай тұр, әлі екеуіміз есептесетін боламыз, — деді. — Жақсылап тұрып есептесеміз. Мен қазір асықпаймын. Сенің де қолыңнан пышақ түсетін кез болады. Сонда білесің Личтің кім екенін!
Ол осыны айтты да, бұрылып жүре берді. Магридж оның кектеніп кеткенін білді, не істеп қойғанын енді ғана түсінгендей жүзі бозарып сала берді. Бірақ оның маған деген тіс қайрауы бұдан кейін тіпті өрши түспесе, бір дем де басылған жоқ. Ол өзіне тағы бір жау тапқанына қарамастан жаңағы оқиғаның маған үлкен сабақ болғанын түсініп, бұрынғыдан да есіре түссін. Оның үстіне бір рет қан шығарып көрген қараниеттің тағы да соны аңсап тұратынын мен де жете түсінгем. Мұндай кездегі адамның жан күйзелісі қаншама күрделі болса да коктей жексұрынның бүкіл ішкі табиғаты маған айнадағыдай ап-анық еді, — мен оны ашық жатқан кітаптың бетіндей судыратып оқыр едім.
Күндер өте берді. Пассаттың ығымен "Елес" те бұрынғыдай ақ көбікті бұрқылдатып, алға қарай зулай берді, ал мен осынау күндері тек Томас Магриджді бақылаумен болдым. Оның көздерінде өшпенділік оты күн сайын өрши түскен. Жасырары жоқ, менің бойымды үрей билей бастаған, иә, сұмдық үрей билеген. Қалай үрейленбейсің, ол әдеттегідей пышағын қайрай береді, қайрай береді. Өткірлігін бармақ басымен байқап алып, маған қарайды. Қараған кезде көздерінен қып-қызыл оттың ұшқыны білінеді. Сондай сәтте алдымнан өзімді жемей қоймайтын жыртқышты көргендей боламын. Одан әбден қорыққаным сондай, тіпті есіктен тура алдыммен шығудан да қалғанмын — оған сәл-пәл ту сыртымды берсем, қара пышақ арқамнан сарт ете қалатындай боп тұрады. Бұны сырттай байқап жүрген матростар мен аңшылар мырс-мырс күлетінді шығарған. Осындай азап пен мазақтан мүлде шаршағаным шығар, кейде өзімді жындана бастағандай сезінем. Бірақ маңайымда ылғи да жындылар мен жыртқыштар жүрген кезде, маған бір сәт те өзімді жоғалтуға болмайтын еді. Өйткені кез келген мезетте менің өмірім қыл ұшынан қиылып кетуі мүмкін-ді. Өстіп тағдырым тығырыққа тірелген уақытта бұл кемеде мені түсінген, маған қол ұшын созған бір адам табылсашы. Кейде бар жағдайымды айтып, Қорқау Ларсеннен көмек сұрағым келеді, бірақ оның мысқылға толы көздері мен өмірге деген, өзгеге деген жеккөрінішті пайым-түсініктері мені еріксіз тежей түседі. Кейбір күндері тіпті өзімді өзім өлтірсем бе деп те оқталам, алайда артынша ес жиып алам да, қараңғы түннің бірінде борттан секіріп кетпес үшін бар күш-қуатымды жинақтауға тырысамын.
Қорқау Ларсен мені бірнеше рет тағы да пікір таласқа тартқысы келген, бірақ мен салқын ғана жауап беріп, одан қашқақтай түстім. Ақыр соңында ол маған қайтадан кают-компанияға қызмет етуді бұйырды да, камбуздегі менің жұмысымды түгелдей кокке тапсырған. Мен осы орайды пайдаланып, кок екеуіміздің арамыздағы жағдайды, оның маған неге өшігіп алғанын, өткен жолғы үш күндік демалыстың ақыры өзіме бәле болып жабысқанын, бәрі-бәрін оған жасырмай жайып салдым.
Ол маған кекесінмен көз салған.
— Сонымен сіз одан қорқады екенсіз ғой? — деді сосын.
— Иә, — дедім мен мойындап,— өте қорқамын.
— Міне сіздер барлықтарыңыз осындайсыздар,— деді ол өкінішті сыңайда. — Өз өмірлеріңіз туралы қайдағы бір миға қонбас бірдемені былжырайсыздар. Сіздер үшін өмір — мәңгі, жан — мәңгі. Сөйте тұра өлімнен қорқасыздар! Ал әлдебір ақымақтың, қорқақтың қолынан пышақ көргенде, жаңағы сандырақтың бәрі естеріңізден шығып, өмір-өмір деп зар илейсіздер. Қалай сонда сіздер мәңгілікке сенесіздер, а? Өздеріңізше — құдайсыздар, ал құдайды өлтіруге болмайды. Демек кок та, сізді өлтіре алмайды, өйткені сіз қайта тірілуге сенесіз. Ендеше неден қорқасыз?
Иә, сіздіңше, өмір — мәңгілік. Мәңгілік өмір алдында сіз миллионерсіз, және қазына-байлығыңыз аспандағы жұлдыздан да қисапсыз, уақыт пен кеңістіктен де шексіз. Сіз өзіңіздің осынау бай капиталыңызды қалай болса солай шаша алмайсыз. Мәңгілік өмірдің басы да жоқ, аяғы да жоқ. Мәңгіліктің аты мәңгілік, сіз бұл фәниде өлгенмен о дүниеде, бақида мәңгі жасайсыз. Бұл неткен керемет — жаныңыз тәннен құтылып, еркіндікке, мәңгілікке самғайды! Кок сізді өлтіре алмайды. Ол тек сізге мәңгілік өмірге жолдама ғана береді.
Ал сіз әзірге о жаққа барғыңыз келмесе, кокты неге өз орныңызға жібере салмайсыз? Сіздің өмір танымыңыз бойынша кок те мәңгілік ғұмырдың миллионері ғой. Ендеше сіз қалайша оны банкротқа отырғызып кетесіз. Оның акциясы әрқашан да альпариде сақталуы керек. Сіз оны өлтіргенмен өмірін қысқарта алмайсыз, өйткені ол өмірдің басы да, аяғы да жоқ. Қай жерде, қандай жағдайда да бұл адам мәңгі өмір сүре береді. Олай болса, оны ойланбай-ақ о дүниеге аттандырып жіберіңіз. Кеудесіне пышақты сұға салсаңыз болғаны, жаны еркіндікке ұша жөнеледі. Ал қазір бұл жан сасық кеуде, тар қапаста тұншығып жатыр, оны босатып жіберсеңіз — сауабын аласыз. Иә, ойланбаңыз, кокке пышақты аямай салыңыз, мен сізді сосын оның орнына қоямын. Айлығыңыз — қырық бес доллар, бұл аз ақша емес!
Жоқ, Қорқау Ларсеннен ешқандай қайыр да, үміт те күтуге болмайды екен. Енді тек өзіме ғана сенуім керек, өзімнің қажыр-қайратым мен рух күшім ғана мені аман сақтап қалады мына кемеде. Мен осы ойға бекідім де, Томас Магридж менімен қандай қару арқылы күрессе, мен де сондай қарумен күресуді ойлап, Иогансеннен егеу, қайрақ сұрап алдым.
Шлюпкалардың бірінде жүргізуші болып істейтін Луис бірде маған қалбырдағы сүт пен біраз қант тауып беруді өтінген. Бұл тағамдар сақталатын қойма кают-компанияның едені астында орналасқан еді. Ыңғайы келген сәтте бес қалбыр сүтті одан алып шығып, Луис күзетте тұрған кезде апарып бердім де, одан дәл Магридждің пышағы секілді, бір жағынан шолақ қанжарға ұқсас жалпақ темір әрі ұзын, әрі үшкір білік сұрап алдым. Бірақ қырлары майырылып, бетін тот басып қалған екен, Луис екеуіміз оны қалыпқа келтіріп алдық: Луис шарықты айналдырып тұрды да, мен темірдің жан-жағын қайрап, жүзін пышақтай етіп өткірлеп алдым (Сонымен ол дайын қанжар болып шыға келіп еді). Сөйтіп бұл күні түнде әдеттегіден әлдеқайда жақсы ұйықтап шықтым.
Таңертең, тамақтан кейін Магридж тағы да пышағын қайрауға кіріскен. Құлағымда баяғы ызың: чирк, чирк, чирк... Мен оған үрейлене көз салып қоямын, өйткені осы мезетте еңкейіп пештің күлін алып жатыр едім. Есіктен шегіншектеп шығып, күлді борт асыра төгіп келдім; бұл уақытта кок Гаррисонмен әңгімелесіп отыр екен,— матростың аңқау да қарапайым жүзінен әлденеге қатты таңданғаны байқалады.
— Солай!— дейді Магридж. — Солай болған!.. Бұдан соң сот маған қандай шешім шығарды дейсіз? Екі жыл. Рэдинг түрмесіне. Бұған менің түкіргенім бар, есесіне аузын қан жалаттым ол жексұрынның. Сен оны көрсең ғой! Пышақ тура осындай еді. Майға кіргендей жылп ете түскен. Ал ол қалай шыңғырды дейсің! Ондай керемет көріністі театрдан да көрмейсің! — Кок анау естіп тұр ма дегендей маған қарап қойған да, әңгімесін әрі жалғаған. — "Мен сені ренжітейін деген жоқ едім, Томми,— дейді ол мұрнынан суы ағып,— өтірік айтсам, құдай атсын мені!" — "Ә, бұл саған аз екен ғой әлі, көрсетейін ендеше!" — деймін де, оған оңды-солды қолымды сілтеймін келіп. Сөйтіп бетін айғыз-айғыз тіліп салғам оның, ал ол болса шошқадай шыңғырады дейсің. Сосын... сосын бір кезде пышағымды шап беріп ұстай алған — мен оны жұлқып тартып қалғанда, қолынан қара қан бұрқ ете түскен. Сондағы түрін көрсең ғой оның!
Әр сөзінен қан иісі аңқыған бұл әңгімені көмекшінің даусы үзіп жіберді де, Гаррисон корм жаққа жүгіре жөнелді, ал Магридж камбуздың биік табалдырығына отырып, тағы да пышағын қайрауға кірісті. Осыны күткендей-ақ қолымдағы қалақты тастай салып, әлгі Луис екеуіміз жасап алған қанжарды үстел астынан суырып алдым да, көмір салатын жәшіктің үстіне отырып, мен де оны қайрай бастадым. Көріп отырсың ба дегендей, Магриджге қарап қоямын. Көріп отырмын дегендей ол да маған қабақ астынан көз салады. Бірақ, бір қызығы, түрінен не таңданыс, не қорқыныш білінбейді — ештемеге алаңдар түрі жоқ, бар зейіні пышақта ғана. Өстіп екеуіміз қарама-қарсы отырып алып, біріміз пышақты, біріміз қанжарды екі сағат бойы қайрадық. Екі сағатта бұл сұмдық туралы бүкіл экипаж хабардар болып үлгірген де, артынша камбуз іші аңшылар мен матростарға лық толған. Бәрі бізді қоршап тұр. Тегін тұрған жоқ, бізді бір-бірімізге айдап салып, қолтығымызға су бүркіп, "бірің өліп, бірің қал" деп тұр. Тіпті ең жуас, ең үндемес деген Джон Хорнер атты аңшының өзі маған: қанжарыңды қабырғадан емес, іштен сал, салған кезде бірден суырып алмай, испандарша бұрап жібер, деп қояды. Ал Лич жаралы қолын менің көзіме тақап тұрып: "Мынаның кегін өзім алайын, маған да Магрижден бірдеме қалдыр" дейді жаныға түсіп. Қорқау Ларсен болса, жарты юттың жанынан өтіп бара жатып, өзі айтатын "ашытқы" үшін жан алысып, жан беріскелі жатқан бізге бірер мәрте көз салған да, кете барған.
Жасырмаймын, сол мезетте өмірдің құны мен үшін тым күмәнді көрінген. Иә, оның адам қызығатындай ешбір мәні де, сәні де жоқ еді,— әншейін бір екіаяқты екі мақұлық бір-біріне қарама-қарсы отырып алып, қолдарындағы шарболаттарын тасқа егей берсе, ал адам деген сиқы ғана бар қалған қара тобыр бұларға жаныға, сүйсіне қарап тұрса — бұл жерде өмірдің қандай құны болуы мүмкін! Бұл қара тобырдың қақ жартысы тек қана қан тілеп тұрғаны анық еді. Олар үшін бұл бір таптырмас тамаша еді. Және мен ойлаймын, егер біз өмір үшін (өлім емес) айқаса кетсек, бұлардың бірде-бірі бізді айырып алуға ұмтылмас та.
Екінші жағынан, бұның бәрі ақымақшылық қой. Тіпті балалық десе де болады. Сенбесеңіз, қараңыз: кешегі әдебиетші, ел таныған жазушы Хэмфри Ван-Вейден камбузде қанжарын қайрап отыр... чирк, чирк, чирк... Қайрап отырып, қанжар жүзін бас бармағымен сипап-сипап қояды — ал, өз көзіңізге сеніп көріңіз! Менен мұндайды кім күтер еді. Олар үшін мен қашан да "үлбіреген ақ саусақ" едім ғой. Енді сол "үлбіреген ақ саусақ" қанжар қайрап, кісі өлтірмек боп отыр. Бұған басқаны қойып, Хэмфри Ван-Вейденнің өзі сенер ме екен. Міне қайда масқара!
Дегенмен іс тым насырға шаппай аяқталып еді. Арада екі сағаттай уақыт өткеннен кейін Томас Магридж пышағы мен қайрағын былай алып қойып, маған қолын созған.
— Мына хайуандарды мәз қылып қайтеміз,— деді ол. — Біз екеуміз бір-бірімізді бауыздап тастағанша бұлардың көңілі көншімейді. Сен жігіт екенсің, Хэмп! Өзің айтқандай жүрегіңде отың бар жігіт екенсің! Рас айтам, риза болдым саған! Келші маған, әкелші қолыңды, Хэмп!
Мен өзімді қандай қорқақпын десем де, мынаған қарағанда батыр сияқты сезіндім. Мүмкін содан ба, әлде шынымен көңілімнің қалғаны ма, жалпаң қағып оның қолына жармаса түсуді артық көрдім.
— Жарайды, қолыңды бермесең бермей-ақ қой,— деді ол ренжімеген сыңай танытып. — Сен бәрібір мықты жігітсің! — Сосын өзінің жүні жығылып қалғанын білдіргісі келмей, қарап тұрғандарға дүрсе қоя берген. — Кетіңдер әрі! Жоғалтыңдар көздеріңді бәрің!
Бұл аздай қолына қайнап тұрған қазанды көтеріп алып тұра ұмтылып еді, қызықтаушылар жапа-тармағай есікке қарай қашқан. Бұнысына өзі де риза болғандай, өйткені менен жеңіліп салы суға кетіп тұрғанда, біреулердің өзінен қашқаны оған әжептәуір демеу болған секілді. Дегенмен, сақтықты да ұмытқан жоқ — аңшыларды айналып өткен.
— Коктың күні бітті,— деді Смок, Хорнерге қарап.
— Дұрыс айтасың,— деді ол. — Бұдан былай ол Хэмптің алдында артын қысып жүретін болады.
Бұны естіп тұрған Магридж мен жаққа ұрлана қарап қойды, бірақ мен оны көрмегендей, ештеме естімегендей болдым. Өз жеңісіме тым масаттанғам да жоқ, алайда шыққан биігімнен енді қайта түскім де келмеген. Дегенмен, Смоктың айтқаны келген де. Бұл күннен кейін кок менен неғұрлым алыс жүруді жөн көрген, кейде тіпті жағынып қалғысы келетінін де байқаймын. Мен оны бұрынғыдай "мистэр", "сэр" дегенді қойдым, картоп тазалап, ыдыс-аяқты да жумаймын. Тек өзіме тиесілі жұмысты ғана істеймін де, жүре беремін. Қанжарым белдігімнен түспейді — оны ылғи кортик сияқты тағып жүремін. Ал Магриджбен тәкаппар да өктем түрде сөйлесемін, кейде жекіп, ұрсып тастайтын да кезім бар.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
Менің Қорқау Ларсенмен жақындығым арта түсіп еді. Бірақ бұл "жақындықтың" мырза мен малай арасындағы немесе, бұдан да көрі, кароль мен қылжақбас арасындағы жақындықтан (бұндайды егер "жақындық"дейтін болсақ) ешқандай айырмасы жоқ-ты. Шындығында, мен оған алданыш қана едім, үлкен адам баламен қалай ойнаса, ол да менімен солай ойнайтын. Менің міндетім — оны көңілдендіру, онда да оның бар жағдайы дұрыс болып, өзі көңілді жүргенде ғана. Ал менен де жалығып кетсе немесе көңіл күйі болмаса, мен бір-ақ сәтте кают-компаниядан қуылып, камбузге топ ете түсемін. Әйтеуір, әзірге одан аман-сау құтылып жүргеніме де шүкір деймін.
Мен оның соншалықты жалғыздық кешіп жүргенін түсіне бастадым. Бүкіл шхунада одан қорықпайтын да, оны жек көрмейтін де ешкім жоқ. Дәл сондай-ақ оның да ұнататын бір адамын таба алмайсың. Бар қасірет оған құдайдың үйіп-төгіп бере салған артық күшінде ме деймін. Сол күшін ол кімге жұмсарын білмей дал сияқты. Бұл жағынан ол аруақтар әлеміне қуғындалып кеткен Томминсонның тәкаппар Люциферіне ұқсар еді.
Жалғанда жалғыздықтан қиын не бар, Ларсенде бұл өзінің баяғы шыққан нәсіліне тән уайымшылдықпен астасып кеткен еді. Мен оны білген сайын байырғы скандинавиялық аңыздарды жақсы түсіне бастағам. Құдайлардың мына сұмдық әлемін қолмен жасаған аққұба өңді, ақсары шашты жабайылар кезінде қандай материалдан тоқылса, бұл адам да дәл сондай материалдан тоқылған ғой.
Онда латындық нәсілге тән жеңілтектіктің титімдей де нышаны сезілмейді. Оның күлкісі тек мысқылға толы юмордан тұрады. Бірақ сирек күледі. Көбінде мұңға батып жүреді. Осы мұңның өзі де түп тамырымен баяғы нәсілдік тегінен белгі беретіндсй. Бұған ол бабалардан қалған мұра іспетті. Ойға шырмалған бұл уайымшылдық оның халқын терең ақылға жетелеген, бойларына асқан кірпияздық пен асқақ адамгершілік дарытқан.
Бірақ, шын мәнінде, бұл уайымшылдықтың түпкі тегі дінде, оның ішіндегі изуверлік формада жатыр еді. Алайда Қорқау Ларсенге бұл да жұбаныш бола алмаған. Өйткені оның доғал материализміне бұл қайшы келетін. Сондықтан өзін сары уайым басқан кезде, одан шығар жолды ол қара күшпен табатын. Егер бұл адам тым қорқынышты болмаса, мен оған кейде аяй қарар ма едім, кім білсін. Ал оның аянышты кездері жиі болып тұратын. Бұған бір ғана мысал айтайын. Бұдан үш күн бұрын мен оның графиніне су құйып қояйын деп, каютасына кірсем, ол екі қолымен басын сығымдай ұстап, қатты қиналып отыр екен. Менің кіргенімді көрген де жоқ. Байқаймын, екі иығын құрыстыра қысып, қалайда дыбыс шығармайын деп, тістене түседі. Тегі бір жері қатты ауыратын секілді. Мен сыбдырымды білдірмей каютадан шыға бергенімде, оның "О, құдай! О, жаратқан ием!" деп, қыстыға күбірлегенін естіп қалдым. Бұнысы, әрине, Құдайға сиынғаны, Жаратқанға жалбарынғаны емес, қиналған сәтте кез келген адамның аузынан шығатын сөз ғой.
Түстік кезінде ол аңшылардан: "Сендерде бас аурудың бір дәрісі бар ма?" деп сұраған. Тегі олардан мұндай дәрі табылмады-ау деймін, кешке қарай ол кают-компанияның о бұрышы мен бұ бұрышы арасында жаралы арыстандай аласұрып еді.
— Мен еш уақытта ауырып көргем жоқ, Хэмп,— деді ол, мен оны каютаға сүйеп апарған кезде. — Тіпті бұрын бас сақинасы дегеннің не екенін білмеуші едім, ал енді мына пәленің қайдан пайда болғанын түсінбеймін.
Бұл ауру үш күн бойы оның жанын қоярға жер тапқызбаған. Бірақ ол ешкімге салмағын салған жоқ және ешкімге мұңын да шақпады. Ауруды осылай көтеру тек жабайы андарға тән шығар. Не бұл теңізшілер арасында қалыптасқан салт болуы да мүмкін.
Бірақ бүгін таңертең каютасын жинастыруға кіргенімде, ол әдеттегідей сергек, жып-жинақы отыр екен. Өзі бір қызу жұмысқа кірісіп кетіпті. Үстелі мен төсегінің үсті әр түрлі есеп, сызба қағаздарға лық толған. Қолына бірде циркуль, бірде бұрыш ұстап, табақтай калька қағазға әлдебір сызбаларды түсіріп жатыр.
— Ә, Хэмп екенсің ғой! Сәлем!— деді ол. — Мына бір шатпақты қазір ғана бітіріп едім. Қалай шыққанын көріп жіберіңізші?
— Бұл не сонда?
— Бұл теңізшілер жұмысын жеңілдетуге арналған жоба. Бұны іске асырса, кеме жүргізу де баланың ойыншығындай боп қалады,— деп ол көңілдене сөйлей жөнелді. — Енді ылғи да есеппен бас қатырып отырудың түкке де қажеті жоқ. Тіпті тұманды түндердің өзінде, аспанда бір жұлдыз көрінсе болды, қай жерде келе жатқаныңды бірден білесің. Міне, қараңыз! Мен мына сызбаны аспан әлемі картасының үстіне қоямын да, ендіктерге келтіріп алып, оны солтүстік ендік бойымен айналдырамын. Калькада шеңбер биіктігі мен пеленг10 сызықтары белгіленген. Мен кальканы жұлдыздар бойынша орналастырам да, оны карта шетіндегі сандарға жеткенше айналдырамын. Сонымен бітті! Кеменің нақты тұрған жері — осы!
Ол бұны масаттанып тұрып айтты. Айтқанда, көздері ұшқын атып тұрды. Бұл көздер бүгін көк теңіздей көкпеңбек еді.
— Сіздің математикадан да мол хабарыңыз бар екен ғой,— дедім мен. — Қай жерде оқыдыңыз?
— Өкінішке қарай, еш жерде,— деді ол. — Мен бәрін де өздігімнен үйренгем. — Сосын тағы:
— Ал сіз қалай ойлайсыз?— деді. — Бұны мен не үшін ойлап таптым? "Сусыма құмда" із қалдырғым келді ме? — Ол қарқ-қарқ күлді. — Жоқ, мүлде олай емес. Әншейін патент үшін. Бұны сатып, ақшама ақшамды толтырып, басқалар ит болып жұмыс істеп жүргенде, мен өз иттігімді жасап жүре берсем деймін. Міне, менің мақсатым! Дегенмен бұл жұмыс маған аз қуаныш та сыйлаған жоқ.
— Шығармашылық қуаныш,— дегенді мен қыстырып қойдым.
— Бәлкім, солай деген де жөн шығар. Өмірден қуаныш, ләззат табудың бұдан басқа да амалдары көп қой. Мәселен, өлілерді көріп, тірі жүргеніңде қуану, материяның мәңгілік қозғалысын сезіп қуану, бойыңдағы ашытқының божып, көпіріп, саған қуат беріп тұрғанына қуану дегендей.
Мен қолымды бір сілтеп, төсекті жинауға кірістім. Оның сүйекке сіңді материализміне бұдан артық қарсылық білдіруге мен дәрменсіз едім. Ол да осымен әңгіме бітті дегендей сызбасымен айналысып кетті. Ал сызбасы өте нәзік жұмыс еді. Әрбір сызығы мен өлшемі соншама дәлдік пен ептілікті қажет ететін мұндай жұмысты мынадай қара күштің иесі қалай істейді екен деп қайран қаласың.
Төсекті жинап болып, мен оған ұрлана көз салып қойдым. Сөз жоқ, ол тым келісті жігіт еді. Нағыз ер тұлғалы азамат деп осындайды айтса болар. Оның осы бет жүзінде ешқандай бір иттіктің, бұзықтықтың белгісі жоқ екеніне менің көзім тағы да жете түскендей. Мұндай адамның қолынан мысқалдай жаманшылық келмейтініне тіпті бәс тігуге болар еді. Бірақ мен періден періште жасағым жоқ, тек мына ақиқатты алға тартқым келеді: ең бастысы, ол — ұят дегенді ешқашан ескермейтін адам немесе мүлде ұяты жоқ адам. Меніңше, осының соңғысы дұрыс. Ол — іздесең таптырмайтын нағыз атавизмнің үлгісі — оның миға қонбас кейбір тұрпайы қылықтарын бұдан мың-миллион жыл бұрын өмір сүрген, адамдық, адамгершілік атты ұғымдар түйсігі тұрмақ түсіне де кірмеген баяғы жабайы адамдардың тірлігімен ғана салыстыруға болар еді. Құдды ол мың-миллион жылдардан кейін қайта туған солардың соңғы тұяғы секілді. Демек оны моральдық жағынан азған деуден гөрі жалпы мораль туралы түсініктен жұрдай деген жөн.
Рас, оның бет-жүзінде нағыз еркекке тән көркемдік бар. Сақал-мұртын ылғи да мұнтаздай етіп қырып жүреді. Бетіндегі әрбір сызығы тастан қашалған оюлы мүсіндей ап-анық көрінеді. Теңіздің тұзды суы мен күннің өткір сәулесіне әбден қаныққан өңі қоладай қоңырқай тартып, онысы сұлу жүзіне ерекше шырай беріп тұрады. Табиғаттың дүлей күштері өз қолымен сомдаған табиғи түр, тағылық болмыс дәл осындай-ақ болар. Қалыңдау еріндері нақты кескінделген, тіпті айқын десе де болады. Мұндай пішін әдетте жұқа еріндерге тән ғой. Тура осылайша кескінделген бұғағы мен мұрнынан және жақ сүйектерінен тек еркек кіндіктіге ғана бітер сұстылық сезілер еді. Имектеу мұрны қыран тұмсығын еске түсіреді — мұнда да жыртқыштық пен өктемдік иісі бар. Бұны гректік мұрын деу артық — өйткені одан кесектеу, ал римдік дейін десең — тым жинақы. Ал, жалпы бетін тұтастай алғанда, одан қаталдық пен жойқын күшті көргендей боласың, бірақ онда берік ұялап жатқан сары уайымның салқын сызы езу тұсындағы қос сызық пен маңдай әжімдерін тереңдете түсіп, бүкіл бет пішініне әлдебір айбын беріп тұратынын және байқайсың.
Сөйтіп мен Ларсенге ұрлана қарап тұрып-ақ оны біраз зерттеп алған жайым бар. Бұл адамды неге сонша терең білгім келгенін мен тіпті өзім де түсінбеймін. Бірақ білгеннің үстіне біле түскім келеді. Рас, бұл кім өзі? Қандай адам ол? Мынадай мінезге қалай ие болған? Кезінде ол қандай ұлы мақсатқа жетем десе де, жете алатындай мүмкіндігі болған секілді. Ендеше ол ерекше қатыгездігімен аты шыққаны болмаса, қайдағы бір кәсіптік шхунаның қарапайым капитаны ғана боп неге қала берген?
Менің көкейімде көптен бері тығылып жүрген осы сияқты сұрақтар енді бір-ақ сәтте лек-легімен төгіліп еді.
— Сіз қалайша кезінде керемет бір дүниелерге қол жеткізе алмағансыз? Бойыңыздағы мынадай алапат күшпен талай биікке шығуыңыз мүмкін еді ғой. Аруақтыны аттап, қасиеттіні таптап, жер-жаһанды табаныңыздың астына салуға да мүмкіндігіңіз бар еді. Ал қазір күш-қайратыңыздың әбден толысқан кезінде алтын уақытыңызды арзымас бірдемелерге жұмсап жүрсіз. Әйтпесе осы айналысып жүрген кәсібіңізде қандай мән бар? Сіздер аулап сататын теңіз мысығының терісі, өзіңіз айтқандай, иттікке белшесінен батқан көрсеқызар қатындардың көңілін аулағаннан басқа неме қажет? Сіздей кесек адамға мұндай маңызы шамалы іспен айналысу өкінішті-ақ. Иә, өте өкінішті! Адам таңқаларлық осындай күшіңізбен бұдан басқа не істедіңіз сіз? Не бітірдіңіз? Сізді тоқтатуға немесе тосқауыл қоюға ешкімнің шамасы жетпес еді. Ендеше не бұл? Даңққұмарлығыңыз шамалы болды ма? Әлде біреулердің шылауына түсіп қалдыңыз ба? Иә, не себеп? Не бұл?
Мен сұрақтарды бірінен соң бірін тоғытып жатқан кезде, ол маған тура қараған күйі, бір сөзімді бөлмей тыңдады да отырды. Қызбалана, лепіре сөйлеп, не заматта сөзімді бітірдім ғой ақыры. Ол ойын жинақтап алғысы келгендей біраз үнсіз отырды да, сосын:
— Хэмп, тұқым себуге шыққан диқан туралы мына әпсананы еске түсіріп көріңізші,— деді: "Тұқым дәндерінің кейбірі тастақты жерге түсті. Олар тез көктеп шықты, өйткені бұл жерде топырақ жұқа еді. Бірақ күн ысыған кезде қурап қалды, себебі тамыры терең бармап еді; тұқым дәндерінің енді бірі шырмауықты, күрмекті жерге түсті, күрмек өскен кезде оларды буындырып, тұншықтырып тастады".
— Ал, жақсы! Бұнда тұрған не бар?
— Бұнда тұрған не бар!— Ол кекесін мырс етті.— Бұнда ешқандай жақсылық жоқ. Сол дәндердің бірі — мына менмін.
Ол осыны айтты да, алдында жатқан сызбаларына қайта шұқшия түсті. Бірақ мен бөлмені жинастырып болып, енді сыртқа беттей бергенімде:
— Тоқтай тұрыңыз,— деді ол кенет.— Егер сіз картаға қарасаңыз, Норвегияның батыс жағалауынан Ромсдаль-фюрд деген шығанақты көресіз. Мен сол шығанақтан жүз миль жерде туып, өскенмін. Бірақ мен норвег емеспін — датчанмын. Әкем де, шешем де датчан болған, ал олар Норвегияның осынау батыс түкпіріне қалай келіп қалғандарына әлі күнге дейін таңқаламын. Бұл жөнінде олар маған ешуақытта ауыз ашып көрген емес. Ал басқадай менен жасырған сырлары жоқ. Өздері кедей, сауатсыз адамдар еді, әке-шешелері де ішер ас, киер киімге әзер жарыған, мүскін жандар болса керек. Қысқасы, менің ата-бабаларымның бәрі өз кәсібін тек теңізден тапқан, үрім-бұтақ, бала-шағасын да көз ашысымен көк толқындармен айқасуға аттандырып отырған. Міне, солай, Хэмп! Басқа саған айтарым жоқ.
— Неге жоқ?— дедім мен жұлып алғандай.— Сіздің маған айтарыңыз көп, өте көп болуға тиіс. Өйткені сіздің тұла бойыңыз тұнып тұрған жұмбақтай көрінеді маған.
— Басқадай тағы не айтуым керек сізге?— деді ол ызалана дауыстап.— Бала кезімде көрген барлық қорлығымды ма? Әлде балықтан басқа ештеме жеп көрмеген ит тірлігімді ме? Немесе бесіктен белім шықпай жатып балықшылармен теңізге шығып, сан рет ажалмен бетпе-бет келгенімді ме?
Мүмкін, теңізге бірінен кейін бірі кетіп, ақыры біреуі де қайтып оралмаған ағаларымның тағдырын айтуым керек шығар? Жоқ, әлде не оқи, не жаза білмейтін он жасар кезімде юнга болып, қайдағы бір жүк таситын кемемен қандай қияметті сапарларда болғанымды және сол сапарларда кімдерден таяқ жеп, кімдерден тепкі көргенімді, сөйтіп жылап жүріп, кектеніп жүріп бауыр көтергенімді жыр етсем бе? Жоқ, мен бұларды айтпақ түгілі еске де алғым келмейді. Еске алсам, қай-қайдағым қозып шыға келеді. Әсіресе, әлгі жүк таситын кемедегі күндерімді. Есейген кезімде сол кемедегі біреулерді өлтіремін деп талай рет ойлағам, бірақ, амал не, кейін басқа кемеге ауысып кеттім ғой. Дегенмен, өткен бір жылдары сол кемеге кездейсоқ кезігіп қалғаным және бар, алайда, өкінішке қарай, бұрынғы экипаждағылардың бәрі өліп, тек біреуі ғана тірі қалыпты. Мен юнга болып жүргенде ол небәрі штурман болатын, мен қайта жолыққанда, капитан дәрежесіне көтеріліп алыпты. Сіз оған не істедіңіз дейтін шығарсыз? Не істеймін, бір-ақ жұдырық жұмсап, мүгедек етіп тастадым, мүлде жүре алмайтын етіп!
— Сіз мектепке барған жоқсыз, сөйте тұра Спенсер мен Дарвинді қалай оқып жүрсіз? Жалпы, жазу-сызуды қайдан үйрендіңіз?
— Ағылшын сауда кемесінде. Он екі жасымда кают-юнга болдым, ал он төртімде — юнга, он алтыда — матрос, он жеті жасымда — аға матрос және бактегі бірінші басбұзар боп шыға келдім. Ешкімнен көмек, ешкімнен қайыр көрмей-ақ жалғыз өзім жанталаса жүріп, үнемі үміттене жүріп, бәріне өзім жеттім: теңіз ілімі мен математиканы, жаратылыстану мен әдебиетті өздігімнен үйрендім. Бұның бәрі маған не үшін керек болды? Сіз айтқандай, күш-қуатым әбден толған кезде, дәлірегінде күнім еңкейген тұста, осы шхунаға ие болып қалу үшін бе? Бұл дегеніңіз бейшаралық қой, солай емес пе? Ал мен қалай осы деңгейден аспай қалдым? Өйткені тамырым таязда болды — күн көзіне ерте күйдім, көктей солдым.
— Бірақ тарихта дегеніне жеткен құлдар да болған ғой,— дедім мен.
— Ондайға жету үшін тарихта сәтті жағдайлар болған,— деді ол қабағын түйе түсіп.— Жалпы, ешкім де өз тағдырын өзі жасамайды. Дүниедегі барлық ұлы адамдар бақыттың тек жалына ғана жармаса білген. Мәселен, бұған ұлы Корсикандықты мысалға алсаң да жетер. Мен де кезінде аз дүниені армандағам жоқ. Бірақ, қайтесің, сәтті жағдайға кезікпедім. Енді көктей бастағанда, күрмекке шырмалдым — күйдім де кеттім. Хэмп, имандай шындығымды айтайын, мен туралы сіздің осы білгеніңізді менің ағамнан артық білетін бұл жалғанда ешкім жоқ.
— Ол ағаңыз қайда? Не істейді?
— "Македония" дейтін кәсіпшілік кемесінде. Капитан. Мен сияқты теңіз мысықтарын аулайды. Біз онымен Жапония жағалауларында кездесіп қалуымыз әбден мүмкін. Оны Тажал Ларсен деп атайды.
— Тажал Ларсен?!— дедім мен таңданып.— Ол да сіз сияқты ма?
— Жоға. Нағыз хайуанның өзі ғой ол. Алайда маған ұқсайтын да көп жерлері бар.
— Мәселен?.. Қатыгездігі ме?
— Рахмет, дәл таптың. Бұл жағынан менен асып түспесе, кем түспейді, бірақ не оқи, не жаза білмейтін надандығы бар.
— Өмір туралы ешқашан пәлсапа да соқпай ма?
— Пішту,— деді Қорқау Ларсен мырс етіп.— Мүмкін бақыты да сонда шығар. Оның өмір туралы ойлауға уақыты да, шамасы да жоқ — тек сол өмірді иттікке жұмсауды ғана біледі. Менің барлық қателіктерімнің басы — алғаш рет кітап бетін ашқан күннен басталған. Солай, Хэмп!
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
Тынық мұхитты көктей кесіп келе жатқан "Елес" оңтүстікте көздеген ең қиыр нүктесіне жетіп, енді біртіндеп солтүстік-батысқа қарай бет түзеген; кемедегілердің айтуынша, Жапон жағалауларына жетіп, теңіз мысықтарын аулауға кіріспес бұрын, жолай әлдебір аралға соғып, тұщы су толтырып алуымыз керек екен. Аңшылар винтовка мен қосауыздарын сүртіп-тазалап, матростар теңіз мысықтарына дыбыссыз жақындау үшін ескек тұтқалары мен тіреуіштеріне бұлғары орап, Личтің сөзімен айтқанда, әркім өзінің құрал-жабдығын алдағы "қансонарға" жарқырата дайындай бастап еді.
Лич демекші, оның қолындағы жара біртіндеп жазылуға айналған, бірақ, байқауымызша, пышақ ізі өмір бақи қалатын сияқты. Томас Магридждің бұл жігіттен өлердей қорқатыны сондай, кешкісін тіпті палуба жаққа қылаң еткізіп төбе көрсетуден қалған. Бак жақта да жағдай оңып тұрған жоқ. Луистің айтуынша, араларында капитанға сөз жеткізіп жүруші біреулер бар көрінеді, соған күдікті деген екі сүмелекті матростар оңаша шығарып алып, итше тепкілепті. Луис сонымен қатар өз шлюпкасында ескекші болып істейтін Джонсонның да басына бәле іздеп жүргенін тілге тиек етеді. Ал Джонсонның өзі "мен олармен қасық қаным қалғанша айқасамын. Не — өлім, не — өмір!" дейді. Сонда кіммен? Капитанмен, оның көмекшісімен! Өз атын бұрмалап айтқаны үшін ол, расында, Қорқау Ларсенмен екі рет қатты ұстасып қалыпты. Оған еліктеп Иогансен де бұны мазақ қылғысы келген екен, бірақ дұрыстап тұрып бір жұдырық жеген соң, бірден артын қыса қойыпты. Иогансеннің жөні басқа, ал Қорқау Ларсенмен ұстасу — арыстанды артынан түртумен бірдей ғой.
Луис маған Тажал дейтін екінші Ларсен туралы да біраз әңгіме айтқан. Бұл әңгіме капитанның өз ағасына берген бірер ауыз мінездемесіне тұп-тура келіп еді. Біз онымен Жапон жағалауларында кездесуіміз мүмкін екен. "Нағыз шайқасты сонда көресің,— дейді Луис.— Ағайынды Ларсендер бір-бірін иттің етінен жек көреді".
Луистің сөзінен менің кеңірек түсінгенім: Тажал Ларсен басқаратын "Македония" кемесі — бүкіл кәсіптік флотилия ішіндегі ең мықты пароход; егер мына шхунада небәрі алты-ақ шлюпка болса, онда — бақандай он төрт. Бортында тіпті бірнеше зеңбірек те бар. Өйткені... бұл кеме Құрама Штаттарға есірткі тасымалдау, Қытайға қару-жарақ жеткізу, ашықтан-ашық құс сату, қарақшылық жасау сияқты аса ірі "шаруалармен" де айналысатын секілді. Луистің бұл сөзіне сенбеске лажым да жоқ, себебі: біріншідсн, ол өтірік айтатын адамға мүлде ұқсамас еді, екіншіден, теңіз мысығын аулаумен шұғылданатын бүкіл кәсіпшіліктің қыры мен сырын одан артық білетін жылжымалы энциклопедия біздің арамызда жоқ қой.
Осы бір шын мәнінде жын қаққан кемеде бір-бірімен ұстасып, тістесіп жүргендер тек әлгі матростар кубригінде ғана емес, камбузде де, аңшылар кубригінде де бар. Қысқасы, барлық жерде бірін-бірі бауыздап жіберуге дайын тұрғандар жеткілікті. Аңшылар әлі күнге дейін есеп айырыса алмай жүрген Смок пен Гендерсон қай күні айқасты қайта бастайды екен деп жанығып отыр, ал Қорқау Ларсен сол айқаста кім тірі қалса, соны өз қолыммен жер жастандырамын деп тістенеді. Бұнысы — тіпті де адамгершілік жағын ойлаудан туған ізгі шешім емес екенін ол жасырмайды да. Оған бүкіл аңшылар бірін-бірі атып тастаса да — бәрібір, тек олар аман жүріп, оның шаруасын атқара берсе болғаны. Яки Қорқау Ларсенге аңшылардың өзі емес, аңшылар атқаратын жұмыс қана керек. Сондықтан ол: сапардың аяғына дейін ұрыс-төбелессіз шыдап шыққан аңшыларға не керектің бәрін берем, ал оған шыдамағандарды кез келген уақытта борттан лақтыра салу маған түк емес, дейді. Бұл — әншейін қорқыту емес, капитанның шын сөзі екенін, кесіп алса қан шықпас тас жүректігін аңшылар да сезеді. Олар өздерінше қанша қоқиланғанмен қатты қорқатыны да рас.
Томас Магридж менің алдымда құйрығын қысқан иттей бұғып жүреді, ал өз кезегімде мен де одан іштей сескеніп жүрем. Өйткені, өз басымдағы жағдайдан-ақ сезем — оның қорқынышының өзінде еркектік мәрттік бар, онысы кез келген сәтте бас көтеріп шыға келуі, сөйтіп менің қапымды тауып қалпақтай ұшыруы әбден мүмкін ғой. Анда-санда сыздап ауырғаны болмаса, негізінен тіземнің жарасы жазылып қалды. Қорқау Ларсен қаттырақ қысып жіберген қолыма да енді біртіндеп жан кіре бастағандай. Қысқасын айтқанда, жалпы жағдайым жаман емес. Соңғы уақытта бойыма біраз күш жиналып қалғанын сеземін. Бұлшық еттерім өсіп, тығыздана түскен. Тек қолдарыма қарасам, жылағым келеді. Терісі құдды күйіп қалғандай ылғи да бырысып-тырысып тұрады. Тырнақтарымның ұшы қап-қара — әбден кір сіңіп қалған. Алақандарым — тұтасқан сүйел. Бұған қоса әр жерімнен шиқан шығып, олар сыздағанда жанымды көзіме көрсетеді. Тегі кеменің тамағы жақпай жүрсе керек, әйтпесе, мұндай бәлені бұрын ешуақытта көрген жоқ едім.
Бірер күн бұрын Қорқау Ларсен тағы бір қылығымен мені өзіне тарта түскен: кешкісін кают-компанияға кірсем, ол Тәуратты оқып отыр екен. Естеріңізде болар, сапар басында бұрынғы көмекші өліп жатқанда, бәрі жиылып іздеп бір дұға кітабын таба алмағанын жоғарыда жазып едім ғой, сол кітап — сол Тәурат кейін әлгі өлген көмекшінің сандығынан шыққан-ды. Міне енді соны капитан оқып отыр. Оқығанда, оның ішінен өзіне қажетті нені іздегенін кім білсін, мен жанына келген кезде ол Экклезиасстан бір ұзақ үзіндіні маған дауыстап оқи жөнелді. Осы сәтте ол оқығаннан көрі өз ойларын маған күңірене айтып отырғандай көрінді. Иә, күңірене. Оның даусынан каюта іші жаңғырығып, қабырғалардың өзі күңгір-күңгір сөйлегендей болып, менің төбе құйқамды шымырлатып жібергендей болды. Осындай адамды білімсіз деп қалай айтасың, оқуы керемет енді! Сол сәттегі оның мұңдылау қоңыр даусы әлі күнге есімде.
"Мен өзіме патшалар мен аймақтардан алтын, күміс, асыл тасты үйіп-төгіп жинап алдым; маңайыма кілең бір әнші жігіттер мен әнші қыздарды топтастырдым, олардың қолына адамзат баласын шексіз ләззатқа бөлейтін небір саз аспаптарын бердім.
Сөйтіп мен Иерусалимде маған дейін өмір сүрген барлық адамнан ұлы, барлығынан бай болдым, ақыл-парасат жағынан да алдыма ешкім түскен жоқ.
Сосын өз қолыммен жасаған барлық игіліктерге, өз маңдай терім сіңген барша еңбегіме үңілдім: сонда көзім жеткені — бәрі де бос тыраштану, босқа өзімді шаршату екен, күн астындағы күллі әлемге одан келер бес тиын пайда жоқ екен!...
Кім-кімнің де барар жері — біреу екен: діншілдің де, кәпірдің де, жақсы менен жаманның да, адал менен арамның да, қайыр-садақа бергеннің де, бермегеннің де, күнәлі мен күнәсіздің де, ант берген мен анттан басын ала қашқанның да ақыр соңында тірелетін тұсы — өлім деген бір тұйық екен. Күн астындағы күллі әлемнің бүкіл қасіреті де осында екен — әрбір жүректің кірлеуі, кез келген қолдың қанға батуы, тірі деген пенденің небір иттіктер мен зұлымдыққа баруы — осы қасіретті сезгендіктен, ертеңгі күні өлетінін білгендіктен екен; сөйтіп ақыр соңында келместің кемесіне мініп аттанады екен.
Бұл жерде тірі өліктің күнін кешіп жүргендерге де қызыға қарауға болады, өйткені өлі арыстаннан тірі тышқан артық қой.
Тірілер өлетінін біледі, ал өлілер нені біледі, оларды қанша мақтан-марапаттағанмен аттары біртіндеп ұмытыла бастайды.
Және олардың тірісінде біреуді жақсы көргені, жек көргені, қызғанғаны бүгінде кімге керек, мына жарық дүниеде енді оларға тиесілі түк те жоқ".
— Міне, солай, Хэмп,— деді ол кітаптан көзін алған бойда маған қарап.— Байқасаңыз, кезінде Иерусалимде патшалық құрған атақты данышпан да дәл мен сияқты ойлаған. Сіз мені уайымшыл, күйрек дейсіз? Ал нағыз күйректіктің көкесі мынау емес пе екен? "Бәрі де — далбаса, босқа тыраштану, күн астындағы күллі әлемге бұдан ешқандай пайда жоқ!", "Кім-кімнің де барар жері — біреу ғана"— ақылды мен ақымақтың да, адал мен харамның да, күнәлі мен күнәсіздің де. Оның айтуынша, тірі атаулының түбінде бір тірелетін жері бар, ол — тұйық, ол — өлім, барлық зауал сонда. Бұл данышпанның да өмірді керемет сүйгені, сол сүйгенінен ажырағысы келмегені көрініп тұр. "Өлі арыстаннан тірі тышқан артық" деп ол тегін айтпаған. Ол көрдегі тыныштықтан гөрі жердегі тынымсыздықты дұрыс көрген. Тұп-тура мен сияқты. Жер бетінде қыбырлап жүру — иттік. Алайда жерде жатқан тас сияқты жансыз, қамсыз, қарекетсіз болу — одан да өткен иттік. Бұл менің бүкіл тіршілігіме, өміріме қайшы келеді. Өйткені өмір атаулының мәні қозғалыста, күресте, әрекетте. Өмір дегеніміз — ештемеге қанағаттанбау, ештемеге көңіл толмау, ал өлім деген — одан да өткен жиренішті.
— Сіз Омар Хәйямнан да асып түстіңіз,— дедім мен.— Бірақ ол жастыққа тән әдеттегі күмән-күдіктерден кейін өмірден қанағат тауып, өз қуаныш-қызығының материализмін жасаған еді.
— Кім ол Омар Хәйям дегенің?— деді ол.
Бұл сұрақтан кейін мен екі күн бойы камбуздегі күйбең тірліктен құтылып, тек оған Омар Хәйям туралы айтумен болдым.
Кітапты таңдап-талғап оқып үйренбеген оның қолына бұрын-соңды "Рубаят" түспеген екен, енді ол оған ғайыптан тапқан ғажайып олжадай көрінген. "Рубаяттағы" көптеген өлеңді мен жатқа білетінмін, қалғандары да біртіндеп есіме түсе бастаған. Кейбір жеке шумақтарды біз сағаттар бойы талдаудан жалықпадық, бұлардағы кейбір мұңлы сезімдер мен көңілдің арпалысты сәттегі көріністерін ол маған қарағанда бірден жақсы айырады.
Мүмкін бұл менің өлеңдерден ылғи да өмірге деген құштарлықты іздеуімнен болар, ал ол жадының керемет мықтылығымен кез келген жолдар мен шумақтарды бір естігеннен-ақ жаттап ала қояды да, олардан түйген ойларын қалайда менің миыма сіңіріп қалуға тырысады.
Жеке шумақтардың қайсысы оған қаттырақ ұнайды екен деп, мен бірнеше өлеңді қатар оқып та көрдім. Сонда ол ақынның кездейсоқ бір сәттегі ренішті, күйінішті көңіл күйін көрсететін шумақтарды бассалып ұстай алғанда, мен ешқандай таңданғам жоқ. Мысалы мынаны:
Деймін бірде өзіме: "Не үшін келдің өмірге?"
Деймін сосын тағы да: "Бос қиялға семірме!"
Құйыңдаршы, ішейін, у да болсын шарапты
Итшілеген өмірде демеу болсын көңілге.
— Керемет!— деді Қорлау Ларсен желпініп.— Керемет! Бір-ақ ауыз сөзбен бәрін жеткізген-ау сабазың. Итшілеген! Бұдан артық қалай айтуға болады.
Бұған қарсыласып көріп едім, ол өз дәлелін тықпалап, бет бақтырмады.
— Өз болмысына сәйкес өмірдің басқаша болуы мүмкін емес. Ол өзінің тұрлаусыздығын біледі де, үнемі өз үлесін алып қалуға ұмтылады. Өмірдің тек арпалыстан, әбігерден тұратынын, оның тұла бойы толған қасірет екенін Тәурат данышпаны тамаша байқаған. Алайда өлімнің одан да өткен қасірет екенін ол тіпті айрықша көрсеткен. Ол бұны айтқан сайын қамыға түседі, жалғыз өзі бәрін жалмап келе жатқан Тағдыр деген нәлетке күйініш білдіреді. Бұған Омар Хәйям да дәл солай қарайды. Мына мен де, сіз де өмірді осылай бағамдаймыз. Иә, тіпті сіз де. Кешегі күні кок пышағын қайрай бастағанда, сіз қалтырай бастадыңыз. Сосын сіз де қанжарыңызды қайрауға кірістіңіз. Демек, сіздің өлгіңіз келмеді. Шындығында, сіздің емес, сіздің ішіңізде жатқан, сізден жоғары тұрған өмірдің өлгісі келмеді. Сіз маған өлместік инстинкті туралы айттыңыз, ал мен өлгісі келмейтін өмір туралы инстинкт туралы айтамын; оған өлім қаупі төнгенде өмір инстинкі сіз айтқан өлместік инстинктін әрқашан жеңіп шығып отырады. Яки бұл — сізді де жеңіп шықты деген сөз — бұны сіз жоққа шығара алмайсыз — кок деген қайдағы бір ақымақ пышағын қайрағанда, оны жеңіп шыққан кім екенін енді байқаған шығарсыз. Ол — сіздің ішіңіздегі өмір ғой, өмір сүру инстинкті ғой.
Сіз тіпті қазір де коктен қорқасыз. Бұны да жоққа шығара алмайсыз. Мен сізді егер былай ұстап (күтпеген жерде ол менің тамағымнан қыса қойды, мен бірден тұншыға жөнелдім), бойыңыздан жаныңызды сыға бастасам, иә, иә, мына құсап, онда сіздің өлместік инстинктіңіз бүрісе бастайды да, ал өмір инстинктіңіз көтеріле түседі, яки сіз аман қалу үшін жанталаса күресесіз.
Ал қалай?! Оңай ма екен! Міне, мен сіздің көзіңізден сұмдық қорқынышты көремін. Қолыңыз ербең-ербең етіп, ауаны бос қайшылайсыз. Өмір үшін бар күшіңізді жұмсап, жанталасасыз. Тырбаң қағып менің қолыма жармасасыз, ал бұл маған маса шаққанмен бірдей ғана. Көкірегіңіз көріктей демігеді, тіліңіз салақтап кетті, жүзіңіз күреңітіп барады, көзіңіз тұмандана бастады... "Өмір! Өмір! Өмір!" — деп жанұшырасыз. Дәл қазір сізге өмірден қымбат ештеме жоқ. Қазір ғана емес, бұдан кейін де. Бәрінен өмір қымбат сізге! Міне енді сіз өлмес өмір туралы күмәндана бастаған шығарсыз? Солай ма? Солай болмаса, мен қолымды тағы да қыса түсем. Былай... былай міне! Енді оған, өлмес өмірге сенуден қалдыңыз, сенбеске лажыңыз жоқ. Тек, мына өмір ғана ақиқат екеніне сендіңіз, солай ғой?! Ал көзіңіздегі от біртіндеп сөніп барады, сөніп барады. Дүние қарауыта берді. Бұл — өлім түнегі, бұл — тыныстың, тіршіліктің, сезінудің біткен жері. Түнек! Түнек! Төңірегіңізді түгел торлап алды бұл түнек. Ең соңғы сәуле сөніп барады көз алдыңыздан. Жанарыңыз мұзға айнала бастады. Менің даусым сізге тым алыстан құмыға естіледі. Жүзімді мүлде көрмейміз. Бірақ бәрібір менің уысымда тырбаң қағасыз. Кеудеңіз қыр-қыр етеді. Жыландай жиырыла түсесіз. Соңғы деміңіз тұншыға шығады. Өмір! Өмір! Өмір!..
Бұдан кейін мен ештеңе естімей қалдым. Тек не заматтан соң... көз алдымдағы түнек біртіндеп сейіле бастағандай болды. Есімді еденде жидым. Ларсен маған сынай қараған қалпы сигарын тартып, жайбарақат отыр екен.
— Қалай, сендірдім бе сізді?— деді ол.— Мә, мынаны ішіп қойыңыз. Сосын тағы да әңгімелесеміз.
Мен еденде жатқан күйі "ішпеймін" дегенді білдіріп, бас шайқай бердім.
— Сендіру тәсіліңіз... өте мықты екен,— дедім әзер тіл қатып. Өйткені әлі де толық ес жия алмағам.
— Жарты сағаттан кейін бәрі де дұрыс болады,— деп, ол менің көңілімді аулаған болды.— Қорықпаңыз, бұдан кейін ойымды тәжірибе жүзінде дәлелдемейтін болам. Енді орныңыздан тұрып, мына орындыққа отырыңыз.
Оған ойыншық болғаным сондай, орнымнан тұрған соң Омар Хәйям мен Экклезиаст туралы әңгімені екеуіміз қайта жалғастырып, түннің бір уағына дейін ездік те отырдық.
ОН ЕКІНШІ ТАРАУ
Бір тәулік бойы шхунаны хайуандықтың әлдебір жын ойнағы жайлап алған; ол әуелі кают-компанияда бұрқ етті де, сосын құдды эпидемия сияқты бүкіл кемеге тарап үлгерді. Білмеймін, тіпті неден бастарымды. Негізінен бәріне кінәлі Қорқау Ларсеннің өзі. Кемеде жиі-жиі болып тұратын керісті, қақтығысты жағдай біртіндеп нағыз жаулыққа ұласып, оның ақыры қып-қызыл жанжалға айналып кеткен-ді.
Томас Магридж — барып тұрған аяр, сумақайдың өзі. Сонымен қатар өсекші, жылпос. Капитанның артына қайтадан кіріп алу үшін ол енді сөз жеткізумен айналыса бастаған. Джонсонның абайсызда айтып қалған бір ауыз сөзін капитанға неше түрлі құбылтып жеткізген адам одан басқа ешкім емес екеніне өз басым сенімдімін. Бейшара ол кеме дүкенінен су өткізбейтін жұмыс киімін сатып алады. Онысы түкке тұрмайтын бірдеме болып шығады да, Джонсон ызалана боқтап жібереді. Мұндай дүкендер кәсіптік кемелердің бәрінде бар,— матростар өздеріне қажетті заттарды осы жерден сатып алады. Дәлірегінде, дәл сол сәтте ақша төлеп алмайды, кейін кәсіптен түскен пайданы бөліскен кезде, әркімнің тапқан табысынан ұстап қалады. Ал табыс аң терісінің санына қарай есептеледі де, әр шлюпкадағы ескекші мен жүргізуші аңшылармен бірдей өз үлесіне ие болады.
Джонсон кімді боқтағанын, не деп боқтағанын мен естімегем, сондықтан оның соңы мынадай сойқанмен бітер деп мүлде күткем жоқ-ты. Кают-компанияның ішін сыпырып болып, Қорқау Ларсенмен оның шекспирлік сүйікті кейіпкері Гамлет жөнінде бір қызықты әңгімені енді бастай бергенімде, кенет үстімізге Иогансен кіріп келген. Жанында Джонсон. Байқаймын, оны шақыртқан секілді. Ол каюта ортасына жеткен соң, теңіз салты бойынша бас киімін шешіп, баяу шайқалған кемемен бірге ырғалта тұрып, капитанның бетіне тік қарады.
— Есіктің ілгегін сал,— деді маған Қорқау Ларсен әмірлі түрде.
Мен ілгекті іліп жатып, Джонсонның көзінен әлдебір әбіржуді байқап қалдым, бірақ неге екенін түсінгем жоқ. Қысқасы, бұдан кейінгі оқиға түп-түгел көз алдымнан өткенше менің миыма дым да кірмеген. Ал Джонсон өзін қандай бәле күтіп тұрғанын білген сияқты, не де болса көрдім, көндім деген сыңай танытады. Оның осы тұрысынан мен Қорқау Ларсен ұстанған жабайы материализмнің толығымен жоққа шыққанын көргендеймін. Матрос Джонсонға өзі сенген идея, өзі ұстанған принцип және өз ісінің ақтығы күш бергендей еді. Иә, оның істегені дұрыс еді, дұрыстығына сенген де, сондықтан қорыққан жоқ. Шындық үшін ол өлуге бар-ды, ал өліп кетсе, өз арының алдында адалдығын танытар еді, сол үшін де бас имеген, қаймықпаған Қорқау Ларсеннен. Яки осы жерде моральдың ұлылығы мен азаматтық намыс алға шықты, өзінің өлместігіне сенген және бұл жолда ешқандай бөгесінге бас имеген рухтың алапат қуаты тән қажетін жеңіп шықты; бұл қуат, бұл күштің уақыт пен кеңістіктен, материядан жоғары тұрғанын осы қайсар рух дәлелдеп берді.
Жарайды, әңгімемізге қайта оралайық. Рас, мен Джонсонның көзінен аздап әбіржу байқадым, бірақ бұны табиғи биязылық пен әдеттегі мазасыздыққа баладым. Көмекші Иогансен матростан бірнеше қадам жерде бір қырынан тұрды да, ал Джонсонға қарама-қарсы, үш ярдтай қашықтықта, айналмалы креслода шіреніп Қорқау Ларсеннің өзі отырды. Мен есікті жауып келген соң арада бір минуттай үнсіздік орнады. Сосын не заматта Қорқау Ларсен:
— Ионсон,— деген ызбарланып.
— Менің атым Джонсон, сэр,— деді матрос батыл түрде.
— Жарайды, Джонсон-ақ бол, сайтан алғыр! Мен сені не үшін шақырғанымды білесің бе?
— Білем десем де, білмеймін десем де болады, сэр.— Джонсонның даусы тым сабырлы шықты.— Өз жұмысымды адалымен атқарамын. Бұны сіз де, көмекшіңіз де біледі. Бұл жағынан реніш болуы мүмкін емес.
— Бар болғаны сол-ақ па?— Ларсен де ақырын сөйлеп, ұрлана қарап қойды оған.
— Сіздің бір нәрсеге қапалы екеніңізді сезем, сэр,— деді Джонсон жаңағы сабырлы қалпын бұзбастан.— Әйтеуір, қалайда көңіліңізден шықпай тұрғаным рас, сіз... сіз...
— Иә, әрі қарай,— деп Ларсен оны қамшылай түсті.— Менің намысыма тиер деп қорықпай-ақ қой.
— Мен онсыз да қорқып тұрғам жоқ,— деді матрос, бірақ өңі күреңіте қалды.— Сіз сияқты мен де отаныммен таяуда ғана қоштасқан адаммын, сондықтан даусым ақырын шығады, сіз мені ұната бермейсіз, өйткені мен өзімді сыйлай білемін, намысымды жібермеймін. Мәселе сонда, сэр!
— Демек саған кеме намысынан гөрі өз намысың қымбат болғаны ғой. Солай ма? Менің не айтып тұрғаным саған түсінікті шығар?
— Мен де ағылшынша сөйлеп тұрғандықтан түсінікті деп ойлаймын, сэр,— деді Джонсон. Тілді сәл бұзып сөйлегеніне ыңғайсызданды ма, жүзі одан сайын күреңіте түскен.
— Джонсон,— деді Қорқау Ларсен түсін бірден суытып, осымен кіріспе сөз бітті, енді негізгі әңгімеге көшейік дегендей.— Естуімше, сен жұмыс киімін сатып алыпсың, бірақ ол саған ұнамаған сияқты.
— Иә, ұнаған жоқ. Түкке тұрғысыз бірдеме.
— Сен бұл жөнінде көрінгенге көкіп жүрсің, солай ғой?
— Көкіп жүргем жоқ, шындықты айтып жүрмін, сэр,— деді матрос қаймықпай, бірақ әр сөзінің соңына "сэр"-ді қосуды да ұмытқан жоқ.
Осы мезетте менің көзім Иогансенге түскен. Ол жұдырығын бір ашып, бір жұмып, Джонсонға тістене қарап тұр екен. Көзінің асты көгеріп қалыпты — бұл Джонсонның ісі еді. Жүрегім әлде бір жаманшылықты сезгендей болды, неге екені белгісіз, мұрныма қан иісі білінген.
— Ал сен менің дүкенім туралы, мен туралы мұндай сөз айтқан адамға жақсылық бола қоймасын білесің бе?
— Білем, сэр!
— Білсең айтшы?
— Білсем... көмекші екеуіңіз қазір мені итше талайсыздар.
— Хэмп, қарашы мынаған,— деді Ларсен маған бұрылып.— Қарашы мына түкке тұрғысыз жердің құртына — қыбырлап, жыбырлап, тыныс алып тұрған материяның титімдей жиынтығына. Сонысына қарамай мені қорлағысы келеді. Онымен де қоймай осы бейшара тірлігін құндағысы, бұлдағысы келеді. Намыс, құқ, принцип деген жалған ұғымдарды малданып, өзіне төнген қауіпке де қарамастан маған кекірейіп, шікірейіп қарайды. Бұл туралы сен не ойлайсың, Хэмп?
— Қандай жағдайда да ол сізден артық деп ойлаймын — дедім мен Джонсонға төнген қара бұлттың бетін аз да болса өз жағыма бұрайын деген ниетпен. Әрине, бұны мен алдын-ала ойлағам жоқ-ты, сәтінде шамадан тыс туған "ерлік" еді. Неге екені белгісіз, бұдан соң да бұғып қала алмадым:— Сіз айтқан "жалған ұғымдар" оның адамдығы мен азаматтығын көрсетеді,— дедім.— Ал сізде ешқандай иман, ешбір идеал, болмашы иллюзия деген атымен жоқ. Бұл жағынан сіз қайыршысыз!
Ол ызалана бас изеді.
— Өте дұрыс айтасың, Хэмп, өте дұрыс! Менде адамдық, азаматтық деген иллюзия — бос қиял мүлде жоқ. Өлі арыстаннан тірі тышқан артық. Экклезиаст айтқан бір сөзді мен де айтамын. Менің бір ғана доктринам бар, ол — ойға алған мақсатымды орындау. Мені ұшпаққа сол ғана жеткізеді. Ал "Джонсон" деп аталатын өмір ашытқысының мына мысқалдай бөлшегі ашытқы болудан қалып, күл топыраққа айналған кезде, оның құны аяқ астында жатқан кез келген боқтықпен бірдей болып қалады да, мен болсам бұрынғыдай алшаң-алшаң басып жүре беремін.
Ол бір мезет үнсіз қалды да, сосын маған қарап:
— Мен қазір не істейтінімді білесің бе?— деді.
Мен басымды шайқадым.
— Мен құдай берген күш-қуатымды пайдаланып адамдық дегеннің не екенін саған анық көрсететін боламын. Қара!
Ол Джонсоннан үш ярд жерде, яки тоғыз футтай әрі отыр еді. Иә, отырған; осы орнынан тіпті аяғынан тік тұрмай-ақ жолбарыстай бір-ақ секіріп Джонсонның алдына түскен де, қас пен көздің арасында оны кеудеден қойып кеп жіберген. Күтпеген соққыдан қорғанып та үлгірмеген байқұс Джонсон құдды балтамен отын шапқандай ыңқ ете қалды да, еңкейіп барып етбетінен түсе жаздады. Бірақ құлаған жоқ, теңселе тұрып бойын тез тіктеп алды. Дем жетпегендей жүрегі сыр-сыр етеді.
Бұдан соң сұмдық көріністі мен қалай жеткізерімді білмеймін. Өте ауыр көрініс; ол есіме түскенде қазірге дейін жүрегім дір ете қалады. Джонсон қаһармандықпен қорғана білді, бірақ Қорқау Ларсенге, Қорқау Ларсенмен қоса көмекшісі екеуіне жалғыз адамның төтеп беруі мүмкін бе? Бұл айқасты түсіңде көрсең, шошып оянар едің. Адам баласы мұндай төзімді, мұндай итжанды болады деп кім ойлаған. Бәрі де өмір үшін! Бір күндік сәуле үшін. Сол үшін де Джонсон барын салып, жанын салып күрескен. Оларды жеңем деген оның мысқалдай да үміті жоқ еді, бұны ол менен кем білген жоқ, бірақ нағыз еркекке тән қайсарлықпен ақырына дейін айқасуға бел буғаны көрініп тұрды.
Көз алдымдағы сұмдықтың бәрін көріп тұра беруге менің дәтім жетпеген. Жынданып кетпей тұрғанымда табанымды жалтыратайын деп, трапқа қарай тұра ұмтылдым. Ойым — тезірек палубаға шығып кету еді, бірақ осы мезетте Қорқау Ларсен жемтігін тастай салып, екі-ақ аттап маған жетті де, желкемнен бүре ұстаған күйі каютаның екінші жағына бір-ақ атты.
— Өмірдің құны, өмірдің мәні деп өжектеп қоймаушы едің ғой,— деді ол маған мысқылмен.— Соны саған іс жүзінде көрсетейін десем, сен алды-артыңа қарамай қашып барасың. Қашпа. Көріп тұр. Жанның өлместігіне осы жерде де көзің жетеді. Біз Джонсонның жанына қылаудай қиянат жасамаймыз, тек сыртқы қабығын біраз боршалап көреміз.
Бұдан әрі... бас-көзге қарамай соққылау, тепкілеу. Гүрс-гүрс тиген жұдырық. Ырсылдау, ыңқылдау... Бұл небәрі он минутқа созылған шығар, бірақ маған бір ғасырдай көрініп еді. Капитан мен көмекшісі бейшара матросты әбден итектеліп қалғанша аяусыз сойған: тұрғызып ұрған, жатқызып тепкен... іштен, бастан, арқадан. Әрі-беріден кейін Джонсон ештеме көруден, ештеме сезуден қалған — ауыз, мұрын, құлақтан кеткен қан каюта ішін түп-түгел бұлғап шыққан. Не заматта еденде не тірі, не өлі емес бірдеме итектеліп қала берді.
— Жә, Иогансен, қызуыңды бас!— деді ақыры Қорқау Ларсен.
Бірақ көзін қан басып кеткен көмекші жемтігінен оңай айырылғысы келмеп еді, капитан оны шынтағымен қағып жіберді. Осы кішкентай ғана соққыдан Иогансен шалқая құлап барып, қабырғаға басы сарт ете қалды. Сосын бір сәт есінен айырылып қалғандай көзі жыпылық-жыпылық етіп тұрды да, еденге отыра кетті.
— Есікті аш, Хэмп!— деген бұйрықты дауыс естілді.
Мен есікті ашқан кезде, тырнақтары қанға боялған екі жыртқыш бойында болмашы ғана жаны бар былқ-сылқ еткен денені жіңішке траптың бойымен палубаға қарай сүйрей жөнелді. Штурвалда Джонсонның шлюпкадағы серігі Луис тұр еді, жанынан өлексені сүйреп өткенде, алқызыл қан етегін бұлғап кеткен. Бірақ оған мән берген Луис жоқ, компастан көз алмаған күйі штурвалды ары-бері бұрай берді.
Ал бұрынғы юнга Джордж Лич мүлде басқаша мінез көрсетті. Бактан ютқа дейін созылған бүкіл шхуна оған қарап таңғалған. Ол ешкімнің рұқсатынсыз-ақ кормге барды да, Джонсонды бакқа сүйреп алып келіп, қолынан келгенше оның жарақатын жуып-тазалап, өзінше көмек көрсете бастады. Джонсонның жүзі — быт-шыт, адам танығысыз өзгерген еді. Санаулы минуттың ішінде беті күп болып ісіп, көз қайсы, мұрын қайсы — белгісіз болып шыға келген.
Дегенмен мен Лич туралы әлі де айтқым келеді. Мен каютаны жуып-тазалап болғанша Лич те шамасынша Джонсонға ем-домын жасап біткен. Таза ауа жұтып, аздап сергіп алайын деген оймен палубаға шыққам. Қорқау Ларсен сигарын тартып, әлдебір себептермен борт үстіне шығарылған механикалық лагты (әдетте бұл корм артында тұрушы еді) тексере қарап тұр екен. Кенет Личтің ызаға булыққан, қарлығыңқы ащы даусы бәрімізді селк еткізген. Жалт қарасам, Лич тура юттың алдындағы биік текпішекке шығып алып, екі қолын көкке жайып, бар даусымен айқайлап тұр екен. Іштегі ашу-ызасының бәрі бұрқ етіп бетіне шыққан, көзінде — от, кеудесінде — кек.
— Е-ей, Қорқау Ларсен! Құдай төбеңнен ұрсын сенің! Жетпей желкең қиылсын! Саған тозақтың оты да аз, білдің бе, тозақтың оты да! Сенен өткен қорқақ, сенен өткен жауыз жоқ бұл өмірде. Қанышер де, доңыз да, жалмауыз да — сенсің! Сенсің!
Төбемнен таспен ұрғандай сілейіп мен тұрмын. Қорқау Ларсен Личті қазір табанда өлтіріп жіберетін шығар деп ойлаймын. Бірақ олай істеуге оның зауқы болмады-ау деймін, асықпай ют жанына келді де, рубкаға сүйене тұрып, құтырына айқайлаған жігітке қызықтай қарап тұра берді.
Ал Лич бұрын ешкім айтпаған, айта алмаған небір айыпқа толы сөзді оның бетіне тура қарап тұрып, бірінен соң бірін тоғыта түсті. Бактың жанына ұйлыға қалған матростар оған үрке, үдірейе қарайды. Осы мезетте аңшылар да әлденеге мәз болып, гу-гу сөйлесе жүріп, палубаға көтерілген; алайда Личтің айқайын естігенде, олар да бойын тез жиып ала қойған-ды. Япырау, Қорқау Ларсенге де бұлай сөйлейтін біреу болады екен ғой деп таңғалғандай түрлері бар. Расын айтсам, Личтен мұндай мінезді өзім де күткен жоқ едім, ажал атаулыға бас имейтін, қорқыныш, үрей, қауіп дегеннің бәрінен жоғары тұратын жанның өлместігіне нағыз дәлел осы ғой деймін ішімнен. Бұл жігіт маған адам баласы жасаған барлық күнәға жылап тұрып нәлет айтқан бағзы заманның пірәдарларын еске түсірген.
Ол Қорқау Ларсеннің қалай жер-жебіріне жетті десеңізші. Оның ішкі дүниесін түк қалдырмай аршып, ақтарып, бүкіл арамдығы мен иттігін бетіне аяусыз былшылдата берген. Бірақ әбден ашынғаны болар, оған барлық қарғысты да, құдайдан сұрар зауалды да аяп қалған жоқ. Бұл жағынан ол шіркеуден бас тартқан орта ғасырлардағы лақпа діншілдерге ұқсап кеткендей еді. Ашу үстінде кейде қаһарға мінген қас батырдай тым биіктен көрінсе, енді бірде көшедегі көкайыл қатындай аузына келгенін сөйлеп баққан-ды.
Лич ақыры ақыл-естен айырыла бастады. Аузы ақ көбіктеніп, түкірігін шашырата қақалып-шашалып сөйлейді. Сөйлегенде бір сөзі бір сөзіне қабыспайды. Ал Қорқау Ларсен әлі де рубка қырына сүйене тұрып, оған салқын да сабырлы көз салады. "Не де болса ақырына дейін тыңдайын, айтсын, айтсын" дейтін сияқты. Өмір ашытқысының мынадай сұмдық божуы, бір-ақ сәтте бұрқырап-қайнап шыға келген кішкентай ғана материя бөлшектерінің оған осыншама күш беруі капитанды әрі таңғалдырып, әрі қызықтыра түскендей.
Капитан жас матросты қай уақытта жалғыз-ақ ұрып жалп еткізер екен деп бәріміз секунт сайын тағатсыз күтіп тұрмыз. Бірақ оның тәкаппарлығы тежеу болды ма, әлде жігітті ақырына дейін сынағысы келді ме, әйтеуір қанша уақыт өтсе де біз күткендей тосын мінез көрсеткен жоқ, аузындағы добалдай сигарын сыздықтата түтіндетіп, үнсіз тұра берді.
Бұл уақытта Личтің долылығы шегіне жетіп еді.
— Доңыз! Жыртқыш! Хайуан!— дейді айқайлап.— Әй, естисің бе сен? Естісең, неге жетіп келіп өлтіре салмайсың мені, а?! Бұл сен үшін түк емес қой, а! Кім сені тоқтата алады? Ешкім! Кел, өлтір мені! Бірақ мен сенен қорықпаймын, білдің бе, қорықпаймын. Сенің жанында бейшара боп, мүскін боп жүргенше, өліп кеткенім әлдеқайда артық. Кел, кел, қорқақ неме! Өлтір мені, өлтір!
Дәл осы минутта Томас Магридж өз сорына қарай тыныш жатқан жыланның құйрығын дөп басқаны бар. Ол манадан бері сырттағы у-шуды камбуз есігінен бақылап тұр еді, енді әлдебір кір-қоқысты борттан лақтырып жібермек болып палубаға қарай ұмсына түскен, бұнысы — шындығында, өзі топшылағандай, қандай жағдайда да аман қалмауға тиіс Личтің өлімін өз көзімен көріп қалу болатын. Сөйтіп Қорқау Ларсеннің жанынан өтіп бара жатып, оған жағымпаздана жымиып қойды, бірақ ол бұны байқаса да байқамағандай кейіп танытқан. Алайда оған ыңғайсызданған Томас жоқ, капитанға жағынған үстіне жағына түскісі келгендей Личке бұрылып:
— Ей, неменеге со құрлы бақырасың! Ұялсаң етті!— деген өзінше көсемсіп.
Енді не істерін білмей күйініп тұрған Личке бұл бір сәті түскен іс болған. Екеуінің арасындағы өткен жолғы кақтығыстан кейін кок бірінші рет камбуздан пышақсыз шығып еді, аузын жауып үлгіргенше Личтің келсаптай жұдырығы кеудеден capт ете түскенде, ол шалқасынан жалп ете түскен. Қиралаңдап орнынан тұра бергенде, екінші жұдырық және мұрттай ұшырды. Сосын үшінші...
— Көмектесіңдерші! Көме-ек!— дейді кок ышқына айқайлап.— Ау, көмектессеңдерші! Не ғып тұрсыңдар енді, көмектесіңдерші! Ұстаңдаршы мынаны!
Аңшылар бұған рақаттана күлген де қойған. Бұл — трагедияның бітіп, фарстың басталуы еді. Бір шетте ұйлығып тұрған матростар да енді ортаға қарай жақындай берген — бәрінің көзінде әлдебір жымысқы күлкі бар, сүйкімсіз Магриджді Лич қалай ұрар екен деген қызығушылық бар. Мұндай қызығушылық тіпті менде де оянып шыға келген. Әрине, адамды ұру деген жақсы емес, ал ұрғанды қолдау одан да өткен хайуандық іс, соны біле тұра мен, жасырмаймын, Лич Магриджді соққан сайын айызым қана түскен. Ал Қорқау Ларсеннің өңінен еш өзгеріс байқалар емес.Тіпті тұрған тұрысынан да — көз алдындағы итсілікпеге құмарта қарайды. Осы тұрысында ол өзінің барып тұрған прагматиктігіне қарамастан мына қанжоса "ойын" мен бұрқыраған өмір қозғалысынан өзі бұрын байқамаған, сезбеген қайдағы бір құпияның сырын ашсам, кілтін тапсам деген жіңішке үміттің жетегіне шын еріп, шым батып кеткен секілді.
Несін айтасың, кок сыбағасын алды ғой! Жаңа каютада өзім куәсі болған жойқын ұрыстан бұның еш айырмасы болмаған. Магридж қайда қашса да құтырынған матростан құтыла алмады, соққы алдан да тиеді, арттан да тиеді. Гүрс етіп құлап түседі, сүйретіліп қайта тұрады. Тұра салып тағы мұрттай ұшады. Ақыры жандәрмен каютаға ұмтылып еді, одан да түк шықпады, есік тұсында етбетінен түсіріп, желкесінен бүре ұстаған күйі палуба жаққа және лақтырды. Бұл жолғы соққы тіптен қатты тисе керек, құлаған жерден қайтып тұра алған жоқ, аяқ-қолы дір-дір етіп сұлық түскен. Бірақ бұдан кейін де тепкілеу мен ұрғылау тиылған жоқ. Ешкім оған арашаға да түспеді. Өстіп Лич оны өлтіріп тастауы да мүмкін еді, алайда оның өзі де шаршады ма, не заматтан соң қолын бір сілтеп кете барды, артында қанден иттей қыңсылап жатқан кок қалды.
Дегенмен бұның бәрі келесі керіс-төбелестердің бастамасы ғана екен. Бұдан соңғы қақтығысты кешкісін Смок пен Гендерсон бастап жіберді. Күтпеген жерде кубриктен мылтық үні тарс ете қалды да, артынша аңшылардың төртеуі сыртқа атып шықты. Олардың соңын ала люктен қарақошқыл түтін бұрқ ете түсті. Кәдімгі оқ-дәрінің қара түтіні! Қорқау Ларсен көзді ашып жұмғанша кубрикке жетіп барған да, бірден қою түтін ішіне қойып кеткен. Арада бірер минут өткенде ол екі жігітті де сүйретіп сыртқа алып шыққан да: "Мен сендерге не деп едім, а? Сапар аяқталғанша тыныш жүріңдер деп едім ғой. Тыңдамайды екенсіңдер, мә ендеше сыбағаларың!" деп, күрзідей жұдырығымен оларды былшылдатып ұрды дейсің. Сонан соң бір мезет сабасына түсіп, олардың қанға малынған денелеріне асықпай көз жүгірте беріп еді. Біз де қазір ғана байқадық, Смок пен Гендерсон капитанның жұдырығынсыз-ақ бір-бірін қатты жарақаттап тастаған екен. Қорқау Ларсен оларды боқтықтың неше түрімен сыбай жүріп, енді қолынан келгенше екеуінің жарақатын емдеуге кіріскен. Бір жағынан мен де көмекке келдім. Екеуіміз бірігіп жігіттердің жарақатын жуып-тазалап, таза шүберекпен мықтап таңып тастадық. Наркозсыз, түксіз жасалған біздің бұл операциясымағымызды екі жігіт те қыңқ етпей көтеріп шықты, тек ауырсына қиналған кезде қайта-қайта виски беріп тұрдық.
Бұларды тыныштандыра бергенде — дәл кешкі күзет алдында — бак жақтан тағы бір шу шыққан. Байқасақ, бұл шу: Джонсон неге соққыға жығылды, оны сатқан кім? Жалпы өз арамыздағы әңгімені капитанға кім жеткізеді деген сұрақтардан өрбиді де, арты қып-қызыл төбелеске айналып кетеді, команда екі топқа бөлініп алып, бірін-бірі қанжоса қылады.
Ал сосын... әбден қараңғы түсе соңғы жанжал көмекші Иогансен мен аңшы Лэтимер арасында болған. Соңғысы қаншырдай қатқан тырқи арық, қызба мінезді жігіт еді. Бақсақ, бұл жанжалға себеп болған — көрші төсекте жататын көмекшінің бірде қырындап, бірде ұйқысырап Лэтимерге түні бойы ұйқы бермеуі екен. Нәтижесінде, аңшының аяусыз ұрған бірер жұдырығы көмекшінің бетін көнектей етіп тыныпты. Бірақ, амал не, Иогансен аңшыдан көрген бұл қорлығын кейін көзі іліне сала былдырлай айтып, өңінде көргенін түсінде түгел қайталап, таң атқанша Лэтимерге де, басқаға да ұйқы бермепті.
Мен де өте жайсыз ұйықтап шықтым. Күндізгі оқиғаның бәрі құдды түнде көрген үрейлі түстей болған. Бір төбелестен кейін бір төбелес. Бірін-бірі жыртқыштай жеген жігіттер. Бәрі естен айырылған, ақылдан адасқан. Қит етсе болды, пышағын көтеріп, мылтығын кезеп шыға келетін өңшең қаныпезерлер. Қандай ғана ортаға тап болдым деп қайран қаламын. Тағдырыма нәлет айтамын. Жүйкем тозған. Ойдан азғам. Бұрын адам баласының бойында хайуанға тән озбырлық, жыртқыштық бар дегенге мүлде сенбеуші едім. Сенбейтін жөнім де бар. Мен зиялы, мәдениетті қауымның ортасында өстім. Кейін таза интеллектуалдық қызметпен айналыстым. Рас, қаталдық, аяусыздық дегенді мен де көргем, бірақ ол рухани өмірдегі ақылмен істелетін қатыгездік еді, яки ол — Чарли Фэрасеттің усойқы тілімен айтқанда, адамдардың бір-бірін удай ащы мысқылмен, алмастай өткір эпиграммамен сойып салуы, кейбір профессорлардың студентті сөзбен жерге тығуы, сарказммен өлтіруі сияқты бірдеме еді.
Бар болғаны осы. Ал жұмыр басты пенденің қасында жүрген жолдасын — бір бөлмеде жатып, бір дастарқаннан тамақ ішіп дегендей — сәл ыза болған сәтте пышақпен жайратып салуы, қабырғасы қаусап, аяқ-қолы сынғанша ұрып-соғуы, мен үшін ақылға сыймайтын сұмдық еді. Мені достарым бостан-босқа "боркемік Ван-Вейден" деп атамаған шығар. Қазір көз алдымда өткеннің бәрі көңіліме соншама ауыр тиетіні сол "бөркеміктігімнен" әлі де арылмағандығым болар. Ой көп. Ойлаймын да тар төсекте дөңбекши беремін. Әрине, өмірден басқа не ойлайсың сонда. Ал өмірдің осындай екенін бұған дейін мүлде білмеген екенмін. Таңғаларлық дүние! Әрі күлкілі! Байқаймын, Қорқау Ларсеннің бұл жөніндегі тұрпайы философиясын мойындауға аз-ақ қалғандаймын. Мүмкін менікіне қарағанда оның өмір туралы түсінігі дұрыс шығар деймін.
Бұл ой менің жүрегімді дір еткізген. Күн сайын көз алдымда өтіп жатқан айуандық көріністер менің де ой-санамды өзгертіп, жақсылық, ізгілік атаулыға біртіндеп күмәнмен қарай бастағандаймын. Мәселен, қараңызшы, Томас Магриджді жаңағыдай ұрып-соғу ешқандай адамшылыққа жатпайтынын, бұл барып тұрған қатыгездік екенін білемін, бірақ біле тұрып оған титтей де жаным ашыған жоқ. Осы арқылы күнәға батқанымды сезсем де, іштей "соқса екен, соқса екен" деп тұрған мысық тілеуімді және жасыра алмаймын. Иә, мен бұл жерде бұрынғы Хэмфри Ван-Вейден бола алмадым, бар болғаны — "Елес" атты шхунаның Хэмп деген юнгасы екенімді ғана таныттым. Қорқау Ларсен — менің капитаным, Томас Магридж бен қалғандары — менің достарым болды, олардың бейнесі бедерленген мөр бұдан былайғы жерде менің аппақ тәніме тайға таңба басқандай ап-анық түсе бастаған.
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
Үш күн бойы екі адамның жұмысын жалғыз істедім, және, мақтанып айтайын, жақсы істедім. Қорқау Ларсеннің сенімін ақтағаным өз алдына, камбуздегі қысқа мерзімді жұмысыма матростар да өте риза болған.
— Осы бортқа түскелі бірінші рет жиренбей тамақ іштік,— деген маған Гаррисон, бактегі ыдыс-аяқтарды камбуз әкеліп тұрып.— Неге екені белгісіз, Томми жасаған тамақтан ылғи да майдың көңірсіген иісі шығып тұрушы еді, меніңше ол фрискодан шыққалы бірде-бір рет таза көйлек те кимеген сияқты.
— Дәл аңғарғансың,— дедім мен.
— Мүмкін осы кір киімімен ұйықтайтын да шығар?
— Иә. Өз басым оның еш уақытта киім ауыстырып кигенін көргенім жоқ,— деп мен ағымнан жарылдым.
Капитан ауыр соққыдан тұра алмай қалған кокке үш-ақ күн демалыс берген. Төртінші күні төсектен жұлып алып, қатарға қайта қосты. Оның әлі де толық сауығып кете қоймағаны әр қимылынан байқалып тұр еді, қалт-құлт етіп аяғын әрең басады. Беті көмектей болып ісіп кеткен. Көздерінің орнында білеуленген екі сызық қана бар. Ентіге демалып, тынымсыз ыңқылдай береді. Бірақ оған жаны ашыған Қорқау Ларсен жоқ:
— Байқа,— деген оны камбузге кіргізіп тұрып.— Бізге ит ішпейтін бірдемеңді беріп жүрме. Сосын... мына жерден қылаудай кір көрмейтін болайын. Үстіңдегі киімдеріңді де кейде ауыстырып тұрғаның дұрыс, әйтпесе желкеңнен көтеріп, суға малып-малып аламын. Ұқтың ба?
Томас Магридж камбуз ішінде сүйретіле қозғалып жүре бастады, бірақ кеменің алғашқы шайқалуында-ақ жалп етіп құлап қала жаздаған. Құламас үшін аяқ-табақтар қыстырулы тұрған иық тұсындағы темір шыбықтан ұстай алып еді, қолы тайып кетіп, қып-қызыл боп күйіп тұрған плита үстіне шынтақтай ұшып түсті. Темір шыж ете қалды. Көңірсіген ет иісі білінді. Көмір салатын жәшік үстіне шоңқиып отыра кеткен ол:
— О, құдай! О, құдай! Енді маған жетпегені осы еді!— деп шыр-шыр етеді, күйген қолын ары-бері сілкілеп.— Не жазып едім бұ құдайға, a! Неге мұнша сорлатады мені, a? Біреуге істеген зияндығым жоқ еді ғой осы менің!
Көзінен жасы бұршақтай төгіледі, жарасы енді жазыла бастаған қарақотыр беті тыржың-тыржың етеді, бірақ оның ар жағынан әлдекімге деген кек те білінген.
— Ой, қарғыс атқыр ит-ай! Мен оны қалай жек көрем десеңші! Иә, сұмдық жек көрем ғой мен оны!— дейді тісін шықырлата түсіп.
— Кімді?— деймін мен, бірақ бұған жауап берудің орнына ол өмірде көрген қорлықтарын тізбелей берген. Шындығында, оның кімді жек көретінін білудің көп қиындығы жоқ еді, ал кімді жақсы көретінін өзгені қойып өзі де білмейтін шығар. Бұл адамның бойында бүкіл дүниеге топырақ шашқызып отыратын бір албасты бар сияқты. Кейде маған басқалар былай тұрсын, ол өз басын да иттің етінен жек көргендей көрінетін — бұған себеп те жоқ емес, бейшараның бүкіл өмірі тек қорлықтан ғана тұратынын өз аузынан талай естігем. Сөйте тұра, оның жапа шеккен сәттерінде өзімнің мәз болып тұрғаным есіме түскенде іштей қатты қысыламын да.
Томас Магридж деген пақырға өмірдің ащы сыйы қай уақытта да аз болмаған. Оны о баста балшықтан илеп жасаған да, осы балшықтың ортасына қайтадан тастай салған. Ал басқаша болуы мүмкін бе еді? Менің осы сұрағымды ол айтқызбай-ақ ұға қойғандай:
— Менің еш уақытта ешжерде жолым болмаған,— деді сөзін әріден сабақтап.— Туа салып көргенім — қорлық пен азап. Мені ешкім қолымнан жетелеп мектепке апарған жоқ; алдыма ыстық ас қойып, үстіме жылы киім кигізіп, жыласам жұбатып, қуансам маңдайымнан сипаған да жан баласы болмаған. Бұл өмірде кімнен жақсылық көрдім, кім маған пана болды деп зарланамын кейде. Иә, кімнен? Кімдерден?
— Қапаланбай-ақ қой, Томи,— дедім мен иығына қол салып.— Мұңая берме. Сенің де күнің туатын кез болады. Көрер қызығың алда, бәріне де жетесің әлі.
— Жалған! Шылғи өтірік!— деді ол бетіме жалт қарап. Иығындағы қолымды да қағып жіберген.— Мені алдарқатып керегі жоқ. Сорлы боп туғам, сорлы болып қалам да. Жатырда жатқанда-ақ мені қиқым-сиқымнан құрап шығарған. Өзіңе айтатын сөзді маған несіне айтасың, Хэмп. Сен джентльмен боп тудың. Жоқшылық, аштық дегендер сенің түсіңе де кірген жоқ. Бос құрсағыңды үнемі атжалмандай бірдеме кеміріп жатқанын сезсең, білер едің сонда Томмидің балалық шағы қандай болғанын. Жоқ, мен о бастан құрыған адаммын. Бұдан былай да бұл жалғаннан рақат көрем деп ойламаймын. Егер тіпті ертеңгі күні Құрама Штаттардың президенті болып оянсам да, ол менің ғұмыр бойы өксіп өткен өмірімнің бір тесігіне жамау, бір сәтіне жұбаныш бола алмайды.
Мен бір құдай атқан күні дүниеге келгем ғой. Әйтпесе жолым мұндай ауыр бола ма! Эһ, Хэмп, Хэмп! Менің бір басыма берген бейнетті он адамның да көтеріп кетуі екіталай шығар. Өмірімнің қақ жартысы ауруханада өтті. Алдымен Аспинвалда, сосын Гаванада, Нью-Орлеанда безгекпен ауырдым. Барбадоста жарты жыл құрқұлақпен сырқаттанып, өлім аузынан әзер қалдым. Содан соң Гонолулумда қызылша жұқтырдым. Шанхайда екі аяғымды бірдей сындырдым. Уналашкада өкпемді суық шалды. Фрискода үш қабырғам үшке бөлінді. Енді міне! Қарашы маған! Қарашы, Хэмп, бүкіл қабырғамды тағы да қаусатып тастады ғой міне! Көресің әлі, ертеңгі күні қан түкіретін болам. Ал осыған кім жауап береді? Кім? Құдай ма? Басқа ма? Маған шын жаны ашыған құдай болса, осы сапардан неге қағып қалмады мені!
Өстіп ол бір сағаттан астам тағдырына нәлет айтып шағынған да, сосын сүйретіле жүріп тағы да өз жұмысына кірісіп кеткен. Айтқандай-ақ, бұдан кейінгі күндері ол жиі-жиі қан түкіре бастады. Сөйтіп көпке дейін өзін жаман сезініп жүрді. Бірақ құдай оны расында жек көретін болса керек, күнәкар жанын бұл жолы да алып кетуге асықпаған. Көп өтпей-ақ мүлде сауығып шықты да, баяғы иттіктеріне қайта басуға кірісті. Және бұрынғыдан да әрмен.
Арада бірнеше күн өткенде Джонсон да бас көтеріп, палубаға шығып, ақырындап қимылдай бастағанын көрдік. Бірақ оның толық қалпына келуіне әлі де біраз уақыт керек еді, кейде оған ұрлана қарап қоямын: вант деп аталатын арқан баспалдақпен әрең көтеріліп бара жатады, одан кері қайтқанда тәй-тәйлап зорға түседі. Енді бір сәтте штурвалдың түбінде дымы құрып, шаршап отырғанын көрем. Бәрінен бұрын ол баяғы рух-жігерінен мүлде айырылған. Кешегі асқақ кеуде жоқ, Қорқау Ларсенді былай қойғанда, жаман көмекшінің алдында именшектеп, қарадай қорқып тұрады. Ал Личтің жөні басқа, жігіт деп міне соны айт! Қай уақытта көрсем де ол палуба үстінде жас жолбарыстай желкесі күдірейіп жүреді, Қорқау Ларсен мен Иогансен дегенде атарға оғы жоқ екенін білдіріп те жүреді. Мен бір күні түнде палубада тұрған оның көмекші Иогансенге:
— Ей, маймақ швед, иманыңды үйіріп жүр, сені қызыл қанға бояйтын күнім алыс емес,— деген ызғарлы даусын естіп қалғам.
Артынша қараңғы қойнаудан Иогансен де бірдеме деп міңгірлегендей еді, сол сәтте камбуз қабырғасына әлдебір зат сарт ете түскен. Сосын тағы да боқтық сөз... одан кейін қарқ-қарқ күлу. Бұның бәрі жым-жырт тына қалған кезде, мен жайлап басып палубаға шыққам. Сонда не көрді дейсіз ғой? Пышақ! Ауыр қара пышақ қабырғаға бір дюймдей кіріп кетіпті. Тура сол мезетте көмекші де келіп, бірден қабырғаға үңілген. Бірақ бұл уақытта мен тауып алған дүниемді жасырып та үлгіргем. Таңертең оны ешкімге байқатпай Личтің өзіне қайтарып беріп едім, ол тісін ақсита күлген де қойған, бірақ осы күлкінің өзі мың рет жаудырған рахметтен әлдеқайда жылы сезіліп еді маған.
Команданың басқа мүшелерімен де мен жақсы тіл табысып жүрдім, ешкіммен жүз шайысып, бет жыртысып көргем жоқ. Ал аңшылар мені іштей ұнатпайтынын сезем, бірақ қалай дегенмен олардан да ашық жаулық байқамаймын. Күні бойы жараларын емдеткен болып, шатыр астындағы аспалы төсекте жатқан Смок пен Гендерсон: "Біз үшін сенен артық күтуші жоқ, сапар соңында есептескенде сені де ұмытпаймыз", деп қояды. (Құдды солардың ақшасы маған қажет болып тұрғандай. Егер керек қылсам, бұлардың өзін де, өздерімен қоса бар жиған-тергенін де, ол аз десеңіз, мына шхунаны да түп-түгел сатып алуға шамам барын бұ жазғандар қайдан білсін!). Алайда дәл қазір оларды күтіп-баптап, жараларын таңып, қолымнан келген бар көмекті көрсетуге тиіс едім.
Екі күннен бері Қорқау Ларсеннің бас ауруы қайта ұстаған. Бұдан ол қатты қиналды-ау деймін, мені жанына шақырып алып, айтқанымның бәріне көніп, істе дегенімді түгел істеп, ауырып қалған кішкентай бала секілді қалай "әлдилесем" де ығыма жығыла беріп еді. Алайда оңалып кетер түрі жоқ. Менің кеңесім бойынша арақ пен темекіні де қойды. Осындай жойқын күш иесінің түкке тұрғысыз бас ауруына неге сонша қиналатынына түсінбеймін, мен үшін бұл тіпті ақыл жетпейтін-ақ дүние.
— Бұл — құдайдың зауалы ғой. Сеніңіз, дәл солай,— дейді Луис маған кеудесіне қолын қойып.— Қара ниетіне кез болған зауал бұл. Көр де тұр, ертең бұдан зорғысын көреді.
— Бұдан зорғы не сонда?— деймін мен.
— Оны кезінде көресің. Мынау әншейін құдайдың ескертпесі ғана. Ол шын қаһарын төгетін күн туады алда. Айтпайын-ақ деп едім, тісімнен шығып кеткені...
Жоқ, адамдардың бәрімен жақсымын деп мен асығыс айтып қалдым. Томас Магридж мені бұрынғыдай жек көргені былай тұрсын, жек көрудің жаңа бір себебін байқатқан. Ол не себеп деп ұзақ-ұзақ бас қатыра келіп, ақыры оны да таптым ғой әйтеуір: менің бар кінәм — одан артық боп, өзі айтқандай "джентльмен" боп туғаным екен.
Смок пен Гендерсонның жарақаттары жазылып, енді палуба үстінде екеуі достық реуіште әңгімелесіп жүрген кезде, мен Луиске қарап:
— Кезекті мәйітті әзірге көре алмай тұрғаным,— дедім әзілдеп.
Луис қулық ұялаған қоңыр көздерін маған сығырайта қадап:
— Асықпаңыз, нағыз дауыл әлі алда. Сол кезде рифтен мықтап ұстаңыз. Әйтпесе борттың сыртында қалуыңыз мүмкін. Иә, дауыл жақын. Мен оны көптен бері күтіп жүрмін,— деген кеңк-кеңк күліп.
— Ал сонда бірінші құрбан кім болады?— деймін мен.
— Кім болса да, әйтеуір, менен басқа біреу,— деп күледі ол.— Өзгені білмеймін, ал өз басым келесі жылы дәл осы уақытта кәрі шешемнің алдында ыстық кофемді іше-еп отыратынымды ішім сезеді. Байқұс кемпір бізді қатты сағынды ғой, бес баласын бірдей теңізге жіберу оңай дейсіз бе?
Біздің сөйлесіп тұрғанымызды көріп қалған Томас Магридж кейін:
— Не дейді ана шал?— деген ынтығып.
— Не десін, әйтеуір бірде шешемді көретін де күн туар деп тұр,— дедім мен сақтықпен.
Ол маған өлеусіреген көзін жасқаншақтай қадап:
— Мен өмірі шешемнің түрін де көрмеген адаммын,— деген жыларман болып.
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Мен өмір бойы әйел затының алақанында өскен адаммын, бірақ қазір ойласам, ешқашан сол ыстық алақанның қадірін бағалап, қасиетін ардақтап көрмеппін. Үйде шешем мен апаларым үнемі мені өбектейтін де жүретін, ал мен олардан қашан да қашқақтай беруші едім. Қалай қашқақтамаймын, мені олар құдды кішкентай баладай көреді: шешем күні бойы менің денсаулығымды ойлаумен болады, кабинетте отырып енді жұмыс істей бастағанда, бөлмеңді жинап берейік деп апаларым жетіп келеді. Жә, жинасын-ау, бірақ олар кеткеннен кейін ешбір затымды орнынан таба алмаймын — содан өзім қалыптастырған жұмыстық жүйе бұзылады, жүйемен бірге жүйкем бұзылады. Ал сосын олардан қашпай көр!..
Шіркін-ай, соның бәрі еркелік екен ғой. Сол ыстық алақандар қазір менің маңдайымнан сипап, сол ұзын көйлектердің етегі мына жерде көлбеңдеп жүрсе ғой! Әттең-ай, енді ондай күндер қайда маған. Егер түбінде сондай күнге жетсем, мен оларды ешқашан ренжітпес едім. Мейлі таң атқаннан кеш батқанға дейін менің маңайымда үйіріліп жүрсін, мейлі жұмыс кабинетімді күніне жүз рет тазалап, жүз рет жинасын — мен жымиып қойып отыра берер едім де, маған осындай мейірбан жандарды бере салған құдайға мың шүкіршілік айтар едім.
Осы бір сағынышты еске алудың соңы мені тағы бір ойға жетелеген. Мына кемеде жүзіп бара жатқандардың бәрінің де шешесі бар ғой. Олар қайда екен? Қалай сағынып отыр екен бұларды? Әйел атаулыдан алыстап кету қандай қасірет, қандай өкініш! Бұл тіпті табиғат заңына қайшы емес пе. Бұл жазғандар жыл он екі ай бойы бір әйелдің төбесін көрмейді. Бұдан соң олар қатыгез болмай кім қатыгез болады. Егер мұндағы әркімнің шешесі, әйелі, қызы болса, онда олардың жүректерінде жылу, бойларында адамдық, ойларында жақсылық көп болар еді. Амал не, бұл жағынан бәрі де тұлдыр. Жылдар бойы бұлардың бірде-бірі әйел махаббатына бөленбейді, әйел мейіріне қанбайды. Мұндай адамдар жақсылық, махаббат, шапағат дегендердің не екенін қайдан білсін. Жандары қасаңданып, жүректері тас болып қалғаны да сондықтан шығар.
Бұл кемеде — тек еркектердің жын ойнағы. Бар ермектері — ұрыс, қағыс, төбелес — бірін-бірі сойып салу, іреп тастау. Осыларды да анадан туды, адамнан туды дегенге тіпті сенгім келмейді. Іс-қылықтарына қарап тұрып мен оларды не адам, не хайуан емес, не ұрғашы, не еркек емес — тасбақаның жұмыртқасы сияқты бірдемені жарып шыққан әлдебір мақұлыққа немесе ерекше бір құбылыстың күшімен жаратылған құбыжыққа ұқсатамын. Бұлар жарық жалғанның әр күнін өстіп иттікпен өткізеді де, ақыр соңында о дүниеге ит өліммен аттанады.
Осы ойлардың әсерімен кеше кешкісін мен Иогансенмен сөйлесіп қалғам. Бұл менің осы кемеге тап болғалы бірінші рет онымен жүзбе-жүз тілдесуім еді. Ол Швециядан аттанған кезде небәрі он сегіз жаста болыпты. Қазір отыз сегізде, содан бері өз үйін бірде-бір рет көрмеген. Екі жыл бұрын Чилиде, порттағы бір трактирде, бала күнгі танысын кездестіріп қалған екен — шешесінің әлі күнге тірі отырғанын тек содан естіп біледі.
— Әрине, қазір сіңіріне сүйеніп әзер жүрген шығар,— деді ол ойға батып. Сөйте тұрып бір румб ауытқып кеткен Гаррисонды да қырағы көзі шалып қалған.
— Соңғы рет қашан хат жаздыңыз оған?
Ол күбірлеп есептей бастады.
— Сексен бірінші жылы... Жоқ, сексен екіде ме екен? Әлде сексен үште? Иә, сексен үшінші жылы. Бұдан он жыл бұрын. Мадагаскардағы бір кішкентай порттан жібергем. Ол кезде мен сауда кемесінде жүр едім. Жазбайын, хабарласпайын дегем жоқ,— деді ол құдды мұхит арқылы алыстағы шешесімен сөйлесіп тұрғандай.— Таяуда өзім де барып қалам ғой, несіне жазам деп ойладым. Өстіп күндер өте берді. Артынан жылдар. Бірақ не үйге барудың, не хат жазудың сәті бір келмеді. Фрискоға оралысымен еңбекақымды алып — бес жүз доллардан кем болмас — бірінші кезіккен желкенді кемеге жалданам да, Горн шығанағы төңірегіндегі Ливерпульге жетіп, ол жерден тағы біраз ақша жинап алып, сосын бірден үйге тартып отырамын. Кәрі шешем сонда екі қолын жылы суға малатын болады.
— Шешең сонда әлі жұмыс істей ме? Жасы нешеде?
— Жетпіске жетіп қалды,— деді ол. Сосын мақтанышпен:— Біздің елдегі адамдар туғаннан өлгенге дейін жұмыс істей береді. Сондықтан өте көп жасайды. Менің өзім әлі жүзге келетін болам.
Осы әңгімені мен еш уақытта ұмытпаймын. Өйткені... бұл оның маған айтқан ең соңғы әңгімесі еді, мүмкін жалпы соңғы сөзі шығар.
Сол күні кешкісін каютаға түсісімен мұнда ұйықтау мүмкін емес деп түйгем. Түн тымырсық еді. Біз пассат ендігінен шығып бара жатқанбыз. "Елес" те жылдамдығын бар-жоғы бір узелден асыра алмай тасбақадай тырбаңдап қалған. Қолтығыма көрпе-жастығымды қыстырып алып, палубаға көтерілдім.
Гаррисонның жанынан өте беріп, палуба рубкасына орнатылған компасқа үңілсем, бұл жолы жүргізуші өз бағытынан бақандай үш румбқа ауытқып кетіпті. Ол ұйықтап қалды ма деп, ұйықтап қалса капитанның соққысынан құтқарып қалайын деп, ақырын дыбыстап көрдім. Үндемейді. Көзі болса ашық. Ұйықтамаған сияқты. Алысқа, сонау қарақошқыл аспанға қадалып қалған мөлдір жанарынан әлдебір мазасыздық байқалатындай.
— Не болды саған?
Ол басын шайқап, терең демалды.
— Бағыттан айырылып қалма,— дедім, өзімше ақыл айтып.
Ол ұйқыдан жаңа оянғандай бірден штурвал құлағына жармасты, компас тілі жайлап солтүстік-шығысқа бұрылды да, бірнеше сызықтан кейін қалыпты нүктені ұстады.
Мен одан әрі жылжымақ болып жүктерімді көтере бергенде, кенет борттың арғы жағынан ербең ете түскен бірдемені көзім шалып қалды. Әлдебіреудің суға шыланған тарамысты қолы планширге жабыса берді. Сосын қараңғыдан екінші қол көрінді. Мен аузымды ашып қарап тұрмын. Беймезгілде теңізге түсіп жүрген кім бұл деймін таңырқап. Кім де болса, байқаймын, лаглинге жабысып бортқа шыққалы келе жатқан біреу. Сосын... суы сорғалаған ұйпа-тұйпа әлдебір бас көрінді. Мәссаған! Қорқау Ларсен. Оң жақ беті айғыз-айғыз қан. Басынан ағып тұрған секілді. Ол болаттай серпіліп, борттан секіріп түсті. Аяғы палубаға тиісімен: штурвалда кім тұр екен, о жақтан төніп тұрған қауіп жоқ па дегендей жүргізушіге алақ-жұлақ қарап қойды. Киімдерінен су сорғалап тұр. Енді ол маған қарай жылжығанда, неге екені белгісіз, мен еріктен тыс шегіне бердім, көзінен "ажал" деген сөзді ап-анық көргендей едім.
— Тоқта, Хэмп,— деді ол ақырын.— Көмекші қайда? Мен таңырқап бас шайқадым.
— Иогансен!— деді сосын оны іздеп.— Иогансен!
Одан дыбыс болмаған соң, Гаррисонға бұрылып:
— Көмекші қайда?— деді даусын сәл көтеріп.
Алғашында абдырап қалған жас матрос артынша бойын тез жиып ала қойды да, сабырлы жауап қатты.
— Білмеймін, сэр. Жаңа ғана бак жаққа кетіп еді.
— Ол жақта мен де болып келем. Қайдан келе жатқанымды көріп тұрсың ғой. Сонда қалай болғаны, а?
— Сіз борттың ар жағынан шыққан сияқты едіңіз.
— Мүмкін кубрикте шығар. Барып келейін бе?— дедім мен сөзге қыстырылып.
Ларсен бас шайқады.
— Сен оны о жерден таба алмайсың, Хэмп. Одан да соңымнан ер, маған қажетсің. Жүктеріңді осы жерге тастап кет.— Екеуіміз жүріп кеттік. Палуба үсті тып-тыныш.
— Қарғыс атқыр аңшылар, — деді ол ызалана тістеніп.— Күзетте небәрі төрт сағат тұрып шығуға шыдамдары жетпейді.
Жарты бакта ұйықтап жатқан төрт матростың үстінен түстік. Капитан оларды шалқасынан аударып, беттеріне үңілген. Олар палуба күзетінің жігіттері еді, кеме тәртібі бойынша, бас күзетші мен жүргізушіден басқалардың ауа-райы ашық кезде ұйықтауларына құқы бар-ды.
— Кім дабылшы?— деді капитан.
— Мен, сэр,— деді Холиок деген егде матростардың бірі.— Көзім жаңа ғана ілініп еді, сэр. Кешіріңіз, сэр. Бұдан кейін олай болмайды.
— Сен палубадан ештеңе байқай алмадың ба?
— Жоқ, сэр, мен...
Бірақ Қорқау Ларсен сөз аяғын тыңдаған жоқ, матросты ауыз ашқан күйде қалдырып жүре берді — біреуді ол босқа қалдырады деп кім ойлаған.
— Енді ақырын жүр, сыбдырыңды білдірме,— деді ол маған, кубрикке түсе бергенде.
Жүрегім дүрсілдей соғып, соңынан ере түстім. Бұған дейін не болғанын білмеймін, алда не күтіп тұрғаны және маған белгісіз. Бірақ бір нәрсенің басы ашық — тағы да қан төгілгені анық. Қорқау Ларсен бостан босқа борт сыртында қалмайды. Иогансеннің көрінбеуі — бір жұмбақ.
Бұл менің матростар кубригіне бірінші рет бас сұғуым еді. Және бұл өмір бойы есімнен де кете қоймас. Бұның өзі кеменің тура тұмсық тұсына орналасқан қуықтай ғана үшбұрышты үйшік екен — Грабетриттегі жарлы-жақыбайлардың әдеттегі арзанқол итаркаларынан бір қарыс та үлкендігі жоқ. Үш қабырға да екі сөрелі төсектерге иін тіресіп тұр. Олардың жалпы саны — он екі. Он екі адам осы тар қапаста ұйықтайды. Тамақты да осы жерде ішеді. Менің үйдегі жатын бөлмем де тым үлкен емес, бірақ оған мынадай үйшіктердің оны сыйып кетер еді.
Бөлменің тынысы тар, ауасы ауыр, көгерген, көңірсіген күлімсі иіс қолқаны қабады. Төбеде тербеліп тұрған аспалы шамның жарығында көзіме түскені — қабырғада ілулі тұрған, еденде шашылып жатқан неше түрлі киімдер: суға киетін етіктер, клеенкадан тігілген сулықтар, мыж-мыж көйлектер мен шалбарлар — бірі таза, бірі лас. Бірақ бәрі араласып кеткен. Бұлардың бәрі үйге сүйкенген ағаш бұтақтарының сықыры секілді дыбыс шығарады. Теңіз беті тып-тыныш болса да, төсеніш астындағы тақтайлар мен тіреуіш діңгектер шик-шик етеді.
Ұйықтап жатқандар бұның бәріне елең етер емес. Бәрі сегіз адам — түнгі күзеттен босаған екі ауысым — мына сасыған ауа солардың демімен жылынып жатқандай; қорылдаған, қырылдаған, ұйқысыраған дыбыстар естіледі. Бұлар өзі шынымен ұйықтап жатыр ма? Ұйықтаса, қашаннан бері? Меніңше, Қорқау Ларсеннің білгісі келгені — міне осы. Бұны білу үшін ол атақты Боккаччоның маған таныс новелласындағы бір қызық тәсілді пайдалануға кіріскен.
Ларсен баяу шайқалып тұрған шамды қалбырынан алып, маған ұстатты. Сосын "байқап көруді" оң жақ борттағы бірінші төсектен бастады. Үстіңгі орында жолдастары Уфти-Уфти деп атайтын, әлде гавайлық, әлде полинезислік жас матрос жатқан. Оны мен әлгінде шам жарығында танып үлгіргем. Ол бір қолын желкесіне айқастыра салып, екіншісін корне сыртына ұзыннан тастап, әйелдер секілді баяу тыныстап, шалқасынан жатыр еді. Қорқау Ларсен ептеп оның қолын ұстады да, қан тамырын басып көрді. Осы мезетте матрос селк етіп ояна келді. Бірақ дыбыс шығарған жоқ, тек үлкен көздерін бадырайта ашып, бізге таңырқай қараған. Қорқау Ларсен үндеме дегендей сұқ саусағын ерніне басып еді, ашылған көз қайтадан жұмыла берді. Ұқтым дегені.
Ал төменгі төсекте қызара бөртіп, ауыр тыныстап жуан Луис жатқан. Ол шынында аю басып кетсе оянбас қалың ұйқыда еді. Қорқау Ларсен жаңағыдай бұның да қолын ұстап, тамырын баса бергенде, ол күрт жиырыла қалды да, бір жақ бүйіріне қарай аунап түсті. Сосын бізге түсініксіз мына бір сөздерді былдырлай жөнелген.
Кварта — шиллинг. Бірақ екеуіне де қара, әйтпесе трактирші небәрі үш бақырдың орнына алты бақырыңды қағып алады.
Енді бір мезетте қайта бері аунап түсіп, ауыр тыныс алған да:
— Алты бақыр — "теннер", ал шиллинг — "боб". Алайда мына "пони" дегенді білмедім,— деген.
Луис пен Уфти-Уфтидің шынымен ұйықтап жатқанына көзі жеткен Қорқау Ларсен бұдан соң оң жақтағы борт түбінде тұрған екі төсекке жақындады. Мұнда жатқандардың Лич пен Джонсон екенін шам шағып біліп алдық.
Капитан төменде жатқан Джонсонның қан тамырын ұстай бастағанда... жоғарыдағы Лич басын ақырын көтеріп, шам ұстап тұрған маған ұрлана қарап қойғанын аңдап қалдым. Тегі ол капитанның қулығын сезіп қалса керек. Қолға түсті, әшкере болды деген осы. Бұны жылдам түсінген ол шұғыл әрекетке көшкендей... Қолымдағы шам қас пен көздің арасында жалп етіп өшті де, кубрик іші қап-қара түнекке айналды... Осы мезетте Лич жоғарыдан... капитанның үстіне жолбарыстай секіріп түскен.
Қою қараңғылық ішінен өкіріп-бақырып, ырылдап-ырсылдап естілген дыбыстар төбе құйқаңды шымырлатады, құдды қасқыр мен бұқа айқасып жатқан секілді. Өкіріп жүрген Ларсен бе деймін, ырылдаған дыбыс Личтікі сияқты. Байқаймын, бұл апалас-төпелеске Джонсон да араласып кеткендей. Оның бұған дейінгі "жүнінің жығылып" жүруі әдейі ойластырылған қулық екенін мен енді ғана түсінгендеймін.
Бұл сойқанның маған сұмдық әсер еткені сондай, тұла бойым дір-дір етіп, трапқа жабысып қалыппын. Қозғалайын десем, қозғала алмаймын, аяқ-қолымнан жан кетіп қалған тәрізді. Мұндай хайуандық іс-әрекеттерді көрген кезде тамағыма ылғи да тас тұрып қалғандай болушы еді, қазір де жұтына алмай тұншығып әзер тұрмын. Рас, осы сәтте мен ештеме көріп тұрғам жоқ, бірақ сарт-сұрт тиген соққылар мен гүрс-гүрс құлаған денелердің дыбысы құлағыма инедей, жүрегіме тікендей қадалады. Басқа төсектердің де қозғалып сықырлағаны, біреулердің ауыр тыныстап, тісін шықырлатқаны білінеді.
Капитан мен көмекшіні өлтіру үшін бірнеше адам бірігіп қимылдаған болса керек, мына абыр-дүбірдің молая түсуіне қарап, мен Джонсон мен Личке тың күштің келіп қосылғанын сездім.
— Ей, қайсыларыңда пышақ бар, беріңдерші!— дейді Лич айқайлап.
— Басынан ұр, басынан! Миын бір-ақ шашырат иттің!— деп бақырады Джонсон.
Бұл мезетте Қорқау Ларсен қыңқ еткен дыбыс шығармай шыбын жаны үшін жанталаса айқасып баққан. Оған әрине оңай болған жоқ, алғашқы сәтте-ақ жабыла жығып үлгірген қарсыластары оны қайта тұруға шама келтірмей тепкілей берген. Мұндай апалас-төпелестің арасынан сытылып шығудың қиындығын өзім де көрдім — әлдебіреудің денесіне шалынып жығылған мен тырбаңдап жүріп төменгі төсектердің біріне әрең жеткенім бар.
— Мұнда! Мұнда келіңдер бәрің!.. Міне, ұстап тұрмыз оны. Жетіңдер бері тезірек!— деген Личтің даусын естимін.
— Кімді?— дейді біреу не болып жатқанын түсінбей.
— Кімді болушы еді? Қанішер көмекшіні!— дейді Лич айқайлап. Бұнысы қулық екенін сеземін.
Оның бұл айқайы басқаларды абыр-дабыр етіп жатқанда, Қорқау Ларсен осы сәтті пайдаланып, өзін шибөрідсй талап жеген жеті матростың астынан сытылып шыққан. Бұл төбелеске, меніңше, Луис қана қатыспаған секілді. Кубрик іші араның ұясындай гулеп кетіп еді.
— Ей, не боп жатыр сендерде?— Палуба жақтан Лэтимердің даусы естілген. "Не боп жатқанын" өз көзімен көруге батылы жетпей тұрған секілді.
У-шу бір сәт саябырлай бергенде:
— Кімде пышақ бар? Әкеліңдер бері!— деген Личтің даусы кубриктің ішін тағы да дір еткізген-ді.
Бұл жерде қарсыластардың көбейіп кетуі тек Қорқау Ларсеннің пайдасына шешілгендей. Олар біріне-бірі кедергі жасап, апыр-топыр боп жатқанда, капитанның жалғыз-ақ мақсаты — қалайда жер бауырлап трапқа жетіп алу еді. Ақыры бұл мақсатына жеткен де. Тастай қараңғы болса да мен оның қозғалыс дыбысынан қандай жанкештілікпен алға жылжып бара жатқанын анық көріп тұрғандай едім. Оның трапқа жеткенше жасаған өлермендігі тек осындай әрі күшті, әрі рухы мықты адамның ғана қолынан келер еді: арпалыса жұлқына жүріп баспалдаққа қолын іліктірген соң, ол бойын барынша тіктеп алып, төмен жағынан жармасқан қолдарды денесімен бірге дырылдата сүйреп жоғары қарай жанталаса ұмтылған.
Осыған дейінгінің бәрін мен дыбыс арқылы сезіп тұрсам, ендігі көріністерді кәдімгідей көз алдымда көшіре бастаған, өйткені Лэтимер шам алып келіп, люк аузына жағып қойып еді. Жан-жағынан төмен тартқылаған матростардың арасынан Қорқау Ларсеннің сұлбасы әзер көрінеді, дегенмен оның трап басына жақындап қалғаны анық-ты. Арт жағынан шұбатылған қара тобыр маған бір жіптің бойына жабысып, ары-бері ырғалып тұрған көп өрмекшіге ұқсап кеткен. Жоқ, олар бір орында тұрмаған, шайқалып, ырғалып, кейде тоқтап, кейде жүріп, әйтеуір өздері жабысқан үлкен жемтік соңынан биікке өрмелей түскен.
Тапжылмай жоғарыға қарап тұрған мен бір әредікте, сонау биікте люк аузында жүрелей отырған Лэтимерді көзім шалып еді.
— Кім мынау?— дейді ол шошына тіл қатып.
— Бұл — менмін... Ларсенмін,— дейді төменнен құмыға шыққан дауыс.
Лэтимер еңкейіп қолын созды. Төменнен шошаң етіп Ларсеннің де қолы шыға келді. Оны шап беріп ұстай алған Лэтимер бар күшімен өзіне тарта бастады. Бұдан соң Ларсен жеңілдеу қозғалып, соңғы екі тепкішектен оңай көтерілгені сезілді. Бұл сәтте екінші қолы люк қырына да ілігіп еді. "Құтылды. Енді қауіп жоқ",— деп ойладым ішімнен. Расында, арада бірер секунт өткенде, матростардың бәрі трапта қалып, Ларсеннің кеудесі сыртқа шығып үлгірген. Оның аяғына, балағына тас кенеше жабысқан қолдар бірінен соң бірі ажырай берген де ең соңында аяқтың жіліншегінен құрсаудай қысқан Личтің қос қолы ғана қалған. Ларсен ең соңғы күшін жинап, екінші аяғымен оны теуіп кеп жіберіп еді, Личпен бірге қалған матростар да төменге қарай апыр-топыр құлап түскен... Көз алдымыздан шам да, Қорқау Ларсен де ғайып болып, қараңғыда қарманып біз қалдық.
ОН БЕСІНШІ ТАРАУ
Матростар ыңқылдап, сұңқылдап, боқтана жүріп, құлаған, жығылған жерлерінен тұра бастады.
— Шам жағыңдаршы, бас бармағымның буыны шығып кеткен сияқты,— деді Парсонс қинала дауыстап. Бұл — Стэндиштің шлюпкасында жүргізуші болып істейтін томырық мінезді, қараторы жігіт еді.
— Шам мына жерде емес пе еді...— деп, Лич өзі тұрған жердегі еденді сипалай берді.
Тықырлаған, сыбдырлаған дыбыстар естілді. Жарқ етіп сіріңке жағылды. Артынша қап-қара ыс басқан шамның өлеусіреген көмескі жарығы астында әркім өзінің жырылған, сырылған жарақаттарын көруге кірісті. Уфти-Уфти Парсон бас бармағын қыса ұстап тартып қалып еді, буыны орнына түскендей болған. Сонымен қатар Уфти-Уфтидің өз саусақтарының буыны қанталап тұрғаны байқалып еді. Ол бұны матростардың бәріне көрсетіп, күрек тістерін ақситып күліп, осы қолымен Ларсеннің аузынан қалай ұрғанын айтып мақтана бастаған.
— Е, бұл сен екенсің ғой, оңбаған қара дию!— деп оған Келли тұра ұмтылды. Оның ирлантекті американдық екенін мен бұрыннан білетінмін — теңізге бірінші рет шыққан жігіт, бұрын портта жүкші болған деседі.
Мен енді ғана байқадым: Келлидің аузы қан екен, қасқа тістері опырылып түскен. Қан түкіре жүріп Уфти-Уфтиге шапшиды. Ал ол шегіне беріп ұзын қара пышағын суырып алған.
— Таста қане! Сенен басқа да қанішсрлср жетеді мұнда!— деді Лич оған зекіп. Байқаймын, жас та болса ол осы кубриктегілердің серкесі болып алған секілді.— Келли, сен де қой! Уфти қараңғыда қайдан білсін кімді ұрып жүргенін!
Келли амалсыз көнген, ал Уфти-Уфти аппақ тістерін жарқырата жымиып, Личке бас изеп қойды. Бұл бір әдемі жігіт еді, тұла бойынан әйел затына тән әлдебір сұлулық сезіліп тұратын. Арманға толы үлкен қара көздеріне қарап, осы жігіт те пышақ ұстайды-ау, біреумен төбелеседі-ау, деп тіпті де ойламайсың.
— Қалай құтылып кетті ол?— дейді Джонсон таңданып.
Өз төсегінің шетінде әлі де ентігіп отырған оның әр сөзі, әр қимылымен қоса бүкіл денесінен опыну мен қорлану білінген: көйлегі жыртылған, ашық омырауы айғыз-айғыз қан.
— Жын ғой ол! Жын! Кәдімгі адам болса, алақандай тесіктен шығып кете ме? Сендерден сұрадым...— деп Лич төсегінен атып тұрды.— Пышақ! Пышақ әкеліңдер дедім. Қырсыққанда, біреуіңнен бір тұтам көк темір табылмады ғой.
Бірақ ешкім оны тыңдаған жоқ, матростар енді ертеңгі күндерін ойлап, уайымдай бастаған.
— Ол кімдермен төбелескенін білер ме екен?— деді Келли. Сосын жан-жағына күдіктене қарап алып:— Әрине оған біреулер жеткізе қоймаса,— дегенді және қосып қойды.
— Бұған несіне бас қатырып тұрсың,— дейді Парсонс.— Ол бетімізге бір қарағанда-ақ бәрін біле қоймай ма. Мәселен сен де одан не жасыра аласың!
—Сені біз емес, жын ұрды деңдер оған,— деп Луис жырқ-жырқ күледі.
Төбелес кезінде төсегінде бұғып қалған жалғыз сол еді. Қазір де бұл жерде беті ісіп, көзі көгермей отырған тек сол ғана.
— Ертең мына сиықтарыңды Қорқау Ларсен көргенде, не болатындарыңды бір құдайдың өзі біледі,— дейді ол тағы мысқылмен.
— Сізді көмекшімен шатастырып алдық дейміз,— дейді біреу міңгірлеп.
Енді біреу өзінше:— Ал мен шу шыққан кезде "не боп қалды" деп, түсе бергенде көп жұдырықтың бірі тиіп кетті деймін,— деп қулық ойлаған болады.
— Міне, менің тісім де солай сынды,— деп Келли оны қостай жөнелді, "мынау бір табылған ақыл екен" дегендей.
Лич пен Джонсон бұл әңгімеге қосылған жоқ, жүздерінде қолмен істегенді баспен көтеріп аламыз деген сыңай бар. Екіншіден, жеме-жемге келгенде арттары босап қалған мына жолдастарынан түңіліп отырған секілді. Айтқандай-ақ, бір кезде Лич орнынан сілкіне тұрып, жұлқына сөйлей жөнелген.
— Болды! Жетті!— деді ол айқайлап.— Қазір ауыздарыңмен орақ орғанша әлгінде еркекше қимылдамадыңдар ма! Сонда ол бізден қашып құтылатын ба еді? Құдайдың зарын айтып пышақ сұрадым сендерден. Қолыма ұстата қойған біреулерің жоқ. Енді бұттарыңды дымдап отырған түрлерің мынау. Ау, сендер несіне қорқып отырсыңдар одан? Шетімізден өлтіреді деп ойлайсыңдар ма? Ал өлтірсін! Сонда жұмысты кім істейді? Сырттан жалдай қоятын адамы қане! Оларды тауып беретін "Кеме агенттігі" жанында тұр ма оның! Ендеше ауыздарыңды жабыңдар да, жатыңдар! Көп болса құрбандыққа бізді шалар — Джонсон екеуімізді!
— Рас, шындықтың аты шындық,— деді Парсонс еркін тыныстап.— Бізді ол өлтіруін өлтірмес, бірақ ендігі жерде адамша өмір сүруге мүмкіндік те бермес.
Бұл тұста менің жағдайым да адам қызығарлық емес еді. Менің мұнда отырғанымды әзірге мыналардың бірі де білмейді. Ал білген кезде не болады? Қорқау Ларсен сияқты бұлардан күшпен құтылып кететіндей менде дәрмен жоқ. Осы мезетте сырттан Лэтимердің даусы естілген.
— Хэмп! Сені капитан шақырады.
— Ол мұнда жоқ,— деді Парсонс.
— Жо-жоқ, мен осындамын!— деп, шеткері бір төсектің үстінен атып тұрдым. Және шамам жеткенше даусымды нық шығарған сияқтымын.
Матростар жалт бұрылып, мен жаққа қараған. Ешқайсысында тіл жоқ, қимыл жоқ. Бір-ақ сәтте бәрі есінен танып қалғандай. Көздерінде — үрей. Үреймен қоса — ыза.
— Қазір келемін,— деп мен де айқай салдым Лэтимерге. Сосын бірден сыртқа ұмтыла бергенімде:
— Ой, хайуан!— деп, Келли трапқа кесе көлденең тұра қалды.— Арамызға байқатпай кіріп кетіп, бәрін көріп, бәрін естіп алған екенсің ғой. Енді соны түп-түгел жеткізіп бармақсың, ә? Ой, хайуан! Сені бұл жерден тірі жібергенше...
Ол менің тамағыма жабыса түскен.
— Жібер оны!— деді Лич кенет.— Жібер!
— Жоқ, бұл жексұрынның өлігін ғана жіберу керек бұл жерден.
— Ей, жібер деймін саған!— Бұл жолы Личтің даусы тым қатты шығып еді.
Ирландықтың қолы тамағымнан жайлап босай берді. Мен бойымды тіктеп алып жоғарыға беттедім. Бірақ траптың белортасына жеткенде, кілт тоқтап арт жағыма қарадым. Матростар үйден өлік шығарғандай түнеріп тұр екен. Амалдары таусылған, жүйкелері құрыған. Мен оларды соншама аяп кеттім. "Құдай қарғаған бейшаралар-ай!" деймін ішімнен.
— Қорықпай-ақ қойыңдар. Мен ештеме көргем де жоқ, естігем де жоқ,— дедім де жүре бердім. Арт жағымнан Личтің:
— Айттым ғой сендерге ол сатпайды деп. Хэмп капитанды бізден артық болмаса, кем жек көрмейді,— деген даусын естіп қалдым.
Мен Қорқау Ларсенді өз каютасынан таптым. Жалаңаш. Тұла бойы түгел қан. Мені әдеттегідей мысқыл аралас қалжыңмен қарсы алған.
— Қызметіңізге кірісіңіз, доктор! Осы сапарда дәрігерлік біліміңізді үлкен практикамен ұштастыруға мол мүмкіндік туып тұр ғой сізге. Білмеймін, бұл кеменің сізсіз күні не болар еді. Егер құдай менің жүрегіме мысқалдай адамшылық қасиет дарытқан болса, мен сізге осы кеменің қожайыны атынан шексіз алғыс білдірген болар едім,— деді ол жымиып.
Мен бұл кемеде қарапайым емдеу тәсілдерін жақсы меңгеріп алғаным рас. Пеш үстіндегі су қайнағанша жараны жуып-тазалап, таңып тастайтын заттарды дайындауға кірістім. Бұл аралықта Ларсен әр нәрсені айтып, күліп, жараланған жерлерін қарап, каюта ішінде ары-бері кезді де жүрді. Мен оның мынадай жалаңаш денесін бірінші рет көруім еді. Ғажап! Еркекке қарап езуінен суы ағатын мен, әрине, әйел емеспін ғой, дегенмен ер тұлғалы адамға еріксіз көз тоқтатататын кезім болушы еді.
Мүлтіксіз сомдалған осы бір келісті мүсін — керемет тұлғаға көзімнің бір сәт арбалып қалғанын жасырмаймын. Бакте тұрған талай матросты қызықтағаным есімде. Олардың арасында да бұлшық еттері болаттай ойнаған небір сымбатты жігіттер бар еді, бірақ олардың кез келгенінің бір кемшілігі көзге ұрып тұратын: біреуінің бір жері керемет көрінсе, екінші жері қораштау, немесе болмашы жерінің қисықтығы бүкіл денесінің сәнін бұзып тұрады: енді бірінің аяғы тым ұзын да, келесі бірінікі — тым қысқа: тағы біреуі тарамысты, сіңірлі болса, одан кейінгісі — әншейін құр сүйекті. Тек Уфти-Уфти ғана мінсіз көркемдігімен ерекшеленіп тұрады, бірақ онда әйелге тән бірдеме бар — нәзіктік пе, басқа ма, дөп басып айту қиын.
Ал Қорқау Ларсен нағыз еркекке тән бүкіл кескін-пішінді бір бойына жинақтаған тәураттағы Мұсадай, көне гректердегі Зевстей жігіт еді. Ол жүргенде немесе қолын көтергенде құйқалы терісінің астында білеу-білеу бұлшық еттері бұлтылдап ойнап, созыла серпіп тұрады. Айтпақшы, мырыштай боп күнге күйген — оның беті мен мойны ғана, ал қалған жері мамықтай аппақ еді. Осының өзі Ларсеннің түпкі тегі скандинавиялық екенін еске түсіретін. Басындағы жарақатын сипап көру үшін ол қолын жоғары көтергенде, бұлшық еттері зып беріп аппақ етіне кіріп кетеді. Дәл осы бұлшық еттің ішінде қаншама қуат-күштің жасырынып жатқанын бір құдайдың өзі ғана білер. Ал менің білетінім — оның жалғыз соққысы таяуда мені о дүниенің бергі жағынан қайтарғаны. Мен оған қадала қарап қанша тұрғанымды білмеймін, қолымдағы ақ дәке жерге түсіп кеткенде ғана ес жиып алғаным бар. Бұны Ларсеннің өзі де байқап қалған.
— Құдай сізді құрыштай етіп жаратқан екен,— дедім мен.
— Солай ма?— деп ол жымиып қойды.— Өз ойым да осындай, бірақ бұны неге жоруымды білмеймін.
— Тағдыр... жазмыш...
— Жоқ, бейімделу!— деді ол жұлып алғандай.— Менің бүкіл осы дене бітімім тек іс пен әрекетке бейімделген. Мына болаттай бұлшық еттерім тек жұлып қалу, алып қалу, жолыма кесе көлденең тұрғандарды қағып тастау, құртып жіберу секілді істерге ғана арналған. Алайда сіз бойында жаны бар кез келген тіршілік иесі жөнінде ойлап көрдіңіз бе? Үлкенді-кішілі олардың да бұлшық еттері бар, олардың да жұлып қалу, алып қалуға бейімделген әрекеті бар. Бірақ менің жолымды бөгеген кезде, олардың қай-қайсысы да артын қысып кетеді, өйткені мен олардан күштімін, қашан да күштілігімді істеймін. Демек тағдыр, жазмыш деген бос сөз, бәрін шешетін — бейімділік!
— Бұл жақсы емес,— дедім мен.
— Не жақсы емес? Өмір ме?— деп ол күлді.— Айтпақшы, сіз менің дене бітімімді құрыштан құйғандай дедіңіз ғой. Соны көргіңіз келе ме? Міне!
Ол еденге башпайларын тырнақтай жабыстырып, талтайып тұра қалды. Буылтық-буылтық, доп-домалақ, өрлі-қырлы бұлшық еттер аппақ тері астында ойнап шыға келді.
— Сипап көріңіз!— деді ол бұйырып.
Алақанымды ары-бері жүгірте бастадым. Қолым денеге емес, бұжыр-бұжыр тасқа тигендей. Кесек-кесек еттер екі иығынан бастап, арқа мен жамбасқа дейін қаз-қатар түйінделе қалған. Сосын қолын жайлап жоғары көтергенде, бұлшық еттері тартылып, саусақтары бүгіле түсті. Көз жанары, құбылып шыға келген — ештемені мүлт жібермейтін есеп, алдап соғар айла, аяусыз жыртқыштық, бәрі-бәрі осы жанарда тұнып тұрғандай еді.
— Темірдей беріктік, мызғымас тепе-тендік деген осындай болады,— деді ол. Деді де ширығып тұрған денесін кілт босатып, қалыпты күйге түсті.— Адамға аяқ жерге жабысып тұру үшін керек, ал тіс пен тырнақ күресу үшін, өлтіру үшін, өзіңді сақтау үшін керек. "Жазмыш! Тағдыр!" Жо-жоқ, бейімделу деген дұрыс.
Мен дауласпадым. Өйткені менің алдымда жыртқыштың, адам кейпіндегі сұмдық жыртқыштың денесі тұр еді, егер мен алып броненосецті немесе трансатлантикалық пароходты алғаш көргенде қандай әсерде болсам, бұл дененің алдында да сондай әсерге бөленгем.
Кубриктегі адам айтқысыз айқасты еске ала тұрып, Қорқау Ларсеннің одан қалай сытылып шығып кеткеніне қайран қаламын және оның жараланған жерлерін тәп-тәуір емдеп шыққанымды мақтанышпен айта аламын. Шындығында, қатты жара түскен жері бірен-саран ғана еді, қалғандары — әншейін сырып кеткен, көгеріп қалған бірдеме. Қатты соққы тек анау алғаш борттан құлаған кезде тиіпті — басының терісі сонда тілініп кеткен. Бір сүйемдей бұл жараны мен, оның нұсқауы бойынша, алдымен маңайындағы шашын қырып, сосын жуып-тазалап, тігіп тастадым. Бұған қоса оң жақ балтыры ит қауып алғандай қанталап тұр еді. Өзінің айтуына қарағанда, айқас басталған сәтте-ақ матростардың бірі бассалып балтырынан тістеген де, содан ақырына дейін жабысып қалмаған, тек бұл траптан шыға бергенде ғана оны теуіп әзер түсірсе керек.
— Айтпақшы, Хэмп, сіздің жан-жақты білімді жігіт екеніңізді байқап жүрмін,— деді Ларсен мен ем-домымды бітірген кезде.— Міне, көріп тұрсыз, мен көмекшісіз қалдым. Бұдан былай сіз басты күзетте тұратын боласыз, айлығыңыз — жетпіс бес доллар, сізді көрген жерде бәрі "Мистер Ван-Вэйден" деп тұруға бұйрық беріледі.
—Ay, мен навигация дегеннің иісі мұрныма бармайтын адаммын ғой,— деймін таңданып.
— Оның саған қажеті де жоқ.
— Мұндай жоғары қызметке мен ешқашан талпынған емеспін,— деймін тағы қарсыласып.— Қазіргі қарапайым тірлігімде де мен аз боқ басып жүргем жоқ, бұған қоса өмірлік тәжірибеден де мүлде адамын. Тек жүрудің өзі тоқ жүрумен бірдей ғой.
Бірақ ол күлді де қойды, құдды мәселе шешіліп қойғандай.
— Жо-жоқ, мына қарғыс атқан кемеде мен ешқашан көмекші болғым келмейді,— деймін қарсыласа ышқынып.
Оның түрі бірден қатуланып шыға келді. Көзінен ызғар сезілген. Сосын каюта есігіне жақындап барған да, артына шұғыл бұрылып:
— Жарайды, мистер Ван-Вэйден, қайырлы түн!— деген.
— Қайырлы түн, мистер Ларсен,— дедім мен міңгірлеп.
ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Ыдыс-аяқ жуудың азабынан құтылғанмен көмекші болып бірден абырой таптым дей алмаймын. Мен ең қарапайым деген штурманның міндеті не екенін де білмейтінмін, егер матростардың маған деген жылы ықыласы болмаса, талай жерде сазға отырарым анықты. Кеменің тұла бойы толған құрал-жабдық. Олардың қайсысы қандай қызмет атқарады, желкендерді қалай көтеріп, қалай түсіреді — бәрі маған жұмбақ. Дегенмен матростар үйрету мен түсіндіруден жалыққан жоқ, әсіресе Луистің көмегі көп тиген. Шүкіршілік, қалған жігіттердің де қай-қайсысымен жақсы тіл табысқандаймын.
Ал аңшылар жөнінде әңгіме басқа. Олардың бәрі теңіз жайын азды-көпті білетін, сондықтан менің көлденең келіп көмекші боп шыға келуім оларға күлкілі көрінген. Менің өзіме де ыңғайсыз-ақ. Кешегі қара жердің құрбақасы енді байырғы теңіз көкжалдарына бұйрық беріп тұруы кім-кімге де езу тартқызатыны рас қой; бірақ досқа күлкі, дұшпанға таба болғым келмеді, жігерімді жаныдым, намысымды қайрадым — жаңа жұмысты қалайда тезірек игеру үшін барымды салып бақтым. Ең алдымен, ешкім туралы ешқашан шағымданғам жоқ. Қорқау Ларсенге де рахмет! Маған қатысты әңгіменің бәрін де ол басқалардан теңіз этикетін қатаң сақтауды талап еткен. Байқұс Иогансен қанша адал қызмет етсе де капитаннан өмірі мұндай қолдау көрмей кеткені анық-ты. Кеменің тұмсығынан құйрығына дейін бәрі мені "мистер Ван-Вэйден" деп тұрады, тек Қорқау Ларсен ғана өзімсіген сәтте "Хэмп" деп қояды.
Мынадай да қызық болған. Бірде, біз түскі тамаққа құлағанда, жел негізгі бағытымызды бірнеше румбқа бұрын жіберіп еді. Мен үстелден тұра бергенде капитан: "Мистер Ван-Вэйден, галсты солға қарай ұстаңызшы",— деген өтініш айтқан сыңайда. Мен палубаға шығып Луисті шақырдым да, не істеу керектігін сұрадым. Ол кемені жел ыңғайына басқарудың әдіс-тәсілдерін қысқаша түсіндіріп берді. Мен оны бірден қағып алдым. Сосын мұндай сәттегі шұғыл қимылдардың мән-мәнісін айтқызбай-ақ ұға қойдым да, матростарға батыл түрде нұсқау бере бастадым. Дәл осы мезетте Қорқау Ларсеннің палубаға шыға қалғаны әлі есімде. Аузындағы сигарын екі езуіне кезек қыстыра тұрып, ол маневр барысын асықпай, байыппен ұзақ бақылаған. Сосын бір заматта ютта тұрған менің жаныма келген де:
— Хэмп... айтпақшы... кешіріңіз, мистер Ван-Вэйдсн, құттықтаймын сізді!— деген риза пішінмен. — Міне сіз өз аяғыңыздан тік тұрдыңыз, ендігі жерде қолыңыздан жетелеп жүретін әкенің қажеті жоқ деп ойлаймын. Такслаждық жұмыстар мен желкен тарту әдістсрін тағы біраз үйреніп алсаңыз, сапар соңында кез келген кәсіптік кемеге қорықпай-ақ жалдана беруіңізгс болады.
Сапарымыз жалғаса берді. Бұдан кейінгі аралықта — Иогансен өлген күннен бастап, теңіз мысықтарын аулайтын жерге жеткенге дейін — менің жағдайым жаман бола қойған жоқ. Қорқау Ларсен бұрынғыдай мазақ қыла беруін қойған, матростар көмек қолдарын аяған жоқ, Томас Магридждің бықсық маңайынан құтылғанмын. Кейде іштей масаттанып қоятын да кездерім бар. Қалай масаттанбаймын, кеше ғана тырбаң-тырбаң етіп жүрген құрлықтағы құрбақа едім, енді міне ғайыптан кемедегі екінші адам боп шыға келдім. Өзіме-өзім ризамын, тіпті аяқ астымда ылғида ырғалып, теңселіп тұратын теңіз тербелісінен де біртүрлі ләззат алатын сияқтымын. "Елес" екпіндетіп, зулап келеді. Бағыты — баяғы солтүстік-батыс. Жолай белгісіз бір аралдан тұщы су толтырып алуымыз керек. Матростардың айтуынша, ол да алыс емес секілді.
Бірақ бұл уақытта жылымық күндер еді. Алғашқы кезде қандай азапты сәттерді бастан кешсем, алдағы уақытта да мені дәл сондай сәттер күтіп тұрған. Ал команда үшін, әсіресе матростар үшін бұл кеме бұрынғыдай нағыз тозақтың өзі болып қала берген-ді. Ешкімге ешқашан тыныштық жоқ. Кубриктегі баяғы жұлмалауды Қорқау Ларсен ұмытпаған да, кешірмеген. Соның есесін енді күні-түні алуға кірісіп еді.
Адам жанын тоздырудың ең тамаша тәсілі ұсақ-түйектермен қинау екенін ол жақсы білетін. Мұндай сәтте бейшара матростар жынданып кете жаздаушы еді. Мәселен, мына жайға қараңыз. Шырт ұйқыда жатқан Гаррисонды ол төсегінен жұлып алады. Не үшін? Бояу жағатын шөтке өз орнында тұрмағаны үшін! Оны орнына қойып келуге жалғыз Гаррисон да жетер еді, бірақ ол түнгі күзеттен келген басқаларды да оятып алып, Гаррисонның әр қимылын қарап тұруға мәжбүр етеді. Әрине, бұл түкке тұрғысыз дүние, бірақ ол ойлап тапқан осындай ондаған, жүздеген ұсақ-түйектерден кейін матростар қандай күйге түсетінін елестете беріңіз!
Мұндай жерде қарсылық, наразылық болмай тұра ма, жекелеген кақтығыстар жиі-жиі байқалып қалады. Капитан матростарды ұрып-соғуын қойғаны былай тұрсын, қайта өршелене түскен; күн сайын олардың екі-үшеуі соққыға жығылып, жаралы болып жатады. Бірақ бәрі жиылып бас көтеруге дәрменсіз, өйткені аңшылар кубригі мен кают-компанияда сақталған қару-жарақтың неше түрі кімнің де болсын мысын басып тұрар еді. Капитанның тізесі бәрінен бұрын Джонсон мен Личке батқан, бұларға деген оның кәрі де, кегі де ерекше. Мен Джонсонның көзінен айықпас мұң көремін. Оның аянышты халі жүрегіме қатты батады.
Ал Лич тағдырдың басқа салғанын басқаша көтеріп алған. Әрине, оның да жетісіп жүргені шамалы, алайда мойыған түрі білінбейді. Мұндайда қамығу, қапаланудан түк шықпайтынын сезетін сияқты, сондықтан кеудесіне кектен басқаға орын бермеген. Мен оның жымқырылған жұқа еріндерінен ылғи да ыза мен кектің ызғарын көремін. Бұл ызғар бір күні уытты запыранға айналып, кесек-кесегімен капитанға төгілетін сияқты болып тұрады. Себебі ол тордағы жыртқыш секілді, Қорқау Ларсеннің сыртынан тісін ақсита ызбарланып тұрғанын неше рет байқап қалғаным бар.
Мысалы, мына бір жағдайдан-ақ оның қандай көңіл күйде жүргенін анық байқауға болар еді. Бірде мен тапа-тал түсте, палубада теріс қарап тұрған оған әлдебір нұсқау берейін деп, иығына ақырын қол сала бергенімде ... ол қорс етіп ыршып түскен... Тегі мені әлгі ата жауы деп қалса керек.
Лич пен Джонсон кез келген оңтайлы сәтте Қорқау Ларсенді өлтіріп жіберуден тайынбас еді, бірақ, амал не, ондай сәт қайдан тусын,— Қорқау Ларсен оларды он орайтын қу болатын. Екіншіден, ол екеуінің қолында қару да жоқ, жалғыз жұдырықпен оған не істей алады. Қорқау Ларсен болса өз күшінің қандай екенін Личке жиі-жиі көрсетіп тұрады, ондай мезетте анау да қарап қалмайды, жұдырыққа — жұдырық, тіске — тіс, тырнаққа — тырнақ жұмсайды, бірақ ақыр соңында бет-аузы қан-қан болып, кейде тіпті естен танып, палубада қалады итектеліп. Алайда келесі айқастан тағы қашпайды. Әрдайым бірін-бірі шақырып тұратын екеуінің де иығында бір-бір жын отырады. Бұлар палубаға шықты дегенше, қан-майдан басталды деңіз. Личтің ешқандай себептен-себепсіз Қорқау Ларсенге ұмтылған кездерін өз басым талай рет көрдім. Бірде ол тасада тұрып капитанға ауыр селебе лақтырғанда, небәрі жарты-ақ сүйем қателескен. Тағы бірде оның үстіне салингтен кісі бойындай темір істікті құлатып жіберген. Кеме тербеліп келе жатқанда жетпіс бес футтай биіктіктен мұндай темірді нысанаға дөп тигізу тіпті де оңай шаруа емес еді, бірақ ол ысқырына зулап келіп, люктен енді ғана шығып келе жатқан Қорқау Ларсеннің басын жанап өтіп, палуба тақтайына тік шаншылған. Сосын, тағы бір күні ол аңшылар кубригіне кіріп кетіп, біреудің оқтаулы мылтығын жұла қашқан кезде, оны тек Керфут қапа ұстап қалғанын көргенбіз.
Қорқау Ларсен неге осы Личті өлтіріп тастап тыныш таппайды екен деп мен кейде жиі ойлаймын. Бұған оның күші де, ақылы да жететіні анық еді. Бірақ қандай қатер, қандай оңтайлы сәттің соңында ол мысқылдай күліп жүре береді. Бұның астарында өзі ойлаған бір қулық бар секілді. Әрине, сұмдыққа толы қулық.
— Өмірің қыл ұшына ілінген кезде, басың керемет істеп кетеді,— дейді ол сайқалдана күліп.— Мұндай сәтте мен өзімді құмар ойын алаңындағы ойыншы есептеймін де, өмірді ұтысқа тіккен ең үлкен ақша деп білем. Оны неғұрлым ұтам деген сайын сезім-түйсігің соғұрлым ширыға түседі. Мен үшін Личті қинай түсуден артық рақат жоқ. Ендеше бұл рақаттан неге мен бас тартуым керек? Екіншіден, оған да жаман емес, менің арқамда қам-қарекетсіз, бос ерігіп жүрген жоқ. Мен сияқты оның да сезім-түйсігінде тамаша ширығу бар. Шындығында, ол бакта тұрған кез келген матростан артық. Өйткені, оның өмірі басқаларға қарағанда әлдеқайда мәнді де құнды. Тек оны өзі ғана сезінбейді. Бастысы, үлкен мақсат бар онда. Ол мақсат — қалайда мені өлтіру. Бұдан ол күдерін де үзбейді. Иә, Хэмп, ол біреулер сияқты босқа боғын езіп жүрген жоқ, оның әр минуты — қимылға, күреске, арпалысқа толы. Бірақ, өкініштісі сол — бұл жанкештіліктен бірдеме шығады деп ойламаймын, тек ақыр соңында өз басын жұтқаны болмаса. Соған дейін мен де оны ермек ете тұруым керек қой.
— Құдай-ау, бұл дегеніңіз нағыз зұлымдық қой. Бұдан өткен қандай иттік бар!— деймін мен шыдай алмай.— Адам ар алдында осыншама құлдырауға, төмендеуге бола ма екен!
— Сонда сіз екеуіміздің қайсымыз тым төмендеп кеттік — мен бе, әлде сіз бе?— деді ол қабағын кіржитіп.— Сіз мұндай ыңғайсыз жағдайға тап болғанда, өз ар-ұятыңызбен ымыраға келгіңіз келеді. Егер сіз шын мәнінде биікте тұрып, биікте қалғыңыз келсе, ондай жағдайда сіз әлгі екеуімен — Джонсон-Личпен — біріккен болар едіңіз. Бірақ өйтпедіңіз. Себебі қорқасыз. Өлімнен қорқасыз. Сіздің бойыңыздағы өмір қандай жағдайда да тірі қалсам деп шыр-шыр етеді. Сіз қарғыс атқыр бір күндік сәуле үшін қалт-қалт етіп, бір-ақ сәтте өз сеніміңіз бен идеалыңыздан айнып шыға келдіңіз. Өзіңіз ту қып көтерген адамдық, адалдық атаулыға осы қылығыңызбен опасыздық жасадыңыз. Демек, тозақ деген дүние бар болса, оған бірінші түсетін адам сіз емессіз бе? Ал менің жөнім басқа. Өмірлік мұраттарыма бұрын қандай адал болсам, бұл жолы да сол қалпымда қалдым. Сіз ойлағандай қандай ит болсам да, өз ар-ұятым мен сеніміме қарсы ештеме істегем жоқ. Не десеңіз де, бұ жағынан мен сізден артықпын.
Оның бұл айтқандары әрі жағымсыз, әрі алапес шындық еді. Мен мүмкін расында қорқақтық танытқан шығармын? Бірақ бұл сауал төңірегінде көбірек ойланған сайын көзім бір нәрсеге анық жете түскен: ар алдындағы менің басты парызым — Ларсен айтқандай, Лич пен Джонсонға қосылып, солармен бірге оны өлтіруге ат салысуым керек екен. Менің қатал пуритандық бабаларым: егер ізгі мақсатта істелген іс болса, онда адам өлтіргенді де ақтап алуға болады деген, мүмкін мені осындай ойға жетелеген де арғы тегімнен қалған сол мирас шығар. Мен бұл ойға қатты шырмалып қалдым. Мұндай зұлым адамды бұл өмірден аластау — басты парызым ғана емес, адамдық борышым деп білдім. Адамзат баласы бұдан тек жақсылық пен бақыт қана табады, ал өмір тазарып, нұрлана түседі.
Мен бұл түпсіз ойдың тұңғиығына батып, түні бойы кірпік ілгем жоқ, бастан өткен барлық жай көз алдымнан тізбектеліп өте берген, өте берген. Ақыры іштегі шерді бөліскім келіп, түнгі күзет кезінде Лич пен Джонсонға жолықтым. Бұл уақытта Қорқау Ларсен төменде болатын. Біз үшеуіміз отырып ұзақ әңгімелестік. Сонда байқағаным: екеуінің де үміті үзілген екен. Джонсонды сары уайым құртқан, ал Личті күн сайынғы күрес пен қақтығыс әбден діңкелетіп бітірген. Бір әредікте ол қобалжыған кейіпте қолымнан ұстаған да:
— Сіз адал адамсыз ғой, мистер Ван-Вейден!— деген.— Бірақ біз үшін отқа түсіп қайтесіз. Үндемей жүре беріңіз. Лич екеуімізден енді қайыр жоқ, күніміздің осы батқаны батқан. Бірақ бір қысылшаң сәтте сізге сүйенерміз.
Келесі күні қарсы алдымыздан — жел жақ беттен Уэнрайт аралының төбесі көрінген кезде Қорқау Ларсен әулиеге тән бір сөз айтқан. Дәл осы мезетте ол Джонсонды сұлатып салып, оған көмекке ұмтылған Личті жусатып тастап, ерлеп тұрған сәті еді.
— Лич,— деген ол,— түбінде сені өлтірмей қоймайтынымды білетін шығарсың?
Матрос жауап орнына ыңырсыды да қойды.
— Ал сен,— деді сосын Джонсонға бұрылып,— әйтеуір бірде мына жарық жалғанды жарық емес түнек деуге жетесің, мен өлтірмей-ақ борттан өзің секіріп кетесің. Осыны ұмытпа!
— Бұл — сендіру, ұйыту,— деді бұдан соң маған қарап.— Сіздің бір айлық жалақыңызға бәс тігем, ол тура осылай істейді.
Оның бұл құрбандары кеспектерге тұщы су құяр кезде бір ыңғайын тауып қашып кетсе деп үміттеніп едім, бірақ Қорқау Ларсен зәкір тастайтын жерді жақсы таңдай білген. Кеме жағалауға жарты мильдей жерге тоқтаған. Толқындардың тоғысар тұсы. Бұл — жағаға жетер-жетпес жиек. Алдымызда — тар шатқал, оның екі жағы — жалама жартас, құлама құз. Оған еңбектеп те, етбеттеп те шыға алмайсың. Сол алақандай тар ауызда, капитанның тікелей бақылауымен, Лич пен Джонсон кеспекке су толтырып алып, жағаға қарай домалатып әкеледі. Оны су шетінде күтіп тұрған шлюпкаға тиеп берген соң, тар ауыздағы бастауға бұрылады. Қаша жөнелудің ешқандай мүмкіндігі жоқ.
Ал Гаррисон мен Келли сытылып кетудің басқа бір амалын қарастырған. Олар Лич пен Джонсон жағаға жеткізген әлгі тұщы су толы кеспектерді шлюпкамен кемеге тасымалдап жүр еді. Түс кезінде екеуі кезекті бес кеспекті жағаға әкетіп бара жатты да, күтпеген жерде бағыттарын солға бұрып, теңізге сұғына кіріп тұрған ұзын мүйісті орай жөнелді. Сол тұстағы лек-легімен жағаға ақтарыла құлаған ақбас толқындардың арғы жағында жапон отарына қарасты көкжелекті әдемі деревня, одан әрі аралдың біраз жерін алып жатқан жалпақ жарық көрінер еді. Егер екі жігіт сол жерге бір жетіп алса, Қорқау Ларсеннен мүлде құтылып кетер ме еді, кім білсін.
Бірақ амал не... Гендерсон мен Смок таңертеңнен бері палубадан тапжылмап еді, неге екені енді белгілі болды: қашып бара жатқандардың соңынан екеуі бірдей оқ жаудырған. Винтовкадан. Бірақ дәлдеп ату жоқ, алдымен шлюпканы айналдыра оқпен сабалап өткен Бұлары ескертпе еді. Алайда матростар барын салып алға ұмтыла түсті. Сол сәтте суды шылп-шылп ұрған оқтар да шлюпкаға жақындай берді.
— Қараңдар, қазір мен Келлидің оң қолындағы ескегін атып түсірем,— деп, Смок енді анығырақ көздей бастаған.
Мен дүрбіден көз алмай қарап тұрмын. Айтқандай-ақ... ескек басы шөмшектей шашылып түсті. Гендерсон да дәл солай істеп, Гаррисонның оң жақ ескегін быт-шыт қылды. Дәлірегінде, басындағы қалақшасын. Шлюпка қанатынан қайырылған құс сияқты бір орнында айнала берген. Артынша сол жақтағы екі ескек те алдыңғының кебін құшты. Сосын матростар шолақ ескектерді шолтыраңдата бастағанда, секунт өтпей оларын да оқ жұлып әкетті. Бұдан соң Келли шлюпкаға қапталынан бір тақтайды жұлып алып, сонымен есуге кіріскен. Бірақ... кенет баж ете қалды да, қолын сілкілей жөнелді: оқ тиген тақтайдың жарықшағы қолына қатты қадалса керек. Енді екеуі де тағдырдың салғанына көнуден басқа амалдары қалмаған... Арада шамалы уақыт өткенде Қорқау Ларсен жіберген шлюпка толқынмен ағып бара жатқан ескексіз шлюпканы кемеге қарай баяу сүйреп келе жатты...
Кешкісін біз зәкірді көтердік. Бұдан кейін қашан қара жерді көреміз белгісіз, алда — кәсіпшілік. Теңіз мысығын аулауға шығамыз. Ол кемінде үш-төрт айға созылады. Өте көңілсіз. Екі иығым салбырап жұмысыма кірістім. Кеме үсті өлік шығарғандай. Тыныштық. Қорқау Ларсен төсегінде жатыр бүрісіп. Тағы да бас ауруы ұстаған. Гаррисон штурвалда тұр. Тұрды деген жай сөз, шындығында бүкіл денесімен оған еңкейе жабысып қалған. Жүзінде — мұң, өзегінде — өкініш. Ал люктың жел жақ бетінде, қараңғылау бір бұрышта, екі тізесін құшақтап, зілмауыр ойға батып Келли отыр.
Джонсон кеменің дәл тұмсығында еңкейе тұрып, төменде ақ көбікті айрандай сапырып жатқан форштвеньге көз алмай қарайды. Менің есіме Қорқау Ларсеннің сәуегей сөзі түскен. "Мен сені өлтірмеймін өзің-ақ бір күні борттан секіріп кетесің". Осы сөз бұл бейшараға шынымен де әсер ете бастағандай. Мен оның көңілін аулайын деп, сөзге шақырып едім, бірақ ол сәл жымиғаны болмаса, бір ауыз тіл қатқан жоқ.
Кормда тұрғанымда маған Лич келіп жолықты.
— Сізге бір өтініш айтайын деп едім, мистер Ван-Вейден,— деді ол.— Егер сіз Фрискоға аман-сау оралып жатсаңыз, Матта Мак-Карти деген шалды тауып алыңызшы. Ол менің әкем болады. Етікші. Мейфер наубайханасының сырт жағындағы тауда тұрады. Оны жұрттың бәрі біледі, тауып алу аса қиынға соқпас... Жағдай солай болды, сізді қайғыртайын деген жоқ еді деңіз. Сосын және менің атымнан: "Құдай сізге жар болсын!" деуді де ұмытпаңыз.
Мен бас изедім де:
— Біз бәріміз Сан-Францискоға аман-сау жетеміз,— дегенді қосып қойдым.— Сонда сіз, мен және Джонсон үшеуіміз Матта Мак-Картиге бірге барамыз...
— Солай болса жақсы ғой,— деді ол менің қолымды қысып тұрып.— Бірақ сенбеймін-ау соған. Қорқау Ларсеннің мені өлтіретін күні алыс емес сияқты. Тек құдайдан тілейтінім, не істесе де тезірек істесе екен ол.
Осыны айтты да ол кете барды. "Иә, не істесе де тезірек істесе екен" дедім мен де іштей. Ит қорлықты көріп жүргенше өліп кеткеннің өзі жақсы ғой. Байқаймын, маған да сары уайымның салқыны тигендей. Бұл жерде ешкім де өлімнен қашып құтыла алмайтын секілді. Палубада ары-бері сенделіп жүрген сайын Қорқау Ларсеннің қорқынышты идеясына өзімнің де беріле бастағанымды сезгендеймін. Бұның соңы қайда апарады? Бұл дүние не боп барады өзі? Қайдағыбір қара ниеттің дегені бола берсе, мына жарық жалғаннан не үміт, не қайыр сонда? Рас, бұл өмірдің қара бақырлық құны жоқ, құрысын, бітсін, қараң қалсын бәрі де! Джонсон сияқты мен де бортқа асылып, төменге көз салдым. Қап-қара тұңғиық. Тылсым тыныштық. Мүмкін... жанға тыныштық та... сонда... сонда...
ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Қызығы сол, біз алдағы күндерден қанша жаманшылық күтсек те, әзірге қақтығыс-соқтығыс, өлім-жітімнен аман келе жатырмыз. Жапон жағалауларына жетіп, теңіз мысықтарының қалың үйіріне кездескенше біз солтүстік-батысқа қарай тынымсыз жүзе бергенбіз. Шетсіз-шексіз мұхиттың әлдебір түкпірінен мұнда үдере көшіп жеткен ол мысықтар бұдан әрі беттерін шұғыл солтүстікке бұрып Беринг теңізі жағалауларындағы қысқы қоныстарына қарақұрттай шұбырған. Біз де олардың соңынан солтүстікке бұрылып, жолай көзге іліккен қараны күмпілдетіп атқылап, қырып-жойып, қан-жыны аралас қансонарды бастап та жібердік. Бізге бұл мысықтардың терісі ғана керек, қалғанын балықтарға жемге тастап жүре береміз.
Сөз жоқ, бұл аяусыз қыру еді. Бәрі де әйелдер үшін! Әйелдердің сән-салтанатпен жылтырап, жарқырап жүруі үшін! Еті мен майын ешкім керек қылмайды. Әр күні кешке қарай палуба үсті ет пен теріден аяқ алып жүргісіз боп жатады. Еденде езілген майдан табаның тайғанайды. Шпигатқа, матчқа, құрал-жабдықтарға шашыраған қып-қызыл қаннан көзің қарлығады. Кемеміз кеме емес, қасапқанаға айналған. Әркімнің қолында бір пышақ, бәрі жиылып теңіз аруының терісін сыпырып әлек.
Менің міндетім — шлюпкалардан бортқа түскен мысықтарды есептеп тұру, сосын сою, тазалау, палуба үстін жуғызу сияқты жұмыстарға басшылық жасау. Әрине, тым қызықты жұмыс емес. Өз істегеніңе өзіңнің жүрегің айниды. Екіншіден, мен бұрын осыншама көп адамға басшылық жасап көрген жоқ едім, бірақ бұның да пайдасы тиеді екен, әкімшілік-әміршілік жағынан қазір тәп-тәуір ысылып қалғанымды байқаймын. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде мен баяғы босбелбеу, "қызмінезді Ван-Вэйден" емеспін.
Мен енді ешқашан бұрынғы Хэмфри Ван-Вэйден бола алмайтынымды түсіне бастадым. Менің өмірге, адамға деген сенімім Қорқау Ларсенге қанша қарсыласып баққанмен оның кейбір идеялары маған қалайда әсер етпей қоймаған. Мен ешқашан бетпе-бет келіп көрмеген, жеме-жемде ылғи да сырттап жүретін нақты өмірдің ақиқатын ол маған айқара ашып бергендей. Енді мен маңайымды анық көре бастағам, көзім ашылған, сезімім сергіген.
Аңшылық басталғалы мен көбінде Қорқау Ларсеннің қасындамын. Күн ашық кезде және теңіз мысықтарының қалың ортасына түскенде экипаж түгелдей шлюпкаларында болады да, бортта тек екеуіміз қаламыз. Камбуздегі Магридж біз үшін санда бар да, санатта жоқ. Таңертең алты шлюпка алты жаққа шашырай жылжып кетеді. Сосын жел жақтағы бірінші шлюпка мен жел ығындағы ең қашық шлюпканың арасы кейде он, кейде жиырма мильге жеткен кезде, бәрі бағыттарын бір түстікке түзейді. Содан соң олар әбден ымырт үйірілгенде немесе ауа-райы күрт бұзылған жағдайда бір-ақ қайтады кемеге. Ал біз, Ларсен екеуіміз, кез келген қысылшаң сәтте басқа шлюпкалар жел ығымен жетіп алу үшін кемені ылғи да солардың бағытында ұстап отыруға тиіспіз.
Жай ғана желемік есіп тұрғанда бұл міндеттің үдесінен шығу екі адамға тым қиын еді: әсіресе "Елес" сияқты кемеде жүргізу тетіктеріне ие болу, шлюпкалардан көз жазып қалмау, желкендерді көтеру-түсіру жұмыстары тіпті он кісіге де оңай емес-ті. Ал енді бұның бәрін де жалғыз мен атқаруым керек. Және тез. Жүргізу жағы тым қиын емес, бірақ салингке шығу, қажет кезінде одан жоғары қолмен көтерілу — нағыз қияметтің өзі. Алайда Қорқау Ларсеннің алдында менің де өмір сүруге құқым бар екенін сөзбен ғана емес іспен дәлелдеп шығу үшін мен барымды салдым. Ақыры, көп өтпей-ақ, матчтың сонау қыл ұшына құмырсқадай өрмелеп барып, қалт-құлт еткен қатерлі биіктің басынан қай шлюпканың қай жерде жүргенін дүрбімен рахаттана қарап тұратын болдым.
Әлі есімде, аспан асты шыныдай мөлдіреп тұрған бір ашық күні аңшылар ертемен теңізге шығып кеткен де, уақыт өткен сайын мылтық даусы біртіндеп алыстай берген, алыстай берген. Сонан соң не заматта мүлде тынышталып қалған. Шлюпкалар көз ұшында бұлдыр-бұлдыр ғана көрінеді. Батыс жақтан білінер-білінбес салқын самал есіп тұр еді, біз кеме тұмсығын әдеттегідсй жел ығына бұрып болған кезде, ол да тына қалған. Матч басына шықтым да, теңіз бетіне тесіле қарай бастадым; алты шлюпка да бірінен соң бірі шетсіз-шексіз көкжиекке біртіндеп сіңіп барады. Ал біз айнадай жазық айдын бетінде сәл ғана ырғалып қойып, бір орында тұрмыз. Ларсен мазасыздана бастаған. Барометр тілі ең төменгі шкалада тұр. Шығыс жақтағы аспан да ешбір жақсылық нышанын байқатпайды. Ларсен алысқа қадала қарап тұрып:
— Егер дауыл мына жақтан соғып, бізді ықтырып әкетсе,— деді,— екі кубрикте неше төсектің бос қалатынын қазірден есептей беріңіз.
Сағат он бірлер шамасында теңіз беті теп-тегіс күйге түсті де, түске жақын күн бірден ысып сала берді. Қапырық ыстық қолқаны қабады. Құрғақ ауа кеңірдекті күйдіріп, тынысыңды тарылтады. Үп еткен жел жоқ. Мұндай жағдайда калифорниялықтар: "құдды зілзаланың алды" дер еді. Осының бәрі әлдебір жаманшылықтан, төніп келе жатқан қауіп-қатерден хабар бергендей. Біраздан соң шығыс көкжиекті түгелдей қара бұлт торлап алған; қара бұлт емес, бейне бір бізге қарай қопарыла құлап келе жатқан қожыр-қожыр қаратасты, шатқалды, терең-терең үңгірлі алып тау секілді. Иә, қара диюдай қара тау біз жаққа қарай қопарыла құлап келеді. Ал шхуна болса, әлі де өлі нүктеде баяу шайқалып тұр. Жел жоқ. Тымырсық ауа. Құлаққа ұрған танадай тыныштық.
— Бұл жай ғана шквал емес,— дейді Қорқау Ларсен.— Табиғат жарықтық бұлқан-талқан болып, жер-дүниені бір сілкілейін деп тұр. Қазір бар даусымен өкіріп-бақырып дауыл жеткен кезде, әкеміздің атын ұмытатын боламыз. Бәрінен бұрын мен шлюпкалардан қорқамын, Хэмп. Бүгін олардың қақ жартысынан айырылып қалмасақ не қылсын! Тезірек жоғары шығыңыз да, топсельді босатыңыз!
— Егер шынымен дауыл тұрса, біз не істей аламыз? Екі адамның қолынан не келеді?— деймін мен абыржып.
— Біз желдің алғашқы екпінін пайдаланып қаламыз да, желкендерімізді жұлып әкеткенше бірдеме етіп әйтеуір шлюпкаларға жетіп аламыз. Сонан кейін, не болса, о болсын. Бізге басты керегі — матчты сақтап қалу. Ол аман қалса — біз де аманбыз. Бірақ бұл да оңайға түсе қоймас.
Теңіз беті әлі де тып-тыныш. Өліара сәтті пайдаланып, біз тезірек тамақ ішіп алдық. Мені көкжиекке сіңіп кеткен он сегіз адамның тағдыры алаңдатады, қара бұлт болса сол көкжиекті көктей кесіп, біртіндеп бері жылжып келеді. Бірақ Қорқау Ларсенді бұл тым қорқыта қоймаған секілді, тек, байқаймын, танауы желпілдеп, қимылы ширай түскен. Өңінде сол баяғы қаталдықтың сызы бар, бірақ көзінен — бұл күні ол ашық көгілдір түске енген — жалт-жұлт еткен бір ғажап ұшқын білінеді. Неге екені белгісіз, ол көңілді еді, өте көңілді еді. Ал неменеге жетісіп мәз болады? Оны бір құдайдың өзі білмесе, мен білмедім. Тегі арпалысты, күресті сәттер ғана оған шын қуаныш сыйласа керек. Ондай сәт, міне, жақындап келе жатыр еді.
Мені байқамаған ол оңаша бір сәтте алыстағы алай-дүлей дауылға әрі рақаттана, әрі ызалана қарап тұрып, келсең кел дегендей қарқ-қарқ күлген. Оның сондағы алып қара дию алдында қасқайып тұрған "Мың бір түннің" кейіпкері сияқты қалпы қазірге дейін көз алдымда. Иә, ол бұл сәтте де ештемеден қорықпай, тағдырдың өзін тәлкек етіп тұрған.
Сонан соң ол камбузге кірген де:
— Кок, сенің палубаға да керегің боп қалады. Ыдыс-аяғыңды жуып болған соң, құлағың біз жақта болсын. Шақырамыз!— деп еді.
— Хэмп,— деді ол менің қадала қарап тұрғанымды байқап.— Бұның қасында виски жолда қалады. Бірақ, амал не, сіздің Омар Хәйямыңыз да оны түсінбеген ғой. Өмірді айтам, өмірді! Ал нағыз өмірді сіз қазір көресіз!
Бұл сәтте батыс көкжиектің қақ жартысын қара бұлт басып үлгірген. Әлгінде ғана зеңгір көкте шақырайып, шатынап тұрған күн көзі де енді түнерген түнек қойнына сіңіп кеткен-ді. Сағат түскі екінің шамасы болса да төңірек кешкі ымырттай қарауытып, кей тұста қызыл шапақ ойнап, дүние әп-сәтте неше құбылып шыға келіп еді. Осы құбылмалы жарықта Қорқау Ларсеннің өңі алабұртып, алаулап, құдды басының төңірегінде әлдебір сиқырлы сәулелер жарқ-жұрқ етіп, ұшқын шашып тұрғандай көрінді. Дәлірегінде, менің үрейге толған көзіме солай елестеп еді. Жүрегім дүрс-дүрс соғады. Құлағым тас керең боп бітіп қалған секілді. Тырс еткен дыбыс, үп еткен жел білінбейді. Қапырық, тымырсық ыстықтан тынысым тарылып барады. Маңдайымнан шып-шып тер шыққан, аузыма құйылған кермек дәмнен жүрегім айниды. Бір сәт басым айналып құлап бара жатқандай болдым да, борт қырынан шап беріп, ұстай алдым. Осы мезетте болар-болмас жел лебі сезілген. Бейне біреу шығыс жақтан бетіме үрлеп қалып, қаша жөнелген секілді. Көзім тұманданып, желкендерге қараймын — қыбыр еткен қозғалыс жоқ. Бірақ қас қағым сәтте кең сарайым ашыла түскендей.
— Кок,— деді Қорқау Ларсен ақырын дауыстап.
Артынша Томас Магридждің тыртық-тыртық аянышты жүзі көрінді.
— Фок-гиктегі талиді босат, сосын гикті орнына қой. Фокке жел тола бастаған кезде шикотты бастырып таста да, талиді қайта орнына қой. Егер бір жерде қате жіберсең, басыңды жұлып аламын. Ұқтың ба?
— Мистер Ван-Вэйден, алдыңғы желкендерді жылжытуға дайын болыңыз. Сосын топсельді орнына қойыңыз; бұны неғұрлым тезірек істесеңіз, өзіңізге соғұрлым жеңіл болады. Кокты да артынан теуіп отыруды ұмытпаңыз.
Бұл сөзден мен өзіме деген қолпаш пен көпшікті сезіп, тәп-тәуір марқайып қалдым. Кеме тұмсығы солтүстік-батыс жаққа қарап тұр еді, капитан жел лебі білінісімсн бағытты шұғыл 170 градусқа бұрғысы келген.
— Жел бізге корм жақтан соғады,— деп түсіндірді ол.— Мылтықтың соңғы шыққан дыбысына қарағанда, шлюпкалар сәл оңтүстікке қарай ауытқыған сияқты.
Ол осыны айтты да, штурвалға кетті. Ал мен бакке келіп, кливер түбіндегі өз орныма тұрдым. Жел лебі оқтын-оқтын сезіліп қояды. Желкендер жай ғана желп етіп барып басыла қалады.
— Мистер Ван-Вэйден, біздің бақытымызға орай дауыл ақырындап басталып келеді. Бірден жұлмалай жөнелсе, не істер едік!— дейді кок маған айқайлап.
Бұған мен де қуанышты едім, өйткені желкендердің бәрін көтеріп қойғанбыз, қатты жел бірден тұрса, расында, не істер едік! Жел біртіндеп күш алған кезде желкендер желбіреп, "Елес" орнынан ептеп қозғала бастады. Қорқау Ларсен жүргізу тұтқасын шұғыл жел өтіне бұрғанда, жүрісіміз тіпті ширай түсті. Енді жел тура кормге соққан; бұл жел азынай гулеген сайын алдыңғы желкендер барт-бұрт етіп, тапаншадай тарсылдайды. Палубаның қалған жерінде не боп жатқанын білмеймін, алайда фок пен грот желге толған кезде, кеменің мен тұрған тұсы бірден қисайып сала берген. Мен жанталаса кливермен, бом-кливермен, сосын стакселмен айналыса бастағам. Оларды түгел іске қосып біткенде, бүкіл желкені желге толған "Елес" оңтүстік-батысты бетке алып, зымырай жөнелген. Ентігімді баспай жатып, жүгіріп топсельге жеттім де, оны дер кезінде алып тастадым. Бұдан соң кормге барып, келесі бұйрықты күттім.
Қорқау Ларсен риза кейіппен бас изеді де, штурвалды маған берді. Жел күшейген, толқындар көтерілген. Штурвалда мен бір сағаттай тұрдым, уақыт өткен сайын кемені басқару қиындай түскен. Мұндай жел кезінде шхунаны бакштаг деп аталатын тәсілмсн жүргізуге менің тәжірибем жеткіліксіз еді.
— Енді қолыңызға дүрбі алып, биікке шығыңыз да, шлюпкаларды іздестіріңіз. Біз он мильден кем жүргеміз жоқ, ал қазір ең аз дегенде жиырма немесе отыз узел жылдамдықпен келе жатырмыз. Менің ескі итаяғым бір жүріп кетсе, тоқтамайды тегінде.
Мен салингке дейін көтерілдім де, тоқтадым. Бұл жер палубадан жетпіс футтай биікте еді, одан әрі шығудың қажеті де шамалы болатын. Көз көрім жердің бәрін көзбен шолып тұрып, мен бір нәрсені анық түсінгендей болдым: адамдарымызды шынымен құтқарып қалғымыз келсе, қатты асығуымыз керек екен. Соның өзінде мынадай құтырынған толқындар арасынан шлюпкалардың аман-сау шығуы екі талай шығар. Қалт-құлт еткен кішкентай ғана қайықтар екі бірдей сұрапыл күшке — долдана соққан жел мен дөңбекши бұлқынған асау толқындарға төтеп беруі мүмкін бе!
Бізбен бірге жарысып келе жатқандықтан мен, әрине, желдің күшін сезгем жоқ. Алайда жоғарыдан төмен қарап тұрған маған өз кемем өзіме бір сәт жат көрінген — яки мен оны сырттай бақылап тұрған әлдебіреу сияқты сезінгем. Төмен қараған сайын басым айналады. Сапырылысып жатқан ақ көбіктің арасынан өз кемеміздің қап-қара сұлбасын көремін. Кейде ол оң жақ қапталы қисайған қалпы таудай толқын үстінен секіріп түскенде палубаға су ақтарыла құлайды да, люкке дейін шайып өтеді. Мұндай сәттерде — екі жақтағы борт кезекпе-кезек қисайғанда — сонау биікте тұрған мен жетпіс футтай қашықтықтың арасында бірде оңға, бірде солға шырқап ұшып бара жатамын. Сұмдық тербеліс! Қорыққанда жаным шығып кете жаздайды. Дір-дір етіп, дымым құрып, аяқ-қолыммен матчқа жабыса түсемін. Әлгінде ғана шлюпкаларды іздеп, көк теңізді көктей шолып тұрған көздерім енді аяқ астымда ақ көбікке оранған "Елестен" басқа ештемені көрмейді.
Алайда өлім құшағында қалай экипаж мүшелері ойыма оралғанда, есімді тез жиып ала қоямын да, қайтадан теңізге қараймын. Бір сағат бойы бұрқ-сарқ қайнаған қаһарлы толқындардан басқа еш нәрсе көрінбеген. Тек, міне, қазір ғана қара бұлтты жарып шыққан күннің жалқы сәулесімен күмістей жарқырай қалған сонау алыс айдынның бетінен қылт-қылт еткен бір нүктені көзім шалған секілді. Ол бірде жылт етіп толқын үстіне шыға келеді, бірде бүлк етіп төмен түсіп кетеді. Мен дәл сол тұстан көз жазбай қарап тұрмын. Әне, ол — титімдей ғана жалғыз нүкте — ақбас толқын үстіне қайта шықты. Тура кеме тұмсығының сол жағында. Айқайлаудан пайда жоқ, алайда төменде тұрған капитанға не көргенімді бар даусыммен жеткізе бастадым. Ол бағытты жедел өзгертіп, кемені мен сілтеген жаққа айдай жөнелді.
Жалғыз нүктенің тым тез өскені сондай, біздің толқын үстіндегі жылдамдығымызды мен бірінші рет осы сәтте ғана анық сезгендей болдым. Қорқау Ларсен маған "бері кел" дегендей белгі берген. Мен шапшаң қимылдап, матчтан төмен түстім де, штурвалдың жанына келдім. Ол кемені дрейфке қою керектігін айтып, бұл үшін не істейтінімді қысқаша түсіндіріп берді.
— Байқаңыз, қауіптің қара бұлты енді тек сіздің басыңызға үйіріледі,— деді ол мені сақтандырып.— Дегенмен қорықпаңыз. Бастысы, өз міндетіңізді мүлтіксіз орындасаңыз болғаны. Сосын коктың фок-шкот түбінен тапжылмауын қадағалап тұрыңыз.
Мен тырмысып, тырбаңдап жүріп бакке әзер жеттім — палубаға су бірде ана борттан, бірде мына борттан ақтарыла төгіліп жатқан. Томас Магриджгс тапсырма бердім де, фор-вант бойымен бірнеше фунт жоғары көтсрілдім. Шлюпка енді тым жақын қалған, матчы мен желкенін құлатып, суға тастапты. Бұнысы — шлюпканы желге қарсы, дрейфке қоюдың амалы. Ішінде отырған жігіт борттан төгілген суды сыртқа төгіп әлек. Жал-жал толқындар дөңбекшіп келіп тұмсықтан ұрғанда, шлюпка қайқаң етіп жоғары көтеріледі де, сосын жым-жылас жоқ боп кетеді. "Бітті!— деп ойлаймын.— Енді қайтып көрінбейтін шығар". Жоқ, бірер секунт өтпей қайта қалтылдап шыға келеді. Көзіме тағы да... суды дамылсыз сыртқа төгіп жатқан үш жігіт түседі. Сосын және жоқ боп кетеді. Оның әрбір қайта көрінуі мен үшін ғажаптан басқа түк емес.
"Елес" бағытын шұғыл өзгертіп, бір жағына қарай қисая берді. Мен алғашында: "Бұнысы несі? Қорқау Ларсен шлюпканы құтқару мүмкін емес деп шешті ме?"— деп шошып қалып едім, бірақ артынша оның тоқтауға дайындалғанын түсіне қойдым да, тезірек палубаға түсуге асықтым. Бұл уақытта біз тура фордевиндке ұмтылғанбыз, ал шлюпка кеме тұмсығына көлденең, недәуір қашықта еді.
Кеме кенет бір қалыпқа түсіп, жылдамдығын үдете түскені байқалды. Бір қызығы, тұмсығын тұрған жерде-ақ желге қарсы бұра салғандай көрінген. Манадан бері біз қалайда қасмаңдайға іліктірмей, бірде бүйірлеп, бірде қиғаштай алып келе жатқан осы жел енді тура қарсымыздан каһарлана лап беріп еді. Абайсызда кеме тұмсығына бетімді бұрып қалғанымда, өкпеме бірден жел толып, дем ала алмай тұншығып кеттім. Сосын бір мезет "Елес" оң жақтағы бортына қарай қатты қисайып барып, кенет бір орнында тастай қатып тұрып қалғанын байқадым. Осы сәтте... сұмдық!.. Таудай толқынның төбеме төніп келе жатқанын көрдім. Жалт бұрылып арқамды желге тостым. Сәл ес жиып алдым да, арт жағыма қайта қарадым. Арыстан жалды алып толқын кеме үстіне арқырай көтеріліп қалыпты. Бұрқыраған ақ-көбікті шоқтығы күн сәулесімен шағылысып жалт-жұлт етеді. Көк-жасыл бауыры да көзіме ерекше түскен.
Міне енді толқын шхунаға ақтарыла құлаған да, нағыз ақырзаманды басымызға үйірген. Дүние түгел қас пен көздің арасында шыр айналғандай. Бүкіл денемді тұтастай ұрған ауыр соққыдан жалп етіп құлап түстім де, топан судың астында қала бердім. "Біттім!— деп ойладым.— Бұған дейін естігенімнің бәрін енді өз көзіммен көретін болдым. Қазір су шайып кететін шығар мені!.." Айтқандай-ақ, тасқын мені домалатып барып палубаға бір ұрды да, әлдеқайда ала жөнелді. Бұдан әрі іштегі ауаны ұстап тұруға шамам келмей бұрқ еткізіп дем алғаным сол — тұзды суды қалай қарпи жұтып жібергенімді сезбей қалдым. Бірақ осы арпалыс үстінде кливерді желге қоюды бір сәт те ұмытқам жоқ. Өлем-ау деп қорыққаным және есімде жоқ, мені ғайыптан болсын, басқадай болсын, әйтеуір бір күш қалайда құтқарып қалатын сияқты көрінген. Қорқау Ларсеннің бұйрығын өліп кетсем де орындауым керек деген ой миыма шегедей кіріп алған, тұзды суға қақалып-шашалып, жанталаса жарық дүниеге ұмтылып жүрсем де, штурвалдың жанында құтырынған теңізге қасқая қарап, дүлей күш — дүркіреген толқындарға "келсең кел, маған сен не қыласың" деп тұрған капитанның бейнесі көз алдымнан бір сәт те кетер емес.
Мен бір нәрсеге (тегі планширге болу керек) тағы да қатты соғылдым. Басым судан қылт ете қалды ма, кім білсін, ауа жұтып үлгіргенімді сездім. Бойға жан шақыратын ауа! Бар күшімді салып, орнымнан тұра бергенімде, және бірдемеге соғылып етбетімнен түскенім бар. Енді ғана байқадым, толқын мені домалатып-домалатып апарып, палубакқа тығып жіберіпті. Ол жерден еңбектеп шығып келе жатып, палубада екі бүктетіліп, ыңырсып жатқан Томас Магриджді кезіктірдім. Бірақ онымен айналысып тұратын уақытым жоқ еді, маған тезірек кливерді ауыстыру керек болатын.
Палубаға шыққан кезде, быт-шыты шыққан құрал-жабдықтарды көріп, төбе шашым тік тұрды. Қай жағыма қарасам да қираған, сынған заттар: ортасынан қақ бөлінген матч діңгектері, жыртылған желкендер, шашылып жатқан темір сынықтары. Құтырына соққан дүлей дауыл шхунаны жүндей түтіп, жаңқа-жаңқа қып ұшырып жібергісі келгендей. Шкотты дер кезінде тартып тастауға ешкімнің мүмкіндігі болмағандықтан бос қалған фок пен фор-топсель шұғыл қимылдаған сайын барт-барт етіп, айырылып кете жаздайды; зілдей ауыр гик сықыр-сықыр қозғалып, ары-бері шайқалып тұр. Сынған ағаштардың жаңқалары ауада қалбаң қағып ұшып жүр: үзілген арқан-жіптердің ұштары жоғарыда желмен желбіреп, жыландай ирелеңдейді; кенет осымен бәрі бітті дегендей фокгафель палубаға гүрс етіп құлап түсті.
Ол менен небәрі бірнеше дюйм жерге құлаған, бұның өзі маған асығу керектігіне еске салғандай еді. Ойыма Қорқау Ларсеннің сөзі түсті. "Нағыз зұлматты көзбен көретін боламыз" деп еді ол. Ал өзі қайда оның? Кенет оны тура қарсы алдымнан көрдім. Бойға біткен бар алапат күшін салып, грота-шкотты мықшия тартып тұр екен. Осы мезетте шхунаның артқы жағы қопаң етіп көтеріле қалды да, бізге қарай ақтарыла құлап келе жатқан ақ толқынның аясынан капитанның бүкіл денесі айқындалып шыға келген. Осының бәрін және бұдан да зорғысын — бұлқан-талқан боп жатқан бүкіл дүниенің тылсым құбылысын — мен санаулы секундта көзбен де, құлақпен де түйсініп үлгердім.
Шлюпкаға не болғанын білуге уақытым болған жоқ,— бірден кливер-шкотқа ұмтылдым. Кливер желге бірде толып, бірде солып, барт-барт етіп тұр еді. Бар күшімді салып, шкотты біртіндеп тарта бастадым. Қолдан келгенше бәрін де жақсы істеуге тырыстым. Шкотты қатты тартқаным сондай — алақандарымның бір қабат терісін арқан сыпырып түскендей. Осы сәтте бом-кливер мен стаксель ұзыннан қақ айырылып, жалп-жалп етіп теңізге бірақ ұшқан.
Бірақ мен шкоттың қолға ұстаған бөлігін екі қайыра орап тарта беруді одан әрі жалғастыра бердім; ал арқан-жіптер сәл босаған кезде қайта тартуға кірісемін. Сәлден кейін шкот жеңіл жүре бастаған,— бұл уақытта Қорқау Ларсен де маған көмекке келіп үлгеріп еді. Ол шкотты өзі тартуға кірісті де, ал мен жіпті қажет жеріне дейін босатып тұрдым.
— Жетті! Енді бекіте бер,— деді ол дауыстап.— Сосын маған кел!
Мен оның соңынан жүріп келе жатып, кеме қанша қирады дегенмен, кейбір жері қайта қалыпқа келіп қалғанын байқадым. Зәкір түсірілген, яки "Елес" дрейфте. Бейшараның жұлма-жұлмасы шықса да, әлі де талай жерге жететіні байқалып тұр. Барлық дерлік желкені жұлынып қалғанмен, дер кезінде жел жақ бортқа көтеріп қойған кливер мен мана ертерек түсіріп үлгірген грот қана аман қалған — осы екеуі шхуна тұмсығын тулаған толқындарға тура қаратып ұстауға септігін тигізгендей.
Қорқау Ларсен шлюпкаларды суға көтеріп-түсіріп тұратын блок жүйесін дайындап жатқанда, мен теңіз бетінен шлюпканы іздей бастағам. Ақыры оны бізден жиырма футтай жердегі үлкен бір толқын үстінен көзге іліктірдім. Оны капитан да көріп қалса керек, шхунаны дереу солай қарай бұрып еді.
Қорқау Ларсен шалт қимылды дәл есептегені соншалық, кеме дөңбекшіген толқындарды қақ жарып келіп, шлюпканың тура жанына дөп түскен. Ендігі қалғаны — тек талиді төмен түсіріп, шлюпканы көтеріп алу ғана болатын. Бірақ бұның өзі де оңайға түскен жоқ.
Керфут шлюпканың бас жағында, Уфти-Уфти жүргізу тұтқасында, ал Келли ортада отыр еді. Біз жақындай бергенде қайық тік секіріп аспанға бір-ақ көтерілді де, біз керісінше түпсіз тұңғиыққа шым батып кеткендей болдық. Бұған дейін төбелері төменнен көрінген үш жігіт енді қас қағымда борт деңгейіне атып шыққан. Сосын... бірер секунт өтпей біз биікке шырқап кеттік те, екі толқын арасында қалған қайық қайта төмен құлдырай жөнелді. Толқындар үстіндегі осы "әткеншек" ойынымыз біразға дейін созылып еді. Кеме биікке арқырай көтеріліп барып, гүрс етіп төмен құлаған сайын "бейшара қайықты таптап кеттік пе" деп, зәрем зәр түбіне кетеді.
Бірақ оңтайы келген бір сәтте мен кеме байлайтын арқанның бір ұшын Уфти-Уфтиге, ал екінші ұшын Қорқау Ларсен Керфутке лақтырып үлгердік. Сосын қолымыздағы шиыршықты темір бақанға жедел байлап болысымен судағы үш жігіт арқан бойымен өрмелей жөнелді де, лезде бізге көтеріліп шықты. Осы әредікте толқын кемені тағы да шайқай көтергенде, қайық қапталға жанаса қалып еді, бұны біз де сәтті пайдаланып, талиді оған іліп жібердік. Мен Керфуттың сол жақ қолының қанға боялғанын көрдім, саусағын әлденеге жаншып алыпты, ол соған қарамастан бортқа шығарып алған шлюпканы бекітіп тастауға бірден көмектесе бастады.
Біз шлюпкамсн жұмысты бітірген кезде, Қорқау Ларсен:
— Уфти, кливерді қоюға дайындал!— деді бұйырып.— Ал сен, Келли, кормге бар да, грот-шкотты босат!.. Керфут, сен тұмсық жаққа барып, кокке не болғанын біл! Мистер Ван-Вэйден, сіз жоғарыға шығып, қалған шлюпкаларды іздестіріңіз. Салингке жеткенше жолыңызда кездескен артық-ауыс заттарды алып тастауды ұмытпаңыз!
Ол осы бұйрықтарды шапшаң беріп болысымен жолбарыстай секіріп штурвалға ұмтылды. Мен жоғарыға беттедім. Жел екпіні қатты еді, палубадан недәуір биіктегі вантқа қолым тиер-тиместе кеме біртіндеп қисая бастағанын байқадым. Бірақ бұл жолы, жел қанша екілене соққанмен жұлып әкетер бізде бірде-бір бүтін желкен қалмаған. Мен тағы біраз биікке көтерілген сәтте "Елес" бір бүйіріне қарай төңкеріле қисайғаны сондай — матчтар құдды су бетіне көлденең жатып қалғандай көрінді. Мен әлі салингке де жеткен жоқ едім, бірақ жел мені вантқа желімдей жапсырып тастаған, мұндай жағдайда тіпті өз еркіңмен қалайын десең де құлай алмас едің. Мен қарсы алдымнан палубаны көрдім, бірақ төменнен емес — тура жазық теңіз бетінен. Бұл жерде тіпті палубаны дегеннен гөрі оның үстіне төңкеріле төгілген суды көрдім дегенім дұрысырақ болар еді. Су үстінен екі матч сорайып шығып тұрды. Бұдан басқа түк те жоқ. Яки бұл сәтте шхуна тұтастай толқын астында қалған. Алайда сәлден кейін жөн арқасы күдірейіп судан шыққан кит секілді біздің кемеміз де сопаң етіп сыртқа шыға келді.
Ал сосын бізді тағы да телегей теңіз үстімен алға қарай сүйрей жөнелді, ал мен салингте ілініп қала бердім — бір тал шиге жабысқан шыбын секілдімін — көз талдыра алыстарға қараймын, іздегенім — қалт-құлт еткен қалған шлюпкалардың қарасы. Жарты сағаттан кейін және біреуін көзге іліктірдім: аударылып қалыпты, төңкерілген түбіне жабысып үш жігіт тырбаң-тырбаң қағады. Джон Хорнер, жуан Луис және Джонсон... Бұл жолы мен жоғарыда тұра бердім, Қорқау Ларсен кемені шлюпкаға өзі туырлап келіп, сәтін салғанда, жігіттердің дәл жанына дөп түсірген. Талиді жылдам түсіріп жібердік. Бұған қоса арқандарды да лақтырып үлгердік. Оны жігіттер шап беріп ұстасымен бірден жоғары өрмелей жөнелді. Бәрі де ойдағыдай. Тек қайықты жоғары көтергенде, қапталға қатты соғылып, бір бүйір жарылып кеткенін білдік. Оған аса мән бергеміз жоқ, бүлінгенді жөндеу қиын емес, жоғалғанды тапқанымыздың өзі қаншалық!
"Елес" тағы да екпіндете зулады. Артымызда — аласұрған дауыл — құтырған иттей аузы ақкөбіктеніп, бізді өкшелей қуып келеді. Кеме тұмсығы кейде таудай толқындардың ішіне сүңгіп кетеді. Үстімізден ақтарыла су құлайды. "Әй, енді бұдан аман қалу жоқ шығар" деп ойлаймын ондайда. Өйткені... кей сәттерде тіпті шкафуттан недәуір биіктегі штурвалдың өзін көк толқындар көміп тастайды. Осындай мезетте мені бір қызық сезімдер билейді: құдды мен Құдаймен бетпе-бет келіп, оның қаһарын өз көзіммен көріп тұрғандай боламын. Алайда санаулы секунттан кейін штурвал су астынан сопаң етіп шыға келеді де, дөңгелекті шыр айналдыра бұрап тұрған капитанның зор денесін көремін. Осы шақта ол маған осынау астан-кестен боп жатқан телегей теңізді де, тулаған толқындар мен желіккен желді де өзінің кішкентай ғана кемесінің ырқына бағындырып тұрған әлдебір құдайдай көрінген. Расында, мынаны қалай құдірет демессің? Кеше ғана жыбыр-жыбыр етіп шөп-шаламның арасынан жемін тауып жеп жүрген сасық қоңыз сияқты адамдар енді міне итаяқтай ғана қабыршаққа мініп алып, қаһарлы табиғатпен хас батырдай айқасқа түскен. Иә, құдірет деп осыны айт!
"Елес" тағы да толқындарға қарсы ұмтылды, палуба су үстіне қайта шығып, кемеміз алға қарай екпіндей жөнелді. Сағат алтылар шамасында, теңіз бетінде ымырт қараңғылығы үйіріле бастаған кезде, үшінші шлюпканы да көзім шалып қалды. Ол да аударылып қалыпты, бірақ адамдары жоқ. Қорқау Ларсен манағы маневрін тағы қайталаған: нысананы әуелі сәл алыстатып жіберіп, сосын шұғыл жел жаққа тұмсық бұрған да, шлюпкаға кемені толқындардың өзі лықсытып жеткізуін көздеген. Алайда ол бұл жолы қырық футқа қателесіп, шлюпка корм жақтан бірақ шығып еді.
— Төртінші нөмірлі шлюпка!— деп Уфти-Уфти айқай салды, шлюпканың қапталы ақ көбіктің астынан бір жарқ ете қалғанда.
Бұл Гендерсонның шлюпкасы еді — үстіндегі Холиок пен Вильямс суға кеткен. Олардың қаза тапқанына ешқандай күмән жоқ-ты, ал шлюпка төңкеріліп қалғаны болмаса, еш жерінен сынған-бүлінгені байқалмаған. Қорқау Ларсен оны қалайда кемеге көтеріп алу үшін тағы да жанталаса бастады. Мен бұл уақытта матч басынан палубаға түсіп қойып едім, капитанның мына жұлымырлығына Хорнер мен Керфуттың қатты күйініп жүргенін байқадым. Бірақ оларды тыңдайын дейтін Қорқау Ларсен жоқ:
— Мейлі, не десеңдер, о деңдер, мен бәрібір бұл шлюпканы қалдыра алмаймын,— дейді қасарысып. Дейді де судағы қайыққа сүзіле қарайды, бейне бір бар асылы құрдымға кетіп бара жатқандай.
— Мистер Ван-Вэйден!— деді ол кенет мен жаққа қарап айқайлап. Даусы жақыннан шықса да, ышқына соққан желдің арасынан тым құмыға естілген.— Сіз Джонсон мен Уфтиді жаныңызға алып, кливерге тұрыңыз! Ал қалғандарың — гротқа, жылдам! Тез! Егер қиқаңдағандарыңды көрсем, мойындарыңды жұлып алам! Түсіндіңдер ме?
Ол жүргізу тұтқасын шапшаң айналдырып, кеме тұмсығын шұғыл бұруға кіріскен кезде, енді аңшылар да амалсыз бұйрықты орындауға көшкен. Капитанның бұл қадамы өте қауіпті еді, бірақ, амал не, бұйрық — қатты, жан — тәтті.
Тым қатерлі қадамға бет бұрғанымызды мен тек тағы да су астында қалғанымызда бірақ сездім. Толқын палубаға сарқырай құлағанда, әзер дегенде фок-мачтың тақтайшасынан ұстап қалдым. Бірақ ұстаған сәтте-ақ уысымнан тақтайша шығып кетті де, бортқа қарай домалай жөнелдім. Осы бетіммен кеме сыртынан бірақ шығар ма едім, алайда бортқа соғылған толқын мені қайта кері лақтырған. Осы мезетте мені біреудің қағып алғанын сездім, бұл Джонсон екенін кеме су бетіне қайта шыға келгенде ғана білдім. Бірақ ол менен кейін маңайына тағы да алаңдай қарап, әлдекімді іздей бастағаны байқалып еді. Менің сонда ғана есіме түскен: осы қазір, бір минут бұрын ғана, Келли бакке келген... Енді оның ізі де жоқ...
Біз шлюпканың жанынан және жанай өте шығып, манағыдан көрі басқа жағынан шыға келгенбіз. Енді не істеу керек? Бұл сұрақ Қорқау Ларсеннің басына да шұғыл келсе керек, ол біз күтпеген жаңа бір тәсілді пайдаланып, фордевинт арқылы кемені жел жаққа бұрып жіберді де, шлюпкаға сол жақ галс бейдевинтпен тік түсе қалды.
— Керемет!— деп, Джонсон менің құлағыма сыбыр ете түсті, кезекті тасқыннан аман-сау өте шыққан кезімізде. Бұнысы — Қорқау Ларсеннің епті қимылына риза болғандығынан емес, шхунаның икемділігіне көңілі көншігенінен еді.
Бұл уақытта қараңғылық қоюлана түскен, енді шлюпканы көру мүмкін емес-ті, бірақ Қорқау Ларсен кемені адаспайтын, қателеспейтін ғажап бір инстинкпен басқарып еді. Соның нәтижесінде бұл жолы ешқандай ауытқығамыз жоқ, шлюпка кеменің тура түбіне келгенде, біз оны ешбір қиналмастан жоғары көтеріп алдық.
Содан кейін біз тағы да бірер сағат ес-ақылымыз шыққанша жұмыс істедік. Бәріміз жиылып — екі аңшы, үш матрос, Қорқау Ларсен және мен — кливер мен гроттағы желкен көлемін кішірейтіп, жел ауданын азайтып алдық. Бұдан соң палуба үстіне су шапшығанын қойған да, кемеміз көк толқындардың арасында қабықтай қалқып кете барған.
Мен әлгінде желкендерді жанталаса тартып жатқанда қолымды қатты жаралап алып едім, соның солқылдап ауырғаны жаныма батқаны сондай, көзімнен жас парлап аға бастаған. Жұмыстың бәрі бітті-ау деген кезде, әрі шаршап, әрі қиналғандықтан, тұрған жерімде палубаға құлап түстім.
Томас Магриджді жарты бактың астынан сүйреп шығарған — манағы топан судың кезінде бейшара қорыққаннан сонда кіріп кеткен ғой. Оны кормдағы кают-компанияға апара жатқанда менің көзім бір нәрсені шалып қалып еді. О ғажап! Күнде өзіміз тамақ ішіп жүрген камбуз жоқ! Палубадағы ол тұрған жер — қу тақыр...
Біз жанымызға матростарды да қосып, бәріміз кают-компанияға жиналдық та, кішкентай пештегі кофе қайнағанша қатқан нанды қытыр-қытыр кеміре бастады. Мен өмірде дәл мұндай тәбетім шауып тамақ жемеген шығармын. Артынша кофені де сондай сүйсіне іштім. Ол маған ешуақытта мұндай тәтті көрінбеген. Бірақ кеме бізді әткеншектей шайқағанын қойған жоқ, аяғымыздан тұра берсек етбетімізден түсеміз. "Сақтаныңдар!" дегенді естісімен ұмар-жұмар бір-бірімізге құлаймыз, қарманып қабырғадан ұстай аламыз. Ал қабырғаның өзі кейде үстімізге етбетінен құлап келе жатқандай болады.
— Сайтан алғыр, мұндай жағдайда сигналшылардан да қайыр жоқ!— деді Қорқау Ларсен біз ішерімізді ішіп, жерімізді жеп болған соң.— Ендеше палубада босқа отырып керегі не. Алдымыздан кездейсоқ біреулер шыға келсе, олардан қашып та үлгіре алмаймыз. Бар, жатыңдар барлықтарың!
Матростар бакқа кетті. Кетіп бара жатып жолдарына белгі ретінде қадау-қадау шам қойып отырды, ал люкты ашуға тәуекел ете алмаған екі аңшы бүгінше кают-компанияда қалуды жөн көрген. Біз, Қорқау Ларсен екеуіміз, Керфуттың мыжылып сынған саусағын кесіп, жара орнын тігіп тастадық. Магридж бізге кофесі мен шикілі-пісілі бірдемесін беріп жүріп, бір бүйірінің қатты ауыратынын, құрығанда бірер қабырғасының сынғанын қайта-қайта айта берген. Қарасақ, расында, бейшараның үш қабырғасы бірдей сынып қалыпты. Бірақ оған ештеме істей алмадық та, ем-дом жұмысын ертеңге қалдырдық. Өйткені оған дейін мен де бұл жөнінде бірдеме оқып алуым керек-ті.
— Түкке тұрмайтын бір қайыққа бола Келлиді босқа құрбан еттік,— дедім мен Қорқау Ларсенге.
— Келлидің өзі де түкке тұрмайтын. Сау болыңыз!— деп ол жүре берді.
Күндіз бастан кешкен барлық жағдайдан кейін мен мүлде ұйықтай алмайтын шығармын деп ойлағам: саусақтың жан шыдатпас ауыруы, үш шлюпканың ізім-ғайым жоғалып кетуі, ондағы жігіттердің тағдыры мені, әрине, қатты қинаған. Алайда жастыққа басым тиісімен қор ете қалғанымды өзім де сезбей қалдым. Содан таң атқанша тұяқ серіппей ұйықтаппын. Таң атқанша "Елес" те құтырынған дауылмен жалғыз өзі айқасып шыққанын оянғанда бір-ақ білдік.
ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Ертеңінде, дауыл сәл саябырлаған кезде, Қорқау Ларсен екеуіміз анатомия мен хирургия бойынша біраз дүниені оқып алдық та, Магридж жарақатын емдеуге кірістік, ал сосын толқындардың арыны бәсеңдеген сәтте Қорқау Ларсен кеме тұмсығын кешегі келген бағытымызға қайта бұрған. Бұл әредікте матростар шлюпкаларды жамап-жасқап, оларға қайтадан желкен тігумен айналысқан. Уақыт өткен сайын маңайымыздан кәсіптік шхуналардың қарасы жиі ұшырай бастады. Олар да кешегі дауылда көз жазып қалған шлюпкаларын іздеуге шыққан секілді, жолай кездейсоқ кезіккен басқа бейбақтарды жинап алу — теңіз салты ғой. Кәсіптік флотилияның көптеген кемелері біздің батыс жағымызда жүр еді, теңіз бетіне шашырап кеткен шлюпкалардың қай-қайсысын да бірінші кезіккен кеме құтқарып алуға тиісті.
Біз екі қайығымызды бүкіл экипажымен қоса "Сискодан" түсіріп алдық, сосын Қорқау Ларсеннің керемет ризашылығы мен менің шат-шадыман қуанышыма орай, Смок бастаған Нильсон мен Личті "Сан-Диегоның" бортынан тапқанбыз. Сөйтіп бесінші күннің соңында төрт азаматымыз — Гендерсон, Холиок, Вильямс және Келлиден басқасын түгел түгендеп алдық та, аңшылық науқанды қайта бастап жібердік.
Терістікке қарай жөңкіле көшкен теңіз мысықтарының соңынан қуалай отырып, біз жолай кең айдынды кеңінен тұмшалаған соқыр тұманға да жиі кездесе бердік. Шлюпкаларды суға түсірсек болды, қою мұнар оларды қас қағымда жұтып әкетеді. Шхуна бортында әрбір сәт сайын мүйіз керней қиқулап, ширек сағатта бір рет сигнал ретінде зеңбірек атылып тұрды. Алайда шлюпкалардан қайта-қайта көз жазып қала береміз: теңіз тәртібіне сәйкес оларды кез келген кеме көтеріп алуы керек-ті. Дегенмен Қорқау Ларсеннің бұл тәртіпті де бұзған кезі аз емес. Мәселен, ол адасып жүрген басқа бір кеменің шлюпкасын тауып алады да, оны дер кезінде қайтарудың орнына өз мақсатына жұмыс істетіп, аулаған мысықтарын өзі алып, ақыр соңында ит қылып қоя береді. Әлі есімде, өзге шлюпканың бір аңшысы мен екі матросын ол кездесе кеткен кемелеріне бермес үшін мылтықпен қуалап төменгі бакқа тығып жіберген.
Томас Магридж таңғаларлық итжандылықпен бұл жолы да тез жазылып шыққан да, тағы да сол палуба үстінде сүйретіле басып, кок пен юнганың жұмысын қатар алып жүретін болған. Джонсон мен Лич болса, қазір енді баяғы күндеріне де зар болып қалған жайы бар, екеуі де капитанның алдында отырса — опақ, тұрса — сопақ, жейтіндері күнде таяқ, бұл сапардан аман қайтатындарына олар бүгінде мүлде күдер үзген сияқты. Басқалардың да жетісіп жүргені шамалы, бәрі тек бір адамның айдауымен ғана жүреді, сол адам оларды ертеден кешке дейін бір тізе бүктірмейді. Ал өз жайыма келер болсам, капитанмен әзірге тіл табысқан секілдімін, бірақ әйтеуір бірде оның қапысын тауып өлтіріп жіберу туралы ой басымнан кетпейді. Мені ол қашан да өзіне тартқысы келіп тұрады, сонымен бірге айтып жеткізгісіз үрейден де құралақан қалдырмайды. Дегенмен мен оны ешқашан өлім төсегінде елестете алмаймын. Оның болмысына бұл тіпті де сай емес-ті. Мен оны әрдайым тек тірі күйінде, иә, мәңгі тірі, мәңгі күшті, ешқашан ешкімді аямас, ешбір зұлымдыққа жүрегі шімірікпес осы хайуан қалпында көремін.
Біз мысықтардың қалың үйіріне тап болған кезде, әсіресе толқындар қатты тулап жатқан уақытта, Қорқау Ларсеннің өзі аңға шығуды қатты ұнататын. Мұндай сәтте жанына тек екі ескекшіні ғана алады да, көзді жұмып көк теңізге қойып кетеді. Мергендігі де керемет, ауа-райының қандай қолайсыз кезінде де ол шхунаға құр қол қайтқан емес, керісінше ол мінген шлюпканың іші қашан да қан сасып тұратын. Ол өмірін тәуекелге байлап, неғұрлым қарсы күшпен қатты күрескен сайын соғұрлым рақат табатындай еді.
Мен кеме қызметіне бұрынғыдан да төселе түстім, оған мына қимылым да дәлел: шайдай ашық бір күні — мұндай күндер қазір бізде сирек кездесер еді — менің мақтанышыма қарай, шхунаны түгелдей өзім басқарып, барлық шлюпканы оп-оңай бортқа көтеріп алдым. Бұл былай болды. Қорқау Ларсеннің әдеттегідей басы ауырып, каютадан шыға алмай қалған да, мен күнұзақ штурвалда тұрғам. Кешке қарай ең шеткі шлюпканың жанына сәтімен зәкір тастап, ешбір нұсқау-бұйрықсыз алты қайықты бірінен соң бірін бортқа шығарып алғам ғой.
Күндер өткен сайын дауылға жиі кездесетін болдық — бұл уақытта біз шторм ендігінде тұрғанбыз — ал маусымның ортасында тайфунның тура өзіне жолыққанбыз: сол бір күндерді мен еш уақытта ұмыта алмас едім, өйткені жеке өміріме де үлкен өзгеріс сонда келген. Байқауымша, біз тайфунның дәл ортасына түскен болуымыз керек, алайда Қорқау Ларсен одан оңтүстікке қарай жылыстап кетудің амалын тапқан — алдымен ол екі рифмен кливерді пайдаланған да, сосын мүлде жалаңаш матчпен зулай жөнелген. Мен бұған дейін нақ осындай жойқын толқынды көрген емеспін. Бұрын кезіккен штормдардың бәрі бұның қасында ойыншық екен, таудай қопарылып келе жатқан әр толқынның арасы кемінде жарты мильдей, ал олардың биіктігі біздің мачтан асады. Тіпті Қорқау Ларсеннің өзі зәкір тастауға жүрегі дауаламай, мейлі ықсақ ыға берейік, жанымыздан теңіз мысықтары садақа дегендей, кемені еркіне қоя берген. Ал, расында, біз негізгі бағыттан ауытқып, онтүстікке қарай шырқап кетіп бара жатыр едік.
Тайфун басылған уақытта біз мұхит пароходтарының жолынан бір-ақ шыққанымызды байқадық. Бірақ бір қызығы, мұнда да, аңшылардың таңданысына қарай, екінші бір теңіз мысықтарының үстінен түсіппіз, құдды бұлар алдыңғылардың артын қорғап жүретін арьергард сияқты екен. Бұл өте сирек кездесетін құбылыс қой. "Шлюпкаларды түсіріңдер!"— деген бұйрық саңқ ете қалды, жан-жақтан мылтық даусы күмпілдеп қоя берді, бұл "қан-майдан" әбден қараңғы түскенше жалғасқан.
Осы күні кешке қарай маған Лич келіп жолығып еді. Мен бүгінгі атып алған мысықтарды жаңа ғана есептеп болып, енді ғана демалуға отырғам, жас матрос жаныма тақап келіп:
— Мистер Ван-Вейден, біз жағадан қанша қашықтықта тұрмыз? Иокагама қай жағымызда?— деген ақырын ғана.
Менің жүрегім қуаныштан дүрс-дүрс соғып қоя берді. Матростың неге бел байлағанын іштей түсіне қойдым да, білгенімді жайып салдым:
— Солтүстік-батыстың батыс жағында. Бес жүз мильдсй жерде.
— Рахмет сізге, сэр,— деді ол. Деді де қараңғылық қойнына бірден сіңіп кетті.
Таңертең үшінші нөмірлі қайық жоқ боп шықты. Онымен қоса Джонсон мен Лич те. Сондай-ақ, тұщы су құйылған бір кеспек, қалған барлық қайықтың азық-түлік салынған жәшіктері; бұнымен қатар екі қашқынның төсек-орындары мен сандықтары да өз орнынан табылмаған. Қорқау Ларсен бар қаһарына мінді де, желкендерді жылдам көтергізіп де, бірден кеме басын батыс — солтүстік-батысқа қарай бұрды. Екі аңшы салинг басына шығып, дүрбімен төңіректі түгел шолып тұрды. Ал капитанның өзі құтырынған арыстандай буырқанып, палуба үстінде ары-бері кезді де жүрді. Қашқындарға деген менің пейілімді ол тым жақсы білетін, сондықтан мені қарауылға қойған жоқ.
Жел емес, желемік қана есіп тұрған, оның өзі де тиіп-қашып қана, дегенмен ұлан-байтақ мұхит бетімен титімдей қайықты тапқаннан көрі бір шөмеле шөптің ішінен бір тал инені табу әлдеқайда оңай еді. Бірақ қашқындардың табанын қалайда құрлыққа тигізбеу үшін Қорқау Ларсен "Елестің" бар мүмкіндігін сығып пайдаланған. Ол осы жоспары бойынша, құрлыққа қарай жақындап алған соң, қашқындар өтеді-ау деген жолды кес-кестеп, кемені көлденең салған.
Үшінші күні таңертең шамамен төрт сағаттай (сегіз склянка — ауд.) жол жүрген кезде, салингте тұрған Смок шлюпканы көрдім деп айқай салды. Бәріміз бортқа жинала қалдық. Батыстан соққан жел біртіндеп күшейе түскен — штормнан хабар бергендей. Міне, енді желдің ық жағынан, көз жетер жердегі толқындардың арасынан қалт-құлт еткен жалғыз ноқат көрінген.
Біз бағытты өзгертіп, жылдам солай бет бұрдық. Менің көңілім алабұртып сала берді. Қорқау Ларсеннің көзінен жарқ-жұрқ еткен жақсы бір ұшқын сезіледі, осы мезетте одан бақытты адам жоқ секілді еді. Ал менің қаным қайнап кеткені сондай, табанда оның кеңірдегінен ала түскім келген. Лич пен Джонсонның тағдыры менің көзіме қан толтырып жібергендей, қарсы алдымдағы Ларсеннің бейнесі маған бейне емес сұлба сияқты ғана көрінеді. Өзімді-өзім бір сәт ұмытып, аңшылардың кубригіне жүгіріп барып, капитанды атып тастайын деген оймен қолыма оқтаулы мылтықты ала бергенім сол, кенет біреудің таңдана айқайлаған даусын естіп қалдым.
— Шлюпкада бес адам!
Денем дір-дір етіп, жаңағы жаңалық ашқан дауысқа құлақ түрген күйі траптан ұстай алдым. Кенет тұла бойымды сұмдық бір зілмауыр салмақ езіп-жаншып бара жатқандай болды: тізем еріксіз бүгіле берді де, баспалдақпен төмен түстім. Тек осы мезетте ғана өзіме-өзім келіп, әлгінде қандай іске бас тіккенімді ойлағанда жүрегім шіміркеніп кетті. Тағдырыма тәуба айтып, мылтықты орнына қойдым да, палубаға көтерілдім.
Жақсы болғанда, менің жоғалып кеткенімді ешкім аңғармапты. Шлюпка енді біраз жақындап қалған екен, оның аңшылар қайығына қарағанда біршама үлкендеу әрі сәл басқаша жасалғаны байқалды. Бізге тақала бергенде ол желкенді жинап, мачтын түсіре бастаған. Сосын онда отырғандар ескектерін ілмекке іліп қойған да, біздің қашан тоқтап, қашан өздерін көтеріп алатынымызды асыға күткен.
Смок енді палубаға түсіп, менің жаныма келіп еді; жүзінде бір жұмбақ күлкі бар. Мен оған сұраулы пішінмен көз салғам.
— Қызықтың көкесін енді көресіз!— деді ол мырс етіп.
— Түсінбедім?— дедім мен.
Ол тағы да қулана жымиып қойды.
— Ау, ана қайықтың арт жағында кім отырғанын көрмейсіз бе? Егер ол әйел затының бірі болмаса, мұрнымды кесіп берейін.
Қайыққа енді мен де сүзіле қарағам, бірақ бірден бәрін аңғаруға шамам жетпеген. Дегенмен маңайымдағылардың бәрі бір ауыздан: қайықта төрт еркек, бір әйел деп, сенімді түрде сөйлеп тұр. Бәрінің өңіне бір жылылық ойнап шыға келгені байқалады. Тек қабағынан қар жауып тұрған — жалғыз капитан ғана, мына шлюпканың өзінікі болмай шыққанына қатты қапалы секілді.
Біз бом-кливерді түсіріп, кливер-шкотты жел жақ бортқа шығарып, грот-шкотты жығып, кемені су бетіне жай ғана қалқытып қойдық. Қайық ескектерін суға түсіріп, бір-екі рет есіп жібергеннен кейін, ол кеменің тура түбінс дейін келген. Мен әйелді енді ғана анық көрдім: ұзын пальтосын қымтана оранып алыпты — таңғы салқын жауратып тастаған секілді. Бастыра киген теңіз фуражкасының жиегінен қызыл-сары шашы қылтия көрінеді. Ұялы қоңыр көздері үлкен, еріндері қаймыжықтай, беті сәл сопақтау екен. Өңі күнге күйіп, желге тотыға бастағаны байқалады.
Ол маған бөтен бір әлемнің жаратылысы сияқты көрінген. Мен оған нанды көрген аш адамдай жұтына қарағанымды сездім. Құдай-ау, менің әйел затын көрмегеніме қай заман! Осы бір ғажайып көріністі көз алдымнан өткізіп тұрып мен бір сәт қызметтік міндетімді де ұмытып кетіппін. Ұмытқаным сол ғой, басқалар шлюпканы көтеріп, абыр-сабыр болып жатқанда, мен байғұс бір орнымда тастай қатып тұрып қалыппын. Матростардың бірі әйелдің қолынан тартып көтеріп алып, оны Қорқау Ларсен тапсырғанда... ол біздің таңданысты жүзімізге көз қиығын тастап, ерекше бір ілтипатпен жымия сәлемдескендей болған, мұндай сәлем, мұндай жылы жымиыс тек әйелге ғана тән еді. Мен мұндай нәзік жымиысты көрмегелі де қай заман! Адамдар өмірде осылай жүреді, осылай күледі дегенді мен әлдеқашан ұмытқам ғой!
— Мистер Ван-Вейден!
Қорқау Ларсеннің даусы мені селк еткізді.
— Мархабат, мына бикешті төменге алып барып, жақсылап жайғастырыңыз. Сол жақ борттағы бос каютаның бірін дайындауға тапсырма беріңіз. Бұны кокке тапсырғаныңыз жөн. Ал өзіңіз бикешке қандай жәрдем жасауды ойластыра беріңіз — бетін күнге тым күйдіріп алыпты.
Ол осыны айтты да, бізді жайымызға қалдырып, қайықтан келген еркектермен сөйлесе бастады. Шлюпканы жайына қоя берген, бұған наразылық білдірген бір азаматқа капитан пысқырып та қараған жоқ. Шындығында, Иокогама қол созым жерде ғана еді.
Бейтаныс әйелді каютаға апара жатып, мен өзімді әрі қолайсыз, әрі қолапайсыз жағдайда сезіндім. Әйелдің соншама нәзік те биязы жаратылысын құдды бірінші рет көргендеймін. Траптан түсерде оған көмектесейін деп қолынан ұстап едім, жып-жылы, жіп-жіңішке саусақтар менің күректей алақанымды күйдіріп жібере жаздағандай болған. Оның өзі де жіп-жіңішке, бір тал қауырсындай жеп-жеңіл еді, сәл қаттырақ ұстасам сынып, үзіліп кетердей көрінген. Міне, әйел атаулыдан тым алыстап кеткен мен байқұс Мод Брустерді бірінші рет көргенде осындай сезімге бөленгем. Иә, мен бұл шхунаға тап болғалы алғаш көрген әйел затым — осы қыз болатын.
— Сіздер мен үшін босқа әуре болмай-ақ қойыңыздар,— деді ол, мен оны Қорқау Ларсеннің жұмсақ орындығына отырғызып жатқанда (бұл орындықты мен жүгіріп барып капитанның каютасынан алып келгем).— Біз бүгін таңертеңнен бері құрлықты көреміз деп, өте үміттенгенбіз. Меніңше, ол бұл арадан алыс болмас. Яки кешке қарай портта тұруымыз әбден мүмкін. Солай ғой?
Оның ешқандай күмән-күдіксіз сөйлеуі мені іштей әбіржітіп тастаған. "Бейшара,— деп ойлаймын,— кімнің уысына түскендеріңді білсеңдер ғой!.." Кешегі күні мен де осылардың күйін кештім емес пе. Сонда таяу порттан менің де дәмем болған. Енді бұған не десем екен? Өтірік көңілін алдарқату? Жоқ, олай істеуге болмайды! Не нәрсенің ашығын, шындығын айту керек.
— Егер басқа бір капитан болса, ертеңнен қалдырмай ол сіздерді Иокагамаға жеткізіп салады дер едім. Бірақ біздің капитанның... Ларсеннің мінезі бөлек адам. Оның әр минутта не істеп, не қоятыны тек өзіне ғана мәлім. Сондықтан кез келген дүниеге дайын болғандарыңыз дұрыс. Сіз түсінесіз бе,— кез келген дүниеге!
— Жоқ, мен сізді тіпті де түсінбей тұрмын,— деді ол. Көзінен әлдебір таңданыс білінген, бірақ қорқыныш емес.— Мүмкін мен қателесетін шығармын, алайда апатқа ұшыраған кемедегілерге көмектесу әркімге де парыз сияқты еді. Жә, бұ да сөз емес қой, шын мәнінде жағалау мына тұрған жерде емес пе.
— Шындығын айтқанда, мен де ештемені кесіп айта алмаймын,— дедім мен оны тым қамықтырмайын деп.— Менікі тек сізді сақтандыру ғана. Біздің капитанда ешқандай адамшылық қылық жоқ. Нағыз хайуанның өзі. Оның кенет қандай қадамға барарын ешкім де білмейді.
Мен тағы да бірдемелерді айтпақ болып едім, ол сөзімді кілт бөліп жіберді.
— Иә, иә, түсінем!— деді шаршаған түрде. Тегі ойын жинақтай алмай отырған секілді. Ол маған амалы таусылып, сүлдері құрып, міне-міне үзіліп кететіндей көрінген.
Бұдан әрі ол жақ кірісін ашқан жоқ, ал мен оның көңілін алаңдатпайын деген оймен Қорқау Ларсеннің нұсқауы бойынша бетті қалпына келтіретін ем-дом жасаудың қамына кірісіп кеттім. Басқа да істейтін жұмыстарым көп еді: дәрі-дәрмек қобдишасынан күнге күйген денеге жағатын май алдым, оған әдемілеп мақта дайындадым, сосын Магриджгс бос тұрған бір каютаны жинап-тазалауды тапсырдым да, Қорқау Ларсеннің жеке заттарының арасынан бір шиша портвейнге де "қол жүгіртіп" үлгердім.
Жел біртіндеп күшейе түскен, ол күшейген сайын кеменің шайқалуы да қатты біліне бастаған. Бұл әредікте каюта да әзір болып, "Елес" толқындар үстінде жебедей зымырап бара жатыр еді. Мен Лич пен Джонсон туралы әлдеқашан ұмытқан болатынмын, бірақ шхуна сыртынан "шлюпка алдымызда!" дегенді естігенде төбеме жай түскендей сілейдім де қалдым. Күмән болуы мүмкін емес-ті — мачт басынан айқайлап тұрған Смок болатұғын. Мен әйелге барлай қарадым: ол өте шаршаған кейіпте көзін жұмып, жұмсақ орындықта шалқая жатқан-ды. Смоктың даусын ол естіген-естімегеніне де көзім жетпеген. "Ұйықтасын,— деп ойладым,— бар сұмдықты өз көзімен көргенше ұйықтап жатқаны дұрыс". Ал сұмдықтың болатыны анық-ты. Капитанның үш күн бойы аңсап күткені де сол ғой, қалайда қашқындарды ұстап алып, адам айтқысыз азаптау ғой.
Палуба жақтан шұғыл бұйрықтар естілді. Сосын аяқтардың дүбірі... риф-штерттердің желге барт-барт толғаны... "Елестің" шұғыл басқа жаққа бұрылғаны, бәрі-бәрі маған ап-анық білініп тұр. Шхуна шұғыл бұрылған кезде, әйел отырған орындық сырғи жөнелген, мен оны әрең ұстап қалдым. Ол көзін ашып алды да, не боп қалды дегендей маған әбіржи қараған. Мен оны дайындап қойған каютаға қарай жетелей жөнелдім. Ол аяқ басқан сайын шалынып, денесі ауыр қозғалып, бөлмеге әрең жетті. Магридж ыржия күлген болды. Мен оған осымен жұмысың бітті, өз шаруаңмен айналыс дегенді ыммен білдіріп, каютадан шығарып жібердім.
Біздің жаңа жолаушымыз каютаға жетпей жатып менің иығыма сүйенген күйі ұйықтап кеткендей еді. Иә, оның жүріп келе жатып қалғи бастағаны рас болса керек, өйткені төсекке денесі тиер-тиместен-ақ сылқ етіп жата кеткен. Сосын басын сәл көтеріп, маған жымия қараған да, көзін қайта жұма беріп еді.
ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Палубаға шыққан сәтте байқағаным, желге қарсы тырбаң қағып бара жатқан бізге таныс желкенді шлюпканы "Елес" екпіндей қуып келеді екен. Бәріміз бір бағыттамыз, қайық тек сәл оң жаққа шығып алыпты. Команда түгелдей палубада. Лич пен Джонсонды ұстап алған соң не болар екен деп, бәрі де бір сойқанды асыға күтіп тұрғандай.
Уақыт төрт склянканы соққан. Луис кормге келіп, жүргізушіні ауыстырды. Ауа ылғалды еді, Луис клеенкадан тігілген жылтыр күртеше мен кең шалбар киіп алыпты.
— Осы жолы бізді не күтіп тұр екен?— деймін мен одан.
— Бар жағдайды сарапқа салсақ, сэр,— дейді ол әдетінше қулана сөйлеп,— жаңбыры аралас аздаған дауыл тұратын шығар. Желбезегімізді дымдап алуға сол да жетіп қалар.
— Біздің жігіттердің шлюпканы көріп қалғаны қандай өкінішті,— деймін мен тағы.
Үлкен бір толқын шхуна тұмсығын оңдырмай соқты да, оны шамамен бір румбқа бұрып жіберген, осы мезетте шлюпка кливерлер арасынан қылтың ете қалып еді.
Луис штурвал тұтқасын шап беріп ұстай алды да, сәл үнсіз тұрып, сосын:
— Менің ойымша олар бәрібір жағаға жете алмас еді,— деді.
— Неге?— деймін мен.
— Негесі сол, әне, көрдіңіз бе?— Жел екпіні шхунаны қисайта бергенде, Луис штурвалды шапшаң бұрай бастады.— Енді бір сағаттан кейін теңіздің астан-кестеңі шыққанда, қабықтай қайықты қойып, таудай кемелердің өзі не болар екен! Олардың бақытына орай біз дер кезінде келіп жеттік, құтқарып қалуымызға әлі уақыт бар.
Қорқау Ларсен палубада құтқарылып алынған теңізшілермен біраз сөйлесіп тұрды да, сосын ютқа көтерілді. Оның жүрісінен әдеттегіден гөрі әлдебір жымысқылық сезілген, ал көзінде суық ұшқын жылтырайды.
— Үш майлаушы және бір механик,— деді ол маған сәлемдесудің орнына.— Алайда бұларды біз матрос қыламыз немесе аңшылыққа пайдаланармыз. Ал жә, бұларды қойшы, анау қалай өзі?
Неге екенін білмеймін, Қорқау Ларсен құтқарылған әйел туралы айтқанда, жүрегіме әлдекім пышақ салып жібергендей болды. Бұндай сезімге берілудің ақмақкершілік екенін білсем де, мен бәрібір бойдағы бір ауыр әсерден құтыла алмай, жауап орнына иығымды қиқаң еткіздім де қойдым.
Қорқау Ларсен әндете ысқырып біраз тұрды да:
— Аты кім екен өзінің?— деді күлімсірей тіл қатып.
— Білмеймін,— дедім мен.— Қазір ұйықтап жатыр. Қатты шаршаған секілді. Расына келгенде, мен сізден бірдеме білем бе деп едім. Бұлар қандай кемеден екен? Қалай бізге тап боп жүр?
— "Токио қаласы" деген пошта пароходынан,— деп ол күңк етті.— Фрискодан Иокогамаға кетіп бара жатқанда қатты дауылға ұшырап, қабықтай кеменің қаңқасы ғана қалыпты. Сол түрімен төрт күн бойы толқынмен арпалысқан... Сонымен сіз оның әйел ме, қыз ба, бойдақ па, жесір ме — ештемесін білмедіңіз, ә? Өкінішті! Өкінішті!
Ол маған көзін сығырайта қадап, басын шайқай берді.
— Ал сіз...— деп бастадым мен. Сосын тілімді тістей қойдым. Апатқа ұшырағандарды Иокогамаға жеткізіп салмайсыз ба деген сөз аузымнан шығып-ақ кете жаздаған.
— Ал мен?— деп қайталады ол.
— Сіз... Лич пен Джонсонға не істемек ойыңыз бар?
— Білмеймін, Хэмп, білмеймін. Мына төртеуін қосқанда, маған адамдар жеткілікті сияқты ғой.
— Ал Джонсон мен Лич бізден тегін қашқан жоқ қой. Бұған дейін олар тартқан азап аз ба еді,— дедім мен.— Енді сізге оларға деген қатынасыңызды неге өзгертпеске? Бортқа алыңыз да, олармен адамша жұмыс істеп көріңіз: Олар қандай қылық жасаса да, соған жеткізгендер бар ғой.
— Жеткізгендер кім? Мына мен бе?
— Иә, сіз,— дедім мен батыл түрде.— Ашығын айтайын, Ларсен, егер сіз ол бейшараларды бұрынғыдай қорлай беретін болсаңыз, онда мен бәрін де құрбан етемін, тіпті өзімнің өмірге деген махаббатымды да, мына тұрған сізді де.
— О-о!— деді ол масайрап.— Мен сізді мақтан етем, Хэмп. Сіз аяғыңыздан керемет тік тұрдыңыз міне. Нағыз рухы мықты адам осындай болады! Бұған дейінгі тірлігіңіздің бәрі қайыршының да қарнын ашыратын бірдеме еді: бос кеуде, боркемік болдыңыз, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен ғана жүрдіңіз,— ал шын мәнінде адам бола бастағаныңыз міне қазір ғана. Маған әлдеқайда осыныңыз ұнайды.
Күтпеген жерде даусы өзгеріп, беті сазара қалды.
— Сіз уәде деген дүниеге сене аласыз ба?— деді ол.— Жалпы, оны қасиетті деп білесіз бе?
— Әрине,— дедім мен.
— Ендеше сізге мынадай шарт қоямын,— деді ол ұлы актердің ролін ойнап.— Егер мен сізге Лич пен Джонсонның бір тал шашына қол тигізбеймін деп уәде берсем, сіз мені өлтіру райыңыздан қайтасыз ғой, ә? Тек мені қорықты деп ойламаңыз, иә, но, ондай ойдан аулақ болыңыз.
Мен өз құлағыма сенер-сенбесімді білмей қалдым,— бұның тағы не істейін деген ойы бар екен?
— Иә, қалай, келісесіз бе?— деді ол шыдамсыздана.
— Келісем.
Ол маған қолын ұсынды, ал мен оны қаттырақ қыстым, бірақ көзіне көзім түскенде жүрегім біртүрлі боп кетті: ойнақшыған жанардан әлдебір мысқыл ұшқыны білініп еді.
Біз юттың жел жақ ығына шыққанбыз. Шлюпка тым таяу жерде еді, мен онда отырғандардың қимылынан шын мәніндегі жанкештілікті байқадым. Джонсон жүргізу тұтқасына таскенедей жабысып алған, ал Лич қайыққа толған суды төгіп әуре. Оларға қарағанда біздің жылдамдығымыз екі есе еді. Қорқау Ларсен жүргізушіге біршама шетке ығыс деген белгі берді де, біз шлюпканың жел жағын ала жиырма футтай қашықтап кеттік. Бұл — қайыққа барар желдің жолын жауып тастаудың амалы еді. "Елес"санаулы минуттан соң бұл мақсатына тамаша жеткен: қайық жылдамдығы бәсеңдеп, желкені бүрісіп, тасбақадай тырбаңдады да қалды. Сосын арада бірер минут өткенде бізді үлкен бір толқын сыртқа қарай ала қашты да, шлюпка төменде қалып қойды.
Осы бір сәтте Лич пен Джонсон борт жақтауында үймелеп тұрған достарына көз салған, бірақ шхуна жақтан ешкім оларға ыммен болсын не сәлем, не тілеулестік білдіре алмады. Команда үшін олар тірілер қатарында жоқ-ты, қайық пен шхуна арасы бізге енді өлім мен өмір арасын бөліп жатқан қылкөпірдей көрінген.
Көзді ашып-жұмғанша олар Қорқау Ларсен екеуіміз тұрған юттың алдынан жарқ ете қалды. Бұл сәтте шхуна төмен құлдилап, ал шлюпка керісінше толқын үстіне шығып кетіп еді. Джонсон маған көз салған — беті мыж-тыж болып, көзі аларып кеткен екен. Мен оған қол бұлғадым, ол да маған солай жауап қайтарды. Бірақ бұнысы жай ғана жауап емес — қасіретке толы жай-күйінің хабары, менімен қимай қоштасқанының белгісі болатын. Мүмкін мәңгіге қоштасқанының... Ал Лич екеуіміз бір-бірімізге көз салып та үлгермедік, ол тек Қорқау Ларсенге қарап, аузы-басын қисайта берген.
Тағы бір мезетте шлюпка кормның артынан шыға келіп еді. Сол сәтте-ақ желкені желге толып, бір жағына қарай бірден аударылып кете жаздады. Таудай толқынның бұрқырай көтерілген жалы қайық үстіне төніп келіп, ақкөбігін ақтара төге салды. Сосын жартылай суға батқан қайық қайқаң етіп шыға келді. Лич жылдам қайта қимылдап, суды сыртқа төге бастаған да, ал Джонсон жалма-жан артқы ескекке жармасқан.
Қорқау Ларсен құдды құлақ түбімнен үрген иттей қарқ-қарқ күліп, юттың жел жағына шығып кетті. Мен оны кемені тоқтататын шығар деп едім, алайда шхуна алға қарай жүйтки берді, ал капитаннан ешқандай бұйрық болған жоқ. Штурвалдағы Луис те міз бағар емес, тек тұмсық жақта топтанып тұрған матростар ғана мыналардың не істемек ойы бар дегендей бізге аңтарыла қараған. "Елес" болса екпіндетіп алға сілтеп барады, ал артта қайық қалт-құлт етіп қалып барады. Сөйтіп бірнеше миль ұзап кеткен соң — қайықтың әзер-әзер қарасы ғана көрінген кезде — матростар шұғыл оң галске бұрылуға бұйрық алған.
Біз жел ығына түсіп, толқындармен арпалысып келе жатқан қайық жаққа қайта бет түзегеміз, бірақ оған екі мильдей қалғанда, бом-кливерді түсіріп, кемені дрейфке жатқызу жөнінде жаңа бұйрық түскен-ді. Кәсіптік қайықтар желге қарай жалтара жүзу тәсіліне икемсіз еді.
Барлық есеп мынаған құрылған: теңіз бетінде олар жел жақта жүреді де, жел күшейген кезде ығып келіп, шхуна бауырына өздері тығылады. Ал қазір жағдай басқаша, сондықтан Лич пен Джонсон желге қарсы бар күштерін салып, қалайда "Елес" аясынан пана тапқысы келген. Мынадай толқындар үстінде олар алға әзер-әзер жылжып келе жатты. Әрбір минут сайын оларды аузын арандай ашқан ажал күтіп тұр еді. Ақ көбігін аспанға атып, дөңбекше домалаған толқындар қайықты бірде олай, бірде былай лақтырады.
Бірақ Джонсон талайды көрген теңіз тарланы еді, кіп-кішкентай шлюпканы ол шхунадан кем басқармаған. Бір жарым сағаттай өткенде, ол бізбен тіпті қатарласып алып, келесі галс кезінде шхунаға жанасып алам деген есеппен кеме кормын айналшықтай берген.
— Ә, сендер тәубаларыңды үйірген екенсіңдер ғой?— деген Қорқау Ларсеннің даусын естідім. Бұны ол, құдды еститіндей-ақ, қайықтағыларға қаратып айтып тұр ма, әлде өзінше міңгірлегені ме — білмедім.— Сендер шхунаға қайта келгілерің келеді, ә? Несі бар, келіңдер, келіңдер!
— Штурвалды жел ығына қарай бұр!— деп бұйырды ол, жаңа ғана Луисті ауыстырған Уфти-Уфтиге.
Бір бұйрықтан соң бір бұйрық беріледі. Палуба үсті тағы да абыр-сабыр әбігерге толып кеткен. Фок босатылды. Грот-шкот та еркіне жіберілді. Сосын Джонсон бізге жүз мильдей ғана жақын қалған кезде, шхуна толқыннан толқынға секіріп, ор қояндай ойнақтап, жел ығымен желдірте зулай жөнелді. Қорқау Ларсен тағы да қарқ-қарқ күліп, ал жетіп алыңдар дегендей шлюпкаға қол бұлғаған. Бұл ойынның сыры белгілі, капитан қашқындарды ұрып-соғып әуре болғанша, өстіп қинап көрейін деген шығар деп ойладым мен. Бірақ бұл өте қауіпті ойын болатын, шлюпканың кез келген сәтте құрдымға кетуі оп-оңай еді.
Джонсон шлюпканы шұғыл бұрып, біздің ізімізге түскен. Бұдан басқадай оның амалы да жоқ-ты. Ажал оларға жан-жақтан анталап тұр еді. Ерте ме, кеш пе, үлкен толқындардың бірі қайықты қаңбақтай лақтырып, үстінен басып өте шығары сөзсіз. Сонымен бітті дей бер.
— Байқайсыз ба, мыналар ажал тырнағына ілініп те қалды-ау,— деді Луис маған сыбырлап, мен оған бом-кливер мен стаксельді жинап алуға бұйрық берейін деп келген кезде.
— Жо-жок, қазір ол кемені тоқтатады да, оларды жинап алады,— дедім мен сенімді.— Біраз жөнге салып алайын дегені де бұнысы.
Луис маған таңдана қарады.
— Сіз солай деп ойлайсыз ба?
— Әрине,— дедім мен.— Ал сіз ше?
Ал мен қазір бір-ақ дүниені ойлаймын — өзімнің бас амандығымды ғана,— деді ол.— Мен ештемеге таңданбаймын. Мына кемеден бәрін де күтуге болады. Фрискода артығырақ ішіп жіберген бір стакан арақтың арқасында міне қаншама хикаяны бастан кешіп келемін. Ой-ой, қайсыбірін айтарсың!.. Ал сіз де енді сау басыңызға сақина тауып алдыңыз. Ана бикештің арқасында... Мен ештеме сезбейді деп ойлайсыз ба! Ой, талайын көрдік қой, білмейтініміз биттің астында.
— Бұнымен не айтқыңыз келеді?— дедім мен асығыс, өйткені ол сөздің басын қылтитып алып, сосын үнсіз жүре беріп еді.
— Мен не айта алам?— деді ол.— Бұл дәл сіз қоятын сұрақ та емес қой. Менің айтқанымнан келіп-кетер не бар, бәрін шешетін Қорқаудың айтқаны да. Иә, Қорқаудың, қасқырдың!..
— Бірдеме бола қалса, сіз мен жаққа шығар ма едіңіз?— деген сөз еріксіз аузымнан шығып кеткен. Себебі, оның әлгінде айтқан сөзі маған әлдебір жаманшылықтан хабар бергендей еді.
— Сіздің жағыңызға?.. Жо-жоқ, мен қай уақытта да бір-ақ адамның жағындамын. Ол — мына алдыңызда тұрған кәрі Луис болады.
— Сізді мұндай қорқақ деп ойлаған жоқ едім,— дедім мен оны кінәлап.
Ол маған жаратпай қарап қойды.
— Егер мен кеше ғана бірге жүрген ана есуастар үшін де қыңқ етпеген болсам,— деді ол көз ұшында қараңдап қалып бара жатқан қайық жаққа иек көтеріп,— сонда мен өмірі бір көрмеген қайдағы бір бикешке бола бас жарғысы келеді деп ойлайсыз ба?
Одан көңілім қатты қалған мен теріс бұрылып жүріп кеттім.
— Мистер Ван-Вейден, топсельді алып тастаңыз,— деді Қорқау Ларсен мен ютқа көтерілген кезде.
Бұл бұйрықты естіген сәтте қашқындар үшін алабұртқан көңілім сәл басылайын деген. Капитанның олардан тым ұзап кеткісі келмегені белгілі болды. Бұл ой менің көңілімді сергітіп, нұсқауды жылдам орындауға тырыстым. Сосын бұйрық беріп үлгіргенімше матростардың бірі фалға, бірі ниралға ұмтылса, енді бірі ванттардың бойымен биікке қарай өрмелей жөнелген. Қорқау Ларсен олардың ширақ қимылына риза болып тұрып, түнере жымиып қойды. Ал шхуна мен шлюпканың арасы бәрібір алыстай берді, тек шлюпка бірнеше миль артта қалып қойған кезде ғана біз кемені дрейфке жатқызып, оны күте тұрдық. Борттағының бәрі қайықтың жақындай түсуін мазасыздана күткен. Тек Қорқау Ларсеннің түрі ғана сыр берер емес, баяғы сызданған қалпы. Тіпті алысқа сүзіле қарап тұрған Луистің өңінен де әлдебір қобалжу сезіліп еді, онысын ол жасыра да алмаған.
Уақыт өткен сайын шлюпка жақындай берді, жақындай берді,— көкбұйра толқындардың үстінде секіріп-ыршып, секіріп-ыршып жылжып келе жатқан бейне бір тірі жәндік секілді, кейде қалбаң қағып толқынның үстіне шыға келеді, кейде бүлк етіп төмен түсіп кетеді. Оның әрбір қайта көрінуі ақылға сыймайтын дүние секілді; әй осы жолы құрдымға кеткен шығар деп ойлайсың, жоқ, артынша қараң етіп қайта көрінеді. Неткен жаны сірі десеңші! Өстіп жүріп ол кемемен құйрық тістесіп те қалып еді. Осы арада жаңбырлы дауыл бұрқырап қоя берді де, кенет ақ мұнардың арасынан, тура өкпе тұсымыздан — шлюпка сопаң етіп шыға келді.
— Рульді бортқа!— деп Қорқау Ларсен барқ ете түсті, сосын шыдамыздана штурвалға өзі тұрып, оны шалт бұрып жіберді.
"Елес" тағы да аңқылдап алға ұмтылды. Желмен ұшып, желдей есіп барады. Қайық болса соңында. Жетсем деген үмітте. Осы үміттің жетегімен ол шхуна соңынан және екі сағаттай сүмеңдеген. Бірнеше мильден кейін тағы да оны күтіп алдық, бірақ жете берген кезде қайта қаша жөнелдік: осы уақыттың бәрінде бір жапырақ желкен бірде корм артында қалбаңдап, бірде толқын үстінде жалбаңдап, енді бірде түпсіз тереңге құлдырап, әйтеуір өмір мен өлім арасында қалтылдады да отырды. Сосын азынай соққан кезекті бір желдің тегеуріні теңіз апшысын қуырып, су бетін тулақтай қағып, айрандай сапыра бастаған кезде, әлгі қалтылдаған жалғыз желкеннің сұлбасы бізден небәрі төрт-ақ миль жерден қарауытып еді. Бұл оның ең соңғы рет көрінгені екен,— бұдан соң ізім-қайым жоғалған. Артынша жел бұлттарды тықсыра қуып әкетті де, аспан шайдай ашылып шыға келді. Теңіз беті де айнадай жарқырап жатты, бірақ көз жетер жердегі көкшіл айдын бетінен бір түйір қара көрінбеген. Сол бір түйір қарамен бірге Джонсон мен Личтің де мәңгіге жоғалғанын біз бәріміз сезіп тұрдық.
Команда палуба үстінде әлі де ұйлығып тұр еді. Ешкімнің төменге түскісі келмеген, ешкім бір ауыз сөз тіл қатпаған. Олардың бір-біріне қарауға да дәттері жетер емес. Бәрі естен танып, мәңгіріп қалған секілді. Дегенмен Қорқау Ларсен оларды бұл қалпында ұзақ қалдырған жоқ, ол кемені бірден жолға салуды бұйырған, бірақ Иокогамаға емес, теңіз мысықтарының үйіріне. Матростар бірінен соң бірі іске кірісе бастады. Ендігі қимылдары тым сылбыр, тым баяу. Құдды өлікті соңғы сапарға шығарып салып жатқандай — түрлері түнеріп, қабақтары салбырап кеткен. Ал аңшылардың жайы басқаша. Өмірі езу жимай жүретін Смок қазірдің өзінде бір қызық хикаяны бастап жіберіп, оған қалғандары мәз болып, қарқ-қарқ күлген күйде кубриктеріне түсіп бара жатты.
Кормге беттеп бара жатып, кешегі құтқарып алған механикке жолығып қалдым: өңі боздай бозарып тұр екен:
— Құдай сақтай гөр! Біз қандай кемеге тап болғанбыз, сэр,— деді ол көзі алақтап.
— Өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, соқыр емессіз,— дедім мен дөрекілеу, дәл осы мезетте менен бір сыпайы сөз шығу мүмкін емес-ті.
— Сіздің маған берген уәдеңіз қайда?— дедім сосын Қорқау Ларсенге бұрылып.
— Мен сізге оларды бортқа алам деп қашан уәде бердім,— деді ол мізбақпастан.— "Оларға саусағымның ұшын да тигізбеймін" дегем. Дегенімді орындадым. Енді маған не қыл дейсіз.
Сосын ыржия күліп тұрып:
— Иә, иә, мен оларға саусағымның ұшын да тигізгем жоқ,— деді тағы да.
Мен үндегем жоқ. Үндейтіндей аузыма сөз түсетін жағдайда емес едім. Бойымды да, ойымды да жинақтап алуым керек-ті. Төменде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан әйел алдындағы жауапкершілігімді сезіндім де, мынадай ойға бекідім: егер оған шын көмектескім келсе, асығыстықтан аулақ болғаным жөн.
ЖИЫРМАСЫНШЫ ТАРАУ
Күн ешбір қырсықсыз, жаңалықсыз мамыражай өтті. Жеңіл жаңбыр "желбезегімді ғана дымдап" өте шыққан. Қорқау Ларсеннің жұдырығын біраз иіскеп алғаннан кейін механик пен майлаушы амалсыз біздің шхунаға қызмет ететін болды: бір-екеуін аңшы ретінде шлюпкаға, қалғанын күзетке бөліп жіберді. Қоймадан оларға ескі-құсқы киім де табылды. Сонымен "жазған құлда жазық жоқ", олар сүйретіліп бактегі кубрикке түсіп кетті. Әрине, қарсыласуға дәрмен жоқ, Қорқау Ларсеннің кім екенін олар алғашқы күні-ақ жақсы біліп қалған.
Мисс Брустер — біз оның аты-жөнін механиктен біліп алғанбыз — тым ұзақ ұйықтап еді. Оны оятып алмау үшін кешкі ас үстінде мен аңшыларға ақырын сөйлеуді өтінгем. Ол өз каютасынан тек ертеңінде таңертең ғана шыққан. Мен оны жеке жерге отырғызып тамақтандырғым келіп еді, бұған Қорқау Ларсен бірден қарсы болды.
— Әспенсінетін кім ол сондай,— деді ол қабақ тыржитып.— Көптен ешкім артық емес.
Үстел басына әйел затының келуі әркімге әрқалай әсер еткен. Тіпті күлкі шақыратын көрініс те байқалып еді. Әлгінде ғана гу-гу етіп отырған аңшылар енді тамақтарына тас тұрып қалғандай ауыздарын ашып аңқиды да қалды. Тек Джон Хорнер мен Смок қана аса әбіржіген сыңай танытқан жоқ: тіпті сәті келсе оны сөзге де тартқысы келген. Ал қалған төртеуі алдарындағы астан бас көтермей, ауыздарын асықпай малжаңдатты да отырды — құдды құлақтарын жымып алып жем жеп жатқан жылқы секілді.
Қорқау Ларсен алғашында сөзге тиіп-қашып қана араласып отырды. Бұнысы қысылғаны емес-ті. Ол үшін мисс Брустер — мүлде бейтаныс, жаны жұмбақ, табиғаты бөлек, өткені құпия жан еді. Сондықтан оны алдымен дұрыстап, зерттеп алғысы келіп, әр қимылын қалт жібермей бақылап, әр сөзіне мән беріп, тесірейді де отырды. Менің де бүкіл назарым оған ауған, бірақ неге екені белгісіз, осы ортада сөзге жан беріп отырған жалғыз өзім болсам да, әлденеге дегбірім қашып, қарадай қысыла бердім. Қорқау Ларсен керісінше өзін тым еркін сезінген. Оның мисс Брустерге қадалған көкшіл көзінен "әйел болсаң қайтейін, мен бәрібір сенің алдында өбектеп тұра алмаймын" деген сыңай байқалып еді. Оған әйел не, біз не, долдана соққан дауыл не — бәрібір сияқты.
— Иокогамада қашан боламыз?— деді әйел кенет, капитанның бетіне тура қарап.
Бұл сұрақтың астарында ештеме жоқ-ты. Бірақ... ешкім күтпеген оғаш бірдеме айтылғандай жаңа ғана алдарындағы тәрелкеге тұқырайып алып малжаң-малжаң етіп отырған ауыздар, жыбыр-жыбыр еткен құлақтар сап тиыла қалған. Капитан бұған не дер екен деп бәрі тағатсыз күтіп еді.
— Егер аңшылық маусым тезірек бітсе, үш-ақ күнде, әйтпесе үш айда,— деді капитан.
Әйелдің түрі бұзылып кетті. Сосын сенімсіз дауыспен:
— Ал мен ойлап едім...— деді кібіртіктеп.— Маған Иокогамаға дейін бір-ақ күндік жол дегендей еді.— Ол тәрелкелерге еңкейген қалпы тастай қатып қалған бастарға жабырқай көз салып өтті. Сіз... сіздің бұлай істеуге қақыңыз жоқ қой.
— Бұл мәселе жөнінде сіз мистер Ван-Вейденмен кеңескенініз жөн,— деп, капитан мен жаққа мысқылмен иек қағып қойды.— Қақ, құқық деген мәселелердің маманы осы кісі. Ал мен қарапайым теңізші ретінде тек өз ісімді ғана білемін. Сізге мүмкін мұнда қалу тым өкінішті шығар, ал біз үшін зор қуаныш.
Капитан әйелге жымия қарады, ол ыңғайсызданып назарын төмен салды, бірақ сол сәтте-ақ жанарын маған бұрып, ал сіз не дейсіз дегенді білдіріп еді. Мен не дейін, олай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі, үндемей құтылуды жөн көрдім. Алайда әйел шыдамады білем, маған көзін қадап тұрып:
— Айтсаңызшы, бұған сіз не дейсіз?— деді ақыры.
— Сіздің қазіргі жағдайыңыз қиындау боп тұр,— дедім мен.— Егер сіз жапон жағалауларына тек денсаулығыңыз үшін сапар шеккен болсаңыз, онда сіз іздегеніңізді осы кемеден-ақ табатыныңызға толық сенім білдіре аламын.
Оның бет жүзінен қатты қапаланғаны білінді. Менің маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Бетім де күйіп-жанып шыға келген. Ұяттан жерге кірген жерім осы еді. Қорқақтық деген неткен қорлық десеңші! Бірақ амалым қайсы.
— Иә, тек мистер Ван-Вейденге ғана сенуіңізге болады,— деп Қорқау Ларсен өзінше күлген болды.
Мен бас изеп қойдым, ал мисс Брустер бұл сәтте өзіне-өзі келіп, әліптің артын баға бастаған.
— Бірақ сіз мистер Ван-Вейденді туа бітті осындай атпал жігіт екен деп ойламаңыз,— деді Қорқау Ларсен сөзін жалғастырып.— Сіз бұның бізге алғаш келген кезін көрсеңіз ғой, не еркек емес, не әйел емес, болбыраған бір бейшара еді. Ал қазір өзгерген, о-о, керемет өзгерген! Солай емес пе, Керфут?
Күтпеген сұрақтан оның есі шығып кеткені сондай, қолындағы пышағын жерге түсіріп алып, мұрын астынан мыңқ етті де қойды.
— Картоп тазалап, ыдыс-аяқ жуғаны бұны шынықтыра түсті емес пе, Керфут? Солай ғой?
Керфут тағы да мұрын астынан міңгірледі де қойды.
— Ал енді қазір қараңыз бұған. Әрине, тепсе темір үзеді деп айта алмайсыз, бірақ дегенмен бұлшық еттерінің біраз өсе түскені анық. Бұрын бұлшық етті қойып, жай етінің өзі қамырдай болбырап тұр еді. Бұның екі аяғынан тік тұрғаны да осы соңғы кезде ғана, әйтпесе екі аттам жерге өз бетімен жүре алмайтын бейшара еді ғой.
Аңшылар жырқ-жырқ күлді. Мен ызадан булыға түстім. Бірақ қыздың оны тыңдап қайтесіз дегендей жылы көзқарасы жаныма сәл демеу болғандай болды. Шындығын айтқанда, мұндай түсіністікке толы пейілді мен көрмегелі қай заман, сондықтан да болар, жүрегім біртүрлі шымырлап қоя берді. Бірақ Қорқау Ларсенге деген ызам кеудемде тас боп қатып қалған. Ол: сені адам қылып, екі аяғынан тұрғызған — мына менмін, сол үшін де маған қарыздарсың дегенді тілінің бүкіл уытымен мені қорлай отырып жеткізіп еді.
— Иә, екі аяқтан тік тұруды сізден үйренгенім рас шығар, бірақ адамдарды айуанша тепкілеуді әлі үйрене алмай жүрмін,— дедім мен.
— Демек біз сізді әлі толық тәрбиелей алмай жүр екенбіз,— деді ол ызғарлы. Сосын мисс Брустерге бұрылып:— Негізінен бұл кеменің адамдары өте қонақжай келеді. Бұған мистер Ван-Вейденнің көзі әлдеқашан жеткен. Біз мұнда тап болған адамдардың бәрі өз үйіндегідей сезіну үшін барлық жағдайды жасаймыз. Осы сөзім өтірік пе, мистер Ван-Вейден?
— Иә, тіпті картоп тазалатып, ыдыс-аяқ жуғызуды да ұмытпайсыздар... Тым жақсы көрген кезде алқымнан қысып, ауыздан ұрғанды айтпаған күннің өзінде...
— Сіз мистер Ван-Вейденнің осы сөзіне қарап біздің кеме жөнінде басқаша ойлап қалуыңыз мүмкін,— деді ол менің сөзімді бөліп.— Байқайсыз ба, мисс Брустер, бұл кісі, әнеки, беліне қанжар байлап алған, ал мұндай қылық капитан көмекшісі үшін мүлде жараспайтын тірлік. Жалпы айтқанда, мистер Ван-Вейден қай жағынан да сыйлауға тұрарлық жігіт, бірақ кейде... қалай айтсам екен... былай, қызбаланып кететіні бар. Сондай кезде аздап сыбағасын алып тұрады. Ал қазіргідей сабырлы сәттерінде бұдан өткен ақылды да әділетті адамды табу қиын. Дегенмен... кеше ғана мені өлтірем деп қорқытқанын өзі де мойындайтын болар.
Мен ашу-ызадан жарылып кете жаздадым. Тегі көзім қызарып шыға келген болу керек, соны байқап қалған Қорқау Ларсен:
— Әне, қараңызшы, бұл тіпті сіздің алдыңызда өзін әрең ұстап тұр. Әрине, көптен бері әйелдер ортасында болмаған ғой. Жоқ, менің де қаруланып алғаным жөн шығар, әйтпесе бұнымен палубаға бірге шығу қауіпті секілді ме, қалай.
— Өкінішті, өкінішті!— деді ол аз үнсіздіктен соң.— Маған да жан керек.
Аңшылар көздерінен жас аққанша күлді. Теңіз желі тамақтарын құрғатып, әбден қарлығып қалған осы адамдардың даусы бір түрлі жабайы, әрі қорқынышты көрінген. Ғайыптан бізге сағыныш боп жолыққан алдымыздағы әйелге қарап отырып, мен алғаш рет өзімнің де осындай ортадан алыс кетпегенімді сезіндім, не десем де, қалай ойласам да, мен де солардың бірі едім, солар сүріп жатқан өмір маған да тән еді, ол — өзгелердің бәріне ортақ теңіздік кәсіпке бейімделген өмір болатын. Мына үстімдегі алба-жұлба киімдер, мына тотығып, жарылып, күреңітіп кеткен беттер, осы қыр-қыр еткен жабайы күлкілер маған қалай жат боп көрінбесе, бұл кешіп жатқан өмір-тірлігім де жаныма солай жақын боп кеткен.
Нанға май жағып жатып көзім бір сәт қолдарыма түсіп еді. Буындарым жарылып-жарылып, терісі қанталап тұр. Саусақтарым добалдай боп ісіп кеткен. Тырнақтарым қап-қара кір. Айнаға қарамасам да сезіп тұрмын: сақалым өскен, күртемнің жеңі жыртылған, көйлегімнің алқымдық түймесі жоқ. Қорқау Ларсен айтқан қанжарым белімде салбырап тұр. Бұған дейін осының бәрінің ешқандай оғаштығы жоқ сияқты еді, ал енді қазір мисс Брустердің көзімен қарап тұрып, өзімнің де, басқалардың да қандай жабайы, тұрпайы көрінетінімізді сезгенмін.
Ол Қорқау Ларсеннің сөз астарынан уытты мысқылды сезіп, маған тағы да жанашырлық пен жылы көз салып өткен. Осы мезетте мен оның әлденеге әбіржіп отырғанын да байқап қалдым. Тегі Қорқау Ларсеннің мазаққа толы сөзі оны да ойландырып тастаса керек.
— Мүмкін мені жолай кезіккен кемелердің бірі ала кетер,— деді ол бір жіңішке үмітпен.
— Сіз бұл жерден аңшылар кемесінен басқа ешбір кемені кезіктіре алмайсыз,— деп, Қорқау Ларсен кесіп тастады.
— Көріп отырсыз, менің үстімде жылы киім де жоқ, өзіме қажетті басқа заттар да керек,— деді ол.— Сіз менің әйел адам екенімді, сіздер сияқты көшіп-қонып жүре беруге жағдайымның келмейтінін ұмытпағаныңыз жөн.
— Мұндай өмір сүруге неғұрлым тезірек үйреніп алсаңыз, соғұрлым өзіңізге жақсы болады,— деп жауап берді оған Қорқау Ларсен.— Мен сізге ине, жіп, шүберек, бәрін тауып беремін. Содан өзіңізге бір-екі көйлек тігіп алуыңызға болады.
Ондай іс қолымнан келмейді дегендей әйел кекесін езу тартып қойды. Байқаймын, оның бүкіл амалы таусылып, енді не істерін білмей естен танып отырған секілді.
— Менің шамалауымша, сіз де мына мистер Ван-Вейден сияқты өмірі өз қолыңызбен шала басын ысырмаған адам секілдісіз. Яғни бәрін сізге біреулер істеп берген. Ал енді, амал жоқ, өзіңіз үшін өзіңіз қимылдауға тура келеді. Одан саусағыңыз сынып қалмайды. Айтпақшы, осы уақытқа дейін өз наныңызды қалай тауып жедіңіз?
— Сізді ренжітейін деген ойым жоқ, алайда мына шындықты айтпай тұра алмаймын: адамдар өмір сүруі үшін тамақ ішіп, киім киюі керек, оны әйтеуір бірдеме істеп табуы керек. Мәселен, мыналар теңіз мысығын аулайды, мен өз шхунамды басқарам, ал мистср Ван-Вейден маған көмекші болып, өз нәпақасын табады. Ал сіз немен айналысасыз?
Әйел иығын қиқаң еткізді.
— Иә, сіз өзіңізді немен асырайсыз? Әлде бәрін біреулер аузыңызға салып бере ме?
— Менің көпке дейін басқалардың мойнында болғаным рас,— деді әйел күліп. Даусынан капитанға еліктей сөйлегені байқалды, бірақ оған қадаған көзінен белгісіз бір үрей ұшқыны да жылтырай қалып еді.
— Төсек-орныңызды да солардың салып бергені рас қой?
— Оны өзім істеген кезім де көп болған.
— Күн сайын?
Әйел өкінішті сыңайда бас шайқап, жымия күлген болды.
— Ал сіз білесіз бе, Құрама Штаттарда мына сіз сияқты өз нанын тауып жегісі келмейтін кезбелерге не істейтінін?
— Мен түктен хабары жоқ адаммын,— деді әйел жорта надансып.— Иә, онда не істейді екен мен сияқтыларға?
— Түрмеге отырғызады. Қылмыстары сол — жұмыс істемейді, қоғамның мойнында отырады, сондықтан оларды масыл, кезбе ретінде темір тордың ар жағында ұстайды. Мен егер жатса-тұрса әділет деп зарлайтын мистер Ван-Вейденнің орнында болсам, сізге мынадай сұрақ қояр едім: күнделікті ішіп-жеміңізді ақтайтындай бір тірлігіңіз болмаса, онда сіздің жер басып жүруге қандай қақыңыз бар?
— Бірақ сіз мистер Ван-Вейден емессіз ғой. Сондықтан бұл сұраққа жауап беруге міндетті емес шығармын. Солай емес пе?
Әйел өзінше еркін күлген сыңай танытты, алайда көзіндегі манағы үрей әлі де жылтырай ұшқындап тұр еді. Менің жүрегім қысыла түсті — оны бір түрлі аяп кеттім. Енді сөзге өзім араласып, әңгімені басқа арнаға бұрып жібермесем, жағдай тіптен қиындай түсетін секілді еді, бірақ аузымды ашқанша капитан тағы киліге түскен.
— Сіз өз еңбегіңізбен өмірі бір доллар тауып көрдіңіз бе?— деді ол айтатыныңды білем дегендей аса бір сенімді түрмен.
— Иә, таптым,— деді қыз асықпай, ал мен бүкіл денесімен алға ұмсына итінген Қорқау Ларсенге қарап күліп жібере жаздадым.— Әлі есімде, кішкентай кезімде әкем бір минут тыныш отыра тұруым үшін бір доллар ақша берген.
Капитан ризашылықпен жымиды.
— Бірақ бұл баяғыда болған нәрсе ғой,— деді әйел сөзін әрі жалғастырып.— Әрине, сіз тоғыз жасар қыз өз нанын неге тауып жемеді демейтін шығарсыз.
Сосын сәл үнсіздіктен кейін ол:
— Ал қазір жылына шамамен мың сегіз жүз доллар, табамын,— деді ақырын ғана.
Бәрі тәрелкеден бастарын жұлып алып, оған таңдана қарай қалды. Әйел адамның жылына мың сегіз жүз доллар табуы олар үшін ақылға сыймастай еді. Қорқау Ларсен де таңданысын жасыра алмаған.
— Бұл кесімді табыс па, әлде еңбегіңізге қарай ма?— деді ол.
— Еңбегіме қарай.
— Мың сегіз жүз... Демек, айына — жүз елу доллар,— деп ел есептеп те үлгерді.— Дегенмен мұндағы табыс та аз емес, мисс Брустер. Өкінбеңіз. Осы кемеде болған уақытыңыздың бәрінде өзіңізді кесімді айлыққа тұрдым деп есептеңіз.
Қыз ештеме деген жоқ. Капитанның кезекті түлкі бұлғаңы оны мүлде түңілдіріп жібергендей.
— Айтпақшы, сіздің мамандығыңыз жөнінде сұрауды ұмытыппын-ау,— деді капитан баспалап.— Сіз сонда не істейсіз, не жасайсыз? Жұмыс үстінде қандай құрал-жабдықтарды пайдаланасыз?
— Қағаз бен қаламды ғана,— деп күлді қыз.— Сосын әрине, жазу мәшеңкесін.
— Ау, сіз?.. Сіз Мод Брустер емессіз бе?— дедім мен ақырын, бірақ сенімді түрде, құдды қылмыскердің үстінен түскендей.
— Неге олай деп ойлайсыз?
— Дегенмен... мен қателеспеген шығармын?
Ол бас изеді. Қорқау Ларсен біртүрлі қипақтап қалды. Оған әрине, әйгілі Брустер кім, Магридж кім — бәрібір еді. Ал мен үшін ол — ұланқайыр әңгіме, зор құрмет болатын. Осы үшін де өзімді бір сәт бақытты сезіндім және көптен бері бірінші рет Қорқау Ларсенге миығымнан қарағандай болдым.
— Сіздің бір кітабыңызға пікір жазғаным да есімде,— деп, мен жаңа бір әңгімені жайлап бастай беріп едім, қыз сөзімді бірден бөліп жіберген.
— Сіз?— деді оның көзі бақырайып.— Осы отырған сіз...
Иә. менмін дегенді білдіріп, мен де бас изедім.
— Хэмфри Ван-Вейден!— деді ол арқасынан бір ауыр жүк түскендей жеңіл тыныстап. Сосын еріктен тыс Қорқау Ларсен жаққа көз қиығын салып өтті де:
— Бұл неткен қуаныш!..— дегенді қосып қойды.
Осы сөздің аузынан шығып кеткеніне ыңғайсызданып қалған ол артынша асығыс:
— Иә, онда сіз мені тым асыра мақтап жібергенсіз,— деді қызарақтап.
— Жоқ, бұныңызға келісе алмаймын,— дедім мен сыпайы түрде.— Бұл сөзіңізбен сіз менің әділетті бағамды жоққа шығарасыз, әрі талғам-танымыма күмән келтіресіз. Ал біздің сыншылардың бәрі менің пікіріммен толық келіскен. Егер бағама сенбесеңіз Лэнгтің өзі сіздің "Мәжбүрлі сүйісіңізді" әйелдер қаламынан туған ең таңдаулы төрт ағылшын сонетінің қатарына қосқаны өтірік пе?
— Осы орайда мені американдық Мейнелл11 атаған да өзіңіз ғой.
— Бұл шындық емес пе, не?
— Мәселе онда емес,— деді ол.— Салыстыруыңыз маған тым салмақты көрінген.
— Белгісізді тек белгілімен ғана өлшеуге болады,— дедім мен академиялық үлгіде.— Мен ол кезде сыншы ретінде әдебиеттегі сіздің орныңызды анықтауға міндетті едім. Ал енді қазір сіздің өзіңіз де өлшем болуға жеттіңіз. Менің кітап сөремде сіздің жеті том өлеңдер жинағыңыз тұр, олардың жанында қалың-калың екі том очерктер жинағыңыз және бар. Егер хош көрсеңіз, айтайын, ол екі кітап та өлеңдеріңізден кем емес. Дегенмен, бұл салыстырудың сіздің қай шығармашылық қырыңызға дөп келетінін білмеймін, бірақ білетінім: таяу жылдары Англияда бір талантты ақын жарқырап шыға келсе, сыншылар оны ағылшындық Мод Брустер деп бағалайтыны анық.
— Байқаймын, сіз өте жанашыр адам екенсіз,— деді ол биязы тіл қатып. Осы сөздерді айтқан кездегі оның дауыс ырғағы мен жұмсақ лебізінің өзі менің қай-қайдағымды қозғаған. Алыста қалған бақытты күндерім, сағынышпен сарғая күткен отбасым, бәрі-бәрі көз алдымнан тізбектеліп өте берген. Қазір қандай күй кешіп жүр екен, қайран менің анам мен апаларым!
— Сонымен сіз — Мод Брустср болдыңыз!— дедім мен оған үстелдің екінші жағынан салтанатты түрде.
— Ал сіз — Хэмфри Ван-Вейденсіз!— деді ол да әрі салтанатты, әрі үлкен құрмет белгісімен.— Бұл неткен қызық жағдай! Құдды бәрі түс секілді. Мүмкін енді сіздің қарымды қаламыңыздан романтикалық бір тамаша дүние күтетін болармыз?
— Жо-жоқ, бұл жерде мен материал жинаумен айналысып жүргем жоқ,— дедім мен ат-тонымды ала қашып.— Шындығында, мен беллетристикалық бірдеме жазуға қабілетім де, құқым да жоқ адаммын.
— Жә, бұ жағын түсіндік, ал енді мынаны айтыңызшы, сіз тек Калифорнияға байланып қалуыңыз қалай? Бұны мен сіздің тарапыңыздан салғырттық деп білем,— деді ол.— Біз сізді "американ әдебиетіндегі екінші ұстаз" есептейміз, сөйте тұра өзіңізді біздің Шығыстан көре алмауымыз өкінішті-ақ.
Мен бұған жауап ретінде, тағзым білдірдім, сосын іле-шала:
— Сіз не десеңіз де, сол Шығыста — филодсльфияда, өзіңізбен бірде кездесіп қала жаздаған да кезім болған,— дедім.— Сол жерде Браунингтің әлдебір мерейтой жиынында сіз баяндама жасайды дегенді естіп, асығыс жолға жиналғам. Бірақ, амал не, мен мінген поезд тұтастай төрт сағатқа кешігіп қалмасы бар ма!
Әңгіменің қызғаны сондай, біз жайымыздағыларды ұмытып кетіппіз, тіпті екі көз, екі құлағын бірдей бізге қадап отырған Қорқау Ларсен де тарс есімізден шыққан. Аңшылар орындарынан тұрып, палубаға бет алды, ал біз әңгімені көйітіп әлі отырмыз. Жанымызда қалған жалғыз Қорқау Ларсен ғана. Онымен бірге отырғанымызды мен енді ғана сезінгем: жұмсақ орындыққа шалқая жатып алған ол өзге бір әлемнің өзге бір тілімен сөйлесіп отырған бізге әрі қызыға, әрі таңдана құлақ тігеді.
Мен сөзді бірден доғара қойдым. Қызды-қыздымен қауіп-қатердің бәрін естен шығарып алғанымды, ол бәленің ең үлкені, міне, тура алдымда отырғанын мен енді ғана түсінгем. Бұны Мод Брустер де сезген секілді, оның капитанға әбіржи қараған көзінен әлдебір үрей байқалған. Қорқау Ларсен жорта күліп, орнынан тұра берді. Бұл күлкісінен адамның тұла бойын қалтырататын бір ызғар сезіліп еді.
— Жо-жоқ, маған көңіл аудармай-ақ қойыңыздар,— деген ол өтірік кішірейгенсіп.— Жалпы мен мұндайға мән бермейтін адаммын. Жалғастыра беріңіздер, жалғастыра... Өтінем!
Дегенмен, осы тұста біздің де әңгімеміз шорт үзіліп, үстел басынан жадырай күліп тұра бастағанбыз.
ЖИЫРМА БIРIНШI ТАРАУ
Мод Брустер екеуіміз үстел басындағы әңгімеде Қорқау Ларсенді назардан тыс қалдырып алғанымыз оның шымбайына қатты батқан да, ол енді кімнен өш аларын білмей алас ұрған. Сөйтіп ұрынарға қара табалмай тұрғанда, көзіне бірінші іліккен адам — Томас Магридж еді. Оның ұқыпсыз, салдыр-салақ, арамдығы үстіне киген бір қабат киімінен ғана емес, бүкіл тірлігінен көрініп тұратын. Камбуздегі ыдыс-аяқтар кез келген жерде шашылып жатады. Уақытында жуып-тазалап тұрмағандықтан олардың бес елі кіріне бес ит жаласа тойғандай болатын. Құдай ұрғанда, бұл жолы да ол кір-қожалақ боп Қорқау Ларсеннің алдынан шыға келмесі бар ма.
— Әй, сен нағыз ақпақұлақ екенсің ғой!— деп, капитан оны бірден бассалған.— Таза жүр деп мен саған неше айттым, а? Тыңдамайсың, а? Ендеше, өз обалың өзіңе!
Капитан дереу екі матросты шақырып алып, мынаны жөнге келтіріңдер дегендей ым қаққан. Коктың түрі өрт сөндіргендей қап-қара болып кетті. Сосын матростар жақындай бергенде, камбуздан атып шығып, қаша жөнелді. Содан артына шала байлап жіберген мысықтай безектеп, ары-бері аңдыздасын кеп палуба үстінде. Матростар оны қуып жүріп ішектері қатқанша күледі — еріккен жігіттерге нағыз ермек енді ғана табылғандай. Олардың кокке деген қолдары баяғыда-ақ қышып жүрген-ді, өйткені ол қашан да тамақтың ең нашарын матростар кубригіне жіберетін. Кемеде керемет бір "ойын-сауық" ұйымдастыруға ауа-райы да тамаша ыңғай танытып тұр еді. Шымыр-шымыр етіп жатқан жап-жазық теңіз бетінде "Елес" сағатына үш мильдей ғана жылдамдықпен баяу сырғып келе жатты. Бірақ Томас Магридж суға түссе сужыландай сумаңдай жөнелетін мұндағы санаулы саңлақтың бірі емес-ті. Екіншіден, кінәлі боп қалғандарды жіпке байлап, суға тастап, корм артынан сүйрететін "дәстүрді" бұрын да талай көрсе керек. Оның үстіне су да мұздай суықты, ал Томас Магридж денсаулығы жағынан моржбын деп мақтанатын жігіт пе!
Мұндай сәтте аңшылар мен күзеттегілердің палубаға қаптап шыға келетін қашанғы әдеті еді. Бұл жолы да олар тайлы-таяғы қалмай бірден жинала қалған. Бәрінің көзі Магриджде. Ал о байғұс судан сұмдық қорқатын болса керек, қалайда қолға түспес үшін кеменің о жағы мен бұ жағына дызақ қағып, барын салған: одан мұндай жылдамдық пен ептілікті ешкім күтпегені де анық. Оны камбуз бен ют арасындағы бір қуысқа тықсыратып шыққан кезде ол мысықтай секіріп рубка палубасына шыққан да, одан әрі кормге қарай жүгірген. Ал сосын матростар алдынан қайта шыға келгенде, ол жалт бұрылып, рубка шатырына көтеріліп, одан камбуз төбесі арқылы палубаға бір-ақ секірген. Бұл жерде алдынан ескекші Гаррисон тұра ұмтылғанда, ол енді бакқа қарай зымыраған. Соңынан аңдағайлап қуған Гаррисон міне-міне жеттім деген сәтте, кок кенет аспалы баспалдаққа ырши көтеріліп, арқан жіптен ұстай алған да, салбырап тұрған күйі қуғыншыны қос аяқпен күшпен бір тепкен. Матрос ыңқ ете қалған да, бүкшиіп барып палубаға құлаған.
Аңшылар коктың ерлігіне мәз бола күліп, ду қол шапалақтап жіберді, ал Магридждің өзі қуғыншылардың қақ жартысын фок-мачттың артында қалдырып, қалған матростардың арасымен зулаған күйі тағы да корм жаққа өтіп кетіп еді — бұл тұста ол футболдағы шабуылшыдан айнымай қалған. Оның алды-артына қарамай зымырағаны сондай, рубка бұрышынан айнала бергенде аяғы тайып кетіп, ұзыннан құлаған. Бірақ жалғыз құламай, штурвалда тұрған Нилсонды бірге ала кеткен. Екеуі де палубада кескен теректей сұлап түсіп еді, бірақ Магридж жалғыз тұрды. Қызығы сол, бұл соқтығыста әр сүйегі сіңіріне ғана ілініп тұрған Магриджге түк болмаған да, ал атан жіліктей Нильсонның аяғы сынып қалған.
Штурвалға енді Парсонс тұрды да, қуғын одан әрі жалғасты. Қорқыныштан есі шығып кеткен Магридж кеменің бірде ана басына, бірде мына басына дызақтайды. Ал матростар болса ысқырып, айқайлап, бай-байлап, оны қуғандарын қоймайды. Аңшылар қарқ-қарқ күліп, мәз болып, олардың қолтығына су бүрке түседі. Кеменің тұмсық тұсында Магриджді үш матрос үш жақтан қысып келіп, ұстауға міне-міне шақ қалғанда, ол топ ортадан жыланбалықтай жылп ете түскен де, алба-жұлба киімімен грот-вантқа ыршып шығып, сонау биікке қарай өрмекшідей өрмелей жөнелген.
Оны салингке дейін қуып барған алты матростың төртеуі сол жерде қалып, одан әрі тек Уфти-Уфти мен Блэк қана жіп-жіңішке темір істік бойымен жоғары көтеріле бастаған.
Бұл өте қауіпті қадам болатын: олар палубадан жүз фут биіктікте қалт-құлт етіп әзер тұр, бұл жерде жоғарыдағы Магридждің тепкісінен қорғану да қиын-ды. Ол болса, екі аяғын кезек сермеп, сасық күзендей шақ-шақ еткенін қоймайды. Ақыры, не заматта Уфти-Уфти бір қолымен темірді қапсыра құшақтап, екінші қолымен, бір орайы келгенде, коктың аяғынан шап беріп ұстай алды; тура осы сәтте Блэк те екінші аяғынан ұстап үлгерді. Сосын бір-біріне байланған үшеуі бір темірдің бойында шайқалып, теңселіп, жұлқыса тартысып, салингке жеткен кезде, төменде тұрған төртеуі оларды доптай қағып алған.
Аспандағы тартыс осымен аяқталған да, Томас Магриджді палубаға әйтеуір аман-сау түсіріп алған-ды. Ол қышқырып, шыңғырып, бірдеме айтып айқайлап қояды. Бірақ не айтып тұрғаны түсініксіз. Екі езуінен көбікті қан көрінді. Қорқау Ларсен ұзын арқанның ұшын тұзақтап байлап, оны коктың қолтық астына кигізіп, қыса тартып тастады. Сосын Магриджді кормге сүйреп әкеліп, борттан асыра лақтырып жіберді. Сонан кейін арқанды біртіндеп босата бастады: қырық, елу, алпыс фут... сосын жетпіске жеткенде:
— Болды!— деп Қорқау Ларсен айқай салды.
Уфти-Уфти арқанды бекітті. "Елес" тұмсығын еңкейте созғанда, арқан тартылып, кок су бетіне шықты.
Байғұсты аямасқа әддіміз жоқ еді. Тіпті суға батып кетпесе де, тіпті бойында қырық жаны болса да, оның мына тартқан азабы жан түршігерлік болатын. "Елес" ептеп қана сырғып отырды; толқын кормды көтерген кезде кеме тұмсығы тігінен шаншылып, арқан бейбақты су бетіне көтеріп шығарады да, ол болмашы ауа жұтып үлгіреді, сосын кеме кезекті толқынның үстіне қайқаң етіп көтерілгенде, арқан босап сала береді де, ол қайта шым батып кетеді.
Мод Брустерді мен мүлде ұмытып кеткен екем, ол тек күтпеген жерде жаныма келгенде ғана оның манадан бері каютада отырғаны есіме түскен. Бұл оның палубаға бірінші рет шығуы еді, команда оны өлік шығарғандай үнсіздікпен қарсы алған.
— Бұл қандай думан,— деді ол.
— Оны капитаннан сұраңыз,— дедім мен суық. Бірақ ішім алай-дүлей еді, мына сұмдыққа оның куәгер болуын мен мүлде қаламағанмын.
Мод Уфти-Уфтиге қараған. Екі қадам жерде арқанның бір ұшын ұстап тұрған ол не дерін білмей қипақтай берді.
— Балық ұстағалы тұрсыз ба?— деді ол матросқа.
Уфти-Уфти тіл қатқан жоқ. Бірақ... кенет теңізге қадала қарап тұрған көзі шарасынан шығардай бақырайып кеткен де:
— Акула, сэр!— деп ышқына айқайлап жіберген.
— Тарт жылдам! Тарт! Келіңдер бәрін... тез мұнда!— деп, капитан шұғыл бұйрық берді де, арқанға алдымен жанұшыра өзі ұмтылды.
Уфти-Уфтидің үрейге толы даусы Магриджте де жетсе керек, бір қауіптің өзіне жақындап қалғанын сезген ол шырқырап қоя берген. Осы мезетте су бетін пышақтай тіліп келе жатқан қара қанаттың кокке таяп қалғанын байқадым. Біз де арқанды жылдамдата тартқылап жатырмыз. Қара қанат та зымырап ұшып келеді. Әзірге екі мүмкіндік те тең секілді. Бірақ мәселені қас-қағым сәт қана шешетіні көрініп тұр. Міне енді Магридж корм түбіне тура тақап қалғанда, кеме тұмсығы күрт қайқайып шыға келгенде, корм жақ шоңқия төмен құлаған. Бұл, әрине, акуланың пайдасына шешілгені анық-ты. Қара қанат су астына зып беріп, аппақ қарын енді тұңғиықтан жарқ еткен. Қорқау Ларсен де дәл осындай шұғыл қимыл жасап, арқанды серпе тартып қалғанда, кок сопаң етіп су бетіне шыға келген, бірақ оның соңынан жыртқыштың да аузы арандай ашылғаны көрінген. Магридж аяқтарын бүге қойды. Акула оның біріне ғана жанап өтіп, жоқ болды. Осы мезетте Магридждің шар ете қалғаны естілді. Сосын қас пен көздің арасында ол қармаққа іліккен балықтай борттан бері асып түсті де, екі бүктетіліп жата кетті.
Палубаға қан фонтандай шашыраған. Магридждің бір аяғының қызыласықтан төмен жағын акула қарпып кетіпті. Мен Мод Брустерге көз қиығымды салдым. Өңі боздай бозарып, көздері аларып кетіпті. Бірақ ол Томас Магриджге емес, Қорқау Ларсенес қарап тұр еді. Бұны ол да сезіп, әдеттегідей мысқылды әзілмен былай деді:
— Еркектердің өз ермегі болады, мисс Мод Брустер. Бұл сізге дөрекілеу де көрінуі мүмкін, бірақ қайтесіз, бұл да керек кейде... Мұндайда акула деген бәле де естен шығып кетеді.
Осы мезетте басын көтеріп алған Магридж қандай қымбатынан айырылғанын көргенде, ышқына аунап келіп, бар күшімен капитанның аяғын тістей жығылған. Ларсен асықпай еңкейіп, сұқ саусағын оның құлақ түбінен сәл төмен — жақ кірісіне батырып жіберіп еді, қарысқан жақ ашылып, аяғы босап шыға келді.
— Мен айттым ғой,— деді ол жайбарақат, бейне бір ештеме болмағандай,— біз акула бар деп ойлағамыз жоқ... ол бәле естен шығып кетіпті.
Мод Брустер оның сөзін естісе де естімеген болды, бірақ көздерінен жаңа бір ұшқын жылт еткен, бұл — ашу мен ызадан, түңілуден туған ұшқын еді. Ол бұл жерден қарасын батырғысы келіп, теріс бұрыла берді. Алайда бірер қадам басқан соң дымы бітіп, буыны құрып, тізесі бүгіле түсті де, "көмектесіңізші" деп маған қолын созды. Мен оны қолтығынан демеп, рубка палубасына отырғыздым. Есінен айырылып қала ма деп қорқып едім, бірақ ол бойын тез жинап алған.
— Мистер Ван-Вейден, турникетті тез әкеліңіз!— деп дауыстады Қорқау Ларсен.
Мен не істерімді білмей қалдым: бір жағымда — қансырап жатқан Магридж, мына жерде — дымы құрыған Мод Брустер. Мен оған сұраулы пішінмен қарап едім, мені қойшы, ана бейшараға көмектес дегенді ол ыммен білдірген. Сосын:
— Өтінем, барыңыз,— дегенді және қосып қойды, ауыр тіл қатып.
Хирургия жағынан менің біраз төселіп қалған жайым бар.
Қорқау Ларсен маған көмектесуге екі матросты бөліп берді де, өзі бірден басқа іспен айналысуға кірісті. Онысы — акуладан кек алу еді. Арқанның ұшына үлкен қармақ байлап, оған шошқаның майлы кесегін іліп, борттан асыра лақтырып жіберді. Сосын мен Магридждің қан атқылаған тамырларын тігіп, жарасын таңып болғанымша, матростар жазықты акуланы судан сүйрете көтеріп, палубаға шығарып жатты.
Мен грот-мачтың жанында не болып жатқанын көргем жоқ, алайда менің "ассисенттерім" о жақтағыны қызықтауға кезекпен жүгіріп барып тұрған. Он алты футтық акуланы грот-вантқа іліп қойып, рычакпен жағын кереқарыс айырып, сосын аузына екі жағы да үшкір темірді көлденең қағып, ақыр соңында зәкірге ұқсас қармақты тамағынан суырып алған да, енді аузы ешқашан да жабылмас жыртқышты теңізге лақтырып салған. Бұдан былай ол қанша күші, қанша тәбеті болса да, бір түйір асты тіске баса алмас еді. Мақұлықты адам айтқысыз азаппен өлтірудің өзі, Қорқау Ларсеннің ойлап тапқан тәсілі болатын.
ЖИЫРМА ЕКІНШІ ТАРАУ
Мод Брустер мен жаққа беттеген кезде-ақ әңгіменің не туралы болатынын сезе қойдым. Өйткені оның он минут бойы механикпен әлдене жөнінде сөйлесіп тұратынын сырттай бақылап тұрғам. Сосын оны жүргізушіден алысырақ жерге ыммен шақырып алғам. Өңі қуарып, көзі шарасынан шыға адырайып кетіпті. Мына түрімен неге де болсын тайынбайтын секілді. Мен қарадай ыңғайсыздана бастадым, дәлірегінде, бойымды әлдебір үрей билеген, себебі: ол қазір әдебиеттегі аты әйгілі Хэмфри Ван-Вейденнің жан дүниесіне үңілгісі келетінін, бірақ ол іздегенін бүгінгі капитанның көмекшісі — мистер Ван-Вейденнен табуы қиын екендігін сезгем.
Біз оңаша, юттың шетіне шыққан кезде, ол менің көзіме тік қараған. Мен жалтақтап, жан-жағыма көз жүгіртіп өттім.
— Не боп қалды?— дедім оған қамкөңіл ниетпен, бірақ қыздың қатқыл жүзі жібіген жоқ.
— Жарайды, таңертеңгі оқиғаны мен кездейсоқ, қайғылы жағдайға-ақ балайын,— деп бастады ол сөзін.— Бірақ қазір менің мистер Хэскинспен сөйлесіп келгенімді көріп тұрсыз. Оның айтуынша, сіздер бізді құтқарып алған күні, мен каютада ұйықтап жатқан сәтте, екі адам суға батып кетіпті... шындығында, әдейі батырып жіберіпті. Турасын айтқанда, көзбе-көз өлтірілген!
Даусында бұған не дейсіз деген сұрақ бар. Қадала қараған көзін де менен алар емес. Құдды бұған сіз де кінәлісіз, әйтпесе қатысыңыз бар деп тұрғандай.
— Иә, сізге шындықты айтқан,— дедім мен.— Расында, оларды өлтірген.
— Сіз оған қарап тұрдыңыз. Солай ғой?
— Қарап тұрмағанда, олардың жолында өліп кетуім керек пе еді сіздіңше?
— Дегенмен... қарсылық жасап көрдіңіз бе?— деді ол "қарсылық жасап" дегенді баса айтып. Үнінен үміт белгісі білінген.— Жо-жоқ, сіз ауыз да ашқан жоқсыз,— деді сосын алдымды орап.— Ал неге? Не үшін?
Мен иығымды қиқаң еткіздім.
— Сіз мұнда кеше ғана келгеніңізді ұмытпаңыз, мисс Брустер. Сондықтан да бұл жерде қандай заңның үстемдік етіп тұрғанын әзірге білмейсіз. Сіз осынау беймәлім ортаға әлдебір намыс, адамгершілік, азаматтық деген биік ұғымдармен келдіңіз. Бұл жерде олардың жұрнағы да жоқ екеніне әлі-ақ көзіңіз жететін болады.— Сәл үнсіз тұрдым да, терең бір күрсініп алып, сөзімді әрі жалғадым.— Ал менің көзім бұған әлдеқашан жеткен.
Ол сенімсіздеу бас шайқады.
— Сіз маған не қыл дейсіз?— дедім сосын.— Қолыңызға балта, мылтық немесе пышақ ұстап кісі өлтір дейсіз бе?
Ол шошына тіл қатты.
— Жо-жоқ, атай көрмеңіз!
— Ендеше ие? Өзімді өлтіруім керек пе?
— Сіздің аузыңызға қара күштен басқа неге ештеме түспейді?— деген ол таңданып.— Ал өмірде рухани күш деген де бар емес пе. Оның әсер-ықпалын ешкім жоққа шығара алмайды ғой.
— Яғни,— дедім мен жымиып,— сіз оны өлтіруді де, өзімді өлтіруді де қаламайды екенсіз; демек, сіздіңше, оның мені өлтіруіне мүмкіндік беруім керек екен де.
Оған уәж айтуға дес бермей, сөзімді сабақтай түстім.
— Біз өмір сүріп жатқан мына ортада pyx күшімен, сөз құдіретімен біреуді иліктірем деу — әншейін бос әурешілік. Әлгі әдейі суға батырып жіберген Лич те, оның жанындағы Джонсон да нағыз рухы мықты матростар еді. Құдайға да бас имес сол мінездерімен ақыры өз бастарын жұтып тынды. Егер сәл бас көтерер болсам, мені де сондай тағдырдың күтіп тұрғаны анық. Сізге мына мәселені ашып айтайын, мисс Брустер, және бұл еш уақытта есіңізден шықпасын: Ларсен — адам емес, нағыз хайуанның өзі, хайуанның ішінде жыртқышы. Одан бір түйір ар, ұят дегенді іздемей-ақ қойыңыз. Қашан да ол аруақты аттап, қасиеттіні таптап жүре береді. Бұл шхунаға мен еріккеннен тап болды дейсіз бе, соның зұлымдығынан, соның айласынан. Міне, әзірге тірі жүргенім де — соның қулық-сұмдығының арқасы. Мен ешқандай амал жасай алмаймын, жасауға әддім де жоқ, өйткені мен оның құлақкесті құлымын. Міне енді сіз де оның құлысыз, құлы болмасаңыз күңісіз, өйткені сіз де өмір сүргіңіз келеді мен сияқты. Өйткені, екеуіміз де онымен күресуге дәрменсізбіз.
Мод Брустер бұл тағы да не айтар екен деп, үнсіз қалды.
— Сонда не қалды? Әзірге мен әлсіздердің қатарындамын. Мен үндемеймін, қорлағанға көнемін, сіз де ауыз ашпайсыз, дегеніне көнесіз. Бұл дұрыс! Бұл ақылды адамдардың тірлігі! Егер өмір сүргіміз келсе, тек осылай істеуіміз керек. Жеңіс әрқашан мықтының жағында емес. Онымен ашық күресуге біздің шамамыз жетпейді. Демек, басқаша әрекет жасауымыз керек, оны қалайда қулықпен, ақылмен алуға тырысуымыз керек. Менің жағдайымның қауіпті екенін білем, бірақ турасын айтайын, сіздікі менікінен де қауіпті. Сондықтан бір-бірімізге қорған болғанымыз жөн, не нәрсені бірігіп істегеніміз жөн, тек біздің одақ аса құпия болу керек. Мүмкін мен сізді ашық қорғай алмайтын да сәттер болар; сондай-ақ мені қорлап балағаттап жатар күн туса, сіз де жұмған аузыңызды ашпағаныңыз дұрыс. Қандай жағдайда да онымен сөз таластырып, босқа ашуландыруға болмайды. Іштей оған қанымыз қайнап тұрса да, сырттай сыр алдырмауымыз керек.
— Бәрібір ештемені түсіне алар емеспін...— деп қыз тершіген маңдайын алақанымен сипай берді.
— Мені тыңдаңыз,— дедім батыл түрде, палубада Лэтимермен әңгімелесіп жүрген Қорқау Ларсеннің біз жаққа көз сала бастағанын аңғарып.— Иә, менің сөзімді тыңдап жүрсеңіз, алдағы уақытта кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екеніне көзіңіз жететін болады.
— Сонымен өзі мен не істеуім керек?— деді ол, менің Қорқау Ларсен жаққа алаңдай қарап тұрғанымды байқап, тегі сендіре, төндіре сөйлеген сөзіме ұйып қалса керек.
— Ең алдымен, pyx күші дегенді бастан шығарыңыз,— дедім асыға сөйлеп.— Бұл жерде оның түкке де қажеті жоқ. Бастысы — капитанды өзіңізге қарсы қойып алмау. Онымен мүмкіндігінше сыпайы сөйлесіңіз, әдебиет, өнер туралы көбірек айтыңыз — мұндай әңгімені ол өте жақсы көреді. Және әдемі тыңдайды да. Сонда оның тым ақымақ емес екенін де білесіз. Сосын осы кемеде жиі болып тұратын тепкі, соққы, хайуандық болған жерден неғұрлым алыс жүрсеңіз, соғұрлым өзіңізге жақсы болады. Өз рөліңізді сонда ғана әдемі ойнап шығасыз.
— Сонда қалай, не нәрсені өтірік істеп, өтірік айтуым керек пе?— деді ол таңданыс білдіріп.
Қорқау Ларсен Лэтимерден бөлектеп, бізге қарай беттеген. Мен әбіржи түстім.
— Өтінем, мені түсініңізші,— дедім асығыс, әрі даусымды бәсеңдетіп.— Сіздің бұған дейін жинаған бүкіл өмірлік тәжірибеңіздің бұл жердегі құны көк тиын. Сіз бәрін де басынан бастауға тиіссіз. Иә, білемін, сіз кім-кімді де көзіңізбен-ақ арбап алатын адамсыз. Сол құдіретіңізбен мені де өзіңізге тартып алдыңыз. Бірақ мұндай тәсілді ешқашан Ларсенге пайдаланбаңыз. Оның шетін шығарсаңыз күлкіге қаласыз. Арыстанды айламен торға түсіру керек. Біз бұған да жетеміз әлі...— Қорқау Ларсеннің жақындап қалғанын көріп, әңгімені жорта басқа арнаға бұрып жібердім.— Ондай талантты ашқаным үшін мен қазір де өзіме ризамын. Редакторлар оны маңайына жуытты ма, баспагерлер өзіне тартты ма? Жоқ! Тек мен ғана оған әділ бағасын бергенмін және қателескен жоқпын. Ол өзінің тұңғыш кітабы — "Өмір ұсталығымен- ақ" жарқырап, көрініп, бар талантын жайып салды емес пе!
— Оны газет өлеңдері деп тіпті де айта алмас едің!— деп, Брустер де "әртістігін" байқатып үлгірді.
— Дегенмен оның алғашқы жырлары газетте жарияланғанын ұмытпауымыз керек,— деп қойдым мен.— Қазір, әрине, журналдағылар өкінетін болар.
— Гарристі сіз білетін шығарсыз?— дедім сосын Қорқау Ларсенге.— Сол туралы айтып тұрмыз да.
— Білем,— деді ол.— "Өмір ұсталығын" мен де оқығам. Жылт еткен әдемі сезімнің бәрі бос қиялдан тұрады. Айтпақшы, мистер Ван-Вейден, сіз ана кок батырдың жанына барғаныңыз дұрыс. Ойбай салып төсегінде дөңбекшіп жатыр.
Сөйтіп мені ол алдап-сулап Магридждің жанына жөнелткен; о байғұс мен келгенде манағы өзім берген морфиден бас көтермей, аузынан суы ағып ұйықтап жатыр екен. Бірақ мен палубаға қайта көтерілуге асықпағам, ал көтерілген кезде мисс Брустер мен капитанның жайбарақат әңгімелесіп тұрғанын көріп, көңілім орнына түскендсй болды. Бұл — әлгіндегі сөзімнің жерде қалмағаны. Оған сенуге болады екен. Айтқанымды түсінген, түсінгенді орындаған адаммен қандай да тәуекелге баруға болады ғой.
ЖИЫРМА ҮШІНШІ ТАРАУ
Арт жағымыздан екілене ескен желдің ығымен шхунамыз солтүстікті бетке алып, теңіз мысықтарының ортасына қарай бірқалыпты жылдамдықпен жүйткіді де отырды. Біз олармен қырық төртінші параллель тұсында, үнемі тұман тұмшалап, жел азынап тұратын теңіздің ең бір суық жерінде кездестік. Кейде күні бойы жылт еткен күннің көзін көре алмаған кезіміз көп. Мұндайда, әрине, маңайды барлап, су бетін шолу да мүмкін емес-ті. Ақыры бірде бұлттарды жел ыдыратып, аспан ашылып, қай түс, қай координатта тұрғанымызды анықтайтын да күн туған. Дегенмен, екі-үш күндік ашық күннен соң теңіз бетін бұрынғыдан да қалың тұман басып алған-ды.
Аңшылыққа шығу өте қауіпті еді. Бірақ соған қарамастан күн сайын таңертең шлюпкалар суға түсіріледі де, тұман оларды әп-сәтте жым-жылас қып жұтып қояды, сосын кешке дейін бірін де көре алмаймыз. Кейде тіпті, түннің бір уағында бірінен соң бірі тізбектеліп келе жатса — оған да шүкір дейміз. Осындай күндердің бірінде Уэнрайт — Қорқау Ларсен екі матросымен қоса шлюпкасын зорлықпен бортына салып алған аңшы — қалың тұманды пайдаланып, қашып кеткенін білдік. Бірде таңертең ол өз адамдарын шлюпкасына салып алып, "аңға аттанып" бара жатқанын көріп едік, содан ізім-қайым жоғалған. Кейін білсек: олар бір шхунадан бір шхунаға өтіп, ақыры әйтеуір өз кемелеріне аман-есен жеткен көрінеді.
Мен де солардың жолын қууға берік бекініп едім, бірақ оның сәті бәрібір маған түспеген. Түсетіндей жағдай да болған жоқ. Өйткені капитанның көмекшісіне шлюпкаға отыруға болмайды, бұл тәртіпті бұзуға талай рет талпынсам да, Қорқау Ларсен айтқанынан қайтпап еді. Егер ол жоспарым орындалар күн туса, мен қалайда мисс Брустерді өзіммен бірге ала кетуді ойлағам. Оның шхунадағы жағдайы уақыт өткен сайын қиындай түскен, бұның түбі не болар екен деп, мен қатты уайым жеймін. Бұны ойламайын десем де миымнан бір шықпайды, құрғыр.
Кезінде матростардың арасына жалғыз түскен әйел тағдыры туралы талай роман оқып едім, бірақ сол романдардың бірде-бір авторы мұндай жағдайдағы әйел жанын жеріне жеткізе суреттеп бере алмағанын енді ғана түсінгендеймін. Міне, енді сондай оқиғамен өзім де бетпе-бет келіп, бәрін де өз көзіммен көріп, өз жүрегімнен өткізуге тура келген. Ал менің кейіпкерім — Мод
Брустер, кітаптары жүрегімді ертеден-ақ жаулап алған, ал қазір көңіл түкпірімнен ерекше орын алған — сол баяғы Мод Брустер.
Жаны да, тәні де бөлек осындай ерекше жаратылысты мынадай жабайы ортадан көру тіпті ақылға сыймастай-ақ дүние. Иә, ол пейіштің ауасынан жаралғандай тым нәзік жан-тұғын. Жіп-жіңішке денесі тал шыбықтай майысып тұрады. Жүрісі соншама жұмсақ, басқан ізі білінбейді. Оның салмақсыздығы сондай, құдды ауада ұшып келе жатқан ақ мамықты көргендей боламын.
Ол өзінің үлбіреген нәзіктігімен сәл қаттырақ ұстасаң сырт етіп сынып кетер дрездендік фарфор мүсіншелерді еске түсірер еді. Оның осы нәзіктігінің өзінде адамды аса бір ыждаһаттыққа ұмтылдыратын ерекше қасиет бар секілді. Мен оны алғаш рет қолтығынан демеп каютаға түсіріп бара жатқанда, бір жерін абайсыз ауыртып алам ба деп қатты қорқып едім, сол сезімнен әлі күнге арыла алмай келемін. Мен ешқашан жан мен тәннің дәл осындай әдемі үйлесімін көрген емеспін. Оның өлең-жырларын әдебиетшілер тасбұлақтың суындай мөлдір, таңғы самалдай жұмсақ деп бағалайтын, тура осыны оның сыртқы пішініне де қаратып айтуға болар еді. Оның сәмбі талдай сәнбі тәні ақша қардай аппақ жан дүниесімен астасып, бірін-бірі толықтырып, жарқыратып, тұтастай бір сұлу әлемге айналдырғандай. Бір сөзбен айтқанда, құдай оны сүйкімділік жағынан ештемеден кем де қылмаған, кенде де етпеген.
Ол Қорқау Ларсенге мүлде қарама-қарсы жаралған жан. Екеуінің арасында мысқалдай ұқсас бір нәрсенің болмауы былай тұрсын, бұлар бүкіл болмысымен бір-біріне өте кереғартұғын. Бірде екеуі палубада қыдырып жүргенде, оларға сырттай көз салып тұрған мен: "Құдай-ау, мыналар адамзат дамуының ең басында тұрған адамдар ғой",— деп ойлағам. Ларсен — баяғы тас дәуірінен қалған жұрнақ та, ал Мод Брустер бүгінгі заманның жан-жақты жетілген ең жаңа түрі. Әрине, Ларсен жабайыларға жат айырықша ақыл-ойға ие болған адам ғой, бірақ сол ақыл-ойының бәрі өзінің хайуандық инстинктін қанағаттандыруға арналған да, онысы өзін барып тұрған жыртқыш дәрежесіне жеткізген. Оның ерекше біткен бұлшық еттері, темірдей сом денесі бар, бірақ соған қарамастан аяғын жеңіл де нық басады. Осы жүрісінің өзі жунгли ішінде жүрген ғажайып бір жыртқышты елестетеді. Оның бүкіл қимыл-қозғалысы әр қадамын аңдап, жайлап басатын мысық тұқымдастарға тән, бірақ күш жағынан оны ешкім ешнәрсемен салыстыра алмас еді. Дегенмен, бұл адамды мен тек қана жолбарыспен тең қояр едім. Иә, ол ұқсаса, тек жолбарысқа ұқсайды. Оның көзіндегідей ызғарлы ұшқынды мен кезінде тор ішінде тұрған леопардтан ғана көргенім бар.
Бүгін палубада ары-бері кезіп жүрген Ларсен мен мисс Брустерге көз қиығымды салып тұрып, бұл қыдырыстың қызға тым ауыр соғып жүргенін сездім,— одан қайтсем құтылам деген ой оның әр қадамын тартыншақтай басуынан да байқалғандай еді. Ақыры олар кают-компанияға қайтып келе жатып, менің жанымнан өткенде, мисс Брустердің бет-әлпетінен сондай бір мазасыздықты анық көрдім. Ол мен жаққа ұрлана көз тастап мән-мағынасыз бірер сөз айтқан болды да, амалсыз өтірік күлген сыңай танытқан, бірақ көзі еріксіз тағы да Қорқау Ларсенге бұрылған. Артынша одан жанарын қайта тайдырып әкетіп, назарын төмен салып еді. Осы мезетте мөлдіреген қос жанардан белгісіз бір үрей ұшқыны жылт ете қалғанын да аңғарып үлгердім.
Артынша гәптің бәрін Қорқау Ларсеннің көзінен ұқтым. Әдеттегі сұрғылт сұсты, ызғарлы көз енді біртүрлі жылы шуақ шашып, нұрлана қалыпты. Екі қарашықтан жылтылдай ұшқан ұсақ ұшқындар бірде жанып, бірде сөніп, көз аясын айрықша бір шүғылалы сәулеге бөктіргендей. Әдеттен тыс құбыла қалған осы көз, осы шұғылалы сәулелер жүректің лүпілдей соғуынан хабар беріп тұрғаны анық-ты. "Мен саған кет әрі емеспін" деген мұндай сиқырлы құбылысты, қандай әйел түсінбесін! Тек Мод Брустерден беті аулақ!
Қыздың үрейі енді маған ауысқан. Еркек атаулының ішін дыз еткізер мұндай қызғаныш аралас үрей үстінде мен бұл қыздың маған қаншалықты қымбат болып бара жатқанын алғаш рет түсіндім. Бойымды билеп алған осы үреймен бірге "мен оны сүйеді екем" деген ой жарыса жеткен санама. Үрей мен сүю сезімдері жүрегімді шымырлатып жіберді, бұл сезімдер денемді бір ысытып, бір суытқан, сонымен қатар белгісіз бір күш мені Қорқау Ларсен жаққа еріксіз мойын бұрғызып еді. Бірақ ол қазір ес жиып алғандай екен. Көздеріндегі манағы ұшқын, манағы шұғылалы сәуленің бірі жоқ, бет пішіні бұрынғы сұсты да сұрғылт қалпына келген. Ол маған жай ғана бас изеді де кете барды.
— Маған өте қорқынышты,— деді Мод Брустер дірілдей қатып.— Ой, қандай қорқынышты!
Мен де оңып тұрған жоқ едім, дүниедегі ең қымбатымнан айырылып қалардай боп, қарадай қалтырап кеттім. Дегенмен өзімді тежеп:
— Бәрі де жақсы болады, мисс Брустер!— дедім сабырлы түрде.- Бәрі де жақсы болады, маған сеніңіз!
Ол маған ризашылықпен қарап, жымиып қойды — осының өзі-ақ жүрегімді лүпілдетіп жіберді, сосын ол жайлап басып траппен төмен түсіп кеткен.
Мен ол қалдырып кеткен жерде ұзақ тұрдым. Баяғы өткен-кеткендерімді, қазіргі жан дүниемдегі өзгерістерді, барлығын ой сарабына сала бастадым. Міне, ақыр-соңында мен де біреуді сүйдім, бәрінен көңілім алыстап, сезім отым салқындап, енді маған шын махаббат ешқашан жолықпайтын шығар деп жүргенде, ғайыптан сүйдім мен оны. Өмір туралы толғанған сәттерімде, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бірде махаббат менің де жүрек пернемді басатын шығар деп талай-талай күткенмін. Бірақ кітаптан басқаға мойын бұрмаған ұзақ жылғы саяқ күндерімде махаббат туралы шындап ойлауға да мұршам болмаған.
Міне енді махаббат маған да келді! Мод Брустер! Оның ең алғашқы жұп-жұқа өлеңдер жинағы қашан, қай уақытта менің жазу үстелімде жатқаны да есімде. Кейін осындай жинақтардың қаншамасы қаз-қатар тізіліп, кітап сөремде тұрғаны да қазіргідей көз алдымда. Олардың әр қайсысы маған жыл құсындай жылылық әкелген. Және... жыл сайын бір кітап! Жаңа жылды қалай асыға күтсем, оның әрбір жаңа жинағын да мен солай асыға күткем, аңсай күткем. Олардың әр парағынан, әр жолынан өз өмір-танымыма үндестік тауып, ерекше бір сезімге бөленетінмін. Сол сезім енді жанымды баурап, жүрегімді жаулап, махаббатқа айналған.!
Жүрегімді жаулап? Мен не деп отырмын осы? Күтпеген жерде менің ойым басқа арнаға ойысқан. Күдікті ой. Өзіме деген... оған деген... Ол — өз шығармаларымен мыңдардың жүрегін жаулаған әйгілі Мод Брустер. Ал мен — Чарли Ферасеттің сөзімен айтқанда, "тұла бойы сұп-суық балықпын", "сезім атаулыдан жұрдай албастымын", "талдаудың тажалымын", сөйте тұра енді біреуді сүйіп қалыппын. Сүйгенде, тура Мод Брустердің өзін! Осы мезетте бұл ойларыма ешқандай қатысы жоқ тағы бір жай жадымда жаңғырып шыға келген: ол — бір биографиялық анықтамалықтағы мына бір қысқаша мәлімет: "Ол Кембридже туған. Жасы жиырма жетіде". Бұны іштей қайталап тұрып, тағы да ойға баттым. "Жасы жиырма жетіде, бірақ әлі тұрмыс құрмаған. Және... ешкімді сүймеген!" Қызық, ешкімді сүймегенін мен қайдан білем? Жүрегім дыз ете қалды. Бұл не, қызғаныш па? Ал қызғаныш болса, мен оны шын сүйгенім ғой.
Қалай? Мен, Хэмфри Ван-Вейден, шынымен ғашық болғаным ба? Тағы да күдік. Ғашық болудан қорқып та тұрғаным жоқ, не оған кет әрі де емеспін. Керісінше, тұла бойым толған реалист ретінде мен әрқашан махаббатты асқақ бағалаймын, оны жер бетіндегі ең ізгі дүние, өмір сүрудің ең түпкі қазығы, ол — қуаныштардың қуанышы, бақыттың бақыты деп білгем. Оны ақ ниетпен шақырып, ақ жүрекпен қарсы алу керек деп түйгем. Сөйте тұра ғайыптан тап болған махаббатқа енді сенгім келмейді. Мен әншейін алданып тұрған шығармын, ол бақыттың ауылы алыс болар маған. Бұл тіпті мүмкін емес шығар мен үшін. Еріксіз есіме саймонстың өлеңі түскен.
Сан жыл бойы көзім салып сан қызға
Іздегенім сен екенсің жалғыз да.
Ал мен махаббат үшін жаралмаған жандай боп, ол "жалғызды" іздегенді де қойғанмын. Бұл жағынан Фэрасет дұрыс айтқандай, мен бір "жүрегі тастан жаралған", кітап кеміруден басқа түк білмейтін, бар қызықты содан ғана іздеген делқұлының дәл өзі болатынмын. Ең қызығы сол, мен өмір бойы әйелдердің ортасында жүрсем де, оларды тек эстетиканың көрінісі, сұлулықтың белгісі ретінде ғана қабылдағам. Кім білсін, сол күндері махаббат ләззатынан шын көңіл үзгендігімнен де болар, кейде өзімді іңкәрлік, құмарлық, сүйіспеншілік атаулыдан жұрдай боп туған, бұл өмірде тек монах болуға ғана жаралған жан шығармын деген онға да талай келгем. Жоқ, олай емес екен, маған енді міне іңкәрлік, құмарлық пайда болды. Ғайыптан, кенеттен пайда болды.
Көңіліме ғажап бір шабыт бітіп, Элизабет Браунингтің12 мына бір ғажап өлеңін күбірлеп айтып, палубада ұзақ жүрдім.
Топ ортадан жырақтап саяқ кеттім,
Тоқ көңілді қиялмен тоятты еттім.
Ақ пейілін достың да сезінбедім,
Әсем әуен, шаттық күй — безінгенім.
Ал мен "әсем әуеннен" безінгендей халде емен, қайта құлағыма әлдеқайдан жүрек қылын тербейтін бір ғажап ән келетіндей, сол әннің әлдиімен дүниенің бәрін ұмытқам, төңірегімнен ештеме естімеймін, ештеме көрмеймін. Кенет барқ ете қалған Қорқау Ларсеннің даусы ғана маған ес жиғызған.
— Не сандалып жүрсіз мұнда?
Селк ете қалған мен жалт бұрыла беріп, шхуна бортын сырлап жүрген матростардың бояу толы шелегін төңкеріп кеткенім.
— Сіз не, жынданғансыз ба, әлде басыңыздан күн өтіп кеткен бе?— деді ол бұрқылдап.
— Жоқ, ішім ауырып жүргені,— деп, мен түк болмағандай кете бардым.
ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Мод Брустерді сүйіп қалғаныма көзім жеткеннен кейін, іле-шала бастан кешкен бір оқиға есімде мәңгі бақи қалатын шығар. Оның өзі небәрі қырық сағат ішінде өткен жағдай. Отыз бес жыл тып-тыныш, мамыражай өмір сүріп келген басым күтпеген жерде адам сенгісіз оқиғаға тап болам деп өзім де ойламағам. Небәрі қырық сағаттық уақыт! Осы уақыт аралығындағы жан күйзелісімді қазір енді айтып та жеткізе алмайтын сияқтымын. Ал егер ғайыптан бір үн құлағыма сыбырлап: "Сонда сен өзіңді керемет тамаша ұстадың" десе,— мен оған ешқандай қысылмас едім...
Бәрі де Қорқау Ларсеннің бұдан былайғы жерде аңшылар тек өз кубригінде отырып тамақ ішсін деген тосын бұйрығынан басталған. Бұл кәсіптік шхунада баяғыдан қалыптасқан дәстүрді белінен басып бұзу болатын. Өйткені аңшылар қай уақытта да офицерлермен тең есептелетін. Неге мұндай шешімге келгенін Қорқау Ларсен түсіндіріп те жатпады, оның тіпті қажеті де жоқ еді, себебі... Хорнер мен Смок үстел басында Мод Брустерге көз қиықтарын әдемі сала бастапты. Бұл тек күлкілі ғана нәрсе ғой, біреулер ырбаңдады екен деп, оған қылмыңдай қалатын Мод Брустер ме, бірақ Қорқау Ларсенге екі жігіттің есерлігі, әрине, ұнамай қалған.
Капитанның бұйрығы бәрімізді төбеден ұрғандай сілейтіп салған, ауыз ашуға ешкімде дәрмен жоқ, аңшылардың төртеуі "кінәлі" екі жігітке тек алара қараған да қойған. Джок Хорнер ұстамды азамат еді, ешқандай сыр білдірген жоқ, ал Смоктың түрі күреңітіп, тілінің уын төгіп жіберуге аз-ақ қалған. Шіркін-ай, бірдеме айтса екен, айтып қалса екен дегендей Қорқау Ларсен оған көзін тесірейте қарап тұрып алып еді, Смок, ит қылғанда, тіс жармай тынған.
— Сіз бірдеме айтқыңыз келіп пе еді?— деді Қорқау Ларсен әдейі оның жынына тигісі келіп.
Бірақ Смок "жынын" қоздырған жоқ.
— Оны қайдан шығарып тұрсыз?— деп, ол оған қарсы сұрағын қалқан еткен, даусынан "мен не жазып қойдым соқұрлы" деген ақталу да білініп еді. Қорқау Ларсен қапелімді не дерін білмей қалды да, маңайындағылар күліп жіберді.
— Білмеймін,— деді ол сосын.— Шындығын айтқанда, сіздің аузыңызбен қоса артыңыз да қышып тұрғандай көрінеді маған.
— О ненің ақысына?— деді Смок те шімірікпестен.
Аңшылар енді езулерін кере жымиған. Капитан Смокты тұрған жерінде сеспей қатыруға дайын еді, бірақ Мод Брустердің көзінше қан төгуге батылы жетпеді білем. Егер жандарында осы қыз болмаса Смоктың да батырсынуы екі талай ма еді. Сондықтан ол да аса сақтық көрсетіп, Қорқау Ларсеннің қитығына көп тигісі келмегендей, әйтпесе аузы қан жалап шыға келетіні анық-ты. Қалай дегенмен мен бір ши шығып кете ме деп, қатты қорқып едім, абырой болғанда, жүргізу тұтқасында тұрған матростың кенеттен шыққан қатқылдау үні бәріміздің назарымызды басқа жаққа аударып жіберген.
— Көкжиектен бір түтін көрінеді!— деді ол айқайлап палуба жақтан.
— Қай тұстан?— деп, Қорқау Ларсен де айқай салған.
— Тура корм жақтан, сэр.
— Орыстар болмасын?— деді Лэтимер өзінше тон пішіп.
Бұл сөзді естігенде аңшылардың өңі күреңітіп кетті. Орыс пароходы тек крейсер болуы мүмкін, ал аңшылар біздің кеменің координаты туралы анық білмесе де, тыйым салынған аймаққа таяу жүргендерін сезетін; ал Қорқау Ларсеннің браконьерлік ерліктері әмбеге аян-ды. Бәрі енді оған қараған.
— Бос сөз!— деді ол күліп.— Бұл жолы, Смок, тұзды кек сапарынан аман қалдыңыз. Бірақ сізге мынаны айтам: егер анау "Македония" боп шықпаса, бірге — бес бәстігем.
Бірақ онымен ешкім бәстесуге батпап еді, ол тіпті қызбаланып:
— Ал егер ол шынымен "Македония" боп шығып, біз онымен қақтығысқа келмесек, онда бірге — онды аямай-ақ бере салам,— деді көзі жалт-жұлт етіп.
— Жо-жоқ, рахмет пейіліңізге!— деді енді Лэтимер қуланып.— Әрине, егер, сәл де болса бір нәрсеге көзіміз жетіп тұрса, қандай бәске де тәуекел етуге болар еді, бірақ сіздің ағаңызбен кездескен кезде қашан қақтығыссыз қоштасып едік? Осы жолы да солай болмаса, мен тіпті бірге — жиырманы құрбан етемін!
Ларсеннен бастап бәрі мәз бола күліп алды. Сонымен түстік асымызды да ырың-жырыңсыз ішіп тындық. Шындығын айтқанда, бұл да менің шыдамдылығымның арқасында. Өйткені ол бәрінің есесін менен алғысы келгендей, бірде кекете сөйлеп, бірде қамқорси қажап, қалайда мені шаптан түрткісі келіп отырған. Бірақ ашу-ызам кемеріне келіп, кеңірдегімнен шықса да, шыдап бақтым. Оның үстіне қасымыздағы Мод Брустер де "сабыр, сабыр" дегенді көз ұшығымен білдірумен болған.
Үстел басынан тұрып, палубаға бет алдық. Ойда жоқта теңіз бетінен пароходтың көрінуі күнделікті біркелкі тірлігімізге жан бітіріп, әрбір жерде абыр-сабыр қозғалыс пен әбігер туғыза бастаған, ал ол пароход Тажал Ларсеннің "Македониясы" болуы мүмкін деген сыбыс матростарды тіптен қобалжытып тастап еді. Осының алдында ғана леки ескен, көтеріле толқып жатқан теңіз біртіндеп сабасына түсіп, айдын беті моп-момақан күйге түсе бастаған. Қайықтарды енді суға түсіре бастаса да болатын еді — бүгінгі күн аңшыларды нағыз қансонардан дәметтіріп тұрғандай, қазірдің өзінде алдымыздан теңіз мысықтарының мол қарасы көрініп қалған-ды.
Кормның арт жағында, алыстан пароход түтіні бұрынғыдай бұрқылдай көрініп тұрған. Біз қайықтарды суға түсіріп болғанша, оның біразы жақындай түскені байқалды. Біздің шлюпкалар теңіз бетінде шашырай жылжып, солтүстікке қарай ұмтылды. Сосын біраз жерге барған соң бірінен кейін бірі желкендерін жығып, аңшылар қызу атысты бастап та жіберген. Теңіз мысықтарының қарасы қалың, желсіз тымық күн — аң аулауға бұдан сәтті шақ бола ма! Біз ең шеткі шлюпканың жел ығына шыққан сәтте, көз алдымыздың бәрі үйір-үйір ұйықтап жатқан теңіз мысықтарына толып кеткен. Мен ешқашан мұндай кереметті көрген емеспін: құдды теңіз мысықтарының ортасына емес, құжынап жатқан құмырсқа илеуінің үстінен түскендейміз.
Корм артынан көрінген қара түтін бізге жақындаған сайын, оның кәсіптік пароход екені қай жағынан да анық байқала бастаған. Бұл — расында да "Македония" екен. Ол біздің оң жағымызды ала, небәрі екі-үш миль жерде кетіп бара жатқанда оның оң қапталынан мен осы жазуды оқып қалғам дүрбімен. Қорқау Ларсен ол жаққа тісін шықырлата көз салған, ал Мод Брустер капитанға таңдана бұрылып еді.
— Әлгі сіз күткен қақтығыс қайда, капитан Ларсен?— деді ол күліп.
Капитан қызға қарап, мырс етіп қойды мысқылмен, тек осы сәтте ғана жүзіне сәл жылылық жүгіргендсй еді.
— Ал сіз не күтіп едіңіз? Бізді олар бірден бассалып, шетімізден бауыздай бастайды деп ойладыңыз ба?
— Қайдан білейін, әйтеуір жақсылыққа жорығам жоқ,— деді қыз мойындағандай.— Сіздердің мына тірліктеріңізден нені де болса күтуге болатын сияқты ғой.
Ларсен бас изеді.
— Дұрыс, дұрыс-ақ! Тек бірақ нәрседен қателесіп тұрсыз: "сияқты" деуге болмайды, нені де болса күтуге дайын тұруымыз керек.
— Сонда қалай? Бауыздағанды да ма?
— Одан да сұмдығын.
— Одан өткен қандай сұмдық болуы мүмкін?
— Сұмдықтың үлкені — қалтаны қаққан,— деді капитан қабағын кіржитіп.— Біздің қазіргі заманда қалтадан, әмияннан қымбат ештеме жоқ. Бүкіл өмірдің бәрі — тек сол әмияның жоқ болса, өмірің де жоқ деген сөз.
— "Бір дорба ақшамды кім ұрласа — бір дорба боқтық соныкі" деген бар ғой,— деп жымиған қыз.
— Бүл сөзді мен басқаша пайдаланам,— деді Қорқау Ларсен.— Кім менің бір дорба ақшамды қағып кетсе — ол менің бір қап несібемді қағып кеткені. Яғни мені ол жеп отырған нанымнан, жейін деп тұрған майымнан, жатайын деп дайындаған төсек-орнымнан айырады. Сонысымен менің ол менің жап-жақсы сүрейін деген өміріме кеселін келтіреді. Сіз өзіңіз де білесіз ғой, жарлыларды жарылқаймын деп таратқан азық-түлік, киім кешек барлық барлық жарлы, барша кедей-кепшікке жете бере ме. Демек, басқалар да өмір сүруге ұмтылады. Өмір сүру үшін әркімнің өз әмияны болу керек. Ал сол әмияныңның іші бос болса — ол итөліммен өлу деген сөз... Демек, кім де болсын, қандай жолмен болсын, бос әмиянын толтыруға жанын салу керек.
— Бірақ мен ана пароходтың сіздің қалтаңызға қол салғалы келе жатқанын көріп тұрғам жоқ.
— Асықпаңыз, көресіз,— деді капитан қабақ түйіп.
Рас, оны көруге де көп қалған жоқ екен. "Македония" біздің шлюпкалардың алдын орап, біраз озып барған да, өз шлюпкаларын суға түсірген. Оның бақандай он төрт шлюпкасы бар екенінен хабардар болатынбыз, ал бізде бар-жоғы бес-ақ шлюпка еді,— алтыншысын Уэйнрайд мініп қашып кеткені белгілі ғой. "Македония" алдымен бірнеше шлюпкасын жел ығына қарай, біздің ең шеткі шлюпкадан біраз алыс жерге түсіргені де, сосын оларды біздің ең жақын шлюпканың жел жағына — бірер миль жерге — төге салған. "Македония" бұл қылығы біздің ішімізді ит жалағандай етіп еді. Арт жағымыздан теңіз мысықтары көрінбеген, ал алдымызда он төрт басқа шлюпка су бетін түрендей тілгілеуге кіріскен — жүрген жерлерін жыландай жалап барады.
Біздің шлюпкалар ені үш-төрт мильдей ғана жіңішке теңіз айдынында қалған аз-маз мысықты атып алған да, ақыры амалсыз шхунаға қайтуға мәжбүр болған — "Македонияның" бізге қалдырған бар "сыбағасы"осы болатын. Жел тынған; тып-тыныш теңіз бетін баяу ескен қоңыр самал анда-санда ғана желпіп өтеді. Ойда-жоқта мысықтардың мынадай қалың ортасына түсіп тұрған сәтте, мынадай керемет ауа-райында, оларды үйір-үйірімсн қырып алуға болар еді. Ең сәтті деген аңшылық маусымның өзінде мұндай күндер өте сирек кездесетін көрінеді. Амал не, ауызға түскелі тұрған осыншама несібені "Македония" жол ортада қағып кетті ғой әне. Бортқа көтерілген матростардың түрі өрт сөндіргендей еді, аңшыларды былай қойғанда, ескекші, жүргізушілердің өзі ызадан жарылардай боп тұрған — құдды әрқайсысы өзіне тиесілі нәпақасынан айырылып қалғандай. Әрқайсысының аузында — Тажал Ларсенді жеті атасынан қайырған боқтық. Боқтық пен қарғыстан адам өлетін болса, тап осы жолы ол тұрған жерінде арам қатқан болар еді.
— Мәңгі бақи тозақтың отына күйгір, ит!— деп бұрқылдайды Луис, ызадан булыға түсіп.
— Міне, мыналардың сөзін естіп тұрсыз ғой,— дейді Қорқау Ларсен маған бұрылып.— Бұлардың өзегін не өртеп тұр деп ойлайсыз? Махаббат? Сенім? Асқақ идеалдар? Әлде әділет? Әлде ақиқат?
— Өмірде әділетке қиянат жасағаннан қиын ештеме жоқ. Бұлар соған күйініп тұр,— деді Мод Брустер.
Ол бізден он қадамдай жерде бір қолымен грот-ванттан ұстап, баяу тербелген шхунамен қоса тербеліп тұр еді. Бұл сөзді ол өте баяу айтқан, бірақ баяу да болса, жұмсақ үні менің жүрек қылымды шерткендей болған. Неткен таза, неткен сыңғырлаған сүйкімді дауыс! Біреулерді сезіктендіріп алмайын деп, мен оған ұрлана көз салып қойдым. Теңіз фуражкасының астынан ширатыла шығып тұрған қызыл-сары шашы күн сәулесімен шағылысып, алтындай жарқырап, сәл сопақшалау бетін жартылай жауып тұр екен. Осы бір сұлу да сүйкімді жүзі кез келген жүрекке шоқ тастайтыны анық-ты. Оған қараған сайын мен: "Бұл неткен ғажайып жаратылыс!" деп, таңғаламын. Бұған дейінгі менің өмірге деген әр түрлі көзқарастарым мынадай ерекше жаратылыстың алдында мүлде басқаша сипат алғандай. Сонымен қатар Қорқау Ларсеннің өмір туралы сұрқай түсініктері маған енді соншама солақай, соншама күлкілі көрінген.
— Мистер Ван-Вейден сияқты сіз де өмірге тым елжірей қарайды екенсіз,— деді Ларсен ащы мысқылмен.— Мына адамдар неге күйіп-пісіп жүр, білесіз бе? Өйткені, олардың аузындағысын біреу жырып кетті; арман-тілек, мақсаттарының орындалуына әлдекім кедергі келтірді. Ал олардың арман-мақсаты не еді? Тәттірек тамақ жеу, жұмсағырақ төсекке жату, жағаға жеткен кезде уыс-уыс ақша ұстап шалқып жүру. Әйел құшу, шарап ішу... Олардың көкейін тесіп жүрген арман да, мақсат да — осы ғана. Керек десеңіз олардың биік мүдде, асқақ мұрат, көздеген идеалдары да — осы ғана. Әрине, бұл адамдардың күнделікті сезім-түйсік, тірліктері қоңырқай ғана көрінуі мүмкін, ал қараңызшы, қазір бұлардың әр қайсысы жанып тұрған отқа ұқсап тұр ғой. Өйткені... қалталарына біреу түсіп кетті. Сол біреу бұлардың ұйықтай бастаған бүкіл сезімін қайта оятты әнеки.
— Алайда сіздің мына қалпыңыздан қалтаңызды біреудің қаққаны байқалмайды,— деді қыз күліп.
— Жоқ, мен түрімнен ғана байқатпаймын, әйтпесе менің де жетісіп тұрғаным шамалы,— деді капитан.— Егер шамамен есептесек, "Македонияның" бүгінгі бізден ұрлаған терілерінің құны — мысық терілерінің лондондық базардағы соңғы бағасы бойынша — бір жарым мың доллардан артық болмаса кем емес.
— Бұны сіз бейне қолыңыздағы жұмыс қолғабын жоғалтқандай-ақ ешбір алаңсыз айтып тұрсыз...— дей беріп еді қыз, Ларсен жұлып алғандай:
— Жоқ, мен тіпті де алаңсыз тұрғам жоқ,— деді — менің қалтамды қаққан адамның қазір қанын ішуге дайынмын. Иә, иә ол — менің туған ағам екенін білемін! Жо-жоқ, бос сөз бұл! Сандырақ!
Қас қағым сәтте оның түрі өзгеріп шыға келді. Сосын даусы да сәл бәсеңдеп, шынайы да шыншыл леппен қайта сөйлей жөнелді.
— Өмірді өзгеше бағалайтын мына сіздер бақытты шығарсыздар; иә, шын мәнінде бақытты шағырсыздар. Көңілдеріңіз қалаған әлдебір ізгі дүниені армандайсыздар, жалғаннан жақсылық қана іздейсіздер, оны кейде тауып та жатасыздар. Тапқан кезде қуанасыздар. Ал осы сіздер айтыңыздаршы маған, мына менің бойымда бір жақсылық бар ма өзі?
— Былайша айтқанда, сыртқы түріңізден еш кемдік көре алмаймыз,— дедім мен.
— Сіздің бойыңызда жақсылық жасаудың бүкіл негізі бар,— деді Мод Брустер.
— Солай дейтіндеріңізді біліп едім,— деп ол қабақ шытты.— Мен үшін бұл сөздеріңіз шыбынның ызыңымен бірдей. Нақты түсінікті айтылған ештеме де жоқ. Мұндай сөздерді құлаққа құйып, миға сіңіріп, бос әуре болуға да болмайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл сөз дейтін сөз де емес, әншейін қиялдан, әсерден туған бірдеме.
Ол даурыға сөйлеп барып, қайта басылды.
— Шындығын айтқанда, кейде менің өзім де өмір шындықтарына көз жұма қарап, ойдан шығарылған қайдағы бір қиялдарға берілгім келеді. Бірақ байқаймын, бұл дегеніңіз — жалғандық, жалғандығымен қоймай парасатты ойға күнқағар бірдеме. Соған қарамастан, тіпті жалған болса да қиялмен, арманмен өмір сүрудің өзі бір ләззат қой деп ойлайтын да кезім бар. Өйткені, шынтуайтында, тіршіліктің бізге тартқан ең үлкен сыйы да — осы ләззат емес пе, бір нәрседен ләззатану емес пе! Егер оның бал шырынын тата алмасаң — өмір сүріп керегі не! Маңдай теріңді тамшылата еңбек етіп, бірақ одан ештеме ала алмасаң — нағыз сорлылық сол ғой. Егер кімде-кім көбірек ләззат алса, сол мәндірек өмір сүреді. Сіздердің барлық арман-қиялдарыңыз сіздерге машақаттан гөрі тыныштықты көбірек сыйлайды. Бұл жағынан маған қарағанда бақыттысыздар.
Ол ойлы кейіпте ақырын бас шайқап қойды.
— Мен адамзат ақыл-ойының құмарлығына көп жағдайда күмәнмен қараймын. Ақыл-ойға қарағанда арман-қиялдың берері де, сыйлары да көп секілді. Интеллектуалдық құндылықтардан кері эмоционалдық ләззат-сезімдердің рақаты ерек, ләззаты бөлек пе деймін. Өйткені бір сәттік интеллектуалдық қуаныштың артында мың сәттік сары уайымы да болады. Ал эмоционалдық рақат соңында сезімің сәл кермек татиды да, артынша ол да тез тарқап кетеді. Мен сіздерге қызғанышпен қараймын, қызғанышпен!..
Ол сөзін кенет күрт үзді де, еріндерінде әдеттегі мысқылды күлкі үйіріле қалды.
— Бірақ, естеріңізде болсын, мен сіздерге жүрекпен емес, ақылмен қызғана қараймын. Қызғаныш — ақылдың жемісі, оған мені зерде-түйсігім итермелейді. Бұл өзі арақ-шараптан біраздан бері сау жүрген адамның масқа қарап қызыққаны сияқты бірдеме.
— Сіздің айтайын дегеніңіз: ақылдының ақымаққа қарап тұрып, мен неге сондай болмадым деп өкінгені ме,— дедім мен күліп.
— Дәл солай,— деп жауап берді ол.— Мына сіз екеуіңіз ақымақтарды ақымақ қып, бар жағынан жұрдай етіп кеткен адамсыздар.
— Дегенмен, біз өз құндылықтарымыз тұрғысынан сізден бірде-бір кем өмір сүрмейміз,— деді Мод Брустер.
— Тіпті артық десеңіз де болады, өйткені сіздер үшін оның құны көк тиын.
— Сонымен қатар біздің мәңгіліктен де алып отыратын өз үлесіміз бар.
— Мүмкін солай шығар, мүмкін бұл тек қиялдағы дүниелеріңіз шығар — бұның ешқандай маңызы жоқ. Сіздер бәрібір өздеріңізге не қажет болса, соған қарай күш жұмсайсыздар, ал оның орнына алатындарыңыз — менің күндіз-түні маңдай терімді сыпырып жүріп алатынымнан әлдеқайда көп.
— Сіз өз "капиталыңызды" неге басқа "валютаға" айырбастап алмайсыз?— деді қыз күліп. Бұнысы — әрине, несібеңізді басқа бір жолмен таппайсыз ба дегені еді.
Ларсен оған әлдебір үмітпен жалт қарады да, аздаған үнсіздіктен кейін күрсініп:
— Кеш,— деді,— бәлкім, сөйткенім де жөн бе деймін, бірақ кешіккенімді түсінем. Менің барлық капиталым — ертеректе шыққан ескі үлгіде, одан құтылуым қиын енді. Және мен өз валютамнан басқаны мойындамаймын да.
Ол осымен сөзін бітірген. Көз қарасы бетінен тайғанақтап барып, көкшіл теңіздің сонау айдынына қарай ойысқан. Бойын тағы да жабайылық, хайуандық сағыныш билегендей; денесінен болмашы діріл білінеді. Өз ой-түйіндері оны есалаңдықтың ессіз шегіне жеткізгені сондай — бірер сағаттан кейін ол әйтеуір бір есебін тауып, тағы да бір тағылық көрсетуі әбден мүмкін еді. Есіме Чарли Фэрасет түскен: кез келген материалисті жар басына жетелейтін осындай сағыныш қой, қасіретін сағыныш қой деп ойладым.
ЖИЫРМА БЕСІНШІ ТАРАУ
Ертеңгілік ас үстінде Қорқау Ларсен маған:
— Сіз таңертеңнен бері палубаға шығып көрдіңіз бе?— деген сұраулы пішінмен.— Ауа-райы қандай екен?
— Шайдай ашық,— дедім мен трап жақтағы тесіктен төгіле түсіп тұрған күн сәулесіне көз салып.— Батыстан соққан аздаған жел бар. Бірақ Луистің болжауына сенсек, бұл жел біртіндеп қатая түспек.
Капитан разы пішінде бас изеп қойды.
— Тұман түсуі мүмкін бе?
— Солтүстік пен солтүстік-батыс жақтан қою мұнар байқалады.
Бұны естігенде тіптен қуана түскендей басын қайта-қайта изей берді.
—