Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шижаға елді мекені,
№57 Е. Көшербаев атындағы орта мектептің
биология пәні мұғалімі Алниязова Амангүл
Сабақтың тақырыбы: Аққу - киелі құс
Мақсаты: 1) Білімділік. Оқушыларға киелі құс - аққу, оның түрлері, көбеюі, тыныс
тіршілігі туралы мағлұмат беру.
2) Тәрбиелік. Жойылып бара жатқан аққулардың түрлерін сақтап қалу, оларды
аялауға тәрбиелеу. Балаларды әсемдікке, әдемілікке тәрбиелеу.
3) Дамытушылық. Балалардың әртістік, шығармашылық қабілетін
дамыту, қоршаған ортаны қорғау.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, электрондық оқулық, Аққудың түрлері салынған суреттер үлгілері. Слайд үлгісі..
(Оқушыларға бір апта бұрын аққулар туралы материалдар жинақтау тапсырылды.)
Барысы:
( Сахна ашылғанда күмбірлеген күй әуенінде Аққу биі орындалады. )
Бастаушы
Армысыздар, құрметті оқушылар мен ұстаздар! Сіздердің тыңдағандарыңыз Нұрғиса Тілендиевтің Аққу күйі болатын. Бүгінгі өткізгелі отырған сыныптан тыс сабағымыз Аққу - киелі құс тақырыбында болмақ.
Табиғат дегеніміз – бұл кітап, яғни, оның әрбір беті өзінің мағынасымен маңызды. Бұның өзі табиғатта болып жатқан құбылыстарды әрбір адам білу керек екенін білдіреді – деген екен ұлы ойшыл Гете,
Құс – табиғат байлығы. Соның ішінде Аққу киелі құс. Аққуды қазақ халқы ежелден қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің, сұлулықтың белгісі деп есептейді әрі киелі құс төресі санап, оған ешуақытта оқ атпайды. Сәкен Сейфуллиннің Аққудың айырылысуы, Мұқағали Мақатаевтың Аққулар ұйықтағанда, Нұрғиса Тілендиевтің Аққу күйлері, Болат Аюхановтың Аққу биі халқымыздың аққуға деген сүйіспеншілігінің белгісі болып есептелінеді. Аспан әлеміндегі шоқжұлдыздың бірі Аққу жұлдызы деп аталады. Халқымыздың ауыз әдебиетінде аққуға байланысты даналық ұғымдар, аңыз - әңгімелер, мақал - мәтелдер, теңеулер жиі кездеседі: Аққу – құстың төресі, жалғыз жатып оттамас, Сүйріктей аққу мойын, Аққудай ару, т. б.
Қазақ қауымы мөлдір өзен, айдын көлдің еркесі аққуды қадірлеген, ертедегі қазақ шамандары - бақсылар мен абыздар аққуды қасиетті құс деп ардақтап аққу терісін басына киіп ел ақтайтын болған, аққудың қанаты (қауырсыны) нәресте бөбектердің бесігінің басына тағылған. қазақ аңшыларының аққуды атуына тиым салынған, аққу қатарында ақ қазды да қадыр тұтып, аялайтын салттар бүгінгі күнге дейін сақталып отыр.
1 - оқушы Айғаным
Күн құшқан айдын көлде жалғыз аққу
Қаңқылдап қанатымен сабалап су
Таранып қаранады жан - жағына
Сұлуды тасалама көк торғын бу!
Тұла бойына сұлулық тұнған құс патшасы – аққу кіршіксіз тазалықтың, қылаусыз да кінаратсыз пәктіктің символы.
Күн сәулесі күлімдейді.
Баяу желмен тербелген
толқын үстінде кішкене мөлдір көзі жаудырай, ұзын мойнын алға созып айналаға кербез қарап жүзіп бара жатқан осы бір құстың адамның жан дүниесіне тартқан сыйына тіл безеп жеткізу мүмкін емес!
Абзал аққу - сағынышы дархан байтақ жерімнің
Ару аққу - ажарысың көк айдынды көлімнің
Сұлу мүсін теңдесі жоқ құс біткенің төресі
Аса қымбат біздер үшін сенің адал сенімің
Аққу қолға жақсы көнеді. Соған сәйкес, оны үй маңындағы, санаторийлер төңірегіндегі су қоймаларында ұстап үй құстарына айналдыруға әбден болады. Табиғаттың аса сұлу, кербез бұл кереметі Алматыдағы Үкімет үйі алдындағы су айдынына көрік беріп тұруы бұған дәлел болады. Ол жерге қаншама адам барып, құстың әр түрлі қимылымен, іс - әрекетінен өзіне эстетикалық әсер алып қайтады. Әсіресе, жасөспірімдер оны көріп, шаттана қуанып, мәз - мейрам болады. Жер бетіндегі аққудың 7 түрі: қара аққу, қарамойын аққу, кернейші (сырнайшы ) аққу, тундра немесе кішкентай аққу, саңқылдақ аққу, американдық аққу және тістеуік аққу.
Ақ, қара, қызыл түстер... Сырттай қарасаңыз, үйлеспейтін үш бояуды бір бойына жинап, айтса тіл жетпейтін, көрсе көз тоймайтын жауһардың жауһары, асылдың асылына айналған құдіретті сұлулық бұл!
2 - оқушы Гүлбану
(слайд арқылы, фотосурет арқылы жеткізеді)
Сұңқылдақ аққу Қазақстан жерінде ұялайды. Салмағы - 7 - 13 кг, қанатының құлашы 1, 5метр. Ерекше ұзын да әсем мойынын тік ұстайды. Сары тұмсығының ұшы қара түсті. Ол Қазақстанда ақпан - наурыздан қазан айының аяғына дейін болады.
3 - оқушы Айзат
(слайд арқылы, фотосурет арқылы түсіндіреді)
Сыбырлақ аққу да Қазақстанда соның ішінде БҚО ның су қоймалары мен өзен көлдерінен көруге болады. Олар қалың қамыс арасына ұя салып, балапандарын өргізеді. Сыбырлақ аққудың сарғыш - қызыл тұмсығының түбінде қара буылтығы болады. Мойынын иіп тұмсығын суға бағыттап ұстайды.
7 - оқушы Нұрталап
(слайд арқылы, фотосурет арқылы түсіндіреді)
Қара қудың отаны - Австралия. Ауада қалықтап бара жатқан қудың аппақ ашық түсті қауырсындары басқа қап қара дене аумағында айрықша көрінеді. Кезінде түрік сұлтандары қара қуларды сарай хауыздарында сәндікке бәсекеге ұстаған.
Аққу - қаздар - ежелгі түріктер мен қазақтардың тотемі болған. Аққуды - олар “қу” деп атайды. Алтай түріктері қумандардың атамекені қумания деп атаған. Өзінің этникалық атау сақтаған алтайлықтар қу өзені бойында әліде өмір сүреді.
Аққулар 3 - 9жұмыртқа табады. 38 - 45күнде балапан өргізеді. Ұясының ені 2метрге жетеді. Жұмыртқа шайқайтын - аналығы. Бұл кезде аталығының жарғақ құлағы жастыққа тимей жұбайына жем тасумен болады. Аққудың дене қызуы - 41 - 42 0 градус, ал жүрек соғысы 260 - 300 болады
8 - оқушы Ақбота
Құс жұмыртқасының жауы - жылан. Ол жұмыртқаны көрсе бітеу жұтады, таңдамайды, талғамайды, халық арасында “жылан екеш жыланға дейін аққудың жұмыртқасына тимейді екен” дейді. Бірақ шындығына келсек аққу жұмыртқасы өте үлкен болғандықтан, жылан оны жұта алмайды.
Аққудың балапанын - көгілдір деп атайды. Анасындай аппақ болмасада көгілдірдің көркемдігі көз тоярдай ерекше. Тіпті өспей ақ осы қалпында тұра берсе деген ой еріксіз есіңе түседі. Бесік баласы бес түлейді деген мақалға сай, олда 3 - 4 түлеп барып, шын аққуға айналады. Көгілдір 4 - жасқа дейін ата анасының жанында жүреді.
Жұмыртқа басу кезінде су бетінде жүзіп жүрген ұяда отырған қара аққуды көруге болады. Қара аққу көбіне ұяларына су өсімдіктеріне байлаттырып салады. Кейде олар үзіліп кетеді де, су бетінде жүзіп жүре береді. Қара аққу тобы өте тәртіпті. Олар жылы жаққа ұшу кезінде биікте, ұйымдасқан түрде бірге ұшады. Қара аққудың қауырсындары да аты айтып тұрғандай қап - қапа болады. Бірақ аспанда ұшып бара жатқан аққудың қанатының астынан жайшылықта көрінбейтін ақ мамықтарды да байқауға болады. Қара аққу 10 жылдай өмір сүреді. Ұзындығы шамамен 110 - 140 см, қанатын жайғанда 160 - 200см - ге дейін жетеді. Еуропаға қара аққуды XVIII ғасырларда алып келген. Англияда көп уақытқа дейін оны жаман хабардың белгісі деп санапты.
9 - оқушы Нұрдаулет
Төрт жасында аққу толысып, иір мойын, қызыл аяқ, пісте мұрын, сүмбіл қанатты нағыз құс төресіне айналғанда аталық аналық болып жұп құрады. Аталық аққуды - саһар деп аталады.
Аққулар жұп құрғанда өзге құстардай бірде барсың, бірде жоқ жүрген емессің ұстаны мен емес, өле - өлгенше бір - біріне серік болуға уағда беретін көрінеді.
Аналық аққуды атасы ұзатады екен де, аталық аққуды анасы әкеліп қосады екен. Кәдімгі құда түсіп, қыз ұзатқандай салтанат - мереке. Сол күннен бастап, олардың жұптары жазылмайды. Аққулар күндіз бірге жайылады, бірге серуендейді, түнде біріне бірі сүйеніп ұйықтайды. Бұл кезде салмақтары 15 - 20 кг - ға дейін, қанат қарымы 2метрге жетеді.
Аққу - жыл құсы. Жылы жаққа қайтқанда олар өздеріне сайлап алған топ бастаушысы - көсемге еріп 8, 500 - 9000 метр биіктікке дейін көтеріліп, сағатына 90 - 100 км жылдамдықпен ұшады. Аққулар 30 - 40жыл өмір сүреді. Аталығы мен аналығын ажырату қиын. Жалғыз айырмашылығы - көктемде аталығының тұмсық үстіндегі қара дағы ұлғайып алыстан айбат шеккендей анық көрінеді.
10 - оқушы: Гүлбану
Тундралық немесе кішкентай аққу.
Аты айтып отырғандай бұл аққу Ресейдің тундралық аймақтарында ғана жұмыртқалайды. Британ аралдарында, Қытай мен Жапония, кейде біздің еліміздегі Түркістан аймағы мен Каспий теңізінде қыстап шығады.
11 - оқушы: Гүлбану
Америкалық аққу.
Америкалық аққудың түрі тундралық аққуға қатты ұқсайды. Тек қана ірі, салмағы ауыр болады. Олар өте сирек кездеседі. Қара мойын аққулар өте әдемі. Олар Оңтүстік Американы ғана мекен етеді.
Аққулар - өте ақылды құс. Олар адамдардың қайсысы мейірімді, кімнің қатігез екенін айыра алады. Сондай - ақ олардың есте сақтау қабілеті де жақсы дамыған.
Аққулар ешқашан да адамдарға шабуыл жасамайды. Егер олардың ұясына немесе балапандарына қауіп төнсе ғана ерекше мінез көрсетуі мүмкін.
Соңғы 10 - 15 жылдар ішінде Қазақстанның өзен – көлдеріндегі аққу саны адам айтқысыз азайып кетті. Оның басты себебі, құрғақшылық кезде біраз көлдер өзенінен – өзі құрғап қалса, екіншіден, ол адам әрекетіне байланысты. Ұялайтын көлдер маңының бәрі жыртылып тасталды, көлдерден қамыс шабылды. Осы жағдайлардың бәрі де сәнді құс – аққу қорының азайып кетуіне әкеп соқты. Айдын көлдерде аққу, қаз санын көбейту – қазіргі таңдағы басты міндеттеріміздің бірі болуға тиіс.
9 - оқушы Саят
Аққулар өте тату құс. Басқа құстардай бажылдасып, шақ - шақ етіп ұрсысып, шоқысып, төбелесіп, сабаласып қалу бұларға жат. Бір - бірімен үндемейді, үнсіз түсініседі. Сұлулығы адамдарды ғана емес, өзге қанаттыларды да тақалдыратын секілді. Жанынан қос аққу өтіп бара жатқанда үйрек қаздар шетке ысырылып жол береді екен. Мұны әдемілікке табыну дейсіз бе, жоқ, әлде, алып құстан қаймығу дейсіз бе?
Мойнын судан көтеріп, қанатын сәл ғана көтеріп қомдай бастаған тұсы - аққу біткеннің ең әсем кезі!. Мұны көруге көз керек.
Жүргізуші:
Айналайын, қарағым кекілдім - ай,
Балапаны аққудың секілдім - ай,
деген өлең жолдары аққуға деген адамдардың сүйіспеншілігінен туған дей отыра ендігі кезекті өлең жолдарына берейік
10 - оқушы Айғаным
Аққулар
Құс патшасы аққулар,
Сән берген жер мен аспанға,
Көктемде көлде саңқылдар,
Ұқсайды сырнай тартқанға.
Ақ қардай аппақ алыстан,
Ақ құстар көзді арбайды.
Қос аққу жаңа танысқан,
Жігіт пен қызды аумайды.
Білегіндей жас баланың,
Аққудың имек мойыны.
Басады көңіл алаңын.
Жас аққулар ойыны.
Аққуларға жетпейді,
Жер, көкте бар тазалық.
Бір көрсең шаттық көптейді.
Көңілің қалар тазарып.
Сағынып жаңа тапқандай,
Сұңқылдасып көп күлер.
Бірдеме әжең айтқандай,
Сыбырлары айқын естілер.
Ұмсынып көктен қараған,
Ай мен Күн кезек тыңдайды.
Ерекше дауыс тараған,
Саңқыл мен сұңқыл тынбайды.
Қанаты кейде қайырылса,
Қиындыққа үнсіз көнеді.
Сыңарынан оқыс айырылса,
Өзі де құлап өледі.
Өтсе де қанша замандар,
Тәртіпті берік сақтайды.
Ешқашан есті адамдар,
Аққуларды атпайды!
Аққулар ұйықтағанда
Аққу мойын, сүмбе қанат,
Алаңсыз тарануда күнге қарап.
Айдынның еркелері, білмей тұрмын,
Етермін тағдырыңды кімге аманат?!
Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!
Бір мамығы майысса ауырсынып,
Тарақ етіп тұмсығын тарайды кеп,
Тарайды кеп, тарайды қауырсынын,
Құм тұрса да бір түйір ауырсынып,
Жаны сұлу, ақ еркем ары сұлу
Ақ қанатын сабалап, асыр салып,
Бірде суға сүңгиді басын малып.
Ойнасыншы, ойнасын ерке құстар,
Тыныштығын олардың қашырмалық
Түні мынау - тамыздың маужыраған,
Тауың анау - шымылдық салбыраған.
Биік барып жаралған жер бетінен,
Айдынында аққулар ұйықтап жатыр,
Сайдан соққан самалмен тербетілген.
Жер бетінде тыныштық, көл бетінде,
Қауышыпты қара орман, көл де, түнде.
Аққулар, қош болыңдар!
• Аттанып бара жатыр аққу - қаздар,
• Қош енді, қош болыңдар, гәкку – наздар
• Кеудемде күңіренген дастан қалды,
• Киелі қанатымен аққу жазған.
• Аққулар кешіріңдер жазықтымын!
• Қараймын керуеніңе қажып бүгін.
• Адасып кетті – ау бірге сендерменен,
• Алапат күшім менен нәзіктігім!
• Сыңқылдап соғылған қанаттарың,
• Таба алмай қалды менің тағат жаным.
• Үзілген жолдарыңа, қарақтарым,
• Үзілген жанарымды сабақтадым.
• Ақ көлдің айдын төсін шимайлаған,
• Сұлулар, жатыр сені қимай далам.
• Аққу боп неге ғана жаралмадым,
• Адам боп өзіме - өзім сыймай барам.
• Аққулар, алданыш па ең, арман ба едің?
• Қош енді, қанатым жоқ самғар менің!
• Нуларым сыңси жылап қалды - ау менің,
• Суларым жетімсіреп қалды - ау менің!
Аққу тобы: Көрініс.
Бала ұя бұзып, рәгәткімен құсты атып, жұмыртқаны жарып жүр.
Қыз бала қабағын түйіп: Ұя бұзба, жұмыртқаға тиме деп
Ұрсушы еді менің анам күйіне.
Жас шыбықты сындырма деп ұрсатын.
Шыққанымда қошақанды сүйрелеп.
Ұя бұзба, ұя бұзба балақай
Көлде жүзіп жүрген аққулар.
Сахнада көл бейнеленген. Көл бетінде екі аққу жүзіп жүр. Қолында мылтығы бар адам, аққуларды аңдып тығылып отыр. Аққу биі биленеді. Аққуды атуға ыңғайланғандай болады, сол кезде қазақтың ұлттық киімін киген бала жүгіріп шығып қолын қағып жібереді де:
Тиме аққуға.
Мендейлердің атын ал, түйесін ал,
Тиме аққуға, аққудың киесі бар.
Мендейлердің затын ал, биесін ал,
Тиме аққуға, аққудың киесі бар.
Тимеңдерші көлімнің көркі болсын.
Жанарыңда мұңлықтың жасы бар ғой.
10 - оқушы Гүлгүл
О, құдірет, неткен шалқар күй ең сен
Бүгін менің әулием сен, ием сен!
Алпыс екі тамырда қан орнына
Тұрған сынды, киелі күй күмбірлеп!.
Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!
Ақ қанатын сабалап, асыр салып.
Ойнасыншы, ойнасын ерке құстар,
Тыныштығын олардың қашырмалық.
11 - оқушы: Нұрталап
Аққу мен ақ қаз жайындағы ырым салттар, ел санасында ертеден келе жатқан мифтік түсініктен туған, осындай ұғым бойынша, аққу сұлулықтың символы, айырылмас адал жардың бейнесі, ел жұртқа тұлға болған ардақты ананың образы есептелген. Айтып - айтпай, аққудың басқа құстардан бөлек, таң - тамаша табиғаты бар: ол құс біткеннің сұлуы, мөлдір тұнық, таза суларды сүйеді, күміс көлдер айдынында жүзеді, басқа құстардың бәрінен біиік ұшады, оның үстіне үні жер жарған асқақ әннің де алыбы, жұбай аққулар айырылмас адал жардай өмір бойы жұп жазбай өтеді. Егер мергендер оның бірін атып алса, енді бірі көк аспаннан түйіліп келіп жерге ұрылып, өзін құрбан етеді.
Жүргізуші.
Жүзе берсін ару құстар табиғаттан сыр ұғып,
Келбетімен тартып жүр жанға жайлы жылылық.
Туған өлке табиғаты аң - құсымен ажарлы – дей отыра келесі кезекте аңыз әңгімелерге берейік. Аққулар суда жақсы жүзеді. Бірақ сүңги алмайды.
Ұшқанда су бетінен ауыр көтеріледі. Екі аяғымен суда артқа қарай итере желге қарсы ұшады. Өте сақ та, батыл да, күшті құс. Ол туралы халық аузында көптеген аңыз - әңгімелер бар. Оның бірі былай дейді: Бір табиғат әуесқойы Аққу әнін жазып алмақ болып, ертемен оны ұя салған көліне келеді. Қамыс арасында тығылып отырып, аққулардың келуін күтеді. Бір уақытта кербез сұлу құстар шалқар көлдің айдынына қона бергенде, мерген оның біреуін атып та үлгереді. Біреуін қанатынан жарақаттайды. Қанатынан жарақаттанған аққудың соңғы әнін жазып алудан үміткер болған аңшы оны жағаға алып шығып, басында телміріп отырады. Аққудың әнін жазып алып үлгерді ме, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз, бірақ сол кезде кенеттен көл бетіндегі аққулар тобы аспанға көтеріліп жанағы мергенді тұмсықтарымен тістеп, қанаттарымен өлердей соғып, өлім халіне жеткізіпті. Бұл әңгіме де шындыққа онша жақындалмайды. Әйтсе де, аққудың күшті екені ақиқат. Ол қанатымен соғып баланың қолын сындырып жіберуге бар. Қазақ халқы аққудың киелі, қасиетті құс деп санайды. Оған тимей, қайта оның көл маңында көбірек жүруін ұнатады,
12 - оқушы: Айғаным
Аққуларды аялау, адам үшін аса заңғар ұлылық! Қазақтың аңыз ертегілерінде көп кездесетін киелі
кейіпкер аққу арулар, аққудың кебін киіп көк аспаннан ұшып келіп, айдын көлге шомылатын
асқан сұлу қыздар. Бұлар сол шығармалардың бас кейіпкері, ақылды да адал, сұлу жар іздеген батыр жігіттерге кездеседі. Бұл жігіттерге осы аққу арулары қосылу талабын қояды. Аққу арулар жігіттерге: өкпемді көрме, өкшемді көрме, желкемді көрме деген үш шартты қояды. (бұлар бет
біткеннің сұлуы болғанымен осы үш мүшесінде кемістік барлығын жасырады). Осы үш шартты
орындаған жігітке өмірлік адал жар болады. сондай - ақ ел-жұртқа тұлға болатын балалар тұрып, ардақты анаға айналады. егерде қойылған үш шарттың бірі бұзылса, ол қайтадан аққу кейпіне еніп, көкке ұшып кетеді. демек, қазақтың аңыз - ертегілеріндегі мифологиялық кейіпкер аққу - арулар, әдеттегі аққу - қаз емес, аққу кейпінде көктен келетін киелер болып сипатталады. сөзсіз дәлелді болсын үшін, бұл аңыздардан мысал келтірейік.
Мифтік аңыздардың айтуы бойынша, қазақ халқы батырлардың пірі деп сыйынатын Баба Түкті Шашты Әзіз (баба Туклас) бір күні өзенінің жағасына келіп дәрет алып отырып, көктен аққу болып ұшып келіп, кебін шешіп қойып, өзен суына шомылып, шаштарын алтын тарақпен тарасып отырған үш ару қызды көреді де, ең кіші қыздың кебін тығып қояды. екі үлкен қыз кебін киіп, аққу болып аспанға ұшып кетеді, ал кебінен айырылған кіші қыз кете алмай, Баба Түкті Шашты Әзізге жар болып, қосылуға разылық білдіреді, бірақ оған үш шарт қояды өкпемді көрме, өкшемді көрме, желкемді көрме дейді. ол мұның бәріне мақұл болып үйленеді, бірақ жүре келе бұл шарттарда қандай хикмет барлығын білгісі келеді. байқап қараса, әйелдің желкесінен миы, қолтығынан өкпесі, өкшесінен қызыл асығы көрініп тұрады. үш шарттың бұзылғанын білген ару, қайтадан аққу кейпіне келіп, көкке ұшып кетеді. бұған өкінген Баба Түкті Шашты Әзіз өмір бойы үйленбей әйелсіз өтеді.
13 - оқушы: Гүлбану
Қазақ халқының арғы тегі туралы шежірелік, мифтік аңыздардың бірінде айтылуына қарағанда, ерте кезде көп қолды бастаған қалша қыдыр дейтін батыр қолбасшы болады. ол бір жолғы жорығында сәтсіздікке тап болып, бастаған қалың қолы қырылып бітеді. өзі жау қолынан жараланып, елсіз иен шөлде жығылып жалғыз қалады, шөлде әбден қаңғырығы түтеп өлуге айналады. осы сәтте көк аспаннан бір қаз (аққу) ұшып келіп, аузына су тамызып, оны өлімнен құтқарады, айдын көлдің жағасына апарып жарасын емдеп жазады. кейін бұл ақ қаз (аққу) асқан сұлу аруға айналады. қалша қыдыр өнімен үйленеді. бұлардың арасынан қазақ халқының арғы атасы қазақ туады. қазақтың үш үлібек арыс, ақ арыс, жан арыстан қазақ халқын құраған үш жүздың ұрпағы тарайды.
14 - оқушы: Мерей
Қазақтың аңызы бойынша, Алла Тағала ең алғаш аққуды жаратқан екен. Аққу ұшып келе жатқанда көкте көгілдір аспан, төменде тек қана түпсіз терең теңіз болған екен. Қанаты талғаннан соң ол теңізге келіп қонады да, өз жүнін жұлып ұя жасайды, ал ұяға қойынындағы жұмыртқасын салады. Сонда бір жұмыртқа судың түбіне кетіп қалып, сол жұмыртқадан теңіздегі тіршілік пайда болады. Ал аққудың ұясынан жер, ондағы жұмыртқадан жер бетіндегі тіршілік пайда болыпты...
Жүргізуші.
Ендігі кезекте аққулар дауысын тыңдайық. жақында Қызылорда олбысының бір ауылына төрт аққулар келіп қоныпты. соны тамашалайық.
Жүргізуші.
Аққулар... Бұл бір ерекше жаратылысқа көз тастап тұрып сұлулығына таңдай қағып,"Аққу - махаббат құсы" деп жатамыз. Ал сол махаббаттың жаршысына айналған құстың өміріне кім үңіліп көріпті? Тек символ ретінде ғана қарап қою - ағаттық болар, сірә. Жағымды құстың жаратылысы мен өмірі жайында білгіңіз келсе, төменге назар аударыңыз!
15 - оқушы: Нұрталап
Ақулардың қандай ерекше қасиеттері бар? Аққулар – өте ақылды құстар. Олардың есте сақтау қабілеті жақсы жұмыс жасайды. Сол арқылы олар өздеріне жасалған жамандық пен жақсылықты үнемі ажырата алады.
Шипун - аққулардың көз көру қасиеті мен есту қабілеті жақсы дамыған.
16 - оқушы: Саят
Аққулар адамдарға қауіп төндіре ала ма? Аққулар өздеріне не көгілдірлеріне қауіп төніп тұрғанда мінез көрсететіні болмаса, ешқашан да адамдарға шабуыл жасамайды.
17 - оқушы: Айзат
Аққулар қалай көбейеді? Шипун - аққулары наурыз айына 5 - 10 жұмыртқа алып қалады да, ұрғашысы оны 5 аптада басып шығарады. Сол уақытта ата аққу ұрғашысы мен көгілдірлерін қорғап жүреді. Сонымен қатар, ата аққулар осы уақытта ұрғашыларын ауыстырып та отырады
18 - оқушы: Айғаным
Аққулар бір - бірімен қалай тілдеседі? Аққулар бір - бірімен тілдесіп, бірін - бірі шақыру үшін көптеген ым мен ишараларды меңгерген. Олардың сондай дауыстары ашық аспан астында күшіктің үргені секілді естілсе, кейде мияулағандай дыбыс шығарады.
19 - оқушы: Нұржан
Аққулардың ауызбіршілігі қандай? Көп жағдайда ата аққу мен ұрғашы аққу өздерінің ұрпақтары үшін бірігіп ас іздейді. Егер жұптары жазылып, бірінен - бірі ажырап қалатын жағдай бола қалса, жаңа жар іздеп табуға тура келеді.
20 - оқушы: Нұрталап
Аққулар қашан есейеді? Аққулар өз өмірінің үшінші жылынан бастап ересек күйге ауысады да, осы жастан бастап айдында қосақтасып жүзе береді.
21 - оқушы: Гүлгүл
Аққулар немен қоректенеді? Аққулар жабайы табиғатта жәндіктермен, кіп-кішкентай балықтармен және бала бақалармен қоректенеді.
22 - оқушы: Нұрдаулет
Аққуларда неше мойын омыртқа бар? Басқа құстарға қарағанда аққулардың мойындары ұзын болады. Сондықтан оларда 23 мойын омыртқа бар.
Аққулардың денесінде 23 000 шамасында құс жүні бар.
23 - оқушы: Гүлбану
Аққулардың өмірі. Арнайы күтіммен хайуанаттар бағында өмір сүретін аққулар 30 жасқа дейін өмір сүреді.
Қорытынды:
Қазақ халқы обал - сауап, адал - арам ұғымдарын ұрпақтар бойына сіңіріп келген. Құрандағы 6666 аяттың 140 - тан астамы қоршаған дүниені таза сақтауға арналған.
Татулықты паш етіп жүр аққу құсым - аруым,
Халқым оған оқ атпаған, кеземеген қаруын.
Аққу келсе сағынып туған жеріне,
Жас балаша қуанған күллі аймақ, ауылым.
Аққу атқан қатыгезді халқым мүлде сүймеген
Аққуды ойлап, мұңлы - зарлы күйге енем.
Тыныштығы бұзылмасын, жазылмасын жұптары
Тазалықты, сыйластықты аққулардан үйренем,”- деп ақын ағаларымыз жырлағандай, Ендеше, сұлулық әсемдік символы есебінде қарайтын қасиетті құс – аққу қорын молайтуға қүши салу барлық саналы азаматтың борышы - дей отыра
аққулардай сыйластық, достастықтарың кіршіксіз таза болсын дегім келеді!