Мұхтар Шахановтың поэзиясының арқауы ана тілі тағдыры, халқының тағдыры

Скачать

Мұхтар Шаханов (2.07.1942 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ленгір ауданы, Қасқасу селосы) — қазақ ақыны.
Мазмұны 
1 Өмірбаяны
2 Шығармалары
3 Өлеңдер мен балладалар тізімі
4 Шетелдегі танымалдығы
5 Пайдаланған әдебиет
6 Сыртқы сілтемелер
Өмірбаяны

Шымкент педагогикалық институтын бітірген (1969). "Оңтүстік Қазақстан" (1960-65), "Лениншіл жас" (1965-70) газеттерінде, республикалық телевизия, радио редакцияларында (1971-75) істеді. 1976 жылдан Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы. Алғашқы өлеңі ("Сырдария") 1959 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы ("Бақыт") 1966 жылы жарық көрді. М.Шахановтың "Балладалар" (1968), "Ай туып келеді" (1970), "Қырандар төбеге қонбайды" (1974), "Сенім патшалығы" (1976) атты кітаптары шықты. Өлеңдерінде философиялық ой басым. "Махаббат заңы" атты поэзиялық спектаклі республикалық театр сахнасына қойылды (1974). Мұхтар Шаханов көптеген әндер мәтінін жазды. Мәтінін де, музыкасын да өзі жазған "Жұбайлар жыры", "Туған күн кешінде", "Гүл дәурен", "Мен саған ғашық едім" атты әндері жүртшылыққа кеңінен таныс. М.Шаханов — Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1972). Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық "Жалын" журналының бас редакторы т.б. қызметтер атқарды. КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР-ның Халық депутаты.
1993-2003 жж. Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде болды. 2004—2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазір 2004—2007 депутат. "Жалын" журналының бас редакторы, әлем ойшылдарының басын біріктіретін "XXI ғасыр және Руханият" атты халықаралық элита клубының Президенті.
Шығармалары

Бірнеше өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тілдеріне аударылған. "Махаббат заңы", "Сенім патшалығы", "Сократты еске алу түні" атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш.Айтмановпен бірлесіп жазған "Күз басындағы аңшының зары" атты эссе кітабы мен "Сократты еске алу түні" атты драмасы көптеген тілдерге аударылған. "Шыңғыс ханның пенделік құпиясы" драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды. Мұхтар Шахановтың поэзиясының арқауы ана тілі тағдыры, халқының тағдыры.
Ақынның: "Тарихын тұр санаңа өткел тастап, өз тілінде ойлау, сөйлеу тоқталған сәттен бастап, Бүкіл баба рухымен байланысың кесілер. Тағдырыңнан ата ғасыр шамын солай өшірер. Қатенді әбжіл түзетпесең, толыққанды жоқ тірлік. Біз бабалар сүйегіне, сеніміне бақ құрдық, Бақ құрдық та ұлтсыздық кеңістікке ат бұрдық. Өз тіліңді жерсінбеудің, Өз анаңды менсінбеудің, Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол — рухи мүгедектік әрі ұлттық сатқындық", — деген тұжырымдамасын 20-ға тарта елдердің алдыңғы қатарлы гуманистері қолдаған. М.Шахановтың сөзімен айтсақ: "Өйткені қай елде болса да, ана тілін сыйламау — туған анасының жүрегіне тебумен бірдей".
2006 жылы ақынның "Тілсіздендіру анатомиясын" атты кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа тіл, ұлттық рух, космополиттік ағым төңірегіндегі жазылған бірнеше эссе-поэмалары енген.
КСРО Жазушылар Одағының мүшесі (1969), КСРО Жазушылар Одағының пленум мүшесі (1978), Жалын альманахының (1984), Жалын журналының бас редакторы (1986), Қазақстанның халық жазушысы (1996), Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының хатшысы (1986), Республикадағы тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс - Арал және Балқаш проблемалары жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы (1988), 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі аясында қазақ халқына ұлтшыл деп кінә таққан КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының қаулысына қарсы және сол Желтоқсан кезіндегі шындықты қалыптастыру жөнінде тұңғыш рет Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумында (1988), КСРО халық депутаттарының І-ші съезінде (Кремль, 1989) батыл мінез көрсетті. КСРО билігі бұған құлақ аспаған соң белгілі ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты А.Сахаровтың, кейіннен Ресейдің тұңғыш Президенті болған Б.Ельциннің қолдауымен бұл проблеманы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында екінші рет қайта көтеріп, КСРО Президенті М.Горбачевты Желтоқсан оқиғасын зерттеу және оған түбегейлі баға беру жөнінде жаңа комиссия құруға мәжбүрледі. Бұл комиссия КСРО билігі жүріп тұрған кездің өзінде-ақ КОКП Орталық комитетінің Саяси Бюросына Одақта бірінші боп саяси айып тақты... М.Шаханов 1926 жылы ислам дінінің қалдығы деген желеумен Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесі тойлауға тыйым салған Наурыз мерекесінің 62 жылдан соң қайта салтанат құруына мұрындық болды (1988 ж.). 1989 жылы 22-қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі орыс және қазақ тілдеріне бірдей мемлекеттік дәреже берген заңды қабылдап, тіпті оған дүркірете қол соғып қойғанда, екінші рет қайта шығып сөйлеп, депутаттарды қазақ тілін жеке мемлекеттік тіл жасауға үндеді және қабылданған заңның үлкен зардабы болатынын ескертті. М.Шаханов ұсынысы Президенттің қолдауымен дауысқа қайта салынып қазақ тілі жекедара мемлекеттік мәртебе иеленді. Ақын соңғы жылдары үш тұғырлы тілге де, тікелей қазақ халқын және республикадағы аз ұлттарды тікелей жоюға алып баратын, бастауын американдық ұлттан алатын қазақстандық ұлтқа да батыл қарсылық танытып келеді.
М.Шаханов 1989-91 жылдар аралығында КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, 1990-93 жылдары - республика Жоғарғы Кеңесінің, 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
1992 жылы М.Шаханов Олжас Сүлейменовпен бірлесіп Халық конгресі партиясын құрды. Бірақ екі тілде тәрбиеленген екі тұлға арасында ұлттық мүдде мен космополиттік ағым жүйелі көзқарас таба алмағандықтан партия ұзақ ғұмыр кеше алмады. 1993-2003 жылдар аралығында М.Шаханов Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2001 жылдан ХХІ ғасыр және Руханият атты халықаралық элита клубының президенті, 2004 жылдан Мемлекеттік тіл қоғамдық қозғалысының төрағасы, 2010 жылдан Тәуелсіздікті қорғау атты 50-ден астам қоғамдық ұйымдардың, партиялардың, баспасөз орындарының басын қосатын халықтық-демократиялық қозғалыстың төрағасы және республикалық Жалын журналының Бас редакторы.
М.Шахановтың Өркениеттің адасуы, Жазагер жады космоформуласы (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды. Оның шығармалары дүниежүзінің 50-ден астам тілдеріне аударылды. Автордың Ш.Айтматовпен бірлесіп жазылған Құз басындағы аңшының зары атты кітабы мен Сократты ескеру түні атты драмасы да бірнеше елдің кітап дүкендерінен, сахналарынан орын тепті.
Ақын өз елінің мемлекеттік дәрежедегі сыйлықтарынан, Халық қаһарманы атағынан, орден, медалдарынан жүйелі түрде бас тартты. Ол оны былай түсіндіреді. Отан біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметі үшін жылу дәметпеуі керек. Отан да өзінің дараланған перзенттерін марапаттап отыруы шарт. Бірақ ол өте әділетті түрде шешім табуы тиіс. Қазір елімізде кез-келген заңдастырылған немесе заңдастырылмаған ұрылардың ең кемі екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында болғым келмейді. Ал шет мемлекеттер ұсынған сыйлықтарды алатын себебім, ел перзентіне көрсетілген, есепке құрылмаған риясыз құрмет сәл де болса республикамыздың рухани мәртебесін өсіреді.
Мұхтар Шаханов - Қырғыз Республикасының халық ақыны, жиырмадан астам шет елдік академиялардың, университеттердің құрметті докторы, профессоры. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған Орта Бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының Түрік дүниесіне қызметі үшін халықаралық сыйлығының, Қырғыз Республикасы халықаралық Руханият, Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің Шахрияр, ЮНЕСКО-ның Боорукер клубы сыйлықтарының, Түркия, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған Түрік әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін атағының иегері. 2002 жылы М.Шахановқа Жазагер жады космоформуласы атты шығармасы үшін Калифорния Ғылым, Индустрия, Білім және Өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы Алтын медалі мен Түркияның Гебзе қаласында Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны атағы берілді. Нобель сыйлығының 100 жылдығына орай Тамбов қаласында өткен Нобель сыйлығы лауреаттары мен нобелшілердің халықаралық конгресінде Нобель ақпарат орталығы, Нобель қоры, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясы бірлесіп бекіткен Нобельдің Алтын медалімен марапатталды.
Өлеңдер мен балладалар тізімі

"Эверестке шығу'
'Ғашықтық ғаламаты'
'Еркектер жыры'
'Әйелдер'
'Сұлулықты сезіну немесе Ғабиден Мұстафинмен қарттық жайлы әңгіме'
"Арман"
'Шың басындағы оқиға'
'Алтын, күміс және қалайы'
'Жайықпен жүздескенде'
"Байқаймысың"
'Жалын'
'Жанерке'
Достық өлкесінің заңы
'Жігерлендіру немесе өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауап'
'Өзендер'
Шетелдегі танымалдығы

Қырғыз Республикасының халық ақыны (1994), Қазақстан Республикасының Халық жазушысы (1996), БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының, Түрік республикасының "Түрік дүниесіне қызметі үшін" халықаралық сыйлығының және Қырғыз Республикасы халықаралық "Руханият", түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің "Шахрияр", ЮНЕСКО- ның "Боорукер" клубы сыйлықтарының иегері. 2002 жылы "Жазагер жады космоформуласы" шығармасы үшін Калифорния Ғылым индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалі, Түркияның Гебзе қаласында "Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны" сыйлығы берілген.
2006 жылы Түркияның Невшехир қаласында әлемнің 26 мемлекетінде өкілдері бар КИБАТЕК (Кипр, Балқан, Еуразия, Түркі әдебиеттері қоғамы) түркі халықтары арасынан дараланған тұлға ретінде әдебиет сыйлығын Мұхтар Шахановқа тапсырды.
Осы жылы Америка өмірбаян институты белгілеген 2005 жылдың "Жыл адамы" атағы берілді. Мұхтар Шаханов "Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы".
"Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін", "Еңбектегі ерлігі үшін" медальдармен марапатталған.[1]
Пайдаланған әдебиет

Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. "Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2


Скачать


zharar.kz