Ертеде құла қасқа атты Құрмерген деген батыр болады

Скачать

Ертеде құла қасқа атты Құрмерген деген батыр болады. Батырдың жаны қылышында екен. Оның әкесі кедей адам болыпты. Мал дегенде жалғыз биесі бар екен. Бүкіл елінің қарағаны да осы бие көрінеді. Биенің туған құлынын жылда бір дәу көтеріп әкетеді екен. Жалғыз Құрмергеннен басқа ешкім оны іздеп шыққылары келмейді.
Бір күні ол әкесінен бата алып, құлындарды іздеуге шығады. Іздеп күн жүреді, ай жүреді. Жолда құлағын жерге төсеп жатқан кісіні кездестіреді.
— Е, жол болсын!
— Жолдау өзіңізден болсын! – деп жөн сұрасып, аты-жөнін айтады.
— Мен жеті қабат жер астындағы нәрсенің бәрін тыңдап білемін, – дейді тыңшы.
Ал, Құрмерген:
— Менің жаным қылышымда, былай өмірде өлмеймін. Қаласаң, менімен бірге жүр, дос болайық, – дейді.
Екеуі жолдас болып, құлындарды іздеп жолға шығады. Біраз уақыт жүргеннен кейін, олар бір су мен екінші судың арасында отырып, ішінде не бар, не жоғын бақылап отырған кісіге кездеседі. Жөн сұрасып жолдас болып, үшеуі де жолға шығады.
Осылай олар бір таудың етегіне келеді. Алдарында жайылып жүрген он екі құлынды және тігулі тұрған екі үйді көреді. Үйге кіріп қараса, бір үйде дәу, екінші үйде үш қыз ұйықтап жатыр екен. Олар қыздар жатқан үйге кіріп:
— Кім бар? – деп сұрайды. Қыздардың кішісі оянып:
— Қайдан келе жатырсыңдар? Бұл арадан тез кетіңдер. Келесі үйде дәу жатыр. Оянып кетсе, біріңді қалдырмай өлтіреді, – деп сыбырлай жауап береді.
Дәудің тұтқынындағы осы қыздар көршілес бір елде тұратын саудагердің қыздары екен. Олардың үшеуі де сұлу, ақылды болыпты.
Қыздарды, құлындарды босатпақ болған үш батыр алдыңғы үйге кіріп, дәуді өздері оятады. Алпыс күн алысып жатып, ақыры оны өлтіреді. Осылай дәуді жеңген үш батыр үш қызды алып, құлындарды айдап, үйлеріне қайтпақ болады. Жол-жөнекей екі жолдасы Құрмергенмен қоштасып, елдерінде қалады.
Құрмерген құлындарды айдап, қыздардың кішісін ілестіріп ауылына жетеді. Оны көрген әкесі, ел-жұрты қуанып, кішігірім той жасайды.
Батырдың жеті күн ұйықтап, жеті күн ұйықтамай жүретін әдеті бар екен. Сол жеті күн ұйықтап жатқан мезгілде дәудің шешесі, жалмауыз кемпір, Құрмергеннен баласының кегін алуға келеді. Батырдың келіншегін алдап:
— Күйеуіңнің жаны қай жерінде, соны неге сұрап білмейсің? Мүмкін ол саған сенбейтін болар, – деп азғырады да шығып кеткенсін, қызға көрінбей, үйдің бір жеріне тығылып қалады.
Жеті күн өткен соң, батыр ұйқысынан оянғанда, әйелі қиылып:
— Сенің жаның қай жерде? – деп сұрайды.
— Жаным қылышымда, – деп күйеуі жауап береді.
Оны естіген кемпір батырдың қылышын ұрлап алып, дарияға тастап жібереді. Жансызданған батыр, құла қасқа ат екеуі ғана қалады. Кемпір болса, құлындар мен қызды көрші елдің ханына әкеліп тарту қылады.
Ауылында қалған Құрмергеннің тек кірпігі қимылдап жатады. Осы кезде тыңшы досы жерге жатып, тың тыңдайды. Жолдасының жансыз болып жатқанын біліп, құтқармақ болады. Ол баяғы су бойындағы жолдасына келіп, оны да ертіп шығады. Екеуі Құрмерген батырдың аулына келеді. Ауылдан сәл сыртқары жерде қарайып тұрған бірдемені байқайды. Жақындап барса, бұл достарының қу сүйегін желпіп тұрған Құрмергеннің аты екен. Екеуінің олардың қастарына келгені сол еді, батырдың аты өліп қалады. Ал Құрмерген кірпігін қағып қана жатыр.
Енді суды бақылайтын жолдасы жеті дарияны ұртымен көре бастайды. Қарап отырып, Құрмергеннің қылышын тауып алады.
Қылышын алып, қолына ұстатқанда, Құрмерген орнынан ұшып тұрады. Баяғы күш-жігері қайта оралады. Енді ол әйелі мен құлындарын іздеуге кіріседі.
Жолдастары да Құрмерген батырға ілесіп шығады. Жолда олар бірнеше қиындықтарға тап болады. Ақыры, бір жерге келгенде, батыр жайылып жүрген өзінің құлындарын көреді. Енді үшеуі Құрмергеннің әйелін, ат болған құлындарын алып қашуға қолайлы уақытты күтіп жатады. Түн ортасында Құрмерген білдірмей барып, әйелін көтеріп қаша жөнеледі, ал достары батырдың аттарын айдап әкетеді. Аттардың шапқан шабысынан оянып кеткен хан оларды ұстап әкелуге баяғы мыстан кемпірді жібереді. Қашып келе жатқан үш дос кемпірдің алдынан жеті қабат дарияны шығарады. Осы кезде мыстан қызды тағы алдағысы келеді. Бұл жолы қыз оған көнбейді. Мыстан кемпір қыздан:
— Қызым, мына дариядан қалай өттің? – деп сұрайды. Сонда қыз:
— Екі етегіме тас байлап, үстіме қорғасын салып өттім, – дейді. Қыздың айтқанын істеймін деп алданған мыстан кемпір суға кетіп өледі. Мақсатына жеткен батырлар елдеріне қайтады.
Құрмерген әке-шешесіне оралып, үлкен той жасайды. Жылқыларын еліне қайтарып береді. Келіншегі балалы болып, бақытты ғұмыр кешеді. Осы үш батыры бар елді ешқандай жау ала алмайтын болыпты.


Скачать


zharar.kz