Шеткі қанда лейкоциттердің саны 4 • 109л-ден төмен азаюын лейкопения дейді. Пайда болу себептеріне қарай олар былай ажыратылады:
1. Инфекциялық (іш сүзегі, тұмау, қызылша, қызамық, туберкулез, мерез, созылмалы сепсис, сарып, безгек ж. б.) лейкопениялар;
2. Уыттық өндірістік (бензол, мұнай өнімдері, фторлық сутегі, күкірт ангидриді, үшнитротолуол, гидрохинон ж. б.) лейкопениялар;
3. Дәрі-дәрмектік (амидопирин, сульфамидтік дәрілер, синтомицин, сынаптық, мышьяктық дәрілер, адриамицин, 6-меркаптопурин, сарколизин, тиоТЭФ ж. б. ісіктерді емдейтін дәрілер) лейкопениялар;
4. Радиациялық (иондағыш сәулелер) лейкопениялар;
5. Қан аурулары (созылмалы анемиялар, лейкоздар) кездеріндегі лейкопениялар;
6. Кейбір эндокриндік аурулар (акромегалия, Аддисон ауруы) кездеріндегі лейкопениялар;
7. Жоғары нерв жүйесі әрекеттері бұзылғанда, шок пен коллапс кездеріндегі ж. б. лейкопениялар болады.
Олардың даму жолдарының негізінде мыналар болуы мүмкін:
1. Сүйек кемігінде лейкопоездың тежелуі және лейкоциттердің өндірілуі, жетілуі, шеткі қанға шығуы бұзылуы;
2. Антилейкоциттік антиденелердің түзілуіне және лейкоагглютинацияға, лейкоциттердің ыдырауына әкелетін аутоиммундық серпілістері;
3. Лейкоциттердің өндірілуіне қажетті заттардың, витаминдердің жеткіліксіздігінен олардың өндірілуінің бұзылуы;
4. Олардың өндірілуінің нервтік және гуморалдық реттелуінің бұзылуы.