ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ПРОБЛЕМАЛАРЫ

Скачать

Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың Ұлыбританияға жұмыс сапары аптаның басты саяси оқиғасы ретінде бағалануда. “Үлкен сегіздіктің” белді мүшесі Британияның дүниежүзілік саясат сахнасындағы негізгі ойыншылардың бірі екенін ескерер болсақ, бұл ел саясатының құлағын ұстап отырған лауазым иелерімен болатын кездесулердің мәні әрдайым айрықша назарда тұратыны түсінікті.
Лондонға бұл жолғы сапары барысында Қасымжомарт Тоқаев Ұлыбритания сыртқы саясат ведомствосының басшысы Джек Стромен екі жақты келіссөздер өткізді. Дипломаттар Қазақстан-британ қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен келешегі төңірегінде келелі әңгіме құрды. Сұхбат барысында Орталық Азия өңіріндегі ынтымақтастық, сондай-ақ жаһандық күн тәртібінде, атап айтқанда таратпау мәселелеріне қатысты әлемді алаңдатып отырған белгілі жәйттер жан-жақты талқыланды. Дипломаттар екі жақты байланыстарда қол жеткен табыстарға қанағаттанушылық білдіретіндерін мәлімдеді. Министр Джек Строның 2004 жылғы ақпанда Қазақстанға сапарының нәтижелерін жоғары бағалай келе, біздің елімізде британдық тараптың қатысуын жандандыруға жәрдемдесуі құлаққағыс етілді. Байланыстардың тамырын тереңдетуге екі елдің саяси ерік-жігерімен бірге қомақты қаржы-экономикалық мүдделерінің жеткілікті деңгейі игі ықпалын тигізері анық.
Әлемдегі демократиялық дамудың проблемалары төңірегінде ой қозғаған Британия дипломатиясының басшысы Қазақстанның саяси өзгерулер жасаудағы батыл қимылдары “көзге бірден байқалады” дегенді білдірді. Джек Стро мырза қазақстандық әріптесінің демократия қағидаттарына іс жүзінде беріктігін дәлелдеп келе жатқан елдерді қолдау қажеттігі жөніндегі пікірін толық қоштады.
Министрлер қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың ең өзекті деген мәселелері бойынша тараптар көзқарастарының ұқсастығын атап өтті. Ресми Лондон Қазақстанның таратпау режіміне, халықаралық лаңкестік пен экстремизм, есірткі тасымалы және де басқа бүгінгі адамзатты үрей құшағына итермелеп отырған зұлымдықтарға қарсы күреске қосып отырған үлесін жоғары бағалайды.

Келіссөздер британ басшылығының Президент Н.Назарбаевты ағымдағы жылы Ұлыбританияға ресми сапармен келіп-қайтуға шақыруымен аяқталды. Сапар мерзімі дипломатиялық арналар арқылы анықталмақ.
Сол күні әйгілі Букингем сарайында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшысының ағылшын корольдік отбасының мүшесі Йорк Герцогы (Элизавета Патшайымның екінші ұлы), Қазақстан-британ қоғамының тең төрағасы бекзада Эндрюмен кездесуі өтті. Жылы шырайда өткен бұл жүздесуде Қ.Тоқаев бекзада Эндрюге екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан зор рөлі үшін Елбасының алғыс сөздерін жеткізді. Салиқалы сұхбат барысында екі елдегі азаматтық қоғамдар арасындағы түрлі байланыстарды ынталандыру мақсатында аталған Қоғамның қызметін кеңейту жайына мән берілді.
Йорк Герцогымен арадағы әңгімеде британ іскер адамдарының Қазақстандағы іс-қимылдарын ширату қажеттігіне назар аударылды. Мемлекет басшысының ұлттық экономиканы әртараптандыру және оны жоғары технология арнасына қою тұрғысындағы міндеттері бұған қолайлы мүмкіндіктер береді.
Қасымжомарт Тоқаев Лондондағы “Директорлар институты” деп аталатын мәртебелі клубта британ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен сұхбатында Қазақстанда либералды демократиялық қоғам орнатудың ауқымды істері жөнінде жан-жақты түсіндіріп, осы бағыттағы іс-шаралардың әлемдегі ықпалы аса зор британ баспасөзінде кеңінен жариялану жайынан ой бөлісті.
Бұған дейін, сапардың алғашқы күндерінде, яғни 6 наурызда ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев британдық парламентарийлер – Қазақстан бойынша Партияаралық топтың мүшелерімен кездесті.
Ұлыбритания Парламенті Сыртқы саясат жөніндегі комитетінің мүшесі сэр Патрик Кормак атынан берілген кешкі аста екі ел арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдету жолдары жан-жақты сөз болды.
Қазақстан министрі британ депутаттарын Президент Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырып, экономикалық һәм саяси реформалардың жедел қарқынына назар аударды. Бұл орайда министр Мемлекет басшысының алға қойып отырған Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына ену жөніндегі стратегиялық міндетін жүзеге асыру жолында өзара ықпалдастықтың зор келешегіне тоқталды. Өйткені қазіргі кезеңде Қазақстанда британдық инвестициялар мен инновациялық технологияларды дамытуға қолайлы жағдайлар жасалған.
Басқосуға Қауымдастар палатасының және Лордтар палатасының көрнекті өкілдері Либералды-демократиялық партияның экс-лидері Чарлз Кеннеди, лейборист-депутат, былтырғы жылы біздің елде өткен Президент сайлауына ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді байқаушылар миссиясын бастап келген Брюс Джордж, депутат-консерватор Дэвид Тримбл, лордтар Андерсен, Килклуни және Фрейзер, сондай-ақ британдық танымал “Fіrst Magazіne” журналының бас редакторы Руперт Гудман және Ұлыбритания Премьер-Министрінің инвестициялар жөніндегі арнайы кеңесшісі сэр Андрю Вуд қатысты.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы “Каспий аймағы және Орталық Азия: аймақтық тұрақтылық, саяси және экономикалық өзгерістер” деген атпен Лондон қаласында 7 наурызда өткен ірі халықаралық конференцияның екінші күні негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйледі. Бұл іс-шараны беделді “Wіlton Park” ұйымы ұйымдастырған болатын. “Қазақстан Каспий аймағының геосаясаты аясында” тақырыбындағы баяндамасын Қасымжомарт Тоқаев осынау ауқымды аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты, экономикалық өркендеуді қамтамасыз етудегі еліміздің ұстанымын жеткізуге арнады. Шешен өз сөзінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, көмірсутегі қорларын игеру және олардың әлемдік нарыққа тасымалдануына қатысты келелі мәселелерді кеңінен қозғады.
Конференцияға қатысқан Еуропа мен Американың беделді ғылыми-зерттеу орталықтарының жетекші сарапшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия және Кавказдың саяси орталарынан келген мамандар Қазақ елінің кең ауқымды стратегиялық маңызды аймақтағы орнықты дамуды қамтамасыз етудегі талассыз рөлі жөніндегі пікірлерін ортаға салды.
Конференция кезінде Қ.Тоқаевтың Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Ян Кубишпен екеуара кездесуінде еліміздің ЕО-мен ынтымақтастығы әңгіме өзегіне айналды.


Скачать


zharar.kz