ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ
(1902-1985)
Қазақ әдебиетінің кеңестік дәуірдегі көрнекті қайраткерлерінің бірі — көркемсөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген.
Ол алғаш өз ауылында ескіше оқып, хат таныған. 14 жасында (1916 жылы) Обаған деген жердегі нағашысының көмегімен орыс мектебіне окуға түседі, бұл мектепті бітіріп, Преснегорьковтағы екі кластық орыс мектебінде оқьш, жеті жылдық мектептің көлемінде білім алады. 1923-26 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында бір жыл ғана оқиды. Содан кейін кеңестік дәуірдегі баспасөз, халық ағарту, көркем өнер мекемелерінде әр түрлі жауапты қызметтерді атқарады.
Жазушының әдеби-шығармашылық еңбегі жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінен басталады. Оның жазушылық еңбегіне үлгі болған Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Крылов, Чехов, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты орыс классиктері болды. Әсіресе оның шығармашылық еңбегіне ерекше әсер еткен Гоголь, Чехов, Горький сияқты әңгіме, очерк, хикаят, роман жазушы сатириктер еді. Мен, — деп еске алады өзінің Автобиографиялық әңгімесінде, — сол кездегі Орынбор рабфагін кейбір жоғары дәрежелі мектептермен теңесе алады-ау деп ойлаймын!... Орыс әдебиетін оқығанда Гоголь, Чехов, Горький шығармалары ойыма қона қалушы еді. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым (кейін ол Тулаған толқында деген повеске айналып, менің бірінші басылып шыққан әдеби еңбегім болды).
Сол кезден бергі уақыт ішінде жазушы жиырмадан астам әңгіме, хикаяттар (Қос шалқар, Талпақ танау, Ана туралы новеллалар, Автографиялық әңгіме, т.б.), ондаған пьесалар (Қыз Жібек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Ақан сері — Ақтоқты, Аманкелді, Қынаптан қылыш т.б.), Қазақ солдаты, Ұлпан, Оянған өлке атты романдарын, қара сөзбен жазылған Кездеспей кеткен бір бейне поэмасын жазды.
Орыс, батыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аудару ісімен де шұғылданды. Оның жүзге тарта публицистикалық мақалалары жарық көрді.
Сөйтіп, Ғ. Мүсірепов қазақ әдебиетінің барлық жанрын дамытуда аянбай еңбек еткен академик-классик жазушы болды. Оның осы еңбектері жоғары бағаланып, бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Алты мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне, 1958 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. 1974 жылы Ғ. Мүсіреповке кеңес әдебиетін өркендетуде сіңірген еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді.
Ғ. Мүсіреповтің әңгімелері. Жазушының 1930 жылдардың бас кезіндегі көбірек көңіл бөлген тақырыбы - ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі болды. Оның осы тақырыпқа арнап жазған тұңғыш шығармасы Қос шалқар (1929) әңгімесі еді. Әңгіменің оқиғасы Қазақстанда егіндік, шабындық жерлерді бөліске салу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесіне ұласады. Қасым сияқты байлардың шөбін шауып, малын баққан Күсен сияқты кедейлердің артель болып ұйымдасуы, байлар мен кедейлердің таптық күресі шеңберіндегі қазақ ауылының шындық өмірі суреттеледі.
Жазушы Қос шалқар атанған әсем көлдің атырабына үш рет жолы түскенін баяндай отырып, осы өңірдегі болған өзгерісті сөз етеді.
Ғ. Мүсіреповтің бұдан кейінгі жазған екі әңгімесі — Көк үйдегі көршілер (1929), Күсен (1930) де осы тақырыптың жалғасы іспетті болып келеді. Онда да қазақ ауылындағы колхоздастыру кезіндегі қиыншылық, таптық талас-тартыс әңгіме болады. Ғ. Мүсірепов 1932 жылы Бір адым кейін, екі адым ілгері атты әңгімесін жазды. Онда да таптық күрес, астыртын әрекеттер, ауылдың бай-кедей болып бөлінуі, жаңа заманға өткен қоғам өкілдерінің риза болмай, қарсы тұруы суреттеледі. Әңгіменің басты кейіпкерлері — колхоз бастығы Рамазан мен оның орынбасары Жанғалилар өз туыстарын ғана колхозға тартып, рушылдықты қоздырады. Ал Сүгір молда мен Есентай сияқты өткен қоғам өкілдері астыртын әрекет жасап, колхоздың қоймасын өртеп, асыл тұқымды малдарын өлтіру арқылы жаулық әрекет жасайды.
Бұның бәрі жазушы ойлап тапқан оқиға сюжеті емес, 1930 жылдардағы ұжымдастыру кезеңіндегі өмір шындығы екені даусыз. Себебі бір қоғамдық құрылыс өзгеріп, оның орнына жаңа қоғам келгенде адамдардың идеялық талас-тартысының болуы, ескі мен жаңаның күресі табиғи заңды кұбылыс, өмір шындығы еді. Жазушы осы адамдар санасындағы болған өзгерістерді суреттеп отыр.
Жазушының адамдардың идеялық көзқарас өзгешеліктерін дөп басьш, шебер суреттеген әңгімесі Талпақ танау (1934). Бұл әңгімеде де қазақ ауылындағы колхоздастыру кезеңінің шындығы баяндалған. Онда еңбекшілерді ұжымдастыру мәселесіне байланысты колхоз төрағасы Сәденнің көрші совхоздан шошқа сатып әкеліп, бесінші түлікті өсіруі, қазақ ауылына жаңа әкелінген бесінші түлікті қазақ шалы Есеннің бағуы, ауыл адамдарының оған шошына, жиіркене қарауын суреттеу арқылы адамдар психологиясында орын алған ескі түсінік пен жаңа көзқарастың қақтығысы сипатталады.
Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. Гуманист жазушы М. Горькийдің адам деген ардақты атты жоғары бағалауы, өмірге рух себуші, тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі Ғ. Мүсіреповке үлкен ой салды. Ол М. Горькийдің Адамның анасы және Өлімді жеңген ана атты екі новелласын аударып, өзі де Ананың анасы, Ашынған ана, Ананың арашасы (1934), Ер ана (1942), Ақлима (1944) атты әңгімелерін жазды.
Ананың анасы (1934) атты әңгімесінің мазмұны ел арасына кең тараған аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын жау қолынан азат етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап қойып өткен өмір оқиғасын баяндауынан басталады. Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттігі айтылады.
Ашынған ана (1934) әңгімесі 1916 жылғы ұлт-азаттық; қозғалысына арналған. Жалғыз баласының жасын асырып жазып, майданға қара жұмысқа жібермек болған болыс пен оның қолшоқпары Қарасақалға Қапияның пышақ салып, түрмеге түсуі, онда 17 ай отырып, ақыры оны большевиктердің түрмеден босатуы баяндалады. Жазушының суреттеуінше, қиыншылық пен зорлық-зомбылықты көп көріп, азап шеккен: ... Өмір өзін сондай сіліккен. Қазір бұл сондай орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған қайратты ана...
Ал Ғ. Мүсіреповтің Ананың арашасы (1934) атты әңгімесінде Антоновтың ақ бандыларының қазақ ауылына ат ойнатып, жазықсыз жандарды атып-асуы, Нағиманы "большевик балаңды тауып бер" деп соққыға жығуы, ананың жан азабына шыдап бағып, ақтар армиясының солдаттарының шымбайына батар сөз айтып, солдаттарды өз командиріне қарсы қоюы, ақыры олардың Антоновты өлтіріп, Қызыл Армияға қосылуымен аяқталады.
Ақтар армиясының бандыларының жауыздығын жазушы былайша суреттейді: ... Ана арқасында қайыс қамшы жыландай жүйткіп жүр... Арашаға жарай алмаған ауыл ұятына тұншыққандай тым-тырыс... Тек отыз өрім қамшы ғана әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ. Асыл жігер мен өктем куш теке- тіресіп кездесе қалып, біріне-бірі тізе бүгер емес. Қара көк жапырақты ақ көйлек қызыл қанға айналып, арқа жағы тілім- тілім болып кетті. Қанға боялған қамшы ана денесінің ашынған жерлерін иіскеп табатындай жанға батар жеріне дәл-дәл тиеді. Қамшы сарт етіп қалғанда, ана көзінен от ұшқыны да жалт ете қалады. Сіресіп қалғандай табан аудармай, кек кернеген ана да тұр, мың сұрауына бір жауап ала алмай ызаға булығып Антонов та тұр. Ана тістері тіл қақпасын тас бекітіп тастапты... Бұдан әрі өжет ана Антоновтың адамгершіліктен жұрдай жауыздығын бетіне басып, өршелене түседі.
Жазушы қара күштің ана жүрегін мойыта алмағанын суреттеу арқылы Ана алдында өлім де мойын ұсынады. Өлімді өмір жеңеді дегенді бейнелеп беріп отыр.
Ғ. Мүсірепов Ұлы Отан соғысы жылдарында да ана тақырыбына қайта оралып, екі әңгіме жазды. Оның бірі --Ер ана (1942). Онда жау уақытша басып алған селода ауру немересімен қалған Наталья ананың партизандар көмген минаны жарып, неміс офицерлері орналасқан мектеп үйін өртеп, ормандағы партизандарға қосылуы суреттеледі. Ал Ақлима (1944) әңгімесінде жалғыз ұлы соғыста ерлікпен өлген ананың майданнан мүгедек болып оралған Сапар деген жігітті асырап алып күтуі, оны өз баласы Қасымнан кем көрмеуі баяндалады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуациямен Украина, Ресей жерлерінен келген орыс, неміс, шешен, ингуш, татар балаларын қазақтардың асырап алуы көп болған. Ал қол-аяғы бірдей шөрке боп қалған жауынгер жігітті туған анасындай болып күту гуманистік ұлы жүректің ғана қолынан келетін қасиетті іс-әрекет еді. Жазушы осы арқылы ана жүрегінің кеңдігін, махаббатының молдығын асқан суреткерлікпен бейнелейді.
Жазушының Ана тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы Ұлпан романы дүниеге келді. Ұлпан — бүкіл аналардың жиынтық бейнесі тәріздес кесек полотно.
Ұлпан — тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Романдағы бас кейіпкер Есеней - қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол ПІыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланыш, орыс-казактары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған. Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы, бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылыш, Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың! деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі, жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз.
Екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады. Есенейдің уыздай Ұлпанды қолға түсіруіне екінші себеп — айттырған күйеуі Түлен саудагердің таз баласы Мырзаштан құтыла алмай отырған кезіне тап болады. Мыңғырған малы бар, бір уез елді ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстап отырған Есеней Ұлпанды айттырып қойған жерінен арашалап алып, айғыр үйір жылқы беріп, Ұлпанды екінші әйелдікке алады. Бес болыс Керей — Уақтың Есенейіне Ұлпан қалың малын өзі айтып, Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойландың ба?- дейді. Ердің құны, нардың бұлы болса да мал-жанды аямауға бел байлаған Есеней: Қырық жыл болса қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боласың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... Мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, болмаса Есенейдің орнына Есеней болатын адам деп қызықтым ба? Оны өзім де біле бермеймін. Әйтеуір осы түннен бастап, менің Есенейім сенсің, — деп кесіп жауап береді. Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды,—деп суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді.
Осы астан кейін жиырма бес жыл өткенде (1906 ж. шамасында), Орынбор — Ташкент темір жолы салынған кезде, Ұлпан ас берген көл жағасынан өткен темір жол стансасының атын Ұлпан атайды (Шалқардан кейінгі станса).
Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды отырса — опақ, тұрса — сопақ етеді. Қорлыққа шыдай алмаған ер мінезді Ұлпан: Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін,—деп қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі.
Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу—Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Ондай қайраткер аналар тарихта болған. Мәселен, Төле бидің келіні Данагүлді, Шыңғыстың анасы Айғанымды бүкіл қазақ елі пір тұтқан. Осындай ерлікпен, ақылды-даналықпен, билікпен, әділдікпен атын шығарған Ұлпан қазақ әйелдерінің жиынтық образы деуге болады. Жазушы жасаған Ұлпан — аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлы қоғам қайраткері.
Ғ.Мүсіреповтің Ана тақырыбынан кейінгі патриоттық тақырыптағы төл туындысы — Қазақ солдаты хикаятын (1945 ж., кейін Қазақ солдаты романы) жазды.
Ал бұдан кейін 1953 жылы жазылған Оянған өлке романының тақырыбы — Қазан төңкерісінен бұрын Қарағанды көмір өндірісі ашылып, онда қазақ жұмысшы тобының құрыла бастауы, Оралдан келген орыс, украин жұмысшыларымен өндіріске жаңа тартылған қазақ кедейлерінің ащы өмірдің азабын бірге тартып, біте қайнасуы, олардың таптық мақсатты терең түсінісіп, орыс капиталистері мен қазақ байларына қарсы тізе қоса бастауы, таптық сана-сезімінің оянуы суреттеледі. Романның екінші кітабы Жат қолында атты роман ширек ғасыр өткен соң — 1984 жылы дүниеге келді. Онда Қарағанды көмір кенін ағылшын алпауыттарының тонауы тартымды сипатталған.
Ғ. Мүсіреповтің "Жапон балладасын" қара сөзбен жазылған баллада-жыр деуге болады. Адамзат тарихында тұңғыш қолданылған атом бомбасының ауыр зардабын шеккен жапон халқының жан түршігерлік трагедиясын жазушы поэзиялық леппен, терең сыршыл сезімталдықпен жеткізе білген. Автор: "Арқаның әңгімесі", "Көздің әңгімесі", "Тастың әңгімесі" арқылы XX ғасырдың ең сұмдық, ең жауыз қасіреті — атом апатын әшкерелейді. Жазушы қара мрамор тасты сөйлету арқылы сұрапыл апат жайын, темір өртенген күн, тас өртенген күн жайын, адам баласының бұл маңайда түгел қырылып жоқ болғанын баяндайды. "Көздің әңгімесінде" жиырма жыл бойы жарық дүниені көрмеген қыз көруден өз үмітін үзбейді. Ол: "Мен бұл апатты ешкімге тілемеймін. Әсіресе тоқсан қабат, жүз қабат үйлердің мұндай апатқа ұшырауын тілемеймін. Сол үйлерде құмырсқа илеуіндей ығы-жығы тұратын адамдардың үйіліп, өртеніп жатқанын тілемеймін", — деп жан даусымен үн қатады. Ал "Арқаның әңгімесінде" дәрігердің: "Арқаң Жапонияның географиялық картасындай", — деген сөздері арқылы автор ауыр апаттың азабын дәлелдей түседі. Ол жігіт жиырма жыл ішінде арқасын он алты рет жаматқан.
Атом бомбасынының әсерінен екі үлкен қаланың қақ жарты халқы қас қаққанша қырылып, жоқ болғанына жігіт сенгісі келмейді, бірақ бұл ауыр кайғы, ащы шындық екенін жазушы шебер суреттеген.