ЖАЛАЙЫР ҚОСЫМҰЛЫ ҚАДЫРҒАЛИ

Скачать

Жалайыр Қосымұлы Қадырғали (1530-1605) – орта ғасырдағы қазақтың ғұлама ғалымы, атақты биі. Тарихи шығармаларда оны «Қайырғали Жалаири» деп көрсетеді. Бұл – тарихи тұлғаның аты-жөнінің соңына оның қай мекеннен екені білдіру үшін туған жерін көрсететін бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша алынған. Бірақ мұнда ғұламаның туған жері емес, тайпасының аты көрсетілген. Оның шыққан тегі – Ұлы жүздің тарақ таңбалы Жалайыр тайпасынан. Оның «Жалайри» аталуы осыдан. Тарихи шығармаларда оның есімін Қыдырғали, Қыдырәли, Қадырғали деп құбылтып атай береді. Туған жері – Қазақстан жеріндегі Сырдария бойы.
Қадырғалидың ата-бабалары Қарахандар әулеті билігінен бері үздіксіз хан сарайында қызмет етіп, ханның ақылшы-кеңесшісі, қол бастар батырлары болған. Оның өз атасы Темшік Шығай ханның батыры болса, әкесі Қосым бек лауазымын иеленген. Жастай білім алып, бірнеше тіл меңгерген Қадырғалидың өзі де хан сарайында қызмет атқарып, хан балаларын тәрбиелеу ісімен айналысқан.
Шығай ханның баласы «Ұзын оқты» атанған Ондан сұлтан жау қолынан өлген соң, оның 13 жасар баласы Ораз-Мұхаммедті алып, өзіне қараған елмен Сібірдің Көшім ханының қол астына көшіп кетеді. Онда Қадырғалидың білімділігіне, ақыл-парасатына риза болған Көшім хан оны Төбе би етіп сайлайды, өзінің ақылгөй кеңесшісі етеді. Бірақ ол онда ұзақ бола алмайды, кейін Сібір кінәзі Сейдектің ықпалымен, онымен бірігіп, Көшім ханға қарсы шығады. Сөйтіп ол енді Ораз-Мұхаммедпен бірігіп, Сейдектің мәртебесін көтереді. Осында жүргенде оларды Сібір воеводасы Д. Чулков алдап тұтқынға түсіреді. Қадырғалиды Ораз-Мұхаммедпен бірге Москваға жөнелтеді. Кейін шведтерге, Қырым хандығына қарсы соғыста ерлік көрсеткені үшін орыс патшасы Ораз-Мұхаммедке Ока бойындағы Қасым хандығынан иелігіне жер бөліп береді. 1600 жылы орыстың жаңа патшасы Борис Годунов оны Қасым хандығының ханы етіп қояды. Қадырғали оның төрт биінің бірі болып тағайындалады.
Ол осында ғылыммен шындап айналысады. Ана тілімен бірге араб, парсы тілдерін де жақсы меңгеріп, Шығыстың әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең зерттейді. Соның нәтижесінде ол Орта Азияның сол кездегі атақты ғұламаларының деңгейіне көтеріледі. Кейін «Жами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») деген атпен әлемге әйгілі болған өзінің атақты еңбегін жазады. «Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім, нақыл сөздерге қанық көптеген кітап оқыған адаммын» деп жазады ол өзі жайында.
«Жылнамалар жинағы» - орта ғасырдағы қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығармалардың бірі. Мұнда қазақ хандығының Х ғасырдың басынан бергі ішкі-сыртқы жағдайлары, қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы, оның халықаралық жағдайлары, хандардың және олардың төңірегіндегі түрлі әлеуметтік топтардың саяси ахуалдары жөнінде аса құнды мәліметтер берілген.


Скачать


zharar.kz