Ертеде Айгерім деген бір қыз болыпты. Қалалы жерде өмірге келген оның денсаулығы нашар екен. Жиі-жиі сырқаттанып, ауруханаға түсе беріпті. Бір қызығы — дімкәстігі оны онша қынжылта қоймапты. Бала болғаннан кейін, өстіп науқастану керек шығар, — деп ойлапты. Сөйтіп жүріп, әр түрлі ем алуға, дәрі-дәрмекке еті үйреніп кетіпті.
Айгерімнің көзін аша салып көргені — қабат-қабат биік үйлер, асфальт төселген кең көшелер, жарқылдаған жарықтар, арлы-берлі ағылған қалың машина. Солардың арасында жасыл желекті ағаштар мен қызыл ала гүлдер кездесіп қалады. Айгерім енді сол гүлдерді көру үшін көшеге шығатын болды. Ол әлгі гүлдерді өзіне ұқсатты.