Балаларды әлгі үйге жиып алып

Скачать


Баяғыда бір молда болыпты. Ол тек кейбір әріптерді танығаны болмаса, түк білмейтін дүмшенің өзі екен.
         Бір күні молда бір ауылға келеді де: Балаларыңды маған беріңдер, мен оқытамын, – дейді. Ауыл адамдары балаларын жинайды, әрі оқытатын үй тігіп береді.
         Молда сабаққа кіріседі. Балаларды әлгі үйге жиып алып: Көп оқығаның аз оқығаныңа үйрет деп, өзі есіктің алдына шығып, қолын маңдайына тіреп отырады да қояды. Бұл қандай оқыту? деп, сұраған кісіге:    
         — Балалар өзімен-өзі болса, сабаққа да жақсы зейін қояды, – деп жауап береді молда.
         Бір күні құрдас екі адам алыстан астық әкелуге аттанады. Қайтар кезде екеудің біреуі бір шаруамен сонда қалып қояды да үйіне: Екі-үш күннен кейін барамын – деп хат жазады. Ауылына келген кісі бір қулық ойлайды. Ауылда қалып қойған кісінің зайыбына барып:
         — Күйеуің дүние салды, мынау көз жұмар алдында хош айтысып, жазған хаты еді, – деп, әлгі хатты береді. Әйел жылап-еңіреп молдаға келеді. Оған болған жайдың бәрін айтып, күйеуі жазғаң хатты оның қолына ұстатады. Бірақ молда аузын жыбырлатқаннан басқа ләм-мим демейді. Шыдамы таусылған әйел:
         — Айтсаңызшы, өлгені рас па екен? – дейді. Молда не дерін білмей:
         — Иә, солай, солай... – дейді сасқанынан. Әйел үйіне келіп, бір сиырын сойып, молдаға құран оқытады.
         Хат әкелген кісі құрдасының үйіне келсе, үй іші абыр-сабыр, әйел жылап отыр.
         — Неге жылайсың? – деп күледі әлгі адам.
         — Күйеуі өлген кісі жыламай қайтеді?! – дейді әйел.
         — Хатты кімге оқытып едің, олай деп жазылмаған еді ғой!
         — Хат молдекемде, сол кісі оқыды, – дейді. Сонда төрде отырған молда масқара болғанын ұғып, үйден шыға жөнеліпті.


Скачать


zharar.kz