Адамзатқа қажетті энергетикалық шикізат қорларының көлемі дәлелденген, болжамды және болуы мүмкін деген үш базалық категория негізінде анықталатыны белгілі. Е.Ю. Сергеевтің “Новейшая история. Подробности 1945-1999” атты кітабында міне, осындай үш нұсқаға сүйене отырып жүргізілген есептеулер нәтижесінде әлемдегі энергетикалық отын қорларының көлемі қазіргі пайдалану деңгейінде 800 жылға дейін жететіндігі, соның ішінде көмірдің 600 жылға, мұнай қорының 90 жылға, газдың 50 жылға жететіндігі жазылған. “Алайда, – дейді кітап авторы, – егер энергетикалық отын көздерін өнеркәсіптік игеру ісі қазіргі қарқындылықпен дами беретін болса, олардың барлығы 130 жылдың ішінде-ақ таусылып бітетіндігін ғалымдар дәлелдеп отыр”.
Еліміздің энергетика саласындағы білікті мамандардың бірі ғылым докторы, профессор Кенжемұрат Дүкенбаев та өзінің “Қазақстан энергетикасы” атты кітабында құрамына көмір, мұнай, газ кіретін бүкіл әлемдегі органикалық отынның дәлелденген қоры 6,3 триллион тонна шартты отынды құрайтындығын, мұның 76 пайызы көмір болғанда, тек 24 пайызы ғана мұнай мен газдың үлесіне тиетіндігін жазады. “Мұнай мен газ қазіргі күні басқа энергетикалық отын түрлеріне қарағанда адамзат тіршілігінде орасан зор маңызға ие болып отыр. Олардың қорларының аздығы әлемдік деңгейде жаңа шешімдерді қажет етеді” дейді автор.
Сонымен бұрын таусылып бітпейтіндей көрінетін қазіргі отын қорларының көлемі шектеулі екендігі соңғы онжылдықта адамдар санасына мықтап бекіді. Осыған сәйкес әлемдік энергетиканың алдағы жүрер жолына қатысты жаңа тұжырымдар пайда болуда. Мәселен, “Шелл” компаниясының сарапшылары 2030 жылдарға таман жаңартылған энергия түрлерін пайдалану ісі әртарапты жолдармен дами бастайтындығын айтады. Олардың пікірі бойынша, бұл кездегі энергия түрлерінің теңістігіне (балансына) қазіргі көмір мен мұнай, табиғи газдан басқа, атом энергиясы, жел энергиясы, жаңа биомасса, күн энергиясы, жер мен мұхит энергиясы және әлі ашылмаған белгісіз энергия түрі енуі мүмкін. Сөйтіп, адамзат пайдаланымындағы “энергия коктейлінің” құрылымы барған сайын кеңейе бермек.
Тағы бір әлемдік ықпалы бар алып кәсіпорын Шеврон корпорациясы мамандарының пікірлері де осы тұжырымнан көп алыс емес. Шеврон мамандарының есептеуі бойынша, бірінші триллион баррель мұнайды пайдалану үшін адамзатқа 125 жыл қажет болған екен. Ал келесісін пайдалануға бар жоғы 30 жыл кетпек. Осыған орай корпорацияның төрағасы және атқарушы директоры Дэвид Джей О”Райлли мырза былай деп жазады: “Осы жүз жылдықтың ең басты мәселелерінің бірі энергетика мәселесі болмақ. Бір нәрсе анық, ол – жеңіл мұнай дәуренінің өткендігі. Сондықтан осы және алдағы жүзжылдықта біздің бүкіл әлемнің энергетикалық сұранысын қанағаттандыруға қаншалықты қабілетті екеніміз дәл қазір бірлесе отырып таңдап алатын бағытымызға байланысты болады.
Біз бүгін энергия ресурстарына деген бұрын болмаған жоғары сұраныспен бетпе бет кездесіп отырмыз. Әлемдегі тұрғындар санының өсуі және әлемдік экономиканың қарқынды дамуы дамушы елдердегі миллиондаған адамдардың жайлы өмір сүру салтына қарай ұмтылуына алып баратыны белгілі. Бұл энергия тұтыну көлемінің өсуіне жол ашады деген сөз. Сонымен бірге, кейбір болжамдар бойынша, әлемдік мұнай пайдалану жиырма жылдан кейін қазіргі көлеммен салыстырғанда қырық пайызға ұлғаяды. …Демек біз қандай бір қадамдар жасамайық, болашаққа қарауымыз керек, бірақ бір жылға емес, алдағы елу жылға”.
Мұнай өндіру жөніндегі әлемнің ең ірі компаниялардың өкілдері, міне, осылай деп пікір түйеді.
Көмірсутегі қорлары көлемінің шектеулілігі мен оған деген сұраныстың арта түсуі олардың бағасына да әсер етіп, жыл өткен сайын алтыннан да қадірлі затқа айналдырып бара жатқындығын да көріп отырмыз. Соңғы екі-үш жылдың өзінде қара мұнайдың халықаралық рыноктегі бағасы 20 доллардан 75 долларға дейін көтерілді. Ал бағаның бұлайша шарықтауы мұнай мен газды көп пайдаланатын ірі державаларды қазірдің өзінде тым мазасыздандырып жіберді. Олар жаңа қуат көздерін іздестірумен қатар оның қолда бар баламалы көздеріне көшу мәселесін де асығыс қарастыруға мәжбүр болуда.
Жуықта газетіміздің басшысы Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбатында (“Егемен Қазақстан”, 21.03. 2006 ж.) осы мәселеге орай Елбасы: “Қазақтың “білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады”, дейтіні әбден келді. Әлемнің мықты елдерінің бәрі тауар өндіруші экономикадан білім өндіру мен қолдануға негізделген экономикаға ауысып жатыр. Жақында АҚШ Президенті Джордж Буштың ел халқына дәстүрлі жолдау сөзінде қандай міндетті алға қойғандығын білесіз ғой? Ел басшысы энергияның жаңа көздерін игеру арқылы таяудағы жиырма шақты жылда Таяу Шығыс мұнайына тәуелділіктен құтылу міндетін алға қойды. Бұл – ерекше мәні бар мәлімдеме. Менің Үкімет елде мұнай жоқ сияқты сезініп жұмыс істеуді үйренуі керек дегенді неге айтып жүргенім енді түсінікті болған шығар. Біздің мұнан былай мұнай мен газдан түскен табысты бұрынғыдай бірден бюджетке емес, Ұлттық қорға түсетін еткеніміздің себебі де сол” – деді.
Осы айтылған жағдайлардың барлығы бүгінгі қоғамның әлемдік энергетиканың күрделі проблемасымен қазірдің өзінде бетпе бет келіп қалғандығын білдіретін болса керек. Рас, айласы табылса, шешілмейтін мәселе жоқ. Бірақ басты таңдау қандай қуат көзіне түседі? Осы сұрақ қазір энергетика саласындағы ғылыми орта мен ірі компанияларды толғандырып отыр.
Атомды сынаймыз, атомға үміт артамыз
Осыдан біраз уақыт бұрын Астанада АҚШ пен Ресейдің, Украина мен Қазақстанның және басқа да бірқатар елдердің ғалымдары бас қосып, энергетика болашағына қатысты әңгіме қозғаған еді. Еліміздің Ұлттық ядролық орталығының ғылыми жетекшісі академик Жабағы Тәкібаевтың сондағы сөйлеген мына бір сөзіне назар аударып көрейік:
– Жердегі көмірсутегі қорының шектеулілігі адамзат тіршілігі үшін алдағы замандарда азық бола алатындай жаңа қуат көздерін іздестіруді күн тәртібіне қойып отыр. Осы ретте көптеген ғалымдардың сутегі энергиясынан үміт күтетіндігін жасыруға болмайды. Экологиялық тұрғыдан неғұрлым қауіпсіз саналатын осы энергия көзі қазір АҚШ, Жапония, Германия секілді елдерде аз мөлшерде қолданыла да бастады. Бірақ осыған қарап мәселе шешілген екен деуге тағы болмайды. Себебі, сутегінің өзін қандай жолдар арқылы аламыз деген маңызды сұрақ бас көтеріп отыр. Бұрынғысынша көмірсутегін пайдалана отырып алатын болсақ, бұл істің маңыздылығы кемиді, яғни тиімді шешім емес. Егер атом қуатын пайдалана отырып алған жағдайымызда бізге атомның маңыздылығын тағы бір мойындауға тура келеді. Осыған орай атом қуатын дүниеге әкелген ядролық физиканың ендігі бір саласы – термоядролық реакцияларды синтездеу ісінен өте үлкен үміт күтіледі. Егер ғалымдар адамзатқа термоядролық реакцияларды басқарудың қолайлы жолдарын көрсетіп бере алса, онда біз таусылып біте қоймайтын жаңа энергияны, яғни сутегін пайдалану мүмкіндігіне ие болған болар едік. Бұл – қазіргі ядролық физиканың алдында тұрған өте маңызды мәселе, – дейді академик.
Осы ретте Жапония, АҚШ, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея және Еуропа одағы елдерінің термоядролық синтездеу арқылы қуат алуға негізделген Халықаралық эксперименттік токамак-реактор жобасын жасап, оны жүзеге асыруды қолға алғандығын, осы жобаға қатысушы кейбір елдердің өзара таласынан кейін ақыры эксперименттік реактор Францияның КАДАРАШ ғылыми-зерттеу орталығынан салынатын болғандығын, біздің Қазақстанымыз да осы топқа ассоциацияланған мүше түрінде қатысуды жоспарлап, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтан материал тану мақсатындағы зерттеулер жүргізуге негізделген ТОКАМАК КТМ реакторын салуды қолға алғандығын айта кетсек артық болмас.
Сөйтіп, ғалымдар мен мамандар мұнай мен газдан кейін адамзат өмірінде қандай қуат көзі ерекше маңызға ие болуы мүмкін деген сұраққа қатысты өз жорамалдарын жасап та қойды. “Шелл” компаниясы сарапшыларының жоғарыдағы пікірі соның бір нұсқасы болса, атомөнеркәсіп саласының мамандары мұнайдың орнын болашақта ядролық энергетиканың басатындығын анық айтып жүр. “Таяудағы онжылдықтарда ядролық энергетикаға, соның ішінде атом энергетикасына балама боларлықтай қосымша қуат көздері табыла қоймайды және жылдар өткен сайын оның қажеттілігі барған сайын күшейе береді, – дейді атомөнеркәсіп саласының мамандары. – Ал бұған мына факторлар ықпал ететін болады:
Таяудағы 50 жыл ішінде әлем халқының саны 1,5 есе өседі.
2050 жылға таман әлемдік қуат пайдалану көлемі 2-3 есе артады.
Қазіргі қуат көздерін пайдалану әсерінен Жердің экологиялық проблемалары барған сайын асқынып, биосфераның ластануы, климаттың өзгеруі күшейе береді. Бұл проблемаларды ядролық энергетиканың қатысуынсыз шешу адамзатқа қиынға соғады”.
Атомшылар осындай жағдайға байланысты бірқатар елдердің атом энергетикасына қазірдің өзінде қайта бет бұра бастағандығын айтады. Мәселен, Қытай елі – 30, Индия – 20 энергоблок салуды жоспарлап отырса, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Еуропада атом электр стансаларын салу жалғасу үстінде екен. Ал АҚШ, Германия, Англия секілді үлкен елдер өздерінің ұлттық энергетикалық бағдарламаларын атом энергетикасының пайдасына қарай қайта қарастырып жатқан көрінеді.