Баяғыда Қайыр деген шал болыпты. Шалдың Самет деген баласы болыпты. Шалдың кәсібі: базарға тоғыз серкені айдай барады екен, не сатпайды, не соймайды, тоғыз серкенің пұлына тоғыз нар түйенің жүгін әкеледі екен. Бір күні шал баласына айтады:
— Балам, мен қартайдым төрімнен көрім жақын. Сондықтан осы тоғыз серкені базарға айдап бар, не сатпа, не сойма, бірақ осы тоғыз серкенің пұлына тоғыз нар түйенің жүгін әкел, – депті. Баласы тоғыз серкені базарға айдап келіп сатайын десе, әкесі сатпа деген; сояйын десе, сойма деген. Жайдан-жай біреу пұл бере ме? Мына көшеге, ана көшеге ерсілі-қарсылы айдап жүре беріпті. Көшеден Сақыпжамал деген бір қыз кездесіп: Сен неғылған нашар адамсың, сенің әкең осы тоғыз серкені базарға айдап апарып түбітін тарап сатып, тоғыз серкенің пұлына тоғыз нар түйенің жүгін алып қайт депті, – дейді. Самет Сақыпжамал қыздың айтқанын істеп тоғыз серкені базарға апарып, түбітін тарап сатып, тоғыз нар түйенің жүгін алып қайтыпты. Әкесі баласының алдынан шығып: Балам, осы ақылды өз бетіңмен істедің бе? Болмаса біреу айтты ма? – деп сұрап қоймағасын, бір қыз айтып еді депті баласы. Шал сол қызды қырық жетіні матап беріп, жаман баласына әйелдікке айттырып, алып беріпті. Бір күні Қайыр шал: Балам, мен болсам қартайдым, төрімнен көрім жуық. Мына керуендерге ілесіп екі түйемен осы сапарға барып кел, – депті.
Жаңа түскен келін:
— Ата, көп жүріп түйенің тұяғы түсетін жер екен, осы жолға өзіңіз бару жөн екен, – депті.
— Балам, олай болса өзім-ақ барайын, – деп шал азық-түлігін алып керуеншілермен жол жүріп кете барыпты. Жолшыбай шалдың түйелері ақсап, жолдастарынан кейін қалып қырық ұры кездесіп тонап өлтірмекші болғанда шал былай дейді:
— Балалар, сендерге мал керек пе, болмаса менің бір қасық қаным керек пе? Ұрылар мал керек депті. Бір-екі жігіт малыңды ата депті. Сонда шалдың айтқан малы: алпыс қарабас атан, алпыс сары бас атаным бар, соны берсін, оң жақ босағада қара қайрағым бар, жаныса жанысын – соны берсін. Бірі кілтті, бірі кілтсіз сандығым бар, соның кілттісін берсін. Есіктің алдында екі бәйтерек бар, біреуін кесіп, біреуін тұжырып берсін! – депті шал ұрыларға. — Осыны келін мен балама айт, – депті.
Екі жігіт келе жатып: Біз баласы мен келініне не дейміз? Біз әкеңді тонап, малға келдік десек, онда бізді жібермей қояды. Сондықтан, бір дәлел айту керек, – дейді. Сонда біреуі: Мен дәлел таптым, сенің Кенжекей деген сұлу қарындасыңды саған тоқалдыққа әкең айттырып, соған малға келдік дейік. Қандай мал? – десе әкесінің малын айтайық депті. Екі ұры келе жатып шалдың баласына жолығыпты. Жылқы бағып жүр екен, амандасып тұрғаннан соң ұрылар: Кімнің баласысың? – деп сұрапты. Бала Қайыр деген шалдың баласымын депті. Ұрылар: Күйеу екенсің ғой – дейді. Күйеуің не? – дейді бала. Ұрының біреуі: Сенің әкең мына жігіттің Кенжекей деген сұлу қарындасын саған тоқалдыққа айттырып, соған құда түсе малға келдік. Мына жігіт сенің туған қайынағаң болады, – депті. Бала екі ұрыны алып келіп, келіншегіне:
— Қатын, кілемді төсе, көрпе сал, құймақты құй, – дейді.
Әйелі Саметті далаға шақырады, шықса екі ұры тұр екен. Сақыпжамал:
— Мына келіп тұрған кісің кім? – деп сұрайды.
— Бұл кісілер менің қайынағаларым, мына жігіттің Кенжекей деген сұлу қарындасын әкем маған тоқалдыққа айттырып, соған құда түсе және малға келіпті, – дейді. Сонда келін: Қандай мал екен атамның бергені? – деп сұрапты. Сонда Самет алпыс қарабас, алпыс сарыбас атаным бар, соны берсін, – депті. Бізде алпыс сарыбас, алпыс қарабас атан қашан бар еді? Бірі кілтті сандық, бірі кілтсіз сандық бар, соның кілттісін берсін, – депті. Бізде ондай сандық қашан бар еді? Оң жақ босағада қара қайрағым бар, жаныса – жанысын соны берсін, – депті. Ондай зат қашан бар еді? Есіктің алдында екі бәйтерек бар, бірін кесіп, бірін тұжырып берсін, – депті. Кәне екі бәйтерек бар ма? – депті. Әкемнің осы айтқан малының біреуі де жоқ қой, – депті. Келін баланы далаға шығарып, үш жылғы ту биені сой да, ел-жұртыңды жинай ғой депті. Бала үш жылғы ту биені сояды. Ел-жұртын жинайды, етті жейді. Қымызды ішеді, екі жігіт мал әкетеміз деп отыра береді. Келін бір құрдасына:
— Менің мына ақсақалдарға айтатын бір-екі ауыз сөзім бар, соған рұқсат па екен, сұра! – депті, Ақсақалдар рұқсат депті. Сонда келін: Менің атамның айтқаны мынау: атам екі ай жол жүріп, оны көп ұрылар тонаған екен, азық-түлігін алып, өзін өлтіретін болған соң ұрыларға айтқан малы: алпыс қарабас атаным бар, соны берсін дегені – алпыс ақсақал, алпыс жігіт келсін дегені. Екінші – бірі кілтті сандық бар, бірі кілтсіз сандық бар, соның кілттісін берсін дегені – мені келсін дегені. Үшінші – оң жақ босағада қара кайрағым бар, соны берсін дегені – Жапсар балам бар, сол балам келсін дегені. Төртінші – есіктің алдында екі бәйтерек бар, бірін кесіп, бірін тұжырып берсін дегені – осы отырған екі ұрының бірін өлтіріп, бірін маған бастап алып келсін дегені, – депті данышпан келін.
Сол жерде жігіттер екі ұрының біреуін өлтіріп, алпыс шал, алпыс бозбала, келіні, Жапсар баласы барып, данышпан әкесін ұрылардан аман-сау алып қайтыпты.
Данышпан шалды данышпан келін ажалдан құтқарыпты.