Жақсылық Сәмитұлы (8.5.1940 жылы туылған, Қытай, Алтай аймағы, Жеменей ауданы Жәке ласты) — жазушы. Шыңжаң унверситетін бітірген (1959), Қытайда жүргізілген мәдени төңкеріс жылдары "ұлтшыл” атанып, 1959 — 79 жылдары Үрімжі, Тарым және басқа да жаза лагерьлерінде болған. 1979 жылы ақталған. 1980 — 89 жылдары "Алтай аясы” журналының редакторы, 1989 — 93 жылдары Шыңжаң теледидарында редактор қызметтерін атқарған. 1993 жылы сәуірде Қазақстанға көшіп келіп, Алматы қаласына қоныстанған. 1995 жылдан ҚазМУ-де дәріс оқиды.
Шығармалары
Шығармашылық жолын өлең жазудан бастаған. Оның "Шопандарға” деген тұңғыш өлеңі 1955 жылы "Алтай халқы” газетінде жарық көрген. "Атамекен” (1983), "Тау самалы” (1985), "Ақ тілек” (1990), "Ақ сәуле” (1992), т.б. повесть, әңгіме жинақтары жарық көрген. "Атамекен” кітабына Қытай Халық Республикасының мемлекеттік сыйлық берілген (1985). Қазақстанда жазушының "Сергелдең” атты трилогиясының бірінші және екінші кітабы (1996 — 2000), "Қытайдағы қазақтар” атты монографиясы (2000) басылып шықты. Жазушының "Сергелдең" трилогиясы 2010 жылы "Қаһарлы Алтай" деген атпен үш томдық толық нұсқада "Дәуір" баспасынан басылып шықты.