Сергей Кириллович Уфимцев (1921, Ресей, Алтай Республикасы Усть-Кан ауданы Черный Ануй селосы - 14.4.1944, Днестр өзенінің бойында) - 2-дүниежүзілік соғысқа қатысушы, аға сержант, 387-сапер батальонының бөлім командирі. Орыс. Алматыда құрылыс істеріне қатысты. 1941 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, 1943 жылдың басында майдандық өмірі басталды. 213-атқыштар дивизиясы кескілескен ұрыстар жүргізе отырып, Днепрге жақындай түсті. Уфимцевке қарсы беттегі жағалауды барлауға бұйрық берілді. Саперлер жағалауды минадан шапшаң әрі іскерлікпен тазартып, Кеңес әскерлерінің Днепрге шығуын ойдағыдай қамтамасыз етті. Жаяу әскер мен жауынгерлік техниканы өткелден толассыз өткізудің арқасында дивизияның Днепрдің оң жағалауындағы плацдармды басып алуына мүмкіндік жасалды. Сапер Уфимцевтің Днепрдің оң жағалауындағы ерліктері үшін оған КСРО Жоғарығы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен Алтын Жұлдыз медалі қоса тапсырылды (26.10.1943). Сондай- ақ Уфимцев Қызыл Жүлдыз орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған