Мерекеде құттықтап қайт анаңды

Скачать

Табиғат жасаған жаратылысының әр тынымсыз бүлкілі перзентіне деген тек қана кешірім мен мейірімнен тұратын бір үлкен жүрек бар. Ол – Ананың жүрегі.

Сол үлкен жүректен тарайтын күн сәулесінен де құдіретті, күн сәулесінен де ыстық бір таусылмайтын жылу бар. Ол – Ананың перзентіне деген көңілі.

Кішкентай сәби тек сонда ғана өзін еш алаңсыз, еш қауіпсіз сезіне алатын, ешқандай шебердің жасап шыққан бесігі тең келе алмайтын бір қорғаныш бесік бар. Ол – сәби үшін анасының аялы алақаны мен жылы құшағы.

Дүниедегі барлық ілім мен білім атаулының перзент үшін бастауында тұрар бір қасиетті қайнар көз бар. Ол – Ананың перзентіне үйрететін тәлімі.

Барлық еңбек етіп жүрген жандардың жасап жүрген қызметінен алар сауабы асып түспесе, кем түспейтін бір ұлы күш бар. Ол – Ананың перзентіне еткен еңбегі.

Ешқашан таусылмайтын, түгесілмейтін, ортаймайтын бір ғажайып ұлы сезім бар. Ол – Ананың перзентіне деген Махаббаты.

Перзент атаулының жүрегін қуанышқа толтырар бір ұлық күн бар. Ол – Ананың мерекесі.

Көктем айының бастапқы мерекесінің бірі – қырмызы гүлдей құлпырған қыз-келіншектер мен Ананың мерекесі.

Мерекеде құттықтап қайт анаңды

Сен өмірге келген сонау шақтарда,
Сәби сәуле ұласқанда ақ таңға.
Мына әлемнің падишасы секілді
Жөргегіңде сен нұрланып жатқанда,
Саған мейірім арнаған жан кім еді?

Тек сен үшін күн оянып аспанда,
Бір сен үшін жұлдыз сәуле шашқанда.
Сәби шағың келешекке ұмтылып,
Апыл-тапыл сен жүгіріп басқанда,
Қарсы алдыңнан құшақ жайған кім еді?

Әр тәлімі білім болып сіңгенде,
Сол тәліммен айналаны білгенде.
Арман қуып жастық, балаң көңілің,
Үйден шығып, сан жолдарда жүргенде,
Бір сен үшін алаң болған кім еді?

Мейлі, жылдар түсе берсін араға,
Уақыт жылжып өтсін, мейлі, санада.
Есейгенде, ержеткенде ендігі
Соның бәрін ұмытуға бола ма?

Міне, өзің де азамат боп қалдың шын,
Жүрегіңде тағы да бір ән күлсін.
Мерекеде құттықтап қайт анаңды,
Бөбек күнің қайтадан бір жаңғырсын.

Сәби шағың бір орында тұра ма,
Жүрегіңмен алдың оны ұға ала.
Сені есейтіп, саған өмір сыйлаған,
Ол – осы бір ұлы ана.

Құттықтап қайт, күлімдесін бірге Күн,
Еске түссін қайта бөбек күндерің.
Қандай сыйлық жасаймын деп қамықпа,
Ең үлкен сый – сенің есен жүргенің.


Скачать


zharar.kz