Лұқпан әкімге бір сопысымақ адам бір жиылыста айтты: - Сіздің ауруға ем етуіңіз күнә, Құдайдың жіберген қаза - бәлесіне себеп табамын деген Құдайға қарсылық болып табылады деп білемін, - деді

Скачать

Лұқпан әкімге бір сопысымақ адам бір жиылыста айтты:

— Сіздің ауруға ем етуіңіз күнә, Құдайдың жіберген қаза - бәлесіне себеп табамын деген Құдайға қарсылық болып табылады деп білемін, — деді.

Лұқпан айтты:

— Олай болса, сол айтқан сөзіңіз жазылған кітапты келтіріңіз, сенімді кітап болса, біз тоба етіп, дәрігерлікті қоялық, — деп.

Сопы бұл сөзді еш кітаптан көргені жоқ кітап алып келе қоямын деп қозғалмады.

Жиылып отырған халық шулап қоя берді:

— Сопы, Лұқпан жесірге байдай, жетімге атадай болып, неше мұңды бейшаралардың көзінің жасын тыйды, сен бұл істі күнә деп білсең кітабыңды көрсет, болмаса қазыға алып барып, жазаландырамыз, — деп.

Істің бұлайынша зорайып бара жатқанын көріп, Лұқпан халықтан өтініш етіп тысқа шығып, сопыны оңаша қалдырып айтты:

— Алла разы болсын, молдам, білген шамаңызша бізді күнәдан тыю үшін ақыл айтқаныңызға. Бірақ бізден де сізге бір ақыл айтылсын: қашан да бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, онан соң көзіңізді жұмсаңыз, сонан соң ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін танып, мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға сонда ерік беріңіз. Екінші, сіздің айтқан сөзіңізден оқып жетіспегендік көрінеді. Құдай Тағала адамға әртүрлі дене берді: қол берді жұмыс қылмақ үшін, көз берді көрмек үшін, аяқ берді жүрмек үшін, құлақ берді есітуге, ақыл берді ойланып, жаман - жақсыны аңғаруға. Сол берген денелерді тиісті орнына жұмсамасаң, Құдайдың бұйрығына қарсылық болып табылса керек. Оның үшін жүрмей, тұрмай, отырмай, көрмей, есітпей Құдайға құлшылық етіп те болмайды. Сол реуішті жансыз нәрселердің де керексіз жаратылғаны жоқ. Бір шөпті у етіп жаратты, екінші шөпті оған басытқы етіп жаратты. Бұларды да танып, біліп, бұйрықты орнына жұмсамасаң күнәлі боласың, тиісті пайдалы орнына жұмсаудан обал болмаса керек, — деді.


Скачать


zharar.kz